4.Мұғалім сыйы «Өмір сүрудің ең жақсы жолы» Ф.Тайтелиев
Шағын ғана бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып сауда жасамақ болады. Сөйтіп алға қойған жоспарын бастап та жібереді. Ол ақ көңіл, жайдарлы болғандықтан, ауылдың адамдарының бәрі оны жақсы көретін. Оның дүкеніне барып сауда жасайтын. Ауылдың тұрғындары тамыр-таныстарын да сол адамнан сауда жасауға кеңес беретін. Шаруасын кішігірім дүкеннен бастаған адам , бір жылдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен сондай шағын дүкендер ашып тастайды.
Бір күні ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезген адам, артында қалған үш ұлын қасына шақырып:
-Үшеуіңнің біреуі барлық дүкендерімнің иесі болады. Мирасымды соған қалдырамын. Менің артымнан қалған дүние-мүлкіме қайсысың лайықты екенін білу үшін үшеуіңе де жүз-жүз тиыннан беремін. Осы тиындарға бір зат алыңдар. Кешкісін келгенде алған заттарыңмен менің осы бөлмемді толығымен толтыруы керек. Шартым осы.
Ұлдары үлкен сауда орталығын басқару мүмкіндігінен айырылып қалуды ойлап, не істерлерін білмей қатты абыржиды. Қалаға барып үшеуі де долларын жаратты. Кешкісін әкелерінің қасына келген кезде, үлкен баласы:
-Досымның шаруашылығына барып екі қап сабан сатып алдым- деді де, қаптарды ашып сабанды әр тарапқа шаша бастады. Алайда көп ұзамай сабандар еденге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Екінші баласы:
-Дүкенге барып екі жастық алдым-деді де, жастықтарды сөгіп, ішіндегі жүнін бөлменің ішіне шашып тастады. Бірақ жүн де көп ұзамай жерге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Үшінші ұлы:
-Тиынды ұсақтап, елу тиынын мешітке бердім, жиырма тиынын қайырымдылық қорына бердім, жиырма тиынын да әлеуметтік жағдайы төмен отбасына бердім. Қалған он тиынға екі нәрсе алдым- деді де, қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарды. Бөлменің жарығын сөндіріп, шырақты жақты. Сабан мен жүнге толмаған бөлме аз уақыттың ішінде шырақтың нұрына бөленді.
Әкесі үшінші баласына риза болып:
-Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің жақсы жолы-айналаңа жарық тарату,-деді.
Талқылау сұрақтары:
1.Үш ұлдың әкесі қандай адам болған?
2.Әкесі үш ұлын қалай сынады?
3.Үш ұл қандай істер атқарды?
4.Үш ұлының қайсысы игілікті іс жасады?
5. Өмір сүрудің жақсы жолы-айналаңа жарық тарату дегенде нені түсінесің?
6.Сен ақшаңды қандай игілікті іске жаратар едің?
|