1.2 Оқушылардың денсаулығы мен оған әсер ететін факторлар
Әлі күнге дейін «денсаулық» деген ұғымның біркелкі алынған дәлелді анықтамасы болмағандықтан, адамдардың денсаулығына дұрыс баға беру біршама қиындық туғызып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (1958 ж.) жарғысы бойынша, денсаулық деп "аурушаңдық пен дене бітімінде кемшіліктердің бар не жоғы ғана емес, сонымен қатар, адамдардың толық физикалық, әлеуметтік және рухани қолайлы жағдайларын" айтамыз. Бұл түсінікке денсаулықтың белгісі болуға келе бермейтін, өте кеңінен алынған бағалау көрсеткіштерінің тізімі де енеді.
Адам ағзасы толық ер жетіп, кемеліне келгенге дейін ұзақ өсіп, күрделі даму жолынан өтетіні белгілі. Осыған байланысты адам өміріндегі 4 кезеңді бөліп қарастыруға болады: құрсақтағы даму, балалық шақ, ер жету және қартаю. Бұл түсінік бойынша өсу дегеніміз - тіндер мен органдардың сан жағынан ұлғаюы болса, ал, даму дегеніміз - олардың сапалы түрде дифференциациялануы мен қызмет қаблетінің жетілуі. Құрсақтағы даму мен балалық шақтағы дамуды бір кезеңге біріктіріп, ер жету кезеңі деп есептеуге болады, өйткені осы уақытта адамның жыныстық жетілуі, репродукцияға қаблеттілігі және әлеуметтік қызметтерді орындай алу мүмкіндігі қалыптасатыны белгілі.
Адам баласының жыныстық жетілуі, әлеуметтік қызметке жарауынан ертерек қалыптасса яғни біріншісі-13-15, ал екіншісі-17-18 жас аралығында жетіледі. Сәби дүниеге келгеннен бастап ер жеткенге дейінгі өсу және даму процессінде байқалатын заңдылықтар келесідей:
Өсу мен даму қарқынының біркелкі болмауы; Өсу мен даму процессінің біркелкі болмайтындығына байланысты "баланың жасы" деген сөздің өзін дәлелдеу қажеттігі туып отыр. Осыған байланысты төмендегідей жастарды айыруға болады:
Хронологиялық жас (немесе күнтізбелік жас) - дүниеге келген күнінен бастап, бақылау жүргізіп отырған күнге дейінгі аралық. Жастың мұндай түрін айыру күнтізбе арқылы анықталатындықтан ешқандай қиындық келтірмейді.
Биологиялық жас. Әрбір сәбидің жеке өсу және даму дәрежесіне байланысты болатын, организмнің морфофункционалдық ерекшеліктерінің жиынтығы болып табылады. Биологиялық жасты анықтау үшін - бой ұзындығы көрсеткішіне, бой ұзындығының жылдық қоспасына, тұрақты тістердің санына, екінші жыныстық белгілеріне және жасына байланысты бақылау жүргізіледі.
Денсаулыққа қолайсыз факторларға халықтың барлық топтарының ішінде, негізінен аналар мен балалардың организмдері өте сезімтал келеді. Балалардың денсаулығын қалыптастырушы негізгі факторлар:
Ата-аналардың денсаулығы мен оған әсер етуші (әсіресе аналарға жүкті болғанға дейін әсер ететін) факторлар;
Генетикалық (тұқым қулаушылыққа әсер етуші) факторлар;
Ауаның, судың, топырақтың санитарлық-гигиеналық сипаты;
Тамақтану жағдайы;
Жанұя тұрмыстық факторлар: жанұяның құрамы, тұратын мекен жайдың сипаттамасы, орташа кіріс мөлшері, жанұя тұрмысы және сәбидің күтімі, жанұяның психологиялық климаты, зиянды әдеттердің (шылым шегу, арақ құмарлық т.с.с.) болуы;
Баланың мектепке дейінгі мекемеде болу жағдайының санитарлық-гигиеналық сипаты. Бұлай топтастыру «Әлеуметтік гигиенаның ғылыми зерттеу институтында» және «Денсаулық сақтау министрлігінің» ұйымдарында жасалынған. Көрсетілген факторлардың ішінде, әсіресе, жүктілік пен босанудың нәтижесінде, жаңа туған сәбидің денсаулығына және алғашқы жылғы өміріне әсер ететіндері кең түрде зерттелген. Мысалы, балалардың дене салмағының аз (2500гр төмен) болып туатыны көбінесе жас (18 жасқа дейінгі) және кәрі (35 жастан жоғары) аналарда болатыны байқалған болатын. Оларда перинаталдық өлім саны мен жүктіліктің асқынуларының көрсеткіштері де жоғары болады. Балалардың дене салмағына, мезгілінен бұрын босануына және іс -жүзіндегі өлім санының көбеюіне аналардың жүктілікке дейін және жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбауы да өз әсерін тигізеді.
Анасының шылым шегуі, әртүрлі дәрі-дәрмектерді бақылаусыз пайдалануы, ішімдікке әуес болуы нәрестенің құрсақта жатқандағы өсуіне ғана емес, одан кейінгі дамуына да зиянды әсер етеді. Аналардың аптасына екі рет 100 гр. артығырақ арақ ішуі, салмағы азайған балалар туу қаупін көбейтіп жібереді екен. Ана сүтімен асырау және дұрыс тамақтандыру сәбилердің денсаулығына әсер ететін маңызды фактор. Кейінгі жылдары көптеген экономикасы дамыған елдерде дене салмағы жоғарылап кеткен (200% жоғары) мектеп оқушыларының саны көбейіп кеткен. Бұл құбылыстың себептері, басқа да қауыптілік факторлары сияқты кеңінен зерттеуді талап етеді.
Ата-анасының білім деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық статусының балаларының денсаулығына тигізетін әсері туралы біраз ақпараттар белгілі.
Балалардың денсаулық көрсеткіштері әсіресе ерте жастағы балалардың, жанұя жағдайына да байланысты. Толық емес жанұялардағы балалардың аурушаңдығы толық жанұяларға қарағанда сенімді түрде жоғары және оларда жиі ауыратын балалар саны да басымырақ болып келеді. Мұндай айырмашылық жас өскен сайын тереңдей түседі екен. Некеге тұрмаған ата-аналардың балаларының денсаулығы нашарлау келеді, олар көбінесе айы-күні жетпей шала туып, аяқтануы, сөйлеуі уақытынан кешігіп қалыптаып, осындай балалардың арасында жедел және созылмалы аурулардың жиірек болатынын көруге болады. Үйлесімсіз тұратын жанұялардағы балалардың созылмалы ауруларының асқынулары жиі қайталанып, олар ауыр түрде, ұзақ жүретіндігі байқалып отыр.
Балалардың денсаулығы мен күн тәртібінің де арасында айқын корреляциялық байланыс бар екені анықталды. Ұйқысы қанбаған оқушылар арасында денсаулық көрсеткіші төмен көрсеткішті көрсетсе, таза ауада күніне 1-ақ сағат немесе одан да аз болатын оқушылар көз рефракциясының анамалиясымен, ревматизммен, зат алмасудың бұзылуымен, басқа мұндай тәртіпті сақтаған балаларға қарағанда жиірек зардап шегеді. Жедел респираторлық аурулардың балалар арасында кең таралуы, негізінен, оқу-тәрбие бөлмелерінің ауданының жеткіліктілігіне, желдетілуіне және сонымен қатар, ғимараттың жоспарлануына тікелей байланысты.
Оқушылардың денсаулығына елеулі әсер ететін төмендегі факторлар белгілі болды: жергілікті жердің климаттық ерекшеліктері; атмосфералық ауаның ластануы; қанағаттанғысыз санитарлық-гигиеналық жағдайлар (әсіресе мектеп сиымдылығының жоғарылауы, екі ауысымда сабақ оқу, оқу бөлмелерінің ауданының жеткіліксіздігі т.с.с.); жанұяның материалдық деңгейінің нашарлығы; анасының жұмыс бастылығы; мектепке дейінгі жаста бала бақшаның сәбилер тобында болуы, бастауыш сыныпта ұзартылған күн тәртібінде болуы; әкесінің маскүнемдігі; мектептегі оқу жүктемесінің жоғары болуы; күн тәртібін сақтамау, әсіресе ұйқының қанбауы.
Іс жүзінде өсіп келе жатқан ағзаның денсаулық жағдайы мен өсіп, дамуына ең көбірек әсер ететін әлеуметтік-гигиеналық факторлардың практикалық мақсатқа арнап шартты түрде жасалған жіктемесін (А.Г.Сухарев) қолдануымызға болады:
Қолайлы факторлар:
а) қимыл-қозғалыс тәртібі;
б) шынығу;
в) дұрыс тамақтану;
г) рационалды күн тәртібі;
д) қоршаған орта әсерінің гигиеналық нормаларға сәйкес болуы;
е) гигиеналық дағдылар және дұрыс тұрмыс-қалыпта өмір сүру.
Қолайсыз факторлар ("қауіптілік" факторлары):
а) қимыл-қозғалыс қажеттілігінің жеткіліксіз болуы, немесе шамадан тыс жоғары болуы;
б) оқу-тәрбие процесстерінің және күн тәртібінің бұзылуы;
в) ойын, оқу және еңбек іс-әрекеттеріне қойылатын гигиеналық талаптардың орындалмауы;
г) тамақтануды ұйымдастырудағы кемшіліктер;
д) гигиеналық дағдылардың болмауы, зиянды әдеттермен айналысу;
е) жанұядағы және балалар ұжымдарындағы қолайсыз психологиялық климат.
Достарыңызбен бөлісу: |