Молдақымет Б.
ДКЯЛ-201в
БӨЖ-14 апта
Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған жырлардың маңызы
1916 жылғы көтеріліс бүкіл халықтың патша үкіметі мен жергілікті үстем тап өкілдеріне қарсы күрескен ұлт-азаттық көтерілісі болды. Мұндай көтерілістер басқа да Орта Азия елдерінде (Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, т.б.) өріс алды. Көтерілістің тарихи-әлеуметтік негіздері мен шығу себептері әр алуан еді. Оның бірі - патша үкіметінің отаршылдық қысымының күшейіп, соғыс жылдарында еңбекші бұқараны ашықтан-ашық аяусыз талау саясаты болса, екіншісі - патшашылдықтың қазақ даласындағы сүйенер тірегі - қазақ байларының қалың бұқараны айуандықпен қанауы, оған көрсетіп келген қорлық-зорлығы еді.
1916 жылғы көтеріліс - қазақ халқының тарихында аса маңызды қызмет атқарған көтеріліс болды. Ол қазақ байларының бет пердесін жұлды, буржуазиялық-ұлтшылдардың опасыздығын әшкерелеп, халықтың саяси сана-сезімін көтерді, қазақ даласында тап күресін күшейтті.
1916 жылғы көтеріліс аса бай халық әдебиетін туғызды. Оларды бұқарашыл бағыттағы халық ақындары, ел ішіндегі өнер серілері шығарды. Жалынды поэзия жасауға тырысқан ақындар өнерін халық мүддесіне жұмсады. Бұл әдебиеттің көтерген туы, өзекті сарыны - ұлт-азаттығы, бостандық, еркін өмір. 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған әдебиеттің біздер үшін де маңызы үлкен. Өйткені патша үкіметі тұсындағы халықтың ауыр тұрмысын, мүшкіл халін суреттейді, бұдан біз халқымыздың басынан кешкен қиын талай күндерді, теңдіксіз тепкіде өткен өмірді көреміз. Асыл, ерлік дәстүрінен үлгі-өнеге аламыз, бұл әдебиет - халқымыздың ақын, жыршылары шығарған мазмұны жағынан терең, түрі жағынан әр алуан, сөздері өткір, тілі таза, ерекше қайсарлық үні басым, идеялық сарыны жағынан өршіл әдебиет. 1916 жылғы әдебиеттегі қай шығарманы алсақ та, көбінесе патшаның 25 маусымдағы майдан жұмысына жігіт алу туралы жарлығына қарсы наразылық, ашу-ызамен қатар, халықтың жалпы қайғылы халі, бұлқынысқа толы кезеңі жырланады. Халық ақындары өз жырларында патша үкіметінің соғысқа құмар саясатын айыптайды. Халық бұқарасының пікірін қолдай және көркем бейнелей отырып, халық ақындары патшаның қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алуын оларды өлімге айдау, қыру деп білді. Патша саясатының озбырлығын түсінген, одан қысым көрген ел жігіт бергеннен өлген артық деп ұғып, ақындардың да осы идеяны жар сала жырлаған "Зілді бұйрық", "Патша әмірі тарылды", "Құты қашты патшаның" өлеңдері, "Амангелдінің Торғайды алуы", "Бекболат" поэмалары дүниеге келді. Бұл жылдары туған жырлардың бір алуаны майданға алынған жігіттердің өмірін суреттеумен байланысты болып келеді. Бұлардың бірқатарында майданға алынған жігіттердің кешкен халі мен ел-жұртынан айырылардағы зарлы кейпі көрінеді. Бұл жырлар туған жерден алыста жүрген адамдардың сағыныш сезімін, тұйықтан шығар жол таба алмай күйзелген күйін танытады. "Асқардың үй ішімен қоштасуы", "Еріксіз кетіп елімнен" деген жырлар сол кезеңнің айғағы. Бұл кезең демократтық-ағартушылық бағыттағы әдебиет ағымын жаңа дәуірдің әдебиетіне ұштастырар баспалдақ болды.
Достарыңызбен бөлісу: |