Жауабы: Қазақ жолында құда түсіп сөйлесіп, құдалық бекіскенде, қыздың әке-шешесі құдаларының алдына әкеліп малға бата жасатады, ақ сары бас қойын сояды. Мол ет асады, каделі жілігін түгел қалдырмай асады. Көрші-қолаңдарын қалдырмай шақырады. Алдымен езіліп пысқан қойдың май құйрығын әдемілеп ұсақтап турайды да оның үстіне шала пысқан қойдың бауырын ұсақтап турап араластырады. Оның үстіне азырақ ырымдап ақ ыдыстан айран құяды да, құдалардың алдына әкеліп қояды. «құйрық-бауыр жедік, құдай дестік, құда болдық» деп құдалықты осы кадемен бекітеді. Оны қазақ кадесінде «құйрық-бауыр» деп атайды. құйрық-бауыр жеуде екі жақ бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар деген нанымды ырым жатыр. қазақ ырымында құдалық бекіспей тұрып, әсте «құйрық-бауыр» жемейді. Құдалық бекіп құйрық-бауыр жескен соң екі жақта әсте айнымайды.
Сәлем салу дегеніміз не?
Жауабы: Келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Беташар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам:- Бақытты бол, балам! - деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады. "Жақсы келін - қызындай, жақсы күйеу - ұлындай" деп қазақ даналары бекер айтпаған. Келіннің келін болып түсе сала, өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалығы, ауылды жерде - ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңіне-ақ, таңертеңгісін, осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады. Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да ұлкендерге көрсеткен құрмет.
Күйеу балаға төс тарту жоралғысы
Жауабы: күйеубала қайынжұртқа барғанда «Төс сыбаға» деп аталатын арнайы төс тарту кәдесі әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Яғни ер-жігіт мықты болса, отбасы берік, шаңырақ шайқалмай, береке-бірлікке толы болады деген ниетпен берілген. Өйткені, қай ата-ана болмасын қызының барған жерінде бағы жанғанын қалайды. Төс майлы болса да, жүрекке тимейді. Қазақ халқы тілге шебер емес пе? Бұл тұста да күйеубала қайынжұртына майлы, сөздері көңілге тимейтіндей жұмсақ, екі елді біріктіріп, құдалар арасында алтын көпір болады деп әспеттеген.
Күйеу табақ дегеніміз не?
Жауабы: Күйеу табақ – қазақ күйеу баланы да ата жолымен, ақ дастарқанымен орнына қарай күте білген ғой. Қазақтың жолын, салтын білетін күйеулер қайын жұртына келгенде әдепті, тәртіпті, ибалы жолды болып отырады. Төрге шықпайды, қайын ата, қайын енесінің бас жағына, оң жағына жоғары шығып отармайды, төсегіне шықпайды. Күйеудің жақсы-жағымды қасиетіне риза болған қайын жұрты «пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп күйеуге ақсарбас қой сояды да, «күйеу табақ» тартады. Күйеу табаққа асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады. Мұны қазақ кәдесінде «күйеу табақ» деп атайды, ата қазақта тағы да «күйеу күл астынан» деген тәмсіл бар. Оны кейде «күйеу гүл астынан» деп те еркелетіп қояды. Мейлі күл, мейлі гүл астынан шығарсын, бәрібір күйеу жолы басқа от астынан ойнап шықсын, гүл астынан жайнап шықсын, қайын жұрты үшін қашанда күйеу қадірлі болмақ, ыстық болмақ. «Күйеу табақ» деген сыйлы сыбаға да соны толық айғақтамақ, дәлелдемек.
Құда қоржын дегеніміз не?
Жауабы: екі қалташасы бар аспалы сөмке. Бұл бізге ескіліктен жеткен. Қос қалташасын сан алуан сыйлыққа толтырып қызға құда түсуге барған құдалар жағы қыздың туыстары, үй ішіне арналған түрлі сыйлықтарын алып келеді. Заманында қоржын матадан немесе жануар терісінен тігілген болса, бүгінде бархыт матасынан тігіліп түрлі тастармен безендіріледі. Бұл қоржын барынша сәнді көрінуі үшін жасалынады. Қазір қоржынның өзін қаржылық мүмкіндіктеріне сай барынша әдемі әрі сапалы етіп жасатуға немесе сатып алуға тырысады. Қоржынның ішіне түрлі кептірілген жемістер. Оның ішінде: өрік, мейіз, жаңғақ және дәндер салынады. Оған қоса, қант-кәмпит әр түрлісінен, ең жақсы шәй және бірнеше шиша ішімдік (арақ-шарап). Оның бағасы мүмкіндігіңізге байланысты. Ең бетіне қоржын ашатын әйелдер үшін бір мата және орамал салынады. Қоржынға аталғандардан бөлек түрлі ұсақ-түйек әшекейлерде салынады. Қоржынға салынған барлық заттарды қоржын сөгуге келген қонақтар бөлісіп алады. Олардың дені әйел адамдар. Үйінде аялап өсіріп отырған аналар өз қыздарына жұғысты болуы үшін барлығын бөлісіп таратып алады.
Салт дәстүрлерге байланысты қоржынның қандай түрлерін білесіз?
Достарыңызбен бөлісу: |