Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар астана 2008 Редакциялық алқа



жүктеу 499,67 Kb.
бет2/3
Дата01.01.2018
өлшемі499,67 Kb.
#6885
1   2   3

ЖАСӨСПІРІМ ӨМІРІН НЕГЕ ҚИДЫ?
Мұғалім мен жасөспірім арасындағы түсініспеушіліктің бір себебі оқытудағы өктем тәсілде жатыр. Әр адамның туғаннан жаратылысы бөлек, өзіне ғана тән мінез табиғаты бар екенін мойындамаудан, одан қалай да қолайлы адам «жасап шығаруға» ұмтылудан туындайды.
Қаны қарайған адамдар
Қазақ өзіне-өзі кол салған адамды «қаны қарайған» дейді. Осы күндері қан өткізіп жатқан адамдардың шыны түтікшелеріне қарасаң, әлгі түтікшелердің ішінде қара қошқылданып түтіккен біреу тұрғандай денең түршігеді. Биохимиялық зерттеулердің дәлелдеуінше, адам қорыққанда, белгісіз қауіптен сақтанып уайымдағанда, адреналин гормоны бөлініп шығады екен. Тұрмыс-тіршілігі уайымға толы қазіргі адамдардың қанының қараюы осы гормонның көптеп бөлінуінен шығар.

Есептеу мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда біздің еліміздің адамдарының орташа жасы 2 жылға төмендеп кеткен. Өмірінің ұзақтығы жағынан дүние жүзінде 50-орында тұр екенбіз.

Ағылшын жазушысы Дейв Оллистің 60 жылдары шыққан «Сүйгендер ғана аман қалды» романында мұғалім Оливер былай депті: «Адамды уысында ұстайтын әлеуметтік фактордың қысымы қаншалықты зілді болса, соншалықты адамды өзін-өзі өлтіруге мәжбүр етеді». Үлкен мемлекеттің жүйесі шағын отбасының кішкентай тірлігіне ұқсас. Отағасы үйінде қатал болып, бала-шағасының пікірімен санаспайтын болса, ол үйдің балалары жасынан жүйке ауруына ұшырайды. Кешеге дейін өмір сүріп келген қатаң әміршіл, отаршыл мемлекетіміздің іс-әрекетінің салдары да бүтінгі ұрпаққа оңай тиген жоқ.
Абай тұсы - халықтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны,-


деген ғой Сұлтанмахмұт «Қала ақыны мен дала ақынының айтысында». Қазір тіпті үлкен адамды қойып, жас балалардың өзін-өзі өлімге қиюы жиі кездеседі: Әскерден келген жас жігіт көңілі кеткен қызын алуына әке-шешесі қарсылық білдіргенде, атылып өлген. Бір оқушыға мұғалім сабаққа дұрыс қатыспайтындығын айтып ұрысса, ол сол күні түстен кейін өзін-өзі атып тастаған. Ата-ана үшін баланың жаманы жоқ екенін енді кім түсіндірер оған.

Бұрын бұл тақырып жөнінде ашық айтуға болмайтындықтан, өзін өлімге қиған қыршындардың саны жарияланбайтын. Адамның өзін-өзі қатерге салуының себептерін ашып, одан құтқарудың жолдарымен айналысатын суицидологиялық жалғыз орталық соңғы жылдары ғана Мәскеуде ашылған болатын. Біздің республикада осындай мәселемен айналысатын кім барын білмейміз.

Әрине, ұлттың денсаулығы - экономикалық, қоғамдық жағдайларға байланысты үлкен мемлекеттік іс. Өркениетті елдерде, мысалы, Вашингтонда, өз азаматтарының қартаю мәселесін зерттеуге арналған Ұлттық институт та бар. Енді осы жағдайға жастарға жақын жүретін ұстаздар, біздердің қандай септігіміз болар екен, соған келейік.

1988 жылы қараша айында Арқалық жағынан мынандай бір оқиғаны естідім: Үйде жиналған бір топ адамның ішінде бір жас жігіт домбырамен өлең әуелетіп отырды. Өнерге құмар адамның көзінде бір ерекшелік болады ғой, ақ құбаша келген бір әйелден ауылдың алты ауызын айтуын өтіндім. Ол кісі екі оттың ортасына түскендей қиналды. Өнерге деген құмарлықтың сөнген шоқтары жылт еткендей бетінің ұшы қызара қалды да, сәлден соң басылып, аурушаң дауыспен: «Қарағым, өтірік айтып не қылайын, кезінде өлең айтқаным рас. Былтырдан бері басыма бір қайғы түсіп... қалды ғой бәрі де. Кейін жағдайымды өзіңе айтып беремін»,- деді. Қасымдағы бір әйел: «Бұл кісінің баласы қаза болған»,- деп сыбыр етті. Алдында домбырамен өлең айтып отырған ұзын бойлы ақ құба жігіт анасына тартып өлеңші болған осы кісінің үлкен ұлы екен.

Ертесінде үйінде оңаша отырып, әңгімесін естідік. Алдымызға бірнеше сурет кітаптарын қойды. Ішінде: штанга көтеріп жатқан, гитара тартып отырған, итін құшақтаған бір сүйкімді жасөспірімнің суреттері. Суретке қарап: «Жанғалы тұрған бала екен»,- дейсің. Анасы айтты:

- Спортпен шұғылданушы еді. Қораның ішіне кіріп алып, ауыр темірін көтеріп кеп жататын. Сабағы жақсы, кләсіндегі баланың алды еді. Өзі мейірімді, мына бір итін сондай жақсы көріп, сипап күтетін. Білмедік не болғанын, осы балам мамыр айында асылып өлді...

Итін мойнынан құшақтап, бізге қарап мәз болып күліп тұрған сүйкімді жасөспірімнің суретіне аянышпен тағы үңілдік.

- Жылап, жылап, жасым да суалған,- деді анасы тағы да. Баланың қайғысынан ауыр не бар? Қалай жұбатарымызды білмей, отырып қалдық. Сөзді өзі жалғады:

- Таңертең-кешке ұсақ малды айдап салып, қамап, өзі иелік жасайтын. Шайға кешіккен соң, қораға барып қарасақ, мойнынан асылып тұр екен, жаны шығып кетіпті.

- Себебін білмедіңіздер ме?

- Ешқандай біле алмадық... Оқуында да, үйде де кінә тағатын бала емес еді. Әкесі өлген соң, соған қайғырды ма, білмеймін. Мілиса әрі-бері тексеріп, түк таппады.

Ана орнынан тұрып барып, бір қуыстан тұмардай ғып түйіп тастаған, шүберекке ораулы бір қағазды алып берді.

- Қалтасынан шыққан соңғы хаты мынау.

Біз бала қолымен жазылған соңғы хатты дірілдей оқи бастадық:


«Апа, алтын апам менің! Қош болыңыз, кіналамаңыз. Мен, міне, осындай жағдайға душар болдым. Амал жоқ. Мағынасыз тәуекелге бел буып отырмын. Менің қазамды ешкімнен көре көрмеңіз. Бұған ешкім де кінәлі емес. Ешкімді қарғамаңыз да, сөкпеңіз, апатайым. Қайтейін, мен осылай болдым. Ақ сүтіңізді өтей алмай кетіп барам. Кешіріңіз мені. Ерте кеттім демеймін. Бәрібір мен бұлай жүре алар емеспін. Тірі күйік болдым.

Аялап, әлпештеп өсірдіңіз. Қатарымнан кем қылмадыңыз. «Өлген артынан өлмек жоқ» деген. Мықты болыңыз. Сіздің әлі көретін қызығыңыз жетеді. Қайғырмаңыз маған. Мен адам түсінбейтін жан болдым. Мені шіріген жұмыртқа деп білерсіз. Апа, мен түсімде әкемді көрдім. Өзгермеген, сол қалпы. Енді о дүниеде кездесермін әкеммен. Онда да жалғыз болмаспын. Қалай өсіріп, бағып-қаққаныңызды айтармын. Риза болар әкем де. Апа, тағы айтамын. Менің өліміме ешкім де кінәлі емес, өзім кінәлімін. Мен мағынасыз өліммен кетіп барамын. Сөге көрмеңіздер. Сөкпеңіз жаман ініңізді, тәтелерім, бәрің де қош болыңыздар. Қарындасым Ғалия, сен оқуды жақсы оқы, апамды ренжітпе. Көке, сіз енді апамның сенерісіз. Жаман ініңіз, жалғыз ініңіз осылай болды, қош болыңыз. Сөкпеңіздер мені. 23 мамыр, 1985 жыл».
Хатты неше қайтара оқысақ та, байғұс баланың жарық дүниені қиып, өзі айтқандай «мағынасыз сапарға» тез аттанып кету себебін аңғара алмадық. Жас бала әке өлімінен кейін өзіне тым үлкен жауапкершілік артып, азғантай кемшілігін де орны толмас өкінішке айналдырудан, жасына лайық емес сол ауыртпалықтан жүйкесі тозды ма екен? Оқушыны тығырыққа алып келген жан дүние өзгерісінің алғашқы қайшылықтарын, баланың ойындағы шағын «трагедияларды» дер кезінде тарқатып жібергенде, мұндай жағдайға жетпес пе еді деген өкініш келді ойымызға.

- Баланың бір түрлі болып өзгеріп жүргенін мұғалімі байқамап па?- деген сұрағымызға анасы:

- Мұғалімі ештеңе айтқан жоқ,- деп жауап берді. Оқушының мінез-құлқындағы өзгерістерді түсінуге бір табан жақын тұрған адам мұғалімі еді, ол кісімен сөйлесудің реті келмеді.

Бұл оқиғаға соншалық мән беру себебім, өзіміздің студенттер арасында да есімнен шықпастай бір жағдай болған еді:

С. деген студент оқитын топпен жұмыс істеген кездерім ұстаздық өмірімдегі ең бір сәтсіз, қиын жылдар болды. Ол курстан талантты балалар да көп шықты, соған қарамастан, өзімді кінәлі адамдай сөзінемін.

С. бірінші курста жақсы, талапты студенттердің қатарында еді. Тыныш, сабағын оқып жүретін. Үшінші курста жолыққанымызда, курстастары оның мінезінің өзгеріп кеткенін, жиналыста жиі сөз алып, әркіммен бір ілінісіп, ауыр-ауыр мін тағып сөйлейтінін айтты. Оны жамандыққа жорыған ешқайсымыз болған жоқ. Жеке жағдайыма байланысты, тағы біраз үзіліс болып кетті. Сол аралықта Каблуков көшесіндегі ауруханаға түскенін естіп, бірнеше кісі болып іздеп барып едік, рұқсат беретін бастығы келмей, көре алмадық. Келесі барғанымызда шығарғалы отыр екен, өзімізбен бірге алып қайттық.

Бұрын мұндай ауруды кім көрген, денесі сау да, сөзі мен мінезі бір түрлі. Қоғамды да, өзін де тығырыққа тіреп сөйлейді. Жұрттың назарын аудармайық деп трамвайдың арт жағына топталып тұрып едік, жеткенше бір өзі сөйлеп келді. Жалғыз-ақ сескенгенім: көзі салқын тартты да тұрды, айналасындағы қуаныш, ренішті сезінбейтіндей.

Баламыздың ауруханадан шыққанын жазылғаны екен деп жүре бердік. Бір күні салынып жатқан құрылыстың тоғызыншы қабатынан көзін байлап құлағанда бір-ақ білдік жазылмағанын.

Біздің курстың өміріндегі адам айтқысыз ауыр күндер осы болды. Әсіресе ең бір алыс ауылдағы кәрі әкесі мен өзінен сәл-ақ үлкен тәтесінің жалғыз сүйенішінің жансыз денесін жөнелтіп тұрған сәтті көрер көзім көрмей-ақ қойсашы. «Бұл бақытсыз баланы ауруынан алып қалуға болмас па еді?»- деген сұрақ жанды қинады.
Баланың жан дүниесі
Университетте оқыған жылдарымыздағы психология сабағын еске алсам, еуропалық ұлы педагогтердің туған жылы мен кітаптарының атын жаттаумен өтіпті. Баланың жан дүниесінде болатын түрлі ауытқулармен мүлде таныс емес екенбіз.

Баланың жан дүниесіне шынымен мән берсек, оның бұзылуының себебі түрлі-түрлі екенін білер едік. Мысалы, бір бала бар тынышсыз. Партасынан белгілі мақсатсыз-ақ тұрып кете береді. Тіпті беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Ескертуге назар аудармайды. Тіпті дөрекі мінез көрсетеді, тәртіпке көнуі қиын. Ал оның ауытқу екенін білмей, ұрса берсең, «бұзықтығын» бұрынғыдан да көбейтіп, тіпті үйден де қашып кетуі мүмкін.

Бір қыз баланың аянышты жағдайын естідім: Жайшылықта жақсы сөйлейді, билейтін де өнері бар. Ал сабақ айтуға келгенде, аузын біреу буып қойғандай, даусы шықпайды. Мұғалім қанша ұрысса да, ақ тер, көк тер боп ақыл айтса да, сөйлемейді. Сөйлегісі келсе де, неге екені белгісіз, үні шықпайды. Қанша дайындалып келсе де, айта алмайды. Ал осының жүйке ауруы екенін мұғалімі білген жоқ. Баланың қырсықтығын «түзеу үшін» қанша еңбегін зая кетірді. Өз жүйкесін құртты. Бұрын да бір мектептен ауысып келген қыз тағы да басқа мектепке ауысуға мәжбүр болыпты. Баласының ауруынан хабарсыз ана байғұстың тапқан амалы сол-ақ болса керек.

Психологке көрсетсе, тез-ақ айығып кетпекші, мутизм деп аталатын бұл ауру, мектептегі, отбасындағы күнделікті мезі қылған ескерту, ұрсуға баланың іштей қарсылығы ретінде пайда болады екен, Өзіне түсініксіз себеппен тілі байланып қалуды логофобия (сөйлеуден қорқу) дейді екен. Ондайда ойын басқа жаққа аударып жіберсе, қайтадан сөйлеп кете алады.

Кейбір бала өзін әділетсіз жазалаған мұғалімнің алдында ешбір сұрағына жауап бермей, сағаттап үнсіз тұра береді. Сөйтіп жүріп бұйығылыққа, көңілсіздіктің тереңіне түсіп кетуі мүмкін. Мұндай балалар мейірімді қарым-қатынасты, уайымнан ойын бөліп, көңілдендіретін жағдай жасауды керек етеді.

Өзінен-өзі уайымға салынып, қай-қайдағыны ойлап, іштей көп қайғыратын бала аутизм деген ауруға ұшырайтын көрінеді. Ол балаға шаршаған мұғалімнің намысқа тиетін сөз айтып ұрсуы, өзі ұнатқан қыздың қарамай қоюы, біреудің мазақтауы, нашар баға алуы, өзінің бет-әлпетіне көңілі толмауы, әйтеуір ұсақ-түйектің бәрі қайғы болып көрінуі мүмкін. Баланың жан өзгерісін байқап, дер көзінде көмекке келмесе, сырқатқа ұшырайды.

Енді жасампаз баланың мінезіне келейік (шизоидтік тип). Оның барлық сабаққа бірдей ықыласы бола бермейді. Өзін қызықтыратын сабақты ғана беріліп тыңдайды. Сылбыр, көбіне өз ойымен өзі әуре. Сабақты сұрай қалғанда, тез жауап бере қоймай күйдіреді. Асықпай ойлануға, өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік берсе ғана ашылып сөйлей алады. Киімін тап-тұйнақтай қылып жүруді қанша талап еткенмен, орындалмайтынына сене беріңіз. Бірақ оның табиғатында не өнерге, не ғылымға, тағы бірдемеге айрықша қабілеттілік болады. Дүниеге ұлы жаңалық әкелетіндер осындай баладан шығады.

Ал мектепте баланың әлгіндей табиғи ерекшелігін ескермей, жан-жақтан қамшылай берсек, не болмақ? Сабақта тез жауап беру, барлық пәнге бірдей ықыласты болу, ұқыпты киіну дегендерің басқа оқушыға жарамды болғанмен, бұл баланың табиғатына мүлдем қарама-қайшы талаптар. Сөйтіп, талантты баланың бір бағыттағы терең ізденісіне мүмкіндік берудің орнына, әрқайсымыз бір ұрсып, жекумен барлық сенімінен айырмақпыз. Мұғалімнің айтқанына сеніп, өзінің басқалардан төмен екенін мойындап, іштей уайымға түсуден жан дүниесі ауытқуға ұшырауы мүмкін.

Отбасында дұрыс тәрбие алмай, бетімен өскен, рухани жағынан құрдастарынан артта қалып қойған балалардың мектептегі жағдайы тіпті қиын. Олардың үй іші ұрыс-керіс, ішімдікке үйір. Осындай бір баланың аянышты халін айтайын:

Өзі көп балалы үйде өскен. Отбасында тыныштық, дұрыс тәрбие жоқ. Әкесі балаларын, әйелін жөнсіз ұрып-соғады. Шешесі болса, тірліктен ешбір рақат көрмегеніне ызаланып, наразылығын баласынан алады. Баланың өзі 15-16 жаста болса да, ойлау, іздену қабілеті төменгі сатыда қалып қойған. Сабақты түсінбейді, сондықтан ықыласы жоқ. Екі жыл орнында отырып, өзінен кіші балалармен оқығандықтан, басқа балалар арасында беделден жұрдай. Мұғалімдер жағы да ұрсудан аянбағандықтан, оқушылар да мазақтаудан қалыспайды. Үйіндегі жағдай тағы белгілі. Тіпті екі арадағы қайшылықтың шегіне жеткені сондай, бір жолы оқушылар ешбір себепсіз жабылып ұрған (балалардың ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғымы калыптаспағанда, өз «мықтылығын» әлсізге күш көрсету аркылы дәлелдейді). Оқуға қабілеті, ықыласы жоқ оқушыларды кластан-класқа күштеп сүйреп, екі жақтың жүйкесін тауысып, баланың намысын таптағанша, негізгі сауатын ашқаннан кейін өзінің шамасы келетін жұмысқа орналасуға көмектеспейінше, олардың өмірі әлгіндей болмақ.


Мінезді өзгертуге болмайды
Баланың табиғи болмысына құрметпен қарап, оны сол тұрған-болған қалпында қабылдау мұғалімге қиын. Әр баламен жеке тіл табудан гөрі, бір өңкей тобырға айналдырып алып басқару оңай.

Адам ретінде әр бала - өзінше қазына. Халқымыздың бір-бір тұлғалары.

Мұғалім үшін «жақсы бала» - қазына да, «жаман бала»... айтуға ауыз бармайды. «Жақсы бала» дегеніміздің өзі бұйрықты бұлжытпай орындауға көнген, намысы аяққа басылған оқушыдан шығады. Бағыныштылыққа көндіру тәрбиенің негізгі мақсатына айналған.

Мұғалім мен оқушы арасындағы түсініспеушілік оқытудағы осындай өктем әрекеттерден туады. Әр адамның жаратылысы бөлек, өзіне ғана тән мінез табиғаты бар екенін мойындамаудан, одан қалай да «қолайлы адам жасап шығаруға» ұмтылудан шығады. Қазіргі психологиялық еңбектерге зер салсақ, баланың мінезін өзгертемін деп тырысуға болмайды екен, мінездің жақсы жақтарын дамытуға ғана болады. Мінезді күштеп өзгертуден кері әсер шығады.

Бала жанының ауытқуға ұшырауы оның миына жағымсыз тітіркендіргіштің тұрақты әсер етіп отыруынан. Мұғалімнің не ата-ананың әділетсіз жазалауы, дөрекі қарым-қатынасы, үздіксіз ескертуі соған жатады. Бала сенімін өктемдікпен өзгертуге күш салу қауіпті. Әрине, баланың бәрі бірдей емес, күнде ұрысса да елемейтіндері де бар шығар, бірақ 5-6-класқа барған оқушының дәлелді есептеулер бойынша, 80 процентінің жүйкесі бұзылғандығы, кластағы 15 баланың 10-ының «психпын, ашуланшақпын» деуі мұғалімге ой салмай ма? Өкінішке қарай қазіргі тәрбиедегі жиі қолданылатын әдіс-есепсіз ескерту мен жазалау.

Мектеп өмірінде бір тұрақты шеңбер қалыптасқан: Мұғалімнің жүйкесін жұқартатын - оқушы, оқушының жүйкесін жұқартатын - мұғалім. Осыны болдырмауға тиісті ұстаздың өзінің түрлі себептерге байланысты көңіл-күйі орнында емес. Өз көңіл-күйі нашар мұғалімге баланың тағдырын сеніп тапсыруға бола ма?

Мысалы, мұғалімнің көпшілігі - әйелдер, жалғызбасты қыз балалар. Ал қазіргі әйелдің уайымы, тіршілігінің жетіспеген кездері толып жатыр. Ер мұғалімдер болса, олардың ішімдікке әуестері бар. Баланы жөнсіз қорқытушылар осындай мұғалімдерден шығатынын жасыра алмаймыз.

Бір мектептегі балалар географиядан сабақ беретін мұғалімінен қатты қорқады. Жасы егде тартқан кісі. Сәл нәрсеге ашуланғыш, айқайлап ала жөнелетін әдеті бар. Оқушылары сұрақ қоюға қорқады. Бүрын әр жерде мектеп деректірі болып қызмет істеген, ішімдіктен төмендеген екен. Сөйтіп, басшы орында кеткен ашуын балалардан алып, жүріп жатқан жайы бар. Ең өкініштісі сол, оны айтумен, әшкерелеумен еш нәрсе өзгермейді. Әр түрлі бағыттағы мектептер көбейіп, оқушыға сүйкімі жоқ мұғалімнен мектептің өзі қашатын кез болғанда, кімнен оқығысы келетінін оқушының өзі таңдауға толық еркіндік алғанда, халықтың ахуалы жақсарып, рухани тіршілігіне шындап көңіл бұратын кезге жеткенде ғана игі өзгерістер болмақ.

Өркениетті елдерде әрбір мектепте, жоғарғы оқу орнында, дәрігерлік мекемелерде психологтер жұмыс істейді. Мысалы, мектеп психологі бала мен бала арасында, не мұғалім мен бала арасындағы шиеленіскен жағдайларды тез шешіп, жанында жарақат қалмайтындай етіп жазып жібереді. Тұйыққа тірелген, қиын жағдайын шеше алмағандар да психологке барады. Сөйтіп, жүйкедегі ауыр жүкті жеңілдетіп отырады.

Біздің мектеп түгіл, облыстан бір психолог таба алмайсың. Ондай мамандар қашан жеткілікті болады? Ал мұғалімдердің бәрі бала жанын сезімталдықпен түсінуге дайын деп айта алмаймыз.

Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді - тәртіпті қылу деп түсінеміз, күштеп бағындыру деп ойлаймыз. Сонымен мектебіміз әскери қаталдыққа айналды. Ал ендігі ұлттық мектептегі тәрбие: әр баланың өз табиғатын түсініп, жанын байыту, жақсы жақтарын дамытуға бағытталғай.
АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ
«Ата-аналар жиналысы!» дегеннен жүрегі дір ете түсетіннің бірі - өзіммін. Баланың бәрі бірдей қайдан алғыр болсын? Баға деген қатал тергеушінің сынынан шыға алмайтындары көп. Кластағы маңдай алды бес-алтауынан басқасы гуманитар сабақтан тәуір болса, есептен ақсап, қазақша тәрбие алса, орысшадан шоқырақтап, әйтеуір ата-анасын ұялтудың есебі табылады.

Жылына кемінде төрт рет болатын жиналыстың тақырыбы ылғи да біреу-ақ: кластағы балалардың үлгерімі мен тәртібі. Сосын «келмей қалсам, балама зияным тиіп кетер» деп амалсыз сүйретіліп жеткен әкесінің алдында нашар оқушының мінін сараптау басталады. Қызметінде қомпиып-қомпиып жүрген мұртты жігіттер кластың кішкентай партасына қарын жағын әрең сыйдырып, көрінбей қалайын десе, кеудесі сыймай, алтын басы алмадай салбырап, мұғалімнің алдында «қор болып» отырады-ай. Үйіне барғаннан кейінгі баласы мен жұбайының жағдайын ойласаң, тіпті аянышты. Бір күнгі жиналыс бүкіл отбасының жылылығына мұз салып жібереді.

Осы күні дәрігерге бара қалсаң: «О, о, әне жерің сүйтіп кетіпті, мына жерің бүйтіп кетіпті, асқынып кетіпті! Ертерек неге келмегенсің?»- деп, өзіңе ұрсып, зәреңді алады. Аурудың тарихына неше түрлі бәлені жазып, қыл кеңірдекке таяп қояды. Оның себебі: өзінің нашар дәрігер екенін білдірмеу үшін. Осы дәрігер мен кейбір байбаламшыл мұғалімде бір ұқсастық бар: Қолынан келмегенді ата-анаға аударып құтылғысы келеді. Әлгінде ғана босап қалған класс парталарын ата-аналар қайта толтырған соң, мұғалім манағы оқушылар әлі алдында отырғандай құрыштай қайнап піскен қатал даусымен жазғыруды бастайды. Алдындағы кісі Асқардың әкесі емес, мұрт жапсырып кірген Асқардың өзі сияқты көріне ме, кім білсін? Мұндайда дұрыс ақыл тапқан - «нашар оқушының» келмей қалған ата-анасы ма деймін. Жиналыста не айтылатыны оларға бесенеден белгілі болар.

Бір жолы неше шақырса да, жиналысқа келмейтін ата-ана туралы әңгіме болды:

- Шешесінің өзі бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын болған соң, баласы қайдан оңсын?- десті ренішпен. Баласы жақсы оқитын, өзі пысық бір әйел көзі жалтылдап:- Жұмысына барып айтып, тәртіпке салу керек. Оны мен-ақ алайын мойныма! Біз келгенде, ол неге келмейді?- деді айқайлап. Сөйтіп, ата-аналардың өзі бірін-бірі «коллективтік тәрбиемен» түзейтін болған соң, мұғалімнің ашуы біраз жеңілдеп қалды.

- Қойыңыздар, шешесінің жазығы не?- деді бір дауыс.

- Олай болса, маған телефонын беріңізші, күнде звандап мазасын алайын!- деді әлгі әйел ызаланып. Өзі кластағы ата-аналар ұжымының мүшесі, айтқанын орындатпай қоятын түрі жоқ. Мұғалім екеуі еңкейісіп, өзара сөйлесіп кетті.

Жиналысқа келмеген «кінәлі» әйелдің бір-екі күннен соң мектеп алдынан аулақтау бір ұзын үстелде отырғанын көрдім. Жұрттан оңашаланып, жападан-жалғыз отырысы өкпесі бар адамдай, аяныш туғызады. Қарапайым, арықшалау, менің жасымдағы әйел. Қараңғы ерте түсетін болған соң, баласын сабақтан алып қайтуға келіпті. Амандасқан соң:

- Жиналыс болды ма?- деді әлсіз ғана.- Белгілі ғой не айтатыны... Баламды не қыларымды білмей мен жүрмін. Көршідегі Сергей дейтін бетімен кеткен ересек балаға еріп, біреудің үйіне түсіпті. Аналар магнитофон ұрлаған. Менің баламды сыртқа қарауылдатып қойған. Қорқытып ілестірді ме, қайдам? Сотқа берсе, не боламыз?.. Әйел ішкі өксігін білдіргісі келмей, жөтеліп қойды.

- Өзім көп жыл сылақшы болып істеп едім. Таңертең кетіп, кешке бір-ақ келесің. Айлығы жақсы. Бірақ баламның бетімен кететін түрі бар. Бір апта болды, кезекшілік жұмысқа ауыстым. Кезекші болатын күні баламды қасыма алып аламын. Әйтеуір көз алдымда. Енді қалай күн көретінімізді қайдам, айлығы тым аз.

- Көмектесетін әке-шешең жоқ па еді?

- Әкем жоқ, шешем ауру. Өзім Семейден оқу іздеп келіп, түсе алмай, құрылысқа тұрғанмын. Тырбанып, он бес жылда әрең бір бөлмелі үйге қолым жетіп еді. Елге қайтып баруға намыс жібермеді. Жалғыз бастымын.

Әйелге не деп ақыл айтарымды білмедім. Қалай жұбатарсың? Қайырымсыз қалада қысылғанша, етек-жеңі кеңірек ағайын арасына кеткені дұрыс па? Осы кезде мектеп есігі лап етіп ашылып, балалар бірін-бірі бастырмалата жүгіріп шыға бастады. Жанымызға секпіл бет сары бала жақындап келді. Әркімнен бір түрткі көрген сары күшіктей сенімсіз қарап, күтпеген ұрыс қай жағымнан шығып қалады дегендей, іштей дайындықпен томаға-тұйықтанып алған. Көңілсіз тіршілікке үйренген қалпы бар. Аздан соң жанымдағы әйел маңдайына басқан жалғыз сүйенішін ертіп, алыстай-алыстай қыбырлап, қараңғылыққа кіріп кетті. Ол екеуде уайым көп, үміт аз.

٭ ٭ ٭


Не балаға, не ата-анаға пайдасыз әлгіндей жиналыстар керек пе?
ХАН ТАЛАПАЙ
Өмірде көне қиссадағыдай әділдік ылғи жол тауып отырмайды ғой. Адам адам болғалы әділетсіздікпен күресіп келеді екен. Баяғы біздің жыл санауымызға дейінгі «Авестадан» бастап, бүгінге дейінгі адамзат атаулының ақыл-санасы осыны аңсайды. Сонда дағы азаятын түрі жоқ. Наушаруан патша айтыпты: «Әділетсіздік әуелде аз еді, оған әркім аз-аздап қосқаннан көбейіп кетті»,- деп. Ал әділетсіздікті тудырушы қоғамның өзі болса, қайтеміз? Мен өзімді саясатшы адам деп есептемеймін. Ол да өзінше талант қой. Саясаттың түрлі құбылнамасына күдікпен қарайтындардың қатарына жататын шығармын. Сонда да болса, жаңа өмірін өзіне дейінгі тарих пен дәстүрді сызып тастаудан бастаған қоғамның баянсыздығы заңдылық қой деп ойлаймын. Ата-бабасын «Қараңғы, надан» деп жариялаған ұрпақ өз балаларынан да құрмет-сый күте алмаса керек.

Қоғамдық ой кеңес өкіметі құрылғаннан бастап, идеялық «туыстықты» дәріптеді, оның нәтижесінде ата мен бала жау болып шықты. Ата дәстүрді жоюға үйретті. «Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет» деген сан ғасырдан жинақталған ұлттық педагогиканың керегі болмай қалды. «Кім күш көрсетсе, сонікі дұрыс, кім бұрын бас салса, сонікі рас» психологиясы бәрін жеңіп, «хан талапай» өмірге көштік. Енді соның жемісін теріп жүргенімізді айта кетейін. Қаланың сыртына баратын автобусқа қағыса-соғыса ілігіп, сығымның күшімен орта тұсына жеттік-ау. Мезі болған автобус оқиғасы жалықтырған шығар, сонда да болса назар аударуды сұраймын. Әр оқиғаның өз қызығы бар ғой. Сонымен орындықтарға күш-қуатты жастар жағы келіп жайғасыпты. Біз жетіп сүйенген жерде 6-7-кластарда оқитын қыз бала бір жағына сөмкесін қойып, бір жағында өзі, екі адамның орнын жайлап отыр екен. Қасымда жетпістің жетегіндегі кәрі кісі тұр. Әлгі қыз селт етер емес. Байқамай отырған шығар деп, үлкен кісіге орын беруін сұрадым.

- Занято!- деді оқушы қыз.

- Онда күткен кісің келгенше, отыра тұрсын, кішкене жылжы,- дедім.

- Я вам сказала, занято!- деді тағы.

Әңгімеге қарияның өзі араласып, өтініш жасап көріп еді, құртақандай қыз міз бақпады.

- Ойпырмай, жұрт баласын өмірге бейім, тастай қылып қалай тәрбиелейді екен, а...- деп қалды қыздың желке тұсында отырған бір әйел. Адамшылықтың қадірі кеткен заманда өзі де опық жеп жүрген болар.

Пәлен жыл мұғалім болып, «адам тәрбиеледік» деп мәз болғанда, мына титтей қызға жөн сөзді өткізе алмаған бейшаралығымды М. Булгаковтың «Ит жүректі адамын» еске алған кісі түсінер.

Көз қарайып, ашу-ыза алқымға тірелді. Қасында аяқ-қолы дірілдеген ақ шашты ана, ауыр-ауыр сөмке көтерген шешелер түрегеп тұрғанда, екі орында бір өзі шіреніп отырған мына кішкентай қуыршақ-роботтың жүрегіне қандай бағдарлама салынды екен? Сірә, қоғамдық моральдың балшығынан айнымай жасалынған роботтың кеудесінде «тас жүрек» деген бағдарлама бар шығар. Ал автобустағы басқа адамдарда «бір-бірімізде жұмысымыз жоқ» деген сөздер жасырынған болуы керек, ештеңе көрмегендей, өзімен-өзі әуре.

Сол мезетте автобус ішіндегі адамдарын бір-біріне соғып, мыжып, ыңырана қозғалып жүріп кетті. Кішкентай батыр қызға қарап:

- Күткен кісің келген жоқ қой, жылжысайшы, мына әжең отырсын,- дедім ақырғы сабырымды сақтап.

- Сказала, не буду!- деп әлгі қыз алая қарады. Барлық амал таусылған соң, өз ісіме өзім есеп берместен, іштегі бір әлсіздіктің күшімен қызды әрі қозғап, орын ашпақ болып, қолыммен итеріп қалдым. Сол-ақ екен әлгі қыз алдыңғы орындықтың арқасынан тастай ғып ұстап алған қолын жібере салып, мені сабалай бастады. Өмірде ойламаған нәрсе кездеспейді деуге болмайды екен, педагогтік ақыл-айламды түгел тауысқан жерім осы болды. Бейшаралығыңды сөзінуден жаман нәрсе жоқ, тамағыма тас кептелгендей, ұрысуға үн де шықпай қалды.

Осы кезде ақырған бір дауыс естілді. Аждаһа Горынычтың өзі көмекке келгендей қаһарлы дауыстан жүрегіміз дір етті.

- Ол қызды неге ұрасыңдар, а?!

Сөйтсек, автобустың алдыңғы жағындағы орындықтан жалпақ беті ісіңкі қара кісі көзі тасырайып, бізді тәртіпке шақырып тұр екен.

- Ол қыз менің көршім, қарашы тиісіп...

Әрең дегенде орындықтың бір шетіне іліккен қария да ашуланып, айқай салды:

- Әй, қарағым, ұрып жатқан ешкім жоқ, жабылып, құрттай қыздан бір орын сұрап ала алмай жатырмыз.

- Орын керек болса, айтпайсыңдар ма, мен-ақ беретін едім ғой. Осы сендейлер ме (менің тыныштығымды бұзған)? - деді кіжініп. Жуан мойнын жөндеп, алдына қарай жайғасты. Мұндай сүйкімсіз беттің әрі бұрылғаны дұрыс болды. Осы кезде:

- Што ви шиуміте? Я вас сичась висилиу!- деп айқай салды автобустың жүргізушісі. Қара мұртының қылымен атып жібере жаздап тұр. Уәж қайтарған болып ек:

- Вот эти интилигенти надаели...- деп есігін тарс еткізді.

Табан астында қолдаушылар табыла кеткенге жібіген қыз ызаланып, сыңсып жылай бастады. Бірақ жетер-жеткенше айылын жимастан көлденең түскен күйінде жатып келді. Қария да ерегіскен болуы керек, әрең ілініп отырса да, тұрып кетпеді.

- Уһ, алла!- деп жеттік-ау. Ашу қысқан басымыз қазандай боп, әрең ілбіп сыртқа шықтық. Қария болса, манағы айта алмай қалған сөздерін әлі жалғап келеді.

- Оларға ызаланып қайтесіз...- деген дауыс шықты артымыздан. Манағы қыздың арт жағында отырған әйел екен.- Ұрысып та жөндей алмайсыз, жөндеуден кетті ғой. Біздің бала күнімізде: «Үлкенді сыйла!» - деп үйретуші еді. Содан ба, әлі күнге артық сөйлеуге ұялып тұрамыз.

Әйелдің қолында ауыр сөмке бар екен, оны бөлісіп алған соң, уһлеп қойып, әңгімесін жалғап кетті:

- Ал анау алдыңғы қатарда айқайлап отырған кісі - осы ауылдың мұғалімі. Бір кезде бастық болғансып жүруші еді, енді арақтан төмендеп, мұғалім боп жүр дейді ғой...

- Е, е,- дедік біз таңғалып. - Азған-тозған өмірден түңілуден басқа ештеңе қалмады.


жүктеу 499,67 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау