16-бап. Денсаулық сақтау субъектілері
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің:
1) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен қордың келісуі бойынша шарттар жасасуға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын түсіндіру үшін қорға өтініш жасауға құқығы бар.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына деректерді енгізудің уақтылығын, анықтығын және дұрыстығын;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына қолжетімділікті;
3) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы қордың сұрау салуы бойынша беруге;
4) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын мониторингтеу үшін медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға қордың талап етуі бойынша кіруді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге міндеттерді атқарады.
17-бап. Мемлекеттік корпорация
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мемлекеттік корпорация:
1) жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде аударымдарды және (немесе) жарналарды есепке алуды жүзеге асырады және мемлекеттік кіріс органдарымен аударымдардың және (немесе) жарналардың түсімдерін салыстыруды жүргізеді;
2) аударымдарды және жарналарды қорға банктік үш күн ішінде аударады;
3) аударымдардың, жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдардың қате есепке жатқызылған сомаларын қайтаруды жүзеге асырады;
4) аударымдардың және (немесе) жарналардың қате төленген сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы қайтару қажет болған жағдайда, бұл туралы төлеушілерге хабарлайды;
5) аударымдардың және (немесе) жарналардың қате төленген сомаларын осы қаражат қордан Мемлекеттік корпорацияның шотына аударылған күннен бастап банктік үш күн ішінде төлеушілерге аударуды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, аударымдар мен жарналардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді;
7) алып тасталды - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
8) өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар төленген, сондай-ақ осы Заңның 26-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің жарналар төлеуі көзделген жеке тұлғалардың дерекқорын жаңартып отырады;
9) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерден жарналарды есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды жүзеге асырады.
1-1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, орталық атқарушы органдар және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуын ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияның өз құзыреті шегінде олардың қарамағындағы ақпараттық жүйелерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік корпорация Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес осы тармақтың бірінші бөлігін іске асыру шеңберінде келіп түсетін мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
2. Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ
18-бап. Қордың мәртебесі мен активтері
1. Қор жалғыз құрылтайшысы мен акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Қордың органдары:
1) жоғары орган – жалғыз акционер;
2) басқару органы – директорлар кеңесі;
3) атқарушы орган — басқарма;
4) қордың жарғысына сәйкес өзге де органдар болып табылады.
3. Қор ішкі аудит қызметін құрады.
4. Қордың активтері:
1) аударымдар, жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімі өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл, қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны шегергендегі инвестициялық кіріс;
2) қорға түсетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер есебінен қалыптастырылады.
5. Қордың активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған шоттарда орналастырылады және олар тек қана мынадай:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу;
2) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы құралдарына орналастыру;
3) аударымдардың және (немесе) жарналардың артық төленген сомаларын, қате есепке жазылған өзге де қаражатты қайтару мақсаттарына пайдаланылуы мүмкін.
6. Қордың активтері:
1) кепіл нысанасы бола алмайды;
2) оларды кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алуға болмайды;
3) мүлікке тыйым салу немесе өзгеше түрде ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;
4) оларды қордың және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алуға болмайды;
5) осы Заңның 21-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды сенімгерлік басқаруға беруге болмайды;
6) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы бола алмайды.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
19-бап. Қордың қызметі
1. Қор өзінің қызметін қордың активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қордың меншікті қаражаты (мүлкі) қордың жарғылық капиталынан, комиссиялық сыйақыдан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған, қорға түсетін өзге де түсімдерден құралады және солардан тұрады.
3. Қор мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін:
1) аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді;
3) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қызметтің өзге түрлерін жүзеге асырады.
4. Қор мемлекеттік монополиямен технологиялық байланысты мынадай қызмет түрлерін:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізуді;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізуді;
3) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйесі мен электрондық ақпараттық ресурстарын құруды және дамытуды жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
6. Қордың қызметіне осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қолданылады.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
20-бап. Қордың құқықтары мен міндеттері
1. Қордың:
1) өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қордың активтерінен комиссиялық сыйақы алуға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардан сұратуға және алуға;
3) медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектісіне бару арқылы көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
5) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізбесін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтердің мөлшерлерін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға;
6) халық пен денсаулық сақтау ұйымдарының арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қор:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарымен денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне уақтылы ақы төленуін қамтамасыз етуге;
3) қордың уақытша бос тұрған қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
4) жыл сайынғы тәуелсіз аудиттің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
5) аударымдардың, жарналардың қате төленген сомаларын және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтаруды жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервті қалыптастыруға;
7) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке жұмсалатын шығындарды жоспарлауға;
8) денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелерді орындауына мониторинг жүргізуге;
9) азаматтар мен денсаулық сақтау ұйымдарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету мәселелері жөніндегі шағымдары мен өтініштерін қарауға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Қор:
1) осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа, қордың активтеріне билік етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген кәсіпкерлік және өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
21-бап. Қордың инвестициялық қызметі
1. Қор инвестициялық қызметті қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалатын сенімгерлік басқару шартының негізінде қордың активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес шоттардың және инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті қорға тоқсан сайын ұсынады.
22-бап. Есепке алу және есептілік
1. Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есепті жүргізеді және қаржылық есептілікті қордың меншікті қаражаты мен активтері бойынша бөлек ұсынады.
2. Қор бухгалтерлік есепте және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі және оларды сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
23-бап. Қордың аудиті
1. Қордың аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым жүргізеді.
2. Қордың қаржылық есептілігінің аудиторлық есебі коммерциялық құпияны құрамайды.
3. Қордың жыл сайынғы аудитінің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) қордың қаржылық есептілігі бойынша;
2) қордың активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
Қордың активтері бойынша жыл сайынғы аудиторлық есеп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкескестік тұрғысында қор активтеріне қатысты бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібін тексеруді қамтиды.
Қордың жыл сайынғы аудиті бойынша шығыстар қордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
24-бап. Қордың басшы жұмыскерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы және оның орынбасарлары қордың басшы жұмыскерлері болып табылады.
2. Қордың басшы жұмыскерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
жоғары кәсіптік (медициналық немесе қаржылық-экономикалық) білімінің болуы;
бағалы қағаздар нарығындағы және қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардағы кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілінің не квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не мемлекеттік қызметте кемінде он жыл өтілінің, оның ішінде мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарда кемінде бес жыл не денсаулық сақтау саласында басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы.
3. Мыналар:
1) бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
2) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервацияға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған адам қордың басшы жұмыскері бола алмайды.
5-тарау. МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
25-бап. Қаржыландыру көздері
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру көздері:
1) аударымдар, жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімінің өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл және инвестициялық кіріс;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер болып табылады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26-бап. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары
1. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары мынадай адамдар:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
5) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;
9) тергеу изоляторларындағы адамдар;
10) жұмыс істемейтін оралмандар;
11) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
12) мүгедектер;
13) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
14) оқу аяқталған айдан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқуын аяқтаған адамдар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
2. Қорға төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 3,75 пайызы;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 4 пайызы;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің кемінде 4 пайызы, бірақ 5 пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Бұл ретте мемлекет жарналарының мөлшері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленеді.
3. Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылдағы орташа айлық жалақы мемлекеттің жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 2), 8) және 14) тармақшаларында көрсетілген азаматтар үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды аудару кезінде мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тоқтатылады.
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 29-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2017 № 80-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
27-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар
1. Жұмыс берушілердің қорға төленуге жататын аударымдары:
2017 жылғы 1 шілдеден бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 1,5 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 3 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген, кіріс түрінде жұмыскерге төленетін жұмыс берушінің шығыстары аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
3. Жұмыс берушілер:
1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 1), 5), 7), 11), 12) және 13) тармақшаларында көрсетілген адамдар;
2) әскери қызметшілер;
3) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
4) құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін аударымдар төлеуден босатылады.
Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 29-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2017 № 80-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
28-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар
1. Жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары:
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылардың жарналары:
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жұмысынан айырылған жағдайда төленетін тағайындалған әлеуметтік төлем сомасының 1 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жұмысынан айырылған жағдайда төленетін тағайындалған әлеуметтік төлем сомасының 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
3. Дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың жарналары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен азаматтардың, сондай-ақ өзге де төлеушілердің жарналары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
5. Жұмыскерлердің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген кірістері олардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған жекеше нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды, кәсіби медиаторларды және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлерді қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының екі еселенген ең төмен мөлшері дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
6. Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен азаматтардың, сондай-ақ өзге де төлеушілердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлердің жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
7. Қорға жарналар төлеуден мыналар:
1) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер алушыларды қоспағанда, осы Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар;
2) әскери қызметшілер;
3) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
4) құқық қорғау органдарының қызметкерлері босатылады.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29-бап. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістер
1. Осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, жұмыс берушілер есепке жазған кірістер жұмыскерлердің аударымдар мен жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістері болып табылады.
Кәсіби қызметін жүзеге асырумен байланысты шет мемлекеттің аумағында болуы кезеңінде осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютада есепке жазған кірістер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесіне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының кірістері болып табылады.
2. Осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша барлық есепке жазылған кірістер аталған шарттар бойынша жеке тұлғаның кірістері болып табылады.
3. Аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы объект республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшерінен аспауға тиіс.
Жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кіріс жеке тұлғаның кірістерінің барлық түрінің сомасы бойынша есептелуге тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшерінен аспауға тиіс.
Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшеріне тең, жұмыскердің кіріс сомасынан жарналарды төлеу кезінде жеке тұлғаның басқа табысынан жарналар төлеу осындай жарналар төлеуді растайтын құжаттар болған кезде талап етілмейді.
Салық органы берген, алынған кірістердің, есептелген және төленген жарналардың сомалары туралы анықтама осындай құжат болып табылады.
Егер күнтізбелік ай үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының ең төмен мөлшерінен аз болған жағдайда, осы Заңның 28-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайды қоспағанда, аударымдар және (немесе) жарналар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі және аударылады.
4. Қорға аударымдар және (немесе) жарналар мынадай төлемдер мен кірістерден ұсталмайды:
1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 155-бабының 3-тармағында көрсетілген кірістер;
2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 156-бабы 1-тармағының 8-2), 10), 12), 13), 13-2) тармақшаларында белгіленген кірістерді қоспағанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 156-бабының 1-тармағында белгіленген кірістер;
3) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 200-1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында белгіленген кірістер;
4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 357-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген кірістер.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |