Әбіш кекілбайұЛЫ: Шеткері үй



жүктеу 194,9 Kb.
Дата07.01.2022
өлшемі194,9 Kb.
#37116
Шеткері үй


Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: Шеткері үй



Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: Шеткері үй

(повесть)


Жылдан жылға шуы ұлғайып келе жатқан қаланың тау жақ шетіндегі қаңылтыр шатырын әлдеқашан тот басып күңгірттеніп кеткен осы бір қарағай үйді, соның тап іргесінен ағып жатқан кішкене өзеннің жарлауыт қабағына дейін емінте созылған ағаш дуалын, оймыш терезелерін, абажадай емен қақпасын, қақпаның қыр көзіне қойылған биік сәкіні тау баурайындағы қалың жыныстан басқа ешкім көріп жарымайды. Жауын өтіп, дымқыл сіңіп, қи майыға бояғандай қарауытып көрінетін бөрене үй өткен-кеткенге сыр алдырғысы келмегендей дүрдие қарап тұрады.
Ал, егер әлгі көлденең көз тәуекелі жетіп, бұл теңіректен кетпей қарап тұрар болса, бұдан әлденеше жылдар бұрын кешқұрым, қас қарая, көшенің екі бетінде күңгірт қарауытқан қалың теректің тасасынан тротуарды тықытып басып келе жатқан аяқ дыбысын естіп, артынша-ақ қапталдағы бояуы оңып, енді, міне, алакөбең іңірде не қарауытпай, не бозартпай, күлдібадамданып тұрған ағаш дуалға еміс-еміс түскен ерең-серең көлеңкені көзі шалар еді.
Қалың ағаштың арасын сирек қондырылған сықсима шамдардың сұйқылт жарығында тәлтіректеп келе жатқан мас кісідей қисалаңдаған рабайсыз көлеңке әлгі абажа қақпаның алдына келгенде бойын тіктеп ала қоярды. Сылдыр еткен кілт дыбысы мен қаңқ еткен қақпа сықыры кешкі тымық ауада құлағыңды бір тырнап өтер еді. Көшенің екінші жақ бетінде тұрған бақылаушы әлгі бей-уақ көлеңкенің еркек екенін, әйел екенін ажыратып үлгергенше, алпауыз қақпа оны бірақ қақшып, қайтадан бедірейіп тұра қалар-ды.

Жұмбақ көлеңке сүңгіп кеткен абажа қақпаның ар-жағынан тас сатыны тық-тық басып, баспалдақпен жоғары көтерілген дік-дік аяқ дыбысы, кешкі ауаны дір еткізген кілт сыңғыры, есік сықыры қайта естіледі де, сәлден соң тағы да жым-жырт тыныштық орнайды. Біраздан кейін күні бойы тарс бекітулі тұратын терезе қақпақтарының арасынан пышақтың жүзіндей жіңішке жарық жылтырайды. Егер әлгі түнделеткен неме сол саңылау-дан сығалап қарар болса, ақ дастарқан жайылған столдың төр жағында жұмсақ сәкіде тілі салақтап тнығып тұрған қасқыр итті көріп, ауызғы бөлмеден тық-тық аяқ дыбысын ғана естір еді. Сонда мынау құбыжық үйден қалай шегіншектеп бара жатқанын өзі де сезбей қалар еді. Тас тротуарға шырт еткізіп бір түкіріп, алысырақтағы автобус аялдамасына қарай жүгіре жөнелер-ді.


Сол қара сұр үйден елу қадам ұзап шықтыңыз-ақ ақ бас шыңдардың қойнауынан төмен қарай сорғалай созылып жатқан көше жолығады. Көше бойы ығы-жығы. Ерсілі-қарсылы жөңкіліп жатқан машина. Автобусқа бас сұқсаңыз - бір-біріне қадалып, жабыса-жармаса қалған бір жұрт. Соларға ілесіп төмен зулай берсеңіз, көк желектің тасасына шашыратып шаша салған ақ шаңқан, көк шаңқан көп үйлердің арасынан бір-ақ шығасыз. Одан әрі... Маңқиып-маңқиып тұрған маңғаз үйлерде таңертеңнен кешке дейін миы ашып маңызды мәселелер шешіп жатқан жұмыс басты адамдарға барып жолығасыз ба, жоқ па, ну бақша, қызыл-жасыл гүлзарлар арасында салқын қауыздарға шомылып мәз-мейрам болып жүрген ба-лалардың күлкісін тыңдайсыз ба, әлде жол бойындағы алабажақ шалқайма орындықтардың біріне шалжия кетіп, әрлі-берлі сапырылысып жатқан әдемі балтырларды қызықтайсыз ба...
Ендеше бар ғой, отырдыңыз екен, түске дейін, тіпті түс ауғанша, ол да емес-ау, қашан жұмыс уақыты біткенше тапжылмаңыз. Сонда жаз болса ыстық басыла, қыс болса ымырт үйіріле жұмыс уақыты бітеді. Күні бойы топырлатып торға қамап қойған ақ сазандардай кеңсе-кеңседе жіпсіз байланып отырған көп балтыр көшеге атып-атып шығады. Соның бірі сіз отырған гүлзардың маңайындағы көп еңселі үйлердің біреуінен шығар да, дәл сіз отырған орындықтың қасынан қиғаштап өтіп жатқан сая жолға түсер. Тұсыңыздан аса бергенде орныңыздан көтеріліңіз. Соңынан қалмай ілесіңіз де отырыңыз. Тек көз жазып қала көрмеңіз. Ол әуелі газет киоскасына тоқтар. Модалар журналын сұрар. Сатып алар, алмас, бірақ бірінші беттен ең соңына дейін түк қалдырмай қа-рап шығар. Оған дейін ішіңіз пысып бара жатса, анадай жердегі телефон будкасына кіріп, таныстарыңыздың бірімен хабарласыңыз, не су сататын автоматтан сусын қандырыңыз. Сол екі ортада әлгі ақ балтыр жалт етіп тағы да жолға түсер. Дедектеп соңына ілесіңіз. Ол анадай жердегі аялдамадан жөнеле берген автобусқа сүңгіп кетер. Айқайды салып, артқы есікке сіз де жармасыңыз. Аузы-мұрнынан шыққан автобустың іші тауға жақындаған сайын сейіле түсер. Орындық тиіп жайғасып алғандар болмаса, түрегеліп тұрғандардың жіліншігінің жыланқарағы үзіле жаздағанда, өрге қарай ышқына ыңыранып келе жатқан көксау автобус көшенің тау жақ шетіне шығып та үлгерер. Сонда манадан бері алдыңғы есіктің босағасында көзіңіздің жауын алып тұрған қос ақ балтыр кенет сыртқа бірақ секіріп түсер. Жалмажан сіз де сыртқа атылыңыз. Тық-тық басқан қос балтыр бойшаң теректер түнере самсап тұрған қалтарыс көшеге жалт бұрылар. Соңынан сіз де салыңыз. Тас көшені тық-тық шертіп бара жатқан қос өкшенің дыбысына елтіп келе жатып алды-ңыздағы ақ балтырлардың көзіңізден қалай бір-бір ұшқанын байқамай да қаларсыз. Аңырып біраз тұрарсыз да, ақ балтырды ақырғы рет көзім шалды-ау деген тұсқа жетіп келсеңіз, кеудеңізден итеріп абажадай емен қақпа кес-кестеп тұра қалар. Көзіңізді қанша сатсаңыз да былқ етпес. Бедірейіп тұра берер. Міз бақпай тұра беруге ол шыдағанмен сіз, әрине, шыдай алмассыз. Амалыңыз құрып кейін қайтарсыз. Қашан автобус аялдамасына жеткенше жалтақтап артыңызға қараумен боларсыз. Жел-мен шайқалып самсап тұрған көп теректің көлеңкесі жыныңызды келтіріп, «вуги-вуги» билеп мазақ қылар. Сайқымазақ көлеңкелерді даусыңызды шығарып балағаттауға мәдениеттілігіңіз шаужайыңызға оратылып, ішіңізден зіп-зілдей қып бір сыбап ап, тау жақтан кеш-құрым сирек қатынайтын автобусты күтіп, екі көзіңіз төрт болып сарғайып тұрарсыз да қоярсыз.
Егер оны осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын сыртынан көре қалсаңыз жөне өзіңіз ол кезде шау тарта қоймаған жас болсаңыз, дәл осылай болары даусыз-тұғын.
Соның бәрі күні кеше ғана емес пе еді.
- Зулап өтіп жатқан... уақыт-ай!- дейтін ол кейін сол дәурен есіне түскенде, «өмір-ай!» деуге бір түрлі аузы бармай.
Шынында да, ол күндер болса ғой... Мынау төр жақ қабырғадағы шынылы рамадағы әдемі келіншек дәл мына суреттегісіндей шырадай жалтыраған шара көзін төңкеріп тастап, ақ жұмыр иекті ақ борықтай білекке асып тастап, бетінен бейнең көрінетін жылмағай столдың басында жылмиып қана отырмас па еді. Көлдей терезеден көл-көсір төгілген мол шуақ толқын-толқын бұйра шашының арасында аунап-қунап, омырауына екі жерден бұлқынтып көгершін тығып қойғандай ауаны тепкілеп тұрған қос төмпектің дәл ортасындағы бармақтай лағылды түрткілеп ойнап, бұның төңірегінен шырқ үйіріліп шыға алмай жүрмес пе еді. Бастықтың қабылдауына келгендердің жүректілеу жағы қалжың айтып, жігерсіздеу жағы үн-түнсіз көзін сатып бағар еді ғой. Талай неме мұның бет-аузын зерттеймін деп отырғанда, кезегі келгенін білмей, бастықты күткізіп қойып, сөз естіп жатар еді ғой. Ондайлар орнынан атып тұрып, төргі есікке қа-рай апыл-құпыл жүгіргенде, бұл онсыз да желі оңынан тұрмай бара жатқан бейшараны одан сайын иттей қып мазақтап, сылқылдап тұрып күлмес пе еді. Әлгі сабаз көңілі орнына түсіп шықса, бұған жылмиып тағы бір қарамас па еді. Сонда бұл түк көрмегенсіп, түнере қалмас па еді. Сонда әлгі пақыр көкірегі әлем-жәлем боп кете бармас па еді.
Енді оны мына төр жақ қабырғадағы шынылы рамаға жайғасқан күлімкөз келіншек пен сыртын қоңыр барқытпен тыстаған ескі альбомға кезек телміріп, сүтке түсіп кеткен ақ тышқандай өз-өзінен үрпие қалған қаусаған кәрі кемпірден басқа кім біледі!
- Қайран күндер-ай десеңші...
Ол алдындағы тырсиған қалың альбомды сарт жауып, астындағы көнетоз креслоның арқалығына шалқалай құлап, ұзын-сонар ойға шомады.
Ақар-шақар шыңдардың етегіндегі кішкене қаланың орысы мен қазағы, үйғыры мен татары, дүнгені мен қырғызы бірдей іш тартатын Қара Махмұттың шүңірек көз пісте мұрын, шанаш бет кішкене кемпірі: «Қара шалым мен үш қызым аман тұрса, талай жақсының төрінде тал-таңдармын-ау»- депті деп ел айтушы еді. Марқұм көріп-кел екен. Айтқаны келді де қойды. Үлкен қызы Зүбаржат шешесінің төркіні татарларға бұйырды, одан кіші Зұлхия әкесінің нағашысы үйғырларға келін болды, ал Қара Махмұт отырған қара шаңырақтың түп иесіміз деп кеу-кеулейтін қайқы төс қазақтардың салымы осы Зуһраға түсіпті. Қара Махмұттың сүйек бітіміне кішкене кемпірдің ақтығы қосылып үш қыз бірінен бірі өткен сұлу боп өсті.
Сауда-саттық көшесіндегі ірі дүкен иесінің оң қолы Қара Махмұттың үйі түгілі қорасынан қонақ арылмайтын. Көше жақ қақпасынан солқылдақ фаэтон мінген ұлықтар түсіп жатса, қора жақ қақпадан түйелерін бақыртып, есектерін ақыртып қыр қазақтары мен қыстақ үйғырлары кіріп келе жатар-ды.
Қос қабат қарағай үйде атакемдер мен енекемдер, әнилер мен әтилер, ағайлар мен әбзилер, қалпақты, қалбағайлы, тақиялы, тымақты көп қонақ судай сапырылы-сарды. Бір бөлмеде гүрс-гүрс шампан атылып, сыңғыр-сыңғып бокал түйісіп жатса, екінші бір бөлмеде алдарына жайнамаз жайып, таспиық санап тақуалар отырарды.
Жалпы ол үйдің дастарқанына қарап үйғырдың үйі, дастарқан басындағы әңгіме сыңайына қарап татардың үйі деп қалатынсыз. Анда-санда айлапат кең қораның түп жағында үйіліп жататын түйенің құмалағы мен Қара Махмұттың тамаққа тойып алған соң, терезені ашып қойып, үсті-үстіне кекіретіні ғана бұл үйдің қазақтарға да аз-мұз қатысы жоқ еместігін байқататын.
Қара Махмұттың қазақ екеніне тағы бір куә - оның тек дүкенінде ғана емес, үйінде де жұрттың ығы-жығы толып отырғанын жақсы көретіні. Құдай оның басқа тілегін берді ме, бермеді ме белгісіз, әйтеуір бұл тілегін артығымен орындағанына еш күмән жоқ. Махмұттың қолындағы қызылды-жасыл дүниені жағалап келетін қаймана жұртқа үш бірдей матур қыздың қабақтарын аңдитын жігіттер қосылғанда, оның үйінің қысы-жазы, күні-түні неге сеңдей сапырылысып жататынын айтпаса да түсінікті емес пе!
Әсіресе, сәскеде солқылдақ фаэтонға мініп, көше аралауға шығатын делдиме қалпақ сұлу қыздың соңынан көзін сататындар-ақ жол бермейді. Үйіне жігіттердің келгіштеп кеткенін көргенде кішкене кемпірдің жаны кіріп қуанып қалушы еді. «И, и, сұлу қыз деген солай болар. Соңынан еркектер шұбырып жүрмеген әйел, әйел, ме!»- деп, шанаш бетіне қан жүгіріп, шүңірек көзіне жылт оралып жымың-жымың күліп қоярды.
Кешқұрым қызды бөлмесіне шақырып ап ақыл айтатын.
- Бұл еркектердің көркіне қызықпай, бөркіне қызық. Көрік әйелдерге керек. Ал бөрік еркектің абыройы мен дәулетін көрсетеді. И, и сендер қайдан білейін деп едіңдер. Бұл еркек дегендердің көзге көрінбейтін екі, көзге көрінетін үш қасиеті болады. Көзге көрінбейтін бір қасиеті ақылы, екіншісін әлі бастарың жас, айтуға болмайды. Ал көзге көрінетін үш қасиеті: бетіндегі айбаты, қолындағы қайраты, қалтасындағы дәулеті. Көзге көрінбейтін қасиеттерін қателессеңдер оқасы жоқ, бірақ көрініп тұратын қасиеттерінен қате жібермеңдер. Әйел пақырдың бағы жанбайын десе сүйтіп қара басады.
Құдайым сендерді тек сондай-ақ масқарадан аман қылғай.
Шүйкедей ғана қара кемпір өз-өзінен қорыққандай жағасын ұстай алар еді.
Зуһра анасының айтқан жерінен шықты ма, шықпады ма, оны өзі де білмейді, ал әкесінің көңілін тап басқан сияқты.
Қара Махмұт қол ағаштай дөң мұрнының астына мұрт емес, шалғы орақ қыстырып қойғандай, едірейген өткір кісі еді. Алушының сұрағанына жығылмай, оны өзінің айтқанына көндіріп үйреткен өктем мінез саудагер күні-түні дүкенінен шықпаса да, айтқаны орындалып жататын. Сауда-саттық көшесінің талай қалтаманы Сібірге «қозы құйрық теруге» кеткенде де, ол тырп етпеді. Қайта қаладағы азын-аулақ дүкендердің үстінен қарайтын азын-аулақ бастықтардың бірі болып алды. Оның сырын басқа түгілі қыздары да білмейді. Әйтеуір ас үй, қора-қопсыны жайлайтын қызметшілерден естімістері: баяғыда оқып жүргенде әкелері қол ұшын берген бір қара таяқ бүгінде үлкен қызметте деседі.
Кейде үй-іші боп оңаша қалғанда, Қара Махмұт қызына:
- Сенің орныңа бір бала бергенде ғой, аузы дуалы орындардың біреуінің делбесі өз қолымда болмас па еді,- дейтін өз-өзінен тұнжырап.
Беу, Махмұт-ай, соны да білмейсің бе? Күйеудің жақсысы балаңнан артық. Балаң бетіңнен алуы мүмкін, күйеу өйтпейді ғой,- дейтін ақ кемпір өлденеге тызалақтап.
Махмұт ондайда сөзден тосылғандай, кемпірі жаққа ежірейіп бір қарайтын да, үндемейтін.
Ол бір күні:
- Осы күні комсомол деген күшейіп барады ғой. Күнде-күнде жиындатып жатқаны. Сондай-сондайына ба-рып тұрмайсың ба?- дегені көзінің қиығын қызына тастап.
Шынында да, ол кезде бұрынғы зиялы жастар бас қосатын азғантай жердің бәрін комсомол иеленіп алған-ды. Бұрынғыдай күнде би, күнде сауық жоқ, оның орнына қайдағы бір қызыл кеңірдек жиналыс көбейді. Олардан бұл ештеңе түсінбейді. Әкелері айтқан соң амал жоқ, түсінбесе де барады.
Шіркін, ол заманның жиналысынан моншаға түскендей боп бусанып шығатынсың. Кім сөйлесе де, желпініп сөйлейді, кім сөйлесе де, өлтіріп сынайды. Зуһра сол бір өжектеген дауыстардан үйдің төбесі дір-дір шайқалып тұрғандай көрінетін. Ол қапелімде, кімнің не айтып жатқанын да ажырата алмайтын-ды. Біраздан соң залдағыларды жағалай шолып, әркімнің бетіне үңіледі. Қай-қайсысының жүзінде де мұның жүрегін дір-дір шіміріктірер өжет сұс бар. Біреу-міреуі «тесіліп не іздеп отырсың» деп бетін қайтарып тастай ма деп, дереу еденге қарап тұқшиып кетеді. Ың-жың дыбыстан басы айналғасын тағы да зал ішіне көз жүгіртеді.
Бір жолы оның қырағы жанары ылғи құлағы қалқиып, иегін қолына тіреп, шешендердің сөзін қалт жібермей тыңдап отыратын селеу шаш сары жігітке түскені. Ол анда-санда монтаны көкшіл көзін бұлар жаққа салып қояды. Көзінің мүкісі бардай сығырая қарайды. Көздері ұшырасып қалғанда екі беті ду қызарып, әрі бұрылады. Мынау залдың ішіндегі шетінен өжектеген өндірдей жігіттердің ара-сында жүзі жылы адам жалғыз сол көрінеді бұған. Оның ешқашан мінбеге шыққанын көрген емес. Бүгін де, ертең де құлағы қып-қызыл боп өзгелерді тыңдайды да отырады. Кей-кейде аузы қышып сөйлеп тұрған шешенге сөз қысты-рып, күңк ете қалатыны бар. Ондайда мінбедегі қызыл көз шешен айтып тұрған әңгімесін тастай беріп, оған шүйліге кетеді. Селеу шаш сары жерге кіріп кетердей боп үн-түнсіз отырып қалады. Сол-ақ екен, қасындағы бұйра шашы дудыраған қыр мұрын томаға көз жігіт орнынан атып тұрып, мінбеге аяңдайды. Шыға сала алдында ғана селеу шаш сарыға шүйліккен шешеннің соңына түсіп бір келіп кетеді дейсің. Қолды сермеп-сермеп, өткір көзін оңды-солды ойнақтатып, сайрап бергенде тыңдаушыларда ес қалмайды.
Зуһраның жұрттың не айтып жатқанында шаруасы шамалы, екі көзі досының сөзіне жұрт дуылдата қол соққан сайын жұрттың тасасына бұға түскен момын са-рыда.
Ол Жәнібекпен де соның арқасында танысыпты. Бірде мінбеден алабұртып түсіп келе жатқан томаға көз қараша жігіт жолдасына жер түбінен көз тастап отырған әдемі қызды көре қойғаны. Сосын-ақ бұрын мінбеден айтылып жатқан әр сөзді қағыс жібермей аңдып отыратын қараша жігіт аяқ астынан мойын омыртқасы қисайып кеткендей, ылғи шет жаққа кеп жайғасатын бұдан көз айырмай қадалсын-ай кеп. Зуһра енді жапалақ-жапалақ қарап қоятын момын сарының жүзін бір көруге мұң бол-ды. Қараша жігіттің өңменіңнен өтіп бара жатқан томаға көзіне беттей алмайды.
Ол кезде түнделеткен қарақшыдай төбеңнен түнере төніп тұратын теректер самсаған қараңғы көшеде жүрудің өзі қияметтұғын. Жиналыстан соң әлгі екеуі үйге әкеліп тастайтынды шығарды. Қасында шашы дудырап қарыштай адымдап қараша жігіт келе жататын-ды. Анадай жерде томпалаңдап селеу шаш сары еріп келетін-ді. Оның бір аяғынан сылтып басатынын сонда аңғарған-ды.
О да бір дәурен екен ғой. Өтіп бара жатқан... «Өмір-ай!» деуге аузы бармай, «Уақыт-ай!» дейтін кейін сол есіне түскенде.
Кісіге көңілі біте бермейтін Қара Махмұт күйеу бала-сы жайында әңгіме бола қалса, тісін шұқылап, мұртын талдап рақаттанып қалады. Күн сайын таңертеңгі шай үстінде газет қарағанда, ішінен соның атын іздейді. Ол кезде күніне бір жиналыс болмауы, онда Жәнібектің сөйлемеуі еш мүмкін емес еді. Жәнібек қайда? Жиналыста. Жәнібек қайда? Москваға жиналысқа кетті. Жәнібек қайда? Пәлен облыста жиналыс өткізіп жүр.
Соның бәрін естіген сайын Қара Махмұттың төбесі көкке бір жетіп қалатын-ды. Содан да ма, қызы дегенде ішкен асын жерге қояды.
Жәнібекке қаланың шет жағынан бөренеден қиып салынған, өз алдына қора-қопсысы бар оңаша үй тиді. Жұрт сапырылысып келеді де жатады, сапырылысып шығады да жатады. Қыр қазақтары. Үлкен қалалардан келген сыйлы қонақтар. Осы қаладағы көз таныстар. Дос тар. Жолдастар. Оқудағылар. Ішінде дөңкиіп Қара Мах-мұт жүреді. Баяғы селеу шаш момын сары көрінбейді. Жәнібектен бір сұрағанында «облыста» деген сияқты еді. Келе-келе о да есінен шығыпты.
Соғыс басталғанда Жәнібек Қазақстанда құрылған әскери құрамамен майданға аттанды. Оған Қара Махмұт қатты қиналды. Соғыс тұсында да оның шаруасының шайқалғаны шамалы еді. Соның арқасында Зуһра да мұқтаждық көрген емес. Жәнібек кеткенде жүгіріп жүрген Әлібек атасы мен әжесінің қастарында. Өзінің сол баяғы сылаң киімі. Сол баяғы сылаң өңі. Оған Жәнібек қауіп-қатерден аулақ алыс бір жаққа командировкаға кеткендей. Ұрысқа шыққалы жатқан солдаттардың алдында сөз сөйлеп тұрғандай. Соғыс біткен соң да баяғысынша лепіре күліп үйге кіріп келе жататындай. Көшеге шыққанда жосып жүрген өңдері қуарыңқы, иіндері салыңқы көңілсіз жұртты көргенде қайда кетерін білмейді. Үйіне жеткенше асығады. Үйі де сол баяғысы. Жып-жылы. Тап-таза. Айнадай жалтырайды да жатады. Оған жұрттың аузынан түспейтін «майдан» деген сөз Жәнібекті жылы төсегінен ажыратып әкететін бөтен қаладағы көп жиналыстың бірі сияқтанады да тұрады.
Бірақ бұл жолғы «жиналыс» тым ұзаққа созылды. Жәнібек теп-тез орала қоймады. Соны ойлағанда ара-тұра ұйқысы қашады. Көпке дейін төңбекшиді де жа-тады. Есіне қайдағы-жайдағы түседі. Күйеуге шыққан кездегі қызықтары көз алдына елестейді. Қашан көкірегіне ұмар-жұмар жиылып қалған қалың көрпенің зіп-зілдей салмағы сезілгенде барып зорға көзі ілінді.
Неғұрлым құлағын кесіп алса да білместей боп қаннен қаперсіз ұйықтаса, соғыс соғұрлым тез аяқталатындай көрінеді. Түсінде де Жәнібек бір жақтан командировкадан оралып жүреді. Ылдырмақ-шылдырмақ базарлықтар өкеліп жүреді. Қасына жақындай беріп, бетіне еңкейіп, әуелі құлағының түбінен иіскеп жүреді.
Сол жолы да бір кезерген көнтік ерін шықшыт тұсына кенеше қадала кеткені. Жып-жылы демі өртеп барады. Бұл мынау ойда жоқ рақатқа елтігендей балқи түсті. Кірпігін де көтермеді. Оң жақ қапталын өрттей күйдіріп жатқан таныс ыстық енді кеудесіне өрмеледі. Көкірегін жаншыған зіп-зілдей салмақ тұла бойын түгел балқытып барады. Қалың мамық көрпенің күндегі салмағынан ауы-рырақ сияқты. Баяғыда Жәнібек те... Иә ол да өстіп тамағының астына басын тығып алушы еді. Оның да шашы тап осындай иегін тырналайтын тып-тығыз қатты-тұғын. Ол да осылай мұның көрпесінде ала алмай жүрген өші бардай, әлдеқайда жітіріп жіберуші еді. Ол да осылай өзеурей қимылдаушы еді.
Кенет омырауын опырып жіберетіндей көрінген әлгі зіп-зілдей ыстық әлдеқайда ғайып болды. Тұла бойы күрт тоңазып бара жатты. Қарманып жамылғысын іздеп еді, таба алмады. Ұйқылы-ояу қолын созып, едендегі көрпені енді ұстай бергенде әлдене шырт ете түсті. Бөл-меде күңірсіген махорка иісі аңқып кетті. Ауызғы үйдің бір қапталындағы бөлмеден әлдекім жөткірінді. Іш көйлегінің әнтек түріліп, омырауына жиылып, ұйпалақтанып қалғанын, одан төмен денесінің мұз қарығандай түршігіп бара жатқанын сонда барып аңғарды.
Қаладағы госпитальде орын жетпейтіндіктен жазылып шыққандарды майданға аттанып кеткенінше аз күн маңайдағы үйлерге баспаналата тұратын-ды. Мана таңертең жұмысқа кетерінде соғыс комиссариатының адамы сондай бір офицерді ертіп әкеп, қапталдағы бөлмеге орналастырған-ды.
Содан бұл жұмыстан шыға сала үйге қайтпай, төркініне барған. Түн ортасы ауғанша сонда отырған. Кетерін де, қонып қаларын да білмей көп қипақтаған. Өзі-нен-өзі жүрегі лобып, ол үйде де тыныш жата алмасын білген. Киініп сыртқа шыққан. Автобус күтіп, аялдамада ұзақ тұрып қалған. Өне бойын қармай алған түнгі аяз көңілдегі үйіме барсам ба екен, бармасам ба екен деген екі ұдай дүдамалды да, көз алдында күні бойы қаздиып тұрып алған манағы дүрдік ерін, түрпі шаш ысқаяқ қара бейтаныс офицерді де жым-жылас қуып шығып, үйге жетуге зар қылған-ды. Әбден тоңып, дірдек қаға бастағанда өліп-талып, тау жаққа сирек қатынайтын түнгі автобус та көрінген-ді. Соған отырғанын біледі. Үйреншікті аялдамаға кеп түскенін біледі. Қалтасындағы кілтпен есікті ашқанын біледі. Ауызғы бөлменің шамын жақпай, етігін шешкенін біледі. Аяғының ұшынан басып өз бөлмесіне өткенін біледі. Төсегіне кеп құлап еді, күнде жамылып жүрген мамық көрпенің еш қамсауы жоқтай көрінді. Дірдектеп орнынан тұрып, тағы бір көрпе жамылды. Сонда барып иіні салмақ сезгендей, өне бойына инедей қадалған мұз тікенектер жығылғандай болды. Маужырап ұйықтап кетіпті.
Енді, міне, әлгі бір елестің өңі екенін, түсі екенін біле алмай дал. Көрпесі жерге өзі түсіп кетті ме, жоқ қапияда қол салған озбыр шеңгел лақтырып жіберді ме - хабары жоқ. Тіпті мана жатарда өз есігінің сырғытпа тиегін салған-салмағанын да білмейді. Орнынан тұрып, тексеріп қайтуға табанын қарып алатын мұздай еденнен қаймығып, қымтана түсті. Бірақ, құлағын көрші бөлмеге тігіп қояды. Болат серіппелі темір кереуеттің сықырлағанын естігенде тұла бойы дір ете қалады. Жүрегі лүпілдеп қоя береді. Елеңдеп біраз жатады, Меңіреу тыныштыққа бойы енді үйрене бергенде келте сықыр тағы шығады. Бейтаныс еркек естіп қала ма дегендей тұншыға күрсініп, теріс аунап түседі. Тағы да сол жым-жырт тыныштық. Тағы да сол келте сықыр. Таң атқанша көз іліндіре алсайшы!
Ала көбеңде тұра сала есікке беттеді. Сөйтсе - сырғытпа тиек тарс бекітулі. Зуһра салғырт жымиып қойды. Шала-шарпы бір шыны аяқ шай ішті. Стол үстіндегі құманды суып қалмасын деп сүлгімен қымтап бүркеді. «Қонақ оянса, ішер»- деп ойлады. Шығып бара жатып, көрші бөлменің шынылы есігінен темір кереуетте теріс қарап ұйықтап жатқан бейтаныс еркекті көрді. Ысқаяқ қара. Ұзақ қараса, оянып кететіндей, көзін тез аударып әкетті.
Жұмыста отырып, түндегі оқиға есіне түскенде бір күрсініп алады да, артынша-ақ ду қызарып кетеді. Қызметтен қайтарда кешегідей төркініне соқпады. Бірден үй-іне тартты. Жүрегі лүпілдеп зорға жетті. Тұтқадан ұстап тұрып қалды. Қазір қарсы алдынан шыға келетін дүрдік ерін ысқаяқ қараның не айтатынын, оның алдында өзінің не істеп, не қоятынын анық білмейді. Бірақ не де болса көргісі, бір ауыз тіл қатқысы келді. Ту сыртынан биік шар-бақтың саңылауынан біреу қарап тұрғандай. Есікті жұлқып ашып үйге кірді. Стол үстінде қағаз жатыр. «Кешіріңіз. Көп-көп рақмет!» Төбеден түскендей екі ауыз сөз. Бар болғаны сол-ақ.
Көзінің алды жыбырлап қоя берді. Екі жіліншігі жеміріліп, орындыққа сылқ отыра кетті. Тор көз оқушы дәптерінің арасынан жыртып алынған жылтыр па-рақтың бір шеті тысыр-тысыр ете қалды. Түйдектей тамған төрт-бес тамшы жас мөлт-мөлт етеді. Кенет біреу иығының үстінен үңіле қараған сияқтанды. Кешегі бей-таныс жігіт емес пе! Бұны қайтер екен деп сынағаннан сау ма? Стол үстіндегі қағазды асығыс қармап, орнынан атып тұрды. Жалт бұрылып қарап еді, көзі ілулі тұрған Жәнібектің портретіне түсті. Тұла бойы оқыс дір ете қалды. Томаға көз қара жігіт жәудірей қарайды. Алақанындағы мыж-мыжы шыққан бір парақ қағазды лақтырып тастамай әлі ұстап түр.
Зуһра соғыс деген нәрсенің не екеніне алғаш рет сон-да түсінді.
Одан бері не болып, не қоймады! «Зымырап өтіп бара жатқан... (өмір-ай деуге аузы бармай)... уақыт-ай»,- дейтін кейін сол есіне түскенде.
Сол-ақ екен, аяғын аттаса болды, ту сыртынан бір сұқты көз аңдиды да тұрады. Ас үйге бас сұқса, төргі үйдің есігінің тасасына кеп тығылады. Төргі бөлмеге қайтып оралса, сып беріп ауызғы бөлмеге жылысады. Ол осынау төрт бөлме үйдің ішінен өзін қоярға жер таппайды. Төсекке жатқанда да әлдекім бұқпантайлап қасына кеп, бетіне үңілетіндей. Зуһра көрпесін тарс бүркеніп алады.
Төр жақтағы Жәнібектің суреті де бұрынғыдай жай-машуақ күлімдемей, бұның кірген-шыққанын аңдып, мысқылдай жымияды да тұрады. Ол енді үйге келді-ақ, басын жерден көтермейді. Көзін көтерсе, әлдеқайдан біреу-міреу шыға кеп, өнеукүнгі түннің оқиғасын айтып, сардитып бетіне басатындай.
Аулаға шықты, манадан бері қақпаның сыртынан тың тыңдап тұрған біреулер үн-түнсіз қаша жөнелгендей көрінеді. Көшеде әрлі-берлі өтіп жатқандар, неге екені белгісіз, бұған жалтақ-жалтақ қарап қояды. Автобуста бұрын-соңды көрмеген біреулер бұның бетінен май шығып келе жатқандай тінткілеп бағады. Әсіресе, еркектер жағы бір-бірімен уәделесіп қойғандай, көздері желімше жабысып қадалады да қалады. Бәрінің де көңілдерінде бір кұстана тұрғандай. Бәрі де анадағы сұрқия түннің масқарасын естіп, біліп алғандай. «Ел құлағы елу» деген рас болмаса етті. Әрбір ыңғайсыз қимылдап қалған жеріңде, әрбір орынсыз күліп қойған жерінде, әрбір ретсіз сөйлеп қалған жеріңде көзіңе көрінбегенмен, басқа жұртқа не болып, не қойғанын тапжылтпай жеткізіп отыратын бір-бір құлақ селтиіп-селтиіп тұрмаса етті. Сондай бір сімсік көз, сімсік құлақ, сімсік ауыз анадағы оқиғаны да бүкіл қалаға жаймаса етті. Мына жұрт сондай бірде-ңені естіген соң осынша сұқтанып қарайтын болмаса етті. Ендеше ондай сұрқия хабар тек бір қаламен ғана шектелді дейсің бе! Сумаңдап майданға да жеткен шығар. Әйтпесе, күйеуінің хаты неге пышақ кескендей тыйыла қалды. Жәнібек, Жәнібек болсын. Бұрын бір апТа хаты кешіксе, тызалақтап жер-көкке тұра алмайтын өзі не қып мүнша сабырлы? Тіпті, хатының сол кешіге түскенін қала-май ма осы... Дәл қазір хаты жетіп келсе не істер еді? Ба-тылы барып қолына ұстай алар ма еді, ұстай алмас па еді? Одан қайта осы бір екі ұдай халде жүре тұрғанының өзі дұрыс шығар. Сонда хатынан осынша тайсалғанда, ертең өзі келгенде қайтпекші? Жәнібекке не бетімен көрінбек... Әлде өзінің де хаты секілді кешіге түскенін қалайды ма... Ол турасында тіпті ойланғысы да келмейді. Не болары белгісіз бұлыңғыр болашаққа бола басын ауыртып қай-теді... Қазіргі уайымы - үйіне кіріп-шығудың уайымы. Қазіргі уайымы - көшеде бетіне қадала қалатын көлденең көздерден қалай жалтарудың уайымы. Қазіргі уайымы - әке-шешесінің қолындағы Әлібегіне қалай көрінудің уайымы.
Бұрын ұлын оқтын-оқтын өз үйіне алып келуші еді. Енді одан бетінен басады. Абажадай төрт бөлмеде анадағы бейуақ қылмысты кішкене сәбидің бейкүнә жанарынан жасыра алатындай қалтарыс табылмастай. Одан да өз азабымен өзі оңаша болғаны жөн тәрізді.
Бұнда бір өзгеріс барын шешесі де сезетін секілді. «Өңің неге қуқылданып кеткен. Бірдеңені уайымдап жүрсің ғой?»- деген анада барғанында. Түк сезбейтін тек ұлы. Қара шұнақ бала анадайдан атанақтай жүгіріп ал-дынан шығады да, мойнын тас қып құшақтап алады. Ол құшырлана қысқан сайын бұл бұрынғыдай ери түспей, сарсаң кесектей мұздап сала береді. Іші-бауырын бір ала-пат ызғар қарып бара жатады. Сонау кез келген бөгде көзбен, жұртпен, ата-анасымен, майдандағы жарымен, күллі дүниемен, тіпті мынау ет бауырын жарып шыққан өз перзентімен екі араға көлденең тұрып ап, қалған әлемді бір жаққа, бұның жалғыз өзін бір жаққа ажыра-тып, енді қайтып жуыспас құрдымға алыстата, аластата түскендей. Енді ол тіпті Жәнібек жайын ойлауға да қор-қатындай. Бұл өмірде енді бұған сол бейдәрмен қорқы-ныштан басқа ештеңе қалмағандай. Қалқиып жұмысына барады. Қалқиып жұмысынан келеді. Тіпті не киіп, не қойғанын да білмейді. Тек кеңсеге кіре берістегі көлдей айнаға көзі түскенде ғана жүрегі орнына түседі. Маңдайы сол баяғысынша жап-жазық. Қасы сол баяғы-сынша керік. Кірпігі сол баяғысынша қайқақ. Тостаған-дай-тостағандай екі жанары сол баяғысынша жылт пен нұрға толып түр. Албыраған ерні де сол баяғысынша... төңірегінен тосын бір шырын бал дәметкендей томпия-томпия қалыпты. Үсті-басы да мұнтаздай таза. Киімі де ине-жіптен жаңа шыққандай. Ау, әлгінде ғана іші-бауырын бір озбыр қол суырып ап итке лақтырған құр қаңқадай құлазып келе жатқаны қайда? Ендеше мынау айна не айтып түр. Анау түк болмағандай құлпырып тұрған сұлу келіншек қалайша өзі. Іштен тоңдырғандай үсті-үстіне тітіреткен тымырсық уайымы не жүзінен, не көзінен қалайша сезілмейді. Сірә, бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де үсті-басын сылап-сипауды ұмыта алмайтын болғаны ғой! Сірә, бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де, тұла бойында көлденең қыртыс, көл-денең бір сабақ жіп жүргізе алмайтын сияқты ғой. Шамасы, бұның басына қанша қарлы қара тау іс түскенмен сұлу болмай тұра алмайтын сыңайы бар-ау, сірә. Бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де, құсадан қан жұтып қайғыра алмайтын... Жоқ, жоқ, ондайдың беті аулақ... Мынау оспадарсыз ойдан тұла бойы тітіреп кетеді.
Бірақ... ол... қарлы қара тау іс ақыры басына түсіп тынды. Жұмыстан соң үйінде әкесі мен шешесі еңселері жерге кетіп еңіреп отырғандарын көргенде бәрін түсінді. Босағада аңтарылып тұрып қалды. Бұндайда не істеп, не қою керек екендігін біле алмай қапелімде сасқалақтап қалды. Біраздан соң бойын жиып, әкесінің мойнынан құшақтай алды. Қара Махмұт еңкілдеп қоя берді. Бұл да жылады. Қыршын кеткен Жәнібекті ме, жесір қалған өзін бе, жетім қалған Әлібекті ме, бауырынан шыққан баланың бақталайсыздығын көріп, тірілей пұшайман болған кәрі әкесін бе - кімді аяйтынын өзі де білмейді, әйтеуір Қара Махмұттың бүгінде үн сепкендей аппақ басын бауырына басып ағыл-тегіл жылай берді, жылай берді.
Жәнібектің қазасынан соң Қара Махмұт көп жүрмеді. Бір күні базаға барып, қоймашымен салғыласып тұрған жерінде тай-тай матаның үстіне талып құлаған жерінен беті бері қарамапты.
Біріне бірі ілесе келген қос қасірет баяғы бейбақ түннің күнәсін құлан таза жуып кеткендей. Енді жұрт оған кұстаналап емес, мүсіркей қарайтын сияқты. Кеңсе-де, көшеде, автобуста жаутаңдасқан қай-қай жанарда да жанашырлық пен мейірім тұнып тұратындай.
Оны алғаш рет баяғы... иә, сол... селеу шаш момын сарының қабылдауына барғанда түсінді. «Күзембаев, Күзембаев» дегенді бұрын талай жерде естіп жүр еді. Осы қаладағы азғантай бастықтардың бірі екенін де білетін. Бірақ, оны баяғы жалтақ-жалтақ қарайтын жапалақ көз момын сары ғой деп кім ойлапты!
Оған бар деген шешесі. Шанаш бет кемпір күйеуі өлгесін еңкейіп, екі бүктеліп кеткен. Сөйте тұра бұған көкшіл көзін біздей қадап безере сөйледі.
- Өлім оңай емес. Қара шал кеткесін тірілей жер тістеп менің де отырысым мынау. Бірақ, біздікі кәрілік. Ал, саған не жорық. Жәнібек бейшара ел басына келген қанды қырғында жоқ болды. Оның артын күтпедің деп ешкім саған кінә тақпайды. «Әйел қырық шырақты» деген. Бағың жанайын десе, әлі де кеш емес. Бірақ, түл қа-тынға тулақ құшақтаған да сауап деп кім-көрінгенге қор болма. Бағы озық еркектің етегіне жармас. Қатын-баласының бар-жоғына қарама. Қашанда сұлу әйелдің ажары бағы тасқан азаматтың, ал бағы жүрген еркектің дәулеті ажары асқан өйелдің салымы. Сендей әйелге қарайла-майтын еркек кіндік кем де кем. Тек жасықтық жасап, ырыс-несібеңнен қаралай қағылып жүрме. Мен де әкеңді қазақтың екі-үш майбалағы мен татардың төрт-бес тота-шының аузынан жырып әкеткем. Оралыңның барында ойқастап қалмасаң ешкім сені аямайды. Мен болсам қартайдым. Жесір қатын баққан жетім ұлдан не пәтуа шығады? Одан да Әлібегіңді қаза тапқан офицерлердің баласын өкімет оқытып тәрбиелейтін жерге бер. Әйтпесе, екеуің біріңнің аяғыңа бірің оратылып, бақтарыңды байлайсыңдар. Әлгі Күзембаев деген бастық Жәнібектің жолдасы екен деп біздің шал көп айтушы еді. Соған барып сөйлессең, өзі-ақ реттемей ме?! Айтқан ақылды тыңда. Әйтпесе, ертең-ақ саныңды бір-ақ ұрасың. Жаман ұрғашылардай етегің толып еңіреп жүргеніңді білсем, бұл дүние түгілі о дүниеде де: «Басыңда ми жоқ малғұн қаншық»,- деп қарғап жатам...
Сосын «Ұқтың ба өзің?»- дегендей мұның жүзіне шаншыла бір қарап қойды. Әбден көңілін қалдырып, түңілдіріп айтқысы келсе керек. Сыртта ойнап жүрген қараша баланы шақырып ап, қолынан жетектетіп жіберді.
Иә, тап баяғысы. Есіктен бұл кіріп келгенде сасқалақтап орнынан кетерілді. Селеу шашын бір сипап, көкшіл көздерін жаутаңдатып қарсы жүрді. Қолын алды. Қолтығынан демеп бір қапталдағы абажадай сафиян диванға апарып отырғызды. Сосын өзі төрдегі орнына барды. Бұған жапақ-жапақ қарап қояды. Тамағы құрғап қап, даусы шықпай қиналып отырғандай қылғына қарайды.
Сөзін де батылсыз бастады. Жәнібекке, әкесіне көңіл айтты. Енді тағы не айтарын білмегендей аңтарылып қалды. Біраздан соң барып бұның қызметін, жағдайын сұрады.
Өзіне салса осы бойда қайта шығып кетуге дайын отыр. Мына тап баяғысынан тырнақтай да өзгермеген бүгежектеген момын сары жарылқайды дегенге сене қоймады.
Соны сезгендей Күзембаев:
- Ия, Зуһра, келген шаруаңызды айтыңыз,- деді.
Бұл көзін жерден көтеріп алды. Абажадай жалтырақ стол, оңаша қондырғыға мығым қонжиған әлденеше те-лефон, зілдей-зілдей сафиян креслолар момын сарының өзінде айбат жоқ болғанымен мына отырған жерінде айбат, билік, пәрмен бар екендігін сездіргендей. Көзіне сонау көп телефонның ар жағында бұл қайтер екен, келген шаруасын айтар ма екен, айтпас па екен деп шанаш бет сары кемпір мысқылдай қарап тұрғандай көрініп кетті. Зуһраның көңіліне бір қорқыныш кірді. Асығып-үсігіп айта бастады. Күзембаев зер салып тыңдап отыр. Кішкене көкшіл көздері барған сайын тым кішірейіп мөлдірей түсті. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Қолындағы көп қарындашты шашып алатындай мытып қысып апты. Селеу шаштарының түбі күп-күрең боп қызарып кеткен. Маған бірдеңеден ызаланып отырғаннан сау ма?»- деп ойлады Зуһра. Бірақ көп телефонның тасасына жасырынып тыңдап отырған шанаш бет сары кемпірден қаймығып, не де болса, көкейіндегі әңгімені айтып тынуға бекінді.
Момын сары бұның сөзінен кейін дағдарып біраз отырды. Тамағын бірер кенеп алды. Бірақ ештеңе деген жоқ. Шет жақтағы қара телефонға қол созды.
- Алло, бұл әскери комиссариат па?
Сбсын мұғалімнің айтқан сабағын бұлжытпай сол қалпында айтып беретін ыждаһатты шәкірттей әлгінде Зуһраның аузынан шыққан әңгімені бипаздап қайталай жөнелді. Қара телефонда үн жоқ. Үн жоқ. Үн жоқ, үн жоқ. Бір уақыттарда барып: «Құп»,- деді де жай қимылдап, баппен сөйлейтін Күзембаевтың уысынан өз тұғырына сусып түсті.
- Әскери комиссариаттың адамдары өздері реттеп береді. Ал тағы қандай шаруаңыз бар?
- Рақмет. Басқа шаруам жоқ.
Бұл орнынан көтерілді. Күзембаев та тұрды. Есікке дейін ере келді.
- Бәлкім, осында қызметке ауысарсыз. Қанша дегенмен қасымызда болсаңыз, жайкүйіңізді көре, біле жүреміз ғой.
- Рақмет.
Момын сары дәл табалдырықтың алдына дейін еріп келді. Сол қолымен емен есіктің жез тұтқасынан ұстап тұрып, оң қолымен бұның қолын алып қоштасты. Қоштасып жатып көзіне көзі түсіп кетіп еді, қазір жылап жібе-ретіндей жәудіреп түр екен. Әлде бір қимастық, тұңғиық аяушылық бар. Ол бұған дейін ешкімнің жанарынан мұндайды көрмеп еді. Енді сәл аялдаса, момын сарының көзінен жас ыршып кетер сыңайы байқалады. Бұл жалма-жан сыртқа шығумен болды. Сыртқа шыққан соң бір жымиып қойды.
Ол есіне түскенде Зуһра бір күрсініп алады. «Өтіп бара жатқан («өмір-ай» деуге аузы бармай)... уақыт-ай!»- дей салады.
Содан былай автобусқа мінгенде де, дүкенге кіргенде де, кеңседе отырғанда да еркектердің көзінен жәудіреген жылы мейірім аңғаратын болды. Басқанынан жер ойылатындай маңғаз еркектердің жанарынан әлгіндей мөлтеңдеген мұң көргенде бір түрлі күлкісі келеді...
Кішкене Әлібек алыс бір қаладағы Нахимов училищесіне аттанатын болды. Шалбары да құйтақандай. Бешпеті де құйтақандай. Көйлегі де құйтақандай. Паль-тосы да құйтақандай. Пальтосының кішкене мүйіз түймелері де құйтақандай. Бәтіңкесі де құйтақандай. Қолына ұстаған кішкене қара чемодан да құйтақандай. Сол кішкене қара чемоданның қасында қалтиып тұрған қара бала да құйтақандай. Құйтақандай құлағы қалқиып, құйтақандай көздері жәудіреп бұған қарайды. Бұл осы бір әп-әдемі кішкене қуыршақтың өз бауырынан шыққанына сүйсініп тұр. Дәл мынадай сүп-сүйкімді қуыршақты басқа ешкімнен көрмегендей. Көзін ала алмай қарайды. Ал әскери киінген әдеміше қыз бұдан көзін ала алмай түр.
Сөйтіп вокзал басында ұзақ тұрысты. Бір уақыттарда барып әскери киімді қыз:
- Уақыт болды. Қоштасыңыз,- деді.
Бұл ұлының құп-құйтақандай томпақ бетінен, құп-құйтақандай тәмпіш мұрнынан, құп-құйтақандай жәудір көзінен, құп-құйтақандай жарғақ құлағынан түгел сүйіп шықты.
Кіп-кішкентай Әлібек бір әйей тәтейін тастап, екінші әйей тәтеге құлықсыз еріп келеді. Өйткені, анау қалып бара жатқан әйей тәтейден де бір түрлі қысылып-қымтырылатын еді, мынау қолынан жетектеп келе жатқан бейтаныс әйей тәтейден де тап солай қысылып-қымтырылып келеді. Егер шүйкедей ғана ақ сары кемпір көзіне түссе... Мынау екі әйей тәтенің екеуін де тастап, қаша жөнелер еді. Айқара құшақтап ап айырылмас еді. Омырауына басын тығып, кіп-кішкене көкірегін жарып бара жатқан зіл түгел сыртқа шығып сарқылғанша сығылып жылай берер еді, жылай берер еді, жылай берер еді. Қашан қолына ыстық тоқаш не кәмпит ұстатқанша қоймас еді. Вагонға жете беріп, артына қарады. Әжесі көзіне түспеді. Әйей тәтейі әлі түр. Әне бұған қарады.
Әлібектің мынау жәудіреген жанары Зуһраның есіне неге екені белгісіз, анадағы момын сарыны түсірді.
Төрт бөлме үйде де оны үйреншікті жым-жырт тыныштық қарсы алды. Қай бөлмеге кірсе де, есіктің сықырынан басқа ештеңе естілмеді. Түнде баласы ұйықтап шыққан бөлмедегі екі басына әшекей салған болскей ке-реуеттің астынан тұмсығы қылтиып, баласының үйде жүргенде киетін жылы шәркейі көрінді. Құп-құйтақан-дай-ау, құп-құйтақандай.
Зуһраның көз алдына жаңа вокзал басында томпиып тұрған баласы келді. Тағы да жымиып күліп қойды.
Жып-жылмағай жып-жылтыр стол. Жып-жылмағай айна. Лактап тастаған паркет еден, сірә, жылмағай. Телефон да жылмағай. Стол үстіндегі қағаздар да жылмағай. Қалам тигенде коньки тебетін мұз айдындай жылмаңдап жүре береді. Тіпті тәпене столға қойылған жазу машин-касының қорабына дейін жылмиып тұр.
Жып-жылмағай жып-жылтыр әйнектен түскен күн нұры әуелі жып-жылмағай шыныға, сосын жып-жылмағай столға, сосын жып-жылмағай паркет еденге кезек-кезек секіріп, сырғанақ теуіп жүргендей. Сол сырғыма күн нұрының қызуы енді-енді молая бергенде жылтырата боялған жылмағай қабырғадағы жылтырата боялған жылмағай қорапты сағат зың-зың дабыл соғады. Сол-ақ екен, бет-аузын жылмита бояған жылмағай келіншек тық-тық басып жылмағай столдың терезе жағындағы орнына кеп, жымпиып отыра кетеді. Содан отырады, отырады, қашан әлгі жылтырата боялған жылмағай қабырғадағы жылты рата боялған жылмағай емен қорапты қоңыраулы сағат қайта дабыл бергенше тапжылмай отырады. Қалай қоңы-рау соғылады, солай лып етіп орнынан көтеріледі.
Сол бір жып-жылмағай жып-жылтыр дүниеде көзің де тайғанап, ештеңеге жөнді түспейді екен.
Сол бір жып-жылмағай жып-жылтыр дүниеде көңілің де сырғақтап ештеңеге жөнді құламайды екен.
Зуһра да сол оқиғаның өзі әлгі жылмағай кеңседе қан-ша жыл істеген соң қай уақытта тап болғанын анық білмейді. Әйтеуір, ол есіне түскенде көз алдына жауы-рын тұсына сауыс-сауыс балшық жұққан көлдей плащ көлденең тұра қалады...
Иә, кәдуілгі бірдеңе тисе, қалың қамысқа сіріңке ша-ғып от бергендей қаудырлап ала жөнелетін кедір-бұдыр брезент плащ-тұғын. Қара бақайыңа дейін түгел қымтап көміп тұратын-ды. Жеңі жоқ-тұғын. Жеңнің орнында ке-регінде қолыңда сыртқа шығаруға болатын бір қарыстан астам тесігі бар-ды. Жауын-шашында басыңды қалқалайтын бүркеншігі тағы табылады. Сол бүркеншікке көміліп ап көлдете жауып тұрған жаңбырға қарап отыр-ған қандай тамаша еді. Кішкентай-кішкентай мөлдір моншақтар басыңды тырс-тырс сабап, ештеңе өндіре алмаған соң аяғыңның астындағы миы шығып жатқан бал-шыққа сіңіп, ғайып болады. Бірақ аспанның өлгіндей әдемі моншағы таусылмайды. Сағаттар бойы, тіпті күнді күнге, түнді түнге ұрып саулай береді. Зуһраның ондай күні бойы, түні бойы болмағанмен сағаттар бойы осынау тамашаны тамсана қызықтап рақаттанғаны бар. Жалбыр-жалбыр аспан олақ қатынның етегіндей жырым-жырым, сауыс-сауыс. Жердің беті де дәл солай. Олақ қатын ұстаған дүниедей олбыр-солбыр, ойқы-шой-қы. Сол бір екі сұрықсыз кеңістіктің арасында зәредей де кіршік шалмаған мөлдір тамшылар ойнақ салып жүр. Әсіресе бұл бүркеніп тұрған брезент плащқа тигенде тым тайраңдап кетеді. Мынау мөлдір моншақтар аспан-нан емес, өзінен төгіліп жатқандай. Өзі жүздеген, мыңдаған, миллиондаған, миллиардтаған мөлдір моншақтарға айналып кеткендей. Дүние қандай көңілді. Дүние қандай арсы-күрсі, шат-шадыман. Дүние қандай тап-таза. Дүние қандай мөп-мөлдір. Барша кір, лас, шаң, тозаң, күйе, қоныс, зиянды-зиянсыз газдар, иістер, асфальттың, цементтің, известің қалдығы, көмірдің қалдығы, мұнайдың қалдығы - түп-түгел қарасын құртқан. Дүниеде тек саф ауа мен мөлдір тамшылар ғана қалған.
- Қарындас, таза ауа жұтып қайтпайсыз ба?
- Қырғауыл көрмеп пе едіңіз?
- Дүниеде ондай әсем не бар дейсің!
- Көрмесеңіз, көрсетуге болады.
Міне, ол таза ауа жұтып түр. Жоқ, таза ауа жұтып қа-на тұрған жоқ, өзі бір жола түп-түгел тазалыққа айналып, біржола ауа боп еріп бара жатыр. Мынау ұлан-асыр жаратылыспен қайта қауышып, қайтадан сол жаратылысқа айналып бара жатыр. Жаратылыс өзі де, өзі жаратылыс сияқты. Осындай бір сезімді баяғыда күйеуге шығып, алғаш рет жар құшқан түні бастан кешкен си-яқты еді. Әлденеге жүрегі лоблып, әлденеден басы айна-лып еді. Оған кейін бертін келе, тіпті күні кеше түсінген еді: сөйтсе, бақытқа мас бопты. Ал қазір, қазір ше... Қазір неге мас боп түр. Тазалыққа ма? Таза ауаға ма?.. Иә, кісі тазалыққа да, таза ауаға да мас болады екен. Мінеки, жүрегі лоблып, басы зеңіп барады. Көз алдында асыр салып жүрген мөлдір тамшылар бір-бірімен ұласып, көл-көсір шалқарға айнала түсті. Көктен, жерден, оңнан, солдан көп түтек бір-біріне ұласып, дүниені топан қаптап келе жатқандай. Қазір мұны да әне бір қу қамыстың сы-нығындай, төрт аяғы көктен кеп тырбаңдаған қара қоңыздай, жұмыртқаның қабындай, шылымның тұқы-лындай, сіріңкенің қорабындай өлдеқайда ағызып ала жөнелмек. Мынау суылдап, сарылдап, тысырлап, сыр-тылдап, сарқырап дегеніне көндіріп, алып-жұлып бара жатқан алапат табиғат мұны да қақпақылдай қағып ала жөнелмек. Енді мұның екі аяғына мініп тұра беретін еш дәрмені қалмағандай. Сәлден соң мынау құлап, қирап, сынып, жөңкіліп ағып бара жатқан көп қыл-қыбырдың қасына бұл да барып қосылатындай. Оны мынау сары ала лай жосқыннан кім құтқарып қала алар? Тұла бойын діріл жайлап барады. Бұрын плащына тасыр салып билеп жүрген ерке тамшылар енді әлденеден естері кете қорқып, көп түтекке ыршып түсіп, безіп бара жатқандай. Бұл да әлдеқайда қашқысы келеді - қаша алмайды; мынау дегбірін қашырып, дегенін істеткісі келіп тұрған дүлей күшпен қарсыласқысы келеді - қарсыласа алмайды. Енді болмағанда... Сол арада қарынан біреу тартқылағандай болды. Ту сыртынан біреу кеп құшақтағандай болды. Ол кім? Ол не? Мынау ағыл-тегіл сел ме, жоқ адам ба? Ол арасын анық ажырата алмады. Ыңғайына көне берді. Сол бір тегеурінді күш оны апай-топай ақ нөсердің астында айнадай боп жуылып тап-таза боп жалтырап тұрған қара ма-шинаның ішіне кіргізді. Кірді де, арқалыққа шалқалап қисая берді. Әлгінде ғана оны дегеніне көндірген теге-урінді күш қасынан бір елі ажырамады. Бұны бауырына тартып, өне бойын балбырата ерітіп, көзі қаралай жұмылып, маужыратып алып барады. Жаңағы жүрегінің айны-ғаны, миының зеңгігені күшеймесе басылатын емес. Басын әлгі бір жып-жылы құшаққа көме түседі. Ту сыртынан, оң қапталынан, омырауынан бір рақат ыстық леп шарпиды. Бұған ендігі керегі де сол ыстық... тек соның алыстап, ажырап кетпегені... мынау аламан-асыр та-сыр-тұсырдың ортасына жалғыз тастамағаны... Сон-дықтан да бұл өн бойын өртей ерітіп бара жатқан сол бір алапат ыстыққа өзеурей ұмтылады. Кенет жер мен көкті, мынау ағыл-тегіл ақ нөсерден қалқа боп тұрған қара ма-шинаны түгел тітіреткен оқыс гүріл шықты, маңайы түгел жап-жарық болып кетті. Бұл көзін аша беріп еді, бет-аузын әлдекімнің су-су көкірегі тұншықтыра жанши түсті. Бұл тынысы тарылып бара жатса да, сол бір озбыр омырауға тығыла берді. Кенет аспан-көкті түгел жарқыратып әлгі үрейлі гүрсіл тағы естілді. Сол-ақ екен көптен ұмытылуға айналған бір оқыс күш, оқыс қимыл қаусыра құшақтап, тұла бойын түгел қақыратып бара жатты. Күлгені екені де, жылағаны екені де белгісіз, сылқ-сылқ өз дыбысы құлағына келді. Көзін тарс жұмып алды. Бір уақыттарда барып ашса, жаңбыр басылыпты. Бірақ төңірегі күңгірт тартып ымырт орнап келеді екен. Ауа сыз, салқын. Қасындағы жып-жылы омырауға қайта тығылды. Біраздан соң көзін қайтадан ашса, далада, таза ауада жатыр. Аспанда көп-көп жұлдыздар жымыңдайды. Әлде-қайдан үзіп-үзіп майса жел еседі. Әлдеқайдан әлдеқандай жұпар иіс келеді. Әлдеқайдан әлдеқандай түз құсы шықылықтайды. Қай жағынан шығып жатқаны белгісіз, әй-теуір аулағырақтан көлбақалар құрылдайды. Аспандағы көп жұлдыз сол бір құрыл қайдан шықты дегендей селтие-селтие қапты. Төңіректе түнерген түннен басқа ештеңе жоқ. Анадайда машина қарауытады. Салқындықтан ба, мынау қап-қара қараңғылықтан ба тұла бойы дүр түршіккендей болды. Төңірегінен қара, жылу іздеді. Қозғалақтады. Соны аңдып жатқандай манағы бір ыстық омырау аспандағы көп жұлдызды қалқалап бетіне төне түсті. Ол түні бойы сол бір ыстық омыраудың дегеніне көніп шықты.
Таңертең күн жарқырап ашылды. Күн түсау бойы көтеріле бұлар орнынан тұрды. Шөп басының шығы кеуіп қалыпты. Астарына төсенген брезент плащты жерден көтергенде жон арқасына жұғып қалған айғыз-айғыз батпақты көріп, Зуһраның екі беті тызылдап ала жөнелді. О да бір дәурен екен ғой. «Зымырап өтіп бара жатқан... («өмір-ай!» деуге бата алмай)... уақыт-ай»,- дейтін ол кейін есіне сол түскенде.
Бұрын қалай байқамаған, нағыз рахат осы екен ғой. Айналасы аппақ-ау аппақ. Жаңа жауған ақша қардай күрпіп жатыр. Ортасында өзі. Қан жылым су өне бойын балбыратып барады. Әлгінде ғана жабыла тістелеп жатқан көп жәндік серпілгендей. Мана айғыз-айғыз брезент плащты жерден көтергенде дәл жауырынына бір сары құмырсқа қадала кеткендей дауылдай ала жөнелген-ді. Содан машинаға отырды. Содан машина қайтадан даланың сүрлеу жолына түсті. Ойды-қырды сүзгілей-сүзгілей ақыры айдау жолға қосылады. Айдау жолға шыққасын қалаға бет алды. Қалаға қарай шалжия созылған асфальт жолмен ағызып келе жатқан жылтыр машинаның алдыңғы орындығында арқалыққа шалқалай құлап бұл келе жатыр. Дәл жауырын тұсын-дағы манағы сары құмырсқа кетер емес. Бұлікті салып жатыр.
Ашық әйнектен жел уілдейді. Рульдегі жүндес білектің майса түгі дір-дір қалтырайды. Сол бір майса түгі дір-дір қалтыраған жұп-жуан білек оқтын-оқтын мұның мойнына кеп оратыла кетеді. Оратылған сайын сол түк-түк жуан білекке ілесіп келген бір аш құмырсқа көйлегінің ойындысынан секіріп түсіп, тұп-тура жауырынын дызылдата шағып жатқан қаныпезер қарақшының қасына барып қадала қалатындай.
Асфальт жол ұзыннан-ұзақ шалжиып жатып алғанын қоймайды. Шалжиып жатып алғанымен қоймай, қылт- қылт қыр асып ұзара түседі. Зымырап келе жатқан жүйрік машинаның ашық терезесінен қасарыса соққан қарсы жел уілдегенін қоймады. Сол жойқын леп барша түгін ду-ду тулатып, төтен қайрат бітіргендей жұп-жуан білек мұның пілдің сүйегіндей аппақ, жұп-жұмыр мойнына қайта-қайта оратылғанын қоймайды.
Өздері аш, өздері қадалған жерлерінен қан алмай қоймайтын қаныпезер сары құмырсқалар көбейе берді, көбейе берді.
Олар сондай ұзақ жүрді. Қаласы құрғыр жеткізіп бол-мады. Өліп-талып көрінді-ау, ақыры. Енді әлгі сары құмырсқаның әрқайсысы тұмсығы найзадай бөгелекке айналып кеткендей. Тұла бойы ду-ду тызылдап барады. Әсіресе, машина көше оралымдарында жүрісін баяулатып, өткен-кеткендер ішке көз тастағанда тіптен құтырынып кетеді.
Машина сол зуылдаған қалпы тауға тура тартатын көшеге түсті. Үйдің қасына да жетті-ау бір кезде. Сол арада жүн-жүн білек мұның жұмыр мойнын қылғындыра қысып алды. Кеше түнде өне бойына сынықшының сыла-уындай балбырата түскен екі етті ерін аяқ астынан айыр құйрық шаянға айналғандай тиген жерін тызылдата күйдіріп өртеп барады.
Өліп-талып құтылды-ау одан да.
Бұған дейін ойына түсіп кеткенінің өзіне аза бойы қа-за болатын қара жүзді масқараның, бұған дейін аттап басуға жүрегі дауаламайтын тылсым тиырымның тікен шаншып қойғандай үрейлі шекарасын абайсызда белден басып бір-ақ тайпап өте шыққанын енді аңғарды. Сөйтсе, сонша қорқып келген нәрсесі түк емес екен. Не болып, не қойғанын үйге барғасын жайлы төсекте жата-жастана ойланар. Қазіргі бар уайымы - мынау тұла бойын дуылдатып бара жатқан көп тажалдан қалай құтылу. Тіпті көзінің алды екеш көзінің алды да жыбырлап барады.
Міне, қызық! Қақпаның сыртындағы тақтай сәкіде бір қасқа бас қара мұрт еңгезердей еркек отыр. Бұны көргенде бас бармағын танауының астына апарып, таңқ-таңқ түшкіріп қойды. Сосын пеницилиннің босаған құтысынан жасалған шыны шақшасын жалма-жан шалбарының артқы қалтасына тықты. Орнынан ұшып тұрып еді, бешпентінің бір етегі мықынына ілініп қалды. Анадай жерде көк ала аймақы көйлек киген қара шұбар әйел түр. Делең етек, көк ала көйлектің сыртынан жеңі шұбалған сүр пиджак іліпті. Өңірі толы моншақ. Шамасы, баланы көп тапса керек.
- Ә, қателеспесем, Зухра боларсың,- деді еркек жалпылдай амандасып.
- Есенсіз бе?- деді әйел ернін қыбырлатып.
Зуһра сүлесоқ сәлемдесті. Есікті ашты. Қара мұртты еркек жерден «Әуп»- деп бірдеңе көтерді. Зуһра тық-тық, қалған екеуі сырп-сырп басып ішке озды. Зуһра ауызғы бөлмеде аяқ киімін шешті. Артындағы екеуі бастарын төргі бөлмеге кіріп бірақ тоқтады. Еңгезердей ер-кек иығындагы ала қапты қайда қоярын білмей-аңтарылып тұрып қалды, сосын біраз күйбеңдеп, төр жақ бұрыштағы жалтырақ шифоньерге сүйей салды. Қо-лын қағып, қақ ортадағы жалтырақ столдың төр жағындағы оймыш орындыққа жалп етіп отыра кетті. Бейшара орындық сытыр ете түскенмен сынбады. Қара шұбар әйел есік жақтағы орындыққа тізе бүкті. Еркек әкесінің үйіне келгендей шалжиса, әйел «қашан шығып кетер екенбіз» деп асығып отырғандай, бүрісе қапты.
Үшеуінде де үн жоқ. Жөн сұрауды Зуһра білмейді. Сұратпай-ақ жөнін айта отыруды меймандар білмейді. Бұлай бір-біріне телміріп отырудан алдымен үй иесі әйел жалықты. Сары самауырды құшақтап сыртқа шығып кетті. Біраздан соң: «Мынау жым-жырт бөлмеде іштерің жарылып қетпей неғып отырсындар?»- дегендей, ызыңдай әндетіп сары самауыр қайта кірді.
Еңгезердей еркектің өндіршегі дүрс-дүрс етеді. Күші-гендей шөмиіп отырған қара шұбар әйелдің ерні кесеге тисе, сырп ете қалады. Екеуі де быршып терлеп отыр. Әй-ел тәмпіш мұрнын үсті-үстіне тартқылап, көлеңдеген көк ала көйлегінің жеңін маңдайына қайта-қайта апарып қайтады. Ал еркек екі шықшыттықтан төмен қарай тыра-ғайлап шауып бара жатқан көп жосқынды қайтып бөгерін білмей, шай құйып отырған келіншекке көзінің астымен қайта-қайта қарап қояды. Далада туып өскен ер-кек қалтаға орамал салып жүруге қандай құнтсыз болса, қалада туып-өскен келіншек мейман терлеп отыр екен деп, сүлгі алып беруге сондай құлықсыз. Дегенмен қақ төрде қасқая жайғасқан қонақ оған бола саса қоймады, анадай жерде бос орындықтың арқалығына ілулі тұрған, әлгінде ғана өздері қол сүрткен сүлгіні алды да, сонау қасқа маңдайда тайраңдап жүрген талай тамшыны кәкесіне көрістіріп жайпап өтті. Сол-ақ екен, әлгінде ғана жалтырап тұрған ақ сүлгі мыж-мыж боп шыға келгені.
Шайдан соң ерлі-зайыптылар үйдің күн жағына барып екеуден-екеу күңкілдесіп отырды.
Зуһра болса тұла бойының ду-ду қышығанынан құтыла алмай әлек. Мына бір шаң-шаң қап өн бойын онан сайын дуылдата түскендей. Айнадай жалтыраған қара күрең шифонерді аяп-ақ тұр. Бірақ қонжиып жатып алған ала қаптың маңына жолауға қорқады.
Бірінен-бірі үріккен үшеу үшін өліп-талып күн де бат-ты. Өліп-талып қазан да түсті. Тағы да ысылдап-пысылдап тамақ ішілді. Еңгезердей еркек қалтасынан, сіріңкенің шырпысын ап, тіс шұқылай бастады. Қара шұ1бар әйел бір сәт көзі тайса, біреу жетектеп кетердей күйеуіне қайта-қайта жалтақтап қарай береді. Онысы да ештеңе емес еді. Зуһра екеуіне көрші бөлмедегі екі жақ қабырғаға сүйей қойылған екі кереуетке төсек салғанды. Әуелі күйеуі барып оң жақ кереуетке құлай кеткені. Жарық сөнгенше өз көлеңкесінен өзі ұялғандай күйбеңдеп жүріп алған әйелі шам өшер-өшпесте бос керуетті көрмей, «иә, құдайлап» күйеуінің қасына күмп бергені. Бейшара кереуеттің былқылдақ торы бауырымен жер сыза тоқтады. Бөлек кереуетке жататын әдептен қонақ әйел қандай бейхабар болса, күйеуі тірі әйел бөлек төсек түгілі, бөлек жастық жастанбайтын әдеттен үй иесі әйел сондай бейхабар-тын. Оған қайқы тіс әйелдің біреу қараңғыны пайдаланып күйеуін иемденіп қоятындай, жа-нына барып жарбиып жатып алғаны тіптен сөлекет көрінді. Бәрінен де, бастары төсекке тиер-тиместе сыпсыңдаса жөнелгендері жынын келтірді. Қайқы тіс әйелдің тек шай ішкені ғана емес, қай қимылы да сырп-сырп болса керек. Сөйлескені неткен жексұрын еді! Бір уақытта екеуі сыпсыңдасқандарын қойды-ау, әйтеуір. Бірақ әлгі еңгезердей еркек аузы қалай тыным тапты, солай үйді басына көтеріп қорылдай ала жөнелсін. Оқтын-оқтын ышқынғанда бөренеден қиып салған қарағай үйдің өн бойында қалтырамаған, дірілдемеген ештеңе қалмайтын тәрізді. Құдды бір тау бауырларындағы қалың жыныстан қара қабан шығып кеп үйдің астын қопарып жатқандай. Көз алдында әлденелер ербеңдеп тұрып алды. Көрпесін қанша тарс бүркенсе де ышқынған қорыл құлағын жарып барады. Қайқы тіс қара шұбар әйелдің ештеңемен шаруасы жоқ. Пыс-пыс ұйқы соғады. Оқтын-оқтын о да тісін қайрап қояды. Құдды үйдің іші аузы андыздаған жыртқыштарға толып кеткендей. Оның үстіне, есіктің қыр көзіне тастай салған екі етіктің қоңырсық исі аңқиды. «Менсіз де ұйықтап қарқ болғаның ша-малы ғой»,- дегендей оқтын-оқтын түнгі аспанды қақыратып самолет ұшып өтеді.
Бұл енді ұйқыдан күдер үзді... Адам деген неткен кінәмшіл еді. Басқа жан-жануар болса ғой бірінің қоры-лын бірі тыңдап, бірінің исін бірі жұтып жата берер еді. Ал адамға бас-басына дара жай, дара тыныштық, дара бап керек. Онсыз тірлік тірлік емес. Мынандай бықсып жатқан өмір өмір болып па!
Зуһра сол күні көрер таңды көзінен атқызды.
Таңертеңгі шай кешегідей емес асығыс ішілді. Асығыс шай батпады ма, екі мейманның маңдайынан кешегідей ағыл-тегіл тер көрінбеді. Дастарқан жиналар-жиналмас-та екеуі орындарынан көтерілді. Әуелі қипақтасып бір-біріне қарады, сосын жылтырақ шифоньердің бөк-сесін айқара құшып, былқ етпей жатып алған ала қапқа қарады. Ақыры сол қипақтасқан қалыптары есіктен шығумен болды. Зуһра терезеден қонақ әйелдің қайқы тісі күнге шағылысып, күйеуіне бірдеңе деп сөйлеп бара жатқанын көрді. Кеше қақ төрде иығымен төбені тірердей боп отырған алпамса еркек қазір шөкімдей боп шөжіп кетіпті, аяғын әрпіл-тәрпіл алады.
«Бұлары кім болды? Неғып жүргендері?- деген сауал Зуһраның ойына енді түсті. Өз төңірегінде дәл мұндай майтымақтар жоқ сияқты еді. Шамасы, бұл туды-бітті көрмеген Жәнібектің ағайындары болмасын...
Одан әрі қарай қаузап жатуға, арқасы құрғырдың қо-яр да қоймай дуылдап ала қайқайғаны.
Өліп-талып ваннаға да жетті-ау ақыры. Кіре-сала душты ағытып еді, тұла бойында түні бойы сайрап шыққан құмырсқа ма, маса ма, бөгелек пе - әйтеуір тұм-сықтары біздей көп жебір бет-бетіне безе жөнелгені. Жаны сонда барып жай тапты. Иіс сабынды аямай езе түсті. Сол бір ақ шаңқан көбіктер тәніне тосын жабыс-қан жымысқы ластықты үдере қуып жатқандай... Уһ, оңаша деген осы екен ғой!» Кешелі-берлі «осы мен не істеп қойдым» деген күдік пен көлденең көзден қымсын-ған ұят деген қызыл көз пәле алма-кезек азаптап келген көкірегіндегі көп түйткіл де ыдырайын дегендей.
Мамық жамылғыға оранып ваннадан шықты. Төсегіне кеп құлады. Терезені тас қып қымтап қойған. Ала-көлеңке бөлмеде жалаңаш денесі кешелі бері талап шыққан беймәлім жебірлерді біржолата ұмытып кенеліп жатыр. Бірақ әлі де бірдеңеден елегізитін сияқты. Ол не? Анық білмейді. Анық білетіні - осындай оңашалықтан асқан рақат жоғы. Көлденең көз бар жерде кісі өзінен-өзі қысылып, қымтырылып бітеді. Ең болмаса, өз денесіне өзі ие бола алмайды.
Зуһра өзінің әдемі екенін жұрттың телміре қарағанынан сезінетін. Бүгін енді өз көзімен көріп жатыр. Кереуеттің аяқ жағына асып салған кішкене башпайлары бұлтия-бұлтия қалыпты. Күреңіткен балтырлары түп-түзу, топ-толық. Бұлт-бұлт еткен бұлшық еттерде осы қазір атып тұрып, әлдеқайда тарта жөнелуге әзір өжет қайрат тұрғандай. Екі омырауы да көтеріліп басылып, көтеріліп басылып тыным таппайды. Әбден сүлдері құрып, сүре жығылғандай еді. Енді, міне, бүкіл денесі ты-ныштық емес мынау тұнып тұрған тылсым сұлулыққа жан бітіретін үрдіс, күрт қозғалыс іздейтіндей. Анау екі балтыр, мынау секең-секең екі көкірек, аршын төс омыра-уы, қос білегі, қаз мойны, бос жіберген қолаң шаш үйпа-лай қыдықтаған екі иығы - күллі тұла бойы түп-түгел кешегі түндегідей, кешегі далада өткен таң алдындағы-дай жан ұшыра қимылдар арпалыс іздеп жатқандай. Олар үшін рақат мынандай маужыр тыныштық емес, сүйек үнтап, сіңір ширатар алапат қозғалыс сияқты. Ол көп нәрсеге енді түсінгендей.
Ала көлеңке бөлмеде әлдекім бұның ойын танып қап, мырс етіп күліп жібергендей болды.
Сол-ақ екен тұла бойы дуылдап қоя бергені. Орнынан атып тұрды. Ақ жамылғы төсекте қап қойды. Қарсы алдындағы шар айнадан әлдене оқыс жалт етті. Таңданып тұрып қалды. Өзін-өзі бұлай бірінше рет көруі. Кенет екі бетіне лүп етіп қызыл жүгірді. Алақтап терезеге қарады. Шынылы рамада Жәнібек бір жақ миығына зіл жиып кекете күліп түр екен. Қалай жұлып алғанын өзі де білмей қалды. Анадай жерде қобырап жатқан көп кірдің арасы-на тыға салды. Тұла бойын дүр түршіктірген әлгі бір бей-маза секем сонда барып басылды. Төсегіне қайта құлады. Сол ұйықтағаннан ертеңіне таңертең бірақ тұрды.
Шынында да... Ойда жоқ басталған осы оқиға тап бұлай аяқталады деп кім ойлаған. Түс қайта, неге екені белгісіз, Зуһраның қараптан қарап іші пысады. Бастық кісі қабылдамайтын күндері түстен кейін көбіне-көп жоғары мекемелерге кетеді, не осы кеңсенің ішіндегі адамдарды шақырып алып сөйлеседі. Сырттан ешкім келмейді. Өзінің бет-аузына телміріп қабылдау күтіп отыратын бөгде көздің жоқтығынан ба, бұл қайта-қайта есінеп, қарап-тан-қарап ұйқысы келеді. Ондайда терезенің алдына барып көшеге көз салады. Өткен-кеткен әйелдердің киіміне қарайды. Бұлардың мекемесі орналасқан еңселі үйдің алдына кеп зу-зу тоқтап жатқан жеңіл машиналарды қызықтайды. Олардан түсіп жатқан кісілердің бәрі асығыс. Келген бетте-ақ ішке зып береді. Ал, осы кеңседе боп, кері шығып жатқандардың бәрі кердең. Гранит баспалдақтан төмен түссе, аяғын сулап алатындай, қашан машинасы қарсы алдына кеп тоқтағанша әдейі тосып тұрады. Шофері ашқан есікке кіріп бара жатып та артына бір қарап алады. Әне, жалт-жұлт етіп бір қара машина кеп тоқтады. Одан да бір қозы қарын жылтыр еркек шы-ғады да, тас баспалдақты тық-тық басып, кірер есікке жүгіреді... Жоқ, міне, қызық... Әлгі қара машинадағы ақ самай сыптығыр еркек шығайын ба, шықпайын ба дегендей есікті ашып қойып біраз отырды. Бір уақыттарда ба-рып керіліп-созылып сыртқа шықты. Маған қарап тұрған ешкім жоқ па екен дегендей самсаған терезелерге сал-ғырт көз тастады. Сосын барып жүріп кетті. Аяқ басқаны кердең. Мәрмәр сатыға өкшесін қадап шегелеп басады. Осылай беттеп келеді. Міне, бұлардың есігінің алдына кеп кідірді. Жұлқып ашты да, табалдырықтың аржағында екі қолын екі жаққа жайып жіберіп тұрып қалды. Басқа еркектердей таңданып тұрғанын жасырмады.
- Міне, перизат!- деп таңдайын қағып қойды. «Міне еркек»,- деп ойлады бұл ішінен, жымия күліп.
Сосын ішке озып, дәл бұған қарсы тұрған креслоға кеп отырды. Үстіндегі жылтырақ костюмнің қалтасынан сыртына алтын шайып өрнек салынған мүйіз шақшасын алды. Алақанына насыбай төгіп, бармағымен бірер жан-шып, аузына ытқытты. Сосын тостағандай көзін әрлі-берлі төңкеріп, бұны шолып шықты. Тостағандай-тостағандай көздері өңменіңнен өтіп барады. Қыр мұрны да ұстараның жүзіндей. Жылмита тараған қырау самайы бұл бірдеңе десе, тебен инедей тікірейіп өре түрегелетін-дей. Бұл қапелімде төмен қарап кетті. Тесіле телмірген өткір жанар бет-аузын, мойнын, ашық омырауын, екі жалаңаш білегін, көкірегін, қыпша беліне дейін түгел тінтіп шықты. Ауыз тұсы мен жұмыр иегіне келгенде сұғанақ көздер сүліктей қадалып тұрып алды.
Солай біраз тым-тырыс отырды да кенет:
- Қызым, Күзембаев өзінде ме?- деп сұрады.
- Өзінде.
- Ендеше, қызым, профессор Себепбаев қабылдау то-
сып отыр,- деп айта ғой.
Бұл столдың тасасынан шығып, бастығының кабинеті-не қарай аяқ басуы-ақ мұң, әлгінде ғана қыпша белге кеп кідірген қыдырма көз «өз сапарын» одан әрі жалғастыра жөнелді.
Себепбаев Күзембаевтың қабылдауынан шыққан соң көп кідірмеді. Бұған көзін төңкере бір қарап:
- Рақмет!- деді де шығып кетті.
Арада бір апта өткен соң Себепбаев тағы келді. Бұл жолы қабылдау бөлмеге кідірген жоқ. Бастыққа өтті де, көп ұзамай қайта шықты. Қайта шығып келе жатып, мұның қасына кеп тоқтады. Бір түрлі аяушылық білдіргендей басын шайқады. Тез жиырылып, тез жазы-лып кететін езуінде де ана жолғыдай жымысқы күлкі жоқ, шын аяныш тұр. Бұл оның күлімдей қарайтын қой көзіне тіктеліп қарай алмады. Қараса - не көрінетінін кім біліпті.
Құлағына толқи шыққан биязы дауыс келді.
- Көптен таза ауада болмағаныңыз көрініп тұр. Өңіңіз қуқыл. Бүйте берсеңіз алтын денсаулықтан айырыласыз. Шамасы, сіз күні бойы мынау тар бөлмеге қамалып, бөтен жұрттың демімен тыныстайсыз. Сосын үйіңізге барып, өзіңізді өзіңіз абақтыға қамайсыз. Жоқ, бұлай етуге болмайды. Сіз өзіңіз қырғауыл көрдіңіз бе? Айттым ғой, көрген жоқсыз. Дүниедегі ең қырғауылы көп өлкеде тұрып, әлі күнге сол пейіш құсын көрмесеңіз, ертең о дүниеге барғанда мен де тіршілік құрдым, өмір сүрдім деп қалай айта аласыз. Жоқ, мұныңыз болмайды екен. Сіз қырғауыл көргіңіз келе ме? Ендеше, ертең машина жіберейін. Бір күніңізді қиып, барып, қырғауыл көріп, таза ауа жұтып қайтыңыз.
Бұл көзін жерден көтергенше ол есіктен шығып үлгеріпті. Емен есік жақтауға тиіп, тарс ете қалғанда, бұның басы зеңіп, көз алды шыр көбелек айналып бара жатты. Көз алдында қырғауылдың қанатындай қызғылт, көгіс, жасыл жолақтар ойнап тұрып алды.
Сол күні түсінде де қырғауыл көріп шықты.
Ертеңіне жұмыс аяғында бұл отыратын терезенің алдында қайқаң етіп қара машина тағы тоқтады. Бұл жасқана басып қасына жақындады. Рульде күндегідей шофері емес, өзі отыр.
Ол жолы Зуһраның қырғауылдың өзі түгілі көлеңкесін де көре алмағаны аян.
Содан Зуһра сыртқа шықты-ақ бұрынғыдай жұрт көзінен тайсалмайтын болды. Қайта көзінің астымен жұрттың бетін тінткілеп бағады. Әсіресе, қарсы жо-лыққан еркек болса, қағыс жібермейді. Олар шынында да, бұнда алмақтары бардай-ақ сұқтана қарайды екен. Әне, таң атпай газетке басын көміп алған оқымыстысы-мақтың тұсынан өте бергенде, бұған көзінің бір түсуі мұң екен, бажбиды да қалды. Енді қолындағы газетте «әкең өлді» деп жазылса да, қайта қарар түрі көрінбейді. Ана бір аялдамада тұрған қалқан құлақтың аузы ашылып қапты. Бір жымиып еді - қалқан құлақтың беті табан астында күреңітіп жүре бергені. Әне бір шегір көз де жер түбінен тесіліп түр. Бұл жалт қарап еді - алқымы алаулай қызарып, теріс айналып кетті.
Әдемі әйелге еркектің мінезін білу де онша қиын емес екен.
Еркекті тану үшін сұлу әйелге көзін ойнатып, ернін жылмитқаннан артық қимыл, артық еңбектің қажеті шамалы. Соның өзі-ақ талай-талай талтаңбайдың көкі-регінде не бар, не жоғын қолмен ұстатқандай жарқыратып жайып салады. Бір жымиғаныңнан-ақ көзін алып қашып, қызара жөнелсе - ұялшақ. Өзің қуаламасаң, ол қуаламайды. Жымиғаныңда ыржаңдап, соңына еріп, артынан сырт айнала беріп, қабағыңды түйгенде әлгі екі езуі екі құлағындағы жайраң күлкісі жым-жылас жоғалса - қорқақ... Жымиғаныңда тұра ұмтылып, қаба-ғыңды түйгенде одан сайын өзеурей жөнелсе - әуме-сер... Жымисаң жымиып, қабағыңды түйсең жік-жаппар боп, бәрібір соңыңнан қалмайтындар - нағыз су ауыз сүмелектер. Олардың сезімі балықтың майындай күлімсі де жылымшы, олардың сүйгені сүліктің қадалғанындай жиренішті де қорқынышты. Жылмиғаныңда жылпылдап, қабағыңды түйгеніңде жаутаңдап, қайтадан қабағың жадырағанда қайтадан құрақ ұша жөнелетіндер нағыз ұзын бүйда, кең түсау бозтайлақ бозымбайлар. Олар қайда жетелесең, сонда жүреді. Әйелдерді өзін-өзі ұмытып беріліп сүю, әйел жолында басын жоғалту тек сондайлардың ғана қолынан келеді.
Зуһра қазір қай еркектің қандай екенін бетіне бір қа-рап-ақ айтып бере алады. Ала қызба ала бұлік, ә дегеннен әупірімдей жөнелетін әңгүдік, қимылының бәрі сағыздай созылып, бірақ бір жабысса, қашып құтыла алмайтын жылмысқы, тап беруінен жалт беруі тез жылпос, емеурініңе-ақ өліп-өшетін елпекбай, сыздаймын деп оты рып қаралай іш пыстыратын кергіме, жаутаңымен-ақ жалыныңды сөндіретін ынжық... Құдай тағала, еркек деген немелердің сорттары қандай көп еді!
Осынау көш құлаш сорттаманың еш тармағына жат-қыза алмайтын екі-ақ еркегі бар. Біреуі - Себепбаев, екіншісі - Күзембаев. Екеуі де былайғы жұртқа атымен ұқсамайды. Себепбаевты көргенде Зуһра өзге еркектің ішіндегісін айтпай біліп отыратын көріпкелдігінен табан астында айырылады да қалады. Тіпті бетіне жөндеп қа-рай да алмайды. Жастарындағы жер мен көктей айырмашылық па, жоқ баяғыдағы алғаш жолыққанда-ақ айтқанын екі етпеген ағаттығы ма, әйтеуір оның бірден пысы басып кетеді. Оның қай қылығына да тек аузын ашып таңырқағанды ғана біледі.
Ол жұртқа ұқсап көлденең көзден қымсыну дегенді білмейді. Дырду жиында отырып, кенет көзі түседі де:
- Ә, қызым, бері кел,- деп қасына шақырып алады. Сосын қайта-қайта жымиып қарай береді. Ол қараған сайын бұның көкірегіндегі әйелге тән тәкаппарлықтың асқар тауы өз-өзінен мүжіліп құлай береді, құлай береді.
- Қарындас, мына ырду-дырду басыңды ауыртқан жоқ па?- деп қояды арасында.
Бірінші үзілісте-ақ:
- Зуһражан, менің бір шұғыл шаруам боп тұрғаны. Шығарып салмайсың ба?-дейді.
Сөйтіп, тайдай тал түсте қарайған халықтын көзінше машинасына отырғызып ап тайып отырады. Оның «қызымдап» басталған әңгімесінің атыңды атаумен аяқталғаны дегеніне жеткені деп біле беріңіз.
Ол мұның үйіне де тапа тал түсте келеді. Машинасын аулаға тықпай, дәл терезенін алдына, көшеге қояды.
Оның еркелеткені де біртүрлі. Жұрт көзінше «қызым», «қарындасым», «Зуһражан» деп сызылып отыратын кісінің тәтті тілі оңаша жерге келгенде тым кедір-бұдыр. Кекетіп отырғанын, не қошеметтеп отырғанын аңғару қиын. Қайдағы бір қитүрқы әңгімелерді қоздатады.
Зуһра оның аузына қараймын деп отырып не істеп, не қойғанын білмейді. Әйтеуір, бір уақытта сыртқы есіктің ілгіші сылдырап, әлдекімнің шығып бара жатқанын анғарады. Әйтеуір, бір уақытта терезесінің алдында қаңтару лы тұрған қара машинаның жым-жылас жоғын көреді. Әлгінде ғана құшағын толтырып балқытып бара жатқан ыстық салмақтың орнына сылдыр-сұйық ауаны ғана құшақтап қалғанын сезеді. Сол бір сәтте көкірегіне аш мысық кіріп кеткендей әлдене қан қақсата тырнап алады. Көзі дымданып сала береді. Өкпе деген нәрсенің өзі де ащы көз жасына шыланған өкініш, ыза екенін сонда ба-рып түсінеді. Енді көрсе бетіне қарамастай, тіл қатпастай боп бекініп-ақ бағады. Бірақ кездессе болды, қайтадан оның аяғына қалай құлап қалғанын өзі де сезбей қалады.
Зуһраның бұл жүрісіне қызықпаса, кұстаналайтын ешкім көрінбейді. Себепбаевтың тұрғыластары: «Е, Зуһ-ра, есенсіз бе?»- деп құрақ ұшып тұрғандары. Ал зама-нында көрікті болған егде бәйбішелердің Себепбаев туралы: «Нағыз жігіттің сүлтаны ғой!»- деп тамсана мақтап отырғандары. Оны естігенде неге екені белгісіз, ішін ит жыртқандай болады. Бірақ артынан өзіне де сұқты көздерін мірдің оғындай шанши қадап отырған ғылым қуған қыз-келіншектерді көргенде, қайтадан арқасы кеңіп қоя береді.
Себепбаев ондайда түк көрмегенсіп маңқия қалады. Әйтеуір, ол минут сайын бұл таңғалатын бірдеңені ойлап табады да тұрады. Ал Күзембаевтың сол баяғысы... Бұны көрсе, шашының арасындағы құйқасына дейін ду қызарып шыға келеді. Жарғақ құлағы одан сайын қалқия түседі. Түймешектей кішкене көкшіл көзі табан астында мөлт-мөлт тамшыға айналып, дәл қазір жерге ағып түсетіндей. Таңертең кабинетіне кіріп бара жатып, бұны көріп, қалт тұра қалады. Жұмыс аяғында кабинетінен шығып келе жатып, бұны көріп қалт тұра қалады. Жұмыс уақытында бұл қабылдауға кім келіп отырғанын хабарлай кіргенде де, құлағы ду қызарып, орнынан ұшып тұрады. Сөйлегенде де ерніне бала кезінен орнап қалған бір тәтті шырынды талмап тұрғандай, ыңырсып бипаз сөйлейтін.
Неге екені белгісіз, Зуһра өз бастығын көрсе болды, жаны ашып қоя береді. Көзі жоқта, ойына түссе, күлкісі келеді. Бірақ еркектерді сорт-сортқа бөліп қойған сан алуан «полкалардың» ешқайсысынан, Себепбаев сияқты оған да еш орын таппайды. Шамасы, пәлен деп, түген деп басыбайлы атақ тағуға қимайтын тәрізді.
Сөйтіп жүрген Күзембаев оны бірде қатты таңғал-дырсын. Жексембінің таңы-тын. Сәске шамасында бұның терезесінің алдына Себепбаевтың машинасындай көшқұлаш жылтыр қара машина кеп тоқтағаны. Бұл елеңдеп орнынан көтерілді. Машинаның алдыңғы есігінен міне, керемет... Себепбаев емес, Күзембаев шықты. Сосын артқы есікті барып ашып, ішінен еңкейіп бұжыр-бұжыр сары чемодан алды. Оң қолының қарына малынған сүр брезент плащ асынды. Шоферға қолын көтеріп әлдене деді. Машина орнынан жылжып жүре берді.
Күзембаев дәл бұның үйіне беттеп келеді. Аяқ басқаны нығыз. Ылғи үйпаланып жататын селеу сары шашы маңдайының бір жартысын ғана жасырыпты.
Кенет қақпа ашылды. Сыртқы есік қағылды. Зуһра, қапелімде, тамағы құрғап, не дерін білмеді. Күзембаев жауап тосып тұрмастан есікті серпіп ашып ішке кірді. Ортаңғы бөлменің табалдырығынан аттай сала, қолындағы чемоданды босағаға қойды. Оның үстіне плащын, плащының үстіне қалпағын тастады. Сосын қабырғаға тірей жа-ғалай қойылған көп орындықтың шет жағындағысына тізе бүкті. Көзіне түсіп кеткен шашын алақанымен сипап кейін қайырды. Көйлегінің жағасы мен галстугын бір сипап өтті. Үлкен кеңсеге шақырылғанда ғана өстуші еді. Өзі үстіне қылау тигізбейтін. Жалпы, Зуһра ұқыпты адамдарды үнатады. Бәлкім, Күзембаевты көргенде күлкісі келе тұрып, біртүрлі іші жылып қоя беретіні де оның осы сипаншақтығынан шығар.
Күзембаев бұның бетіне қарады. Екі торсық шекесі ду қызарып барады. Жөткірініп қойды. Даусы орнықты шықты.
- Зуһра, мен Көптен ойымда жүрген бір тәуекелге бүгін бел буып келдім. О баста үнатып қалғанымды өзің білесің. Бірақ, дәм-тұзың Жәнібекке бұйырды. Жолдарыңда тұрғаным жоқ. Марқұм мені кешіретін шығар. Мен енді осында біржола келдім. Бұл қылығымның арты неге апарып соқса да пейілмін. Тек сен келіссең болғаны.
Сосын пышақ кескендей тыйыла қалды. Зуһра бәрін естіп отыр. Өйткені, Күзембаевтың бүйтіп ұзақ сөйлегенін бірінші рет көріп қызықтап тыңдады. Бірақ бір сөзін де ұққан жоқ. Әлгінде Күзембаевтың аузын ашып сөйле-геніне таңғалса, енді кенет пышақ кескендей тиыла қалғанына таңырқап отыр. Оның мына жүрісі не жүріс? Артынып-тартынып жүрген чемоданы, плащы, қалпағы несі?
Күзембаев әйтеуір осылай күлдіреді де жүреді. Әйтпесе бір қалада тұрып, бұған командировкада жүрген кісідей чемодан арқалап келгені несі? «Әпенде ғой, әпенде»... Әуелден солай еді, әлі солай. Ана қарашы, бұдан көзін айырмай, жауап тосып отыр? Не демек? Көгілдір көздері одан сайын кішірейе түсті. Баяғыда вокзал басындағы Әлібектің дәл осындай монтаны жанары есіне түсті. Неге екені белгісіз қинала күлді. Еркектердің осылай қарағанын көрсе, күлкісі келеді де тұрады.
Терезеден қара көлеңке салқын бөлменің ішін дүр шағылыстырып жарық түсті. Шақыр ете қалған тормоз даусы шықты. Себепбаевтың жүрісі. Орнынан ұшып тұрды. Терезеге беттеді. Күліп жіберді. Екі иығы бүлкілдеп ұзақ күлді. Себепбаевтың сол баяғысы. Дүниенің бәрі соған қарап тұрғандай сәндене шықты. Машинасының есігін кілттеген жоқ. Шалшық кешіп келе жатқан көк құтандай қаздаңдай басып үйге беттеді. Ауланың қақпасын аша беріп, аузындағы насыбайын тротуарға түкіріп тастады. Неге екені белгісіз, Зуһраны күлкі қысып барады. Екі иығы бүлкілдеп күліп түр, әлі күліп түр. Тіпті көзінен жас та шығып кетіпті. Үйдің іші бұлдырай бастады. Әлгінде ғана сыртта қаздаңдай басып келе жатқан әупірім еркек мысық табандап жанына кеп, ту сыртынан құшақтай алғанда ғана, көзін осы қазір Күзембаев отырған орындық жаққа аударды. Бірақ, Себепбаевтың қаусыра құшып, үстіне төніп келе жатқан қапсағай иығы жақында тазартылған төбенің ақшаңқан сылағынан басқа ештеңені аңғартпады.
Күзембаев сол жоғалғаннан мол жоғалды. Зуһра келесі күні жұмысына барғанда бастығының орнында жоқ екенін бір-ақ көрді. Оған жұрт таң қалғанмен бұл таңқалмады. Күзембаевтың сол жолы астанадағы айту-лы қызметін тастап, жапан түзде ашылып жатқан жаңа өндіріске өзі сұранып кеткеніне әркім әрқилы тон пішіп жатты. Бұл ешқайсысына құлақ салған жоқ. Арада бірер ай өтпей жатып жаңа бастық келді. Оған да жұрт таңғалғанмен, бұл таңқалған жоқ. Жұрты құрғырдың таңғал-майтыны болсайшы, сірә. Анада: «Күзембаев қалай кетті?»- деп таңқалып еді енді: «Мынау қалай келді?»- деп таңқалады. Олар үшін дүниеде орынды, заңды ештеңе жоқтай. Ал Зуһра мына дүниеде Себепбаевтың қы-лықтарынан басқа ештеңеге де таңғалмайды. Жаңа бастық келген бетте бұған май көрген мысықтай жылмия қарап жүрді. Артынан бұның бүлк етпегенін көріп, жүндес қабағының бар қылшығын түгел тікірейтіп, тыжыры-на қарайтынды шығарды. Сөйтіп біраз кергіп көрді. Себепбаев кабинетіне кіріп шығып еді, жаңа бастықтың жүндес қабағы жұмсақ алақан аялаған бала мысықтың жон терісіндей жылмиып сала берді.
Содан Зуһра Себепбаевтан басқа ешкімді де көзге ілмеді. Себепбаев өле-өлгенше бұны таңқалдырып өтті. Тіпті өліп жатып та таңқалдырды. Алыс бір жаққа коман-дировкаға кеткен Себепбаев көшеде машинаның астына түсіп қапты. Ол хабар құлағына тигенде, бұл сенбей қойды. Қайдағыны шығармаса басы ауыратын Себепбаевтың кезекті бір қылжағы деп ойлады. Оның табыты әкелінеді деген күні аэропортқа әдеттегісіндей көңілді барды. Орталық қаладан келетін ауыр самолет ыңыранып зорға қонды. Тоқтаған соң көпке дейін есік ашылмады. Трап аэ-родромның екінші бір шетіне қонған басқа самолетке кетіп қалып, көпке дейін босамай қойды. Жұрттың көзі елден ерек дөңкиіп тұрған үлкен самолетте. Зуһра да со-ған телміре қарап қалған. Бір уақытта барып жұрт шүба-тылып түсіп жатты. Шүбырып аэровокзалға беттеді. Қасында тұрғандар самолеттен түскендерді шеттерінен құшақтай ап, сүйісіп жатты. Жабыр-жұбыр. Абыр-са-быр. Бұның кезі әлі самолетте. Жұрттың бәрі түсіп бол-ды. Бірақ салондардың есіктері үңірейіп әлі ашық түр. Сол қарауытқан есіктердің аржағында Себепбаев тығылып отырғандай. Мына жұрт қайтер екен деп әдейі істеп отырғандай. Қазір жалт етіп шыға келетіндей. Қасына кеп бұны құшақтай алатындай. Жұрттың қарап тұрғанымен шаруасы жоқ, шап беріп ерніне жабысатындай. Бірақ... әне... есіктер жабылды. Қаз-қатар қойылған екі трап самолет бауырынан баяу жылжып алыстай берді. Үлкенді-кішілі самолеттер самсап тұрған бетонды алаңда қырық ұйытқып ойнақтап жүрген ызғарлы жел мұның маңдайына, екі бетіне, ерніне сүлікше жабыса кетті. Тіпті жылмандап омырауына еніп барады. Бұл жағасын көтеріп алды. Абажадай самолет жаққа тағы көз тастап еді, бес-алты жеңіл машина зуылдап барып қасына тоқта-ды. Олардың соңын ала жабық қара машина жетті. Ол самолеттің екінші жақ бүйіріне кіре тоқтады. Жеңіл машинадан түскендер де сол жабық машинаның қасына топырласа қапты. Біраздан соң жабық машина орнынан қозғалды. Оның соңына жеңіл машиналар ілесті. Ұзын тізбек бетон алаңның әлде бір шет пұшпағына қарай шұбырып кетіп бара жатты. Түкке түсінбеген бұл таксиге тәлтіректеп зорға жетті. Әлгінде омырауын қармай алған өткір суық көкірегінің басына мәңгі орнап қалғандай.
Ертеңіне абажадай самала залда қақ ортада қарамен жиектелген қып-қызыл табытта жатқан кісіні көргенде көкірегі дір ете түсті. Мынау мөлттей қара костюм киіп, қылғынтып қара галстук тағып алған жіңішке адам Себепбаевқа тіпті ұқсамайды. Ол бұлай төс жағының бар түймесін түгел салып көрген жоқ. Ол ешқашан қара кос-тюм кимейтін. Оның омырауы қашан көрсең де ашық тұратын. Өзі қайдағы бір жылтырақ, алабажақ киімдерге әуес-ті. Тап мынандай боп сіресе қалуы тіпті де мүмкін емес. Жоқ, жоқ... Себепбаев мына жұртты тағы да қылжақ етпекші. Басқа бір мүрдені өзі қып табытқа сап жіберген. Сосын өзі бір жерде ешкім білмейтін бейтаныс біреу боп қалып қойған. Бірақ мынау бастарын төмен салып ілбіп бара жатқан көп шұбырындыға ол енді жоқ, анау табыттың аяқ жағында қаралы киім киіп, қаз-қатар тізіліп отырғандарға ол енді жоқ.
Бұған да ол енді жоқ. Қылжақбас неме бәрін сазға отырғызып кетті. Бұл жұртта көз бар ма өзі? Себепбаев мынандай шақша бас па еді. Оның маңдайына анадай соққы тиюі мүмкін бе? Ешкім оның бетіне жел болып келмеуші еді ғой. Жиналыстарда оған қарсы жалғыз-ақ бір жаңғалақ шал сөйлейтін. Оның да сөзін ешкім құлаққа ілмейтін. Табытта жатқан кісінің қақ маңдайында қатты соққыдан қап-қара дақ тұрып қалыпты.
Қап, антұрған Себепбаев-ай! Бұл енді мына дүниеге қалай сыя алады? Өңмеңдей, өзімсіне келетін ол жоқ жерде осынау жетім көжектей, дір-дір еткен құбақай тірліктен қайтып іші пыспайды. Қап, су жұқпас неме-ай. Бұдан да жас, бұдан да сұлу, біреу қармағыңа ілікті-ау. Бүгін қара құрым жұрттың ішінде қара киген әйелдер неткен көп. Бәрінің де байы өлген бе... Бәрі де табыт жаққа елжірей қарайды. Бәрі де заманында бола қалған өңді әйелдің сыңайын танытады. Бұған көздері түсті-ақ шеттерінен жиырылып қоя береді. Езулерінде кекесін, көздерінде ыза тұр. Е, енді түсінді. Бұлар мұның өзі білмейтін күндестері екен ғой. Қара салмай келгеніне ыза болып тұрғандары екен ғой. Тойға келгендей сәндене киінген бұны атарға оқтары жоқ. Мейлі. Бұл Себепбаев өлді дегенге сене алмайды. Сондықтан да қара кие алмайды. Себепбаев... Себепбаев... Сен тіріде бұдан жақын, бұдан жақсы көретін ешкімің жоқ сияқты еді ғой. Енді, міне, өтірік табытыңа өңмеңдескен мынау тобыр мұны тіпті маңайлататын емес. Бәрі сенің әлгі өтірік табытыңның үстіне түсіп, өліп-өшіп жатыр. Әне, бәрі саған ілесіп, азалы шеру тартып, залдан шықты. Әне, бәрі машиналарға таласа-тармаса, зиратқа беттеді. Әне, бәрі жаңа қазылған жас топырақ төмпектің қасына топырласа тоқтады. Әне, бірінен соң бірі ортаға шығып ап, сұңқылдасқан сумақай еркектердің су төгілмес жорға сөзіне мырс-мырс жылап тұр. Әне, көрге түсіп бара жатқан тақтай табыттың соңынан жапатармағай топырақ лақтырысып жатыр. Әсіресе, әлгі қара киген әйелдерде ес жоқ. Бұны мен сенің араңа тек өздерін ғана емес, мынау қара жерді де кесе көлденең қоймақ. Арт жақтағы бұған: «Қап, бәлем, қалай екен!»- дегендей оқты көздерін атып-атып жалт-жалт қарап қояды. Өңдерінен бір кезде өздері айырылған Себепбаевтан бұның да айырылып қалғанына масаттанған табаның оты ұшқындайды.
Әй, әйелмісің деген-ай... Талай жерде тақырға отырғызып кеткен Себепбаевқа әлі күнге сенеді-ау, бұлар. Ол қу бүгін тағы да тәлкек қып отыр. Тағы да бір ашық ауыз ұрғашының уызын сарқып, мынау «ой, бауырымдап» өкіріп жатқан пәтуасыз тобырға миығынан күліп, сайранды салып жүр. Көрерсіңдер де, білерсіңдер - тап солай. Әттең, шіркін, оның басын айналдырып алған әлгі бір ұрғашыны көрер ме еді. Бірақ ұрғашының басын ол айналдырмаса, оның басын ұрғашы айналдыра алар ма! Мына бір қара киіп қақшаңдап жүрген жетесіздердің түсінбей-тіндері сол ғой. Бұл оның басын айналдырып алғандай көреді. Өздері сияқты бұның да басын ол айналдырып алғанын қайдан білсін! Енді, міне, бұны ол да тап соларға ұқсатып тақырға отырғызып кетті. Жоқ, жоқ, мүмкін емес. Себепбаев мұның жолында талай нәрсеге барған-ды. Талай-талай ұлық дастарқаннан тұрып кетіп мұның құшағына кіретін. Талай-талай айтулы жиналыстарды тастап, қасына кеп қисаятын. Оның тағы да сондай қылжаққа көңілі ауған ғой. Мұнда жұртты мынандай әбігерге сап, өзі анда мұны күтіп жатқан шығар. Себепбаевтан не шықпайды, о да шығады.
Ол неғұрлым дәрежесі асқан еркектер мен ажары асқан әйелдерді көрсе, алақанына түкіріп бағатын. Бастарын жынша айналдырып, білгенін істейтін. Сол су жұқпас Себепбаевтың көңіліне бүгін де бір сайқымазақ қашқай да!
Көкірегіне түнде аэропорт басында қадалған шаншу енді басылайын деді. Әлденеге табаны қышып тұүр. Ол мынау дырдудың тезірек аяқталғанын тықырши күтті. Үйіне де алып-ұшып зорға жетті. Ауланың қақпасы ашық қапты. О тоба! Себепбаев шынында да, үйінде мұны тосып отырған болар. Мойны, омырауы албырап сала бергені. Қазір қарсы алдынан атып шығып, айқара құшатын алапат қызу бетін шарпығандай. Екі тізесі дірілдеп, ішке зорға енді.
Міне, қызық, есіктің алдында крокодил терісінен тігілген су жаңа жалтырақ чемодан тұр. Қасында ешкім жоқ. Аңырып тұрып қалды. Бақшаның түбінен әлдекім ысқырғандай болды. Құйқылжыта ысқырады. Себепба-евтың ысқырғаны, тап сол. Аң аулай барғанда кешқұрым айдалада от жағып, қырғауыл асып отырып, тап солай құйқылжыта ысқырушы еді. Бұл сонда сиқыршының ар-бауына түскендей аузын ашып қалатын. Себепбаев сүйтіп әндетіп-әндетіп алады да, тына қалады. Әлдеқай-дан тамылжытып бұлбұл сайрайды. Өзін-өзі ұмытып еліте әндетеді. Бұлбұлды тыңдағанда Себепбаевтың бет-аузындағы әлгі ойнақылық жым-жылас жоғалып, сұр-ғайып сала береді.
- Зуһражан!
Селт етіп басын көтеріп алады.
- Бұлбұлдың неге әдемі сайрайтынын білесің бе? Басын шайқап, күлімсірейді.
- Өйткені, ол өз әнін өзі ғана тыңдайды. Өзгелердің тыңдап отырғанын сезбейді. Өзгелерден қысылып-қымтырылса, олар не ойлап отыр екен деп алаңдаса мынандай құйқылжыған әдемі ән қайдан шықсын! Кісі бақытты болуы үшін не ешкіммен ешқандай шаруасы болмай саяқ жүруі керек, не жұрттың пыс-пысына пысқырмауы керек. Онсыз бүгежектеп бауырыңды жаза алмайсың. Ал бұқпантайға бақыт бұйырушы ма еді! Солай, Зуһражан!
Ай, Себепбаев, Себепбаев... Жүрген жерінің бәрі қы-зық... Былайғы жұрт бір бөлек те, ол бір бөлек.
Міне, қазір де ол мынау оңаша бақтың бір түкпірінде қайдағы бір қиямпұрыс ойға беріліп тұрмағанына кім кепіл! Бәлкім, анау зират басындағы манағы бір опыр-топырға мысқылдай күліп тұрған шығар. Себепбаевтың көңілденгені де қызық. Жұрт сияқты жадырамайды, қабағын тарс түйіп алады. Екі шықшыты ойнақшып шыға келеді. Ал ашуланғанда бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады. Даусы жұп-жұмсақ. Сөзі мап-майда. Жүріс-тұрысының бәрі сып-сыпайы. Сөйтіп, қуанышы мен ренішінің өзі ешкімге ұқсамайтын Себепбаевтың өлімі жұртқа ұқсайтын ба еді. Оның өлімінің әлгіндей ырду-дырду болуы еш мүмкін емес. Себепбаев олай өл-мейді.
Алма ағаштар тасасынан шыққан ысқырық бірте-бірте жақындай түсті. Бұл жорта теріс айналып тұрды. Әне, жым-жырт бола қалды. Демек, мұны көрді. Аяғы-ның ұшынан басып жақындап келеді. Ту сыртынан кеп құшақтай алады. Не тап көк желкесінен шөп еткізіп сүйіп алады. Не дік еткізіп көтеріп алады да, жолдың бір жиегіне қоя салады, өзі өтіп жүре береді. Қашан атын атап шақырғанша артына бұрылып қарамайды. Көрерсің, қазір де бір қыршаңқылық ойлап келеді. Бұл байқатпағансып, еңкейген боп, бақша жаққа көз тастады...
Анадай жерде иығы сап-сары ала қара киімді біреу тұр. Зуһраның тұла бойы дір ете түсті. Өңін шырамытатын сияқты.
- Мама...
Бейтаныс еркек ду қызарды.
Құдай-ау, мынау не дейді. Кім мұны «мама» деуші еді. Естіп тұрғаны осы. Бірақ бет-әлпеті бір жерде көрген адамына келеді. Әсіресе, жаутаң-жаутаң қарағаны тіптен таныс. Осындай монтаны еркектерге күлкісі келуші ме еді. Қара торылығы болмаса, Күзембаевтың баласы деп қала-тын екенсің. Бұл күлімсіреген соң, ол бірер аттап қасына жақындады. Жүрісі де біреуге ұқсайды. Жоқ, Күземба-евтай кібіртік емес, Себепбаевтай кердең де емес. Ширақ, шұғыл... Әйтеуір біреуден көрген жүрісі. Құдай-ау, кімнен көріп еді... Е, Жәнібек... Иә, иә... Соның жүрісі. Енді таныды. Ол үйге кіріп келе жатқанда да мінбеге шы-ғып бара жатқандағысындай асығыс, шапшаң аттайтын. Киімін де шешпестен қолын сермеп саясат айтып сайрай жөнелетіндей көрінетін. Бірақ, оның көзі өткір-тұғын. Бәрін қойып, мұның әлгі «мамасы» несі!
- Танымай қалдыңыз ба? Иә, танымай тұрғаны рас.
- Мен, Әлібекпін ғой.
Не дейді... Баласы ма! Оның мынадай боп өсіп кете қойғаны ма! Пәлі, ол кеткелі қашан... Әуелі жүрегі сыз-дап қатты сағынған, сылынып тек сүйегі ғана қалған... Келе-келе үйреніскен... Кейде түсіне кіретін... Табал-дырықтан бері ұзамай «Әйәй тәте, мен келдім»,- деп жаудырап тұратын... Бірақ мынандай емес құйтақан дайтұғын... Қазақша сөйлейтін. Ал, мынау «мама» дейді, орысша сөйлейді... Кейінгі кезде онымен кездесуге қаймығушы еді, салып ұрып жетіп келген күнін қарасайшы! Тізесі дірілдеп барады. Аяғын жерден көтере алатын емес. Бейтаныс жігіт жүгіріп кеп қолтығынан демеді. Қолы қандай қайратты еді, оң жақ бүйірін күйдіріп барады.
Есіктен аттай бере мейман туфлиін шешті. Қоңыр салқын бөлмені бір сүйкімсіз иіс жайлап алғандай. Зуһра-ның жүрегі алқымына тығылды. Столдың бір басына ол, бір басына мейман отырды. Екеуі қипақтап бір-біріне қарайды. Содан ол кете-кеткенше осылай жалтақтасып отырғандары.
Бұл жұмысқа кете мейман жігіт іске кірісті. Бақшаны тәртіпке келтірді. Дуалды, шатырды жөндеді, үйді ақтап, еденді бояды. Әйтеуір қашан көрсе де үсті-басы балшық-балшық, шаң-шаң болып жүргені. Ол қалпында көргенде Зуһраның бір түрлі іші-бауыры елжіреп қоя береді. Ал қалай қолы-басын тазалап, жуынып-шайынып, дастарқан басына отырады, солай қайтадан қысылып-қымтырылып бітеді. Өз-өзінен абдырап, қашан тұрып кеткенше асығады. Сонысын сезе ме мейман жігіт шала-пұла тамақтанып ап, тағы бір ұсақ-түйек шаруаны сылтауратып сыртқа ұмтылады. Үйде де аяғының ұшынан басып, еш дыбысын шығармайды. Тіпті жөткірінбейді де. Бірақ Зуһра ол келгелі өз үйіне өзі сиюдан қалды. Сәл нәрседен бүгежектейді де отырады. Әр қимылы санаулы. Түнде төсекте де тұншығып бара жатқандай төңбекшіп бітеді. Өз үйі өзі үшін абақтыға айналғандай. Әсіресе, ауызғы бөлмедегі бөтіңкенің өткір иісі қолқасын атып барады. Бұрын да осындай қолаңса иістен қашып құтыла алмаған жері бар сияқты еді. Апыр-ау, сол қашан еді... Е, баяғы ала қап арқалаған екеу келетінде екен ғой...
Теңіз офицері жігіт екі аптадай болып, қызметіне қайтты. «Келініңіз бен екі немереңіз бар»,- дейді. «Хат салып, хабарласып тұрармын»,- дейді. «Бірдеңеден қар-дарық көріп жатсаңыз айтарсыз»- дейді. Айтуын айтады да, қып-қызыл боп ұялады. Тек самолетке шығып бара жатып, бұған томаға көзі түгел мөлтеңдеп, жал-тақ-жалтақ қарағаны. Сонда ғана мынау еңгезердей бөтен жігіт баяғы құйтақандай Әлібегіне ұқсап кетті. Сүп-сүйір самолет лып етіп көкке көтерілгенде ғана, мұның көмейін манадан бері тығындап тұрған тас түй іншек лық етіп сыртқа атылғандай, тынысы кеңіп сала берді.
Қоңыр салқын бөлмеге ене бере, аяғындағы туфлиін екі жаққа серпіп лақтырып, кереуетке құлай кетті. Жылағысы келеді, көзінде жас жоқ. Тағы да жым-жырт ты-ныштықпен оңаша қалды. Дүние тағы да кеңіп сала берді. «Шіркін, оңашалық қандай жақсы еді!» Осы сөз алғаш рет аузына Себепбаевпен бірінші жолығыстан қайтып оралғанда түсіп еді-ау. Тағы да Себепбаев... Мынау ұлан-асыр дүниеде содан басқа ой тоқтатар ешкімі бол-мағаны ма! Көз алдына мысқылдай жымсиып Себепбаев тұрып алды. «Немене, мен өлді дегенге енді сендің бе?»- дегендей кекете күлімдейді.
Содан бұл үйге сыйып отыра алмады.
Тау бөктеріндегі зираттан басын бір-ақ тартты.
Күн тамылжып түр. Әлде бір әнші құстар құйқылжыта шырқайды. Қайда сайрап тұрғандары белгісіз. Құс емес, ығы-жығы қабірлер арасындағы балапан қайыңдардың майса жапырақтары жамырай ән салып тұрғандай.
Төбеңде - күнге шағылысып қарлы шыңдар жарқырайды. Төменде - сол зеңгір тауларды бөктерлеп шашырай орналасқан салқам қала бейберекет түтіндейді. Ештеңені ажыратып болар емес. Үйлерді, көшелерді бат-тасқан майлақы мұнар көлегейлеп апты. Сол қара кіреу-кенің астында қалай тірлік етіп жүргендеріне таңғалып түр. Оның қасында мына зират нағыз пейіш сияқты. «Е, бәсе, жер түбіндегіні көретін Себепбаев бірдеңені білген екен ғой»,- деп ойлады да, мұнысының күпірлік екені есіне түскендей, не істерін білмей абыржып редикулінен орамал алып, аузын сүртті.
Зуһра Себепбаевтың қабірін тез тапты. Тау-тау веноктар әлі үюлі тұр. Тек қара ленталарға алтын әріппен жазылған сөздер ғана жаңбыр шайып өше бастапты. Бір қара киінген әйел созалаң қимылдап қабірдің төңірегін тазалап жүр. Тау-тау веноктың құбыла бетіндегі қара жиекті портретте Себепбаев тірі күндегісіндей мысқылдай күлмей, туғалы бітпеген байсалдылық бітіп, мөлдірей қарайды. Сұйық қастың астындағы дөңгелек көзде бір тұнжыраңқы мұң бар. Бұл оны танымай қала жаздады. Сол ма, басқа ма деп, кілт тоқтап, үңіле беріп еді, қара киімді әйелдің жалт бұрылғаны. Аяғы аяғына жұқпай алыстай түсті. Қаралы рамадағы Себепбаев мойнын бір қырын бұрып мұның соңынан жаудырап қарап қалды.
Жүрегінің басын әлдебір сиқыр тырнақ үзіп шым-шып алды. Себепбаевтың өлгені рас болмаса нетсін. Әлгіндей аянышты адамның өлсе өлуі де ықтимал ғой.
Тау-тау венок үйілген жас қабірден аулақ кетуге асықты. Бұл жолы Зуһра ешбір еркекке ұқсамайтын сал, сері, қиқар Себепбаевтан бір жолата күдер үзіп, оның аянышты аруағымен біржолата қоштасып келеді. Қос жауырынын шоқ қарып бара жатқандай, тезірек тасаға түсіп кетуге тырысты.
Жапырлаған құлпытастардағы жас, кәрі, әйел, еркек шетінен жаудырай қарайды. Тірлікте ғой, осылар бір-біріне атымен ұқсамайды. Біреуі ақылды, біреуі ақылсыз, біреуі бақытты, біреуі бақытсыз, біреуінің жолы болғыш, біреуінің иті ылғи қырын жүгіретін жолсыз, біреуі сұлу, біреуі сиықсыз, біреуі сүйкімді, біреуі сұмырай. Ал мынау мұздай суық көк тас пен көк темірге жапсырылған алақандай шынының астында бәрі бір-бірінен аумай қалыпты. Бәрі де жер үстіндегілерден мейірім мен рахым дәметкендей жалбарына қарайды.
Зуһраның өмірінде алғаш рет сол күні жүрегі шымырлады. Зират қоршауының сыртында, автобусқа отырып жатып, қасындағыларға көз салып еді, олардың да жанары әлгі құлпытастардағы суреттердей мелшие қапты. Ол ешкімге жуымай, оңаша болғысы кеп, ең арт жаққа жайғасты. Автобус енді қозғала бергенде, мана Себепбаевтың қабірінің басында жүрген қара киімді әйелдің кіріп келгені. Жолындағы бос орындықтардың еш-қайсысын көрмегендей тұп-тура Зуһраға беттеді. Жүрісі созалаң болғанмен, жүзі қату. Жазық маңдай, сұйық қас, қыр мұрын. Сабаудай-сабаудай ұзын кірпіктердің тасасына тығылып жатқан бір өжет сұс бар. Не жұрттың бәрін баса көктеп үйренген айбардың, не жұртта есесі кете-кете, енді ешкімге жібіместей боп, ішіне қан қатқан тас түйін ызаның сұсы. Сол мелшиген сұп-сұр қалпы, сол қақшиған тіп-тік қалпы қасына кеп отыра кетті. Зуһ-раның дірілдеп ала жөнелгені. Ұяттың дірілі ме, үрейдің дірілі ме, әлде тымырсық күндестіктің, өшпенділіктің дірілі ме - өзі білмейді. Алдындағы орындықтың сұп-суық темірінен мытып ұстап, қалшиып қатыпты да қалып-ты.
Автобус тар шатқалда шайқалақтап біраз жүрді. Со-сын кең көшеге шықты. Қасындағы әйелге сонда барып тіл бітті.
- Азаматыңыздан айырылып па едіңіз?
Зуһраның екі беті ду ете түсті. Көзіне лып етіп жас үйірілді. Бір қапталынан алара қараған сұсты жанар күрт жылынды. Көрші әйел бұдан жүзін бұрып әкетіп, бір күрсінді. Зуһраның шиыршық атқан денесі абдырап сала берді. Жүрегі лоблып, басы айналып бара жатқандай. Қараптан-қарап тітіркеніп қояды. Содан қайтып көршісіне көз салған жоқ. Тек түсіп бара жатып, көз қиығын тас-тап еді, тас мүсіндей сұп-сұр әйелдің жанарында мөлдіреп мұң тұр екен.
«О да бір дәурен екен ғой. Зымырап өтіп бара жатқан... («өмір-ай!» деуге аузы бармай)... уақыт-ай!»- дейтін ол кейін есіне түскенде.
Содан Зуһраны бір бойкүйездік билеп алғаны. Бұрынғыдай айнаға көп қарамайды. Бұрынғыдай опа, далап, иіс май жағынбайды. Бұрынғыдай аялдамада, автобуста, көшеде жұртқа көз салмайды. Жұмысына тұп-тура барады, үйіне тұп-тура қайтады. Ешқайда басын бүрмайды да. Бірақ бұрынғыдай қоңыраулы сағаттың әбден даусы қарлыққанда ғана барып бір-ақ оянбайды. Терезе жақтауының арасынан қымсына сығалайтын көмескі көкшіл жарық ең алдымен соның кірпіктеріне кеп кірпідей қадала кетеді. Бұл жалма-жан көзін ашып алады. Содан құлағынан бір тысыр кетпейді. Көшеде жаңбыр жауып түр екен дейін десе, артынан сыртқа шықса, құп-құрғақ. Еденнің астында тышқан жүр екен дейін десе, тек таң атып келе жатқанда ғана қозғалатын тышқан болмаса, басқа уақытта тып-тыныш. Тысыр-тысыр, тықыр-тықыр. Әлгі дыбыс басылмайды. Әлдекім мұның жүйкесінде ойнау үшін әдейі істеп тұрғандай. Тысыр-тысыр, тықыл-тықыл, сусыл-сусыл... Ол басылғанша күн де шығады. Күн көтеріле ол орнынан тұрады. Шай ішіп, жұмысына ке-теді.
Зуһра осынау салпы етек жан бағысқа лайық салпы етек біреу болған шығармын деп ойлайтын. Бір күні таңертең кеңсеге кіріп бара жатып, көлдей шар айнаға көзі түскені. Өзін көріп айран-асыр қалғаны. Үсті-басы мұнтаздай. Бет-аузы жып-жылтыр. Сызылған жіңішке қасы керіліп жатыр. Бап-баяғысы. Тек шарасы үлкейіп, аласы кебейген нұрлы көзінде бір тұңғиық мұң бар. Сол мұң оның тәкаппар жүзін бұрынғыдан бетер асқақтата түскендей. Сол асқақтық төңірегіндегілерді бұрынғыдан бетер аласарта түскендей. Сол асқақтық төңірегіндегілерді бұрынғыдан бетер ынтықтыра, құмарландыра түсетін дей. Кеңседе, көшеде, автобуста жұртқа көз тастап еді - сыртынан сұқтанып отыратындар әлі көп екен.
Зуһра қайтадан таранып-сылана бастады. Төсектен тұра айнаға келеді. Жоқ, бұның басына қаншама қарлы қаратау іс түссе де, көрген көздің сұғына ілікпейтін түрі көрінбейді. Бұл жолы Зуһра оған бола масаттанбаса, ба-яғы Жәнібектің жаманатын естігендегісіндей налыған жоқ.
Зуһраның біз өкше туфлиі өтіп бара жатқандардың жалт бұрылып қарамасына қоймастай қып, қара жерді қадап басады. Әйел батылданған жерде еркек тайсалу-шы ма еді! Зуһра сыланып-сипанған сайын одан дәмелілер от көрген көбелектей үйіріле түседі. Көздерін сатып отыратындарын тастап, сәл нәрседен себеп тауып, жұғыса кетеді.
Ондайды бастаған баяғы Себепбаевпен бақас ғалым шал болды. Оның қысы-жазы тастамайтын шашақты тақиясы желпілдеп, ит қуған тауықтай тызақтап шауып келе жатқанын көріп марқұм шексілесі қатып күлетін-ді. Сонда қиқар шал тақиясы жерге түсіп кеткенше шалқайып кердеңдей басып өте шығарды. Себепбаевты да сол кеңк-кеңк күлкісіне бола жек көретін. Ол тұрған жерге жуымайтын. Ал қазір қайда көрсең, тақиясы желпілдеп сол жүреді. Анадайдан аузы жалпылдап қоя береді. Еркек болсаң - оң жақ өңіріңнен ұстай алады, әйел болсаң - оң білегіңнен оратыла кетеді. Су ағарға жидіп біткен жирен мұртын кеңірдегіңе төсеп, сусылдай жөнеледі. Бір жиында Зуһраның да оң жақ қарына оратыла кеткені.
- Зуһражан, амансың ба...
Жыламсырап, қалтасынан орамал ап, көзін сүрте беріп еді, бұғағы салбыраған бір жуан сары қарсы жо-лықты да, бейшара орамал көзді тастай барып, құс мұрынның астынан бір-ақ шықты. Жуан сары өтіп кеткесін қайтадан балпылдай бастап еді, жылан көз сүрша жігіттің сумаң етіп жетіп келгені. Әлгінде ғана жыларман боп тұрған жасық дауыс аяқ астынан қатулана қалғаны.
- Бар, бар әуелі ана ағаңа бар. Менімен сосын сөй-
лес!
Ол мұны бір шетке қарай ығыстыра берді. Әншейінде қасында бір минут тұра алмайтын осы бір шошаңбай шал со күні оған бір түрлі қызық көрінді. Бір де бір сөзі құлағына кірмейді. Сонда да тыңдап келеді. Тыңдаған сайын жек көре түседі. Жек көрген сайын қызықтай түседі. Шалдың аузына тыным жоқ. Көшеде де самбырлап келеді. Таксиде де құлағын сарсытты. Қала шетіндегі оңа ша ресторанның бір түкпірдегі оңаша столы басында да жақ жапқан жоқ. Әңгімесінің бәрі - Себепбаев. Әуелі бұған көңіл айтты. Сосын марқұмды мақтай жөнелді. «Несін айтасың, жігіттің сүлтаны еді ғой!»- деп басын шайқап-шайқап қояды. Екеуінің арасындағы ғылми таласты бақастық санап жүрген надан қазақтардың да сыбағасын берді аямай. Екеуінің арасында ешқандай дүрдеараздық жоқ екенін айтып ант-су ішті. Сосын ба-рып марқұмның кейбір осалдықтарына көшті. Осалдық деген иттің кім-кімде де бола беретінін ескертті. Егер құдай көкте емес, жерде болып, бір-екі рет академияның сайлауына түсіп көрсе, оның да қадірінің қандай болаты-ны белгілі деп шиық-шиық күліп қойды.
Әңгіме айтқанда дүниені түгел ұмытады екен. Рестораннан шығып келе жатып та сөйлеп бақты. Мұны үйіне шығарып тұрып та сөйлеп бақты. Мұнымен қоштасып жатып та сөйлеп бақты. Артынан әлгінде ғана қоштасқанын ұмытып кетіп, ілесіп бұның үйіне кірді. Кіріп келе жатып та сөйлеп келе жатты. Оңаша бөлмеде екеуден-екеу бөтелке босатысып отырып та бір мүдірген емес. Тіпті түннің бір уағында, ішімдіктен басы зеңіп, отырған орындығында, қалғып кеткен Зуһра біреудің қолы тиіп шырт оянғанда, сүліктей қадалып жатқан етті еріндердің кілт ажырай бере, қайтадан жалп-жалп сөйлеп кеткенін көрді.
Шараптың буына балқып отырған әйел осы бір сөлекет сөйлеп, сөлекет қимылдайтын мылжың шалдың әлгі озбырлығына еш шамданған жоқ.
Таң атар-атпаста, ел көрмей тұрып зытқан мылжың шалдың жатқан жеріне аунап түсіп еді, әлі суый қоймаған өзге дененің жылуы жанына майдай жағып қоя бергені. Өзге дененің қызуы... Баяғыда ақ нөсер астында Себепбаевтың құшағында неге есеңгіреп қалғанына енді түсінді. Кешегі пәтуасыз шалдың қалтылдақ қолын неге қағып жібермегеніне де енді түсініп жатыр.
«О да бір дөурен екен-ау. Өтіп бара жатқан... («өмір-ай!» деуге аузы бармай) күндер-ай!»- дейтін кейін есіне сол түскенде.
Еркек жарықтық та қызық халық қой. Қай-қайсысы-ның да: «Қарындас!» «Зуһражан», «Жеңеше!» деп басталатын мәймөңке әңгімесі шырқ үйіріліп келгенде баяғы бір гөпке тіреледі. Сосын әр қайсысы әр нәрсені сылтау-ратып, жөн-жөніне тайып тұрады. Бірақ соған бола налып жатқан Зуһра жоқ. Өйтетіні - солардың бетегеден биік, жусаннан аласа боп, сызылып-мызылып тұратындары бір-екі рет жолыққанша ғана. Ал қасыңа бір аптадан астам басыбайлы тоқтады-ақ жоқтан өзгеге қиқу салып шыға келеді. Көрсеқызарлардың іштері тар болады деуші еді. Сол рас сияқты. Дүниедегі екі аяқты, төрт аяқтылардың ішінде еркектердей көрсеқызар жоқ шығар. Ендеше, солардан асқан іші тар да ештеңе жоқ екен.
Баяғыда ыстық жақтан қызметі ауысып келген бір офицер бұдан пәтер жалдап тұрады. Қоңқақ мұрын көл-табан неме алғашында солдаттарын ертіп әкеп, үйін жөндеп беріп құрақ ұшып жүрді. Сосын түннің бір уағына дейін бұның бөлмесінде шай ішіп отырып алатынды көбейтті. Сөйте-сөйте оның суына қызыл жүгірткен сыптима көк шалбары бұның кереуетінің қасындағы орындықтан бір-ақ шықты.
Әуелі бұл оған қатты ыңғайсызданды. Сосын бір түрлі қызық көрді. Бұрын Себепбаев келсе де, басқа келсе де апыл-құпыл бір-ақ сәтке, асқанда бір-ақ түнге соғатын, артынан пәленбай уақыт көрінбей қоятын. Қас қағым келте қуаныштың алды-артында жылдай ұзақ аңсау-тосу тұратын. Енді, міне, күнде-күнде сағат он бірден асар-аспаста төсек сал деп тыпыршиды. Төсек салынар-салынбаста сықырлаған екі етікті есікке атып, көрпе астына күмп береді. Таңертең бәлденіп төсектен тұрып жатады. Бәлденіп қызметіне кетеді. Бәлденіп қыз-метінен қайтады. Бәлденіп шешінеді. Бәлденіп қасына жатады. Бұл не? Кіріптарлық па? Әлде әлгі жұрттың ауыздарының суы құритын жүптық өмір, жұбай бақыты дейтіндері осы ма?
Солдаттарды қасы мен қабағына қаратып қалған неме бұған да ала көзімен ата қарайды. Әсіресе айнаның алдында отырғанын көргенде, табанына біз кіргендей болады. Құдды, бұл мынау опа, далап, иіс майды ертең бұдан басқа еркектерге үнау үшін жағып отырғандай. Ойына не түсетінін кім біліпті, ондайда аузынан шыққан әр дыбыста ызыңнан гөрі ысқырық көбейіп кетеді. Келген-кеткенінде сұқты көзімен бұрыш-бұрышты тінткілеп бағады. Ол аз дегендей, бір күні құлағын едірейтіп, тілін салақтатып, еңгезердей күшік ертіп әкелгені. Әскерде оқ-дәрі қоймасын басқарады екен. Оны да тап бұлай қорымайтын шығар.
Бұрын көрген еркектері ылғи мұның ығына жығылушы еді. Олардың ішінде баса-көктеп кіріп, еркін сөйлейтіні - тек Себепбаев болатын. Бірақ оның қай қылығы да қалжың сияқты. Мұнымен өткізген бірер жы лының өзі әлдеқандай бір күлкілі спектакльдін көңілді көрінісіне ұқсайтын. Зуһра әлгі шындық деп аталатыи, өмір деп аталатын құбыжықпен енді, міне, бетпе-бет кездесіп тұр. Мынау сәл нөрседен секем ап, қабағын тарс түйіп алатын ала көз еркек - өмір. Анау сәл нәрседен құлағын тікірейтіп, азу тістерін ырситатын ор ауыз төбет - өмір. Зуһра да мынау осынша тұрпайы, осынша озбыр жүптық өмірден құтылғанша асықты. Баяғы салт басты, сабау қамшылы сауық-сайрандарын аңсады. Ол тілегі де оңынан оратыла кетті. Оқ-дәрі базасының бастығының қызметі басқа гарнизонға ауысты.
Зуһра тағы да оңаша қалды. Тағы да өзіне қожа. Не істеп, не қоям десе де өз еркі. Дүниенің бұрынғыша кең екенін, еркін жұтып, еркін тыныстар таза ауаның мол екенін сонда барып аңғарды. Таңертең қалаған уақытында тұрып, кешке қалаған уақытында үйге қайтқаннан асқан бостандық жоқ екеніне де сонда түсінген-ді. Солай біраз уақыт еркін жүріп, еркін тұрды. Жылдар өте берді. Оқ-дәрі қоймасының бастығынан қалған байлаулы күшік қол-аяғы серейген дәу төбет болды. Көзімен ата қарап, арс ете қалатын ашулы иттен жұрт түгілі өзі сескенеді. Бірақ, еңгезердей төбет бұны көрсе, бала күшіктей атанақтап ойнап кетеді. Таңертең жұмысқа кеткенінде де жер тырнап, арпалысып қалады.
Зуһра майор бардағы айнадан жасқанатынды қойды. Кірсе-шықса көлдей шынының алдынан шықпайды. Ақ жүзінде шытынап сынған ақ мәрмәрдей қиқы-жиқы сызық көбейіпті. Соны күніне қырық сылап, көрсетпей әлек. Көрсеқызар еркектер оларды көрсе де, көрмеген-сиді. Бірақ бұрынғыдай үйіне келіп айлап-апталап жатып алмайды. Соңғы рет теңге мұрт ақынның ғана бір аптадай тұрақтағаны бар. Оның бір ерекшелігі - аузы құрғамай-тын, бірақ қанша ішсе де, мұнтаздай боп таза жүретін. Шет жақтың ересен балшығы, ол келе жатқанда теп-тез құрғап кететіндей балағына дақ жұқпайтын. Сосынғы бір қасиеті - сөзге жоқтығы. Қаламақы төлемейтін жерге сөз шығындап қайтем дейтіндей, сәлемдескенде де, ернін қимылдатпай, бас изей салатын. Бар білетіні бір-ақ ауыз сөз: «Рақмет». Оны да күніне бір рет, түн ортасында айтады.
Сол үндеместі көрсе болды, әлгі ор ауыз төбет жақ жаппайды. Ол үйге кіргеннен-ақ ырсылдап бітеді. Кездейсоқ терезеден көріп қалса болды - темір шынжырды үзіп жіберердей құтырына жұлқынады. Теңге мұрт ақын бейшара төбеттің мұндай арпалысына бір күн шыдады, екі күн шыдады... Ақырында, жетінші күні сарыала таңнан тұрды. Қағаздарын жинады. Көйлегін өтектеді, шалбарын өтектеді. (Бір ғажабы, теңге мұрт ақын киім-дерін ешкімге ұстатпай, өзі жуып, өзі өтектейтін). Верандаға шығып, итті арпылдатып пиджагін шөткіледі, туфлиін тазалап, жалтырата сүртті. Сосын үйге қайтып кеп, қапсағай қара портфелін қолына ап:
- Мына төбеттің де обалы бар шығар. Бұдан өрі азаптап қайтем,- деп қолын көкірегіне апарып, басын иді де, тық-тық басып шығып кетті.
Сол кеткеннен мол кетті. Содан бастап теңге мұрт ақын ғана емес, басқа еркектер де қарасын жоғалтты. Қызметте де әуелі бұл жаққа сызыла бір қарап алуды па-рыз санайтын еркек қауым көз салмай өтіп кете баратын-ды көбейтті. Содан да болар көп ұзамай, бір шоқ гүл мен бірер шампанның обалына қап, «құрметті демалысқа» шықты.
Зуһра үлкен қаланың шет жақтағы қарағай үйінде қабаған итімен оңаша қалды. Әуелі үйреншікті әдетпен ерте тұрып, терезеге қарайтын. Асығып-үсігіп жұмысқа жөңкіліп бара жатқан жұртты көріп, ауыр күрсінетін. Ешетеңе демейтін. Келе-келе тал түске дейін жатып алатынға үйренді.
Енді беймезгіл ешкім есік қақпайды. Біреу-міреу кіріп келсе, ұят болмасыншы деп, қараптан-қарап сыла-нып-сипанып, мұнтаздай боп киініп отыратынды да ұмытты. Үй-ішін де бұрынғыдай қағып-сілкілей бермейді. Сәл нәрсеге желп ете қалатын нәзік желбезегі ондай-мұндай күңірсік иістерге де үйренісейін деді. Осы күндері баяғы оқ-дәрі қоймасының бастығының шұлығын жуғанда тыжырынып, мұрнын басып әлекке қалатыны есіне түскенде, мырс-мырс күледі. Артынан: «Өтіп бара жатқан... («өмір-ай!» деуге аузы бармай)... күндер-ай»- дейді күрсініп.
Күндер, шынында да, өте берді. Сұғанақ уақыт бір кездегі әдемі келіншекті бүгінде айнаға қарауға құлықсыз етті. Қараса - аппақ жүзін аяусыз торлап алған шимайды көреді. Ол шимай кісіні шытырман ойға салады. Өз бетіңе түскен мынау шәт-шәлекей сызық сен туралы өзін түсіне қоймайтын өзге бір тілде жазылған үкім сияқты. Ұқпасаң да, тіксінесің. Секемшіл жүрек әлде бір болмай қоймас қатерден хабар сезетіндей.
Сондықтан ол айнадан гөрі жастық шақтың ізі сайрап тұрған барқыт тысты альбомға көбірек үңіледі. Бірақ одан да құлазыған көңілі одан сайын құлази түспесе, еш кенеу таппайтын. Бұрын оңашаны, тыныштықты жақсы көретін. Зуһра қазір баяғыдан тұрып келе жатқан төрт бөлме үйден қараптан қарап елегізеді. Жылы киініп итін ертіп көшеге шығады. Сар жапырақ саулап жатқан шеткері көшеде ілбіп басып келе жатады. Бір кезде бұл сыртқа шықты-ақ жан-жақтан сұқтанып бағатын сімсік көздер енді мұның өзіне емес итіне түседі. Оның аузына, серейген төрт аяғына, шолтиған құйрығына қарайды. Біреулері анадайдан сескеніп, шетке ығысса, екіншілері таңдайларын қағады. Ит екеш ит те жұрттың назарына масаттанып, кердеңдей басады. Жұрттың бәрінің көзі итте. Ит жетектеп келе жатқан әйелмен ешкімнің шаруасы жоқ.
Ол әлгіндей серуеннен үйіне сергіп оралудың орнына, аяғын әзер сүйретіп болдыртып оралады. Айналадан состия төнген сұп-сұр қабырғаларға беттей алмай, пешке маңдайын тосып отырады. Үйдің бұрыш-бұрышынан бастап қарауытқан қараңғылық қоюлана түседі.
Ол екі көзін пештен, онда жылт-жылт жанып жатқан оттан алмайды. Ту сыртынан қапсыра, қоршап келе жатқан қараңғыдан сескенгендей кенет орнынан шапшаң тұрып, шамның шүріппесін басады. Өткір жарық лап қойғанда бөлме іші бір сәт көңілденіп кетеді де, артынша-ақ қайтадан құлазып сала береді. Басқа шам жағылмаған бөлмелердің қап-қараңғы есіктері ауыздарын арандай ашып аңдап тұрады. Зуһра амалсыз орнынан көтеріліп, буындары дірілдеп сыртқа шығады. Ауызғы бөлмеде жататын арлан төбетті төргі бөлмеге енгізеді. Тілі салақтаған сұсты төбет абажадай бөлмедегі үрейді, тылсым тыныштықты жым-жылас қуып шығады. Аяғының астына кеп, ұзыннан ұзын сұлап жатып алады. Тілін салақтатып ырс-ырс дем шығарады. Үй ішіндегі сыз иісінің орнына қайдағы бір күмілжі иіс орнайды. Бір кезде жүрегін айнытатын сол бір қоңырсық иіс қазір қараптан-қарап елегізген кәрі жүрегіне басу болып, жоқтан өзгеге шамырыққыш жүйкесі жай тапқандай болады. Аяғына жанасып жатқан жат дененің ыстығы жанына майдай жағып бара жатқандай.
Енді таң саз бере баяғы бір тықыр-тықыр, тысыр-тысыр, сусыл-сусыл дыбысты тағы да еститін болды. Әл-декім қара жердің өзін өші бардай ойып тесіп жіберердей боп, тістене қырнап жатқандай. Бірақ, қасында ит болса да, қара болғасын оған денесі бұрынғыдай түршікпейтін сияқты. «Өй, өтіп бара жатқан күндер-ай»,- дейтін, «өмір-ай» деуге аузы бармай, кейін есіне сондай кештер түскенде, екі иінінен дем алып бір күрсініп қойып.
Бірақ ол дәурен де ұзаққа бармады. Иті құрғыр адамдай емес тез қартаяды екен. Арлан төбет әбден алжыды. Тіпті сыртқа да шыға алмайтын боп қалды. Итаяғымен, қарғы бауымен түп-түгел төргі бөлмеге көшіп алды. Төсегінің аяқ жағында жатады да қояды. Оның ендігі ермегі - сол ажал аузында жатқан итін күту. Алдына ас қояды, астын тазалайды, көтеріп ваннаға апарып, сабындап жуады, астына ақ жайма төсеп, кереуетінің аяқ жағындағы тақтай төсекке әкеп салады. Түні бойы әбден қартайып әлсіз жатқан иттің дыбысын тыңдаумен болады. Көзін сәл жұмса, сол бір пыс-пыс тіршілік дыбысы бір жола өшіп қалатындай.
Бір күні төбет түні бойы оқтын-оқтын ұлып шықты. Мойнын көтере алмағандықтан ұлығаны қайта-қайта үзіліп қалады. Өмір бойы шынжырда тұрып, талай жерде қапысы кеткен тағдырына налитындай. Өксігі басылмай қайта-қайта ұлыды. Тырбанып жан-жағынан қара іздеді. Бұл шыдай алмай, орнынан тұрды. Арпалысып жатқан иттің қасына барып, басын тізесіне салды. Арлан төбет сосын қайтып ұлымады. Бұның сипағанына елтігендей пыс-пыс тыныстап үнсіз жатты. Кенет аузы әнтек ашылды да, төрт аяғын бір-ақ серпіп, үзіліп жөнеле берді.
Зуһра өмірінде сол күні ғана өксігін баса алмай ұзақ жылады. Төңірегіне тағы да үрейлі тылсым тыныштық орнады. Сол жым-жырт тыныштық жүйкесін жегідей жеп барады. Таң алдында үйреншікті тықыр-тықыр, тырсыл-тырсыл, сусыл-сусыл дыбыс шыққанда қуанып кетті. Жүгіріп сыртқа шықты. Сөйтсе, анадайда қолына ұзын сапты сыпырғы ұстаған еңгезердей біреу құлаштай сермеп көше сыпырып жүр. Үсті-басы түп-түгел ақ то-заң. Өзі де ет пен сүйектен емес ақ тозаңнан жаралғандай. Бұл қасына барып тілдесіп еді, үндемеді. Ымдап еді түсінді. Қолындағы сырық сапты сыпырғысын терекке сүйей салып, сырп-сырп басып соңына ерді. Бөлмеге кіргесін серейіп өліп жатқан итті көріп, басын шайқап қойды. Оның неге өйткеніне түсініп жатқан Зуһра жоқ. Шал итті артқы сирағынан сүйрелеп сыртқа алып шықты. Бақтың түбіне қарай алып кетті. Отын салатын сарайдан күрек тауып шұқыр қазды. Белден келетіндей қып қазды да, төбетті соған көмді. Сосын мұның берген шытырлақ қағазын ұйпа-тұйпа шалбарының қалтасына селқос тыға сап, сырп-сырп басып жұмысына тартты.
Ол енді шет жақтағы абажа үйде жалғыз қалды. Ай-айдың аяғында азғантай пенсиясы мен баласы жіберген ақшаны әкеп беретін почташы кемпірден басқа ешкім есік ашпайды. Күні бойы терезеге телміріп отырады да қояды. Түні бойы төңбекшіп шығады.
Мынау түксиген сұп-сұр төрт қабырғаның арасында өтіп жатқан бірінен бірі аумайтын сұрықсыз күндер, күні-түні жан-жағын қоршап тұрған меңіреу тыныштық, әлгі бір күмілжі ит иісіне дейін өшіп бітуге айналған көл-көсір салқын ауа, мынау кеуде сүйреткен далбаса тірлік баяғыда әз-әулие көріп жүрген өзің мен өзің дәурен сүретін емін-еркін бостандығы ма... Сонда бұның несіне таңдайқата болды екен?! Оның да түбіне жетіп ойланғысы келмейді. Әйтеуір таң атса ербиіп төсегінен тұрады. Кеш болса жинаусыз төсегіне жарбиып қайта құлайды. Аяқ-қолы бұрынғыдай емес, сәл қимылдаса өз-өзінен үзіліп бара жатады. Әйтеуір бір жарыққа тырмысқан далбаса көңілмен терезенің алдына келеді. Бұрынғыдай барқыт тысты альбомды қолына да алмай-ды. Бетін ашса, баяғы кездің бақытты елестері емес, әл-дебір әзәзіл мың-сан оқты қатар жаудыра жөнелетіндей жүрегі шаншып қоя береді. Оның үстіне қағаз бетіндегі қиқы-жиқы таңдақтарды ажыратып жатуға көзі де көр-мей барады. Ал терезенің алдында да - сол баяғы көрініс. Күннен-күнге жапырағы түсіп сидаланып бара жатқан теректер. Күннен күнге солғынданып әрі кетіп бара жат-қан аласа аспан. Тек ақар-шақар шыңдар ғана құдіреті күшті уақытқа біздер ғана мойын ұсынбаймыз дегендей шалқая жарқырайды. Құлағына еміс-еміс сарын келеді. Ол анадай жердегі тау мен қаланы жалғастырып жатқан үлкен көшедегі мігірсіз тірліктің сарыны. Сол бір ұлы жосқын мұны жаңқадай жағаға лақтырып жібергендей. Әлде бұл сол жосқынға араласуға о бастан-ақ жүрегі дауаламады ма?! Ол арасын да анық біліп жатқан жоқ. Бұрын әйтеуір сарынын естіп жүруші еді. Ол да бұдан күннен-күнге алыстап бара жатқандай. Күннен күнге тосаң тартып келе жатқан құлақ бұны ырду-дырду тіршіліктің өзі түгілі дүбірінен де бірте-бірте аулақтата түскендей. Сонда да бұл таң атса болды, терезенің алдынан кетпейді. Сонда да бұл көшеге көзін сатып отырады да қояды. Суық шыны сыртындағы көріністі де сұрғайтып, сұстандырып жібереді екен.
Содан өкпесіне салқын тиді ме, күркілдеп көп жөтелетінді шығарып жүр. Әлде төңірегіндегі дүниенің бәрі мұзға айналып кеткен бе, жоқ мынау сүйегімен сүйек боп жабысып қалған шанаш терісінің өзі тиген жерін мұз боп қарып ала ма, әйтеуір тұла бойы бір жылынбай-ақ қойды. Баяғы буы бұрқырап тұратын жылы төсек те қалқа болудан қалып барады. Кейде таң атқанша иегі иегіне тимей дірілдеп шығады. Ондайда өн бойына шым-шым дарып жататын өзге дененің жылуы есіне түседі. Баяғыдағы қайратты еркектердің сүйек балқытар қызуын былай қойып, осындай тоңғаныңда аяқ жағыңа әкеп тастасаң, көрпенің сыртынан қыз-қыз қайнатып жататын сұр төбеттің жылуының өзіне не жетуші еді. Шіркін, ол бардағы өмір де өмір екен ғой. Қасына ит ертіп, мұнтаздай боп киініп шығатын ғой. Сары жапырақтар саулап жатқан оңаша көшеде күрт-күрт басып қаннен-қаперсіз серуендеп жүретін еді. Маңына ешкім жуый алмасты. Тілі салақтаған, құлағы едірейген сұр төбет кім-кімді де алыстан айбындырып, бұның өзіне де қайрат бітіретін-ді. Қасында ол барда жұрт мұның өзінен де жасқанатын-ды. «Мынандай ит ертіп жүрген әйел тегін кісі болмас» деп ойламайды дейсің бе! Ал қазір сұр төбет өлгелі сыртқа шығудан да қалып барады. Қалтақтаған кәрі кемпірді біреу-міреу қағып кете ме деп қорқады.
Несін айтасың, ол барда осы үйдің өзі қандай еді! Пыс-пыс етіп дем алғанының өзі неге тұрады. Әйтеуір қасыңда сенен басқа да тіршілік иесі бар екенін біліп, жағаң жайлау еркін жатасың ғой. Ал қазір кейде көз іліндіре алмайды. Ондайда мынау құлазыған төрт бөлме-де ғана емес, күллі жер бетінде жалғыз қалғандай көрі-неді. Тек мынау қақаған төрт бөлме ғана емес, жарық жалғанның өзі қаңырап бос қалғандай. Ең болмаса бір сыбыс-сыбдыр шығар ма екен деп айналаға құлақ түріп бағады. Үн жоқ. Не адамның дыбысы шықпайды, не ит үрмейді, анда-санда аспанды қақыратып гүрілдетіп өтетін түнгі самолеттерге де тиырым бола қалған. Сыртта тек терек жапырақтары сыбдырласады. Үй іргесіндегі арықта су сылдырайды. Бірақ бір де бір жан иесі тырс етпейді. Кейде ол тіпті өзінің де сыбысы өшіп қалған жоқ па деп қорқады. Ондайда төңбекшіп бір аударылып түседі. Кереуеттің оқыс сықыры мынау қап-қараңғы үйдің бұрыш-бұрышынан мыц сан қарақшы жарыса тіс қайрағандай қорқынышты естілоді. Сөйтіп бақырайып жатады да қояды. Тек бір уақыттарда, сырттағы тарс жабық терезе жақтауының арасынан сұп-суық көгілдір жарық сығалағанда ғана тықыр-тықыр, тысыр-тысыр, сусыл-сусыл дыбыс шығады. Бұрын қара жерді азуына сап кеміріп жатқан алапат аждаһаның дыбысындай үрейлі естілетін сол бір үн құлағына қазір майдай жағады. Көз алдына таңғы алакеуімде сұрғайытып көрінетін еңгезердей шал тұра қалды. Қолында сырық сап сыпыртқы. Дүниенің бір шетінен бастап мұқият тазартып келеді. Иненің жасауындай кіршік көрсе мүлт жібермейді. Үндемейді. Мынандай игі шаруаның үстіндегі адам төңірегіндегілерге бақырып-шақырып сөйлеп қайтеді. Жалпы, адам ең маңызды, ең қажетті шаруаны істеп жатқанда үндеуші ме еді! Сондықтан ылғи маңызды іс тындыратын адамдар қашан да маңғыз, қашан да артық ауыз сөз сөйлемейтін сабырлы боп келмей ме! Мынау аула сыпырушы шал да анада артық әңгімеге барған жоқ. Келді де шаруасын бітіріп берді. Бұл оны бұрын қалай білмеген? Бұрын ол ондай кісінің бар екенін білмек түгілі қора-қоралардың, тротуарлардың таң атпай жатып сыпырылып қоятынынан да хабарсыз-тын. Әр дайым жұмысқа бара жатып тротуардың тап-таза боп жатқанына таңданатын. Енді, міне, ала кеуімнен қолына сырық сап сыпырғыны ап ар-тық-ауыс қоқыр-соқырдың соңына түсіп кеп беретін еңгезердей шалды ұмыта алар емес. Көз алдында тұрады да қояды. Сырп-сырп басып көше тазалап келеді. Сыпыр-ғышынан ұшқан шаң үсті-басына, қауғадай сақалына, жалбыр шашына қонып жатыр. Шаң қонған үсті-басы, сақалы, шашы жалтырап барады. Әлгінде ғана жерден көтерілген бұрқ-бұрқ шаң таңғы суық сәуледе күміс то-заңға айналып кеткендей.
Зуһра сыпырғы дыбысына елтіп жатып қалай ұйықтап кеткенін білмейді. Күнде осылай таң алдында көзі ілінеді де, түске жақын оянатын-ды. Бір күні таңертең төсектен атымен тұра алмай қалғаны. Өне бойы лаулап барады. Тіпті үйінің қабырғалары шырт-шырт жанып бара жатқаны да құлағына келіп тұрғандай. Көз алды көк ала түтінденіп, тынысы бітіп барады. Алқынады. Әлдекімдерді көмекке шақырады. Бірақ жағы қарысып қалғандай, ашылмайды. Дыбысы да шықпайды. Мынау балдыр-батпақ елестер арасынан сарқыншақ сана жол таппақ боп шарқ ұрады. Бірақ кімді көмекке шақырарын білмейді. Жәнібекті ме... Сол бір қаршыға көз жігіттен бір түрлі сескенетін сияқты. Күзембаевты ма... Оның атын атауға аузы қиыспайтындай... Себепбаевты ма... Оны көруге де әлденеге жүзі жанатын секілді. Жан-жағын лапылдай қоршап келе жатқан ашқарақ жалын ша-шына тигендей...
Сол-ақ екен, төсегінен атып тұрды. Табанын қарып алған тақтай еденнің қызыл шоқ боп жанып жатқанын да, мұзға айналып кеткенін де айыра алмады. Есікке тұра ұмтылды. Әлденелер сыңғырап аяғының астына түсті. Басы қап-қатты бірдеңеге тиді. Көзінің алдынан бір уыс қызыл шоқ шапшып аспанға атылды да, артынша-ақ желімше ұйысқан меңіреу қараңғыға айналды. Құлағы-на еміс-еміс бір үн келді. Қара жерді өршелене тырнап жатқан сол баяғы тысыр-тысыр, сусыл-сусыл... Шамасы, ол енді қайтып көре алмайтын жарық дүниенің тағы бір таңы атса керек.
Ол күні таңғы алакеуімде шет жақтағы оқшау үйде не болып, не қойғанын ешкім білген жоқ. Тек төрт-бес күн өткен соң ғана ай аяғында алыстағы баласы салған ақшаны тапсыруға келген почташы кемпір есіктің алдына ұзынынан түскен әйелді көрді. Төңірегінде саудырап төгілген есіктің шынысы шашылып жатты.

Толығырақ: https://alashainasy.kz/proza/absh-keklbayulyi-shetker-uy-77850/


материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
жүктеу 194,9 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау