Жұмыстың кәдеге жарай мүмкіндігі.
Жұмыс тікелей ақын шығармаларын сұрыптау, сараптауға арналғандықтан жасалынған тұжырымдар әдебиеттен арнаулы курс ретінде оқуға жарайды. Қазіргі дәуір әдебиетінен лекция оқығанда толық пайдалануға болады. Әдебиеттану саласына арналған конференцияларда баяндама жасауға әбден лайық.
Диплом жұмысы кіріспе, екі тарау (ішкі екі бөлемдерден), қорытынды және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
І тарау. Ұлттық рухтың жаңа биігі.
М.Шаханов – халқымыздың ұлттық
қасиетін қастерлеуші ақын
Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Төреқұлұлы: «Поэзия – рух пен сұлулық перзенті» - дейді. Үздіксіз ағатын өзен сияқты ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұласатын поэзия да мәңгілік.
Өзгесін айтпағанда «Тарлан» сыйлығынан тартып, «Нобель» атындағы алтын медальге дейінгі иеленген қайраткер, қаламгер Мұхтар Шаханов мәңгілік поэзияның ірі өкілі. Оның шығармашылығы халқының, ұлтының рухани кәусар бұлағының сусынымен қанығып, қазіргі күнде әлем мойындап отырған терең сезімді, философиялық жағымды шығармаларға толы ақынның бар шығармасына ортақ алтын өзек ─ отанын сүю, адалдық, ізгілік екендігін танып отырмыз.
Бүгінгі күні аңсап отырған, сусап отырған ұлттық идеология қалыптастыруда осындай дәуір дауылпазы дерлік, ақын жырларының ролі ерекше.
Біз әдебиетшілер ұлы орыс ақыны Некрасовтың «Ақын болу-өз еркің, азамат болу –міндетің» деген қанатты сөзге айналған екі жол өлеңін жақсы білеміз және осы жыр жолдарының кімдерге айна қатесіз тиісті екенін іздейміз де олардың бірі емес, бірегейі біздің жерлесіміз Отырарда туып, Төлебиде өскен М.Шаханов. Бірінің тарихы, бірінің табиғаты таң қалдырған өлкенің екеуіненде ақын М.Шаханов рухани азық ала білген. М.Шахановтың ақындығын азаматтығынан бөліп қарауға болмайды.
Халқымыздың «Ел басына күн туса, етікпенен су кешер, тұлпар басына күн туса, ауыздықпен су ішер», - демекші жастарымыз мұз жастанған Желтоқсан ақиқатын айтар дуалы ауыз табылмай қиналғанда, басын бәйгеге тігіп, қызыл империяның отаны Мәскеуде өткен съезд мінберінен ақиқатты айтып сөйлеген М.Шахановқа таң қалмасқа болмайды. Бұл Мұхтар Шахановтың ақындық пен азаматтықты бір кеудеге біріктіріп, жасаған аса ірі ерлігі. Ол сөз жоқ дауылпаз ақын.
ХХ ғасырдың соңының өзі сан алуан оқиғаларға толы, Тәуелсіздік үшін күрестің күшейе түсуі, экологиялық апат зарлаптарының алабұртуы халық жанына оңай тиген жоқ. Мұның бәрінде де халқының жанашыр азаматтары күрестен тайынбады. Халыққа экологиялық зардап шектіріп отырған Арал суының тайыздануы оны қалпына келтіру жөніндегі халықаралық мемлекеттік бірлестіктердің жоспарлы бағыттарына талайлар атсалысты. Тарих еншісіне кеткен жырдың соңғы шеніндегі Желтоқсан оқиғасы ұлттың бой көтеру мен күрестің тәуелсіздік табалдырығындағы өршіген жалыны болды. Айтып келе жатқан «тар жол, тайғақ кешулердің» лепті толқыны халқымыздың аңсары болған тәуелсіздікке жетіп егемендік алдық.
Ақын және азамат болып танылып келе жатқан М.Шаханов өзі көріп куәсі болған жәйттердің бәрінің қасында, басында болғысы келді. Оның жаратылыс болмысы да осыған лайық. Желтоқсан оқиғасының мәні мен мағынасын депутат ретінде Кремль сарайының мінберінен айқара ашты.
Құрбан болғандардың мұңын жоқтап, құнын даулап дабыл қақты. Ұлы рухын төмендетпей, жоғары көтеруді аңсады. Ақын өзінің «Рух мектебіндегі мұң» өлеңінде:
Кейде албырт Батырлық та Тасырлықтан кетпекке
Оймен, мұңмен көз тастайды Рух атты мектепке.
Ол мектептің түсі жадау, терезесі қираған,
Ішіне даңқ сыйғанымен, даңқы байлық жимаған.
Содан оған жұрттың көбі құлықты емес баруға,
Шу менен Бу дес бермейді мектеп парқын тануға
Сол мектептің ұстазы едік, нәпіге бас имеген,
Аңқау, сенгіш адамдығын қайсарлығы сүйреген.
Күллі рухсыз биіктердің парқы, даңқы сұйықтау,
Біз шыққан тау – Шындық тауы, барлықтан таудан биік тау!. [16,44]
Ақын осы өлеңді Төлен Әбдікке арнағанадығы ақиқат. Онымен бірге өздерінің алпыс тау асып алдарында қанша тау қалғандығын толғанып ойға шомады. Дегенмен қанша тау әлі де болса оларды да алды күрес, арты дау деп есептейді ақын. Оның меңзеп отырғаны халқының тағдыры, азаматтарының өмірі. Ақын ойынша, өмір бұралаңсыз болмайды деген ой түйінін әр мезгіл еске салып отыру.
Асатын таулардан шалдықпай өту үшін қайраттылық, алғырлық, төзімділік шыңға жету үшін беріктік керек деп біледі. Өздерін рух мектебінің ұстазы санайды. Адамилық сенгіштің қайсарлық сүйрейтіндігіне көз тіктіреді. Шындықты шырғалаңға түсірмей биік тау етіп ұстануды айқындықпен жеткізеді.
Осы өлеңмен үндес келетін ақынның тағы бір шығармасы «Айбергенов шыңы». Ақын ұлттық рухты жоғары көтеруге лайық даналарды тамсана жырлайды. Солардың арасынан отыз-ақ жыл өмір сүрген шындыққа, әділдікке тік көзбен қараған Төлегенді, ақын Төлегенді асқақтата биіктетеді.
Ол:
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын , мойындаймын, сен данасың, мен- бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана....
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар,
Ол –ақындық, мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың...
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала! [16,40]
Жоғарыда өлеңмен сарындас келетін «Айбергенов шыңы» да өз ұлтына кімнің жанасып жақын болып жүргендігін, тіршілік күйбеңіне түсіп өзін ғана ойлап ел мүддесінен ұзақта тұратындарды бағалайтын ел екендігін оқушы есіне салады. Айбергеновтың өмір өткелдері мен өлеңдеріне бас иген ақын оның халықты толғандырар кең тынысты өлеңдерін жоғары бағалайды.
Төлегенді Махамбетпен қатар қояды. Төлегенді заманының ырқына жүрмей кеткен іңкәр даусын сағынышпен тілге алады. Тіршіліктің өксігіне өмірі тола келсе де, Айбергеновтің ұлт рухы алдында ары мен жаны таза өткендігін пафоспен жырлайды. Ұлт рухы әрқашан биік тұратындығын айта келіп халқы үшін туған ер азаматқа толмастай қанат қақтырып қондыратын да сол дейді. Бұл арада ақынның ұлтжандылығы өз елінің айбынды күрескерлерін өмірде халық мұраты жолында қайсарлықпен қайтпастай күресе алатын ерлерін, ақын және адамдарына сый-құрмет көрсетуінде.
«Қалдаяқов өзені» өлеңін оқып отырғанымызда да ақынның өз елінің асыл тұлпарларын ардақтап, олардың өмірі мен өнеріне сүйсінгендігін танимыз. Халық арасынан шығып, оза шауып өнерде бәйге алған Шәмші Қалдаяқовтың ән жүйрігі екендігін Мұхтар ерте таныған. Ақын сөзімен айтқанда, асатын тау белестерінде мұқалған сәттері бөгет – тосқыннан қиналғандықтан қайратын қажытқан тіршілік сыбағасына сынбаған дарынның тұлғасын жарқырата суреттейді.
Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан-таңға ән салдырған,
Өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші едің, -
дей келіп сазгердің талантын өз ұлтының рухына арнағандығын
Дарын едің алдыңа жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр қазаққа әр арқылы жалғаған, -
деп халқына өнерін тауыса арнаған әр тарланын паш етеді.
Енді саған өшпес, өлмес атақ даңқтың кезегі
Келгендігін досың түгіл қастарың да сезеді.
Кеш болса да жадырап ақ, ерелеп ақ еліне
Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені. [16,38-39].
Көріп отырғанымыздай ұлт рухын биікке көтергендердің есімі де, еңбегі де уақыт өткен сайын жарқырай түсіп мәңгілікке айналатындығын өз кезінде ақын айтса, өмір оны дәлелдеп отыр. Кезінде жеті жасар баладан жетпіс жасар шалға дейін өз өнерінің құдіретімен әуелетіп ән салдырған Шәмші Қалдаяқовтың есімі өз халқымен бірге өмір сүре береді. 60-шы жылдардың ішінде ән қойнауына алтын діңгек болып енген «Менің Қазақстаным» бұл күнде ресми түрде Қазақстан Респуликасының Әнұраны болып отыр. Бұл халық рухының аласармайтын табиғаты Ш.Қалдаяқов әнінің халық жүрегіне тапқан жолының жарқылы.
Туа бітті жүрегі, сезімі нәзік болған халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеу әр заманның, әр ұрпақтың міндеті емес пе? Сондықтан халқымыздың даласы, данасы бар екендігін әсіресе көзімізбен көріп жүрген кезімізде айнала төңірек мойындап отырғаны ақиқат.
Ел іші кеніші демекші, халқымыздың данасы да, дарасы да бар дедік. Қазақ халқы көбіне ұлдарының атын Мұхтар қойып жатады. Сол Мұхтарлардың да дарасы және данасы бар. Олардың біз ХХ ғасырдың заңғар жазушысы М.Әуезовтің ұлылығын мақтанышпен айта келіп, бойындағы талантын от жалындай танытып үшмыңжылдықтың табалдырығына бүкіл әлем таныған Мұхтар Шахановтың келуі тек қана әдебиетіміздің емес тарихи ғұмырнамамыздың да биікке көтерілгендігін байқатады.
М.Шаханов қай тақырыпты жырласа да, оны сонау ғасырлар қойнауындағы ата-бабалар рухымен сабақтастыра тізбектейді. Ақын өз тұсымен шектеліп қалмай, халықтың, елдің, ұрпақтың болашағына көз тігеді. Мұхтар шығармашылығынан бұған жауап берер дәйекті дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Солардың бірі «Өркениеттің адасуы» атты романындағы рухсыз күш формуласы деп атап, «Компьютербасты жартылар» концепциясы осыған жауап береді. Аталмыш шығармада көтерілген қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың құлдилауына әрі осыған байланысты білім ағарту саласындағы өзекті мәселелерге баса назар аударуы әлемдік-азаматтық үн деуге болады. Ақын өмірдің, ғылымның дамуын жоққа шығармайды. Әсіресе, ғылыми дамуындағы сыңаржақтылыққа толғанады. Әлемнің ақпарат тасқындарының, техникалық жедел дамудың, кәсіптік мамандықтың тар шеңберде біржақты даярлануы себебінен әсіресе адами құндылықтардың ескерілмеуін қоғамда компьютербасты жартылардың күрт өсіп кетуі ғасырымыздағы кезек күттірмейтін үлкен проблемаға айналды. Рухсыз білімнің зиянын Мұхтар Шаханов атап айтты.
Соңғы кездегі әлемдік деңгейде белең алған ар-намыс, ұят, әделіттілік, қайырымдылық , инабаттылық үлгідегі қасиеттерді ескермеу, арнайы көңіл бөлмеу адамзатты тұңғиыққа тіреуден басқа нәрсе емес. Кейбір өркениетті елдерде, дамып келе жатқан жоғарғы техникалық білім беру жүйелерінде рухсыздардың кең өріс алуына тосқын бола алатын гуманитарлық пәндерді оқытудан іргесін аулақ салу нышандарына ақын немқұрайды қарай алмайды.
Бүкіл әлем даму біз үшін ұшы қиырсыз мәселе. Ал өзімізге келетін болсақ, қазіргі өмірдің даму қарқынына жанасу әрине әрқайсымыздың мақсатымыз. Оның үстіне біздің мамандығымыз гуманитарлық пәндер болғандықтан оны терең меңгеруімен қатар болашақта қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелеріне ғылыми тәжірибелік тұрғыдан сүбелі үлес қосу басты мақсатымыз.
Демек, біз болашақ үшін тыным таппай ойланумен, толғанумен келе жатқан Мұхтар Шахановтың жан айқайына дайын болу әзірлігін бастаған сияқтымыз. Сонымен бірге ақынның рухсыз білімнің біржақты болатындығын ескерткеніне үн қоса отырып, жас ұрпақты компьютербасты жартылар болып қалудан аман сақтауға уақыт өткізбей кіреріміз анық. Ақын шығармасынан үзінді алар болсақ,
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ықпалы?
Ұлан-байтақ жерімізде жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар
Жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар,
деп келеді де, адам бойына нұр құярлық, жоғарыда аталған керенаулықтан сақтайтын әдебиет әлемін, сөз құдіретін адам жанына сан алуан асыл-қасиеттерді енгізетін өнерді дәріптейді де:
Ұлы Ғабит Мүсірепов – қара сөздердің кемелі,
Бүткіл қазақ рухының айдары мен беделі, -
дейді . Одан әрі қарай:
Оян, Данте, Фирдаусидің және Абайдың айбыны!
Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.
Үнсіз жата береміз бе, қол қусырып көнеміз бе?
Робат – түйсік арқалаған,
Мейірімі тұл жарты адамдар
Жердің бетін түгел жаулап жеңгенінше
Дөңбекшиді көңіл ғалам,
Бүгін өлу жеңіл маған,
Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше. [18,24].
Осы келелі кең мәселе туралы ойымызды әлемнің белгілі қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушыларымыздың ойларымен түйіндейтін болсақ, жапондық Дайсаку Икэда былай дейді: М. Шаханов өзіне тән көрегендіктен, гуманистік ар-намыстың сезім алғырлығымен бүгінгі жаппай еркіндікке елтіген рухани құлдырау түйісінен, ғаламат ақындық сөз қуаты арқылы әлемдік үлкен қауіп алдында тұрғанымызды ескертеді.
Рухани байлықты мойындамай, тек қана жалаң білімге ден қойған қазіргі «компьютербасты» жарты адамдардың пайда болуы жайлы Шаханов концепциясы бізді, жапондықтарды қайран қалдырды. Мен оның халқын осындай тегеурінді перзент тудыра алғандығымен құттықтағым келіп: [18,26].
Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов: «Қалай десеңдер, олай деңдер, М.Шаханов-ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой.
Арал қасіретін күллі әлемнің назарын бұрған да –Шаханов.
Ұлтымыздың ірілі, ұсақты проблемаларының маңында ылғи да осы ақын келе жатқан жоқ па? – деп ақыл иесі ретінде алғыс айтып, ағынан жарылған ақсақал жазушының сөзіне толық қосылып оны қуаттаймыз.
М.Шаханов не жазса да шындықты ойып жазады. Батыл сын айтып, олқылықтың орнын толтырудың жолын іздейді. Көпшілік атаулының болашақ ұрпаққа індет болмауын ойлаған ақын әрқашан кесір атаулыдан ұрпағын сақтандырмақ болып жақсылықтың оты маздап тұрса да оны алаулатпақ болады. Өр даусын жалқына ұрандай жеткізеді.
«Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» өлеңінде:
Ертелі- кеш ұлылыққа ауған аңсары,
Біздің қоғам ергежейлі дарындардан шаршады.
Ергежейлі бөдене таланттар, жоқ сендерде болашақ таңы,
Қайдасың Қажымұқан шаруашылықтағы ғылым мен саясаттағы?
Тұлпар туған биені біздің ұлтымыз ешқашан соймаған,
Осы дара дәстүрде мазмұн бар тереңге басқаша бойлаған.
Қажымұқанда жоқ қарадан ақ бөлініп сараланбайынша
Қоғамда тұлпар ой туғызар еркектер бағаланбайынша.
Ақын мұнда ірі өмірлік те, философиялық та толғаныс жасаған. Бойына күш дарытқан халқымыздың мақтанышына айналған Қажымұқанның дүниеге келуі үлкен құбылыс екендігін дәл тауып айтумен бірге ерекше оны сипаттайды. Шынында да өлеңнен «Алып анадан туады» дегендей Қажымұқанның қазір дүниеге келмей қалғандығын аналарға өкпе-наз ретінде нәзіктікпен жеткізеді. Солай болса да, ақын мұнан да тереңірекке барған сияқты. Өйткені бұлай болмаса ақын:
Қажымұқан рухын иеленген далаға етуде бүгін иелік.
Қанша мың бөдене бастықтар бөдене ойларға сүйеніп, демеген болар еді. Барлап қарайтын болсақ, ақын шынында өмірдің әр тұсына көз жіберіп тұр. Ондағысы ақынның өзі атағандай, ергежейлі дарындардың, бөдене бастықтардың ел қамын емес, өз қамын ойлап бөдене ойларға шырмалып ақ пен қараны ажыратуға дәрменсіздік жасайтындығы жан күйзелтетіні белгілі. Ақын бойында ықпал әсері мол. Қанша дегенмен өмір өзінің ұшан теңіз сырымен де, қырымен де ғажайып құбылыстардан тұратындығы сөзсіз.
Олай дейтініміз «Күріш күрмексіз болмайды» дегені сияқты ақын армандаған ұлылық оңай келмейді. Өйткені ақын халық рухын көтеріп алып күш иелерін, ақыл-ой парасатпен суарылған әділ билікті айтады. Томаға тірелген ой әпербақандық, өзімшілдік, әділетсіздік жақсылық атаулыдан қашық жамандықтың керенаулығын ноқталап алғандарға жаны қас.
Ақынның ойынша, әрбір ортада ондайлар болмаса деп өзі де ұғынып, өзгелерді де ұғындыруға талпынады. Ақынның даналық ойын әрбір азамат, әрбір қазақ ұғынса бүкіл халқымыздың көсегесі көгерер деп білеміз.
М.Шаханов ой салып ортаға тастап отырған ой-пікірі ақыл есі кірген баланың билік лауазым иелеріне дейін ашық та анық. Осы бір өмірге жан-жақты қарап ой-толғанысынан туған пікірлердің куәсі әркім де бола алады. Сондағы айтарымыз жазықсыз жапа шексең жүрегің сыздайды. Сол жапаны ауызбен айтып, қолмен жасаған мәз-мейрам да шығар. Оның құлағы соны қалап тұрса, олай болмай не болар. Бірақ, оның сұрауы да бар екендігін еске салған ақын «Қоянның көжегі ұқсас ергежейлі қалыптан бөлек, қоғамға бүгін Қажымұқан, қуатты дарындар, алыптар керек» деп ойын қорытады.
Әрине, мұндай ойды, өмірдің осындай қырын тек Мұхтар ғана айтты демейміз. Дәуіріміздің белгілі ақыны Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Қадір Мырзалиев өмір туралы ой-өрімдерін жырына төмендегіше арқау етеді:
Адам күліп тумайды, тауа сала күлмейді,
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып
Адам жылап өледі, өзгелерді жылатып
Туғанда оның жылайтыны, адамдар бар қинайтын.
Өлгенде оның жылайтыны, адамдар бар қимайтын [9,12].
Көрнекті ақынымыз Қ.Мырзалиевтің жоғарыдағы ойлары М.Шахановтың біз сөз еткен ой-иірімдері үндеседі және үйлеседі. Бұл табиғи да. Қос ақынның өмір өткелдеріне айрықша мән беріп, оның қалтарысын да құр жібермей, дөп басып айтуларында. Екі ақын бұл мәселеге бір көзқараста болса да, олардың өзіндік өрнектері, сөз саптаулары, көркемдік бейнелілігі ұқсамайтындығы тағы бар.
М.Шахановтың рухани байлық туралы өлеңдерін сөз етер болсақ, тек қана ақынның «Ғасырлар бедері», «Жаңа қазақтар», «Эверестке шығу», «Компьютербасты жарты адамдар», «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» жинақтарының өзінен түйдек-түйдек етіп алуымызға болады. Бұлай дейтініміз ақын халықтың бүгіні мен ертеңгісін ойлаудан бір тынбайды.
Соның үшін ел пайдасы шешілетін мәселелерге баса назар аударады. Осы даңғыл жолдың нұрлы болуын, жарық болуын аңсаған ақын қарапайым қатардағы адамнан бастап ел билігінің тізгінін ұстағандар арасындағы барлық азаматтарға көңіл аударады. Бәрінде де рухани байлықсыз мемлекет құруға да, алға дамуға да, өркениетке жетуге де мүмкін еместігін еске салады.
Ақын әдетінше жайма шуақ ой айтып қоюдан аулақ. Ой ұшқынын шашыратып өткір тілділігін жұмсайды:
Жаңа қазақ, шала қазақ, жас інім,
Аршысынан тұрды бүгін асығың
Саған қарап ойландым да, жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың, -
дей келіп оқушысына Желтоқсан оқиғасын елесін ескертіп ел басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жақсылығын жүрек әмірімен толғанады. Өлеңнің соңында:
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығың көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп,
Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным! –
дейді. Ақын толғанысы ел өмірімен өзектес. Халқы үшін шырылдап отқа түсу ақының азаматтық биік мұраты. Бұл жолдан М.Шаханов танбай келеді. Біз сөз етіп отырған мәселе ақын поэзиясындағы азаматтық үннің бір қыры ғана. Ол өмірде де, депутаттың мінберінде де, қалың оқырманымен кездесулерде де кең тынысты алуан тақырыпты ой қозғап халқының биік тұлғалы азаматы да, көп жұмыс тындырар ардақты ақыны да болып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |