1 Сайын - көркемсөз өнерінің үлкен шебері
1.1 Сайын Мұратбековтың шығармашылығы жайында
Прозаның ықшам саласы – әңгіме жанрындағы ізденістер мен табыстар күрделеніп келеді. Көзге қомақтырақ роман мен повестің тасасынан бір кезде әңгіменің өзіндік көркемдік жетістіктері көзге айқын шалына бермейтін секілді еді. Қазіргі шақта әңгіме жарнрының жалпы өсу, өрлеу бағыты жөнінде де бұл салада дендеп еңбек етіп жүрген авторлардың туындылары туралы да арнаулы тоқталуға мүмкіндік молырақ.
Бірыңғай әңгіме жанрында қажырлы қалам тербеп жүрген жазушы С.Мұратбековтің шығармалары көркемдік тәжірибеміздегі елеулі құбылыстың бірі болып көрінеді.
Жазушының толғаған оқиғалары мен талдаған адам мінездері уақыты жағынан алғанда Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі кезеңнің шындығын елестетеді. Бұл автордың балалалық, жасөспірімдік шағымен тұтас келген, көргендері неғұрлым нақтырақ есте қалған кезең екені белгілі. Әңгімелерінде орын тепкен алуан түрлі өмірлік байланыстар, адам тағдырлары жазушы таныған шындықтың екшелген, жаңа қырынан сипатталған көркемдік әсері екені анық. [1, 24 б.]
...Оның шығармашылығы - жан-жақты, көп қырлы, мол қазына. Тақырыбы да сан алуан. Оның жазбаған, арнамаған саласы жоқ. Бірақ, соған қарамастан, біз бөліп алып, өз алдына бөлек атайтын басты тақырыптары да бар. Ол – өмірге жаңа ғана қадам басқан жас балаң жігіт, олардың бастан кешкен қиыншылықтары мен қуаныштары, алдағы үміті, алғашқы махаббаты, адамгершілік, тамаша өмірдің шұғыла сәттері, ауыл азаматтарының бір қарағанда ерсілеу көрінгенмен, адамды еріксіз езу тартқызатын қылықтары, сонымен бірге адам бойындағы сұмпайы мінездер мен сұрқайы әдеттері, қашанда жақсымен бірге ілесе жүретін жиіркенішті жат қылықтар мен жайсыз мінездер. Бір сөзбен айтқанда, жарық пен күңгірттің, жаман мен жақсының шарпысып, шалысуы, кезек жығысуы.
Әдебиетіміздің ақсақалдары да ол туралы жылы лебіздерін аяған жоқ. Мұхамеджан Қаратаев арнайы баяндама жасады. Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөздері оның бүкіл шығармаларына берген әділ бағасы еді: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз».
1978 жылы Мәскеуде жоғары әдеби курста жазушылардың халықаралық тақырыпқа арналған семинарында орыстың белгілі жазушысы Василий Шукшин қазақ жазушысының әңгімелерімен танысып, өзімен мүдделес, рухани жақын, шығармашылық қуаты, тынысы, тақырыбы ортақ, үндес екенін түсініп, «Менің қазақ бауырым, туысым» деп бауырына тартып, құшағына алуы да көп жайды аңғартпай ма?!
Ал Сайынның бойындағы тағы бір ерекшелік әлеуметтік жайларға лирикалық нақыш қосып, ішкі нәзік әуендер арқылы жеткізе білуі. «Новелла – адам сенгісіз оқиғаны әңгіме ету, сендіру» - деген екен Гете. Осы қасиет Сайынның да бойында бар.
Сайын – әдебиеттің табиғатын, оның ішінде әңгіме мен повесті жан-тәнімен, жүрегімен сезіп, жаратылысын, табиғи сырын терең түсінетін (қалай сезетінін бір Құдайдың өзі біледі) сезімтал жазушы. Бұл да жазушы бойындағы асқан талғампаздықтың белгісі екенінде сөз жоқ.
60 – шы жылдардың басында дағдарыста болған әңгіме жанрына жан бітірген Сайын дер едік. Осы кезде әдебиетшілер қоғамдағы елеулі өзгерістерге үн қосамыз деп тым асқақтаған тақырыптарға үйір болған шақта, Сайын жер бетінде күнделікті тіршілік пен жеке адамның өмірі бар екенін еске салады. Әуезов, Мүсіреповтердің кезінде жұртты тамсандырған қысқа да ұтымды, әсерлі әңгімелерінің дәстүрлерін әрі қарай жалғастыруға тырысты. Өз үні, өз тақырыбымен келіп, қарапайым өмірлік құбылыстарда да қоғамдық үлкен мән- мағына жатқанын көрсетті. Әңгіме жанрының классикалық үлгілерінен кем түспейтін өзіндік ұлттық ерекшелігі, көзқарасы, қазақы танымы бар әңгімелер тудырды. Сайынның бұл еңбектері қазақ әдебиетінің бай қорына қосқан өзіндік үлесі. Ал бұл үлес – қомақты, баға жетпес қымбат мұра еді. [2, 15 б.]
Сайын Мұратбеков қаламынан туған шығармалар өзінің сыршылдығымен, шұрайлы тілімен, әдемі айшықты өрнегімен көңілге қонып, көкірекке ұялайды. Қарапайым адамдардың бейнесі, солардың күйініш – сүйініші, адамшылық келбеті – жазушы қаламынан туған шынайы әңгімелердің негізгі арқауы. Туған жер, өскен ел алдындағы парыз да суреткер назарынан тыс қалмаған. Жан дүниесі бай, өз басының қадырын басқаға керектігімен өлшейтін ол жасаған өміршең кейіпкерлер туған әдебиетімізге өзіндік кескін – келбетімен ерекшеленеді. [ 3, 73 б.]
Қазақ әдебиетінің алтын кезеңі десе, есімізге өткен ғасырдың 60 - жылдары түсетіні анық. Біз ол жылдар туралы қаламгерлер естеліктері мен әдебиет оқулықтары арқылы ғана таныстық. Сол жылдары қазақ әдебиетінің көшіне ілескен бір топ жас таланттар әдебиет дейтін көркем әлемге тосын жаңалықтар алып келіп еді. Сол шоғырдың бел ортасында біздің сүйікті жазушымыз Сайын Мұратбеков те бар болатын.
...Әдебиет дегеніміз көркем сөздің философиясы деп қарасақ, шын мәніндегі келісті шығармалардың образдарды берудегі ішкі астары да осы философияға негізделетіні белгілі. Біз оқыған Сайын Мұратбеков шығармаларындағы кәусар ой – адамды сүйсінтеді, жылатады, жылатып тұрып, жұбатады. [4,10 б. ]
Достарыңызбен бөлісу: |