5. Асқа құрмет. Ас пен істің қасиеттілігі.
Асқа құрмет қай заманда болса да бірінші орында тұрған. Жоғарыда тұрған құранды, нанның үстіне шығып алуға болмайды, ал керісінше құранның үстіне шығып нанды алуға болады делінген, бұл теңеу ғана. Яғни бұдан көретініміз ас ең құрметті қасиетті болып саналған, санала да береді. Мұндағы теңеу құранды басып нанды ала бер деген сөз емес, тек астың ең құрметті екендігін білдірген ұғым. Себебі бұл екі қасиетті затты қай кезде болсын аяқ асты тастауға болмайды. Нанның қиқымында ешқашан аяқ асты тастамай жеп қоятын болған. Кез келген қария кісілер нанды аяқ асты тастамандар деп ескертіп отырады. Яғни мұның бәрі құрмет болып саналады. Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыздан шариғат, тариқат және ақиқат туралы сұрағанда менің айтқан уағыздарым, сөздерім шариғат, істеген істерім тариқат ал халім ақиқат деп жауап берген екен.
Сопыларда асқа құрмет туралы мынадай тұжырымдар бар. Әулиеліктің бірнеше белгілері болады, егер сол белгілердің үшеуін толық орындаса, онда әулиелік дәрежеге жеткені, үштен кем болса оның әулиелігі жалған. Ол белгілер, дүниеқұмарлықтан бас тарту, өзін ас судан тежеу және түнде аз ұйықтау яғни зікірмен болу.
Асқа құрмет өз қасиетін ешқашан жоймаған. Қандай бір мұсылман сопы болмасын, адал еңбек өз маңдай терімен тапқан нәпәқаларын пайдаланған. Мысалы, Жүсіп Хамаданидің өзі де ұстаздықтан басқа қолөнер жұмысымен айналысқан. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим диханшылықпен шұғылданған. Сонымен қоса Ясауидің өзінде қасық жасап күн көрген, жұбайы пәрәнжі тоқып өздерінің адал еңбектерімен нәпәқаларын табатын болған.
Шайқылар туралы Ясауи өз «Хикметтерінде» мынадай өсиет қалдырған. Шын шайқылар нияз алса мустаһиқыларға /міскін, пақырлар, нәзірді алушылар/, ғаріп-бейшараға бергейлер. Егер өзі алып жесе, мүрдар /арам, сасыған, өлімтік/ ет жегендей болған. Егер алған ниязынан тон қылып кисе, ол тон тозғанша хақ тағала намаз, оразасын, қабыл қылмағай, уә егер алған ниязынан нан қылып жесе, хақ тағала оны дозақта түрлі азапқа кіріптар қылғай. Пенделердің бергендерін алу-алмаудың үш жолы бар: бірінші алғанын кедей, пақырларға беру, екіншісі күмәні болса алмау, бергенін аз көп демей тең көру, үшіншісі алғанын сол кісілердің ата-аналарына арнап құран оқу және оларды тура жолға салу үшін Алладан тілек тілеу.
Жалпы осы айтқандардың бәрін іске асыру үшін адам баласы нәпсісін жою қажет. Нәпсі-көңіл, ниет адамның ішкі дүниесі, ой дүниесі, тілегі, арманы, құмарлығы, нәпсі құмар деген ұғымдарды білдіреді. Міне осыларды жеңіп шықса кәміл инсандық /толық адам/ дәрежеге жете алады. Сонда ғана адал еңбек етіп, маңдай термен өз нәпақасын тауып жейтін болады, кісі ақысын жемейді, өтірік-өсек айтпайды, жаман істерге бармайтын болады. Бұл туралы Ясауи өз хикметтерінде көптеп жырлаған.
Құл Қожа Ахмет, нәпсіден ұлық бәле болмас,
Жер мен көкте тағам берсең әсте тоймас.
Топырақ болып жерде жатса кәпір болмас,
Нәпсі тиған хор қыздарын құшар достар,
Нәпсі жолына кірген кісі расуа болар,
Жолдан азып тояр жұртта қалар.
Жатса тұрса шайтанменен бірге болар.
Нәпсіні теп, нәпсіні теп, ей пәтшағар,
Нәпсің сені ақырында торға салар,
Діннен қуып, жаксылықтан ада қылар,
Өлер кезде иманыңнан жұрдай қылар,
Ақылға ерсең ит нәпсіден безер болғай.
Әрбір істе Алланы естен шығармаңдар, бәрінен де бұрын нәпсіні жеңіп жеңіске жетіңдер, сонда ғана Аллаға жақын боласыңдар деп уағыздайды, өзіде сол жолмен жүрген.
Достарыңызбен бөлісу: |