III-тарау Екінші дүниежүзілік соғыс және Италияда фашистік режимнің күйреуі.
III.1 Италиядағы қабаттас соғыс
4 ақпан 1939 жылы Муссолини Үлкен фашистік кеңесте сөйлеген сөзінде Италияның сыртқы саясатының «таяу және одан арғы жылдарға» арналған перспективаларын анықтады. Италия Албаниядан басқа Еуропа территориясына мүдделі емес, басты мақсаты мұхитқа шығу үшін сол жолдағы кедергілерді жою қажет деп көрсетті. Үнді мұхитына Сурдан, Ливия, Атлантқа француздық солтүстік Африка арқылы ғана шығуға болады. 1939 жылы итальян әскері қару-жарақ, тактикасы жағынан Эфиопияға соғыс жүргізген жағдайында қалып қойды. Әскери бюджет өссе де, еш жаңалық енгізілмеді. 1 тамыз 1939 жылға қарай итальян әскері 67 дивизиядан тұрды. Муссолини авиацияға ерекше назар аударды. Соғысқа дейін ай сайын 150 – самолеттен шығарып отырса, ал 1942 жылы 300 самолеттен шығарды.34 1939 жылы Муссолинидің тапсырмасымен Қорғаныс комиссиясымен соғыс үшін қандай шикізат қажет екендігін анықтады. 1939 жылы 1 қыркүйекке қарай соғыс өнеркәсібінде шикізат қоры 5-6 апталық уақытқа жететіндей ғана еді. 25 тамызға қарай Гитлердің соғысқа дайын екендігі айқындалған соң, Муссолини Гитлермен иық тіресе жүру қажет екендігін түсініп, сол күні түнде жаппай мобилизациялау туралы бұйрық дайындатты. Фашистік Италия Гитлер бастаған соғысқа кіруге шешім қабылдады.
25 тамыз 1939 жылы Гитлерден Римге өкіл келіп, Польшаны басып алу жақын уақытқа белгіленді, бірақ Гитлер Муссолинидің бірден соғысқа араласуын талап ететінін білдірді. Бұған наразы болған Муссолини штаб басшыларын жинап, Италия соғысқа кіру үшін қажетті әскери материалдар тізімін жасауға бұйырды. Ол тізіммен бірге, осылардың барлығымен Италия қамтамасыз етілмесе Италия соғысқа кіре алмайды деген жолдау Гитлерге қоса жіберілді. Оған жауап ретінде Гитлер Италияның бейтараптық сақтау жөніндегі шешімін жариялауды тоқтата тұру, Франция мен Англияны алаңдата тұру үшін мобилизациялық шараларды жүргізе беруді өтінді. Бұған Муссолини келісті. 1 қыркүйек 1939 жылы Италия бейтараптық сақтайды деген ресми құжат жарияланды.
Елді Италияның соғысқа кірмейтіндігі жөніндегі хабар еркін демалдырды. Әрі Гитлерлік Германиямен одақтық кең қолдау таппағанын көрсетті. Бәрі де бейтараптық жариялау фашистік режимнің әрекеті еместігін, бұған Муссолинидің еріксіз барғандығын түсінді. Қорланған Муссолини бір айға жуық сөз сөйлемей қойды. Аз уақытқа созылған бейтараптық кезеңде Муссолини Германия мен оның жауларының арасында делдалдық роль атқарып, Гитлерлік агрессияны Кеңес Одағына қарсы айдап салуға тырысты.
18 мамыр 1940 жылы Бреннерде Муссолини Гитлермен кездесті. Муссолини Германия өзінің табыстарымен шешуші жеңіс үшін жағдай тудырған тұста Италия соғысқа кіреді деп есептеді. Бұл жоспарды Муссолини «параллельдік соғыс» деп атап, күшті империалистік жыртқыштың соңынан еруді көздеді. 6 сәуірде Муссолини Бас штаб бастығына соғыс қимылдарын жүргізудің жалпы жоспарын көрсеткен меморандум жіберді. Бұл жоспар бойынша француз шекарасында қорғаныс қимылдарын Югославияға қарсы күш жинақтау, Эгей теңізі мен Ливияда қорғаныс шаралары, Шығыс Африкада ішінара шабуыл жүргізуді көздеген. Шабуылды авиация қолдаған әскери-теңіз флоты жүргізді. Бұл кезеңде Германияның басып алу соғыстары табысты еді.
Францияның тез арада тізе бүгуі туралы хабар тарағанда Муссолини аз уакытқа болса да соғыс жүргізгеніне қатты өкінді. 18 маусымда Гитлер оны Францияға қойылатын шарттарды талқылау үшін Мюнхенге шақырды. Муссолини онда Францияны толық оккупациялау, француз флотын бөліске салу, Италияға француздық Сомали, Ницца, Корсиканы және Алжир мен Мароккодағы соғыс базаларын беру жөнінде ұсыныс енгізді. Ал Гитлер Францияны қатардан шығарып, Англияға қарсы шабуыл жасау дайындығын ойластырды. 20 маусым 1940 жылы Муссолини Бадольға барлық майдандарда француз территориясына ішкерілей ену мақсатында жаппай шабуыл бастауға бұйрық берді.
1940 жылы фашистік Италияның параллелдік соғыс майданы маңызды аймағында жүргізілмеді. 1940 жылдың соңында итальян әскері Африкада едәуір соққыға ұшырады. 9 желтоқсанда ағылшындар күш жинақтап Египетте қарсы шабуылға шықты. Итальян әскері Киренайкада толық қирады. 1940 жылдың соңына қарай теңіз операциялары да Италия үшін сәтсіз болды.
1940 жылдың 28-қазанында италян әскерлері Грецияға баса-көктеп ене бастады. Бірақ көп кешікпей сол жылдың қарашасында олардың жасаған шабуылдары сәтсіздікке ұшырап, грек халқының көрсеткен қарсылығы арқасында олар жаулап алған территориясынан қайта кері ығысып шығуға мәжбүр болды.
Муссолини ешқашанда итальян ұлтының қасиеттері туралы жақсы пікірде болған емес. Ол өзінің күйеу баласы Чианоға былай деп жазды: «Я должен признать, что итальянцы 1914 г. были лучше нынешних. Это неприятный результат для фашистского режима, но это так».35 Муссолинидің пікірі бойынша буржуазияның негізгі тобына фашизмнің соғыс авантюрасына қарсы тұра алатын оппозициялық топ шығара алуға қабілетсіз. Фашистік режимге қарсылық жастар арасында көбірек орын алды. Университет журналдарының бетінде фашистік жетекшілерді алаңдатқан мақалалар жарияланды.
Муссолинидің жеке басы туралы ағылшынның мемлекеттік қайраткері және дипломат Антони Иден былай деп жазған:
Муссолинидің бір ғана санасатын факторы бар, ол экономикалық және әскери күш. Ол өз пайдасы болмаса ешқандай жол бермейтін тұлға. 1943-жылы Черчилль маған қоңырау соғып, Муссолинидің биліктен кеткенін айтты. Біз егер 1935 жылы санкцияны қолдануды қатаң талап еткенде мүмкін екінші дүние жүзілік соғыстың басталуын кешеуілдететін бе едік деген ойды ол өз күнделігінде жазған екен. Себебі Муссолинидің істеген тірліктері тек ғана көзбояушылық еді.[36]
Барлық антифашистік партиялардың соғыс басталған кезде жағдайлары күрделі еді. Бәрінен де көп коммунистер фашистік репрессияға ұшырады. 1939 жылдың күзінде Европаны қамтыған антикоммунистік толқын Италия коммунистік партиясының басшыларын да алып кеткен еді. 1939 жылы қыркүйекте Парижде П.Тольятти, Л.Лонго және басқалар тұтқындалды. Ұзақ жылдар итальян эмиграциясының саяси орталығы болған Париж тікелей неміс фашистерінің бақылауында болды. Католиктік бағыттағы оппозициялық топтар, «Әділеттілік және бостандық» қозғалысы белсенді қимылдады. 1940-1941 жылдары Италияда фашистік режимнің беделі біраз төмендеді. Корпоративтік жүйе түрінде қоғамды «әлеуметтік жаңарту» туралы уәделерінің жалғандығын фашизмнің ықпалынан жастардың ауытқуын тудырды. Итальян әскерінің Грецияда, Африкада женілуі ұлы және күшті Италия жөніндегі мифтің күлін көкке ұшырды.37
III.2. Италияның Кеңес Одағына жасаған шабуылы және Италияның әскери жеңілісі
1941 жылдың алғашқы айларында Италияның өзіне тиесілі «параллельдік соғысты» жүргізу мүмкіндігі туралы иллюзия толық жойылды. Гитлер 1941 жылы қаңтардың соңында Муссолиниге Германия Грециядағы соғысқа араласады және Солтүстік Африкаға әскер жібереді деп мәлімдеді. Оның астарында Гитлердің итальян фашистік әскеріне сенімсіздігі жатыр еді, Муссолини еш қарсылық көрсете алмады. Неміс дивизиясы Югославияны алған соң, Грецияда итальян әскері 13 наурызда шабуылға шыға бастады. Немістер гректерге тылдан соққы берді. 24 сәуірде Греция тізе бүкті. Югославияны капитуляциялауға итальян корпусы қатысқан болатын. Осыған жауап ретінде Муссолини Словенияның бір бөлігін, Дальмацияның жағалауын алды. Итальян әскерінің өз күшімен үлкен аймақта соғыс жүргізе алмайтыны айқын болды.
22 маусым 1941 жылы Гитлер Муссолиниге хабарламай КСРО-ға шабуыл жасады. Бұл неміс армиясы шығыс майданда шоғырланады, Италия Жерорта теңізінде немістерге сүйене алмайды дегенді білдірді.Солай бола тұрса да итальян әскері Солтүстік Африкада ұрысты жүргізе берді. Италиядан Африкаға теңізбен жүк тасымалдауына Мальта қауіп төндірді.
Италиян Бас штабының басшысы Каваллеро Малтадағы базаны басып алуды жақтады. Сицилия мен Оңтүстік Италияда операция жүргізуге қосымша екі неміс авиациялық корпусы түсірілді. Алайда шілдеде ағылшындар Эль-Аламейн түбінде итальян-неміс әскерлеріне қатты соққы берді. 1942 жылы қазанда генерал Монтгомери басқарған ағылшындардың сегізінші армиясы шешуші шабуылға шығып, қарсыластарына ойсырата соққы берді. 1942 жылдың соңына қарай Италия Африкадағы барлық иелігінен айырылды.
1942 жылдың жазында совет-герман майданында итальян корпусы құрамында он дивизиясы бар армияға айналды. 1942 жылдың күзінде итальян әскері кеңес майданында Воренежден оңтүстікке карай Донда 270 шақырымда орналасты. Ол венгер, румын әскерлерімен бірге Сталинградқа жылжыған Гитлер әскерінің сол қанатын қорғауға тиіс болды. 16 желтоқсанда кеңес әскерлері Оңтүстік-Батыс майданда Сталинградта қоршауда қалған Паулюске көмекке ұмтылған Гитлер дивизиясына және итальян корпусына соққы берді. 22 желтоқсанда майдан оңтүстік бағытта күйреді. Гитлер әскерінің Сталинград түбіндегі жеңілісі Солтүстік Африкада итальян-неміс әскерінің тағдырын анықтады. 8 қараша 1942 жылы ағылшын-американ әскері Алжир мен Мароккоға түсіріле бастады. Италия мен Жерорта теңізіндегі неміс әскерінің басшысы Маршал Кессельринг 15 қаңтар 1943 жылы Римге келіп, совет майданындағы жағдайдың қиындықты Африкаға қосымша күш әкелуге мүмкіндік бермейтіндігін мәлімдеді. Бұл жердегі итальян-неміс әскері 1943 жылдың мамыр айының басында капитуляцияланды.
1941 жылдың басынан шикізат пен отынның жетіспеуіне байланысты итальян өнеркәсібі елеулі қиындықтарға ұшырады. Негізінен көмірмен камтамасыз ететін Германия КСРО-мен соғыс басталған соң. әкелуді күрт азайтты. Румыния мен Албаниядан тасылынып жасалған мұнай қоры 1941 жылдың соңына қарай таусылды. Елде болат жетіспей қару-жарақ шығару қысқарды. 1941 жылдың соңында соғыс тапсырыстарын орындайтын 729 кәсіпорын жабылды. 1942 жылдың ортасынан соғыстың басынан өндірісін кеңейткен кәсіпорындардың да жұмысы бәсеңдеді. 1941 жылдың екінші жартысынан халыктың жағдайы тым нашарлады: салықтың көп болуы; азық-түліктің жетіспеуі; инфляция; эпидемия; жұмыссыздык; қайыршылық; алыпсатарлық.
1942 жылы қазанда фашистік режим жиырма жылдығын тойлады. Той ағылшын-американ авиациясының итальян қалаларын атқылауына сәйкес келді. 1942 жылдың күзінен бастап полиция мәліметі Муссолиниге оның айналасындағылардың бәрі бірдей оны қолдамайтындығы жөнінде хабарлап отырды. Муссолини 1943 жылы көктемде партия мен үкіметтің басқарушы топтары арасында «қатаң тазарту» жүргізді. Бас штабтың басшысы У.Каваллеро және Чиано сияқты басқарушылар орындарынан алынды. Муссолинидің іс-әрекеті тепе-теңдігін жоғалтқан адамның қозғалысын елестетті. Барлық көрнекті фашистер қызметінен айырылды. Олардың орнына диктатордың айтқанын бұлжытпай орындай беретіндер келді. Муссолини 24 маусымда партияның мәжілісінде өзін жақтырмайтындарды ұрсып-зекіп, қатты тиісіп сөз сөйледі. Үш күннен соң ағылшын-американ әскері Сицилияға түсірілді, соғыс қимылдары континенталдық Италия территориясына жақындады.
III.3. Фашизмге қарсылықтың ұйымдастырылуы және фашистік режимнің күйреуі
1942 жылы Муссолини ауырып жатқан кезде оның айналасындағылар мен король маңайындағылар арасында Италияның соғыстан шығуы туралы ой тарады. Ал Германияның жеңілетіні 1943 жылы көктемде анықталғанда, Италияда Муссолиниді құлатуға дайындалған екі топ құрылды. Біріншісі -жоғары қызметінен айырылған, Муссолиниді жек көретіндер Д.Гранди. Дж.Боттан, Г.Чано сияктылардан құрылды. Олардың бағдарламасы толық анықталмай, «фашизм - Муссолинисіз» деген формулаға сайды. Екіншісі -бас штабтың жаңа бастығы Амброзио басқарған монархистік көңіл-күйдегі шенеуніктерден құрылды. Олардың мақсаты өкімет басына монархияны қалпына келтіру.38 Екі топ та төңкерісті жасауда үлкен роль атқарған финанс-өнеркәсіптік топтармен тығыз байланыста болды.
1943 жылы 19 шілдеде Фельтреде Муссолини Гитлермен кездесті. Оның жанында бірге жүрген Амброзио Гитлерден соғыстан шығу жөнінде рұқсат етуді сұрауды ұсынды. Алайда Муссолини Гитлердің ұзақ монологын үнсіз тыңдады. Амброзионың баяндамасынан соң, Гитлер Муссолиниді тұтқындауды дайындау туралы шешім қабылдады. 24 шілде күні сағат бесте Үлкен фашистік кеңестің мәжілісі ашылды. Мәжілісті Муссолини ашып Италияның жалпы жағдайы, соғыс қимылдары жөнінде сөз сөйледі. Бас Штабты сынады. Мәжілісте Боттан бітім туралы мәселе көтерді. Бір-бірімен айтыс басталды. Мәжіліс депутаты Гранди фашистік режимнің жеңіліс тапқанына жауапты көсем сенсің деп айыптады. Мәжіліс он сағат үзіліссіз жұмыс істеді. Гранди ұсынысы дауысқа қойылды. Ұсынысқа он тоғызы жақтап, ал жетеуі қарсы дауыс берді. Мәжіліс аяқталысымен Гранди ол туралы корольге хабарлап, үкімет басшысына Бадольоны тағайындау туралы декрет дайындады. 25 шілдеде король Виктор Эммануил Муссолиниді қабылдап оған көп кінә артты. Бадольоны оның орнына тағайындады. Муссолини күзетпен әкетілді. 25 шілдеде кешкі сағат онда радиодан «король кавалер Бенито Муссолини отставкасын қабылдап, орнына маршал Бадольоны тағайындады»[39] деген хабар таратылды. Италия қалаларының көшелеріне фашистік режимнің құлағанына қуанған халық лық толды.
Осы кезде королдың бұйрығы бойынша жеделхаттар жолданып, Италияның барлық қалаларында биліктің тұтқасы әскерилерге беріліп, ал полицияның жаңа басшысы қалай болғанда да елдегі тәртіпті сақтау туралы тапсырма берді.
Бадольо үкіметінің қырық бес күні. Фашистік режимнің орнына 45 күн өмір сүрген әскери монархиялық диктатура келді.40 Жаңа үкімет құрамына қастандыққа қатысқан көрнекті фашистер кіргізілмеді, ол жоғарғы шенеуніктер мен әскерилерден құрылды. Ішкі саясатының басты мақсаты: революциялық бас көтерулерге жол бермеу; сыртқы саясатта Италияның соғыстан шығуы және сепараттық бітім жасау. Алғашқы кезде үкіметтің басты назары елдің барлық жерін камтыған жаппай бас көтерулерді басуға аударылды. Солтүстік Италияда алғашқы күннен-ақ ұйымдасқан формада жүрді: антифашистік митингілер ұйымдастырылып, жұмысшылар жұмыстарын тоқтатты. Осының бәрі басқарушы топ арасында үрей туғызды. Жиырма алтысы күні түсте елге қоршау жағдайы енгізілді. Көшелерде жииалыстар өткізуге тыйым салды. Жылдың мамырында халық батылдарының қозғалысы да бас көтерді. Оның құрамындағы түрлі саяси және діни ұстамдағы адамдар қолдарына қару алып фашистерге қарсы күресуге дайын болды.
Солтүстік Италияда коммунистік партияның қолдауымен жаппай көтеріліс басталды. 26-шілдеде Милан қаласында көп данада коммунистік партияның Унита газеті жарық көре бастады. Осы газетте коммунистердің басты талаптары көрсетілген мақалалар басылып шықты: бітімгершілікке қол жеткізу, демократиялық бостандықты қалпына келтіру және үкімет құрамына антифашистік партиялардың өкілдерін енгізу т.б.
Осы кезде Муссолинидің тақтан түскенінен күмәнданған Гитлер өз генералдарына Италияны жаулап алып бағындыруға дайындалу туралы бұйрық берді. Осы бұйрыққа сәйкес Италияға және оның шекараларына неміс дивизиялары жақындап шоғырлана бастады. Гитлерге Италияның жаңа сыртқы істер министрі Р.Гуарильяның және Бас штаб бастығы Амброзионың 7-тамыздағы Италия соғысты бұдан ары қарай жалғастыра бермекші дегені рас болып шықты.
30-тамызда Италия әскері Гитлер әскерінен қорғану шараларын тез арада ұйымдастыра бастады. Бірақ монархия үкіметінің соқыр саясаты арқасында Италияның соғыстан шыққан күні – 8-қыркүйек – гитлердің италия халқын жаулап алуының басталған күні болды.
III.4. Италия және Германия фашизмдерінің өзіндік ерекшеліктері
Екі дүниежүзілік соғыс арасында Еуропада саяси режимдердің негізгі екі түрі өмір сүрді: қоғамдық дамудың авторитарлық- тотаритарлық үлгісімен либералдық-демократиялық үлгісі.
Тотаритарлық үлгінің толық логикалық шыңына жеткен көрінісі алдымен Италияда, кейінірек Германияда(нацизм түрінде) және Испания мен Португалияда (ибериялық нұсқа) орнатылған фашисттік режимдер болды.
Тотаритарлық режимдер белгілі бір мақсаттарды: күрделі саяси және экономикалық дағдарыстан шығу, милитарландыру және соғысқа дайындалу, индустриаландыруды тездету, алдын-ала ойластырған идеологиялық құрылымға сәйкес қоғам мен одақтарды өзгерту үшін құрылды. «Тотаритарлық» ұғымы жиырмасыншы-отызыншы жылдары КСРО-да қалыптасқан әкімгершілік-дәміршілдік жүйе мен сталиндік диктатураға да тура келеді.
Тотаритарлық жүйелерге азаматтық қоғамды мемлекеттің басып-жаншып, аяқ асты ету құбылысы тән. Б.Муссолини өзінің «Фашизм туралы ілім» деген кітабында былай деп жазды: «Фашизм үшін ең жоғарғы нәрсе мемлекет.[41] Оның алдында жеке адамдармен топтар түкте емес. Бұл салада жеке адамдар емес, тек мемлекеттің ғана пікірі шешуші рол атқарады». Тоталитаризм-либерализмнің, демократияның, пікір әралуандығының, ой мен ұйым бостандығының қас жауы.
Тоталитаризм мемлекеттік реттеудің қоғамдық өмір мен жеке адамдардың іс-әрекетінің барлық салаларын қамтығанын жақтайды.Азаматтық қоғамды тоталитарлық мемлекеттің жұтып қоюының экономикалық негізі-ол рыноктық қатынастарды мемлекеттік-бюрократтық реттеу, жоспарлау және бөлумен алмастыру болып табылады. Бұл жағдайда жеке меншік ауқымының тарылатындығы сонша, тұлғаның бостандығы мен еркіндігінің экономикалық негізі жоғалады.
Саяси салада тоталитаризм либералдық-демократиялық режим мен оның институттарының жойылуын, мемлекеттік- партиялық диктатураның орнатылғандығын білдіреді.
Идеология саласында фашизм мен нацизм ұлтшылдық, шовинисттік жәнесоциалисттік идеалардың эклектикалық қосындысы ретінде демократияға, либерализмге, марксизмге қарсы бағыт ұстады. Бұл теріске шығару және бір мезгілде зорлау мен қорқыту арқылы іске асырылып жатқан «жаңа тәртіптің» қиялдағы тұжырымы негізінде қоғамды қайта құрудың утопиялық доктринасына сену идеологиясы еді.
Экономика саласында фашизм мен нацизм экономиканы мемлекеттік реттеу жүйесін құрып,оны милитарландыру мен алдынғы соғысқа дайындалуға бағыттады. Фашизм тұсында тап күресін, еңбек пен капиталдың дәстүрлі қарама-қарсы тұруларын мемлекеттік- партиялық аппарат аяусыз басып жаныштады. Кәсіподақтар қуып тартылды.
Басқа оңшыл радикалдық күштерден айырмасы фашизм өзіне көпшілік негіз таба білді. Қоғамның кейбір топтарына фашисттік идеалар, нәсілшілдік теория, антисемитизм ұнады, олар материалдық пайда тапты, кейбіреулер фашисттік қылмыстарға қатысып, қолдарын қанға бояды. Сонымен бірге фашисттік режимдер белсенді әлеуметтік саясат жүргізді. Олар экономикалық дағдарыстарға тосқауыл қоя алды.
Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы Германияда және Ресейде революция кең етек жайды. Ол қолбасшылықтың флотты соңғы ұрысқа салуға наразы болған Киль әскери теңізшілерінің көтерілісімен басталды. 1918 жылдың 10 қарашасында Берлин кеңесі екі жұмысшы партиясы-Социал-демократиялық герман партиясы мен Тәуелсіз социал-демократиялық партия өкілдерінен халық уәкілдерінің Кеңесін (СНУ) құрды. СНУ төтенше әскери заңдарды алып тастады, 8 сағаттық жұмыс күнін орнатты және кәсіпкерлерге кәсіподақтар мен ұжымдық келісім жасауды міндеттеді. СНУ конституция жасау үшін Құрылтай жиналысын шақырды. Оның атынан Компьен бітіміне қол қойылды, соғыс аяқталды. Елде социалистік революция, Кеңестер өкіметін орнату және өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншікті жойып, жылдам қоғамдық меншікке көшіру үшін қозғалыс күшейе берді. Бұл қозғалысты мүшелері НСДПГ-да болған Спартак тобы басқарды. Топ жетекшілері Карл Либкнехт және Роза Люксембург. Герман қоғамында күштердің сапырылысуы жүрді, алайда үкіметті жақтайтындар көбейді.
Консервативтік-милитаристік күштер Версаль бітіміне наразылықты пайдалануға тырысып, ұлтшылдықты өршітті. «Ұлттық масқара» неміс халқын «сатқан» марксистерге жабылды. Осындай жағдайда 1918 жылы наурызда құрылған фашистік партия өз позициясын нығайта алды.
Қоғамды өзгерту қозғалысы 1918-1920 жылдары биік шыңына жетті. Күрес барысында көп нәрсеге қол жеткенімен, бәсеңсу басталды. Жұмысшылардың, социал-демократиялық партиялардың ықпалы өсті. Көптеген елдерде кәсіподақ құқы танылды. Австро-Венгрия, Германия, Осман, Ресей империялары құлады. Жаңа ұлттық мемлекеттер құрылды. Скандинавия елдерінде, Австрия, Германия, АҚШ және Ұлыбританияда әйелдер дауыс беру құқына ие болды. Европа картасында үш республиканың орнына 13 мемлекет пайда болды. Осыған мәз болғандар белсенді күрестен ауытқыды. Біразы күрестен шаршады. Біреулері күрес қорытындысына риза болмады. Алғашқыда демократия барлық проблемаларды шешудің кілті болып есептелінген еді. Алайда демократия дегеніміз жалпы сайлау құқы, бостандық көппартиялық өзімен-өзі жұмыссыздықты, бағаның өсуін, өндірістің құлдырауын жоя алмайтындығы айқындалды. Кей жағдайларда демократияның орнауы мемлекеттік өкімет билігін әлсіретті. Демократиялық қиял көпшілікті бірден баураған болса, демократияға көңіл толмағандық та бірден жалпы сипатқа ие болды. Бірқатар елдерде бұл жаппай антидемократиялық қозғалыстың туындауына әкеліп соқты. Осылайша европалық фашизм пайда болды.
Фашизм – ХХ ғасырдағы көбінде европалық саяси қозғалыс, мемлекетті басқарудың арнайы түрі. Ол дүние жүзінің халықтарына теңдесі жоқ азап әкелді. Нақты айтқанда Германия мен Италия сияқты фашистік мемлекеттер екінші дүниежүзілік соғыс отын тұтандырушылардың басты айыпшылары болды. Әрбір елде фашистік қозғалыс өзіндік ерекшеліктерімен айқындалды. Германия фашизмі немесе нацизмінің де біраз ерекшеліктері бар. Мұнда ұлтшылдық шегіне жетіп, нәсілдік формаға ие болған. Нацистердің көзқарасынша адамзат баласының тарихы әр түрлі ұлттардың немесе нәсілдердің өмір сүруі үшін күресі. Осы күресте күштілер жеңеді, жеңілгендер иә бағынады, иә қырылады. Олар өмір сүруге ең қабілетті нәсіл деп немістер жататын «ариилік», «нордилік» нәсілді есептеді. Фашистердің ойынша олардың тарихи миссиясы дүниежүзілік үстемдікті жаулап алу. Ол үшін Версаль бітімшартын жою, барлық немістерді бір мемлекетке біріктіру және Шығыста Германия үшін оған ешқашан блокада қаупі болмайтын «өмір сүру кеңістігін» жаулап алу керек болды. Германия дүниежүзілік үстемдік үшін шешуші шайқасқа дайындалуды бастады. Шектен шыққан ұлтшылдық шектен тыс жүгенсіздік туғызды.
Германияда фашистік қозғалыс бірінші дүниежүзілік соғыстан соң бірден пайда болды. 1919 жылы құрылған Ұлттық-социалистік неміс жұмысшы партиясы (НСДАП) бүкіл фашистерді тартудың орталығына айналды. Бұл партияның лидері көп ұзамай-ақ Адольф Гитлер болды.
20-шы жылдары фашистердің жағдайы адам қызығарлық емес еді. Олардың ықпалы 1929-1933 жылдардағы экономикалық дағдарыс жылдарында тез өсе бастады. Экономикалық дағдарыс Веймар Республикасының дағдарысын да көрсетті. Сан мыңдаған жұмыссыздық, шаруалар мен қолөнершілердің жаппай қайыршылануы үкіметтің халықтың жағдайын жеңілдететін төтенше шаралар жүргізуін талап етті. Алайда бірінен соң бірі ауысқан үкімет ескірген басқару аясынан шыға алмай, онсыз да аз әлеуметтік шығындарды қысқартқан экономикалық саясатты жүргізе берді.
Веймар Республикасының тағдырына Германияның дәстүрлі соғыс-бюрократиялық элитасының өкілдері шешуші роль атқарды. Дағдарыс аяқталуға жақын еді. Нацизмнің жақтаушылары өкімет басына келу мүмкіндігіне сене қойған жоқ. Дәл осы тұста саяси-бюрократиялық элита өзінің президент Гинденбургке ықпалын пайдаланды. Оны үкіметті қалыптастыру мандатын Адольф Гитлерге үкімет басшысы-рейхсканцлер болып тағайындалды.
Атқару билігін қолға алған нацистер Германияда саяси-демократияны жоюға белсене кірісті. Сылтау ретінде рейхстагты жағу қолданылды. Нацистер өзінің саяси қарсыластарына қарсы ашық террор ұйымдастырды. Гитлер Гинденбургқа азаматтардың негізгі құқықтарын жоятын және жазалаушы органдарға шексіз өкілеттілік беретін «халық мемлекетті күзету туралы» арнайы қарарға қол қойғызды. Веймар Республикасы конституциясы негізіне алынған билікті бөлу принципі лақтырылды. Заң шығару функциясы үкіметке берілді. 1934 жылы Гинденбург қайтыс болған соң Гитлерге президент өкілеттілігі де берілді. Осылайша Германиядағы барлық билік Германияның «көсемі», «фюрері» атанған Гитлердің қолына топтасты. Жергілікті басқару органдары жойылған әкімшілік реформасы жүргізілді. Барлық жерде билік жоғарыдан тағайындалған шенеуніктердің қолына көшті. 1933 жылы НСДАП-дан басқа барлық саяси партияларға тыйым салынды. Бұлар зорлықсыз, күшсіз жүзеге асырылмайтын еді. Сондықтан мемлекеттің жазалаушы органдарының ролі күшейді. Штурмовиктер мен күзету отрядтары мемлекеттік аппараттың зорлық-зомбылығының бір бөлігіне айналды. Елде құпия полиция (гестапо) құрылды. 1933 жылдан бастап Германияның барлық жерінде режимге қарсы шыққан адамдарды ұстауға арналған концентрациялық лагерьлер пайда болды. Азаматтардың барлық саяси құқықтары – сөз, жиналыс бостандығы, хат алмасу құпиясы, тұрғын үйге тиіспеушілік жойылды.42
Германияның экономикасында да маңызды өзгерістер болып жатты. Гитлер үкіметі дағдарыстан шығу мақсатында шаруашылық өмірді мемлекеттік реттеуді кеңейтті. Мемлекеттің қаржысына жалпыұлттық автожол құрылысы басталады, ол жұмыссыздардың санын көбейтуге мүмкіндік берді. Басты назар соғыс өнеркәсібін жылдам дамытуға аударылды. 1933-1939 жылдары соғыс шығындары 620 млн-нан 15,5 млрд. Рейхсмаркаға дейін өсті. Экономикалық өсуді ынталандыру мақсатында салыққа жеңілдіктер енгізілді. Шығындардың өсуі мен салықтардың кемуінің қатар жүруі бюджет тапшылығын тудырды, ол ақша шығарумен жабылды. Оның құнсыздануы мен бағаның өсуін болдырмау үшін үкімет баға мен жалақыға бақылау енгізді, бөлу жүйесін карточкаға бірте-бірте көшіру басталды. Экономиканы мемлекеттің реттеу ауқымы ұлғайды.
Фашистік мемлекет жұмысшы күші рыногы мен еңбек қатынастарына да бақылау орнатты. Нацистер мұнда өздерінің ұлтшылдық идеясының басым болуын қамтамасыз етуге жандарын аямады. Олар еңбек пен капитал арасында толық тіл табысушылық болады деп сенді. Сондықтан да нацистік Германияда кәсіподақ жойылды, оның орнына жұмысшылар мен жұмыс берушілерді біріктірген Неміс еңбек майданы құрылды. Кәсіподақ басшылары «еңбек ұжымының көсемдеріне» айналды. Еңбек қатынастары мен жалақыны бақылау үкімет арнайы тағайындалған «еңбек сенімділеріне» көшті. Көп ұзамай оған жалпы еңбек міндеттілігі берілді: енді мемлекет неміс қайда жұмыс істейтінін анықтайтын болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың басына қарай Германияның экономикасы түбегейлі өзгерді. Жеке меншік сақтала отырып, кәсіпкерлердің еркіндігі едәуір шектелді. Еңбек, тауар және қызмет көрсету рыногы мемлекеттік реттеумен ауыстырылды. Рыноктық экономика өмір сүруін тоқтатты. Осы шаралардың барлығы Германияны дағдарыстан шығуды жылдамдатқандай болып көрінді. 1935 жылы ол өндірістің дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетті, ал 1939 жылы оны едәуір басып озды. Осыған сәйкес жұмыссыздық азайды: 1933 жылы 6 млн болса, 1938 жылы - 429 мың адам. 43Неміс экономикасының жандануы таң қаларлық емес еді: 1933 жылдан бастап Батыстың барлық елдерінде экономика жандану кезеңіне кірген-ді. Оның үстіне Германия экономикасының қалпына келтіру қарқыны оның милитаризациялауына да байланысты болатын. Осы табыстардың құны немістердің 1945 жылғы трагедиясы.
Фашистік Германиядағы өмір нацистердің даурыққанындай емес еді. Зорлық-зомбылық күн асқан сайын күшейе түсті. 1935 жылдың басына қарай нацизмге қарсы 4200-ден астам адам өлтірілді, 517 мың адам тұтқындалды.[44] 1939 жылдың басында саяси сенімсіз 300 мыңнан астам адам тұтқында болды. Алдыңғы қатарлы ой-пікірлі немістер эмиграцияға кетті, олардың қатарына творчестволық интеллигенция қаймақтары – физик Альберт Эйнштейн, жазушылар Томас және Генрих Манндар, Лион Фейхтвангер, Бертольд Брехт, композиторлар Ганс Эйснер, Отто Клемперер, Пауль Хиндемиттер болды.
Фашистік мемлекеттің ресми саясаты – антисемитизм. 1933 жылдың көктемінен өкімет еврейлерге қарайтын барлық мемлекеттерге байкот ұйымдастырды. 1935 жылы еврейлердің герман азаматтығын жойған және оларға мемлекеттік аппараттарда қызмет істеуге тыйым салған бірнеше заңдар қабылданды. Аралас некеге тыйым жасалынды. 1939 жылдан еврейлер үйден және көшелерден арнайы бөлінген орындарға – гетторға көшіріле бастады. Оларға қоғамдық орындарда жүруге, әр түрлі істермен шұғылдануға тыйым салынды. Еврейлер үнемі киімдеріне тігілген сары жұлдызша тағып жүретін болды. 1939 жылы қарашаның 9-нан 10-на қараған түні өкімет еврейлерді жаппай қыруды ұйымдастырды, мыңдаған адам қырылды. Осылайша еврейлерді соғыс кезінде қыруға дайындық жасалды: ол кезде нацистердің нәсілдік ақымақтығынан 6 млн. еврей құрбан болды.
Фашизм адам ақылына да бақылау орнатуға тырысты. Көпшілік хабар құралдары – радио, баспасөз насихат министрі Йозеф Геббельске тікелей бағынды. Өнер де нацистерге қызмет етті: суретшілер, ақындар, композиторлар өз шығармаларында Гитлерді мақтап, арий нәсілі мен жаңа тәртіптердің артықшылығын дәріптеді. Германияның ұлылығын орасан зор, циклоптық сәулет құрылыстары бейнеледі. Нацистік ұйымдар халықты алақанында ұстады, бітпейтін саяси компанияларға тартылды.
1939 жылға қарай Германияға жалпыға бірдей әскери міндеттілік қалпына келтірілді, соғыс авиациясы мен танк әскері құрылды. Гитлер Германияға Австрияны қосты және Чехословакияны бөлшектеді. Германия европаның күшті державасына айналды. Қосып алған территорияларымен бірге Англия мен Францияны басып озып, дүниежүзілік өнеркәсіп өндірісінің 15%-ын берді. 1939 жылдың басында Германия Европада ең күшті армияға ие болды: 2,75 млн адам, 10 мың зеңбірек, 3,2 мың танк және 4 мыңнан астам самолет. Фашистік Германияға үлкен майдандағы шайқасқа дайын болды. Ол басталды және фашистік Германияның жеңілісімен аяқталғаны мәлім.
Италия шабуылының алғашқы объектісі Эфиопия болғаны жоғарыда атап өтілді. 1935-1936 жылдар Италия халқы үшін қиын соқты және бүкіл әлемге фашизмнің зұлымдық сипатын танытты. Одан кейінгі қарулы шабуыл Германиямен бірге Испанияға жасалды.
Фашистік Италия мен Гитлерлік Германия айтарлықтай достық қатынаста емес еді, кейде жаулас десе де болатындай. Себебі екеуі де Австрияны, Дунай бассейнін және Балканды басып алуды көздеген болатын. Бірақ Эфиопиядағы ұрыс көрсеткендей Муссолини Гитлермен одақтас болмай көп нәрсеге қол жеткізе алмайтынын анық түсінді. Сол себептен Гитлердің Австрияны жаулап алуына атсалысты, өзі Албанияны жаулап алғанын қанағат тұтты.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс елдері үшін Германияның жалпы экономикалық жағдайының сауығуы қажеттілікке айналды. Осы бағытта, КСРО-ның қатысуымен шаралар жүргізу мүмкін болмағандықтан олар өз зоналарында ғана ашық реформасын жүргізді. Құнсызданған рейхсмарк неміс маркасымен ауыстырылды. Батыс зонаның әрбір тұрғыны бұрынғы рейхсмарктың 60-сы орнына 60 жаңа марка берілді де, қалғандары 100-ге 6,5-нан келетіндей етіліп ауыстырылды. Бұрын тауар жетіспейтін болса, енді ақша жетпеуге айналды. Инфляция тоқтатылды. «черный» рынок жойылды. Экономикалық өмірді қалпына келтіру үшін жағдай жасалды. 1948 жылдың соңына қарай өнеркәсіп өндірісі жартысына дейін көтерілді, ал 1949 жылдың соңында соғысқа дейінгі деңгейі қалпына келтірілді.
Достарыңызбен бөлісу: |