6-бап. Баланың құқықтары
Өзге де құқықтармен қатар баланың отбасында тұру және тәрбиелену құқығы, ата-аналарымен және басқа да туысқандарымен араласу құқығы, қорғалу, оның ішiнде заңды өкiлдер мен өзге де адамдардың тарапынан оның өмiрi мен денсаулығына қолсұғушылықтан сотпен қорғалу құқығы, өз пiкiрiн бiлдiру құқығы бар. Баланың осы Заңмен белгiленген құқықтары шектеле алмайды.
7-бап. Баланың бiлiм алуға құқықтарын қорғау
Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және оған тегiн жалпы орта және бастауыш кәсiптiк бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Заң Қазақстан Республикасында қабылданған бiлiм беру стандарттары шегiнде баланың мiндеттi жалпы бiлiм алу құқығына кепiлдiк бередi.
Баланың жалпы бiлiм беретiн оқу орнына түсуi кезiнде заңда көзделмеген шектеулерге жол берiлмейдi.
Арнайы педагогтiк тәсiлдердi қажет ететiн, мүмкiндiктерi шектеулi балаларға мемлекеттік бюджеттен олардың белгiленген стандарттар деңгейiнде бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бөлiнедi.
8-бап. Баланың денсаулығын сақтауға құқықтарын қорғау
Мемлекет қолданыстағы заңдарға сәйкес балаларға медициналық көмектiң тегiн көлемiне кепiлдiк бередi.
3 жасқа дейiнгi балалар анасыз немесе отбасының өзге мүшесiнсiз тек олардың келiсiмiмен стационарлық медициналық мекемеге орналастырылады.
Хирургиялық операциялар, қан құю, диагностиканың күрделi әдiстерi балаға ата-аналарының, қорғаншылары мен қамқоршыларының келiсiмiмен қолданылады.
Хирургиялық араласуды, қан құюды диагностикалық күрделi әдiстi қолдануды кiдiрту аурудың өмiрiне қауiп төндiретiн, ал көрсетiлген адамдардың келiсiмiн алу мүмкiн болмаған жағдайларда, шешiмдi дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды.
Баланың өмiрiн құтқарып қалу үшiн қажеттi медициналық көмектен баланың ата-аналары немесе өзге де заңды өкiлдерi бас тартқан кезде, бала мүдделерiн қорғау үшiн медициналық ұйымның, сондай-ақ медицина қызметкерiнiң сотқа жүгiнуге құқығы бар.
9-бап. Баланың саяси құқықтарын қорғау
Баланың бейбiт жиналыстарға, балалар және жастар қоғамдық ұйымдарына (бiрлестiктерiне) қатысуға құқығы бар.
Мемлекеттiк басқару органдары баланың жеке басының, олардың шығармашылық кепiлдiктерiнiң, әлеуметтiк белсендiлiгінiң, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығының дамуын, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғауды; қайырымдылық қызметке қатысуды; мәдени, спорттық өмiрге қатысуға қосылуды, демалыстар ұйымдастыруды мақсат тұтқан қоғамдық ұйымдардың (бiрлестiктердiң) қызметiне жәрдемдеседi.
Баланың жастар қоғамдық ұйымдарына қатысуы ерiкті болып табылады және олардың жарғыларымен белгiленедi.
Балалар қоғамдық бiрлестiктерiн құру, қызмет және тарату тәртiбi қолданыстағы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап. Бала және дiн
Баланың дінге мәжбүрлеп бет бұрудан қорғануға құқығы бар. Ата-аналарға (заңды өкiлдерiне) дiни жораларды орындауға мәжбүрлеп қатыстыруға тыйым салынады. Бiлiм беру ұйымдарының оқушыларға дiни мазмұндағы сабақтарға қатысуды мiндеттеуге құқығы жоқ. Дiни ұйымдар дiни мазмұндағы оқуды тастауға тiлек бiлдiрген өз оқушыларын ұстап қалдыруға құқығы жоқ. Ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) және баланың пiкiрiн ескермей) 6 жасқа дейінгi балаларды дiни бiрлестiктерге тартуға тыйым салынады.
11-бап. Баланың еңбекке құқықтарын қорғау
Баланың қолданыстағы заңдарға сәйкес өз еңбек құқықтарын iске асыруға тең мүмкiндiктерi бар Еңбек қатынастарында баланың құқықтарын қандай да бiр кемсiтуге тыйым салынады. Мәжбүрлi еңбекке жол берiлмейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |