3-диаграмма. АӨК өнімдерінің экспорты, импорты және сальдосы, млрд АҚШ доллары
Қайта өңделген немесе консервіленген картоп өндірісінің көлемі 0,4 мың тоннаны, ішкі тұтынудағы импорт үлесі 98%-ды құрады. Картопты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаты 23%-ға жүктелген.
Жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балықтың ішкі нарығы 70 мың тонна деңгейінде бағаланады. Ішкі тұтынудағы импорттың үлесі 75%-ды құрайды.
Балықты қайта өңдейтін кәсіпорындардың қуаты жылына 64 мың тоннаны, жүктелуі 43%-ды құрайды.
Қайта өңдеу қуаттылықтарын орналастыру ірі балық кәсіпшілігі су айдындарына байланыстырылған. Балық шығарылымының негізгі көлемі Атырау және Қызылорда облыстарына тиесілі.
2015 жылы жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың өндіріс көлемі 24,7 мың тоннаны, дайындалған немесе консервіленген балық өндірісінің көлемі 9,4 мың тоннаны құрады.
Экспорт 52,6 млн АҚШ доллары сомасына 24,9 мың тоннаны құрады. Балық және балық өнімдерінің импорты 61,5 млн АҚШ доллары сомасына
52,2 мың тоннаны құрады (осы Бағдарламаға 2-қосымшаны қараңыз).
4-диаграмма.2015 жылы қайта өңдеу өнімдерін өндіру және өткізу, %
Жүргізілген талдау тамақ өнімдерінің ішкі нарығында,оның ішінде отандық кәсіпорындарда дәстүрлі түрде шығарылатын сары май мен өсімдік майы, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері мен қант, жеміс-көкөніс және ет консервілері сияқты азық-түлік тауарларының түрлері бойынша айтарлықтай дәрежеде импорт барын көрсетеді. Бұл ретте елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесінің төмендігі және қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуатының жете жүктелмегендігі байқалады.
АӨК-ні техникалық реттеу саласында ЕАЭО шеңберінде 12 техникалық регламент және оларға стандарттар тізбесі қабылданды. АӨК-нің негізгі өнім түрлеріне арналған ЕАЭО-ның тағы да 4 техникалық регламентін әзірлеу жоспарлануда. Аталған регламенттер АӨК өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленуде. Алайда сапасыз өнім өткізу фактілері бар.
Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі АШТӨ-ден алынған өнімді дайындау мен ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуші кәсіпорындарды қоса алғанда, өткізу нарығына жылжыту жүйесінің дамымағандығы болып табылады. Өткізу желісіндегі делдалдар рөлінің күшеюі өндірушілер мен шикізатты қайта өңдеушілердің өзара байланысын толықтай жойды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген төмен сатып алу бағасы олардың өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандырмайды, бұл нәтижесінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің төмен үлесіне, қайта өңдеуші кәсіпорындар қуатының жете жүктелмеуіне және соңында азық-түлік тауарлары импортының жоғары үлесіне алып келеді.
Ұсақ және орта отандық АШТӨ-нің өнімі сапасы және орамы жағынан шетелдік жеткізушілерге біршама жол береді және олармен табысты түрде бәсекелесуге қабілетсіз. Көптеген шаруашылықтар қаржының және білікті кадрлардың жетіспеуіне, санитариялық талаптарды орындау үшін жоғары шығындардың қажет етілуіне, салық заңнамасының жетілдірілмеуіне байланысты өздерінің етін, сүті мен басқа да өнімдерін қайта өңдеуді ұйымдастыра алмайды. Өзінің сауда желісінің болмауы да әсер етеді, оны құру және ұстау әр кәсіпорын үшін қолжетімді бола бермейді.
Көрсетілген проблемаларды шешудің аса тиімді құралы АШТӨ кооперациясы болып табылады.
2015 жылғы қазанда «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңы қабылданғанға дейін ауыл кооперациясын дамытуды мемлекеттік қолдау тетігінің екі моделі қолданыста болды:
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі - ҚР АШМ) желісі бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауылдық тұтыну кооперативтерін құруға 5-7 жылға 5%-бен жеңілдетілген кредит беру жолымен;
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ өңірлік желілері («Оңтүстік», «Жетісу», «Ертіс», «Тобыл», «Батыс», «Сарыарқа», «Каспий») бойынша ауылдық тұтыну кооперативтеріне аграрлық сервистік қызмет ұсыну бойынша сервистік-дайындау орталықтарын (бұдан әрі – СДО) құру жолымен.
Алайда қабылданған мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан ауылдық кооперация тиісті түрде дамымады.
Талдау олардың дамуын тежейтін негізгі проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді:
кооперациялардың артықшылығын және кооперативтердің жұмыс істеу тетіктерін түсіндіру бойынша жұмыстың жеткілікті түрде жүргізілмеуіне байланысты АШТӨ мен ауыл тұрғындарының кооперативтендіруге сенбеуі;
басқарушы персоналдың кәсіби даярлығының төмендігі және мамандардың жетіспеушілігі;
мемлекеттің кооперативтендіру процестерін жеткілікті түрде ынталандырмауы;
негізгі кооперативтік қағидаттардың (еріктілік, демократиялылық, 1 мүше = 1 дауыс және басқалар) бұзылуы;
АШТӨ-ні өз мүшелеріне көрсетілетін қызметтерді ұсыну емес, жеңілдетілген кредит алу мақсатында біріктіру;
бастамашы, кепіл беруші, кооперативтің нақты иесі, кооператив қызметінен түсетін барлық пайданы бөлуші болып табылатын бір ірі шаруашылықтың мүддесінде «жалған кооперативтер» құру, өйткені дәл сол шаруашылық өнімді сатып алуды және өткізуді жүзеге асырады;
жеткіліксіз немесе өтімсіз кепілмен қамтамасыз ету;
АШТӨ-ні ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруге ынталандырудың жоқтығы, атап айтқанда кооперативтің коммерциялық емес деген мәртебесінің болуына байланысты кооперативтің таза кірісін оның мүшелері арасында бөлу мүмкіндігінің болмауы.
3.2. Өсімдік шаруашылығы
2015 жылы жалпы өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8 трлн. теңгені құрады, бұл нақты мәнде 2011 жылдың деңгейінен 10,5%-ға төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы құрылымындағы саланың үлесі 55,2%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы соңғы 5 жылда 21 млн гектарды құрады және болмашы ғана өзгерді, негізі өзгерістер оның құрылымында байқалды. Егістіктердің айтарлықтай үлесі бидайға берілген, бірақ монодақылдылықтан бас тартуға және басқа дақылдардың алаңын кеңейтуге бағытталған өсімдік шаруашылығын әртараптандыру саясатының арқасында 2011 жылдан бастап бидай егістіктері 2015 жылы
13,8 млн гектардан 11,8 млн гектарға дейін қысқарды (осы Бағдарламаға
3-қосымшаны қараңыз).
Көрсетілген жылдары арпаның алаңы 578,5 мың гектарға немесе
37,6%-ға, сұлы – 66,3 мың гектарға (45,2%), жүгері (маис) – 40,4мың гектарға
(41,0%), майлы дақылдар - 193,6 мың гектарға (10,7%), азықтық дақылдар – 1,0 млн гектарға (40,8%), көкөніс-бақша дақылдары – 37,8 мың гектарға
(19,2%), картоп – 6,2 мың гектарға (3,4%) өсті.
5-диаграмма. 2011 – 2015 жылдардағы егіс алаңдарының серпіні,
млн гектар
2011 – 2015 жылдары дәнді дақылдардың егіс алаңы 16,2 млн гектардан 15,0 млн гектарға дейін қысқарды. Осы бес жылда орташа жылдық астық жиналымы 18,8 млн тоннаны құрады, бұл 2006 – 2010 жылдардағы ұқсас көрсеткіштен 10,1%-ға артық. Бұл ретте дәнді дақылдардың орташа түсімділігі 12,3 ц/гектарды (10,4%-ға артық) құрады (осы Бағдарламаға 4-қосымшаны қараңыз).
Майлы дақылдардың егіс алаңы 2015 жылы 2,0 млн гектарды немесе жалпы егіс алаңының 9,5%-ын құрады. 2011 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың жалпы алаңындағы күнбағыстың үлес салмағы 15,6 пайыздық тармаққа қысқарды, бұл ретте рапстың үлесі – 3,6% пайыздық тармаққа, зығырдың үлесі 13,4% пайыздық тармаққа, сояның үлесі – 1,3% пайыздық тармаққа ұлғайды (осы Бағдарламаға 5-қосымшаны қараңыз).
2015 жылы азықтық дақылдар алаңы 3,5 млн гектарды құрады, бұл
2011 жылдың деңгейінен 40,8%-ға артық. Жалпы егіс алаңына қарағанда азықтық дақылдардың егіс алаңының үлесі 16,6%-ды құрады, ол 2011 жылы 11,8%-ды құраған болатын.
Көрсетілген кезеңде көпжылдық шөптер алаңы – 16,1%-ға, біржылдық шөптер алаңы 3,3 есеге өсті. Алайда азықтық дақылдардың жалпы жиналымы мал шаруашылығының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз (осы Бағдарламаға 6-қосымшаны қараңыз).
2011 – 2015 жылдар аралығындағы кезеңде көкөніс дақылдарының егіс алаңы 8,4%-ға ұлғайды, бұл ретте көкөніс өндірісі 23,9%-ға ұлғайды. Ішкі тұтынудағы импорттың үлесі 2015 жылы 11%-ды құрады (осы Бағдарламаға
7-қосымшаны қараңыз).
Достарыңызбен бөлісу: |