ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІ
ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
ТАҚЫРЫБЫ:
ОҚУШЫЛАРДЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Орындаған: ПМ 1-3 КЗ тобының студенті: Абдукалыкова Динара
Ғылыми жетекшісі:
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еркебаева Г.Ғ.
ШЫМКЕНТ-2008
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ…………………………………………………………………..........3
I. САЛАУАТТЫЛЫҚ –ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
1.1.Педагогикалық салауаттанудың даму негіздері……………………....5
1.2.Салауаттану пәнін оқытудың ғылыми аспектілері………….…….. .19
II. ОҚУШЫЛАРДЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА ТӘРБИЕЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ…………………………………………………………………29
2.1.Оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастыру…………………………............................................................29
2.2.Салауатты өмір салтын қалыптастыру мүмкіндіктері ……………………………..................................................................................47
Қорытынды………………………………………………………………..
Пайдаланған әдебиеттер тізімі…………………………………………..
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі: Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына орай Президентіміздің «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» атты жолдауындағы 4-ші бөлімі азаматтарымыздың салауатты өмір сүруіне арналғаны белгілі.
Бұны Елбасы жолдауындағы «Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т.с.с. бағытталған» деген жолдарынан байқауымызға болады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұзақ үрдіс, бірақ бұл нағыз денсаулықты сақтайтын және нығайтатын жолдардың бірі. Ол оқушылардың өз денсаулығын сақтауға жауапкершілігін едәуір дәрежеде арттырады. Академик н. М. Амосов айтқандай: Денсаулығың мықты болуы үшін өзіңнің күшің болуы қажет, оны ешнәрсемен ауыстыруға болмайды. Профессор В. В. колбановтың айтуы бойынша салауаттану білімі денсаулық білім алу үшін, ал білім денсаулықты сақтау үшін сөзіне негізделу керек дейді. Одақтас елдердің ғалымдары Ж.Ж. Руссо, А. Н. Радишев Е.Е. Лунина, Э. И. Вайнер, н. Б. Закарович, Л. А. Каратаева, С.А. Корочкина, В.В.Кожанов, Н.Н. Волоков және тағы басқа да көптеген ғалымдардың өз зерттеулеріне негіз болып және де диплом жұмысына басты бағыт бағдар болады. Салауаттану түрлі жас ерекшеліктері кезеңдерінде денсаулық пен салауатты өмір сүру деген орнықты өмірлік көзқарасы бар адамды тәрбиелеу мен оқыту мәселесін зерттейді. Адамдардың организміндегі физиологиялық өзгерістерді, олардың өзара әрекеттесуін, организмнің қоршаған орта әсеріне қайтаратын жауабына бейімделу реакцияларын қамтамасыз ететін морфологиялық және функционалдық тұрақтылығын зерттей оытрып нозологияға дейінгі күйді анықтау. Адамдардың денсаулық деңгейін жүрек қан тамырлар жүйесінің қызметтік күйін сипаттайтын қарапайым физиологиялық көрсеткіштер арқылы бағаланды. Оқушылардың денсаулығына әсер ететін факторлар өте көп, сол себептен оларды салауатты өмір салтына үйрету қажет. салауатты өмір салтын қалыптастыру оқу-тәрбие үрдісіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселе тегін көтеріліп отырған жоқ. Себебі, ерлердің 57%-ы, әйелдердің 34%-ы, жастардың 40%-ы, шылым тартса, ересек адамдардың 65%-ы үнемі арақ ішеді екен. Мектеп оқушыларының 17,5%-ы нашакорлыққа ауызданған. Ал экологиялық нашар ахуал бүгінде адам өлімінің 20%-на себеп болып отыр.
Сол себептен зерттеуіміздің өзектілігі анықталып отыр.
Зерттеудің мақсаты: денсаулықты қалыптастыру, сақтау және нығайту негізінде қоғамда ұзақ және бақытты өмір кешетін дені сау адамдарды қалыптастыру. Адамдардың қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасын және оған әр түрлі табиғи процестерді, әлеуметтік, психологиялық факторларды зерттей отырып, денсаулықты нығайтуға және сақтауға бағытталған әдістерді жасау.
Зерттеудің міндеттері:
- Оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастырудың теориялық мәселелерін анықтау.
Оқыту процесінде оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастырудың мүмкіндіктерін анықтау.
Оқушыларды салауатты өмір салтына ынталандыру және қалыптастыру жолдарын анықтау.
Зерттеу нысаны: дені сау адам, дені сау ұжым, адамның және ұжымның денсаулығы.
Зерттеу пәні: медицина, педагогика, гигиена, биология, экология, психология, анатомия, физиология, психология, педагогика.
Зерттеудің құрылымы: кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттерден және қосымшадан тұрады.
І.ТАРАУ. САЛАУАТТЫЛЫҚ –ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
1.1.Педагогикалық салауаттанудың даму негіздері
Салауатты өмір сүру салты дегеніміз – био-әлеуметтік категория Салауатты өмір сүру салты – интегратифті түрде қалыптасады және адамның іс-әрекетіне байланысты болады. Салауатты өмір сүру салты – шаруашылық күнделікті үй тұрмысы, материалдық және рухани формаларын қанағаттандыру үшін қоғамдық ұйымдарда өзін-өзі ұстай білу, қоғамдық тәртіппен санасу, артық сөз айтпау, орынсыз саясатпен айналыспау, кез-келген адамдарды жамандамау, біреуді біреуге шағыстырмау, өзін ақылды деп есептеп, басқаларды ақымақ ретінде көру, ата-анамен баланың тәрбиелі қарым-қатынасы, тазалық гигиенасын сақтау, ұтымды тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу, спортпен шұғылдану тағы басқалар жатады.
Салауатты өмір сүру салтын сақтау әр азаматтың ойы мақсатының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің халқына жолдауында 2030 жылға дейін экономикалық - әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігі атап көрсетілгені мәлім /1/. Сондықтан Жолдаудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны насихаттау шараларын белсендірек жүргізгеніміз абзал. Әсіресе жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – біздің міндетіміз. Сондықтан да басты міндеттердің бірі - балалардың ауырмауға, денсаулықтарын күтуге, салауатты өмір салтын ұстауға, гигиеналық дағды жан мен тән саулығы жан-жақты даму, қабілетін көтеру, ата-ана мен баланың бір-бірін тануға үйрету, үлкендерді сыйлау осы міндеттерді атқару үшін оқу орындарында валеология пәні енгізілген.
Салауатты сөзінің негізгі мағынасы – парасатты, байыпты, ақылды, ойлы, білімді, зерделі және сабырлы деген ұғымды білдіреді. Қоғамымыздағы адамзаттың өмірінің аяғына дейін денсаулығының мықты болуы қоршаған ортаның тазалығына байланысты.
Өмір сүру салты дегеніміз - әрбір жеке адамнан бастап, бүкіл қоғамның қалай еңбек етіп, қалай тұрмыс құрып, бос уақытында демалатыны, қысқасы, олардың қалыптасқан өмір тіршілігі, яғни, адамның өмір сүру салты қандай болса, өзі де сондай, өмір сүру салты тұлға мен қоғам деңгейінің прогресті даму көрсеткішінің категориясы.
Салауатты өмір сүру салты тұлға және адам деңгейінде болуы әлеуметтік экономикалық жағдайларға байланысты болады, адамның психикасына, денсаулығына, ағзаның функционалды-биологиялық қасиеттеріне де байланысты. Биологиялық ерекшелігіне байланысты салауатты өмір сүру салты бір келкі болады.
Әр адам өзіне тән қалыптасқан өмір салтымен тіршілік етеді. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ген арқылы беріліп отыруы мүмкін. Осыған байланысты салауатты өмір сүру салты 3 категорияға бөлінеді:
1. Салауатты өмір сүру деңгейі;
2. Салауатты өмір сүрудің сапасы;
3. Салауатты өмір сүрудің стилі.
Салауатты өмір сүру деңгейі – экономикалық категория. Адамның материалдық және моральдық-рухани қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету.
Салауатты өмір сүру сапасы - әлеуметтік категория – үй-іші қызмет істейтін орындар (оқу орындар, мектептер) неше түрлі адам денсаулығын қамтамасыз ететін комфортты мебельдер мен лабороториялық жабдықтармен қамтамасыз етілуі.
Салауатты өмір сүру стилі - әлеуметтік психологиялық категория – адамның қоғамдық орындарда өзін -өзі ұстап және көрсете білу .
Салауатты өмір сүру деңгейі мен салауатты өмір сүру сапасы эквопотенциалды болып келеді. Сондықтанда адам денсаулығының жақсы және жаман болуы салауатты өмір сүру стиліне байланысты. Ал салауатты өмір сүру стилі тарихи және ұлттық дағды –дәстүрлер арқылы қалыптасады. Тағыда тұлғаның бейімділігіне байланысты болады.
Салауатты өмір сүру салтының негізгі биологиялық және әлеуметтік принциптері:
Биологиялық принцип:
- Салауатты өмір сүру салты адамдардың жас ерекшеліктеріне;
- Салауатты өмір сүру салты энергетикаға;
- Салауатты өмір сүру салты эстетикалық қызметке;
- Салауатты өмір сүру салты ритмикалық үрдістерге;
- Салауатты өмір сүру салты денсаулықты арттыруға байланысты болуы керек.
Әлеуметтік принциптер:
- Салауатты өмір сүру салты және эстетикалық қызметті;
- Салауатты өмір сүру салты рухани түрде жеткіліктілікті;
- Салауатты өмір сүру салтының еріктігін дамытуды;
- Салауатты өмір сүру салтында адамның үшінші жағдайда болмауын қамтамасыз ету.
Сонымен, еліміздің кез келген азаматы салауатты өмір сүру үшін парасатты, зерделі және білімді болуы керек. Әсіресе денсаулық жайында білімді болғаны жөн.
Биологияда, медицина мен психологияда қаншама түсініксіз жайлар бары таңқаларлық. әрине, адам миының жұмысын түсіндіру қиын: 15 миллиард жүйке жасушалары бар, олардың әрқайсысы мыңдаған, тіпті миллиондаған басқа жасушалармен байланысқан және жүйелі жұмыс атқарады. Адам гендерінде не жазылғанын оқу да оңай емес.
Адам үшін денсаулықты сақтап қалу – мақсат. Дәмді тамақтану – мақсат, әрекет жасау – мақсат. Мақсаттар көп, ал уақыт пен күш шектеулі. Таңдауға тура келеді. Мақсаттар бәсекеге түседі. Қажеттісі қайсы: өкпе рагінен өлмеу ме, не болмаса қыздардың алдында сигарет тартып кербездену ме? Әрине, өлмеу екені сөзсіз.
Ертедегі ата-бабаларымыздан бізге шынығуды қажет ететін дене мен кемістікке бейім биологиялық сезімдер немесе психика қалды. Олардың біріншісі – жалқаулық. Адам жануарлар сияқты, ынталандыру болса ғана күш алады. Босаңсу әрқашан да жағымды. Тек балалар ғана ерекше: олар ешбір мұқтаждықсыз жүгіреді, ойнайды.
Екінші кемшілік – қомағайлық. Тамақ ішіп-жеуден қанағат табу – аса маңызды құбылыстардың бірі. Дәмді тамақ ішіп, оны басқа сезімдер сияқты, жаттықтыруға болады. Адам әлдеқашан етті қуыруды үйреніп, оны дәмді ету тәсілін пайдаланғаннан бері өзінің тамақ сіңіру орталығын жаттықтырады.
Үшінші кемшілік – қорқыныш. Хайуандармен салыстырғанда адамда қорқыныш күшейе түседі, өйткені ол, есіне жақсы сақтайды, оның кейіннен болар салдарын да болжай біледі. Сондықтан тек оны өзінің ауырулары ғана емес, басқа біреулерден көргені, оқығаны немесе көргені үрейлендіреді.
Қорытып айтқанда, адам баласы ақылды, бірақ жалқау әрі қомағай. Табиғат оны тоқ және жеңіл өмір үшін жаратқан жоқ. Мол және дәмді тағам ішіп-жеп, рахаттанып, жылы жайда демалғанының есесін аурумен өтеуіне тура келеді. Егер алғашқыда, яғни қанағат алуды асыра сілтесе, оның көлемі тым көбейіп кетуі ықтимал. Дене азабы өркениет игілігінен келген барлық рахатты жоққа шығаруы мүмкін. Әрине, денсаулық сақтау режимін барлық адам қатаң ұстайды деп санауға болмайды, бірақ оған адамдардың көзін жеткізуге тырысу қажет: қауіпті ауруларға ұшырамас үшін, өзіне-өзі қажетті шек қоя білген кім кімге болса да тиімді. Мұны салауатты, дұрыс мағынаға жетелейтін ғылым ғана іске асыра алады.
Денсаулық – ауруларға қарама қарсы құбылыс екені әркімге түсінікті сияқты. Бүкіл медицинаның даму кезеңінде оның екі бағыты анықталды: біріншісі – бұзылған денсаулықты дәрі-дәрмектің көмегімен қалпына келтіру, екіншісі – сол мақсатқа “организмнің табиғи қорғаныс күштерін” жұмылдыру арқылы жету. әрине, екі тәсілді бірдей қолданған дәрігерлер әрқашан да болды, бірақ, әдетте, іс жүзінде біреуі ғана басымырақ қолданылды. Өкінішке қарай, көпшілік адамдар, кейбір дәрігерлер де организмнің ауруға қарсы күресетін табиғи күшін ескере бермейді. Сол табиғи күштерді толықтырып, шынықтыруға көңіл бөлмейді.
Мемлекеттік барлық құрылымдардың тікелей қатысуын талап ететін маңызды мәселенің бірі – салауатты өмір салты. Ол адамдардың өздері шеше алатын, өз қолдарынан келетін жұмыс. Ендеше, әр адамзат өз денсаулығына жауапты болып, оны әрі қарай нығайтып, шыңдағаны дұрыс. Ал қай адамның болсын өз өмірін бақытты етуге толық мүмкіндігі бар. Өмір қуанышын сезініп, мақсаттарға жету үшін саналы сезім, саралы ой қалыптастыруы қажет. Өз дене бітімінің дұрыс жетілуіне, өзін-өзі сергек сезінуге, ақыл ойын, сана сезімін тәрбиелеуге жағдайлар туғызуға міндетті.
Денсаулық сақтаудың бүкіл дүниежүзілік ұйымы денсаулықты жақсарту бағдарламасын жасауды 1978 жылдан бастап ұсынған. Бағдарлама жоспарлары жасалып, бірнеше жыл талданды. Ал денсаулық нығайту қозғалысын іс жүзіне асыруда мектептің атқаратын рөлі өте үлкен. Сол себепті 1994 жылы “Денсаулықты нығайту мектептерінің” негізін салып, жобасын жасады. Бұл мектептің жұмысы санитарлық-ағарту бағдарламалары және орта мектептің тәрбиелік іс шараларымен ұштасып жатуы керек. Алғаш рет жасалған жоба, Венгрия, Чехия, Словакия және Польшада сынақтан өтті. Одан соң Еуропалық комиссия, Еуропалық кеңес және денсаулық сақтау дүниежүзілік ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының халықаралық келісімі бойынша аталған жобаны дамыту бекітілді және “Денсаулықты нығайту мектептерінің” еуроплық торабына мүше болуға жол ашылды. 1997 жылы оған 37 ел енді. Қазір көптеген елдер Еуропалық тораптың жобасын іс жүзінде орындауға кіріскен.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа “Қазақстан – 2030” жолдауына сәйкес біздің елде де адам денсаулығының ең маңызды, ең басты екендігі жарияланып, жаппай салауатты өмір сүруге жағдайлар жасалуда. Осы игілікті істің айғағы – денсаулықты нығайтуға ықпал ететін орта құру арқылы мектептегі адамдардың барлығын салауаттылыққа жеткізу жұмыстарының басталуы.
“Денсаулықты нығайту мектебінің бағдарламасының жобасын 1999-2000 оқу жылынан бастап сынақтан өткізуші мектептер саны көбейді. Сонымен мектепте денсаулықты нығайтуға ықпалын тигізетін мәселелер жоспарланып, жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Денсаулықты нығайту мектебінің мақсаты – денсаулықты нығайтуға ықпалын тигізетін жағдайлар туғызу арқылы оқушыларда салауатты өмір салтын қалыптастыру және оған баулу. Сондай-ақ мектеп қызметкерлерінің өз денсаулықтарына жауапкершілігін арттыру. Шешетін мәселелер:
- денсаулық бағдарламасы мәселелерін шешуге кірісу;
- мектептегі сынып бөлмелерін дұрыс бөлу, оқушының бос уақытын өткізуге арналған алаңдарды жөндеу, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және дұрыс тамақтануды ұйымдастыру арқылы оқыту кезеңінде қоршаған орта саулығын сақтау;
- жекелеген адамдардың отбасында немесе жалпы қоғамда денсаулықты қорғауда жауапкершілігін туғызу;
- салауатты өмір салтын сүруге оқушылар мен қызметкерлеріне нақтылы жағдай және мүмкіндіктер жасау;
- барлық оқушыларға өз жаратылысының, психикасының, әлеуметтік жағдайының ең жоғары дәрежедегі мүмкіндіктерін көрсетуіне жағдай жасау;
- денсаулықты нығайту жолында және мектеп ұжымының денсаулығын қауіпсіздендіруде анық мақсат қоя білу;
- оқушылар мен мектеп мұғалімдерінің және оқушылардың өз арасында, сондай-ақ олардың үйімен, қоғамдастықтармен ара қатынасын нығайту;
- қолда бар ресурстарды денсаулықты нығайту жолында дұрыс қолдана білу;
- медициналық – санитарлық оқыту бағдарламасының жобасын дайындау;
- білім алуды және денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауға қажетті дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз ету, қоршаған ортасын сақтауды үйрету;
- оқушылардың өз денсаулықтары туралы мәліметтер деңгейін арттыру және медициналық-санитарлық оқытуларды дұрыс жолға қою мақсатында мектептің медициналық-санитарлық жұмыстрына кеңінен жол ашу.
Жас жеткіншектердің денсаулығы күннен-күнге нашарлап, соңғы кезде ауру – сырқаулардың саны көбеюде. Бұған генетикалық – тұқым қуалаушылық аурулардың әрі қарай бағыт алуы, адамдардың денсаулық сақтау білімдерінің төмендігі, әсіресе, ақша табу жолында жанын аямай, демалуды ұмытып, өзіне - өзі көңіл бөлмейтіндіктері себеп. Міне, осындай түсінбеушілікті жойып, сана-сезімі жоғары, білікті, тез шешім қабылдайтын және әртүрлі жағдайдан өзін алып шыға алатын азамат даярлау мақсатында мектептерге “валеология – денсаулықты қалай сақтауға болады” бағдарламасы енгізілді.
Ал бұл жұмыстардың нәтижесі үнемі талқыланып, жинақталып отырады. Соның арқасында:
- оқушылардың денсаулық топтары анықталды, оқу үрдісінде әр балаға қалай көңіл бөлу керектігі ескертілді;
- жас жеткіншек қыз балаларды микроэлементтер, әсіресе Р.Р.-витаминдік жетіспеушілік анықталды.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі болашағымыз. Әр балаға ата-аналары, мектеп қызметкерлері жылылық нәр беріп, үлкен үмітпен қараса, өзінің денсаулығын шыңдап, білімін нығайтуға ұмтылған азамат дайындауға болады. Салауатты өмір салтын сақтау арқылы ғана дені сау қоғамға жететіндігіміз айқын.
Педагогикалық салауаттанудың даму негіздеріне тоқталайық. 1980 жылы орыс ғалымы И.И.Брехман денсаулық жөніндегі жаңа ғылымның негізін жасау қажеттігін ұсына отырып, қолданысқа “валеология” терминін енгізді. “Валеология” (латын тілінен аударғанда valeo – денсаулық, “дені сау болу”, logos- ілім, қазақша салауаттану) – дені сау адамның денсаулығын сақтау жөніндегі ғылым.
Әдетте адам денсаулығы жөнінде сөз қозғағанда, ол адам организмінің жай – күйін бақылап, оның саулығын сақтауды және оны нығайтуына жағдай жасайтын, ауруды сауықтыратын, ауру түрлерінің алдын алуды өз міндеті ретінде дәрігерлердің зерттеу нысаны деген түсінік туады.Бірақ валеолог – ғалымдар “салауаттануды адам денсаулығы және салауатты өмір жөніндегі ғылым” деп атап көрсете отырып, бұл медициналық емес, педагогикалық ғылым деп тұжырымдады. Солардың бірі – Л.Г.Татарникова өз зерттеуінде салауаттануды салауатты өмір сүру салтына деген профилактикалық сананы қалыптастыруға, әрбір тұлғаның денсаулығын және оның құндылықты көзқарасын дамытатын, тұрақты мінез-құлқын қалыптастыратын негізгі әлеуметтік институт – отбасының беделін қалпына келтіруге жетелейтін педагогикалық гуманистік білімнің маңызды бөлшектерінің бірі тұрғысынан қарастырды. В.П.Петленко салауаттануды адамның өз денсаулығын нығайтудағы өзіндік күш жігері мен жеке даралығының дамуына мүмкіндік жасайтын ғылым деп есептеді.
1997 жылға дейін ғылым аясында, салауаттанудың қандай ғылымдар жүйесіне жататын, оның жеке ғылым ретінде қарастырылу құқығының бары немесе жоқтығы жөнінде пікірталастар жүріп отырды. Р.Артоманов және В.В.Колбанов салауаттануды идеология деп қарайтын ғалымдардың пікірлеріне сын айтады: “Ешқандай ғылым жалаң жерде пайда болған жоқ. Кез келген ғылымның дамуына басқа ғылымдардың тәжірибелері себеп болған, сондықтан салауаттануды жасауда қолданылған ғылыми тұжырымдаманың қалыптасуына үлес қосқан клиникалық медицинаның, гигиенистердің, физиологтардың, биохимиктердің, генетиктердің және басқа да ғылым салаларының алдыңғы қатарлы ғалымдар мен практиктерінің рөлін ұмытқанымыз жөн болмас”.
Салауаттану мәселесін талқылай отырып, ғалымдар салауаттану кешенді ғылым деп қарастыруда. И.И.Брехман өзінің еңбегінде, салауаттану денсаулыққа экологияның, биологияның, медицинаның, педагогиканың және басқа да ғылымдардың қосатын үлестерін “синтездеп”, денсаулыққа тіке жол салуы керек деген тұжырым айтады.
В.Д.Санькин және В.В.Зайцев салауаттануды физиологияға, гигиенаға, психологияға, педагогикаға, антропологияға, сондай-ақ адамның физикалық және психологиялық қабілеттіліктерін, олардың даму заңдылықтарын, сонымен қатар физикалық, психологиялық және адамгершілік-рухани денсаулығын нығайту мақсатындағы оларды жетілдірудің тәсілдерін зерттейтін басқа да адам жөніндегі ғылымдарға негізделген, адам денсаулығы және дені сау адам жөніндегі кешенді ғылым деп түсінеді.
Салауаттану негізінен қазіргі таңда қалыптасу сатысында. Қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде салауаттану гигиенамен және саналогиямен жарыса дамыды деуге болады. Салауаттанудың даму және қалыптасу кезеңдерін зерттеген еңбектерге сүйене отырып, даму тарихына мына нұсқа бойынша шолу жүргізуге болады.
Салауаттанудың даму кезеңдері.
I кезең – классикалық кезең адам денсаулығының маңыздылығы, оны алдын ала сақтау қажеттілігі жөніндегі ой-пікірлердің дамуы. (Гиппократ, Әбу Әли Ибн-Сина және тағы басқа).
II кезең – клиникалық медицина тәжірибелерінің қорытындысы – адам организмінің ауру түрлерінің, олардың себептері, емдеу жолдарының зерттелуі, сауықтыру мүмкіндігінің анықталуы.
III кезең – гигиеналық медицина тәжірибелерінің қорытындысы. Ауру түрлерінің алдын алу мүмкіндіктеріне байланысты әлеуметтік, гигиенелық, психологиялық деңгейде денсаулықты сақтау және нығайту іс-әрекеттері жүйесін жасау жөніндегі ғылыми түсініктер дамиды.
IV кезең - саналогия ілімінің дамуы. Организмнің ауру түрлеріне қарсы күресудегі мүмкіндіктері мен күресу тәсілдері анықталады.
V кезең – салауаттану – дені сау адамның денсаулығын сақтаудың, нығайтудың заңдылықтарын, тәсілдері мен тетіктерін зерттеу жөніндегі ғылым. Кезінде Әбу Әли Ибн-Сина (980-1037ж.) өзінің “Дәрігерлік ғылым ережелері” еңбегінде, ұзақ өмір сүрудің тиімді жолы, ауруды емдеу жолы емес, денсаулықты сақтау мен нығайту екенін атап көрсеткен болатын.
Алайда медицинада дені сау адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды емес, көп жағдайда ауруды емдеуге, сауықтыруға көңіл бөлінді.
XX ғасырда туындаған экологиялық қолайсыздық, тиімді өндірістік технологияның дамуы, жұмыссыздықтың көбеюі немесе әлеуметтік теңсіздік, тағы басқа нысандық факторлар адамның түрлі психикалық адамгершілік –рухани және тағы басқа күйлерінің тепе-теңдігінің бұзылуына себепші болды. Адамның өмір салтынан туындайтын осы себептерге байланысты қоғамда адам өлімі, психикалық күйзелістер, ауру түрлері жоғары көрсеткішке жетті.
Медицинаның әлеуметтік, гигиеналық, психологиялық, психопрофилактикалық бағыттарында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі өркениет дәуіріндегі адамдардың денсаулығының нашарлау себептерін анықтап, психогенді және психосоматикалық аурулардың (гипертония, қан тасуы, асқазан жарасы, жүрек ауруларының) алдын алуда адам организмінің түрлі аулуларға қарсы тұруының ішкі мүмкіндігін жетілдіру жағдайын зерттеу мәселесін алға қояды.
Осы бағытта С.М.Павленконың адам организмінің гоместаздық күйін сақтау және кездейсоқ тітіркендіргіштер әсерінен физиологиялық қызметінің бір түрінің (қанайналым, тынысалу, температураның қалыптылығы және тағы басқа) бұзылған жағдайында оны қалпына келтіру тетіктерінің заңдылығын зерттейтін – “санология” ілімі дамыды. Бірақ адам денсаулығын сақтауда, оны нығайтуда, ауру түрлерін алдын алуда санология ілімінің ғылыми негіз бола алатынын дәлелдей отырып, И.И.Брехман “салауаттану” ғылымының негізін ұсынған болатын. Ол “санология” ұғымының мазмұнын аша отырып, оның денсаулық жөніндегі ғылым емес, сауықтыру жөніндегі ілім екенін және келешекте ол жаңа ғылым – салауаттанудың маңызды салаларының бірі ретінде (клиникалық салауаттану) жаңа бағытта дамуы керектігі жөніндегі пікірін дәлелдеді.Г.А.Апанасенко салауаттанудың жеке қарастырылу құқығын сараптай отырып, гигиена мен медициналық салауаттануды жеке екі түрлі ғылым ретіндегі ерекшеліктерін көрсетеді. Олардың зерттеу нысандары мен пәндерінің, мақсаттарының әсер ету деңгейлерінің, практикалық маңыздылықтарын, әдіснамалық негіздерінің айырмашылықтарын ажыратып берді. Г.А.Кураевтың, С.К.Сергеевтің, Ю.В.Шленовтың анықтамалары бойынша салауаттану - сыртқы және ішкі ортаның өзгермелі факторларының әсер етуі жағдайында, адамның физикалық, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік мәдени дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ететін және денсаулығын сақтайтын организмнің гигиеналық және физиологиялық мүмкіндіктері жөніндегі ғылым. Салауаттану адам денсаулығын сақтауда әлеуметтік қажеттіліктен дамыған. Оның негізін организмдер жүйесінің динамикалық мүмкіндіктері және тұтас организм жөніндегі түсініктер құрайды. Салауаттанудың міндетіне адам организмнің жүйелерінің қызметін, оның жеке физиологиялық ерекшеліктерін ескере отыру негізінде сақтау және үйлестіру жатады.
А.А.Семенов салауаттанудың басқа ғылымдардың бір саласы ретінде қаралуының себебін, оның өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіреді. Ол ерекшеліктерге:
- салауаттанудың бірнеше ғылымдардың түйіскен жерінде пайда болуын;
- салауаттанудың денсаулықты сақтау және нығайту аясындағы кез-келген ғылымның жетістіктерін губка секілді өзіне сіңіру қасиеттерін жатқызады.
Б. Махамбетованың пікірінше, салауаттану – қоғамның денсаулық жағдайын игере алмауына, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін денсаулықтың сақталуына және нығаюына қолданбауынан дүниеге келіп отыр.
Е. Е. Лунина салауаттану жөніндегі ғылыми еңбектерді сараптай отырып, оны медициналық және педагогикаға жіктесе, Е. И. Вайнер салауаттануды қазіргі даму сатысында сараптай отырып, оның жалпы медициналық, педагогикалық, жас ерекшелігі, диференциалды, кәсіби, арнайы отбасылық, экологиялық, әлеуметтік бағыттарын ажыратады.
Салауаттанудың негізгі сатысы тұлғаның даму үрдісіндегі жеке денсаулығы мен денсаулық мәдениетін тәрбиелеуге қатысты. Сондықтан ғалымдар медициналық және педагогикалық салауаттану арасындағы стратегиялық және тактикалық айырмашылықтары негізінде түсіндіруге көбірек ден қояды. Н. Мырзаханұлының пікірі бойынша педагогикалық салауаттанудың зерттеу нысаны – дені сау адам, дені сау ұжым болса, медициналық салауаттануда болмысы – “үшінші жағдаяттағы” адамдар. Үшінші жағдаяттағы адамдар – бұл не ауру, не сау еместер.
“Салауаттану” ғылымының мазмұнына берілген түсініктемелерді талдай отырып, салауаттану – адам денсаулығын, орны сақтау мен нығайту жолдары жөніндегі ғылымаралық бағыт деп түсінеміз. Оның неізгі міндеті – салауатты өмір салтын қалыптастырудың мәнін ашу мен оны қалыптастырудың барлық заңдылықтарын зерттеу. Т. Қ. Мұстафина сөзімен айтқанда, “салауаттану – денсаулықты басқыру ғылымы”. Салауаттану – медицина, экология, биология, әлеуметтану, педагогика, психология, физиология, гигиена ғылымдарының ортасынан шығатын денсаулықты қалай басқарудың заңдылықтарын, әдіс-тәсілдерін нұсқаушы ғылым.
Осылардың ең маңыздысы ретінде жас ұрпақты салауатты өмір салты рухында тәрбиелеудің нақты іс-шараларын ұйымдастыруды қосады. Сондықтан, денсаулықты қалыптастыру, сақтау және нығайту жолдарын нұсқау арқылы, жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу педагогикалық салауаттанудың міндетіне жүктеледі.
Е.Е.Лунина педагогикалық салауаттануды салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған білім беру үрдісінің субъектілерінің біріккен іс-әрекетінің жүйесі деп анықтайды.
Э.И.Вайнер “педагогикалық салауаттану дамуының түрлі жас ерекшелігі кезеңдеріндегі денсаулыққа және салауатты өмір салтына орнықты өмірлік мақсат тұрғысынан қарайтын адамды оқыту мен тәрбиелеу мәселесін зерттейді” деп анықтама береді.
Педагогикалық салауаттану бағытында бүгінгі таңда көптеген ғалымдар мен зерттеушілер жұмыс жүргізуде, мысалы ТМД елдері бойынша:
- негізгі мектептер оқушылардың салауатты өмір салты ұғымдарын қалыптастыруы (А.П.Голобародка және тағы басқа);
- салауаттану бойынша білім бағдарламаларын жасау (Г.К. Зайцев, Н.Б.Колбанов, М.Г.Колесникова және тағы басқа);
- педагогикалық іс-әрекет стратегиясының салауаттанулық негізін анықтау (Н.Б.Закарович және тағы басқа);
- физикалық және рухани салауатты тұлғаны қалыптастырудың шарты ретінде мектепте салауаттанулық қызмет жүйесін ұйымдастыру мәселесі (Л.А.Каратаева және тағы басқа);
- мектепке дейінгі ересек балалардың салауаттанулық тәрбиесінің педагогикалық негізін анықтау (С.А.Корочкина және тағы басқа);
- қазіргі таңдағы мектеп оқушыларының салауаттанулық көзқарасын қалыптастыру (В.В.Кожанов және тағы басқа);
- сыныптарда биологияны оқытуда салауаттанулық біліктіліктері мен іскерліктерді қалыптастыру мүмкіндіктері (О.Колоиц және тағы басқа);
- жаңа типті білім беру мекемелерінде оқушылар тұлғасының салауаттанулық тәрбиесінің теориясы мен практикасы Н.Н.Волков және тағы басқа көптеген ғалымдардың өз зерттеулеріне негіз болды.
Салауатты өмір салтын үздіксіз қалыптастыру ұлттық білім беру жүйесі үлгісінің құрылымына сәйкес жүзеге асырылады. Осы негізде Қазақстандағы педагогикалық салауаттанудың бағыттарын анықтауға болады:
- психологиялық-медициналық-педагогикалық қызметтер;
- балалар денсаулығын сауықтыру орталықтары және денсаулық мектептері;
- кешенді сауықтыру бағдарламалары;
- салауаттанулық білім беру бағдарламаларын, оқу әдістемелік кешендерін әзірлеу және оларды іс-тәжірибеге ендіру.
Достарыңызбен бөлісу: |