10 АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Арнайы мектеп, арнайы сыныптардағы оқу-тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 Қаулысымен бекітілген Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің типтік ережелерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 14 ақпандағы №66 бұйрығымен бекітілген арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің қызметінің Типтік ережелерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 25 ақпандағы №61, 2016 жылғы 15 шілдедегі №453, 2016 жылғы 7 шілдедегі №432 бұйрықтарымен бекітілген мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған бастауыш, негізгі орта, жалпы білім берудің үлгілік оқу жоспарларымен реттеледі.
Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптар оқушылардың даму бұзылыстары түрлері бойынша сараланады:
− есту қабілеті бұзылған балалар үшін;
− көру қабілеті бұзылған балалар үшін;
− сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары бар балалар үшін;
− тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар үшін;
− психикалық дамуы тежелген балалар үшін (бұдан әрі – ПДТ) – қалыпты психикалық даму қарқыны бұзылған;
− зияты бұзылған балалар үшін (жеңіл және орташа деңгейдегі ақыл-ой кемістігі).
Үлгілік оқу жоспары оқу жүктемесін жалпы білім беретін пәндер, түзету курстары, еңбекке дайындық курстары және факультативтік сабақтар арасында бөледі.
Есту қабілеті, көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары бар және психикалық дамуы тежелген білім алушыларға арналған Үлгілік оқу жоспарының инвариантты бөлігіндегі жалпы білім беретін пәндердің тізімі және олардың негізгі мазмұны ҚР МЖМС талаптарына сәйкес. Оқыту білім алушылардың психофизикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерін ескере отырып бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары негізінде әзірленген арнайы білім беру бағдарламаларын да және жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын да пайдалану арқылы іске асырылады.
Білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламалары әзірленді және апробациядан өтті (ҚР БҒМ 2017 жылғы 27 шілдедегі №352 бұйрығы).
Оқу процесінде арнайы оқулықтар мен ОӘК, сонымен қатар, жалпы бағыттағы мектептерге арналған оқулықтар мен ОӘК пайдаланылады. 0 (дайындық) және 10 сыныптар есебінен мектептегі оқу ұзақтығын арттыру білім алушылардың даму ауытқушылықтарымен байланысты оқу процесінде бағдарламалық материалды игерудің қиындығын ескеру қажеттілігімен, сондай-ақ, оқу процесінде түзету-оңалту іс-шараларына арнайы уақыт бөлу қажеттілігімен байланысты.
Зияты зақымдалған оқушыларға арналған Үлгілік оқу жоспарындағы бөлімдер мен оқу пәндерінің тізімі, сонымен қатар, оқу бағдарламалардың мазмұны мен оқулықтар ҚР МЖМС 1.4.002-2012 талаптарына бағытталмаған. Мектептегі барлық оқыту жылдары ағымында ақыл-ойы кем білім алушыларды оқыту арнайы бағдарламалар, оқулықтар және ОӘК бойынша іске асырылады.
Арнайы мектептің (сыныптардың) педагогтері сынып құрамын есепке ала отырып, оқулық, оқу құралдарын, дидактикалық, түзету-дамытушылық материалдарды таңдау құқығына ие. Елдің арнайы мектептері үшін әзірленген оқулықтар мен ОӘК болмаған жағдайда РФ әзірленген және шығарылған оқулықтар мен дидактикалық материалдарды пайдалануға болады.
Мүмкіндігі шектеулі оқушыларды оқытатын білім беру ұйымдары білім мазмұнының ерекшелігін және білім алушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып оқушылардың үлгерімі мен аралық аттестациялау формаларын, тәртібі мен ағымдағы бақылау жүргізу мерзімін анықтайды.
Үлгілік оқу жоспарының негізінде білім беру ұйымы әрбір сынып үшін олардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып Оқу жұмыс жоспарын құрады. Үлгілік оқу жоспарының 15-20% сағаты оқушылардың ерекше білім беруге қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуге болады (үлгілік оқу жоспарындағы жалпы сағат саны аясынан шыкпай).
Білім беру ұйымдары үйде оқитын оқушылардың ата-аналарымен (немесе оларды алмастыратын тұлғалармен) бірге зерделенетін пәндер тізімін анықтайды, сыныптар бойынша олардың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес үйде оқытудың Үлгілік оқу жоспарында бөлінген сағат шегіндегі пәндер бойынша сағаттарды бөледі.
Арнайы мектептегі және арнайы сыныптардағы оқу-тәрбиелік процесс мектеп штатындағы мамандардың (арнайы психолог, логопед, арнайы педагогтар (тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог, ЕДШ нұсқаушысы) психологиялық-педагогикалық қолдауымен іске асырылатын баланы зерделеудің психологиялық-медициналық-педагогикалық мәліметтеріне негізделе отырып, сараланған және жеке ықпалды қолданумен іске асырылады.
Мамандардың өзара іс-әрекет нысаны мектептегі психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум болып табылады. Психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін мамандардың жұмысы мектеп директорымен бекітілген желілік нормативтік актілермен реттеледі.
Арнайы мектептер мен арнайы сыныптардың оқушылары түзету-педагогикалық көмекті Үлгілік оқу жоспарының бөлімдеріне сәйкес бөлінген сағаттар аясында психологиялық-педагогикалық қолдау мамандары өткізетін топтық, шағын топтық және жеке сабақтарда алады (түзету компоненті). Түзету сабақтары барлық типтегі арнайы мектептер мен арнайы сыныптарда міндетті болып табылады. Түзету компонентінің пәндерін оқу жоспарының инвариантты компонентіндегі пәндермен алмастыруға, сондай-ақ осы сағат сандарын қысқартуға болмайды.
Арнайы мектептердегі жұмыс алдын-алу бойынша қажетті жағдайларды құратын, бұзылған қызметтердің орнын толтыратын және қажетті денсаулық сақтаушы педагогикалық режимді қамтамасыз ететін ұзартылған күн тәртібінде 0-4 сыныптарда, ал 5-9, 10 сыныптарда мектеп басшылығы қарауымен ұйымдастырылады.
Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар оқушыларды еңбекке оқыту жұмыс кадрларына қажеттілігіне бағдарланған және психофизикалық дамуының жеке ерекшеліктерін, денсаулығын, мүмкіндіктерін, сондай-ақ еңбек профилін таңдау негізінде тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының мүдделерін ескере отырып өңірлік, жергілікті жағдайларға негізделе ұйымдастырылады. Типтік оқу бағдарламалар даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған еңбекке оқытудың профилі бойынша немесе білім алушылардың білім алудағы ерекше оқытуды қажет етуін және еңбектің әрқилы профилін ескере отырып құрылған бағдарламалары бойынша қолданылады.
Кәсіби еңбекке үйрететін сабақтар 5-сыныптан басталады, ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін 4-сыныптан басталады, ол екі топқа бөлінеді. Еңбек түрлеріне қарай топты жиынтықтау олардың психофизикалық жағдайы және мүмкіндігіне байланысты дәрігердің нұсқауымен іске асырылады. Қатар және шектес сыныптардағы оқушыларды топ бөлігіне біріктіру мүмкіндігі бар. Сабақты өткізу барысында әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сынып екі топқа бөлінеді.
Есту қабілеті, көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу тілі күрделі бұзылған, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы мектептердің бітірушілері алған білім деңгейін растайтын мемлекеттік үлгідегі құжатқа ие болады. Ақыл-ой кемістігі бар (1 және 2 бөлім) бітірушілер аталған түрдегі арнайы білім беру ұйымының белгіленген үлгідегі куәлігін алады.
1. Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) оқушыларды арнайы мектепте (сыныпта) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4 сыныптар;
− негізгі орта білім - 5-10 сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан толық өтпеген балалар дайындық (0) сыныбына түседі. Арнайы мектепке дейінгі дайындықтың толық курсынан өткен балалар 1 сыныпқа барады.
Дайындық (0) және 1-7 сыныптарда оқыту арнайы бағдарламалар мен оқулықтар бойынша жүргізіледі. 8-10 сыныптарда білім алушылар жалпы білім беретін мектептің бағдарламалары мен оқулықтары бойынша білім алады, ондағы материал оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін ескере отырып бейімделеді және қайта бөледі. 5 сыныптан бастап қазақ әдебиетін зерделеу орыс тілінде жүргізіледі (орыс тілді мектептер үшін). «Алгебра және «Геометрия» пәндерін оқыту 8 сыныптан бастап іске асырылады, өйткені естімейтін балаларға арналған арнайы оқу бағдарламасына сәйкес математика пәнін зерделеу 7 сыныпта аяқталады.
Оқу жоспарында міндетті түрдегі түзету пәндері ұсынылған:
1) «Заттық – тәжірибелік оқыту» (0-4 классы). Міндеті – жоғары психикалық қызметтерді қалыптастыру, тілді игеру, жалпы білім беру пәндері бойынша білімдерін меңгеруге арналған база ретінде тұрмыстық түсініктерді игеру;
2) «Түзету ырғағы» (0-4 сыныптар). Міндеті – электроакустикалық аппараттарды қолдану арқылы естіп қабылдауын қарқынды дамыту жағдайында қозғалысы мен сөйлеу тілін дамыту;
3) «Ым-ишараттық сөйлеу тілі» (4-10 сыныптар). Міндеті – оқушының коммуникативтік қызметін қамтамасыз ету. ҚР естімейтін оқушыларды оқыту есту-көру негізінде іске асырылады, оқыту процесіндегі ыммен сөйлеу оқушыларға бағдарламалық материалды сапалы меңгеруге көмектесетін көмекші құрал ретінде пайдаланылады;
4) «Ауызекі және тұрмыстық сөйлеу тілі» (4-10 сыныптар). Міндеті – еститін адамдармен қарым-қатынаста қолданылатын күнделікті қатынас сөз қорын, қарым-қатынас әрекетін дамыту;
5) «Дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту және (ДАҚ және ЕҚД). Сабақтарда ауызша сөйлеу тілі қалыптасады және қалдық есту арқылы сөйлеу дамиды.
0 мен 4-сыныпқа дейін ДАҚ және ЕҚД сабақтары бір сыныпқа апталық жүктемемен 18 сағат көлемінде жүргізіледі. 5-6-сыныптарда жеке сабақтарға бөлінетін апталық жүктеме аптасына 16 сағатты құрайды. Бұл кезеңде оқытуда сөйлеу дыбыстарын қою және машықтандыру аяқталады деп болжамдалады және тек сөйлеу тіл дыбыстарын ажырату жүргізіледі және естіп қабылдауын дамыту және сөйлеуде өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру жұмысы жалғасады, сөйлеуде жұппен жұмыс жасау және әдіби мәтіндерді естіп қабылдау жұмысы басталады. 7-9-сыныптарда ДАҚ және ЕҚД бойынша сабақтар аптасына 4 сағаттан (жұппен), 10-сыныпта 2 сағаттан жүргізіледі. Сөйлеуде өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру, сөйлеуде дыбысты шығару жағын түзеу, диалогиялық сөйлеумен жұмыс жасау жалғасады. Түзету циклінің сабақтары күннің екінші жартысында топпен, шағын топпен жүргізіледі. Түзету циклінінің жеке сабақтары (сағат көлемінің ауқымды болуына байланысты) күннің бірінші жартысында, сондай-ақ екінші жартысында басқа сабақтардан (серуендеу, тәрбие сағаты) ала отырып жүргізіле алады.
Негізгі мектептің жалпы білім беру бағдарламаларының курсын табысты меңгерген оқушылар үшін жалпы орта білім мен мамандық алу мақсатында әрі қарай оқуды кәсіптік колледждерде, кешкі мектептерде жалғастыруға мүмкіндік бар.
2. Есту қабілеті бұзылған (нашар еститін,кейіннен естімей қалған) оқушыларды арнайы мектепте (сыныптарда) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген балар дайындық (0) сыныбына түседі. Арнайы мектепке дейінгі дайындықтың толық курсынан өткен балалар 1 сыныпқа барады.
Дайындық (0) және 1-4-сыныптарда оқыту арнайы бағдарламалар мен оқулықтар бойынша жүргізіледі. 5-10-сыныптарда сыныптарда білім алушылар жалпы білім беретін мектептің бағдарламалары мен оқулықтары бойынша білім алады, ондағы материал оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктеріне және негізгі мектепте оқыту мерзімінің артуын ескере отырып бейімделеді және қайта бөледі.
Қалыптастырудың есту-көру негізін жасауға және оқушылардың ауызша сөйлеу тілін жетілдіруге мүмкіндік туғызатын есту қабілетін дамытуға, дыбыстардың айтылуымен жұмысқа, еріннен оқуға арнайы көңіл бөлінеді.
Оқу жоспарына түзету курстары қосылған: «Дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту» (0-10-сыныптар), «Түзету ырғағы» (0-7-сыныптар), «Айналамен таныстыру» (0-2-сыныптар). Түзету циклінің сабақтары күннің екінші жартысында топпен, шағын топпен жүргізіледі. Түзету циклінінің жеке сабақтары (сағат көлемінің ауқымды болуына байланысты) күннің бірінші жартысында, сондай-ақ екінші жартысында басқа сабақтардан (серуендеу, тәрбие сағаты) ала отырып жүргізіле алады.
Негізгі мектептің жалпы білім беру бағдарламаларының курсын табысты меңгерген оқушылар үшін жалпы орта білім мен мамандық алу мақсатында әрі қарай оқуды кәсіби колледждерде, кешкі мектептерде жалғастыруға мүмкіндік бар.
3. Көру қабілеті бұзылған (көрмейтін, нашар көретін, кейіннен көрмей қалған) оқушыларды арнайы мектепте (сыныптарда) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0,1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар;
− жалпы орта білім – 11-12-сыныптар.
Орта білім алу мерзімінің ұзартылуы төмендегі себептерге: көрмейтін және нашар көретін оқушылардың танымдық қызметінің ерекшелігіне; оқу қарқынының баяулығы және жалпы білім беру пәндеріне елестету олқылықтарын толтыру мен оқушылардың қоршаған орта туралы білімдеріне мүмкіндік беретін пропедевтикалық бөлімдерді қосу қажеттілігіне; көрмейтіндермен ақпарат алудың сукцессивті тәсілін пайдалануына (ұстап көру арқылы ақпарат алуды пайдалану); Брайль жүйесі бойынша жазу мен оқуға үйретудің ерекшеліктеріне; рельефті суреттер және сызбаларды оқуға; тифлоқұрылғыларды және бақылау, тәжірибелік және лабораториялық жұмыстар жүргізу барысында кеңістікте бағдарлай алуға арналған құралдарды пайдалану қажеттілігіне байланысты.
Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген 6-7 жастағы балалар үшін дайындық (0) сыныбы ұйымдастырылады. 1-4-сыныптарда білім алушылардың функционалдық сауаттылық негізі және негізгі жалпы білім берудің кезекті бағдарламасын меңгеру үшін база құра отырып, оларды қарым-қатынас пен оқу еңбегінің негізгі машықтары мен дағдыларын қаруландыру қаланады.
Екінші сатыдағы оқыту 6 жыл ағымында іске асырылады. Осыған байланысты сынып оқушыларының ерекшеліктерін ескере отырып, пән мұғалімдерімен іске асырылатын әр оқу пәнінің аясында жылдық оқыту бойынша оқу материалын қайта бөлу жүреді.
11-12-сыныптарда оқыту жалпы-гуманитарлық және жаратылыстану–математикалық екі бағытта жүзеге асырылады.
Бір немесе екі бағытты да таңдау оқушылардың қажеттілігін және ата-аналардың сұранысын ескере отырып іске асырылады.
Білім беру процесінің түзету бағыты сабақтарда жалпы білім беру пәндері бойынша, қалдық көруін және көріп қабылдауын сақтау мен дамыту; әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау (ӘТБ), кеңістікте бағдарлау; мимика және пантомимиканы дамыту; сөйлеу тілі дамуының кемшіліктерін түзету (логопедпен сабақтар); емдік дене тәрбиесі және түзету ырғағы бойынша арнайы түзету сабақтарында қамтамасыз етіледі.
Факультативтік сабақтардың сағаттары жалпы білім беру циклінің пәндерін оқытуда, жаңа пәндерді, қосымша білім беру модульдерін, арнайы курстар мен практикумдарды ендіруде, жеке және топтық сабақтарды өткізуде, жеке білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда қолданылуы мүмкін. Көру қабілетінен айырылған оқушыларды оқыту Брайль шрифтімен шыққан жалпы білім беретін оқулықтар бойынша, ал нашар көретін оқушыларды ірі шрифтімен басылған оқулықтар бойынша оқыту іске асырылады.
4. Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған оқушыларды арнайы мектепте (сыныпта) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар;
− жалпы орта білім – 11-12-сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген 6-7 жастағы балалар үшін әрі қарай бастауыш мектепте оқытуға дайындық және психикалық даму деңгейін анықтау мақсатында пропедевтикалық-диагностикалық дайындық сыныбы ұйымдастырылады.
1-4-сыныптарда жалпы тапсырмалар мен кешенді түзету тапсырмалары шешіледі (балалардың барлық қозғалыс сферасын, сөйлеу тілін, танымдық қызметін қалыптастыру). Бірінші сыныпта жазу қимылының дағдысын қалыптастыруға арнайы уақыт бөлінеді.
Ана тілін меңгеру оқытудың бастапқы сатысының тәжірибелік бағытымен қамтамасыз етіледі. Математиканы зерделеу барысында ойлауын дамыту ерекшеліктері, кеңістіктік ұғымдарының жеткіліксіз қалыптасуы ескеріледі.
Бейімдік дене тәрбиесі сабақтарында бағалау нормативтері қалыптастырылмайды.
5-10-сыныптарда балаларда әлеуметтік-еңбекке бейімдеуді қамтамасыз ететін қимыл-қозғалыс, ойлау, сөйлеу дағдылары мен ептілігін дамыту бойынша түзету-қалыптастыру жұмыстары жалғасады.
11-12-сыныптарда оқыту жалпы-гуманитарлық және жаратылыстану–математикалық екі бағытта жүзеге асырылады. Бір немесе екі бағытты да таңдау оқушылардың қажеттілігін және ата-аналардың сұранысын ескере отырып іске асырылады.
Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған оқушылар шағын топта және жеке сабақтарда түзету-педагогикалық қолдауға ие болады:
1) емдік дене тәрбиесі (ЕДШ) сабақтары 2-4 адамнан тұратын топпен немесе жеке өткізіледі. Сабақтың ұзақтығы – 45 минут. Сабақтар күннің бірінші жартысында, сондай-ақ екінші жартысында жүргізілуі мүмкін;
2) тіл дамуының кемшіліктерін дамыту бойынша сабақтарды ұқсас тіл бұзылыстары бар оқушылармен жеке немесе топтық түрде аптасына 2-3 рет логопед жүргізеді. Сабақтар күннің бірінші жартысында, сондай-ақ екінші жартысында жүргізілуі мүмкін;
3) танымдық қызметті қалыптастыру және дамыту бойынша түзету сабақтарында бағдарламалық материалды игеруге, қоршаған орта туралы білімін кеңейтуге, кеңістіктік және уақыттық ұғымдарын қалыптастыруға, графикалық дағдыларды дамытуға, алдыңғы даму олқылықтарын толықтыруға және оқу материалын игеруге, бұзылған психикалық қызметтерді түзетуге, күрделі оқу материалын меңгеруге дайындықты қамтамасыз етеді. Сабақтың ұзақтығы – 20-25 минут.
Түзету сабақтары күнделікті сабақтардың мазмұны мен формасын қайталамауы қажет. Бастауыш сыныптарда сабақтың бір бөлігі ойын формасында өткізген дұрыс.
Топтар (3-4 адамнан) оқушылардың сөйлеу тілінің, қимыл-қозғалысының және өзге де даму бұзылыстарының біртектілігі мен айқындығын ескере отырып жинақталады.
Білім алуышының топта болу ұзақтығы арнайы қиындықтарды түзету дәрежесімен және тапсырмаларды сыныппен бірге орындау дайындығымен анықталады. Топ құрамы қозғалмалы болуы тиіс. Бір оқушы бір жылда әртүрлі топтардың құрамында болуы мүмкін.
Факультативтік сабақтарды анықтау барысында оқушылардың әлеуметтенуі және олардың даму кемшіліктерінің алдын-алатын, оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіруге ықпал ететін курстарды таңдау қажет.
5. Сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары бар оқушыларды арнайы мектепте (сыныпта) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген балалар дайындық (0) сыныбына түседі.
Мектепте төмендегідей оқушыларға арналған бөлімдер ашылуы мүмкін:
− ауыр деңгейдегі жалпы сөйлеу тілі дамымаған (алалия, дизартрия, ринолалия, афазия), сонымен қатар тұтықпамен қатар жүретін жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалар;
− сөйлеу тілінің қалыпты даму барысындағы тұтықпаның ауыр формасы.
Кохлеарлы имплантацияға дейін 6 айдан кем емес ұдайы есту аппаратын тағып жүрген 1 жастан 4 жасқа дейінгі кохлеарлы импланты бар балалар қабылданады. Оқытудың бірінші деңгейінде арнайы бағдарламалар, арнайы әдістемелік және дидактикалық материалдарды пайдалану қарастырылады. Негізгі сатыда балалар оқушылардың мүмкіндіктеріне бейімделетін мектептің жалпы білім беру бағдарламалары бойынша оқиды.
Негізгі мектепте, әсіресе, күрделі бұзылыстары бар сыныптар үшін қазақ, орыс және шет тілдерін оқыту сағаттарын бөлгенде вариативтілікке жол беріледі.
Сөйлеу тәртібін сақтай отырып, барлық сабақтарда және сабақтан тыс уақыттарда арнайы логопедиялық және түзету-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Арнайы түзету курстарына мыналар жатады: қоршаған ортамен таныстыру, түзету ырғағы, дыбыс айту, сөйлеу тілін дамыту, жеке-топтық логопедиялық сабақтар. Логоритмика элементтері бар міндетті оқу пәні «Түзету ырғағы» сөйлеу тілінің күрделі бұзылыстары бар балалардың моторлық және сөйлеу моторлық даму ауытқушылықтарының алдын-алуға бағытталған.
Логопедиялық сабақтар белгіленген сабақтардың мазмұны мен формасын қайталамай, күннің екінші жартысында өткізілуі тиіс. Оқушылар логопедиялық көмекті жеке, шағын топта және топтық сабақтарда алады.
Жеке сабақтар: сөйлеу тілінің жүйелі бұзылыстары бар және артикуляциялық аппаратының құрылымы мен қозғалысы бұзылған (ринолалия, дизартрия) балалармен өткізіледі. Жеке сабақтар аптасына кемінде 2 рет өткізіледі. Сабақтың ұзақтығы 20-25 минут. Шағын топтарға сөйлеу тілінің біртекті құрылымы бұзылған балалар бірігеді. 5-10 сынып оқушыларымен логопедиялық сабақтарды ұйымдастырудың шағын топтық формасы жетекші болып табылады. Сабақтың ұзақтығы 40-45 минут.
Топтық сабақтың ұзақтығы (0, 1-4-сынып) дайындық сыныбы мен бірінші сыныптың алғышқы жартысында 35 минутты, келесі сыныптарда 45 минутты құрайды. Негізгі орта буын оқушылары үшін қазақ және орыс тілдерін қосымша зерделеуге арналған факультативтерді ұйымдастыруға болады.
6. Психикалық дамуы тежелген оқушыларды арнайы мектепте (сыныпта) оқытудың ерекшеліктері
Білім беру процесі деңгейлерге сәйкес қамтамасыз етіледі:
− бастауыш білім – 0, 1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар.
Арнайы мектептерге (сыныптарға) церебральды-органикалық түріндегі психикалық дамуы тежелген балалар қабылданады. Арнайы сыныптарға дамуында ауытқушылық (ақыл-ойы кем балалар, сөйлеу, көру, есту қабілетінде бұзылыстары) айқын көрінетін балалар қабылданбайды.
Арнайы сыныптарға жинақтау оқытудың бастапқы деңгейінде – 0, 1 сыныптарда іске асырылады, 2 сыныпты да кіргізуге болады. Оқушыларды оқытудың кез-келген кезеңінде жалпы білім беретін сыныптарға кіріктіру, сондай-ақ, психикалық даму тежелісі айқын көрінетін екінші сатыдағы арнайы сынып жағдайында білім беруді жалғастыру мүмкіндігі қарастырылады.
Оқу күн тәртібі балалардың тез шаршағыштығына байланысты белгіленеді: ұзартылған күн тәртібі бойынша алғашқы ауысымда оқыту.
Екінші (қазақ немесе орыс) және үшінші (ағылшын) тілдерін зерделеу сынып оқушыларының сөйлеу тілінің даму деңгейін ескере отырып, бағдарламаны бейімдеу және оқушыларды оқыту әдістері қарастырылып іске асырылады.
Оқытудың бірінші сатысында арнайы бағдарламалар мен арнайы әдістемелік және дидактикалық материалдарды пайдалану қарастырылады. Негізгі сатыда оқушылар негізгі орта мектепте оқу мерзімінің артуына (1 жыл) байланысты мазмұны қайта бөлінетін жалпы білім беру мектебінің бағдарламалары бойынша білім алады, әрбір пән оқытушылары оқушылардың мүмкіндіктеріне бейімделеді.
Оқытудың түзету-дамытушы бағыты түзету пәндерінің жалпы білім беру циклі пәндерінің аясында, сонымен қатар, қосымша білім беру жүйесінде жүзеге асырылады. Басқа пәндермен тепе-тең келетін пәндерге эмоционалдық-тұлғалық сферасын түзетуді іске асыруға мүмкіндік беретін және оқушылардың танымдық әрекеттерін белсендендіретін эстетикалық циклдегі пәндерді (музыка, сурет өнері, дене тәрбиесі) жатқызуға болады.
Бірінші және екінші сатыдағы оқу жоспарының түзету компоненті «Айналамен таныстыру және тіл дамыту», «Түзету ырғағы», «Тіл дамуының кемшіліктерін түзеу» (логопедтік сабақ), «Білімдегі олқылықтарды толықтыру бойынша міндетті жеке және топтық түзету сабақтары», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау» (ӘТБ). Арнайы кіріктірілген түзету курсы «Айналамен таныстыру және тіл дамыту» (0-1-сыныптар) баланың қоршаған орта туралы шынайы білімдері мен түсініктерін байытуға бағытталған. «Түзету ырғағы» түзету курсы (0-4-сыныптар) психикалық дамуы тежелген балалардың жалпы моторикасы мен қимылының үйлесімділігіндегі даму ауытқушылықтарын алдын-алуға бағытталған. «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау» өмірлік құзырет дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз етеді. «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау» пәні бойынша сабақтар үшін сынып 2 топқа бөлінеді. Сабақтар арнайы жабдықталған ғимаратта жүргізіледі.
Сабақтар топ бөлігімен арнайы жабдықталған ғимаратта өтеді. Сабақта оқу бағдарламасын игеруде қиындықты сезінетін оқушылар үшін білім олқылықтарының орнын толтыруға арналған жеке және топтық түзету сабақтары ұйымдастырылады. Сабақтар жеке немесе оқудағы қиындықтарының ұқсастықтары негізінде топ бөлігімен (2-4 оқушыға) жүргізіледі. Бастауыш сынып оқушыларымен жеке және топтық түзету сабақтарын сыныптың негізгі мұғалімі немесе дефектолог мұғалім өткізеді. Сабақтың ұзақтығы 20-25 минут. Түзету сабақтары күнделікті сабақтардың мазмұны мен формасын қайталамауы тиіс. Олар пәндік-тәжірибелік және балалардың ойын әрекетін қоса отырып, әртүрлі формалар мен оқушылардың әрекет түрлерін пайдалану арқылы жүргізіледі.
6-10-сыныптарда білім алудағы олқылықтарды толықтыру бойынша жеке және топтық сабақтарға бөлінген сағаттарды пән мұғалімдері өз арасында үлестіреді. Қандай топта болсын білім алушының сабақта отыру уақыты арнайы қиындықтарды түзету дәрежесімен және сыныппен бірге тапсырмаларды орындау дайындығымен анықталады. Топ құрамы қозғалмалы болуы тиіс: балалардың бірін сыныппен бірге жұмыс жасауға қосып, бірін қарқынды жеке көмек үшін топ құрамына қосу керек. Сол бір оқушы жыл ағымында әртүрлі топ құрамына кіруі мүмкін. Сөйлеу тілінде бұзылыстары бар оқушылар үшін логопед жеке немесе топпен сабақ өткізеді.
Сөйлеу тілінің бұзылыстары бар оқушылармен логопед жеке-шағын топтық сабақтар жүргізеді.
Жеке-шағын топтық түзету сабақтары оқушылардың максималды жүктемесі шегінде көрсетіледі. Үлгілік оқу жоспарында көрсетілген әрбір сыныпта осы сабақтарға бөлінген апталық сағаттардың саны (бірінші сатыда 4 сағат және екінші сатыда 3 сағат) әрбір жеке оқушының жүктемесіне емес, педагогтердің жүктемесіне кіреді. Әрбір оқушы үшін оқытудың бірінші сатысында аптасына 40-60 минуттан, екінші сатысында 20-40 минуттан келеді.
Факультативтердің сағаттарын балалардың әлеуметтенуіне (Тіл және қарым-қатынас мәдениеті. Өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыздандыру. Экономикаға кіріспе) немесе даму кемшіліктерінің алдын алуға (Сурет салу әрекеті. Қолданбалы мәдениет. Жүзу. ЕДШ), болмаса еңбекке дайындық бойынша қосымша сабақтарға қолдану дұрыс болады.
Есту, көру, сөйлеу тілі, тірек-қозғалыс аппаратының бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау
Білім берудің жаңартылған мазмұнына өтуіне байланысты 1, 2, 5, 7 сыныптарда оқу нәтижесін бағалау барысында оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі қолданылады.
Мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалауда МЖБС-да берілген білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарға бағдарлану керек. Сонымен қатар кейбір оқушылар бағдарламаны меңгеру мерзімін ұзағырақ қажет ететінін ескеру қажет.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың білім беру саласында тең құқықтары мен олар орындайтын тең міндеттерінің болуы маңызды. осыған байланысты олардың жетістіктерін бағалаудың негізгі мазмұны олардағы бұзылысқа (көру, есту, сөйлеу тілі, тірек-қозғалыс аппараты, әлеуметтік-эмоционалдық саласы) байланысты шектеуді ескере отырып, дені сау құрдастарымен бірдей бола алады. Бұндай жағдайда келесілер бағалануы керек:
– ерекше оқу дағдылары, мысалы, көру қабілеті бұзылған балаларда – Л.Брайль және/немесе тегіс баспалы шрифтті меңгеру арқылы оқу мен жазу;
– білім салалары бойынша құзыреттілігі: ауызша және жазбаша коммуникацияны пайдалана алу, саналы түрде оқу мен жазуға қабілетті болу; меңгерген математикалық білімнің элементтерін тәжірибеде қолдана алу, олардың өмірдегі мәнін түсіну және т.с.с.;
– әлеуметтік-тұлғалық нәтижелер: өзінің күш-қуатын тиісті бағалай алу, дене жүктемесі кезінде, медициналық дәрі-дәрмекті қабылдауда, көп таныс емес заттық-кеңістіктік ортада (ғимаратта, көшеде) өздігінен қозғалу кезінде ненің болатынын және болмайтынын түсіну.
7. Танымдық қабілеті бұзылған балаларды оқытудың ерекшеліктері (жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі)
Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту мақсаты – танымдық және эмоционалдық-тұлғалық аясындағы даму ауытқуларын түзету, білім беру және еңбекке дайындау құралдарымен дамыту, қоғамдағы бітірушілерді ары қарай кіріктіру үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту.
Дайындық сыныбына сондай-ақ білім беру процесінде және тәрбиелеу жұмысында баланың диагнозын анықтау мен оны оқыту және тәрбиелеуді ұйымдастыру формасының адекваттылығын айқындау мақсатында білім алуға дайындық деңгейі жеткіліксіз балалар қабылданады. Бірінші сыныпқа 7-9 жастағы балалар қабылданады.
Оқыту 2 сатыда ұйымдастырылады:
− бірінші саты – дайындық деңгейі (0, 1-4-сыныптар);
− екінші саты – 5-9-сыныптар.
Сәйкес материалдық-техникалық, бағдарламалық-әдістемелік және кадрлық шарттар болған жағдайда білім беру ұйымдарында терең кәсіби-еңбекке даярлау 10-өндірістік сыныпта ұйымдастырылады.
Бірінші сатыда ақыл-ойы кем оқушыны жан-жақты психологиялық-медициналық-педагогикалық зерделеу, оның мүмкіндіктері мен білім беру процесін ұйымдастыру формасы мен әдістерін қалыптастыру және жеке ерекшеліктерін анықтау мақсатында іске асырылады.
Екінші сатыда балалар тәжірибелік бағытқа ие және еңбектің әртүрлі профилі бойынша дағдылары бар жалпы білім беретін пәндер бойынша білім алады. Әлеуметтік бейімдеу мен кәсіби-еңбекке даярлауға назар аударылады.
Дайындық және 1-сыныптарда баллдық бағалау болмайды. Оқушылардың білім алудағы алға басу нәтижесі олардың өнімді қызметіне талдау жасау сөйлеу тілінің, жазба жұмыстарының, сурет салуының, қолдан жасалған ұсақ-түйектерінің даму деңгейі негізінде анықталады.
Оқу процесі оқушыларға сараланған және жеке ықпалды қолдану арқылы іске асырылады. Сараланған ықпал негізінде ақыл-ойы кем оқушыларды (В.В.Воронкова бойынша) педагогикалық топтастыру жатыр. Осыған байланысты І-деңгейдегі оқушылардың жетістіктерін баллдық бағалау критериалдық болып табылады және жеке мониторинг негізінде іске асырылады. ІІ-деңгейдегі оқушылардың жетістіктерін бағалауда білім беру процесін дараландыруға негіз болатын критериалдық сипаттап бағалау қолданылады (Ақыл-ойы кем балаларды критериалдық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдарды Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА сайтынан (www.nao.kz) қарауға болады).
5-9 сыныптарда математика сабақтарынан 1 сағат геометрия элементтерін үйренуге бөлінеді.
Түзету технологиясы циклінің сабақтары: «Түзету ырғағы», «Тіл дамуының кемшіліктерін түзету» (логопедиялық сабақтар), «Танымдық әрекетін түзету», «Емдік дене тәрбиесі» күннің бірінші және екінші жартысында да жүргізіледі. Жеке және шағын топпен жүргізілетін түзету сабақтардың ұзақтығы – 20-25 минут. Шағын топтар сөйлеу тілі мен психофизикалық бұзылыстарының біртектілігіне байланысты жинақталады. Емдік дене тәрбиесі сабағына арналған топ дәрігердің нұсқауымен жинақталады. Түзету ырғағы бойынша сабақтар топқа бөлінбей, фронтальды түрде жүргізіледі. Түзету компоненттерінің пәндері бойынша жетістіктерді бағалау баллмен бағаланбайды, ол сипаттама түрінде болады.
4-тен 6 сынып аралығында «Жалпы еңбекке даярлау» пәні ендіріледі.
7 және 9-сынып аралығында кәсіби бағыттағы еңбекке оқыту іске асырылады. Мектепке жеке еңбек түрі бойынша бағдарлама әзірлеу құқығы ұсынылады.
Жазғы еңбек тәжірибесі оқу жылының аяқталысымен немесе оқу мерзімін ұзартқан жағдайда ағымдағы жылдық мөлшерлеме бойынша жүреді.
5-6-сыныптарда еңбек тәжірибесі мектеп базасында, 7-9-сыныптарда мектеп шеберханаларының базасында іске асырылады. Еңбек тәжірибесінен өткізу мерзімі мен тәртібі жергілікті жағдайларға байланысты мектеп Кеңесімен (педагогикалық кеңес) анықталады. Мектепте білім алу еңбекке оқыту бойынша емтиханмен аяқталады. Білім алушылар емтихандардан белгіленген тәртіп бойынша босатыла алады. Факультативтік сабақтарға бөлінген сағаттар еңбекке оқыту сабақтарына, түзету бағыттарына және т.б. пайдаланыла алады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылар саны жеткілікті болған жағдайда мектепте осы оқушыларға арналған арнайы сыныптармен екінші бөлім ашылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту аталмыш катеориядағы оқушыларға арналған Типтік оқу жоспары және оқу бағдарламалары бойынша іске асырылады. Оқу бағдарламалары ұсынымдық сипатта болады. Оқыту жеке оқу бағдарламалар бойынша іске асырылады. Ол баланы жарты жылдан аспайтын мерзім аралығында сынып педагогының және мектеп консилиумы мамандарының баланы психологиялық-педагогикалық кешенді зерделеуі негізінде құрылады. Оқытудың жеке бағдарламасын жүзеге асыру уақытының аяқталуы бойынша әрбір оқушының жетістігіне талдау жүргізіледі және келесі жартыжылдыққа жоспар құрылады.
Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндігін және білім алудағы тұлғалық жетістіктері мен білім алу және тұлғалық жетістіктерін мониторингілеу нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдістерін, формасын, дидактикалық құраларын өз бетінше таңдайды.
Екінші бөлім сыныптарын оқытудың мазмұны мыналарды: өзі туралы түсінігін, өзіне-өзі қызмет етуін және қамтамасыздандыру дағдысын, қоршаған орта және ортада бағдарлау туралы қолжетімді түсініктерін, қарым-қатынас жасай алуын, пәндік-тәжірибелік және қолжетімді еңбек қызметін, тәжірибелік бағыттылығына ие және тәрбиеленушілердің психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес жалпы білім беретін пәндер туралы білімін қалыптастыруға бағытталған.
Бірінші сатыда оқу процесі пәнсіз оқыту негізінде ұйымдастырылады: барлық сабақтар кіріктірілген сипатқа ие және білім алушылардың жалпы (қарым-қатынас, қимыл, сөйлеу, сенсорлы) дамуына бағытталған. Оқушылардың жеке дамуын алға бастыру шаралары пәндік оқытуға өтумен іске асырылады.
Екінші бөлімде оқыту мектеп ресурстары мен оқушылардың психофизикалық даму ерекшелігін ескере отырып, еңбектің қарапайым түрлеріне үйрету ұйымдастырылады. Еңбекке оқыту профилі баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынысымен және мектеп мүмкіндіктерін ескере отырып жеке анықталады. Қажет болған жағдайда еңбекке оқыту профилі өзгеруі мүмкін. Еңбекке дайындық пәндері бойынша бітіру емтиханын 2-бөлім оқушылары тапсырмайды.
Зияты зақымдалған балаларға арналған арнайы мектептің (сыныптың) оқушылары екінші жылға қалдырылмайды.
Зияты зақымдалған оқушыларға арналған арнайы мектеп (сынып) бітірушілері облыстың (қаланың) білім басқармасы органдарының келісімімен мектепте әзірленген форма бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлікке ие болады.
Достарыңызбен бөлісу: |