50-бап. Құқықтық мониторинг
1. Құқықтық мониторинг Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген, сыбайлас жемқорлық және тиімді іске асырылмайтын құқық нормаларын анықтау, сондай-ақ, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу арқылы заңнаманың тиімділігін бағалау мен болжау мақсатында жүргізіледі.
2. Мемлекеттік органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдайды.
3. Құқықтық мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғамдық және ғылыми ұйымдарды, азаматтарды тартуға құқығы бар.
4. Құқықтық мониторинг жүргiзу қағидаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
51-бап. Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингін жүргізеді.
2. Қоғамдық мониторингтің нәтижелері Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми интернет-ресурсына жыл сайын орналастырылады.
11-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖҮЙЕЛЕУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ
52-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi жүйелеу
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайтын уәкiлеттi органдар осы актiлердi есепке алуды және жүйелеуді жүргiзедi, өздерi қабылдаған актiлердiң бақылау даналарын жүргiзіп, оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулардың барлығын уақтылы енгiзеді.
2. Уәкiлеттi органдардың нормативтік құқықтық актілерді есепке алу мен жүйелеуді жүргізуінің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
53-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк есепке алу
1. Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзудi қамтиды.
2. Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзуді Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
3. Уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкіне енгiзу үшін оларды жүргізуге жауапты мемлекеттік кәсіпорынға нормативтiк құқықтық актiлердiң көшiрмелерiн қағаз түрінде және осы Заңның 35-бабына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық түрде жiбередi.
Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін әділет органдары арқылы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жібереді.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу тәртібін айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық ақпараттың бiрыңғай жүйесiн құрады, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарға анықтамалық-ақпараттық жұмыста көмек көрсетедi.
54-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің жариялылығы
Барлық уәкiлеттi органдар, мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитындардан басқа, қабылданған нормативтiк құқықтық актiлермен танысу үшін мүдделi тұлғаларға оларды қолжетімді етуге мiндеттi.
3-бөлім. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
12-тарау. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
55-бап. Нормативтік емес құқықтық актілердің түрлері
Нормативтік емес құқықтық актілерге:
1) нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілері;
2) жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер;
3) мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің түрлері мен оларды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.
56-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау шарттары
1. Нормативтік емес құқықтық актілер нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды іске асыру мақсатында қабылданады.
2. Нормативтік емес құқықтық актілерді осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген уәкілетті органдар қабылдайды.
3. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау ерекшеліктері басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
57-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерге шағым жасау және наразылық білдіру
Нормативтік емес құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
13-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ РЕСМИ ТҮСІНДІРМЕ БЕРУ АКТІЛЕРІ
58-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері туралы жалпы ережелер
1. Нормативтiк құқықтық актiлердің анық болмауы мен әртүрлi түсiнілуі, оларды қолдану практикасында қайшылықтар анықталған жағдайларда, нормативтiк құқық актiде қамтылған нормаларға ресми түсiндiрме берiлуi мүмкiн.
2. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері құқық нормаларын белгілемейді және Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтардың орнын толтырмайды.
3. Нормативтiк құқықтық актiге ресми түсiндiрме беру құқық нормаларының мазмұнын түсінікті ету, нақтылау мақсатында ғана беріледі, ол құқық нормаларының мәнін өзгерте алмайды және түсіндірме берілетін норманың шегінен шыға алмайды.
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде қамтылатын нормаларға ресми түсіндірме беру осы Заңның 60-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органдардың не жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Осы Заңның 60-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ресми түсіндірме беру актілері өздерінде қамтылған нормаларды iске асыру, оның iшiнде оларды қолдану кезінде және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мiндеттi сипатқа ие болады.
59-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме берудің шарттары
1. Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң мәні оларға түсiндiрме беру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актiлерге толық сәйкестiкте ашылуға тиiс.
2. Заңнамалық актiлердiң нормаларына Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерімен толық сәйкестікте түсіндірме берілуге тиіс.
3. Осы Заңның 61, 62-баптарының ережелері нормативтік құқықтық актілерге прокуратура ресми түсіндірме берген жағдайларға қолданылмайды.
60-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, лауазымды адамдар
1. Жеке не заңды тұлғалардың заңнамалық актілерді (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) білмеуі немесе дұрыс түсінбеуі заңнамалық актілерді не адамның және азаматтың немесе тұлғалардың шексіз тобының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанда, прокурор заңнамалық актінің мазмұнына түсіндірме береді.
Мұндай түсіндірме беру прокурорлық қадағалау актісі болып табылады және «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беруді Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады.
3. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірмені соларды қабылдаған (шығарған) уәкілетті органдар немесе лауазымды адамдар береді.
4. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеу мен басқаруды жүзеге асыратын немесе тиісті мәселелерді шешу өз құзыретіне жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға қатысты нормативтік құқықтық актілерге өз құзыреті шегінде түсiндiрме бере алады.
Мұндай түсіндірмелердің міндетті заңдық күші болмайды және олар ұсынымдық сипатқа ие.
61-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерінің құрылымы
1. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің кіріспе бөлігінде:
1) нормативтік құқықтық актінің нормасына түсіндірме беруші уәкілетті органның атауы;
2) түсіндірме берілетін норма қамтылған нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементін, түсіндірме берілетін норманы қамтитын нормативтік құқықтық актінің қабылданған күні мен нөмірін көрсете отырып, ресми түсіндірме беру актісінің атауы;
3) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қабылданған жері мен күні;
4) нормативтік құқықтық актінің нормасына соның бастамасы бойынша түсіндірме беріліп отырған органның не жеке немесе заңды тұлғаның атауы көрсетіледі.
3. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің сипаттау бөлігі түсіндірме берілетін норманың сипаттамасы мен мазмұнын талдауды қамтуға тиіс.
4. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қарар бөлігі нормативтік құқықтық акт нормасының мәні мен мазмұнын түсінікті ететін уәкілетті органның қорытындысын қамтуға тиіс.
62-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау
1. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме берген уәкілетті органның (лауазымды адамның) интернет-ресурсында жүзеге асырылады.
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 60-бабының 1 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
14-тарау. ЖЕКЕ-ДАРА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
63-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер туралы жалпы ережелер
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:
1) жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және заңды тұлғаларға) қолданылады;
2) құқық нормаларын қамтымайды;
3) жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырады.
2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер Қазақстан Республикасының заңнамасына кірмейді және нормативтік құқықтық актілерге жатпайды.
64-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерге және оларды ресімдеуге қойылатын талаптар
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге;
2) оның құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге тиіс, ал мазмұны біркелкі түсіну мен қолдануды қамтамасыз етуге, белгіленетін шаралар мазмұнын анық баяндауға, құқықтық актінің күші қолданылатын және (немесе) оларды белгіленген мерзімдерде іске асыруға жауапты болатын тұлғалар тобын тиянақты айқындауға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
3. Әртүрлі деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде, егер мұндай актіні қабылдау өз құзыретіне кірген болса, жоғары тұрған уәкілетті органның құқықтық актісі қолданылады.
4. Бір деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде осы шешімді қабылдау өз құзыретіне кіретін органның құқықтық актісі қолданылады. Мүдделі тұлғаның өтініші бойынша бір құқықтық актінің басқалардан басымдығы туралы шешімді жоғары тұрған уәкілетті орган немесе сот қабылдайды.
5. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт осы баптың 1-тармағында көзделген талаптармен бірге мынадай деректемелерді де:
1) құқықтық актінің атауын;
2) осы актінің қарау нысанасын білдіретін тақырыпты;
3) актінің қабылданған жері мен күнін;
4) тиісті актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) қолтаңбасын (қолтаңбаларын);
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, органның мөрін қамтуға тиіс.
Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау рәсімдері, оларды ресімдеуді, орындауды және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
65-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт, егер онда неғұрлым кешірек мерзім белгіленбеген болса, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің қолданылуы тоқтатылғанға дейін осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұра алады, өзгерте алады және (немесе) толықтыра алады не оның күшін жоя алады.
4. Мүдделі тұлғалардың жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің күшін жою, оны өзгерту, толықтыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру туралы өтініш беруі тиісті шешім қабылданғанға дейін құқықтық актінің (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актісін, оның жазбаша нұсқамаларын, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының құқықтық актілерін қоспағанда) қолданылуын тоқтата тұрады.
15-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
66-бап. Өтпелі ережелер
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын:
1) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыруды электрондық-цифрлық нысанда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурстан қамтамасыз етеді;
2) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған қалыптастырылған нормативтік құқықтық актілерді баспа нысанындағы нормативтік құқықтық актілермен электрондық-цифрлық нысанда сәйкес келтіруді 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етеді.
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі, 38-баптың 3-тармағы және 39-баптың 3-тармағы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
3. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 22, 94-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 21-I, 121-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы сәуірдің 6-ы.
№ 480-V
Достарыңызбен бөлісу: |