"Электр энергиясын пайдалану және
Жылу энергиясын пайдалану
ережелерін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің
2005 жылғы 24 қаңтардағы
№ 10 бұйрығымен бекітілген
Жылу энергиясын пайдалану ережесі
(2009.14.12. берілген өзгерістермен)
1. Жалпы ережелер
1. Жылу энергиясын пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.
Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен жылу энергиясын тұтынушылар арасында туындаған қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Ережелермен реттеледі.
Ереже Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардың жылу энергиясын пайдалану тәртібін анықтайды.
2. Негізгі ұғымдар мен анықтамалар
ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2009.14.12. № 337 Бұйрығымен 2-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
2. "Электр энергетикасы туралы" Заңда берілген ұғымдар мен анықтамалар Ережеде қолданылады.
Ереженің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) тұрмыстық тұтынушы - жылу энергиясын тұрмыстық мақсатта пайдаланатын жеке тұлға;
2) жылу желісінің теңгерімдік тиесілігінің шекарасы - жылу желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша немесе шартпен белгіленетін энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар мен тұтынушы арасындағы жылу желісінің бөлініс нүктесі;
3) тұтынушының жылу тұтынатын (жылу пайдаланатын) қондырғысының жүктемесі - уақыттың белгіленген сәтіндегі жылу тұтыну қондырғысы тұтынатын жылу мөлшерінің мәні;
4) төлем құжаты - энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдарының есеп шотына ақшалай қаражатты аударуға негiз болатын төлем талабы, төлем тапсырмасы, сондай-ақ қолма-қол төлеу жүзеге асырылатын шақыру қағазы;
5) өлшеу құралдарын тексеру - өлшеу құралдарының белгіленген метрологиялық талаптарға сәйкестігін анықтау мен растау мақсатында мемлекеттік метрологиялық қызметі немесе басқа аккредиттелген заңды тұлға орындайтын операциялар жиынтығы;
6) жылу энергиясы үшін есеп айырысу - тұтынылған жылу энергиясы үшін есеп айырысу кезеңі біткеннен кейін ұсынылған төлем құжатының негізінде энергиямен жабдықтаушы ұйымға тұтынушының ақы төлеуі;
7) есептік кезең - тұтынылған жылу энергиясының есепке алынуы және тұтынушыға ақы төлеу үшін ұсынылуы тиіс уақыт кезеңі;
8) реттеуші орган - табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9) жылумен жабдықтау жүйесі - жылу өндіретін, жылу беретін және жылу тұтынатын қондырғылардан тұратын кешен;
10) қосалқы тұтынушы - тұтынушы желілері және (немесе) жылу қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысының жылу желісіне қосылған тұтынушы;
11) жылу энергиясына арналған тариф - тұтынылған жылу энергиясы үшін (тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы алынатын ставкалар жүйесі) ақы алынатын жылу энергиясы құнының ақшалай түрі;
12) жылу желісі - жылуды беруге және бөлуге арналған қондырғылар жиынтығы;
13) жылу тұтынатын қондырғы - жылу энергиясын қабылдауға және пайдалануға арналған техникалық қондырғы;
14) жылу энергиясының жұмсалуын есепке алу нүктесі - коммерциялық есеп жүргізу аспабының көмегімен немесе есеп айырысу әдісімен коммерциялық есеп айырысу кезінде пайдаланылатын жылу энергиясының шығыстары мәнін айқындайтын жылумен жабдықтау схемасының нүктесі;
15) есептеу торабы - тұтынушыға ақы төлеуге ұсыну үшін жылу энергиясының коммерциялық есебін қамтамасыз ететін аспаптар мен құрылғылар жиыны;
16) сараптама ұйымы - электр энергетикасы мен энергия үнемдеу мәселелері бойынша энергетикалық сараптама өткізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйым;
17) энергия үнемдеу - отын-энергетика ресурстарын ұтымды және үнемді пайдалануға бағытталған (ұйымдастырушылық, ғылыми, тәжірибелік, ақпараттық) қызмет.
3. Жылумен жабдықтауды ұйымдастыру
3. Жылу энергиясын сатып алу-сату энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның жылу желілерін қосылған тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасында жасасылатын жылумен жабдықтау шарты негізінде жүзеге асырылады.
Меншік нысанына қарамастан, барлық тұтынушыларға жылу энергиясын босатуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым үздіксіз жүргізеді.
Шартқа жылу желілерінің теңгерімдік тиесілігін шектеу және тараптардың пайдалану жауапкершілігі актісі мен өзге де құжаттар қоса беріледі.
Жылумен жабдықтауға арналған шартта тұтынушының жылу желісіне қосылған қосалқы тұтынушылар туралы мынадай деректер: атауы, ең жоғары сағаттық жүктеме, жылу тұтыну, қайтарылатын конденсаттың мөлшері, тараптардың пайдалану жауапкершілігі, жылу энергиясы үшін ақы төлеу шарттары көрсетіледі.
100 Гкал/сағ. дейінгі жылу жүктемесіндегі энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйымдар (жылыту қазандықтары) көрсетілетін қызметтердің (жылу энергиясын беру, жылумен жабдықтау) түрлері бойынша шығындарды, кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырмайды.
4. Тұтынушы қосалқы тұтынушылармен жылумен жабдықтауға арналған шарттарды тек жылумен жабдықтаушы ұйымның келісімімен ғана жасай алады.
Қосалқы тұтынушылар жылумен жабдықтау шартын энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тікелей жасаса алады. Бұл жағдайда олар тұтынушымен тұтынушының желілері бойынша жылу энергиясын беруге шарт жасасады.
Тұтынушыларға қосалқы тұтынушылардың энергиямен жабдықтаушы ұйыммен техникалық мүмкіндіктері бар кезде өзінің желілері бойынша жылумен жабдықтауға және жылу энергиясын тасымалдауға арналған шарттар жасасуына кедергі жасауға жол берілмейді.
5. Жылу энергиясының будағы және ыстық судағы ең жоғары сағаттық босатылуы, сондай-ақ жылу тасымалдағыштың тиісті ең көп сағаттық шығыны мен оны қайтару ережесі қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамалар ескеріле отырып, тұтынушымен жасасылған жылумен жабдықтау шартында белгіленеді.
Тұтынушының тұтынылатын жылу энергиясының жүктемесі мен мөлшерін шартта көрсетілгендерден артық, бірақ алынған техникалық шарттарда мәлімделген және тіркелген жобалық шамалардан аспайтындай етіп арттыруына шартта тиісті өзгерістер болған кезде энергиямен жабдықтаушы ұйымның рұқсатымен жол беріледі.
6. Егер энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдардың қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса жылу энергиясын тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйелеріне қосуға тыйым салынады.
7. Жылу энергиясының тұтынушылық қасиеттері мен берілу режимі жоспарлы жөндеу, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жағдайларынан басқа, тұтынушының жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар кешенін орындауы және энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым берген техникалық дайындық актісін ресімдеу және сараптама ұйымының қорытындысын алу шарттарын орындаған кезде нормативтік-техникалық құжаттамамен белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
8. Тұтынушылар мен энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы шешімін таппаған қайшылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен шешіледі.
4. Тұтынушыларды жылу энергиясына қосуға
арналған техникалық шарттар
9. Жылу энергиясына жаңа тұтынушыларды қосуға арналған немесе қолданыстағы объектілерге қосылған жүктемесін ұлғайту кезіндегі техникалық шарттарды тұтынушы жылу желілеріне тұтынушыны қосатын энергия беруші ұйымнан алады.
10. Энергия беруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін екі апта мерзім ішінде жаңадан салынған кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін немесе жекелеген өндірістерді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, жылу тұтынушы қондырғылар мен жылу желілерін қайта жаңғыртуды жылумен жабдықтауға арналған техникалық шарттарды береді.
Тұтынушының жылу желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар алуға берген өтінімінде жобаланатын объектіні сипаттайтын деректер, оны жобалау, салу ұзақтылығының нормативтік мерзімдері мен объектіні пайдалануға берудің белгіленген мерзімдері, тұтыну түрлері бойынша - технологиялық қажеттіліктер, жылыту және желдету, ыстық сумен қамтамасыз ету жүктемелерінің сипаттамалары, жылумен жабдықтау сенімділігі жөніндегі талаптар қамтылуы тиіс.
Энергия беруші ұйым тұтынушының жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты басқа да деректерді талап етуге құқылы.
11. Жаңа кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін, жекелеген өндірістерді немесе тұтынушыны сырттай жылумен жабдықтау схемасын өзгертуді талап ететін кеңейтілетін және қайта жаңғыртылатын жұмыс істеп тұрған объектілерді жылумен жабдықтау жөніндегі шешімдерді келісуді құрылыс салу үшін алаң таңдау кезінде энергия беруші ұйымдар жасайды.
12. Тұтынушының, тұтынылатын жылу энергиясының мөлшерін немесе жылу тасымалдағыштың параметрлерін өзгертуді талап ететін, жылу тұтынатын қондырғыларын шарттың белгіленген техникалық ережелері мен шарттың ережелерінен артық қайта жаңғырту немесе кеңейту кезінде тұтынушы, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия өндіруші ұйымнан олардың қосылуына техникалық шарттар алуы қажет.
13. Жылу тұтыну қондырғылары тұтынушылардың желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар техникалық шарттарды энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия өндіруші ұйымнан алады және тұтынушымен келіседі.
14. Объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:
1) жылумен жабдықтау көзі, жылу желілеріне қосылу нүктесі, босатылатын жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
2) басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып, негізгі және резервтегі іске қосу нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері мен гидравликалық режимі;
3) басқа тұтынушылардың жүктемелерін қосу перспективасын ескерумен негізгі тұтынушының жүктемесі;
4) қазіргі бар желінің өткізу қабілетін арттыру қажеттігі жөніндегі негіздеме;
5) қайтарылатын өндірістік конденсаттың мөлшері, сапасы және қайта айдау режимі, конденсатты жинау және қайтару схемасы;
6) сенімділік жөніндегі талаптарды ескерумен жылумен жабдықтаудың резервтік көздері;
7) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі талаптар;
8) жылу желілерін (жер үсті және жерасты) төсеу тәсілі;
9) жылыту-желдету мен технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;
10) температуралық кесте мен желілік судың шығыны;
11) салынып жатқан немесе қайта жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің теңгермелік және пайдалану тиесілілігі мен тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.
15. Энергия беруші ұйымның тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларын қосу мақсатында берген техникалық шарттарын орындау тұтынушылар мен олардың жобалау және құрылыс ұйымдары үшін де қажет.
Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін салу мен қайта жаңғырту жөніндегі жұмыстарды қызметтің осы түріне лицензиясы бар және барлық мүдделі ұйымдармен келісілген жоба бойынша тек қана мамандандырылған ұйымдар жүргізе алады.
Тиісті энергия беруші ұйымның бұрыннан бар желілерінің өткізгіштік қабілетін ұлғайту қажет болған жағдайда жұмысты қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделінген тәртіпте жүргізіледі.
Техникалық шарттарды қолданудың мерзімі жобалаудың және салудың қолданылып жүрген нормаларын ескерумен белгіленеді.
16. Кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін немесе жекелеген өндірістерді салу жобалары құрылыс алаңын таңдау және ғимаратты жобалау үшін дайындау сатысында энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйыммен келісіледі және объектіні жылу желілеріне қосудың техникалық шарттарында көрсетіледі.
Сараптама жүргізуге уәкілетті органның рұқсаты бар сараптама ұйымдары он күндік мерзімде қабылданған жобалау шешімдерінің берілген техникалық шарттарға, қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкестігін тексереді және өз қорытындысын береді.
Кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, оның кезектерін немесе жекелеген өндірістерді жобалау кезінде көрсетілген техникалық шарттардан шегіну қажеттілігі туындаған жағдайларда бұл шегіністер энергия беруші және (немесе) энергиямен өндіруші ұйыммен келісілуі тиіс.
17. Тұтынушы берілген техникалық шарттардың негізділік мәні жөнінде сараптама ұйымына жүгінуге құқылы.
Жобалық құжаттамада техникалық шарттардың талаптарынан немесе қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттардан айтарлықтай ауытқушылық байқалған жағдайда, тұтынушыға уәжделген бас тарту беріледі.
Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
5. Тұтынушылардың жылу тұтынатын
қондырғыларын пайдалануға жіберу
18. Барлық жаңадан қосылатын және жаңғыртылатын жылу тұтыну жүйелері энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйыммен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес орындалуы тиіс.
19. Пайдалануға жіберілгенге дейін және әрбір жылыту маусымының алдында жылу тұтыну қондырғылары қабылдап алу-тапсыру (техникалық дайындық актісімен көзделген техникалық) сынақтарынан өтуі және сараптамалық ұйымның қорытындысын алуы тиіс.
Жылу тұтыну жүйесін пайдалануға жіберу тұтынушының тиісті дайын персоналы мен жылу тұтыну қондырғыларының сенімді әрі қауіпсіз жұмысына жауапты адамы, немесе осындай қызмет түріне рұқсаты бар мамандандырылған ұйыммен қызмет көрсетуге шарты бар болғанда ғана мүмкін болады.
Энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйым жылу тұтыну жүйесін тұрақты пайдалануға оларды сынақтан өткізгеннен, осы кезде табылған ақауларды жойғаннан және сараптамалық ұйымнан қорытынды алғаннан және жылумен жабдықтау шартын жасасқаннан кейін рұқсат береді.
20. Техникалық-экономикалық негіздемелер және жаңаларын салу мен 500 және одан да жоғары тоннашартты отынның отын-энергетикалық ресурстарын жылдық тұтынумен жұмыс істеп тұрған объектілер мен кәсіпорындарды кеңейту жобалары міндетті түрде энергия үнемдеу сараптамасына жатады.
6. Коммерциялық есепке алу аспаптарын
орнату және пайдалану
21. Тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жылу энергиясы үшін есеп айырысуға қажетті коммерциялық есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жылу энергиясын есепке алуды ұйымдастыру, жылу энергиясын есепке алу және жылу тасымалдау тораптарының техникалық жай-күйі нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына жауап беруі тиіс.
22. Жылу энергиясын есепке алу үшін тұрпаты өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік тізіліміне енгізілген коммерциялық есепке алу аспаптары пайдаланылуы тиіс. Бұл ретте олардың осыған құқылы ұйымдардың алғашқы немесе кезеңдік тексеруі туралы белгісі болуы қажет.
Коммерциялық есепке алу аспаптарын мерзімді тексеруді, жөндеуді және техникалық қызмет көрсетуді энергия беруші ұйым немесе тұтынушымен жеке шарты бойынша осындай қызмет түріне рұқсаты бар басқа мамандандырылған ұйым жүргізеді.
23. Жылу энергиясын жіберуді есепке алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу желілерінің бөліну шекарасында жүргізілуі тиіс.
Коммерциялық есепке алу аспаптары тараптардың пайдалану жауапкершілігі шекарасында орнатылғанда, бөлу шекарасынан коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылған орынға дейінгі желі учаскесіндегі шығындар теңгерімінде көрсетілген желі учаскесі бар тұлғаға жатқызылады.
Жылу шығындарын есепке алуды немесе жылу шығындарына сынақ өткізуді энергия беруші ұйым тұтынушымен бірлесіп жүргізеді.
24. Коммерциялық есепке алу аспаптарын салыстырып тексеру аралық тексеру интервалына сәйкес аспапқа әдістемеде көрсетілген мерзімдерде, сондай-ақ мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша олардың көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән келтірілген жағдайда жүргізіледі.
25. Жоспардан тыс салыстырып тексеру жүргізілген жағдайда салыстырып тексеру жөніндегі шығындарды жоспардан тыс салыстырып тексеруді талап еткен тарап көтереді.
26. Егер салыстырып тексеру кезінде коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбы рұқсат еткен кінаратынан асып кетсе, онда жоспардан тыс салыстырып тексеру жөніндегі шығындарды аспаптардың иесі төлейді. Басқа жағдайда тексеру жөніндегі шығындарды жоспардан тыс салыстырып тексеруді талап еткен тарап көтереді.
27. Тұтынушы коммерциялық есепке алу аспаптарының ақаулылығын тапқан жағдайда тұтынушы энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлайды.
28. Коммерциялық есепке алу аспаптарын тексеруден өткізу туралы өтініш беруі тұтынушыны белгіленген мерзімде өзі тұтынған жылу энергиясына ақы төлеуден босатпайды.
29. Егер шартпен өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды энергия беруші ұйымның өкілдері тұтынушының өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алудың мүмкіндігі болмаған кезде тұтынушының кінәсі бойынша екі есептік кезең ішінде және бұл ретте тұтынушы өзінің тұтынған жылу энергиясының саны туралы мәліметті энергия беруші ұйымға ұсынбаса, онда энергиямен жабдықтаушы ұйым өткен жылдың осыған ұқсас кезеңі үшін жылу энергиясының орташа тәуліктік шығысы бойынша есеп жүргізуге құқылы.
7. Тұтынушылардың жылу пайдалану
жүйелерін пайдалануы
30. Жылуды пайдалану жүйелерінің жай-күйі және қызмет көрсетуі үшін тұтынушы мен энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігімен немесе келісу бойынша айқындалады және жылумен жабдықтауға жасалған шартқа қоса берілген тараптардың пайдалану жауапкершілігі актісінде бекітіледі.
31. Энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымға тиесілі жылу құбырларында тұтынушыға тиесілі құрылғылар немесе жабдықтар болмауы тиіс.
32. Тұтынушы оның қарауындағы жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына және жедел-диспетчерлік тәртіптің сақталуы мен оның аумағында орналасқан, бірақ энергиямен жабдықтаушы ұйымға тиесілі құрылыстардың, коммуникациялардың және жылу қондырғыларының сақталуына жауапты болады.
33. Жылумен жабдықтауды сенімді қамтамасыз ету мақсатында тұтынушы:
1) тұтынылған жылу энергиясы үшін уақытылы ақы төлеуге;
2) энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін түсіру крандарын, арматураларды, жылу энергиясын есептеу желісіне дейін орналасқан бақылау-өлшеу аспаптарын пломбылауды жүргізуі үшін жіберуге және қойылған пломбылардың сақталуына, ал оларды алып тастауды энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымның рұқсатымен жүргізуге;
3) жылу тұтынудың тапсырылған режимдерін сақтауға;
4) мемлекеттік энергетикалық қадағалау (бұдан әрі - Мемэнергияқадағалау), энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін жылу желілерінің, жылу тұтыну қондырғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарының техникалық жай-күйін тексеруге жіберуге міндетті.
8. Тұтынушыларға жылу энергиясын беруді
шектеу және тоқтату шарттары
34. Энергиямен жабдықтаушы ұйым жылу энергиясын жіберуді тұтынушымен жасалған жылумен жабдықтауға арналған шартқа сәйкес жүргізеді.
35. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым, тұтынушыға мынадай жағдайларда жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы:
1) жылумен жабдықтауға немесе жылу энергиясын беруге арналған шартта көзделген жағдайда;
2) шартта белгіленген мерзімдерде жылу энергиясы үшін төлем құжаты төленбеген жағдайда;
3) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушыларды өз бетінше қосқанда;
4) коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылғанға дейін жылу тұтыну жүйелерін қосқанда;
5) жылумен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз шартпен белгіленген ең жоғары сағаттық жүктемелерден және тұтынудың шарттық режимінен асып кеткен жағдайда;
6) егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің кемінде 30%-ын қайтарса;
7) жылу тұтыну жүйелеріне қызмет көрсету үшін тиісті біліктіліктегі қызметші болмаған жағдайда;
8) Мемэнергияқадағалаудың ұйғарымдарын белгіленген мерзімдерде орындамаған және энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым берген техникалық шарттардың талаптарын бұзған жағдайда;
9) Мемэнергияқадағалау органдары мен энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымының өкілдерін жылу тұтынатын жүйелерге және (немесе) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына жібермеген жағдайда;
10) тұтынушы адам өміріне қауіп төндіретін апаттарды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдамағанда;
11) жылу тұтынатын қондырғылар мен желілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық актісінсіз және сараптамалық ұйымның қорытындысынсыз энергия беруші ұйымды жылу желісіне қосқан жағдайда;
12) қосалқы тұтынушылар Ереженің талаптарын бұзғанда оларды ағытып тастау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы ұйымның ұйғарымдарын орындамаған жағдайда.
Бұл ретте энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым:
1), 2), 5), 6), 7), 8), 9), 11), 12) тармақшаларда айтылғандай, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу беруді тоқтатуға немесе шектеуге дейін кемінде үш тәулік уақыт қалғанда тұтынушыларды хабарландыра отырып, толық немесе ішінара тоқтатуға;
3), 4), 10) тармақшамен - дереу тоқтатуға құқылы.
36. Жабдықтарды жөндеу мен жаңа тұтынушыларды қосу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін резервтік қорек болмаған кезде жылумен жабдықтау шартында осы мақсаттар үшін тұтынушыларды ажырату тәртібі көзделуі тиіс.
37. Тұтынушы желі суын рұқсатсыз алған, жылу тұтыну жүйесіне өз бетімен қосылған, тұтынушы коммерциялық есептеу аспаптарын бүлдірген, есептеу торабында орнатылған пломбылар бүлінген немесе болмаған жағдайда энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым акт жасайды және тұтынушы пайдаланған жылу энергиясының көлемінде екі еселенген мөлшерде қайта есептеу жүргізіледі.
Ыстық су бойынша қайта есептеу жылдан аспайтын кезеңде, ал жылу жүйесі үшін жылыту маусымының басынан бастап осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген жағдайлар байқалған сәтке дейін жүргізіледі.
Акт энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің және тұтынушының немесе оның өкілінің қолы болған жағдайда жарамды. Акт тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, бірақ энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымның және/немесе құрамында кемінде үш адам бар кондоминиумның басқару органының комиссиясы ресімдеген жағдайда, жарамды болып саналады.
38. Өз торабындағы апаттың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану үшін энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым міндетті түрде хабардар етумен, энергиямен жабдықтаушы ұйым толық бермеген жылу үшін қайта есептеумен, тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратуға құқылы.
9. Тұтынушыларға жіберілетін будағы жылу
энергиясының мөлшерін анықтау
39. Тұтынушыға жіберілген жылу энергиясының мөлшері жылу желілерінің теңгерімдік тиесілі шекарасында есептеледі. Желілердің бөліну шекарасынан кейінгі жылу энергиясының барлық шығындары, егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, тұтынушыға жатқызылады.
40. Тұтынушыға келіп түсетін будағы жылу энергиясының мөлшері бу мөлшерін оның жылу ұстауына көбейтіндісі ретінде анықталады.
41. Қайтарылатын конденсат үшін тұтынушыға төлем мөлшері оның жылу ұстауын ескеру арқылы шартпен белгіленеді.
42. Жылумен жабдықтауға арналған шарттарда жылу тасымалдағыштың әрбір параметрі бойынша ең көп сағаттық жүктеме, сондай-ақ тұтынушыға жылу энергиясын жіберудің жалпы көлемі белгіленеді.
43. Тұтынушыға шартпен көзделген өткір, кемітілген немесе іріктелген бу жіберілген кезде тұтынушымен есеп айырысу тұтынушы шын мәнінде алған бу үшін белгіленген тариф бойынша жүргізіледі.
44. Жылу энергиясын тұтыну режимінің ауытқуы шарттық шамадан +_ 10 %-дан аспауы тиіс.
Жылу энергиясын тұтыну шарттық шамадан +_±10 %-дан аса ауытқыған жағдайда экономикалық санкциялар шарт ережелеріне сәйкес қолданылады.
10. Тұтынушыларға жіберілетін ыстық судағы жылу
энергиясының мөлшерін анықтау
45. Тұтынушыға жіберілген жылу энергиясының мөлшері жылу желілерінің теңгерімдік тиесілі шекарасында есептеледі. Желілердің бөліну шекарасынан кейінгі жылу энергиясының барлық шығындары, егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, тұтынушыға жатқызылады.
46. Тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларын коммерциялық есепке алу аспаптарынсыз қосқан жағдайда жылумен жабдықтаушы ұйыммен жіберілетін жылу энергиясының көлемі нормативтік-техникалық құжаттамамен белгіленген тәртіппен анықталады.
47. Берілетін жылу жеткізгіштің температурасын шартта қабылданған температуралық кестеге сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым береді.
48. Энергиямен жабдықтаушы ұйым ыстық суда жылу энергиясын пайдалану және температуралық режимді сақтау кезінде тұтынушы кейін қайтатын желілік суды кесте бойынша оның мәнінен аспайтын температурамен қайтарады. Есепке алу аспабы жоқ тұтынушыларға шарттық көлемнен артық жіберілген жылу мөлшерін есептеу нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.
49. Жіберілетін желі суының температурасы көтерілуі себепті тұтынушыға орташа тәуліктік кестеге қарсы шарттық көлемнен артық жіберілген жылу энергиясына, егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы ақы төлемейді.
50. Ыстық сумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде тұтынушы, шарттың ережелерінде айтылғандай, шығатын судың құнын, оны тазалау және химиялық дайындау бойынша шығындарды төлейді.
51. Тұтынушының меншігіндегі жылу желілеріндегі жылу тасымалдағыштың нормадан артық ысырап болуын энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым анықтайды және кесімге тұтынушының қатысуымен актіге жазылады. Соңғысының актіге қол қоюдан бас тартуы оны белгіленген тәртіппен ақы төлеуден босатпайды.
52. Тұтынушының жылу желілеріндегі жылу энергиясының шығыны егер де тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, олар мен қосалқы тұтынушылардың арасында жылу энергиясын тұтыну үлесіне қарай тепе-тең жылу торабының ұзақтығына қарай бөлінеді.
11. Тұтынушылар қайтаратын конденсаттың
мөлшерін анықтау
53. Тұтынушылар жылыту, желдету және ыстық сумен жабдықтау үшін бу түріндегі жылу энергиясын пайдалану кезінде энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға қайтаруға, ал ол өз кезегінде конденсаттың кем дегенде 95% (егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе) қайтаруға міндетті, ал бу технологиялық мақсаттар үшін пайдаланылған кезде, конденсатты қайтару шартта белгіленген көлем мен сапада жүзеге асырылады.
54. Тұтынушы қайтаратын конденсат шартта келісілген көлем мен сапаға сәйкес болуға тиіс.
12. Төлем құжаттарын ұсыну және ақы төлеу
тәртібі
55. Тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жылу энергиясы үшін өтінім берілген шарттық келісімнің, коммерциялық есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің негіздерінде энергиямен жабдықтаушы ұйым жазып берген төлем құжаттары бойынша, ал олар болмаған жағдайда - нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген тәртіппен есеп айырысу жолымен есеп айырысады.
Есеп айырысудың шарттары мен нысандары жылумен жабдықтауға жасалған шартта белгіленеді.
56. Тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеу белгіленген тәртіппен реттеуші орган бекітетін тарифтер бойынша жүргізіледі.
57. Энергиямен жабдықтаушы ұйым шартқа сәйкес мерзімі өткізілген ақы төлеу сомасына өсім тағайындайды. Тағайындалған немесе ерікті тәртіппен танылған өсім сомалары акцептісіз, кейіннен тұтынушының есеп шотына ақша алғашқы түскен кезде ұсталады.
58. Егер тұтынушы пайдаланған жылу энергиясы үшін ақы төлемегендігі үшін белгіленген тәртіппен ажыратылып тасталса, онда оны қосу қарызды жапқаннан және оны ажырату/қосу жөніндегі шығындарды өтегеннен кейін жүргізіледі.
59. Ақшаны қайта есептеуге алып келген барлық өзгерістер тұтынушының энергиямен жабдықтаушы ұйымға құжат берген күнінен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
60. Есепке алу тұтынушының кінәсінсіз уақытша бұзылған жағдайда жылу энергиясы үшін есептесу, егер шартта жылу энергиясының өзгеше (сырттағы ауаның нақты температурасын қайта есептей отырып) мөлшері көзделмесе, өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізіледі.
Жылу энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есептесу кезеңі, бұл мерзім ішінде есептік есепке алу толық көлемде қалпына келуі тиіс болатын 15 тәуліктен аспауы тиіс.
Егер есептік есепке алуды белгіленген мерзімде қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, есептеу тәртібі мен есепке алуды қалпына келтіру мерзімдері тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы келісіммен белгіленуге тиіс.
13. Келіспеушіліктерді шешу тәртібі
61. Жылу энергиясын беруді тоқтату уақыты, сондай-ақ оның сапасының нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес еместігі уақыты (күні, сағаты) туралы белгі қойылып энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның диспетчерлік қызметі журналында белгіленуі тиіс, кейіннен тиісті (тиесілі) сападағы жылу энергиясын беруді жаңғыртудың уақыты (күні, сағаты) туралы белгі қойылуы керек.
62. Жылу энергиясын беруде үзілістер болған немесе жылу энергиясы тиесілі емес сапада берілген жағдайда, тұтынушы бұл туралы энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға тікелей өзі (өтініммен) немесе берілген уақыты, күні және оны берген және қабылдаған адамның аты-жөнін міндетті түрде көрсете отырып, телефонограммамен хабарлауы тиіс. Телефонограммада тауар сапасының төмендей бастаған (болмаған) уақыты, нашарлау сипаты және энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қатысу қажеттігі (егер тауар сапасының нашарлауы немесе оны энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның тоқтатуы журналда тіркелмеген болса) көрсетіледі.
Тұтынушы жеке өзі өтініш жасаған жағдайда өтінімнің көшірмесі болуы тиіс, онда оның түсу сәтіндегі тіркеу нөмірі, өтінімнің берілу күні мен уақыты, оны қабылдаған энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қолы қойылады. Жылумен жабдықтау тоқтатылған жағдайда, өтінім дереу, параметрлері нашарлаған жағдайда - ауытқушылық басталған сәттен бастап бір тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
Энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым тауар сапасының өтінімде (телефонограммада) көрсетілген нормадан ауытқуы туралы журналдағы белгілерді, тұтынушыларға оны берудегі үзілістерді салыстырады және келіспеушіліктер болмаған жағдайда оның нақты тұтынылуына сәйкес параметрлердің есептегіден орта тәуліктік ауытқуынан шығара отырып тауар құнын қайта есептеуді орындайды.
63. Энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым жылу энергиясының берілмеуінің немесе сапасы төмен тауардың (жылу энергиясының) берілу фактісін растаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы жазбаша өтініш жасауға құқылы, онда:
тауар беруден (ажыратудан) немесе оны сапасыз жеткізуден бас тарту басталған уақыты;
тауар сапасының нашарлау сипаты;
өтінім беру уақыты және оның тіркелу нөмірі (энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның журналы бойынша);
жылу энергиясын беруді қалпына келтіру (оның сапасын қалыпқа келтіру) уақыты;
тауардың болмау (сапасының нашарлау) кезеңі көрсетіледі.
Өтінішке тұтынушы, тұтынушының жылу шаруашылығы үшін жауапты адам, екі тәуелсіз куәгер қол қояды және ол энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға жіберіледі. Дау реттелмеген жағдайда тұтынушы Мемэнергияқадағалауға жүгінуге немесе сотқа талап-арыз беруге құқылы.
64. Жылу энергиясын тұтыну кезінде тұтынушы жіберген ереже бұзушылықтар екі дана етіліп энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдері мен тұтынушының екіжақты актісімен ресімделеді, олардың біреуі тұтынушыға беріледі.
Акт оған тұтынушы қол қоюдан бас тартқан кезде де, бірақ оны құрамы кемінде үш адамнан тұратын энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның комиссиясы ресімдеген жағдайда жарамды болып есептеледі.
65. Акт негізінде энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым есепке алынбай қалған жылу энергиясының мөлшерін анықтайды және үстеме төленетін соманы негіздей отырып тұтынушыға сотқа дейінгі талабын жібереді.
Дау тараптардың келісуімен реттелмеген жағдайда энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым тұтынушыдан тағылған соманы мәжбүр ету тәртібімен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз береді және белгіленген тәртіппен шарттың орындалуын тоқтатуға құқылы болады.
14. Тұрмыстық тұтынушылардың жылу энергиясын
пайдалануы туралы қосымша ережелер
66. Тұрмыстық тұтынушыларды жылумен жабдықтауға байланысты және осы Ережелердің 14-бөлімінде қарастырылмаған мәселелер осы Ережелердің тиісті тармақтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
67. Жалпы үйлік энергия желілерінің тиісті техникалық жағдайда ұстау және қауіпсіздігі мен коммерциялық есепке алу аспаптары мен жалпы үйлік меншікті құрайтын басқа да заттардың сақталуын қамтамасыз ету тұтынушының уәкілетті тұлғасының (кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға) міндеті болып табылады. Жылыту және ыстық сумен жабдықтау мақсатында тұрмыстық тұтынушыларға жылу энергиясын беруді жылумен жабдықтауға арналған шартқа сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады (Көпшілік шарт).
Кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жылу тұтынатын қондырғыларға қызмет көрсетуді дербес немесе шарт бойынша басқа мамандандырылған ұйыммен атқара алады.
Тұтынушы жылу энергиясы үшін энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасында орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптары бойынша белгіленген тәртіппен бекітілген тариф бойынша есеп айырысады. Коммерциялық есепке алу аспаптары болмаған кезде тұтынылған электр энергиясы үшін ақы төлеу мөлшері жергілікті атқарушы орган бекіткен нормалар бойынша анықталатын болады.
Үй-жайлар меншік иелері кооперативтерінің басқаруындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы басқару торабының (Элеватор) кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі бойынша анықталады.
68. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыға:
1) энергиямен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз пәтерішілік желілерді, инженерлік жабдықты және қондырманы қайта жабдықтауға;
2) жылыту аспаптарының қосымша секцияларын, реттеуші және бекітуші арматураны орнатуға және бөлшектеуге;
3) жылыту жүйелерінде жылу тасымалдағышты тікелей мақсаттан тыс (жылу жүйесінен және аспаптардан суды ағызу) пайдалануға рұқсат етілмейді.
69. Осы шарт бойынша тұтынушы энергияны тұрмыстық мақсатта пайдаланушы азамат болып шықса, шарт тұтынушының қосылған желіге белгісіз мерзімге алғашқы нақты қосылған сәтінен бастап жасалған деп есептеледі (егер де тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе) және азаматтық заңнамамен көзделген негіздер бойынша өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
70. Пәтерде тұратын адамдар (бір немесе бірнешеу) бір айдан артық мерзімге уақытша кетіп қалған жағдайда коммерциялық есепке алу аспабы болмаса, тұтынылған ыстық суға бір адамға есептелетін ақы олар жоқ кезде алынбайды. Өтініш бергенде және 30 күндік мерзімде болмағаны жөнінде растаушы құжатты тапсырғанда (емдеу мекемесінен немесе жұмыс орнынан анықтама, санаторийге жолдаманың түбіршегі, уақытша тұратын орны бойынша тіркеу туралы анықтама және сол сияқтылар).
71. Коммерциялық есепке алу аспабы уақытша болмаған жағдайда, тұтынылған ыстық су үшін бір адамға есептелетін ақы нақты тұрып жатқандардың саны бойынша алынады.
72. Жылу энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергия беруші ұйым мен кондоминимум объектісінің (тұтынушының) өкілі жүргізеді.
73. Коммерциялық есепке алу аспабымен жабдықталмаған пәтерде нақты тұратындардың саны жылумен жабдықтау шартында көрсетілгенмен сәйкеспеуі байқалған жағдайда, энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым ыстық су үшін ұсынылған төлемді жыл басынан бастап екі есе мөлшерде қайта есептеуге құқылы.
74. Тұтынушы жылу энергиясын ұрлаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапкершілік арқалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |