Жоба
«Дене шынықтыру және спорт туралы»
Қазақстан Республикасының Заңы (жаңа редакция)
Осы Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсiпқой спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ардагер спортшы – спорттық мансабын аяқтаған спортшы;
2) әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері – әскери қызметшілердің және құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты арнайы іс-қимылдары (соның ішінде тәсілдері) негізі болып табылатын және атқарушы биліктің бір немесе бірнеше ведомстволық органдары қызметінің шеңберінде дамытылатын спорт түрлері;
3) әскери қызметшілердің және құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығы – қоршаған ортаның физикалық факторларының өзгерістерін ескере отырып, әскери қызметшілердің және құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері ағзасының әскери қызметтің, құқық қорғау мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметінің ерекшеліктеріне және жауынгерлік және жедел қызметтік міндеттерді орындауына байланысты түрлі жағдайларға тұрақтылығын арттыру мақсатында өткізілетін даярлықтың негізгі пәні;
4) әуесқой спорт – азаматтарға өзінің спорттық шеберлiгiн жетiлдiруге және спорттың әр түрiнде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкiндiк беретiн бұқаралық спорт қозғалысы;
5) бас жаттықтырушы – Қазақстан Республикасының спорт түрi бойынша құрама командасына (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командаға) басшылық жасауға, оның даярлығына, қалыптастырылуына және әлем чемпионаттарында, Азия және Олимпиада ойындарында және басқа да халықаралық жарыстарда өнер көрсетуіне жауап беретiн жаттықтырушы;
6) бұқаралық спорт – дене жаттығуларымен шұғылдануға тарту және спорттың әр түрiнде спортта дарынды балаларды және жасөспірімдерді анықтау мақсатында халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететiн бұқаралық спорт қозғалысы;
7) бұқаралық спорт iс-шараларының бірыңғай күнтiзбесi – жарыстарды, дене шынықтыру-спорт ұйымдарының оқу-жаттығу жұмысын күнтiзбелiк жылға жоспарлау мен өткiзуді регламенттейтiн ресми құжат;
8) Бүкіләлемдік арнайы олимпиада ойындары – мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдар арасындағы спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
9) Бүкіләлемдік Универсиада – студенттер арасында спорттың әр түрi бойынша өткiзiлетiн, маңызы бойынша Олимпиада ойындарынан кейін екінші болып табылатын кешенді халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
10) бірыңғай спорттық сыныптама – спортшылардың шеберлiк деңгейiн, сондай-ақ жаттықтырушылар мен спорт төрешiлерінiң бiлiктiлiк деңгейiн айқындайтын спорттық атақтар, разрядтар және спорт төрешілерінің санаттары жүйесi;
11) дене белсенділігі – қаңқалық бұлшық еттермен орындалатын және энергия жұмсауды талап ететін дене қимылы;
12) дене шынықтыру даярлығы – даярлықты барлық жағынан жетілдіру үшін қолайлы жағдайлар жасайтын, адамның физикалық қасиеттерін тәрбиелеуге және функционалдық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған педагогикалық процесс;
13) дене тәрбиесi – денi сау, дене бiтiмi және рухани жағынан жетiлген жеткiншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмысқа қабiлеттілігiн арттыруға, шығармашылық ғұмыры мен өмiрiн ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс;
14) дене тәрбиесi құралдары – дене шынықтыру жаттығулары, табиғаттың сауықтыру күштерi және гигиеналық факторлар;
15) дене шынықтыру – мәдениеттiң ажырамас бөлiгi, адамның физикалық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, оның қозғалыс белсенділігін жетілдіру және саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесі мен физикалық дамуы арқылы әлеуметтік бейімделу мақсатында қоғам жасайтын және пайдаланатын, рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы болып табылатын әлеуметтiк қызмет саласы;
16) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы – халықтың дене шынықтыру деңгейiн арттыруға, жеке және заңды тұлғалардың дене шынықтыру мен спортты дамыту жөнiндегi мақсатты қызметiне жәрдемдесетiн әлеуметтiк қозғалыс нысаны;
17) дене шынықтыру мен спорт жөнiндегi әдiскер (бұдан әрi – әдiскер) – спорт ұйымдарында және дене шынықтыру-сауықтыру қызметін және спорттық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда оқу-жаттығу процесін әдiстемелiк қамтамасыз етудi және оған басшылық жасауды, дене шынықтыру-сауықтыру мен спорттық іс-шараларды өткізуді жүзеге асыратын кәсіби білімі бар жеке тұлға;
18) дене шынықтыру мен спорт жүйесi – халықтың дене тәрбиесi және дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
19) дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы орган – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
20) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi орган – дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
21) дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттары – азаматтарды дене шынықтыру және спорт құралдарымен сауықтыру мақсатына арналған объектiлер;
22) дене шынықтыру-спорт ұйымы – ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
23) жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы – спорттық кәсіби білімі бар, спорт түрі бойынша аттестаттаудан өткен және спортшыны даярлаудың оқу-жаттығу процесін және оның спорттық нәтижелерге қол жеткізуі үшін жарысушылық қызметіне басшылықты жүзеге асыратын жеке тұлға;
24) жаттықтырушыны, спорт дәрігерін шеттету – жаттықтырушыны, спорт дәрігерін спортта тыйым салынған құралдарды (допингті) және (немесе) әдістерді (бұдан әрі – допингтік құралдар және (немесе) әдістер) пайдаланғаны үшін, халықаралық спорт ұйымдары бекіткен нормаларды және республикалық спорт федерациялары бекіткен нормаларды бұзғаны үшін олардың еңбек (кәсіби) қызметінен шеттету;
25) жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеу – жергілікті атқарушы органның тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жергілікті спорт федерацияларының спорт түрін (түрлерін) дамыту жөніндегі өкілеттіктерін тану рәсімі;
26) жоғары дәрежедегі спортшы – Қазақстан Республикасының құрама командасының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама команданың) мүшесi болып табылатын және (немесе) «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» атағынан төмен емес спорттық атағы бар спортшы;
27) жоғары жетiстiктер спорты – жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткiзудi көздейтін спорт саласы;
28) кәсiпқой спорт – спорттық ойын-сауық іс-шараларын (жарыстарды) ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған, оларға дайындалғаны және қатысқаны үшін спортты кәсіби қызметі ретінде таңдаған спортшылар азаматтық заңнамаға сәйкес сыйақы алатын спорттың құрамдас бөлігі;
29) кешендi ғылыми топ – спортшының функционалдық жай-күйін, резервтік мүмкіндіктерін, даярлығының психологиялық және техникалық деңгейін бағалауға бағытталған ғылыми-әдiстемелiк, медициналық-биологиялық, психологиялық зерттеулер жүргiзу үшiн құрылатын бiлiктi мамандар тобы;
30) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) – даярлықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы астында халықаралық спорт жарыстарына қатысатын спортшылардың, жаттықтырушылардың, отандық және шетелдік мамандардың ұжымдары;
31) Қазақстан Республикасының штаттық құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық штаттық құрама командалар) – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген қаржылық жағдайларда спорттық қызметті жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының астында халықаралық спорт жарыстарына қатысатын спортшылардың, жаттықтырушылардың, отандық және шетелдік мамандардың ұжымдары;
32) мектеп спорты – білім берудің бастауыш, жалпы орта білім беру ұйымдарында оқитындардың дене тәрбиесіне, олардың спорттық іс-шараларға қатысуға даярлығына бағытталған спорт бөлігі;
33) мектеп спорт лигасы – мақсаты мектеп спортын кеңінен таратуға және бір немесе бірнеше спорт түрін дамытуға жәрдемдесу, мектеп оқушыларымен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылатын оқушылар арасындағы спорттық қозғалыс;
34) мемлекеттiк жаттықтырушы – Қазақстан Республикасында спорт түрiне жалпы басшылық жасауға және оның дамуына жауап беретiн жаттықтырушы;
35) оқу-жаттығу базасы – тамақтану, тұру және қалпына келтіру орталығы кешенімен спортшылардың оқу-жаттығу процесін қамтамасыз етуге арналған спорт ғимараты;
36) оқу-жаттығу жиыны – спортшылардың спорттық шеберлігін және оқу-жаттығу процесінің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған орталықтандырылған іс-шара;
37) Параолимпиадалық ойындар – тiрек-қозғалыс аппараты және көру органдары зақымданған мүгедек-спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
38) Полицейлер мен өрт сөндірушілердің бүкіләлемдік ойындары – құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасындағы спорт түрлері бойынша халықаралық спорт жарыстары;
39) Президенттiк тестілер – нормативтер арқылы халықтың дене шынықтыру даярлығының жалпы деңгейiн айқындайтын дене шынықтыру жаттығуларының жиынтығы;
40) республикалық және өңірлік спорт федерацияларын аккредиттеу – дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органның республикалық спорт федерацияларының Қазақстан Республикасындағы спорт түрiн (түрлерін) дамыту және Қазақстан Республикасын тиiстi халықаралық ұйымдарда көрсету жөніндегі өкiлеттіктерін тану рәсімі;
41) салалық көтермелеу жүйесi – дене шынықтыру мен спорт қызметкерлерiн саланы дамытуға қосқан үлесi үшiн ынталандыру нысаны;
42) спорт – жарыс және адамды оған даярлаудың арнайы практикасы нысанында қалыптасқан спорт түрлерінің жиынтығы ретіндегі әлеуметтік-мәдени қызмет саласы;
43) спорт ғимараттары – спорт жарыстарын, спорттан және дене шынықтыру бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге арналған арнайы (соның ішінде спорттық құрал-сайманмен) жабдықталған объектілер (алаңдар, үйлер, ғимараттар);
44) спорт жарысы – ұйымдастырушысы бекіткен ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спортшылар немесе спорт түрлері бойынша командалар арасындағы сайыс;
45) спорт резерві – жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуге әлеуеті бар жасөспірімдер мен жастар (юниорлар мен андерлер) жасындағы спортшылар;
46) спорт төрешiсі – арнайы даярлықтан өткен және тиiстi бiлiктiлiк санатын алған, спорттық iс-шараны ұйымдастырушы спорт түрiнiң қағидаларына және спорттық iс-шараның ережесiне (регламентіне) сәйкес төрелікті қамтамасыз етуге уәкiлеттiк берген жеке тұлға;
47) спорт түрлерінің тізілімі – Қазақстан Республикасының аумағында даму алған спорт түрлері мен спорт пәндері туралы қағаз және электрондық тасығышта тіркелген мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;
48) спорт түрi – жаттығу ортасы, жарысушылық қызметіндегі дене шынықтыру жаттығуларының немесе зияткерлік қабілеттердің жиынтығы және жарыс қағидалары айырым белгiлерi болып табылатын спорттың құрамдас бөлiгi;
49) спорт федерациясы – бір немесе бірнеше спорт түрін дамыту мақсатында қоғамдық бірлестік немесе одақ (қауымдастық) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым;
50) спорттағы допинг – допингке қарсы қағидаларды бұзу жағдайы;
51) спорттағы тыйым салынған субстанциялар және (немесе) әдістер – Бүкіләлемдік Допингке қарсы ұйым мен Бүкіләлемдік Допингке қарсы ұйымның Халықаралық Стандартының тыйым салынған тізіміне енген химиялық қоспалар (заттар, дәрілер) мен әдістер;
52) спорттық индустрия – дене шынықтыру-спорттық мақсаттағы өнiмді өндiруді жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жиынтығы;
53) спорттық қызмет туралы шарт – спортшы, жаттықтырушы немесе өзге маман және дене шынықтыру-спорт ұйымы арасында жасалатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт;
54) спорт пәні – айырым белгілері бар және өзінде бір немесе бірнеше жарыс (бағдарламалар) түрін қамтиптын спорт түрінің бөлігі;
55) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және басқа да мамандардың қатысуымен өткізілетін спорт жарыстары, оқу-жаттығу жиындары;
56) спортшы – спорт түрімен (түрлерімен) жүйелі түрде шұғылданатын және спорт жарыстарында өнер көрсететін жеке тұлға;
57) спортшыны жарыстан шеттету – республикалық спорт федерациясы жүзеге асыратын спорт жарыстарынан спорт түрінің қағидаларын, спорт жарысының ережелерін (регламентін) бұзғаны үшін, спортта тыйым салынған құралдарды (допингті) және (немесе) әдістерді (бұдан әрі – допингтік құралдар және (немесе) әдістер) пайдаланғаны үшін, халықаралық спорт ұйымдары бекіткен нормаларды және республикалық спорт федерациялары бекіткен нормаларды бұзғаны үшін спортшыны спорт жарыстарына қатысудан шеттету;
58) спортшыны тіркеу – спортшыны тіркеу туралы куәлікті бере отырып, спортшыға спорт түрі бойынша спорт федерациясы өткізетін немесе оның қатысуымен өткізілетін спорт жарыстарына және өзге де спорттық іс-шараларға қатысу құқығын беру мақсатында федерацияның оның сол спорт түріне тиесілігін татитын рәсім;
59) студенттік спорт – жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитындардың дене тәрбиесіне, оларды спорттық іс-шараларға қатысуға даярлауына бағытталған спорттың бөлігі;
60) студенттік спорт лигасы – мақсаты студенттік спортты кеңінен таратуға және бір немесе бірнеше спорт түрін дамытуға жәрдемдесу, студенттермен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу болып табылатын студенттер арасындағы спорттық қозғалыс;
61) Сурдолимпиадалық ойындар – есту органдары зақымданған мүгедек-спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
62) сыныптама – сыныптаушының немесе сыныптаушылар тобының функционалдық мүмкіндіктерінің осыған ұқсас деңгейі бар басқа спортшылармен жарысқа түсу мүмкіндіктерін туғызу мақсатында мүгедек спортшыларжәне физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дәрежесін (сыныптамалық санаты) айқындау процесі;
63) сыныптаушы – жарысты ұйымдастырушылар осыған уәкілеттік берген және тиісті құжатпен расталған арнайы даярлықтан өткен, мүгедек спортшылар мен физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өздерінің функционалдық мүмкіндіктерінің деңгейі бойынша сыныптамасын жүргізуді жүзеге асыратын тұлға;
64) техникалық және қолданбалы спорт түрлерi – спортшының техникалық құралдарды қолдануымен өткізілетін жарыстарға арнайы даярлығын талап ететiн спорттың түрлерінің бөлiгi;
65) тыйым салынған субстанциялар – Бүкіләлемдік Допингке қарсы Кодекстің Тыйым салынған тізімінде көзделген кез келген субстанция;
66) ұлттық спорт түрлерi – жарысушылық қызмет нысанында тарихи түрде қалыптасқан және өзiне тән дене шынықтыру жаттығуларын және дене шынықтыру белсендiлiгiн ұйымдастырудың өзiндiк қағидалары мен тәсiлдерi бар халық ойындарын білдіретін спорт түрлері;
67) Ынтымақтас әскерлердің спартакиадасы – әртүрлі мемлекеттердің әскери қызметшілерінің арасындағы спорт түрлері бойынша халықаралық спорт жарыстары;
68) халықаралық спорт жарыстары – шетелдік спортшылар (командалар) қатысатын спортшылар (командалар) арасында спорт түрi бойынша сайыстар;
2-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк
саясаттың қағидаттары мен міндеттері
Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк саясат мына қағидаттардың негізінде жүргiзiледi:
1) жынысына, нәсіліне немесе діни сеніміне қарамастан, барлық азаматтар үшiн дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану теңдiгi және жалпыға қолжетімділігі;
2) халықтың әртүрлi жас топтарының дене тәрбиесiнiң үздіксіздігі мен сабақтастығы;
3) дене шынықтырумен және спортпен шұғылданудың ерiктiлiгi;
4) дене шынықтыру-спорттық іс-шаралардың сауықтыру бағыты;
5) дене шынықтырумен шұғылдануға, әуесқой және кәсіпқой спортқа тең құрмет көрсету;
6) кемсітушілікке тыйым салу және қаталдыққа, зорлыққа және адамгершілік қадір-қасиетті қорлауға жол бермеу;
7) дене шынықтыру-спорт ұйымдарының мемлекеттiк, қоғамдық және жеке меншік нысандарын тану;
8) халықаралық спорт жарыстарында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктер спортының басымдығы;
9) Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы халықаралық шарттарды сақтауы.
Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттері мыналар болып табылады:
1) дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралардың қатысушылары мен көрермендерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін дамыту;
3) дене шынықтыру және спортты, демеушiлiк, қайырымдылық қызмет пен меценаттықты қолдау және ынталандыру;
4) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының және басқа объектілердің меншік нысандарын өзгерту жағдайларында азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін оларды сақтау;
5) дене шынықтыру және спорт саласындағы проблемаларды зерттеу үшін ғылыми базаны дамыту;
6) спорттың бірегейлігін, оның әлеуметтік және білім беру функцияларын, сондай-ақ оның субъектілерінің ерікті қызметіне негізделген құрылымының ерекшелігін ескере отырып, спорттың барлық түрлерін дамытуға жәрдемдесу;
7) бұқаралық спорт іс-шараларының өткізілу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау.
3-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт
саласындағы заңнамасы
Дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда белгіленгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк
қолдау
1. Мемлекет дене шынықтыру және спорт саласындағы қатынастарды оның жүйесін дамыту, мемлекеттiк саясатты қалыптастыру, дене шынықтыру және спортты дамытуды тиісті қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк-құқықтық қамтамасыз ету жолымен реттейдi.
2. Мемлекет дене шынықтыру-спорт ұйымдарының сыртқы байланыстарын дамытуға, Қазақстан Республикасында дене шынықтыру-спорттық қозғалыстың дамуына ықпал ететін халықаралық спорт ұйымдарына қосылуына қолдау көрсетедi.
3. Мемлекет халықаралық стандарттарға жауап беретін спорт ғимараттарын жобалау мен салуға, сондай-ақ спорт индустриясын дамытуға өз қаражатын салатын отандық және шетелдiк инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдай жасайды.
4. Мемлекет дене шынықтыру және спорт саласында демеушілікті, меценаттықты және қайырымдылықты дамытуға қолдау көрсетеді.
5-бап. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын
адамдардың құқықтары мен міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың:
дене шынықтырумен және спортпен, соның iшiнде кәсiби қызмет ретiнде де шұғылдануға;
дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық бағыттағы қоғамдық бiрлестiктерге кiруге;
мемлекеттiк және жеке меншік спорт ғимараттарын және көрсетілетін қызметтердi пайдалануға құқығы бар.
2-тарау. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік басқару
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң дене шынықтыру және
спорт саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) Спорт федерацияларын аккредиттеу қағидасын бекiтедi;
2) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде өткізілетін спорттық іс-шараларға даярлық пен қатысу кезеңінде спортшыларды, жаттықтырушылар мен мамандарды, соның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету нормативтерін бекітеді;
3) халықаралық жарыстардың тізбесін, халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерiн, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелерiн көтермелеу төлемдерінің мөлшерi мен қағидасын бекiтедi;
4) Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидасы мен оның мөлшерін бекiтедi;
5) Президенттiк тестiлердi өткiзу қағидаларын бекiтедi;
6) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) Олимпиада, Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық, Азия ойындары және басқа да халықаралық жарыстарға даярлау жөніндегі Ұйымдастыру комитеттерінің құрамын бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқытық актілерінде өзiне жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
7-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi
Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi орган мынадай өкілеттіктерді орындайды:
1) дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттiк басқаруды, үйлестiруді және мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
2) дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттiк саясатты іске асырады;
3) мемлекеттік статистика саласында уәкілетті органмен келісім бойынша дене шынықтыру және спорт саласында әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды әзірлейді және бекітеді;
4) ведомстволық статистикалық байқаулар жүргiзедi;
5) салалық көтермелеу жүйесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
6) дене шынықтыру және спорт саласындағы кадрларды даярлауды, қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
7) спорт түрлері, соның iшiнде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері бойынша, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында республикалық және халықаралық жарыстар өткiзедi;
8) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерiн халықаралық спорттық жарыстарға даярлауды және олардың қатысуын ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми зерттеулердi, олардың нәтижелерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес дене шынықтыру мен спорт практикасына енгiзудi ұйымдастырады және үйлестiредi;
10) спортта допингке қарсы іс-шаралардың жүргiзiлуiн бақылауды жүзеге асырады;
11) Қазақстан Республикасының Допингке қарсы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) спортшылар мен жаттықтырушыларға: «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы», «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi», Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, Қазақстан Республикасының спорт шеберi спорттық атақтарын береді;
13) жаттықтырушыларға, нұсқаушы-спортшыларға, әдіскерлер мен спорт төрешілеріне: бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi жоғары санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi жоғары санатты нұсқаушы-спортшы, бiлiктiлiгi жоғары және орта деңгейдегi жоғары санатты әдiскер, жоғары санатты ұлттық спорт төрешiсi, ұлттық спорт төрешiсi атақтарын береді;
14) республикалық спорт федерацияларын аккредиттеудi жүзеге асырады;
15) Президенттік тестілерді өткізу қағидаларын әзірлейді;
16) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өтетін спорттық іс-шараларға даярлық пен қатысу кезеңінде спортшыларды, жаттықтырушылар мен мамандарды, соның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету нормативтерін әзірлейді;
17) оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, соның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
18) халықаралық жарыстардың тізбесін, халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерін, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелерiн көтермелеу төлемдерінің мөлшері мен қағидаларын әзірлейді;
19) Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын және мөлшерлерін әзірлейді және оларды төлеуді қамтамасыз етеді;
20) дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
21) жаттықтырушылардың, нұсқаушы-спортшылардың, әдіскерлердің, спорт төрешілерінің біліктілік санаттарына қойылатын талаптарды және оларды беру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
22) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын бекітеді;
23) спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары үшін спорт түрлері бойынша бағдарламаларды бекітеді;
24) Қазақстан Республикасының аумағында спорттық iс-шаралар және шет мемлекеттерде халықаралық спорттық iс-шаралар өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етедi;
25) спортшылар мен жаттықтырушыларға спорттық атақтар, разрядтар және спорт төрешілеріне санаттар беру тәртiбiн әзірлейді және бекітеді;
26) Жарыс түрлерінің, оқу-жаттығу жиындарының тізбесін бекітеді және олардың жіктемесін айқындайды;
27) Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекітеді;
28) Спортшының бiр дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына ауысу қағидаларын бекiтедi;
29) дене шынықтыру және спорт бойынша бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
30) аккредиттелген республикалық спорт федерацияларының ұсынысы бойынша жыл сайын Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамын бекітеді;
31) спорт түрлері бойынша жасөспірімдер мен жастардың жас шамасын бекітеді;
32) аккредиттелген республикалық спорт федерацияларының ұсынысы бойынша спорт түрлерi бойынша бас және мемлекеттiк жаттықтырушыларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
33) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне олардың республикалық спорттық жарыстарда жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерін жүзеге асырады;
34) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне олардың республикалық спорттық жарыстарда жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
35) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерін халықаралық спорттық жарыстарға даярлану және қатысу кезінде сақтандыруды жүзеге асырады;
36) Спорт түрлерін тану және спорт түрлерінің тізілімін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
37) Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
38) Бұқаралық спорт іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін әзірлейді, бекітеді және іске асырады;
39) оқу-жаттығу процесі, спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары үшін үлгілік штаттарын әзірлейді және бекітеді;
40) меншік нысанына қарамастан спорт ғимараттарын пайдалануды үйлестіреді;
41) спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «Мамандандырылған» мәртебесін береді;
42) спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «Мамандандырылған» мәртебесін беру тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
43) Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімін жүргізеді;
44) спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласының мамандарына және дене шынықтыру-спорт ұйымдарына «Үздік» аталымында атақтар беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
45) ақпарат саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидаларын әзірлейді;
46) Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу процестері жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары түрлерінің тізбесін және олардың қызметі қағидаларын бекітеді;
47) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттардың, олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждері қызметінің қағидаларын бекітеді;
48) спорт түрлерінде пайдаланылатын жануарларды азықпен қамтамасыз етудің нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
49) спорттық медицина саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
50) спорттық медицина ұйымдарының қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
51) республикалық спорттық медицина ұйымдарының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
52) спорттық медицина саласында бағдарламаларды іске асырады;
53) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға шектеу іс-шараларын, соның ішінде спорттық медицина ұйымдарының аумағында карантин енгізу (тоқтату) туралы ұсыныстар енгізеді;
54) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) спорттық іс-шараларға даярлауда медициналық қамтамасыз етуге қатысады;
55) жоғары дәрежелі спортшылармен және жаттықтырушылармен, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын мамандармен спорттық қызмет туралы шарт жасау үшін ақшалай қаражаттың мөлшерлерін бекітеді;
56) спорттық медицина ұйымдарының қызметін қамтамасыз етеді;
57) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша спорттық іс-шараларды өткізу және дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану кезінде, сондай-ақ спортшылардың қарқынды дене күші жүктемелерінен кейін, науқастануы мен жарақат алуынан кейін қалпына келу іс-шаралары уақытында медициналық көмек көрсету тәртібін әзірлейді және бекітеді;
58) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша спорттық медицина ұйымдарының үлгілік құрылымын және оның қызметі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
59) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша спорттық медицина ұйымдарындағы үлгілік штаттар мен штаттық нормативтерді әзірлейді және бекітеді;
60) республикалық спорт федерациялары өткізетін Жарыстар ережелерін (регламенттерін) бекітеді;
61) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) Олимпиада, Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық Азия ойындарына, Бүкіләлемдік Универсиадаға және басқа да халықаралық жарыстарға даярлау жөніндегі Ұйымдастыру комитеттерінің құрамын әзірлейді;
62) өз құзыреті шегінде дене шынықтыру және спорт саласындағы халықаралық шарттарды әзірлейді, жасасады және орындайды, халықаралық спорт ұйымдарында және халықаралық спорттық іс-шараларда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
63) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |