3-тапсырма: Ыбырай Алтынсариннің «Дүние қалай етсең табылады?» мәтін негізінде төмендегі берілген ойлау деңгейіне сәйкес бір немесе екі сұрақ құрастырыңыз.
Дүние қалай етсең табылады?
Ыбырай Алтынсарин
Француз жұртының бір білімді адамы жазады:
1791 жылда , өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арқытау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған соң бірге келе жатқанымызда, әдетінше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:
-Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді, сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзіңді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ тіленшілік қылғаным жоқ. Ел ішінен ескі шүберек сұрап жиып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабриктерге сатып, соныменен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым. Мұнан соң әуелі аздап, бара-бара көбірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас,ісім нық, жинақы және еріншіктікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік(үлкен, еңселі) фабрикамды балама бердім. Үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі, баламды да жасынан бос жүруге, еріншіктікке үйретпедім. Осы айтқанымша, машақаттанудан қашпасаң , сен де бай болсың, Антон,-деді де, жөніне жүріп кетті.
Антон бұл сөздерді естіген соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып , бір орнында тұрып қалды.
1815 жылда Брюсель деген қаладан өтіп бара жатып , бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкенннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп бұйырып тұрған бір купецтің кескіні көңіліме таныс сияқты көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:
-Айып етпесеңіз сұраймын, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдегі үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді?
Сонда ойыма түсіп, таң қалып :
-Сен Антонбысың?-дедім.
-Рас,-деді Антон,-мен сондағы көрген тіленші Антонныңыздың өзімін. Сол жүргеніңізде бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым. Ақырында сол кісінің айтқаны келіп, мінеки, осы зор дүкеннің иесі болдым,-деді.
***Ескерту: Сұрақ құрастыру үшін «2.7 Ойлау дағдысының деңгейлері» атты үлестірме материалды басшылыққа алыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |