Қорытынды: Сонымен, дыбыс айтудың бұзылуы сөйлеу тілінің бұзылуының ерекше түрі. Бұл бұзылыс функционалды және органикалық болады.
К. П. Беккер және М. Совак дыбыстық, буындық және сөздік дислалияны ажыратады. Бірақ, Л. С. Волкова дислалияны түрлері бойынша емес, денгей бойынша бөлген жөн деп санайды. Өйткені, ауытқудың әр түрінде дағдылардың қалыптасуының денгейі жайында айтылады. Жоғарыда аталған дислалияның әр түрінде дағдыларының қалыптасуының әр түрлі денгейі байқалуы мүмкін.
Жай және күрделі дислалия
Бұзылған дыбыстың санына байланысты дислалия жай (мономорфты) және күрделі (полиморфты) болып бөлінеді.
Мономорфты дислалияда бір немесе артикуляциясы бірыңғай дыбыстардың айтуы бұзылады, ал, полиморфты дислалияда әртүрлі топтағы (ысқырық және сонор) дыбыстардың айтылуының бұзылуы байқалады.
Тәжірибеде дислалияың «таза» түрлерімен қатар акустикалық-фонематикалық, артикуляторлық-фонематикалық және артикуляторлық-фонетикалық дислалиялардың құрама түрлері кездеседі. Бұндай бұзылыстарды М. Е. Хватцев жалпы тіл мүкістігі («козноязычие») деп атап, сөйлеу тілі бұзылыстарымен байланыстырған. Бұндай құрамалар сөйлеу тілінің дыбыстық жағының жеке бұзылыстарына жатпайтын ерекше топ құрайды. Олар сөйлеу тілінің басқа жағының жетіспеушілігімен үйлеседі және орталық жүйке жүйеснің, психикалық дамуының органикалық зақымдалуында байқалады. Себебіне байланысты дислалия функционалды және табиғи (органикалық) деп бөлінеді. Соңғы термин перифериялық сөйлеу аппаратында морфологиялық өзгерістердің барлығына нұсқайды.
Механикалық (органикалық) дислалия – сөйлеу тілінің перифериялық аппаратының (артикуляциялық мүшелерінің) анатомиялық ақаулары салдарынан дыбыс айтудың бұзылуы.
Механикалық дислалияның себептері: 1) жақ-сүйек жүйесінің ақаулары, алдыңғы тістер арасындағы диастемалар; 2) күрек тістердің жоқ болуы немесе олардың ақаулары; 3) тістену ақаулары. Бұл дамуының ақаулары немесе әртүрлі жарақаттар, тіс аурулары немесе адамның жасына байланысты өзгерістерінің салдарынан жүре пайда болған ақаулары болуы мүмкін. Осы себептерден пайда болған дыбыс айтуының бұзылуы жиі кездеседі. Кейбір жағдайда қатты таңдайдың ақаулары (биік орналасуы) кездеседі. Бұндай жағдайда ызың, ысқырық, еріндік-тістік, тіс алды дыбыстарының бұзылыстары жиі кездеседі.
Бірақ, кез келген тіс ақаулары дыбыс айтуының бұзылуына әкелмейді. Кейбір кезде тістердің деформациясы кезінде дыбыс айтуы қалыпты болып қалады.
Тілдің патологиялық өзгерістерінің (өте үлкен, көлемді немесе кішкентей тіл, тіл асты желбезегінің қысқа болуы) салдарынан дыбыс айтуының бұзылуы таралуы бойынша екінші қатарда тұр. Бұндай ақаулықтарда ызың, ысқырық және вибрант дыбыстардың айтылуы бұзылады. Кейбір жағдайда сөздің жалпы анықтығы бұзылады.
Бірақ, лингвисттер (Р. О. Якобсон, М. В. Панов) және арнайы мамандардың (Г. Гутцман, Р. А. Юрова және б.) айтуы бойынша тілдің патологиялық кемістіктері айтуына барлық жағдайда әсер ете бермейді.
Тіл және тіс ақаулары бола тұра баланың дыбысты дұрыс айтуы компенсаторлы мүмкіндіктерді дәлелдейді.
Еріннің ақауларынан дыбыс айтуының бұзылуы сирек кездеседі. Өйткені туа біткен ерін жарықтары хирургиялық жолдармен ерте жаста емделеді. Сондықтан, логопед өз жұмысында жарақаттардан кейін болған деформация салдарымен кездеседі. Осындай жағдайда еріннің толық қабыстауынан еріндік дыбыстардың айтылуы бұзылады. Сонымен қатар еріндік-тістік дыбыстардың да айтылуы бұзылады.
Механикалық дислалия функционалды және фонематикалық дислалиямен қосарлануы мүмкін. Механикалық дислалияның барлық жағдайында хирург және ортодонт мамандарының кеңесі, ал кейбір жағдайда емдеуі қажет.
Функционалды дислалияның табиғи негізі болмайды. Мысалы, еліктеушілікпен дамыған дыбыстардың дұрыс айтылмауы. Себебі сөйлеу өзінің бастапқы даму кезінде еліктеу негізінде айтарлықтай дәрежеде қалыптасады, сонымен қатар оның бұзылу себебінің бірі ретінде баланы қоршаған адамдарда дыбысты айту кемшілігі бар болуы мүмкін.
Дислалия кезінде логопедиялық жұмыстың әдістемесі
Дислалияда логопедиялық жұмыстың негізгі мақсаты тіл дыбыстарын дұрыс айту дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Тіл дыбыстарын (фонемаларды) дұрыс айту үшін бала келесіні білуі тиіс: дыбысты акустикалық белгілері бойынша тану; бұзылып айтылған дыбысты дұрыс нұсқасынан ажырату; өз сөзін есту арқылы бақылау және оған сапалы баға беру; қажетті артикуляциялық позицияларды келтіру; сөйлеудің кезкелген түрінде қажетті дыбысты қолдана білу.
Логопед баланың дыбыс айтуын дұрыс қалыптастыру үшін үнемді және тиімді жолдарын табу керек. Егер логопедиялық жұмыс дұрыс ұйымдастырылған болса дислалияның барлық түрлерін түзетуде оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Кейбір жағдайда механикалық дислалия кезінде бірлескен логопедиялық жұмыспен медициналық ықпалдың арқасында нәтиже алуға болады.
Дыбыс айтуын жоюға бағытталған жұмысқа қолайлы жағдай жасау логопедиялық ықпалдың нәтижелі болуының алғы шарттары болып табылады: логопедтің баламен эмоционалды қарым-қатынас орнатуы; баланың басшы әрекетін ескере отырып, қызығушылық тудыратын сабақ формаларын ұйымдастыру; т.б.
Логопедиялық сабақтар жүйелі түрде аптасына 3 рет өткізіледі. Логопедтің тапсырмасы бойынша ата-аналарының қатысуымен үй тапсырмаларын орындау қажет. Оларды күні бойы 2-3 рет, 5-15 мин. дейін қысқаша жаттығулар түрінде өткізу керек.
Дыбыс айтуын түзетуде дидактикалық материалдар кеңінен пайдаланылады. Дыбыстарды түзету мерзімі келесі факторларға байланысты: ақаудың денгейінің күрделілігіне, баланың жеке және жас ерекшеліктеріне, сабақты жүйелі өткізуіне, ата-аналар тарапынан көрсетілген көмегіне. Жай дислалия болса түзету жұмысы 1 айдан 3 айға дейін, ал күрделі дислалия кезінде – 3 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін. Мектеп жасына дейінгі балаларда дыбыс айту бұзылыстары мектеп жасындағы балаларға қарағанда қысқа мерзімде түзетіледі, ал бастауыш сынып оқушыларында жоғарғы сынып оқушыларына қарағанда тезірек түзетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |