Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 27 қазандағы № 651 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 28 қарашада № 7313 тіркелді
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 70-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидасы бекітілсін.
2. «Халықаралық ұшуларды орындау үшін Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 27 желтоқсандағы № 442-1 бұйрығының (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 1 ақпанда № 2146 тіркелген) күші жойылған деп танылсын.
3. Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө.Әдимолда) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ.Бектұровқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Камалиев
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
_________С.З.Қайырбекова
2011 жыл "___"___________
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_________Қ.Н.Қасымов
2011 жыл 26 тамыз
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_________Б.Б.Жәмішев
2011 жыл "___"___________
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметінің директоры
_______________М.К. Мырзалиев
2011 жылғы 12 қазан
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация министрінің
2011 жылғы 27 қазандағы
№ 651 бұйрығымен бекітілген
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименталдық авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) аэровокзал - тіркеу, қарап тексеру, авиарейстер бойынша жинақтау мен толықтыру кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсетуге, кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыруға арналған құрылыс кешені;
3) әуежайдың бақыланатын аймағы - оларға кіруді авиациялық қауіпсіздік қызметі бақылайтын әуежайдың, әуеайлақтың, ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс алаңы және оларға іргелес жатқан аумақ, қызметтік ғимараттар, құрылыстар, қоймалар;
4) әуеайлақ минимумы - осы әуеайлақта осы үлгідегі әуе кемесімен ұшу және қону рұқсат етілетін ұшу-қону жолағындағы көрудің ең аз мүмкін мәні және бұлттың төменгі шегінің биіктігі (немесе шешім қабылдау биіктігі);
5) кедендік бақылау аймағы - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктері, кеден органының кедендік декларациялау және өзге де кедендік операциялар жүргізу орындары, сондай-ақ уақытша сақтау орындары мен қоймаларының, кедендік және бос қоймалар, арнайы экономикалық аймақ, бажсыз сауда дүкендерінің аумағы;
6) мәжбүрлі қону-ұшу жоспарына сәйкес ұшуды орындау мүмкін болмаған себептер бойынша әуеайлаққа немесе әуеайлақтан тыс жерге қону;
7) санитарлық-карантиндік бақылау - жұқпалы және паразиттік ауруларды, сондай-ақ адамның денсаулығына әлеуетті қауіпті заттар мен өнімдерді елдің аумағына әкелуді болдырмау мақсатында жүргізілетін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдар мен жүктердің өтуі кезінде жүктің санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйін және адамдар денсаулығы жағдайын бақылау;
8) таза аймақ - жолаушыларды, багажды, жүктерді, қол жүгін бірінші тексеру қарап тексеру пункті мен әуе кемесінің арасындағы, оларға кіруі қатаң бақыланатын аймақтың бөлігі;
9) транзиттік жолаушы - халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес аралық әуежайға келіп қонған рейспен одан әрі тасымалданатын жолаушы;
10) трансфер жолаушы - халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес трансферт пунктіне бір рейспен жеткізіліп, одан әрі сол немесе өзге тасымалдаушының басқа рейсімен тасымалданатын жолаушы;
11) техникалық-пайдаланымдық тексеру - әуежай объектілерінің, құрылыстарының, жабдықтарының және қызметтерінің нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін тексеру;
12) шекаралық бақылау - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық бақылау бөлімшелері жүргізетін:
Қазақстан Республикасына келу және Қазақстан Республикасынан кету құқығын беретін құжаттарды тексеруді;
көлік құралдарын, жүктерді және өзге де мүлікті тексеріп қарауды;
көлік құралдарын бақылау және оларды сүйемелдеу;
Қазақстан Республикасына кіруге жолы жабық адамдарды бақылауды қамтитын іс-шаралар кешені.
Шекаралық бақылау шұғыл және режимдік іс-шаралармен үйлесімде жүзеге асырылады.
13) шекаралық бақылау аймағы - кедендік бақылау аймағы мен әуе кемесінің арасындағы, оларға кіру Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісім бойынша жүргізілетін таза аймақтың бөлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы пайдаланушыларының әуе кемелері.
2. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу
3. Әуежайларда әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін ашу кезінде мыналар болады:
1) бірінші кластан төмен емес әуе кемелерін қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жасанды ұшу-қону жолағы, жермен жүру жолдары, перрон, тұрақ орындары мен басқа жабдықтар;
2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынылған практикасында және стандарттарында белгіленген үш санаттың (I, II, III) біреуі бойынша әуеайлақтың минимумын қамтамасыз ететін қонудың жарық-техникалық жүйесі;
3) авиакассалармен, тіркеу тағандарымен, тіркеу, күту, ұшу және ұшып келу залдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар, оның ішінде мүгедектер мен халықтың баяу қимылдайтын топтары үшін арнайы жабдықталған үй-жайлар (өтетін және шығатын жолдар қолжетімді болуы тиіс және пандустармен, арнайы бейімделген лифтілермен жабдықталуға тиіс), ана мен бала бөлмесі, ақпараттық қызмет көрсету объектілері, медициналық пункт, жоғалған заттарды табу бюросымен жарақталған аэровокзал болуға тиіс, «Кеден одағының кеден аумағына тауарларды әкелу және осы аумақтан әкету орындарында қос дәлiз жүйесiн жайластыруға қолданылатын талаптар туралы» Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 259 шешiмiмен белгiленген талаптарға сәйкес оқшауланған және қос дәлiз жүйесiмен жабдықталған «ұшу», «қону» залдары, сондай-ақ халықаралық қатынастар үшiн ашық әуежайлардағы «қызыл» және «жасыл» дәлiздер басқа дәлiздер бойынша жүретiн адамдарды бақылауды болдырмайтын тәсiлмен бөлiнген болуы және кеден одағына мүше мемлекеттiң мемлекеттiк тiлiнде, орысша және ағылшын тiлдерiнде «Кеден» және «Сustoms» деген жазулармен белгiленуi тиiс, әуежайда орналасқан әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң, кеден, шекара органдарының және санитарлық-карантиндiк бақылау органдарының тiркеу, ресiмдеу және қарап тексеру жүргiзуi үшiн арнайы бөлiнген залы мен бизнес-залы;
4) жолаушылардың кедендік декларациясын ресімдеуге арналған үй-жайы;
5) жолаушыларды, багажды, жүктерді, қол жүгін әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі және кеден органдары қарап тексеретін кемінде екі арнайы техникалық құралмен жабдықталған кем дегенде үш қарап тексеру тірегі. Бұл ретте арнайы техникалық құралдар Қазақстан Республикасының кеден және азаматтық авиация саласындағы заңнамасына сәйкес әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған барлық заттар мен бұйымдарды табуы тиіс;
6) төлқұжаттық бақылау үшін "ұшу", "қону" залдарында кемінде үш кабинадан және арнайы бөлінген, бизнес-залы залдарында бір-бір кабинадан;
7) телефон байланысы (соның ішінде қалааралық) құралдарымен қамтамасыз етілген шекара, кеден органдарының "ұшу", "қону" залдарындағы жұмыс бөлмелеріне арналған үй-жайлар азаматтардың арыздары мен өтініштерін таза аймақтан тыс қабылдау, тіркеу үшін ішкі істер органдарының үй-жайлары және жұмыс бөлмелері. Бұл ретте, жұмыс бөлмелері мен үй-жайлардың саны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментімен және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі;
8) анықтама бюросымен (телефонмен), қалааралық (халықаралық) телефонмен, ұшып келетін және ұшып кететін әуе кемелері туралы ақпараттық тақтамен жабдықталған және тиісті санитарлық-тұрмыстық жағдайлары бар транзит (трансфер) жолаушыларды орналастыруға арналған үй-жай;
9) өрт және күзет сигналымен жарақталған қойма үй-жайлары, багажға, жүктерге (оның ішінде белгісіз жүктерге, багажға, почтаға, қол жүгіне) арналған сақтау камералары, сондай-ақ кедендік бақылауда тауарларды уақытша сақтау қоймалары;
10) әуежайда орналасқан әуежай қызметтерінің шекара және кеден органдарының, санитарлық-карантиндік бақылау қызметтерінің, ішкі істер органдарының технологиялық нұсқаулықтары мен өзара іс-қимыл схемалары;
11) сауда-сервистік және санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген таза аймақта жолаушыларды оқшауланған жинақтағыштар;
12) жолаушыларды аэровокзалдан әуе кемесіне дейін және кері жеткізуге арналған көлік құралдары;
13) кедендік бақылау аймағында және шекаралық бақылау аймағында жолаушыларды жеке тексеруді жүргізуге, құжаттарды алдын ала зерделеуге арналған кемінде екі-екіден оқшауланған үй-жайлар (кабиналар);
14) әуежайда орналасқан кеден, шекара органдары, көліктегі ішкі істер органдары, санитарлық-карантиндік бақылау қызметі ауысымдарының демалуына арналған, тиісті санитарлық-тұрмыстық жағдайлары, байланыс құралдары бар таза аймақтан тыс орналасқан қызметтік үй-жайлар;
15) тиісті санитарлық-тұрмыстық жағдайлары бар, жер аударылған, ұсталған азаматтарды уақытша орналастыруға арналған оқшауланған үй-жайлар (оқшаулағыш);
16) арнайы қызметтік жануарларды ұстауға арналған үй-жайлар;
17) әуежайда орналасқан шекара, кеден органдарының, авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің, ішкі істер органдарының (кезекшілер) және санитарлық-карантиндік бақылау қызметінің тексеру пункттері арасындағы селектрлі (дауыс зорайтатын) байланыс;
18) эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша әуе кемелеріне дезинфекция, дезинсекция жүргізуге арналған алаң;
19) байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген, санитарлық-карантиндік пункті мамандарының жұмыс кабинетіне арналған таза аймақтан тыс үй-жай.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 30.09.2013 № 771 бұйрығымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
4. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайларды ашу мақсатында әуежай иесі (пайдаланушысы) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға алдын ала облыс (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігімен келісілген өтінім береді. Ұсынылған өтінімнің негізінде әуежайдың осы Қағиданың талаптарына сәйкестігіне зерттеу жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің өкілдерін тарта отырып, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен құрылған мемлекеттік қабылдау комиссиясы (бұдан әрі - комиссия) әуежайға жіберіледі.
5. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Төраға болмаған уақытта оның міндеттерін оны ауыстыратын адам орындайды. Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы саны кемінде он бір адамды құруы тиіс.
Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғасы болады.
6. Комиссия (пайдаланушының) өтінімдерді келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
7. Комиссия осы Қағиданың 3-тармағының талаптарына сәйкестігіне дайындығын тексереді және нәтижелері бойынша еркін нысанда тиісті акт жасайды.
8. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге әуежайдың дайындығын тексеру актісін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қол қойылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді, өтініш берген адаммен таныстырылады. Оң шешім қабылданған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайды ашу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдайды.
9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бөлімшелері және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайды ашу туралы шешім қабылдағаннан кейін жұмысқа кіріседі.
10. Ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежайлар халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге «Қазақстан Республикасының Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес жіберіледі.
3. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу
11. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу мынадай:
1) әуежай иесінің (пайдаланушының) өтінімі бойынша;
2) халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайдың осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген талаптарға инспекциялық тексеру жүргізілген кезінде анықталған сәйкес келмеуі жағдайларда жүзеге асырылады.
12. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу рәсімі:
1) әуежай иесі (пайдаланушы) ұсынған өтінім негізінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне шешім қабылдау үшін тиісті өтініш жібереді. Оң шешім қабылдаған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы Қағиданың 8-тармағына сәйкес әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайды ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін жою туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын жібереді.
2) инспекциялық тексеру барысында халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайдың осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтіні айқындалған кезде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган комиссиясы тиісті акті жасайды, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін пайдаланушыға (иесіне) он жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Әуежайды пайдаланушы (иесі) тиісті актіні алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға айқындалған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын жою мерзімін көрсете отырып жібереді.
Сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімдерде жоймаған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы Қағиданың 8-тармағына сәйкес әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайды ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін жою туралы шешім қабылдау үшін тиісті өтініш жібереді.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |