2 ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫ – ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕР
2.1 Қуаныш және қайғы концептілерінің мотивтері
Қуаныш және қайғы концептілері – әлемнің тілдік бейнесінде және әлемнің көркем бейнесінде (художественная картина мира) көрініс тапқан әмбебап концептілер, сонымен қатар олар әр мәдениетте өзінің ұлттық ерекшелігімен, бояуымен көрінген күрделі ментальді объектілер. Нәтижесінде бүкіл адамзат баласына ортақ құбылыстың түрлі мәдениеттегі түрліше көрінісін көре аламыз.
Қазақ тіліндегі күрделі эмоцияларды білдіретін «қуаныш» және «қайғы» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.
Адамзаттың ішкі жан дүниесінің көрінісі тілде «әлемнің аңғал бейнесін» (наивная картина мира) көрсетеді. Осыған орай адамның ішкі өмірін, негізінен эмоционалды жағын да тіл өзінің арнайы құралдары және әдістері арқылы талдайды.
«Эмоция (франц. emation, лат. enoveo – толғану) – адам мен жануарлардың сыртқы және ішкі тітіргендіргіштер әсеріне реакциясы; қоршаған ортамен қарым- қатынасы негізінде пайда болатын көңіл- күй... Эмоцияның жоғары түрі адамның іс- әрекетінің өнімді болуына мүмкіндік туғызады. Оларға қуаныш, сүйіспеншілік және т.б. эмоциялары жатады. Жағымсыз эмоция адамның іс- әрекетіне азды- көпті зиян келтіреді. Оларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үмітсіздену, үрейлену және т.б. жатады» [38, 247б]. Қуаныш және қайғы эмоционалды көңіл- күйге жатады.
Эмоционалды концептілерді талдау көбіне когнитивті психологтар еңбектерінде кездеседі. Эмоционалды концептілер «классикалық түрде талқылана алмайды» деген пікір де бар. «Алайда осындай пікір эмоцияға дәлме-дәл анықтама берілмегендіктен туындап отыр» – дейді Ортони, Клор, Фосс сияқты ғалымдар.
«Көңіл-күй (настроение, самочувствие) – индивидтің психикалық өмірінде құптарлық немесе құптамайтын эмоциялық фонда немесе әлсіз сапада көрінетін біршама ұзақ, орнықты психикалық күй» [38, 116].
Қайғының негізгі қайнар көзі материалды объектілерден, адамның өзінің жағымды қасиеттерінен (қабілеттерінен, өзін-өзі сыйлауынан), өзге адамдармен қарым-қатынасынан айрылу. Қайғының барлық психологиялық себептерінің ортақ факторы болып құнды нәрседен айырылу сезімі есептеледі. Жағымсыз оқиға (айырылу) болғаннан кейін қайғы пайда болады. Қайғы –қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылғанға, болашақта оны қанағаттандырудың мүмкін еместігіне реакция. Қайғы жеке бастың қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкін болмағанның нәтижесі ретінде п.б. Қайғы эмоциясының реңктері мен оның негізінде туатын, активация интенсивтілігіне, көлеміне, әрекетке дайындық деңгейіне қарай ерекшеленетін сезімдер: уайым (печаль), мұң (грусть), сағыну (тоска), өкіну (сожаление), түңілу (уныние), қасірет (скорбь), өкпе (огорчение).
Қуаныш түрлі жағдайларда пайда болады. Ол шығармашылық жетістіктің салдары, жағымсыз аффектінің азаюының нәтижесі, физикалық мүмкіндіктерді жақсартатын жаттығу, есте қалған таныс жағымды естеліктермен байланысты нәрселерді көру кезінде, армандау кезінде және қиялдау мен танымның өзге де түрлерінде пайда болады. Қуанышты ұйқыда болып та сезуге болады, мұның дәлелі ұйқыдағы адамның ажарындағы жымиюдың болуы. Себепсіз қуанышты сезінуге болады, ол жақсы көңіл-күй деп аталады. Осы фактілер арқылы қуанышты физиологиялық процестің нәтижесі дей аламыз. Бірақ біз осы зерттеу жұмысында эмоцияларды когнитивті процесс нәтижесі деп қарастырғандықтан, қуаныш эмоциясын оның физиологиялық негізінен бөліп қарастырамыз. Кең мағынада жеке бастың қажеттілігінің қанағаттандырылуы нәтижесінде болатын эмоцияны қуаныш деп атаймыз. Сондықтан да қуаныш пен қайғы бір жағынан қанағаттану мен қанағаттанбау арқылы ерекшеленеді.
Қуаныш – қоршаған ортамен әлі таныс емес, ойлау мен қылықтың стереотиптері оған әлі телінбеген жаңа туған нәресте көрсете алатын алғашқы эмоциялардың бірі. Сәби қуанышты жымию, күлкі арқылы көрсетеді, өз анасын танып, физикалық және эмоционалды өз туыстығын, ортақтығын, әлеммен байланысын анықтайды. Барлық эмоциялардың туындауы мен көрінуі адамда физиологиялық негізді иеленеді, ол жүйке клеткалары мен одан шығатын түрлі сападағы импульстермен байланысты. Барлық жағымды эмоциялар адамға жақсы әсер береді. Қуаныш бастапқыда белгілі бір жағдайлардың салдары ретінде емес, таза түрінде көрінген, сондықтан ол сол қалпында адамның бар өмірінің бойында сақталуы керек. Қуаныш энергия мен күштің ең мықты қайнары болып есептеледі. Ол организмнің ойлауын, эмоционалды және физикалық қызметін тәртіпке келтіре алады. Эмоционалды деңгейде қуаныш барлық сезімдердің көрінуін асқындыра алады. Мұнда қуаныш өзге жағымды эмоциялардың катализаторы рөлін атқарады. Қуанышты адам әлем үшін ашық, оның жаны қоршаған ортаның көптүрлілігін қабылдауға дайын болады. Осылайша қуаныш сезімі арқылы индивид ләззат алады.
Ойлау қызметі қуаныш және қайғы күйін бастан кешірген адаммен тығыз байланысты. Мұнда ойлау қызметі мен оның организмнің өміріне әсері маңызды. Қуаныш эмоциясы позитивті ойлаудың қажетті шарты болса, қайғы эмоциясы негативті ойлаудың қажетті шарты болып табылады. Позитивті, негативті ойлау, ойлау стилі, әлемтану жоспары ретінде адамның өмірлік позициясын қалыптастыра алады. Ойлау жұқа материя, күш және энергия ретінде индивидтің өзі өзіне елестететін әлемді жасайды. Егер адам өзі болашағын тек қуанышты күйінде елестетсе, оптимистік көзқарасқа ие болады, егер қайғылы күйде елестетсе, писсимистік көзқарасқа ие болады. Сезімнен туындаған ой әлемде нақты қарым-қатынас, жағдайлар салдары , оқиғаларды жасайды.
Бақыт сезімінің өзін интенсивті қуаныш сезімі деп (В.Татаркевич бойынша), бақыт аясын тарылтып қарастыра алмаймыз. Себебі қуаныш бақыт сезімінің бастау алатын механизмі.
Л.А.Антипенконың «Опыт концептуального анализа емен негативных эмоции в русском языке» деген зерттеуінде сөздің концептуалды модельдері құбылыстың себеп- салдар байланысына негізделеді:
«1) состояние – причина (Напр.,горе – утрата, потеря, неудача, смерть, болезнь, война, рок, судьба, трагедия, катострофа;
2) состояние – способ преодоления (Напр., горе – соболезнование, сожаление, сочувствие, сопереживания, помощь, память, утешения;
3) состояние – результат выхода из этого состояния (Напр., горе– утешение)» [39, 5б].
Жоғарыда көрсетілген когнитивті модельдер тіл иелерінің типтік (прототиптік) түсініктеріне негізделген. Сонда қайғының себебі – айырылу, сәтсіздік, өлім, ауру, соғыс, тағдыр, апат т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығудың амалы – көңіл айту, ортақтасу, көмектесу, есте сақтау т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығу нәтижесі – жұбаныш болады.
Эмоционалды күй түрлі предикаттар арқылы беріледі, бірінші орында етістіктер мен етістікті конструкциялар анықталады: қуан, қуанышта, қуаныштау, қайғыр, қайғылан т.б., сын есімдер: қуанышты, қуанышсыз, қайғылы, қайғысыз т.б.
Е.М.Вольф «адамның эмоционалды күйін суреттейтін сөздер адамның ішкі әлемінің фрагменттеріне сай модельдер күйінде интерпретациялануы мүмкін» болатындығын айтып, оларды белгілі бір жай-күйлердің негізгі элементтері енетін фреймдер жүйесі ретінде алуға болады деп есептейді. Ғалым бұл модельдің негізгі үш элементін атап көрсетеді: 1. эмоция субьекті, 2. эмоционалды күйдің өзі және 3. сол эмоционалды күйдің себебі. Мысалы: Ол осы жағдайға қуанды. Осындағы ол – субъект, қуанды – предикат, осы жағдай – себеп [40, 55б].
А.Вежбицкая: «Қуаныш, қайғы, ыза, қанағаттанбау сияқты сөздер – бұлар дескрептивті формулалардың қатып қалған, көзге көрінбейтін қысқартулары» – дейді. Дескрептивті формулаларды «адам дәл қазір өз басынан кешіп отырған эмоцияны жадымызда не елестету қабілетімізде осы бейнеленген күйге байланысты бізде туындайтын эмоциямен салыстыру» деп анықтайды. Біріншіден, эмоционалды күй өзіне тән себепті бейнелеу арқылы сипатталады (субъект өзі қаламаған жағдайдың жүзеге асуы нетижесінде болған жағдайға сай эмоционалды күй пайда болады). Екіншіден, көптеген талдаулар былай құрылады: эмоционалды күй оқиға мен эмоцияны жүзеге асыратын ментальді акт, жағдайды сана арқылы түсіну біріктіреді. Өзге сөзбен айтқанда, себеп пен субъектінің эмоционалды күйінің өзара байланысы тек эмоциялар сферасына ғана жатпайды және де ментальді сфераның элементтерін өзіне енгізеді, яғни адамның ішкі өмірінің екі аспектісі біріктіріледі.
Е.М.Вольф «эмоционалды күй және оның тілдегі көрінісін» көрсетіп, предикаттардың қасиеттерін былайша анықтайды:
• Спецификалық емес эмоционалды күйге «нормадан» ауытқыған предикаттар жатады: қобалжу, мазасыздану. Ал спецификалық эмоционалды күйге қуаныш, қайғы, ыза жатады.
• Көптеген эмоционалды күйлерде «жақсы» және «жаман» деген бағалау элементтері болады. Қуаныш аясы «+» таңбасына ие болса, қайғы «-» таңбасына ие.
Субъект қасиеттері. Әлемнің аңғал бейнесінде физикалық субъект– эмоцияның иесі, бірбүтін тұтастық ретінде көрініс табады. Оның белгілі бір мүшесі ауырса да , эмоция оны тұтастай қамтиды.
Эмоционалды күй субъектінің еркінен тәуелсіз болады және де ішкі себептер не субъектіден тыс болып жатқан оқиғалар әсерінен пайда болады.
Эмоционалдық күйдің сипаттау моделіне эмоционалдық күй әрқашан да кейбір әсерлер салдарынан туындағандықтан оған негізгі элемент ретінде эксплицитті не имплицитті себеп енеді. Эмоционалды күйдің себебі – осы айтылған ойдың шегінде немесе одан тыс кездерде әр түрлі әдістер арқылы таңбаланатын оқиға. Әлемнің құндылықтар бейнесінде түрлі орынды иеленетін себептер түрлі эмоцияларды туындататыны сөзсіз. М., Әжесінің өлімі оны қайғыға батырды (М.Ә.Жетім). Осындағы өлім құбылысы әлемдік деңгейде «-» таңбаға ие, сондықтан осындай жағымсыз эмоцияларды туғызады.
Осылайша, қуану, қайғыру сияқты етістіктер сыртқы әсерлер арқылы болған адамның немесе сыртқы ортаның күйін білдіреді. Сондықтан да қуаныш пен қайғының зат есім ретіндегі екі түрлі мағынасы бар: біріншіден, қуаныш пен қайғы – «сезімнің өзі болса, екіншіден, олар сол сезімді тудыратын себеп болып табылады» [41, 225б].
1- мысал: 1. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі (М.Ә.Абай жолы). 2. Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашада жапа- жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді (М.Ә.Абай жолы). Көрсетілген 1- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы эмоциялық күй ретінде көрініп отыр, яғни белгілі бір қуанышты немесе қайғылы жағдай себебінің салдары.
2- мысал: 1. Қуаныш әкелгендей, ем болар дауаны айтқандай Абай жүзіне қарай беріп еді (М.Ә.Абай жолы). 2. Қасымға бұдан соңғы қайғы болып – малды қаратыру, қозы бағу шықты (М.Ә. Жетім). Көрсетілген 2- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы осыдан соң болатын эмоциялық күйдің себебі ретінде беріліп отыр.
Дәл осылай сын есім түрінде де кездесетін қуаныш пен қайғының екі жақты мағынасы бар: бір жағынан, қуанышты , қайғылы көңіл-күй; қуанышты, қайғылы сезім; ол сондай қуанышты, қайғылы; екінші жағынан, қуанышты, қайғылы күн; қуанышты, қайғылы оқиға; қуанышты, қайғылы себеп. «Бұл екі жақтылық біздің алдымызда – материалды объект, орта және адамның ішкі күйі арасындағы; олардың «салдары» ретіндегі ішкі күй және «себебі» сияқты осы объект пен орта арасындағы; субъективті әрекет «уәжі, мақсаты» ретіндегі объект және субъективті әрекет «себебі» ретінде қоздырылған күй немесе дәл осы объект арасында бөліп таратылған құбылыс концепті» [29, 448б]. Бұлар екі субъектінің «қарым-қатынас шеңберіне» енетін әрекеттерге және субъектпен (адам) қатар оны қоршаған сыртқы ортаның күйіне тән. Мысалы: қайғылы «қайғыда болу»: қайғылы көңіл-күй, қайғылы бас (Бұйра шашты қайғылы басын қос тізесіне басып, өзінің сорын шағып жылайды), қайғылы ел (Қалың сордың қайғылы елі ұлардай шулап тұр екен), қайғылы ой (Кейінгі әңгімеде сол жөнінде, өзінің көп өлеңінде көптен араласқан ел жайындағы қайғылы ойларын таратып айтты), қайғылы ата (Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты), қайғылы қабақ (Сендердей жандар жұбату айта келгенде , Әбішті жоқтай келгенде, мен алғыс айтпасам, астарыңды бірге ішіп, қайғылы қабағымды ашпасам аруақ ырза болмас еді), қайғылы жүз, қайғылы жүрек, қайғылы кеуде, сонымен қатар қуанышқа байланысты, мысалы: қуанышты көңіл-күй, қуанышты жүз/бет- ажар/шырай/өң, қуанышты көздер, қуанышты ана, қуанышты сезім т.б. Мұнда қайғы – адамның күйі ретінде көрінеді.
Ал егер қайғылы/қуанышты күндер, қайғылы/қуанышты уақыт, қайғылы/қуанышты хабар, қайғылы/қуанышты оқиға десек, бұл жерде қайғы мен қуаныш ортаның күйі ретінде көрінеді.
Эмоционалды күй өзге ішкі күйлер сияқты субъект арқылы бақылана алмайды. Сондықтан мынадай императивтер туындауы мүмкін емес: қуан, қайғылан (кейде дәл осылай жанама сөйлеу актісінде айтылады: мұндағы сөздер эмоционалды күй емес, субъект өзі бақылай алатын эмоционалды қатынас).
Эмоционалдық күйдің кей түрлері бақылана алады. Субъект-каузатор болатын каузативті конструкцияларда «бақылау» белгісі бар. Себепті білдіруге кіретін бұл субъект актантпен бірігіп өз әрекеттерін бақылай алатын активті субъект болып табылады: Мен оны қуанту үшін өтірік алдадым. Мұнда эмоционалдық күй субъекті иноактивті [40, 64б].
2.2 Қуаныш және қайғы концептілерінің оппозициялық қатынасы
Қуаныш пен қайғы адам өмірінде араласып жүретін екі түрлі, біріншісі «+», екіншісі «-» таңбаға ие, біреуі жағымды қасиет болып қуанышқа кенелтетін, біреуі жағымсыз қасиетке ие болып мұңға батыратын күрделі эмоциялар. Сондықтан бұлар қарама-қарсы табиғатқа ие болып есептеледі. Кез келген адам танымында олар белгілі бір дәрежеде өзгешеліктері бар ассоциацияларды тудырады. Ассоциация дегеніміз адам психикасының, заттар мен құбылыстардың қасиеттерін байланыстыра алуы. Яғни негіз ретінде берілетін құбылыс ассоцияциялары болып оның түрлі қасиеттері, сипаттары, белгілері, сыртқы көріністері, ішкі әлемі табылады. Қуаныш пен қайғы түрлі жағынан өзгешеліктерге, қарама-қарсылықтарға ие болғандықтан оларды оппозициялық қатынаста қарастыруды жөн көрдік. Сондықтан оларды оппозиция ретінде қарастыру үшін, сөзіміз дәлелді болу үшін қуаныш пен қайғы сөзін айтқанда әркімде туындайтын ассоцияциялардың жиынтығына сүйенуді жөн көрдік. Анкета кіші, орта, үлкен жастағыларға жүргізілді.
ТУЫНДАЙТЫН АССОЦИЯЦИЯЛАР
|
Орта жастағы адамдар
|
Аты-жөні, жасы
|
Жынысы
|
Қуанышқа байланысты
|
Қайғыға байланысты
|
1 Жіңгіш Серікгүл (23жаста)
|
әйел
|
көздің ойнақтауы;
ақ түсті, жылы, жеңіл, тәтті, жас балаға тән;
ақ жауын, көктем
|
жүректің лүпілі;
қоңыр түсті, ауыр, ащы, қарияларға тән;
түнерген аспан, қыс
|
2 Бәшімбаева Ляйля
(22жаста)
|
әйел
|
қорқу, жылау;
ақ түсті, ыстық, тәтті, жас балаға тән;
жарқыраған күн, жаз
|
күлу, көңіл көтеру;
қара түсті, салқын, ащы, жастарға тән;
сұр бұлт, жаз
|
3 Әбішева Аида
(22жаста)
|
әйел
|
күлкі;
ақ түс, жеңіл, ыстық, тәтті, жас таңдамайды;
күн, жаз
|
жылау;
қара, ауыр, суық, ащы,
бұлт, қыс
|
4 Дарханов Айбек
(25 жаста)
|
ер
|
Жымию, ән айту;
ашық түс, жеңіл, ыстық, тәтті, кішкентай балаға тән;
күн сәулесі, көктем
|
зарлау; мұңаю
қара түс, ауыр, ызғарлы, улы, егде адамдарға тән;
боран, суық қыс
|
5 Сағиев Қанат
(27 жаста)
|
ер
|
асыр салу, алақайлау
ақ пен жасыл түс, жеңіл, жылы, сәбиге тән;
ашық аспан, наурыз айы
|
өксіп жылау;
қара, сұр түс, ауыр, суық, қарияларға тән;
дауыл, боран, қыс
|
6 Қалмақанова Гүлбаршын
(22 жаста)
|
әйел
|
күлкі, секіру;
ашық қызыл түс, орташа, балаға тән;
жылы күн, көктем
|
жоқтау айту, көз жасы;
сары түс, қарттарға тән;
күз, көктем
|
7 Кеңес Мадина
(21 жаста)
|
әйел
|
алақайлау, секіру;
ақ түс, жылы, жеңіл, тәтті, жас таңдамайды;
самал жел, көктем
|
көз жасы, уайымдау;
қара түс, ауыр, ащы;
дауыл, күз
|
8 Жақанов Ағыбай
(20 жаста)
|
ер
|
шаттану, билеу;
ашық түс, жылы, тәтті, орташа;
кемпірқосақ, жаз
|
көңіл-күйдің болмауы;
сары түс, суық, улы,;
үскірік, аяз, қыс
|
9 Кенжалин Нұрлан
(18 жаста)
|
ер
|
жадырау, құлпыру;
таза ақ түс, ыстық, дәмі балдай, жеңіл;
күннің ашылуы, көктем
|
өлім, о дүниеге кету;
қара түс, суық, ащы, ауыр, зілдей;
бұлт, қар, қыс
|
Қариялар
|
10 Оразақов
Мыңжасар
(60 жаста)
|
ер
|
сәбидің дүниеге келуі,
жасыл түс, ыстық, салмағы орташа;
жарқыраған күн, жаз
|
біреуден айырылу;
қара, сары түстер, суық, улы, ауыр;
тұман, дауыл, қыс
|
11 Ерманова Әлиза
(69 жаста)
|
әйел
|
тойлау, немере сүйу;
ақ түс, ыстық, салмағы жеңіл;
ашық аспан, жаз
|
жоқшылық, аштық;
қара, суық, улы, ауыр;
қара дауыл, ызғарлы қыс
|
12 Аманқұлов
Жонысбай
(70 жаста)
|
ер
|
қыз ұзату, келін түсіру;
ақ түс, жылы;
көк аспан, күн, көктем
|
қаралы той, өлім;
сары, қара түстер, ауыр;
қатты жауын, аяз, қыс
|
13 Шағарина
Зияда
(75 жаста)
|
әйел
|
бейбітшілік, дені саулық;
ақ түс, ыстық;
күн нұры, жаз
|
ауру, мұңға бату;
қызыл, қара түстер, ауыр;
боран, қақаған қыс
|
14 Молдашева Айша
(61 жаста)
|
әйел
|
үлкен той-думан, шаттыққа бөлену;
ақ түс, жеңіл; көктем
|
жалғыздық, жетімдік;
қара түс, өте ауыр;
боран, қараңғылық
|
15 Сарыбалаев Шоқан
(55 жаста)
|
ер
|
халықпен көрген той;
ақ түс, тәтті, жылы;
ақ жауын, көктем
|
жақын адамнан айырылу, қапалану;
қара түс, ауыр;
ызғарлы қыс
|
Кішкентай балалар
|
16 Таубаев Айдар
(5 жаста)
|
ұл
|
билеу, ойнау
алтын түсті, сүттей; тәтті, жылы;
|
далаға жібермеу,
жылау;
|
17 Қойшин Бауыржан
(7 жаста)
|
ұл
|
қыдыру, туған күнге бару;
тәтті, жылы;
жаз
|
анамның ұрысуы, екі алу; жылау;
|
18 Нұралиева Алия
(15 жаста)
|
қыз
|
әдемі киім алу, күлу;
тәтті, жылы;
жаз
|
достарыммен ұрысып қалу, адамның өлімі;
ыстық, қара түсті
|
20 Әшімова Ақерке
(13 жаста)
|
қыз
|
жазғы демалыстар, ауылға бару;
балмұздақтай тәтті;
жаз
|
сұрағанымды әпермеу, адамның өлімі
|
21 Қанатпаев Әлім
(10 жаста)
|
ұл
|
достарыммен ойнау, күлу;
тәтті, жылы;
|
балалардың мені ұруы, туыстарымның ауыруы;
|
Осы жүргізілген анкетадан қуаныш пен қайғының өзіне тән қасиеттерінің бар екенін көреміз. Оның өзі кішкентай баланың, орта жастағы адамның және қариялардың ойында, танымында түрліше көрініс табады. Мәселен, кішкентай балада қуаныш және қайғы сезімдерімен байланысты туындайтын ассоцияциялар нақты, анық емес, көмескел, ал орта жастағы және қарт адамдарда туындайтын ассоцияциялар анығырақ, нақтырақ көрініс табады. Кішкентай балаларда қуаныш сезімі ойынмен, демалыстармен байланысты көрінеді, ал орта жастағыларда сыртқы әлем арқылы көрінетін (билеу, ән салу, асыр салу, секіру) құбылыстармен байланысты ашылады. Қарт адамдарда ол немере сүюмен, қыз ұзатумен, келін түсіру сияқты той-думандармен байланысты. Қайғы кішкентай балаларда түсінігінде дұрыс ашыла алмайды, себебі олар әлі толық өмірді көрмеген, өмір жолына енді-енді қадам жасаған таза кейпінде болады. Орта жастағыларда біршама жақсы көрініс табады. Қарттардың ойындағы қайғы аурумен (сол жасқа тән), жақын адамдардан айырылумен, соған байланысты жасалатын кәделермен байланысты ашылады.
Осының негізінде олардың оппозициялық қатынасы жасалды.
Қуаныш және қайғы концептілерінің ассоциативтік өрісіне енетін сөздердің оппозияцилық қатынасы:
Құбылыстар
|
Қуаныш
|
Қайғы
|
1 өткінші эмоциялар
|
күлу/жымию
|
жылау/зарлау
|
2 күрделі эмоциялар
|
көңіл-күйдің көтеріңкілігі
|
көңіл-күйдің болмауы
|
3 психикалық күй
|
шаттану, жадырау,
асыр салу
|
мұңаю, уайымдау,күйзелу, жабығу
|
4 табиғи болмыс
|
адамның дүниеге келуі (өмір)
|
адамның дүниеден өтуі
(өлім)
|
5 үлкен шара
|
той-думан, мейрам
|
қаралы той
|
6 физикалық параметрлері мен қасиеттері:
символ, түс
температура
салмағы
дыбыстық қасиет
дәмдік қасиет
оптикалық қасиет
|
ақ, ашық түстер
жылы
жеңіл
шу
тәтті
ашық
|
қара, сары
суық, ызғарлы
ауыр
тыныштық
ащы, улы
тұманды
|
7 жас мөлшері
|
жас балаға тән
|
қарт, егде адамдарға тән
|
8 физикалық күй
|
дені саулық,
семіру
|
ауру/дерт/індет,
азу/жүдеу
|
9 әлемдік құбылыс
|
бейбітшілік
|
соғыс
|
10 белгілі бір сенімділікке негізделген дүниетану түсінігі
|
оптимизм
өмір сүргің келу
|
писсимизм
өмір сүргің келмеу
|
11 соңғы бір күйге бағытталған мақсаттың нәтижесі
|
жеңіс
|
жеңіліс
|
12 хабар
|
жақсы хабар
сүйінші сұрау
|
қаралы хабар
көңіл айту
|
13 әлеуметтік күй
|
көпшілік
|
жалғыздық/жетімдік/жесірлік
|
14 географиялық орта
|
өз туған жерің
|
жат жер
|
15 хал-жағдай
|
молшылық, тоқтық
|
жоқтық, аштық
|
16 эволюциялық даму
|
өсу, өркендеу
|
қуару, солу
|
17 ауа райы
|
Күн, күн сәулесі
|
түн, бұлт, дауыл, боран, аяз
|
18 жыл мезгілі
|
көктем, наурыз айы
|
Күз, қыс
|
1) Қуанышқа кенелген адам күледі, жымияды, қайғырған адам жылайды, зарлайды. Бұл адам танымындағы жағымды және жағымсыз құбылыстарға байланысты туындайтын сыртқы өткінші эмоциялары.
2) Қуанған адамның көңілі көтеріледі, қайғырғанның көңілі болмайды.
3) Екеуіне де психикалық күйлер тән: біріншісіне шаттану, жадырау, асыр салу, екіншісіне мұңаю, уайымдау, қобалжу, жабығу тән.
4) Әлемнің бейнесінде өлім мен өмір қарама –қарсы, кейде бірінен кейін бірі жүретін үрдіс ретінде есептеледі. Сондықтан да бірі қуанышпен, бірі қайғымен байланысты.
5) Қуанышты халық той-думан, мейрам жасаса, қайғырған адам өлікті шығарады, қаралы той жасайды.
6) Қуаныш түсі ақ (себебі ақ түс– тазалықтың, пәктіктің символы, ана сүті), көгілдір (көк , ашық аспанның символы) болып табылады. Қайғы қара түсті. Қара – қайғырған адамның киетін киімі (орыстарда: похоронное платье, қазақтарда қара жамылды деп айтады), жоқтау айтқанда жайлып тұратын шаштың түсі, қараңғылық пен қорқыныштың түсі.
Қуаныш жылы, кейде ыстық болады, қайғы салқын, суық.
Қуаныштың дәмі балдай тәтті, қайғының дәмі ащы және улы.
7) Қуаныш пен қайғыны жалпы шартты түрде алғанда белгілі бір жас мөлшеріне тән деп айта аламасақ та, халқымыздың ұғымында қуаныш балалықпен байланысты болса, қайғы кәрілікпен байланысты.
8) «Денсаулық– ең басты байлық» болғандықтан еш жері ауырмайтындар қуанышқа жақын болады, ал жазылмас ауру – ең үлкен қасірет болып табылады. Қуаныштан, шаттықтан адам семірсе, қайғы мен уайымнан арықтайды.
9) Ауқымды түрде алатын болсақ, қуаныш ол әлемде орнаған бейбітшілік, ал қайғы соғыс.
10) Қуаныш адамды алға қарай ұмтылдырады, алдында жарқын болашақ күтіп тұрғандығы туралы сенімді қалыптастырады. Ал қайғы, керісінше, өмірден түңілдіреді, болашаққа деген сенімділікті жояды.
11) Жеңгендер қуанады, жеңілгендер қайғыруы мүмкін.
12) Жақсы хабар, сүйінші сұрау қуантады, қаралы хабар, көңіл айту мұңайтады.
13) Қазақ халқы: «көппен көрген – ұлы той» деп, бекерге айтпаған, қуаныш, той-думандар көпшілікпен бірге қарсы алынады. Ал қайғы, әсіресе, жалғыздықта қатты жанға батады. Жалғыздық, жетімдік, жесірлік – жақын адамнан айрылуды білдіреді.
14) Өз туған жерінде жүрген адам қуанады, жат жерде жүрген елін аңсап қапаланады, қайғырады.
15) Қуаныш молшылықты, тоқтықты білдірсе, қайғы жоқтықты аштықты білдіреді.
16) Қуаныш адамды өсіреді, өркендетеді, қайғы керсінше, солдырады, қуартады.
17) Күннің жарқырауы, аспанның ашықтығы қуантады. Ал ауа райының бұзылуы, бұлттың қаптауы, дауыл, боран, аяз қайғыға тән.
18) Қуаныш көктемнің, жаздың келуімен, көктің шығуымен байланысты да,қайғы аязды қыспен, сарғайған күзбен байланысты ассоцияланады.
Достарыңызбен бөлісу: |