Қызылорда облысындағы урбанизация мәселесі
Қазақстан Республикасы президентінің халыққа жолдауы әр жылда жасалып, халық
жағынан күтілетін нәрсе. Бұны күллі халық еліміздің, жеке өздерінің, жанұясы мүшелерінің
өміріне жаңа оң өзгерістер әкелетін жаңалықтар боладыма деп күтеді. Жыл сайын халыққа
жолдау жасау тек Қазақстанның ғана емес көптеген дамыған мемлекеттер басшыларының
қолданатын іс-тәжірибесі. Бұл жолдауда белгілі бір мемлекеттің алдағы уақыттағы басар
қадамдары мен бағыттары, бұны іске асырудағы істелінетін іс-шаралар жиынтығы көрсетіледі.
Биылғы жолдауында Қазақстан Республикасының президенті Қазақстан Республикасының
2050 жылға дейінгі даму стратегиясын анықтап берді және осы жолдау аясында Қазақстанда
күтілетін және іске асырылатын іс-шаралар тізбегін айқындап берді.
Осы орайда жолдауда айтылған «Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қала
тұрғындарының үлес салмағы қазіргі 55 пайыздан 70 пайызға дейін өседі» - деген тұжырымына
тоқтағым келеді. [1,7 бет]
Біріншіден бұл процесс баяғыдан жүріп жатқан тарихи қажеттіліктен туған шара екенін
ұмытпауымыз керек. Қазақстан жеріндегі жүргізілген бірінші санақ материалдарын көретін
болсақ ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында, алысқа бармай өзіміздің Қызылорда
облысын алатын болсақ, Қызылорда облысы халқының басым бөлігі ауылды елді мекендерде
тұрған, ал қала халқының негізін қазақ емес ұлттың өкілдері құраған. ХІХ ғасырдың 70-ші
жылдары қазіргі Қызылорда облысының құрамына кіретін Перовск уезінде 100 090 адам тұрған
(100% қазақтар болған), Қазалы уезінде 620266 адам тұрған (92,23% қазақтар болған). Бұл
кездегі Перовск және Қазалы қалаларындағы қала халқы саны туралы мәлімет жоқ, біріқ бүкіл
Сырдария облысындағы қала халқының саны 46 812 адамды, я 5,6% құраған. [2, стр 132] Қала
халқының басым бөлігі Ташкентте орналасқанын ескерсек Қызылорда облысындағы қала
халқы сол 5,6% артық болмағанын көруге болады. Уақыт өте ұжымдастыру саясаты
нәтижесінде қазақтардың отырықшылдыққа көшуі барысында, мәдени революция кезінде,
индустрияландыруға сәйкес Қазақстанның астанасы Қызылордаға көшкесін біздің қалаға
ауылдық жерлерден келіп қалада қоныстанып, қаладағы өндіріс орындарында жұмыс
істеушілер саны өсе бастады. Бұл урбанизациялық үдеріске қазақ ұлты өкілдерінің кеңінен
араласа бастаған кезі болды. Урбанизациялық үдерістер бұл кезеңде кей жағдайларда күшпен
де жүргізілді. Мысалға айтатын болсақ 20 ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы мәдени
революция кезінде ауыл жастары үгіт жұмысы арқасында я күшпен, жолдамамен қалаларға
оқуға жіберіліп отырды. Күштеп урбанизациялау шаралары Қазақстанда әсіресе КСРО халық
комисарлар кеңесінің орынбасары Тұрар Рысқұловтың кезінде қатты жүрді. Қазақстанда
Түркісіб құрылысы жүргізілгенде ондаған мың КСРО-ның Еуропалық бөлігінің жұмыс іздеген
азаматтары осы құрылысқа келді. Бұны естіген Т.Рысқұлов қазақтар өз жерінде ауыл халқы
есебінде қалып қойып, билеуші тап есебінде, қала цивилизациясын пайдаланушы басқа ұлт
өкілдері болмасын деп, қазақ жұмысшылары санын көбейту мақсатында келімсектердің бәріне
қайту билеттерін әперіп келген жерлеріне қайтаруға, ал қазақ ауылдарының халқын күштеп
темір жол құрылысына шығаруға, жаңадан салынған темір жолды жұмысшы қызметкерлермен
қамтамасыз ету үшін Таразда, Семейде, Қазалыда, Бішкекте, Алматыда темір жол оқу
орындарын ашуды тапсырды.
Урбанизациялық үдерістердің қарқынды жүруіне тежеуіш болған ауыл халқының
паспорттарының болмауы себеп болды. Қызық нәрсе 1905,1917 жылдардағы революциялық
толқуларда жұмысшылар негізгі күш-деп пролетариат диктатурасын жасаймыз деген
большевиктер ауыл халқының жұмысшыларды қоштамаса революцияның сәтсіз болатынын
түсініп, «жұмысшылар мен шаруалар одағы» деген ұран көтерді. Ұран көтеріп екі күштің
теңдігін жариялағанымен жұмысшыларға паспорт беріліп олар жұмыс орнын, тұрғылықты
жерін өзгертуге мүмкіндік алса да, шаруаларға келгенде оларға паспорт берілмей, өз
ауылдарынан алысқа кете алмай қалды. Бірақ осы жерде айта кету керек құрамында Қазақстан
болған КСРО-да 20-30 жылдарда жүргізілген индустрияландыру заманында қалалардағы
құрылыстарға ауылдардан жолдамамен миллиондаған адам келіп, қала тұрғынына айналып
урбанизациялық үдерісті жалғастырды. Мысалы 1927-1938 жылдары КСРО бойынша ауылдан
қалаға 18,7 млн 1939-1958 жылдары 24,6 млн, 1959-1970 жылдары 16,4 млн адам қоныс
аударған. Бұлар негізінен комсомол құрылысына қатысып сол жерде жұмысшы боп қалып
қойғандар я қалаға оқуға барып қалада жұмыс тауып қалып қойғандар болды. Ал паспорттық
режимді бұзғандар 100 сомға дейін айыппұл төлеп милициямен тұрғылықты жеріне
қайтарылатын. [3] 1970 жылғы санақ мәліметтері бойынша КСРО-да 50 миллион колхозшы я
сол кездегі КСРО халқының 20,5%-ының паспорты болмаған. [4, стр 476] Шаруаларға паспорт
тек 1974 жылы берілді, [5] бірақ оларды қалаларда жұмысқа алуға рұхсат берілмеді. Бірақ ауыл
халқы балдарын оқуға қалаға жіберіп, қыздарын, ұлдарын қалалықтарға үйлендіріп, адамнан
кулық артылмаған дегендей, экономикалық жағдайы ауылға қарағанда жақсы, мәдени
орталықтары көп, алайда этномәдени ерекшеліктері, психологиясы, талаптары, үрдістері
ауылға қарағанда өзгеше қалалық елді мекендерге көше бастады. Өзіміздің облысты алатын
болсақ 1959 жылы облыс халқының 46% , 1970 жылы 54% , 1979 жылы - 61% . 1989 жылы -
60% 1999 жылы - 61%, қалада тұрған ХХ ғасыр соңында бұл урбанизациялық үдерістердің
бәсеңсуінің себебі 1985-2000 жылдардағы КСРО-дағы, кейін Қазақстандағы әлеуметтік-
экономикалық дағдарыстың болуы. Қалада өндіріс орындарының көптеп жабылуына
байланысты ауыл халқы әлеуметтік-экономикалық жағдайы қиындаған кезеңді ауылда өткізді.
Тіпті бұл жылдары керісінше қаладан ауылға бағыт алған үдеріс байқалды. 2009 жылғы санақ
материалдары бойынша қала халқының үлесі 42%-ға түсті. [6,5 бет] Бұл құлдырау қағаз
жүзінде ғана болған құлдырау. Себебі заң жүзінде облыс көлемінде баяғыдан қала статусын
алған тек Арал, Қазалы және Қызылорда болатын. Кеңес заманында аудан орталықтары, ірі
құрылыс орталықтары қала типтес поселкі статусын алып олардың халқы қала тұрғыны
санатына жатқызылатын, ал, ХХІ ғасырда бұл поселкалардың бәрі қала статусынан айырылып,
халқы ауыл халқы болып саналатын болды.
Ауылдан қалаға көшу облыста ХХ ғасырдың 70-ші жылдары қарқын ала бастады, бұған
жоғарыда айтылған себептерден бөлек экологиялық дағдарыс осыдан туындайтын бала-
шағасының болашағына деген ата-аналардың уайымы қосылды. Сол кездері басталған ауылдан
кетудің теріс сальдосы әлі жалғасып келеді. Бұл жерде біз бір нәрсеге назар аударуымыз керек.
Облыстың ауыл халқы негізінен облыстағы қалалар төңірегіне әсіресе Қызылорда қаласына
шоғырлануда. Ал қала халқы болса облыс аралық, мемлекет аралық миграцияға араласуда.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Қызылорда облысы ауылдары халқының ауылдан
қалаға кетуінің себептері жұмыссыздық, әлеуметтік – мәдени ошақтардың жоқ болуы я
қарапайымдылығы.
Бұл үдеріс тарихи-заңдылық үдеріс. Нарықтық қатынасқа көшкенде ауылды елді
мекендерде ұйымдасқан ірі агроөнеркәсіп кешендері ғана үлкен ауыл-шаруашылық
териториялар мен істерді көтере алды. Фермерлік шаруашылықтардың жері, малы жеке
қожалықтарға қарағанда көптеу болып, бұларда көп болмасада табыс көзін тауып жанұяларын
асырап отыр. Ал жеке қожалықтардың біраз бөлігінің малы, жері аз болуына байланысты өмір
сүру жағдайы төмендеу болып, осы категориядағы ауыл тұрғындары урбанизациялық үдеріске
араласып, қала халқы санының өсуіне жағдай жасап отыр.
Бұл заңды үдеріс, естерінде болса колхоздар мен совхоздар бар кезде жұрттың негізгі
бөлігі өзінің жұмысын істеп ауылдарында жүре берді, ал қазір ондай жағдай ірі агро-өнеркәсіп
ұжымдары бар жерлерде сақталуда.
Ірі агро-өнеркәсіп орындары қазір жаңа жерлерді жаңа технологияларды, жаңа әдістерді
игеріп келеді. Алайда осы алға басушылық үдерістердің, әсіресе техниканың дамуы арқасында,
белгілі бір ауылдағы еңбекшілер толығымен жұмыспен қамтыла алмай келеді. Осыдан
жұмысты қаладан іздеу, көшу мәселесі туындайды.
Бұған түсіністікпен және қолдау көрсету бағытында қарау керек. Біреулер айтуы мүмкін
өзімізге жұмыс жоқта басқалар келіп жатыр деп. Ол олай емес жұмыс бар, мамандығың
бойынша болмаса басқа мамандық бойынша, үкімет тіпті жаңа мамандық бойынша оқытып,
степендия төлеп отыр. Бірақ бәріміздің бойымызда бар бір қасиет бірден көп жалақы болса
дейміз. Бұл нарық, көп жалақы болу үшін өз ісінің маманы болуың керек. Біз ақшасы аз деп
істемей жатқан жұмысты көршілес Өзбекстан азаматтары келіп істеуде. Бұлардың саны біздің
өңірде өсіп келеді. Кеше аз ақша сұраған олар маманданып, нарықтық сұранысты игеріп қазір
көп жалақы сұрауда. Мемлекетіміздегі тыс жерлерден келіп жұмыс істеп жатқан азаматтар
бүгінгі күнде қарындастарымызбен үй құрып, ертең өз тілінде балабақша, мектеп ашып бердеп
этносаралық дау-дамау туғызуы мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде кейбір Өзбекстан тарихшылары
оңтүстік Қазақстан кезінде өзбек иелігінде болды деп, ашықтан жерді бер демеседе солай
айтудың негізін қалап жатыр.
Сондықтан өзбектердің орнына керісінше ауылдан келген өз бауырларымыздың жұмыс
істеуіне жағдай жасап, түсіністікпен қарап отыруымыз керек. Президент айтқандай 2050 жылға
қарай қала халқы Республика халқының 70% құраса, ауыл ірі өнеркәсіп кешендерінің және
фермерлік шаруашылықтардың қолына өтсе, Қызылорда қаласындағы негізгі жұмыс күші орта
және шағын бизнес өкілдерінен тұрады деген сенімдеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ, Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы, Қызылорда, 2014, 28 бет.
2. Бекмаханова Н.Е. Многонациональное население Казахстана и Киргизий в эпоху
капитализма. Москва, Наука, 1986, 244 стр.
3. Попов В., Паспортная система советского крепостничества// Новый мир, 1996, №6
4. Новиков С.В., Большая историческая энциклопедия, ОЛМА Медия Групп, 2003, 943 стр.
5. Постановление СМ СССР от 28 августа 1974 г. №677 «Об утверждений положения о
паспортной системе в СССР» Москва, 1974 г.
6. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халық санағы. Қысқаша қорытындылар, Астана. 2010,
110 бет.
Оразбақов А.Ж., Мұхтаров К.Т.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда