|
Лекция «кіріспе. Азия және африка елдерінің ортағасырлар тарихы»Мемлекеттік құрылымдар (Гана, Мали, Сонгай)
|
бет | 37/38 | Дата | 03.11.2022 | өлшемі | 152,26 Kb. | | #39988 | түрі | Лекция |
| e. Азия-Африка ортағасыр-лекцияМемлекеттік құрылымдар (Гана, Мали, Сонгай)Нигер өзенінің жоғарғы және орта ағысы бассеинінде Гана, Мали, Сонгай мемлекеттік (құрылымдар) бірлестіктері қалыптасты.
Гана мемлекеті туралы алғашқы мәлімет ҮІІІ ғасырға жатады. Оның этникалық негізін сонинке халқы құрды. Астанасы – Кумби-Сале қаласы болды. ІХ ғасырда Гана сауда керуендерін тонап, тыныштық бермейтін көршілері - көшпелі берберлермен жиі соғысып отырды. Берберлердің лемтун тайпасының көсемі Тилутан Батыс Сахараның барлық берберлерін біріктірді. 919 жылы Лемтундар билігі құлаған соң басшылық зенага тайпасына көшті. 990 жылы Гана зенагаларды жеңіп, олардың басты қаласы, маңызды сауда орталығы Аудагoсты алды.
Х ғасырдың басында Гананың саяси қуаты шырқау шегіне жетті. 1054 жылы Мароккандық Альморавидтер мемлекеті Ганадан Аудагост қаласын басып алды. Бірақ бұл Гананың Батыс Судандағы үстемдік жағдайына нұқсан келтірген жоқ. Гананың 200 мыңдық әскері болды, оның 40 мыңы садақшылар мен атты әскер болды.
Гана барлық Батыс Суданның Магриб елдерімен саудасындағы үстемдігін сақтады. Оның территориясы арқылы сол кездегі барлық белгілі сауда жолдары өтетін, Бірде-бір берберлер мен араб көпестерінің керуендері Ганаға соқпай кете алмайтын. Саудаға түсетін бұйымдар азық-түліктер, негізінен мыс, каур раковинасы, тұз, мата, финик еді. Гана қазіргі Мавританияның Онтүстік аудандарымен жүргізілетін саудаға да бақылау орнатты. Гана үкіметі өз территориясы арқылы өтетін барлық сауда керуендерінен кедендік салық жинап отырды. Араб саяхатшылары мен көпестері Гана патшаларының байлығы туралы таңғажайып аныздар таратты.
Альморавид (қазіргі Мавритания, Батыс Сахара, Онтүстік Марокко) сұлтаны Абу Бекр ибн-Омар Батыс Суданның Солтүстік бөлігін басып алуға, сөйтіп онда Ислам дінін енгізуге тырысты. 1076 жылы ол Гананың астанасын басып ала алды. Қала талан-таражға салынды. Көптеген тұрғындары тұтқынға әкетілді. Гана тункасы (патшасы) Менен өзін Альморавидке тәуелді деп мойындады, жыл сайын салық төлеп тұрды. Гана ислам дінін қабылдады. Mароккандықтар алтын өндірілетін Бамбук ауданын басып алды.
Мароккандықтардың Ганадағы үстемдігі қысқа болды. 1087 жылы Адрар ауданында көтеріліс басталды. Ол көтерілісті басу кезінде Абу-Бекр өлді. Мароккандықтар Ганадан әскерінің басым көпшілігін шығаруға мәжбүр болды. Бірақ шет ел басқыншылары Гана державасына ауыр соққы болып тиді. Мароккандықтар қуылғаннан кейін Гананың территориясы Аукар және Бассикуну облыстарымен ғана шектелді.
Батыс Суданда тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Солардың бірі Каньяга болды. Ол ХІІ ғасырда Гананың біраз жерін тартып алып, қуатты Сосо мемлекетін құрды. Бұл мемлекет, күшейіп келе жатқан Мали патшалығы сияқты, Ганаға қауіп төндіріп тұрды. Гана Суданның Солтүстік бөлігінің сауда байланыстарының орталығы болудан қалды. 1203 жылы Сосо патшалығы Гана территориясын толық жаулап алды. 1230 жылы Батыс Судандағы ең ірі мемлекетке айналып, барлық сауда керуен жолдарын өз бақылауына алды. 1224 жылы сауда жолдарының қиылысында үлкен Уалата қаласы салына бастады.
Сосо мемлекетінің қауіпті бақталасы Мали болды. Мали мемлекетінің қалыптасуы ҮІІІ ғасырға жатады. Малидың шекарасы алғаш Шығыста Нигердің жоғарғы ағысымен, солтүстікте - Белдугу, батысында - Бакай өзенінің жоғарғы ағысымен шектелді. Мемлекеттің негізгі ядросы тароре, конате, кейта рулары орналасқан солтүстік аудан болды. ХІ ғасырда билік құрып тұрған әулет ислам дінін қабылдады. Бірақ халықтың басым көпшілігі Бұрынғы діндерінде қала берді. Арабтар мен берберлердің мұсылман көпестері Малиге жиі қатынасып тұрды және үкімет тарапынан қудалаушылыққа ие болып отырды.
Малидың экономикалық және саяси қуатының күшеюі ХІІ ғасырдын екінші жартысына жатады. Бұл кезде Малиден өкімет билігі Кейт руының қолына көшті. Бұл рудың көрнекті мемлекеттік қайраткері, қолбасшысы Сундиата 1230-1255 жылдары патшалық құрды. Оның кезінде қатаң тәртіпке бағынған күшті армия құрылды. Алғашқы басқыншылық жорық нәтижесінде Мали өзіне Санкаран мен Фута-Джаллон облыстарын қосып алды. Сонан соң Сундиата Шығысқа жорық жасады. Оның барысында Нигар мен Бауле өзендерінің аралығын жаулап алды.
Сундиата Сосо патшалығымен оның оңтүстігін басып алу үшін соғысты. Сундиата Белдугу мен Киринуды, Нигердің оң жағасындағы Кениенко ауданын жаулап алды. 1235 жылы Кирине маңындағы шайқаста Сосо әскері талқандалды. Сөйтіп, Cocо жерінің едәуір бөлігі Малиге қосылды. 1240 жылға қарай Сундиатаның қоластына барлық Сосо жері көшті.Сундиата мемлекеттің жаңа астанасы - Ниани қаласын салғызды. Ол Санкарани өзенінің оң жағасында салынды (қазіргі Ниора қaласының манында).
Мали батыс Судандағы ең күшті мемлекетке айналды. ХІІ ғасырдың екінші жартысында Мали басқыншылық соғыстары жалғастырып, территориясын онан сайын кеңейтті. Көптеген әскери қолбасшылар жаулап алынған жерлерде қалып, вассалдық патшасымақтарға айналды. Мали империясының құрамына Батыс Суданның ірі сауда және мәдени орталықтары - Уалата мен Томбукту да кірді.
Mалидың басқа елдермен сыртқы байланысы кеңейді. Магpиб (Тунис-Алжир-Марокко) пен Египет мемлекеттерімен жүйелі сауда айырбасы қалыптасты. Малидың сыртқы саяси байланысы да кеңейді. Марокко сұлтандарымен дипломатиялық қатынас орнатылды.
ХІҮ ғасырдың екінші жартысындағы Мали тарихы мемлекеттік төңкерістерге, ішкі талас-тартыстарға толы болды. Бұл жағдайды оның көршілері пайдаланып қалуға тырысты.
Малидың басты бақталастары Сонгай мемлекеті мен Моси тайпасының мемлекеті - Ятенга болды. Мали мемлекетіндегі қoғaмның негізгі ячейкасы патриархалды отбасы болды. Оның құлдары мен ерікті қызметкерлері де отбасы мүшесі деп есептелді. Осындай бірнеше отбасы ауылдық қауым-дугаға бірікті. Патриархалды отбасының басшысы үстемдік етті. Онан соң кіші отбасыларының иелері келесі сатыда тұрды. Ерікті қол өнершілер мен дихандар қауымның қатардағы мүшелері болды.
Қоғамдық иерархияның ең төменгі сатысында құлдар тұрды. Құлдың келесі ұрпақтары ерікті қызметкерлер қатарына қосыла беретін. Қауымның қатардағы мүшелері, құлдар мен еркімен жүргендер аптасына 5 күн патриархалды отбасының иелігінде жұмыс істеуге тиіс болды. қалған екі күнді өз үлестерінде істейтін. Ол үлесінен түскен өнім өзінде қалатын. Жер бөлу, сот биліктері патриархалды отбасының қолында болды. Қызметтері үшін әскербасылары, жауынгерлер ел басшыларынан алтын, жер алып отырды. Жері үшін қызмет атқаруға міндетті болды.
Ортағасырлық Малидың шаруашылығы натуралды болды. Мали қауымдарында қолөнершілер тобы болғанымен, басқа қауымдармен товар айырбасы қажет болмады. Жергілікті рыноктар болды, бірақ олар шағын аудандар көлемімен шектелді. Томбукту мен Дженне Малидың маңызды сауда және қолөнері орталықтары болды. Қалаларда солтүстік африкалық көпестер мен мұсылман-діндарлар да тұрды. Олар жеке кварталдарда тұрып, өздерін-өздері басқарды.
Сонгай мемлекеті. Мали мемлекеті әлсіреген кезде Сонгай мемлекеті күшейе түсті. Сонгайлықтар Малидың шығысында тұрды. Бірнеше ғасырлар бойы Мали патшалығына алым-салық төлеп келді. ХҮ ғасырдың басында сонгайлықтар Малиден тәуелсіздігін алды. Көрші тайпаларды бағындырып, сонгайлықтар өз биліктерін Дженнеге дейінгі Нигер өзенінің орта ағысындағы территорияға орнатты. Мемлекет басында берберлік әулет тұрды.
Сонгай мемлекетінің күшеюі ХҮ ғасырдың ортасына, Али Бер билігі (1464/1465-1492 жж.) кезіне жатады. 1468 жылы Али Томбуктуды басып алды. Жеті жылдан кейін ол ірі сауда орталығы Дженнені басып алды. Али-Бер 1492 жылы кезекті бір соғыс кезінде қаза тапты. Оның баласы Бакари-Дааның билігі ұзаққа созылмады. Али Бердің әскер қолбасшысы, Сонинке тайпасының өкілі Мухаммед Туре Бакари-Дааға қарсы шықты. Ол 1493 жылы Ангоо маңындағы шайқаста Бакари-Дааның әскерін жеңді. Сонгай астанасына кіріп, өзін І-Мухаммед (1493-1528) деген атпен патша деп жариялады.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|