КИНО МЕН СӨЗ ӨНЕРІНІҢ САЛАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ
1.1 Кино мен әдебиеттіңтарихисабақтастығы
Алаш қайраткері Ақымет Байтұрсынұлы өнер дүниесін үлкен бес түрге бөлгені белгілі. Атап айтар болсақ, сәулет өнері, сымбат өнері, кескін өнері, әуез өнері және сөз өнері. Осылардың ішінде ерекше бөліп алғаны, әрі қиындығын баса айта отырып, басқа өнер түрлерін сырлы сөзбен суреттеуге құдіреті жетеді деп сөз өнерін алдыңғы қатарға шығарған еді. «Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [1; 7]. Барлық өнердің бастауы, түп тамыры сөзде жатқан жоқ па?! Сөз – халықтың киесі, бар болмысы, ұлттық коды анық сақталатын қымбат қазынасы. Ендеше сөз өнерінің арқалайтын жүгі ауыр. Қай нәрсенің болмасын басы-қасында сөз өнері жүреді, сөз болмаса қарым-қатынас жоқ, ол болмаған жерде тіршіліктің жалғасуы неғайбыл. Біз тоқталғалы отырған кино мен әдебиеттің де байланысы осыдан туындайды. Кино әлемінде басты рөл іс-әрекетке құрылады, кейіпкерлердің аузына салатын сөздің орынды, әсерлі болуы көрушіге әсер етеді. Әдеби шығармалардың желісімен түсірілген кинолардың халық көңілінен шығып не шықпай жататын кездері де болған. Тарихқа бір сәт шегініс жасайық. Сонау 1916 жылғы кезде бес жүз фильм шықса, оның тек он төрті ғана классикалық орыс әдебиеті шығармаларының желісімен түсіріліпті. Сандық көрсеткіштің бұлай күрт төмендеп кетуіне бірнеше факторлар әсер еткен. «Экрандалған фильмдер санының мұндай күрт азаюына классикалық ірі шығармалардың бәрі дерлік бұрынсоңды фильм болып шыққаны, енді оларды қайталауды кинофирма қожаларының пайдасыз деп санауы себеп болған. Онсыз әдеби шығармаларды экрандау дәрежесі ол кезде көрермендерді мүлде қанағаттандырмаған. Өйткені повесть, романдармен бұрын жақсы таныс адамдар ол әдеби шығармаларға көркемдік жағынан теңбе-тең түсетін мазмұнын, идеясын ұғындыратын фильмдерді экраннан көре алмаған соң қатты ренжіп түңілген. Осының салдарынан ондай фильмдерді көрушілер бара-бара азайып кеткен, жөнді кіріс келтірмеген»[2; 22]. Классикалық әдеби шығармалар бойынша сол кезде жасалған фильмдердің барлығы осындай нашар болды десек қателесер едік. Аз да болса жақсылары да бар, мысалы В.Гардиннің режиссерлік етуімен 1915 жылы қойған, Москваның көркем театрының артисті М.Германова қатысқан «Анна Каренина» және В.Старевич жасаған «Қардан жасалған қыз», «Руслан және Людмила» фильмдерін жұртшылық қатты ұнатқанын сол кездегі баспасөзден көреміз. Қазақ киноларына тоқталатын болсақ, фольклорлық жыр мен әдеби туындылардың негізінде түсірілген, сәтті шыққан кинолар баршылық. Қазақ киносының сценарийі, түсірілуі кеңестік идеологияның қатаң ықпалында болды. Қазақ халқының түгел менталитетін көрсету мүмкін болмай жатса да, «Қыз Жібек» сынды фильмдер көпшіліктің көңілінен шықты. Кинодағы бір ғана киім жөніне тоқталсақ, сол замандағы ең жұпыны киім сондай болды деген дерек бар. Сонда қазақтың бай киім үлгісі қандай болды екен деген сауал туындайды. Бұдан бөлек дәстүр мәселесі тұр. Жырда Жібекті Төлегеннің інісіне әмеңгерлікпен қосатын еді, ал кинода ғашығынан айырылған Жібек ендігі өмірді мәнсіз санап, суға батып өледі. Мұндағы заманнан қалған, ескіліктің қалдығы деп саналған әмеңгерлік, т.б осы сынды дәстүрлерге кеңестік заманда шошына қарап, санаттан шығарып тастау керек болды. Жесірін жерге тастамаған қазақ ешқашан өз-өзіне қол жұмсатып қарап отырмаған. Мүмкін мұндай жағдайлар ара-тұра орын алуы мүмкін. Ал кино деген тұнып тұрған идеология ғой. Бір Қыз Жібектің тағдырына қарап бүкіл қазақ қызының тағдыры аянышты аяқталыпты деген ой қалыптаспай ма?! Кинода қойылған «Ақылбайдың әні», «Қарғам-ау», «Гәкку» әндері мен «Аққу» күйі ұлттық өнеріміздің жауһарларын паш етеді. Тұңғыш дыбысты фильм «Аманкелді» кинокартинасы қазақ кино тарихында үлкен орын алады.
«Кеңестік тарихи-революциялық фильмдерде фольклорлық өнердің көркемдік-эстетикалық дәстүрі экран кейіпкерін сипаттауда, оның әлемін ашу тәсілдерінде кеңінен қолданылған сөз жоқ, «Аманкелді» - орыстың тоталитарлық «Чапаев» фильмінің ұлттық үлгісі» - деп баға берілген «Қазақ өнері тарихында» [3; 603]. Тарихи шындыққа сәйкес ұлттық киноның алғашқы қарлығаштары тарихи-революциялық туындылар болды. Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезде қазақ авторлары барынша ұлттық болмысты беруге тырысты. Ұлттық болмыс көрініс тапқандықтан, халық жылы қабылдады.
Көркем әдебиеттегі кинематографиялық әдістерге жалпы шолу
Әлем әдебиетінде ХХ ғасырдың бас кезінен бастап кинематография мен әдебиеттің бірігу процесі басталды. Бастапқы уақытта, кино өнері кәсіби деңгейге көтерілмей тұрған кезде, әдебиеттің жанр мен әдіс жағынан кино саласына ықпалы зор болды. Кейін кино өнері әдіс жағынан да, форма жағынан да біршама даму кезеңін өткізді. Оның бір дәлелі шетел әдебиетінде кинематографиялық мәтін, кинематографиялық проза, әдеби кинематография сынды салалар белсенді дамыған.
Қазақ әдебиетінде кинематографиялық әдістер кездеседі, тек зерттеу жағы кенже қалып тұр.Мысалы, кинематографиядағы параллельді және жалғаспалы монтаж, жоспар өзгерту әдістері, уақыт пен кеңістікті еркін игеру, визуалды, аудиовизуалды образдардың жасалуын айтсақ болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін халықтың ықыласына бөленген туындылардан мысал келтіріп көрейік. Жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында Кенесарының баласы Сыздықты сынайтын тұсы бар.
«Кенесары енді баласына бұрылып:
- Батыр болғың келе ме, Сыздық? - деді. Баланың жүзі жайнап кетті.
- Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.
- Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.
- Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
- Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да, жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді» [4;161].
Романда байқағанымыздай, автор әке мен баланың арасындағы диалогқа мән берген. Кинодағыдай бір кейіпкерден екінші кейіпкерге «монтаж» әдісімен еркін ауысады. Баланың көзіндегі қорқыныш пен әкесінің оны қайрай сөйлеуі арқылы оқиға өрбиді. Баланың жүзі жайнап, Наурызбай көкемнен асқан батыр боламын деген сөзі арқылы автор келесі бір батыр Наурызбайдың да образын еске түсіріп өтеді. «Жүсіп терлеп кетті, «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?...Жоқ, баланың көңілі дауаламас!» [4; 161] Кенесарының серігі Жүсіптің ішкі дауысынан аудиовизуалды образды көреміз. Мұндағы кейіпкердің ішкі дауысы оқырмандағы ішкі сезімді дөп басады, психологиялық күйі, қорқынышы, тіпті, Жүсіптің хан Кенеге деген іштей реніші анық байқалады мұнда.
Келесі бір тоқталатын шығарма – Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы. Өзінің балалық шағындағы ауыртпалығынан, тіпті үлкен кісінің көтеруге шамасы келмейтін қиын кездерден хабар береді. Автор әр оқиғаны суреттеуде жалпы және жекелеген пландарды анық береді. Бұл шығарманың не туралы, қай жерде, қай уақытта орын алғанынан оқырманға хабар береді. Мысалы, мына үзіндіге назар аударайық: «Қасында – Гришка. Мұртаза қойтастың үстіңде отыр. Гришка түрегеп түр. Сірә, көктемнің әлі дүмбіл кезі болар. Өйткені күншуаққа сүйсініп, тамға арқамды сүйеп, мен де шоқиып отырмын. Гришка – ұста. Ағаш ұстасы. Біздің үйдің алдындағы Әміреқұлдың үйі қазір ұстахана. Күнбатыс жақ бөлмесі ағаш ұстаханасы, күншығыс жақ бөлмесі – темір ұстаханасы. Бір жағында – Гришка, бір жағында – Нәметқұл» [5; 11]. Автор Гришканың кім екенінен бастап, ұстаханасының бөліктерін қоса айтады. Мұнда оқырманға оқиға осы ұстаханада, әрі кімдердің арасында өрбитінін білдіріп тұр. Кеңістіктегі там, қойтастың өзі де назардан тыс қалмаған. Ары қарай былай жалғасады: «Гришка қазақшаға судай. Гришка айтады:
− Нәметқұлдың Зылиқасы өлгелі бір жылдан асып барады. Нәзипа дейтін қызы да шетінеп кетті. Баласы Байбосын екеуі ғана. Енді бірдеңе істемесек болмайды, Мүреке.
− Оның рас, – дейді Мұртаза. – Мен де көптен ойлап жүрмін. Мына қырғыз жақта менің Нұралы дейтін жездем бар. Сол айтады, біздің ауылда байы өлген, басы бос бір әйел бар. Нәметқұлға қол келеді дейді.
− Онда, тездетіп сөз салыңыз, обал болды, – дейді Гришка» [5; 12]. Мұнда автор Нәметқұлға арнайы тоқталады. Жеке детальдар: оның әйелінің өлгеніне жылдан асқаны, қызының шетінеуі, баласы екеуі қалуы. «Ал енді, осы Гришканың бір ұл, бір қызы бар. Ұлы менен үлкендеу, аты – Гришка. Орыстар қызық. Әкесі Гришка, баласы да Гришка. Немене, ат жетпей ме? Айша осыны айтып еді, Мұртаза:
− Әкесі атым өшіп қалмасын деп, баласына өз атын береді, – деді» [5; 12]. Автор келесі кейіпкер Гришканы да назардан тыс қалдырмаған. Оның да отбасы қатар сөз болады. Романда өткен уақытта, үй жанындағы кеңістікте орын алған кішігірім әңгімені еске түсіреді әрі кейіпкерлердің басты детальдарына мән береді. Алдымен бізге там, қойтас, үй алдындағы ұстахана, ағаш ұстаханасы, темір ұстаханасын көрсету арқылы жалпы планды көрсетіп тұр. Нәметқұл мен Гришканың отбасын көрсету жеке пландарды қамтып тұр. Менің ойымша, шығармада кішігірім детальдың өзін әдемі суреттеу есте сақталып қалуына, келесі оқиғалармен сабақтастыруға, байланыстыруға, оқырман ретінде баға беруге әсер етеді. Бұл, біріншіден, жазушының қырағылығы, шеберлігі болса, екіншіден, әр оқырманының сезіміне әсер етемін деген ниеттен туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |