Абай институтының хабаршысы. № 6 (12). 2011
АУДАРМА ЖӘНЕ ӘДЕБИ КОМПАРАТИВИСТИКА
М.Жұмаділова
КӘСІБИ АУДАРМА МОДЕЛІ ЖӘНЕ АУДАРМАШЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК СИПАТЫ
Аннотация. Мақалада қарастырылған мәселелер. Жазбаша және ауызша аударманың түрлі моделдері. Кәсіби аудармашы деңгейін дамыту жолдары.
Тірек сөздер: ауызша аударма, жазбаша аударма,кәсіби аудармашы.
М.Жумадилова
МОДЕЛЬ ПРОФЕССИОНАЛЬНОГО ПЕРЕВОДА И СОЦИАЛЬНЫЙ СТАТУС ПЕРЕВОДЧИКА
Аннотация. Вопросы рассматриваемые в статье. Модели письменного и устного перевода. Уровни развития профессионального переводчика.
Ключевые слова: устный перевод, письменный перевод, профессиональный переводчик.
M.Zhumadilova
A MODEL OF PROFESSIONAL TRANSLATION AND SOCIAL STATUS OF THE TRANSLATOR
Abstract. The issues dealt in this article. Models of translation and interpretation. Levels of a professional translator.
Keywords: interpretation, translation, professional translator.
Қазіргі кезде жазбаша аударма мен ауызша аударма қызмет көрсету нарығында біркелкі талапқа ие болған. Аударманың бұл екі түрі алуан түрлі әдіс-тәсілдер арқылы, яғни мәтіннің (аузызша, жазбаша) ақпараттық-стильдік ерекшелігіне орай әр-түрлі тәржімаланатыны аударманы үйренуші, зерттеуші қауымға мәлім.
Дегенмен ауызша аударма кәсіби жазбаша тәржімаға машықтанған аудармашыларға қарағанда көбірек кездеседі және кәсіби ауызша аудармашыны біздер жұмыс үстінде бақылауымызға, оның іс-әрекетін зерттеп зерделеуімізге мол мүмкіндік бар. Ал жазбаша аудармашының ерекшелігін, жұмыс барысын, мәтін аударылғаннан кейін ғана, сапасына қарай оқып-білу арқылы тани аламыз.
Қызмет көрсету нарығында кәсіби аударманың үш түрі ұсынылады: синхронды аударма, ілеспе аударма және «сыбырлау» (нашептывание).
Кәсіби аудармашылардың жұмысын бақылай отырып барлық ауызша аударма түрлеріне тән мынадай ерекше белгілерін атап көрсетуге болады: нақтылық, айқындылық (созылыңқы сипатталатын сөз саптаулар, ұзақ кідірістер, «сонда», «яғни», «немесе», «несі, несі-не» деп тұрып алу болмауы шарт); аудармашының жылдам әрекет етуі (реакциясы) (аудармашы шет тіліндегі мәтінді бірден аударуға кірісіп, ойланып немесе қайталап сұрауына болмайды); өз-өзіне сенімділік (аудармашы өзінің тәржімасына өте сенімді болуы қажет, таңдаған эквивалентіне күмәнданып тұруына болмайды).
Осы ерекше белгілерімен қатар кәсіби синхронды және ілеспе аударманы бөліп қарастыратын болсақ, синхронист баяндамашы сөзін алдын-ала болжап, «әзірлеме» дайындайды. Ал ілеспе аудармашының көлемді мәтінді есте сақтау қабілеті болуы шарт.
Кәсіби аудармашыға тән аталмыш қасиеттердің барлығы тәржімашының жұмыс барысында сөйлемдерді бөлшектеп, грамматикалық құрылымдарға құрастырып тұрмастан, автоматты түрде, яғни тез арада есіндегі дайын әзірлемені (заготовканы) мәтіннің мазмұнына орай қолдана беретіндігінен көрінеді.
Демек ауызша кәсіби аудармадағы ең негізгі шешуші сөз автоматизм (жылдам әрекет ету), екінші маңызды сөздің бірі – сана астары. Аударылатын мәтіннің эквивалентінің көп бөлігі тез арада сана астарының деңгейінде қалыптасады. Осы айтылғандарды ескере отырып ауызша кәсіби аудармаға келесі анықтаманы беруге болады: ауызша кәсіби аударма – қандай болсын ауызша мәтінді сана астары деңгейінде автоматты түрде өте жылдам аудару. Дегенмен мұндай анықтама ауызша аударманың тек сырт келбетін ғана сипаттап, тез арада аудару нәтижесіне жетудің механизмін аша алмайды.
Кәсіби аударма деңгейіне жетуге мүмкіндік тудыратын механизмнің қыр-сырын айқындау үшін аталмыш тәржіма теориясын жетік меңгеру маңызды. Аударма теориясы мен терминологияның алуан түрлілігіне қарамастан, аударманы орындаудың екі негізгі әдісін бөліп қарауға болады.
Трансформациялық - бір тілдегі мәтіннің объектілері мен құрылымдары өзге тілге тиесілі ережелер бойынша аударылады. Тәржімаланатын объектілер мен құрылымдар жиі кездесетін болғандықтан, бір аудармадан екіншісіне көшіп жүреді. Трансформациялық әдіс түпнұсқа мен аударма арасында тікелей сәйкестіктің болуын қамтамасыз етеді.
Екінші денотативті әдіс – бұл әдіс бойынша аудару процесі үш кезеңнен тұрады:
аударылатын мәтінді қабылдау және талдау;
мәтіндегі бейнені ойша қалыптастыру
аударма тілінің құралдары арқылы түпнұсқадағы бейнені түсіндіру, яғни интерпретациялау.
Алдыңғы әдіспен салыстырғанда денотативті тәсіл екі тілдегі сөздер мен сөз тіркестері арасындағы тікелей байланысты көздемейді. Денотативті механизм бойынша аударғанда түпнұсқа мағынасын беруде тіл құралдарын еркін таңдайды. Яғни денотативті тәсілмен аударғанда тәржімашы жеке сөздерге емес, сөздердің мағынасына мән береді. Аудармаға деген осы екі тәсілдің қайсысы ауызша кәсіби аудармада қолданылады? Ауызша кәсіби аудармашы тәржіманы көп ойланбастан жасайтын болғандықтан, трансформациялық әдісті қолданады. Дегенмен, бұл әдіске маңызды бір ерекшелік қосады.
Кәсіби аудармашы денотативті механизмді қолданғанда жеке концептуалды элементтерден тұратын ойдағы бейнесін құрастырғанмен, оны түрлі синтаксистік, лексикалық форматтар арқылы түсіндіріп тұрмайды. Аудармашы сана астары деңгейінде оперативті есіндегі дайын сөздік клишелер арқылы бейнені толықтырады.
Кәсіби аудармашыда өзі де түсініп болмаған және қысқартылған түрде модельдеу кезеңі болады. Осы бойынша кәсіби аудармашы тәржімаланатын мәтіндегі кейбір концептілерді ажыратып алады. Олар маркер-сөздер арқылы аудармашының ойындағы дайын клишелер жиынтығымен байланысты. Сонымен қатар аудармашы мәтінде «бағдар жасайтын бірліктерді», яғни аударма әзірлемелерін ауызша айтуға және тәржіма шешімін таңдау материалы ретінде қызмет ететін синтаксистік-семантикалық және коммуникативтік тұрғыдан жетілген мәтін бөлшектерін бөліп қояды. Бағдар жасау бірліктерін таңдау тілдің құрылымдық және фонетикалық ерекшеліктеріне байланысты. Сол себепті мұндай механизм жеткілікті тұрғыда өте жеке құбылыс – бағдар жасау бірліктері ретінде ырғақтық топ, синтагма, синтаксистік кешен, тақырып немесе рема қызмет етеді.
Тіл қорының мүмкіндігіне орай бағдар жасау бірліктері туралы түсініктер және «бағдар жасаудың» басталуы мәтінді толық қабылдамай-ақ сөйлеу бірліктерінің ең жоғары ақпараттылығының негізінде іске асады. Ауызша аудармашы әрекетінің схемасын (синхрондыққа да, ілеспеге де қатысты) мынадай алгоритмде сипаттауға болады:
айтылып тұрған мәтінді тыңдау. Егер мәтіннің фрагменті бағдар жасайтындай дерлік болса (аударма варианттарын таңдауға);
оперативті есінде сақталған әзірлемеден аударма вариантын таңдау.
Негізінде кәсіби аударма маркер-сөздер арқылы фрагментті бүтіндей қабылдап, жеке сөздердің эквивалентін іздеп ойланып тұрмастан вариантты түйсік деңгейіндегі дайын әзірлемеден таңдайды.
Синхронист пен ілеспе аудармашы арасындағы ерекшелік таңдап алынған вариантты «айту» уақытымен ажыратылады. Синхронист вариантты бірден айтса, ілеспе аудармашы таңдалған нұсқаларды тіркеп шығып, (ойша немесе қағаз бетінде) түртіп қойғандарының негізінде ілестіре айтады (ойша немесе қағазда).
Синхронды аудармада шешімдерді іздеу немесе таңдау «аударма әзірлемелерін» қолдану арқылы іске асады. Кәсіби аудармашының мол тәжірибесі мен асқан білімі шығармашылық ізденісті қажет ететін түрлі шешімдерді қабылдау әрекеттерін жеңілдетіп жібереді.
«Бағдар жасау бірліктерін» таңдауға аудармашының субъективті білімі, яғни оперативті есіндегі әзірлемелер және объективті фактор баяндамашының сөйлеу темпі маңызды роль атқарады (мәселен баяндамашы жылдам сөйлеген уақытта бірнеше бірліктер бірігіп кетуі мүмкін).
Дегенмен осы айтылғандардың негізінде ауызша аудармаға үйрету процесіне өте маңызды мынадай қорытынды жасауға болады: бағдар жасау бірлігі бір ғана сөз болмауы қажет. Бірақ осы бірлікті таңдауда маркер қызметін атқаратын сөз, яғни шешуші сөз біреу болғаны жөн. Сол себепті аудармаға үйрену барысында бір тақырыптық маркерге (сөзге) біріккен лексикалық түйіндіні (ұяны) жаттау әдісі ұсынылады. Мәселен:
благодарю за гостеприимство - қонақжайлылығыңызға ризамыз
спасибо всем - барлықтарыңызға рақмет
спасибо, что пришли - келгендеріңізге рақмет
спасибо за приглашение т.б.
Бұл айтылған мәселелер негізінен кәсіби ауызша аудармашыларды оқыту әдіс-тәсілдерінің бір түрі.
Ендігі әңгіме Қазақстан нарығында аудармашылардың кәсіптік мінездемесі, яғни кәсіби қызметінің моделі және аудармашының қарым-қатынас аясы. Кәсіби аударма моделін құрастыру негізінде таржымашыға қойылатын талаптар қандай, сол төңірегінде көптеген сұрақтар туындайды. Кәсіби аудармашы жұмысы қай жағынан алып қарасаңыз да ауыр еңбектердің бірі. Іс сапармен жүріп-тұру, мерзімі бекітілмеген жұмыс уақыты және психологиялық жағынан да, яғни үлкен аудиториямен жұмыс істеу, стрестік жағдайлар, осының барлығы аудармашының жұмысына едәуір қиындықтар тудырады. Осындай жағдайға қарамастан бұл салада әйелдер мен ер адамдар тең жұмыс жасайды.
Кәсіби аудармашыға қойылар ендігі бір талап, ол ірі қалада жұмыс істеуі керек. Себебі қоғамдық, мәдени өмір қызу қайнасып жатқан қалаларда ғана, яғни ондағы түрлі конференцияларда, саяси, мәдени, ғылыми жиындарда аудармашылық қызмет көрсетіп өзінің кәсіби деңгейін жетілдіруге мүмкіндігі бар.
Аудармашы тіл үйрететін арнайы институт немесе университеттің тіл факультетін тамамдап, кәсіби аудармашыларды әзірлейтін арнайы курстардан өтуі тиіс. Міндетті түрде оқып жүрген тілінің елінде стажировкадан өтеді. Академиялық білім, шет елдегі жетілдіру курстары аудармашының жалпы ойлау өрісінің кеңеюіне, тілдер арасындағы байланыс заңдылықтарын, үйреніп жүрген тілде сөйлейтін халықтың психологиясын танып білуге септігін тигізеді. Кәсіби аударма бойынша арнайы курстарда әр түрлі тақырыпты бірнеше жағдайларда аудару әдістеріне үйретеді.
Әр кез түрлі саладағы терминологиялық сөздіктерді игеруі шарт. Түрлі салалар бойынша басып шығарылатын, баяндалатын мәтін стилінің ерекшелігіне үйренеді. Кәсіби аудармашы бірнеше шет тілін үйренуге құқылы, бірақ жұмыс тілі біреу ғана болғаны абзал. Шет тілін үйрену, оны жетілдіру өмір бақи дамытылып, жетілдіріліп отырады. Сондықтан 4-5 жылдық курстарды аяқтап, кәсіби аудармашымын деп айту жеткіліксіз. Түрлі тақырыптарға аударма жасау маманнан аударманың бір ғана түрін таңдауды талап етеді. Я ауызша, оның ішінде не синхронист, не ілеспе аудармаға машықтануы керек. Жазбаша кәсіби аударманың жөні бөлек. Ең алдымен шығармашылықты талап етеді. Кәсіби аудармашы тек шет тілінен өз тіліне ғана аударып үйренгені дұрыс. Сонда аударма сапалы және толыққанды болып шығады.
ӘДЕБИЕТ
Коммисаров В.Н. Современное переводоведение. М. 1999
Коммисаров В.Н. Слово о переводе. М. 1973.
Крупнов В.Н. Очерки по профессиональному переводу. М. 1976.
Бреус Е.В. Основы теории и практики перевода с русского языка на английский. М,. 1998
Виноградов В.В. Введение в переводоведение
Михайлов М.М. Двуязычие в современном мире. Уч. Пособие,. Ч. 1988
Мирам Г, Гон А. Профессиональный перевод. Киев,. 2003
Алимов В.В. Теория перевода. М.2004
Латышев Л.К., Семенов А.Л. Перевод: теория, практика и методика преподавания. М. 2003.
Комиссаров В.Н. Общая теория перевода – М., 2000
Достарыңызбен бөлісу: |