Алғы сөз
Нарық заманының әсерінен бе, кітаптың қымбаттауынан ба әлде ақын-жазушыларымыз сұранысқа сай кітап жаза алмай жүр ме, әйтеуір не керек, кітап оқуға құмарлық жойылып барады. Мүмкін, бұған ақпараттардың толассыз тасқыны да себеп шығар әлде бала түгілі, өзі кітап оқымайтын ата-анадан көреміз бе? Біра бұлай бейғам отыра берсек, бар білгенімізден айырылып қалмасымызға кім кепіл?! Ал кітап оқымаған ел жастарының ертеңі қандай болмақ? Кітап оқылмай жүргені тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде етек алып барады. Мысалы, бұрын Гомер мен Шекспирді, шығыстың ғашықтық ғазалдарын немесе орыстың Пушкині мен Лермонтовын оқымайтын адам аз болған. Ал бүгінде оларды білмек түгілі, өз дәуірінің жазушысын танымайтындар қаншама?! Өйткені бүгінгі оқырманның ықыласы интернет пен небір сайттарға ауысып кеткен.
Баланың көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығы мен ынтасының төмендеуі мені мынадай сұрақтарға әкеп тіреді: «Олар неге көркем әдебиет оқығысы келмейді? Кітап оқымай-ақ компьютерді білумен де биіктерге жете аламыз ба? Көркем әдебиетті оқығаннан біз не ұтамыз? Ұлтымыздың өткен өміріндегі жетістіктері сол ғылыммен бірге көркем әдебиетті көп оқыған, ұлтымыздың барлық киелі қасиетін өз бойларына сіңірген тұлғалардың арқасында қалыптасты емес пе?». Осы сұрақтар төңірегінде сұқбат жүргізгенімде кейбір оқушыларым менің пікіріммен келіспеді. «Қазір компьютер білсең болды, интернет арқылы қажетті мәліметтерді табуға болады» деген ойларын айтты. Оқушыларымның пікірі мен өз пікірімді ой таразысына сала отырып, компьютерді білудің де, көркем әдебиетті оқи білудің де баланың тұлғалық қалыптасуы үшін қажеттілігін былай тұжырымдадым.
Теледидар мен компьютер, ұялы телефон балалардың айырылмас досы болған заманда олардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру маңызды. Ата-анасы жоқта теледидар мен компьютерді қосып, жоғары технология әлемімен бепе-бет қалады. Иә, компьютерден жасырын зардап шегушілер аз емес. Ал көптеген ата-ана баласының үйде отырғанына мәз болып, оның қаншалықты зардап шегіп жатқанын елемейді. Көру қабілеті нашар, жасына жетпей көзәйнек киетін балалардың саны болса, жыл сайын арта түсуде.
Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер болуы тиіс. Ол үшін, әрине, талғаммен кітап оқи білу керек және кітапты оқуға ұсына білу керек.
Ушинский: «Кітап оқымаған ештеңе ойламайды» ,- деген екен. Бұған менің қосарым: Көркем әдебиет оқымаған немесе нағыз өнер туындыларына деген қызығушылығы жоқ адам өзінен басқаның жан дүниесін түсінуді, сезінуді, басқаға жаны ашу сияқты эмоционалдық қасиеттерден айырылады. Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі мол. Оқушы осы пәннің талабын орындау арқылы алуан түрлі жанрдағы көркем шығармалар, түрлі кітаптар оқиды. Тек сол ізгі іске оқушыны бастап отырар ата-ана мен мектеп мұғалімдері болса болғаны...
Достарыңызбен бөлісу: |