12) өндірістік және қойма ғимараттарының бөлмелерінде антресолдар, қоршаулар, тұрмыстық бөлмелер, қойма бөлмелерін, кеңселер мен басқа да бөлмелерді жанғыш материалдардан салуға жол берілмейді.
46. Ғимараттар мен құрылыстардың сыртқы өрт сөндіру сатылары мен шатырлардағы (жабындардағы) қоршауларды жарамды күйде ұстау қажет және бес жылда бір рет пайдалану сынағынан өткізу қажет.
47. Бір ғана көшіру жолы бар үй-жайларда бір мезгілде 50 және одан да астам адамдардың болуына жол берілмейді.
Отқа төзімділігі IV және V дәрежелі ғимараттарда бір мезгілде 50 және одан да астам адамдардың болуы тек бірінші қабатта ғана рұқсат етіледі.
48. Ойын-сауық, түскі ас ішу, көрме, сауда, биржалық, спорттық, мәдени және басқа да залдарға (орындарға), трибуналарға, сондай-ақ басқа да бөлмелерге келушілер саны өрт кезінде адамдарды құтқару қауіпсіздігімен қамтамасыз ету жағдайларына байланысты жобалау нормасында көрсетілген немесе есептеп анықталған санынан аспауға тиіс. Жобалау нормасында есепке қажетті деректер болмаған кезде залдағы адамдарды көшіру уақытын қамтамасыз ету - 2 минут, ал алаңның бір адамға келетін есептік көрсеткіші - 0,75 м 2 болуы тиіс.
49. Технология талаптары бойынша адамдардың үздіксіз келуін талап етпейтін шатырлы үй-жайлардың, сондай-ақ техникалық қабаттар мен жертөлелердің есіктері құлыпталады. Аталған бөлмелердің есіктерінде кілттің қайда сақталатыны туралы ақпарат жазылып тұруы керек. Шатырлардың, техникалық қабаттар мен жертөлелердің терезелері әйнектеліп, үнемі жабық тұруы қажет.
Асты желдетілетін үйлердің құрылымында жанатын заттар болса, ол жерге бөгде адамдардың кіруіне шектеу қойылады.
Ғимараттың (құрылыстардың) астыңғы және жертөле терезелерінің ойықтары қоқыстан және басқа да заттардан тазартылады. Аталған ойықтарды қорғайтын металл торлар ашуға ыңғайлы болады, ал терезелердегі ілмектер ішінен кілтсіз ашылады.
50. Бөлмелерді жарықтандыру үшін пайдаланылатын керосиндік шамдар мен үстел үстіне қойылатын керосиндік шамдардың тұғырлары құламайтындай нық күйде орнатылады.
Аспалы керосиндік шамдар (фонарь) пайдалану кезінде мықтап бекітілуге және әйнектің астында сақтандырғыш металл қақпақтарымен жабдықталуы тиіс. Шам астындағы қақпақтан немесе шам қақпағынан жанғыш (жануы қиын) жабынның (төбенің) құрылысына дейінгі арақашықтық кемінде 0,7 м, ал жанғыш (жануы қиын) материалдардан кемінде 0,2 м болуы қажет.
Қабырғаға ілінетін керосиндік шамдардың (фонарь) құрылымда қарастырылған шағылдырғыштары болуға және қабырғаға мықтап бекітілуге тиіс.
51. Керосиндер, керогаздар және примустар дайындаушы-зауыттың пайдалану жөніндегі нұсқауына сәйкес отынмен толтырылуға тиіс. Аталған құралдарды тез тұтанғыш сұйықтықтармен (оның ішінде бензинмен, спиртпен, ерітіндімен) толтыруға тыйым салынады.
52. Қолданылған сүрткіш материалдарды жабылатын қақпағы бар металл контейнерлерге жинау қажет. Қолданылған сүрткіш материалдарды жинау мерзімділігі олардың жұмыс орындарына жиналуларына байланысты болады. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін контейнер ішіндегі заттар ғимараттардың сыртынан алынуы қажет.
53. Майлармен, лактармен, сырлармен және басқа да ТТС және ЖС жұмыс істейтін тұлғалардың жұмыс киімдерін арнайы орнатылған металл шкафтарда ілулі түрде сақтау қажет.
54. Витраждары бар бір қабаттан биік ғимараттарда әрбір қабатқа қойылған түтін өткізбейтін, жанбайтын заттан жасалған диафрагмалар құрылымын өзгертуге болмайды.
55. Адамдар жаппай жиналатын жаңа-жылдық кештер мен басқа да шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде:
1) кемінде екі көшіру жолымен қамтамасыз етілген, жобалау нормасының талаптарына жауап беретін, терезелерінде темір торлары жоқ және 2 қабаттан аспайтын жанғыш жабынды ғимараттарды пайдалануға болады;
2) шыршалар орындарында мықтап бекітіліп, бұтақтары қабырғалар мен төбеге тимейтіндей есепте орналастырылуы және ғимараттан шығарғанда қиындық туғызбауы тиіс;
3) бөлмеде электрлік жарықтандыру болмаған жағдайда іс-шаралар күндізгі уақытта өткізілуі тиіс;
4) шырша иллюминациясы тек элетрқондырғылары құрылымдарының техникалық нормаларына (бұдан әрі - ЭҚТН) сәйкес келуі қажет. Шыршаға электр жарықтандыру торабын пайдаланғанда төмендету трансформаторы болмаса, онда тек тізбекті гирляндтарды пайдаланып, ондағы шамдардың кернеуі 12 В, қуаты 25 Вт аспауы тиіс;
5) иллюминацияда ақау кездескен жағдайда (сымдардың күюі, шамдардың жыпылықтауы, ұшқын шығу) дереу сөндіру қажет;
6) іс-шараларды өткізу кезінде залда, сахнада жауапты тұлғалардан, өртке қарсы құрылым мүшелерінен немесе өртке қарсы қызметі жұмысшыларынан кезекшілер ұйымдастыру қажет. Іс-шаралар өткізілетін үй-жайлар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Мыналарға:
1) терезе торлары ашылмаған ғимараттарда іс-шаралар өткізуге;
2) доғалы прожекторларды, білтелер мен ұрғыштарды (хлопушкаларды) қолдануға, өрт тудыруы мүмкін фейерверк және басқа да жарықтық өртке қауіпті эффектілерді орнатуға;
3) шыршаларды целлулоидты ойыншықтармен, сондай-ақ оттан қорғау құрамы сіңірілмеген дәкемен және мақтамен безендіруге;
4) балаларды тез тұтанғыш материалдардан тігілген киіммен киіндіруге;
5) отты және басқа да жарылу және өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізуге;
6) бөлме терезелерін қараңғылауға;
7) қатарлар арасындағы өту жолының енін қысқартуға және өту жолдарында қосымша креслолар мен орындықтар қоюға;
8) бөлмеде қойылым немесе көрсетілім жүріп жатқан кезде жарықты толықтай өшіруге;
9) бөлмелерге белгіленген нормадан тыс адамдар кіргізуге жол берілмейді.
3 параграф. Көшіру жолдары
56. Көшіру жолдары мен есіктерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі бойынша (оның ішінде жарықтандыру, көшіру жолдары мен есіктерінің саны, өлшемі және көлемді-жоспарлы шешімдері бойынша, сондай-ақ көшіру жолдарында өрт қауіпсіздігі белгілері бойынша) жобалық шешімдер мен нормативтік құжаттардың талаптарын сақтау қажет.
57. Көшіру жолдарындағы есіктер еш қиындықсыз, шығу бағытына қарай ашылуы қажет.
58. Көшіру жолдарының есік ілмектері ғимарат (құрылыс) ішіндегі адамдар қажет болған жағдайда кілтсіз аша алатындай болуы қажет.
59. Көлемді, электр торабынан дербес қоректенетін, өздігінен жарық беретін, көшіру жолдарында пайдаланылатын өрт қауіпсіздігінің белгілері (оның ішінде жарықтық көрсеткіштер "Көшіру (қосалқы) есігі", "Көшіру жолының есігі"), үнемі жарамды жағдайда және іске қосылулы болуы қажет. Ойын-сауық, демонстрациялық, көрме және басқа да залдарда олар тек адамдар жиналып, іс-шаралар өткізу кезінде ғана іске қосылады. Эвакуациялық жарықтандыру жұмыс істейтін жарықтандыру электрқорегі тоқтаған кезде автоматты түрде қосылуы қажет.
60. Көшіру жолдары мен есіктерін пайдалану кезінде:
1) көшіру жолдары мен есіктерін (оның ішінде өту жолдарын, дәліздерді, тамбурларды, галереяларды, лифтілік холлдарды, сатылы алаңдарды, саты марштарын, есіктерді, көшіру люктерін) әр түрлі материалдармен, бұйымдармен, жабдықтармен, өндіріс қалдықтарымен, қоқыстармен және басқа да заттармен бөгеуге, сондай-ақ көшіру есіктерін жауып тастауға;
2) тамбурға шығар жолдарда (пәтерлер мен жеке тұрғын үйлерден басқа) киім кептіретін және ілетін орындар, киім ілгіштер дайындауға, сондай-ақ құрал-саймандар мен материалдарды (оның ішінде уақытша) сақтауға;
3) көшіру жолдарының табалдырығында (есік ойықтарының табалдырықтарынан басқа) жылжымалы және көтерілмелі-түсірілмелі есіктер мен қақпалар, айналмалы есіктер мен түрнектер, сондай-ақ адамдарды көшіруге кедергі келтіретін басқа да заттарды орналастыруға;
4) қабырғалар мен төбелерді, сондай-ақ көшіру жолдарындағы сатылы алаңдарды сырлау, қаптау, әрлеу үшін жанғыш материалдарды (отқа төзімділігі V дәрежелі ғимараттардан басқа) қолдануға;
5) сатылы алаңдардың, дәліздердің, холлдар мен тамбурлардың өздігінен жабылатын есіктерін ашық түрде бекітуге, сондай-ақ алып тастауға;
6) түтінденбейтін сатылы торларда ауа аймағының жалюзиін шынылауға немесе жабуға;
7) армерленген шыныны шыныланатын есіктерге қарапайым шынымен және фрамугқа алмастыруға жол берілмейді.
61. Технологиялық, көрмелік және басқа да құрал-жабдықтарды орналастыру кезінде үй-жайлар көшіру жолдарының жобалау нормаларына сәйкес сатылы торлармен және басқа да көшіру өткелдерімен қамтамасыз етілуі қажет.
62. Адамдар жаппай келетін объектілерде электр энергиясы сөнген жағдайда қызмет етуші тұлғада электр шамдары (фонарь) болуы қажет. Объект басшысы объектінің ерекшелігін, кезекшілерді, ғимараттағы адамдардың санын ескере отырып, әр кезекшіге бір шамнан келетіндей етіп анықтайды.
63. Адамдар жаппай келетін ғимараттарда кілемдер мен кілемшелер және басқа да еденді жауып тұратын төсеніштер еденге мықтап бекітіледі. Жалынның тез таралуына икемді өңдеу материалдары, кілемдер мен басқа еден жабындары жанған кезде көшіру жолдарында жанғыш, тез тұтанатын және уландырғыш материалдарды қолдануға жол берілмейді.
3-тарау. Электр желілерін, электр қондырғылары мен
электр-техникалық бұйымдарын монтаждау, пайдалану
кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары
64. Электр желілерін, электр қондырғылары мен электр-техникалық бұйымдарын жобалау, монтаждау, іске қосу, пайдалану, сондай-ақ олардың техникалық жай-күйін тексеру ЭҚТН, тұтынушылардың электрқондырғыларын техникалық пайдалану нормаларына (бұдан әрі - ТПН), тұтынушылардың электрқондырғыларын пайдалану кезіндегі техникалық қауіпсіздік нормаларына (бұдан әрі - ТҚН) сәйкес жүзеге асырылуы қажет.
65. Электр қозғалтқыштардың, электр шамдарының, басқару аппараттарының, іске қосуды реттеушінің, бақылау-өлшеу және қорғау аппаратурасының, қосалқы жабдықтардың, электр сымдары мен кабель желілерінің ЭҚТН бойынша аймақтардың класына сәйкес қорғау қабаты болуы қажет.
66. Барлық электрқондырғылары өртке және жануға әкеліп соғатын қысқа тұйықталудан және басқа да дұрыс емес режимнен сақтайтын аппараттармен қорғалуы қажет. Сақтандырғыштардың балқыма қоспаларының нақты тогы таңбада көрсетіліп, калибрленген болуы қажет (таңбаны дайындаушы-зауыт немесе электр-техникалық зертханасы қояды).
67. Барлық тоқ жүретін бөліктер, бөлу қондырғылары, аппараттар мен өлшеуіш аспаптар, сондай-ақ жарылғыш үлгідегі сақтандырғыш құрылғылары, ажыратқыштар және барлық іске қосатын аппараттар мен аспаптар тек жанбайтын негізде құрастырылуы қажет (мрамор, текстолит, гетинакс).
68. Сымдар мен кабельдерді жалғау, тармақтау және түйіндеу өртке қатысты қауіпті жағдайларды болдырмау үшін сығымдау, дәнекерлеу, пісіру және арнайы қысқыштар көмегімен жүргізу қажет.
69. Электр желілерін уақытша пайдалануға және қондыруға болмайды. Құрылыс және уақытша жөндеу-құрастыру жұмыстарында иллюимнациялық қондырғылар мен электр сымдары уақытша қойылуы мүмкін.
70. Тасымалды шамдар қорғаушы шыны қалпақтармен және торлармен жабдықталуы қажет. Осы шамдар мен басқа да тасымалды электр аппараттары үшін ықтимал механикалық әсерді есепке ала отырып, осы мақсатқа арналған иілгіш кабельдер мен мыстан жасалған сымдар қолданылады.
71. Үй-жайларда жұмыс соңына қарай кезекші қызметкердің болмайтындығына байланысты электр қондырғылар мен тұрмыстық электр құралдары тоқтан ажыратылуы тиіс, бұдан басқа кезекшілік жарық көздері, өрт сөндіру мен өртке қарсы сумен қамтамасыз ету қондырғылары, өрт және күзет дабылдары ғана тоқ көзіне жалғанады. Басқа да электр қондырғылары мен электр-техникалық бұйымдар (оның ішінде тұрғын үйлерде де) тек қана олардың қызмет ету мақсатына және (немесе) пайдалану нұсқауына сәйкес болса ғана тоқ көзінен ажыратылмайды.
72. Электр берілісінің (оның ішінде уақытша және салынған кабельмен) ауа жолдарын жанғыш жабынның, шатырдың, сондай-ақ жанғыш заттар, материал мен бұйымдар сақтайтын ашық қоймалардың (қатарлардың, маялардың) үстінде пайдалануға және орнатуға жол берілмейді.
73. Жарық беруші электр желісі ғимараттардың жанғыш құрылыстары мен жанғыш материалдарға тимейтіндей етіп құрастырылуы тиіс.
74. Электр қозғалтқыштары, электр шамдары, сымдар мен бөліп тарату қондырғылары тозаңнан айына кемінде екі реттен, ал едәуір тозаң бөлінетін үй-жайлар айына кемінде төрт реттен тазартылып тұруы қажет.
75. Электр қондырғыларын пайдалану кезінде:
1) дайындаушы ұйымдардың нұсқаулықтарының талаптарына сәйкес келмейтін немесе пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен сәйкес өрттің шығуына әкеп соғатын ақауы бар электр қабылдағыштарды пайдалануға, сондай-ақ зақымдалған немесе оңашалаудың қорғағыштық қасиетін жоғалтқан электр сымдары мен кабельдерді пайдалануға;
2) бүлінген розеткаларды, ажыратқыштарды, басқа да электр қондырғыш бұйымдарын пайдалануға;
3) электр шамдары мен шырақтарды қағазбен, матамен немесе басқа да жанғыш материалдармен орауға, сондай-ақ құрылымда қарастырылған шырақтарды қалпақсыз пайдалануға;
4) өрт қаупін болдырмайтын жанбайтын жылу оқшаулағыш материалдан жасалған тіреуі мен жылу қорғағыш қондырғысы жоқ электр үтіктерін, плиталарын, шәйнектері мен басқа да жылытқыш құралдарды пайдалануға жол берілмейді. Құрылымда қарастырылған термореттегіші жоқ немесе жарамсыз электржылытқыш құралдарын пайдалануға;
5) стандартқа сай келмейтін (қолдан жасалған) электр жылытқыштарды қолдануға, қысқа тұйықталу мен артық салмақтан қорғайтын қолдан жасалған аппараттарды пайдалануға;
6) электр қалқандарының, электр қозғалтқыштары мен іске қосушы аппаратуралардың жанында жанғыш (оның ішінде тез тұтанғыш) заттар мен материалдарды орналастыруға (жинауға);
7) транзиттік электрсымдары мен кабельдік желілерді қойма бөлмелері арқылы, сондай-ақ ЭҚТН бұза отырып жарылыс және өрт қаупі бар аймақтар арқылы орнатуға;
8) электр жылытқыш құралдарын барлық жарылыс және өрт қаупі бар орындарда пайдалануға жол берілмейді.
76. Софитты орналастыру кезінде тек жанбайтын материалдарды пайдалану қажет, ал олардың қаңқалары зақымдаушы арқандармен оқшаулануы қажет.
Прожекторлар мен софиттерді жанғыш материалдар мен құрылыстардан кемінде 0,5 м, ал линзалық прожекторларды кемінде 2 м қашықтықта орналастыру керек. Прожекторлар мен софиттерге арналған жарық сүзгіштер жанбайтын материалдардан болуы қажет.
77. Қысқа тұйықталу мен ұшқын шығаратын, кабельдер мен сымдарды қыздыратын электр желілері мен аппараттары тез арада кезекші тұлға арқылы қауіпті жағдайға жеткізбестен сөндірілуі тиіс. Ақауы бар электр жүйесі өрт қауіпсіздігі жағдайына келтірілгенше ажыратылуы тиіс.
4-тарау. Жылу беру жүйесіне қойылатын
өрт қауіпсіздігі талаптары
78. Жылу беру маусымы басталар алдында пештер, қазандықтар, жылу генераторы және калориферлік қондырғылар, басқа да жылу беру құралдары мен жүйелері жөнделіп, тексеруден өткізілуі қажет. Жарамсыз пештер мен басқа жылу беру құралдарын пайдалануға жол берілмейді.
79. Машинистер, от жағушылар жыл сайын жылу беру маусымы алдында өртке қарсы нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі.
80. Өндірістік және басқа да үй-жайларда пеш жағуды жылу беру құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқау алған, арнайы белгіленген тұлғалар (от жағушылар) іске асырады.
81. Пештер мен басқа да жылу беру құралдарының норма бойынша белгіленген жанғыш құрылыстардан бөліп тұратын өртке қарсы бөлгіштері (шегіністері), сондай-ақ ауданы кемінде 0,5х0,7 м болатын жанбаған және ақауы жоқ пештің алдына (ағаш немесе өзге де жанғыш заттан жасалған едендерге) төселетін қаңылтыры болуы қажет.
82. Жылу беру маусымы алдында пештер мен түтіндіктерді күйеден тазарту керек, ал бүкіл маусым бойына:
1) жылу пештері үш айда бір рет;
2) үздіксіз қозғалыстағы ошақ пен пештер екі айда бір рет;
3) үздіксіз жағылатын ас үй плиталары мен басқа пештер айына бір рет тазартылуы тиіс.
Отын құбырындағы қазандықтың әрбір тозаңдатқыш құралында және жылу генератор қондырғыларында екі бұрамадан (вентиль): біреуі - пештің оттығында, екіншісі - отынды сыйымдылықта болуы қажет.
83. Ұйымдар мен елді мекендерде қазандықтар мен жылу өндіргіш қондырғыларын пайдалану кезінде:
1) арнайы оқудан өтпеген және тиісті біліктілік куәлігін алмаған тұлғаларды жұмысқа жіберуге;
2) автоматтандырылмаған қазандықтарда жұмыс істейтін тұлғалар ауысым кезінде жұмыс істеп тұрған қазандықтарды қадағалаусыз қалдыруға;
3) қазандықтар мен жылу генераторлары орнатылған бөлмелерде 1м 3 астам ТТС немесе 5м 3 ЖС сақтауға;
4) өрт болған жағдайда құрылғысы жоқ бактарды отынды авариялық сыйымдылыққа (қауіпсіз орындарда) аудару үшін пайдалануға;
5) жабдықтарды пайдаланудың техникалық шарттарында қарастырылмаған мұнай өнімдерінің қалдықтары мен басқа да ТТС және ЖС отын ретінде пайдалануға;
6) жылу беру жүйесінен сұйық отын тамшылап (газдың кемуі) тұрған кезде жылу өндіргіш қондырғыларын пайдалануға;
7) тозаңдатқыш құралдары мен газ жанарғылары сөндірулі кезде отын беруге;
8) қондырғыларды олардың алдын ала үрлеп алмай от жағуға;
9) дайындаушы-кәсіпорында қарастырылған ақауы бар немесе ажыратылған бақылау және реттеу құралдарынсыз жұмыс істеуге;
10) қазандықтар мен бу өткізгіштерде жанғыш материалдарды кептіруге жол берілмейді.
84. Пеш арқылы жылу беруді пайдалану кезінде:
1) пеш алдындағы қаңылтырға отынды, жанғыш заттар мен материалдарды орналастыруға;
2) пештерді тұтандыру үшін бензин, керосин, дизельдік жағармайларды және басқа да ТТС мен ЖС қолдануға;
3) пештерді отынның мынадай түрлеріне арналмаған газдармен, көмірмен және кокспен жағуға;
4) отқа оттықтың мөлшерінен асатын ұзын ағаш салуға;
5) пешке отынды, киімдерді және жанғыш заттар мен материалдарды кептіруге және қоюға;
6) үй-жайларда жиналыс немесе басқа іс-шаралар өткізіліп жатқан кезде пеш жағуға;
7) газ және желдету жолдарын түтіндеткіш ретінде пайдалануға;
8) пешті шамадан тыс қыздыруға жол берілмейді.
85. Ғимараттар мен құрылыстарда (тұрғын үйлерден басқа) пеш жағу жұмысы аяқталғанға дейін кемінде екі сағат бұрын, ал ауруханалар мен адамдар жаппай келетін басқа да орындарда жатар уақыттан екі сағат бұрын тоқтатылуы тиіс.
Балалар күндіз келетін балалар мекемесінде пешті жағу балалар келерден 1 сағат бұрын тоқтатылуы тиіс.
Пештен шыққан күл мен қоқысқа су құйылып, арнайы қауіпсіз жерлерге төгілуі тиіс.
86. Қазандық қондырғыларының қатты отынмен жұмыс істейтін түтін құбырлары ұшқын өшіргішпен жабдықталуға және айына 3 рет күйеден тазартылып тұруы тиіс.
87. Шатырдағы түтін жолдары өтетін түтін құбырлары мен қабырғаларын әктеу қажет.
88. Сауда мекемелерінің ғимараттарында орнатылған қазандықтарды қатты отыннан сұйық отынға ауыстыруға болмайды.
89. Отын (өздігінен жанатын көмір және торф) тез жанғыш құрылыстан 8 метр қашықтықта орналасқан арнайы лайықталған үй-жайларда немесе арнайы белгіленген алаңдарда сақталуы тиіс.
90. Өрт қауіпсіздігі талаптарына, стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес келмейтін металл пештерді орнатуға жол берілмейді.
91. Жатақханалардың, әкімшілік, қоғамдық ғимараттардың және кәсіпорындардың қосалқы ғимараттарының бөлмелерінде, тұрғын үйлерде зауыт дайындаған металл және басқа да пештерді орнату кезінде тұрғын үйлерде осы өнімдердің түрлерін дайындаушы кәсіпорындардың нұсқауын, сондай-ақ жылу беру жүйесіне қойылатын жобалау нормасының талаптарын орындау қажет.
92. Уақытша металл пештерді орнату кезінде мынадай өрт қауіпсіздігі талаптары сақталуы тиіс:
1) металл пештер пышақтарының биіктігі 0,2 м кем болмауы керек. Пеш астындағы жанғыш едендер балшық ерітіндісіне жалпағынан төселген бір қабат кірпішпен немесе үстінде жамылтқы болаттан жасалған қаптамасы бар қалыңдығы 0,012 м асбест картонмен оқшаулануы тиіс;
2) металл пештер ағаш құрылымдардан, жиһаздардан, тауарлардан, стеллаждардан, сөрелерден және басқа да жабдықтардан кемінде 1 метр, оттан қорғайтын құрылымдардан кемінде 0,7 м және от жағу ойықтарынан ағаш құрылымдары мен басқа да жабдықтарға дейін кемінде 1,25 м қашықтықта орнатылуы керек.
93. Металдан жасалған түтін құбырын терезеден шығарған кезде оған өлшемі түтін құбырынан кемінде үш диаметрлік бөлуді ауыстыратын темірден жасалған табақша орнатылуы қажет. Құбырдың соңын ғимарат қабырғасының артына қарай кемінде 0,7 м болатындай етіп шығарып, жоғарыға қарай бағытталатын келте құбырдың биіктігі 0,5 м аяқталуы қажет. Жоғары қабат терезесінен шығарылған келте құбыр карнизден 1 м жоғары болуы тиіс. Келте құбырда қақпақ орналастырылуы қажет.
5-тарау. Желдеткіш жүйелеріне қойылатын
өрт қауіпсіздігі талаптары
94. Ауа жүретін жолдардағы от жалының бөгейтін құрылғылар (жапқыштар, шиберлер, клапандар), өрт дабыл қаққышының немесе өрт сөндірудің автоматты қондырғысы бар желдету жүйесінің тосқауыл қою құрылғысы және өрт кезінде желдеткішті автоматты түрде өшіретін құрылғылар белгіленген уақытта тексеріліп, жарамды жағдайда болуы қажет.
95. Ауаны салқындату және желдету жүйесін пайдаланған кезде:
1) желдеткіш камерасының есігін ашық қалдыруға;
2) сорғыш түтіктерді, тесіктерді және темір торларды жабуға;
3) ауа келтірушіге газ жылу аспаптарын қосуға;
4) ауа жүретін жолдарда жиналған шөгінділерді, шаңдарды және басқа да жанғыш заттарды күйдіруге жол берілмейді.
96. Желдеткіш камералары, циклондар, сүзгіштер, ауа жүретін жолдар өндірістің жанғыш тозаңдары мен қалдықтарынан ұйым бұйрығы бойынша белгіленген уақытта тазартылады.
97. Жарылыс және өрт қаупі бар үй-жайлар үшін ұйым басшылары (кәсіпорын иесі) желдеткіш жүйесін қауіпсіз әдістермен тазалаудың тәртібін әзірлейді.
98. Өрт қаупі бар өндіріс (қондырғы) бөлмелерінде гидросүзгіштері жарамсыз, сүзгіші құрғақ, шаң ұстағыш және желдеткіштің (аспирация) басқа да қондырғылары сөндірілген болса, технологиялық жабдықтардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді.
99. Желдеткішке жанғыш шаңдардың, талшықтар мен басқа да қалдықтардың түсуінен алдын алу үшін олардың алдында тас аулағыш, ал металл заттарды шығарып алу үшін магниттік сепараторлар орнатылуы тиіс.
100. Ауа жолдары мен пневматикалық көліктің құбырларындағы жергілікті сорғыш жүйелерінде оларды үнемі тазалап және өрт болған жағдайда оны сөндіру үшін мерзімді қарап тұруға арналған терезе орнатылуы қажет.
101. Бақылау люктерінің арасы 15 м аспауы, сондай-ақ бұрылыстарда, үш тармақта, қабырғалар мен жабындар арқылы өтетін құбырлар қасында орнатылуы қажет.
102. Машиналар мен агрегаттардың тозаңдану құрылғыларындағы ауаны тазалауға арналған сүзгіштер жекеленген бөлмелерде орналастырылуы қажет.
103. Жабдықтан шығарылған тозаңның қайта тарауы кезінде сүзгіштердің көмегімен екі рет тазартылуы қажет.
6-тарау. Инженерлік жабдықтардың басқа түрлеріне
қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары
104. Жарамсыз газ аспаптарын пайдалануға, сондай-ақ жиһаз және басқа да жанғыш заттар мен материалдарды тұрмыстық газ аспаптарынан көлденеңінен - 0,2 м, ал тігінен - 0,7 м қашықтықта қондыруға (орналастыруға) (газ аспаптары төбесінде аталған заттар мен материалдар болса) жол берілмейді.
105. Газбен қамтамасыз ету жүйелерін орналастыру және пайдалану газ шаруашылығындағы қауіпсіздік бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы қажет.
106. Ғимараттар мен құрылыстардың нөсерлік құбыр немесе өндірістік канализация бойынша жалынды таратпайтын, тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтар қолданылатын гидравликалық қақпақтар (сифондар) үнемі жарамды жағдайда болуы қажет. ТТЖ және ЖС канализация желілеріне (оның ішінде авария кезінде) құюға тыйым салынады.
107. Қоқыс жинау камераларының есіктері үнемі құлыптаулы болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |