9. ГРАММАТИКАЛЫҚ МАҒЫНА МЕН ГРАММАТИКАЛЫҚ ФОРМА
Сонымен қатар С.Исаевтың сөздің лексикалық және грамматикалық мағынасына қатысты тұжырымдары да бүгінгі когнитивті тіл білімінің қағидаттарымен үндес: «Тілдегі әрбір сөздің (белгілі бір ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасы да болады.
Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса,
грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әртүрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағынасы болып табылады.
Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады» [25, 14-б.]. «Лексикалық мағынаның жалпылану арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады.
Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, ұсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады» [25, 19-б.]. Ғалым грамматикалық категория болудың шарттарын былай сипаттайды: «1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол (кемі екі) мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелділіктер жақ сияқты, 1-жақ 2-жаққа я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа я 3-жаққа қайшы, келуі; 4) сөйтіп барып әр тектес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы; 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады» [77, 56-б.].
К.Аханов еңбектерінен де тіл мен ойдың қатынасы, тілдік сана, грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы туралы тұжырымдар кездеседі: «Грамматиканың өзінің ережелерін жасағанда, сөздер мен сөйлемдердің мағыналық нақтылығынан дерексізденеді, сөздердің өзгеруі мен сөздердің сөйлемге тіркесуінің жалпылық нәрсені негізге алады. Грамматикалық абстракцияның ерекшелігі, міне, осындай»... «Қатынас жасау, пікір алысу – ой жұмысы нәтижелерінің сөйлемдегі сөздер мен сөз тіркестеріне негізделіп, соларға орнығып тұрақталуы мүмкін болады. Грамматика адам ойлауының ұзақ абстракциялаушы жұмысының нәтижесі болумен бірге, ойды материалдық тілдік қабыққа енгізуге, өзара пікір алысуға мүмкіндік береді»... «Сөздің лексикалық мағыналарынан басқа әртүрлі грамматикалық мағыналары болады. Грамматикалық мағыналар септік, тәуелдік, сан (число), шырай, шақ, жақ, рай т.б. грамматикалық категорияларды қамтиды. Бұл категориялардың мағыналары түбірдің лексикалық мағыналарын нақтылайды, оны саралап айқындайды немесе сөздердің лексикалық мағыналарының бір-біріне өзара қатысын білдіреді. Сонымен, түбірдің лексикалық мағынасын нақтылай түсетін, оны саралап айқындайтын немесе сөздердің лексикалық мағыналарының бір-біріне өзара қатысын мағыналар грамматикалық мағыналар деп аталады.
Грамматикалық мағыналар тілде әртүрлі тәсілдер арқылы көрінеді. Атап айтқанда, грамматикалық мағыналар тілддерде аффикация тәсілі, ішкі флекция, қосарлану, көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, екпін, интонация тәсілдері арқылы беріледі» т.с.с. [71].
А.Ысқақов еңбектерінен де мағынаның түрлері, грамматикалық категория, ұғым мен мағынаның арақатынасы, грамматикалық мағынаның өзіндік ерекшелігі т.с.с. мәселелер сөз болады: «Сөздер тілдің грамматикалық заңдары бойынша қолданылған күнде ғана айтылатын ой әрі түсінікті, әрі көрікті болатынын көреміз. Сонымен қатар, сөздерсіз, жалаң грамматикалық форма лар арқылы, ешқандай ойды хабарлауға да, түсіндіруге де болмайды. Сондықтан сөздік пен грамматикалық құрылыс үнемі бірлікте жұмсалады. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен қызметтері бар негізгі элементтер болып саналады. Сөйтіп, сөздерді тілдің материалы деп грамматикалық құрылысты тілдің материалын (сөздерді) бір-бірімен ұштастырып, олардың бастарын құрастырып, көріктендіретін жамылыш деп қарауға болады» [78, 5-б.]. «Сөздің дыбыстық жағы белгілі бір ұғымның сыртқы материалдық жамылышы (формасы) болса, сол арқылы біздің санамызда белгілі бір ұғым байыпталып отырады. Сөздің сыртқы дыбыстық құрамы мен сөздің ішкі мағынасы үнемі бірлікте болады»... [78, 7-б.]. «Сөз айналамыздағы зат я құбылыс жайындағы ұғымның аты я атауы болса, әрине, ол атаудың қоғамдық өмірде өзіне телінген мағынасы да, сол ұғымды білдіретін белгі (таңба) я сол ұғымның мазмұнының бейнесі ретінде қалыптасқандықтан, бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне бірдей түсінікті болады. Мысалы, тас, ағаш, топырақ деген сөздерді алсақ, олардың әрқайсысы – әрі нақтылы, әрі жалпы атау. Өйткені ағаш деп көз алдымыздағы (я қолымыздағы) белгілі бір нақтылы ағашты да, сондай-ақ, жалпы ағаш атаулыны да атай береміз»... «Сөздің лексикалық мағынасына тікелей байланысатын, осындай жалпы грамматикалық мағыналарын, сондай-ақ, сол жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін формаларды грамматика ғылымы зерттейді. Лексикалық мағына да, грамматикалық мағына да бір сөздің бойында жарыса өмір сүре береді. Мысалы, көршіні көрші шақырды (Абай) деген сөйлемдегі үш сөзді алсақ, алғашқы екі сөздің лексикалық мағынасы бір де, соңғы сөздің лексикалық мағынасы өз алдына басқа. Алғашқы екі сөздің лексикалық мағыналары бір болғанымен, грамматикалық мағыналарында өзгешеліктер де бар. Бұл екеуінің грамматикалық мағыналардағы жалпы ұқсастықтар мыналар: екеуі де – зат есім, екеуі де – жекеше мағынаны білдіреді. Ал ол екеуінің грамматикалық мағыналарындағы өзгешелік сол екі сөздің сыртқы түрлеріндегі (формаларындағы) айырмашалыққа байланысты»... [78, 9-б.]. «Сөздің бөлшектері мен мағыналарын, олардың арасындағы қарым-қатынастарын және сол қарым-қатынастар мен құбылыстардың жүйе-жүйелерін зерттеудің нәтижесінде әрі сөздің морфологиялық құрамы мен құрылысы, әрі алуан түрлі грамматикалық категориялардың сыр-сипаттары айқындалады. Сөздің сыртқы жамылышы (формасы) ретінде қызмет ететін дыбыстық құрамның (комплекстің) әрбір ұсақ дыбыстық бөлшегі, сол сөздің белгілі бір грамматикалық мағынасын білдіретін әрбір ұсақ бөлшегінің сыртқы жамылышы (формасы) ретінде қызмет етеді. Екінші сөзбен айтқанда, сөздің әрбір грамматикалық бөлшегінің өзіне тән дыбыстық көрсеткіш болады» [78, 10-б.]. «Морфология сөзді оқшау қарамайды, оны басқа сөздермен байланысты қарап барып, олардың қарым-қатынастарын анықтайды. Бірақ морфология сөздерді, олардың қарым-қатынастарын сол тілдің жүйесінің қалыпты бір көрінісі, бөлшегі ретінде талдап, оларды бір-бірімен ұштастырып қарайды. Өйткені сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіріп өзгерту, сөз бен сөзді жалғастыру сияқты амал-тәсілдер – әрі әбден қалыптасып орныққан, әрі үнемі қолданылатын дағдылы, жүйелі құбылыстар. Сол себептен морфологиялық тіліміздегі әрбір жұрнақты, әрбір жалғауды я болмаса басқа бір морфологиялық құбылысты және олардың әрқайсысының формасы тілдің жүйесімен байланысты, сол жүйеден тарайтын және сол жүйеге барып қосылатын заңды құбылыс деп қарайды» [78, 12-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |