«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



жүктеу 2,41 Mb.
бет4/24
Дата19.11.2018
өлшемі2,41 Mb.
#21185
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Балет (франц. ballet, итал. balleto, лат. ballo — билеймін) —сахналық өнердің бір түрі, мазмұны музыкалық–хореографиялық образдар арқылы ашылатын спетакль. Б — ой мен жан құбылысын қозғалыс арқылы, дене қимылының әрекетімен көрсетеді. Мұнда балеттің либреттосын жазушы–сценарист, музыкасын шығарушы композитор, билерді қоюшы балетмейстер және декорациясын салушы суретші еңбектері тоғысып, бір ортақ арнаға саяды. Б–тің арқауы би мен пантомима. Пантомима — сөзсіз, мимикамен (ыммен) және адам денесінің мәнерлілігімен спектакльдің мазмұнын ашатын театр өнерінің бір жанры. Сюжетті Б–те қимыл–пантомима мен әрекетті көріністер (па, г’аксьон) көп қызмет атқарады. Б–тің дәстүрлі музыка–хореография формалары қалыптасқан: екі кісілік би (па–де–де) және көпшілік биі (па–де–труа, па–де–катр, гран па). Соңғысын кордебалеттер орындайды. Қаһармандық, драмалық, комедиялық сюжеттер Б. жанрын айқындайды. Сондай–ақ, шағын Балет, Балет–пантомима, Балет феериялар деген түрлері де болады.

Б–тің негізгі элементтері халықтың музыка–би шығармаларымен тікелей байланыста туған. Б. Еуропада (Италия, Франция, Англия, Испания және т.б. елдерде) Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келді. Алғаш Италияда тұрмыс–салтты көрсететін би түрлері іріктеліп, жүйеге түсіп, сахналық заңдылыққа бағындырыла бастады. Той–думанда орындалатын халық билері жаңа мәнерлі, әсем өрнекті, бір идеяны ұқтыруға, бір ойды айтуға меңзеген Б.–ге арқау болды. Бұлар сән–салтанатты үлкен сарайларда қойылып отырған. Францияда Б. белгілі сюжеттер, аңыздар негізінде құрылды. Б. өнердің басқа түрлерімен тығыз байланыста дамыды. Оған көбінесе музыка мен әдебиеттегі ағымдар ықпал жасап отырған. XVII ғасырдың екінші жартысында өмірге опера–Балет (композиторлар Люлли, Рамо) және комедия–Балет (драматург Мольер) келді. XVIII ғасырда Англияда, Австралияда, кейінірек Францияда Б. өнердің жеке бір саласы болып әбден қалыптасады. Осы кездегі би өнерінде үлкен реформатор болған француз балетмейстері Ж. Новер П. Корнель трагедияларын Б.–ке айналдырып, өзінің теориялық ой–пікірлерін жанды спектакльдерде жүзеге асырды. Оның «Балет жайлы хаттар» (1760) еңбегі басқа елдердің ұлттық Б. өнерлерін дамытуда көп септігін тигізді. Содан соң ұлттық Б. мектептері (француз, италиялық, т.б.) қалыптаса бастады. Келе–келе Б. техникасы жетіліп, айналма, секірме қимылдардың ой емеурінін берудегі мәні тереңдей түсті.



ХХ ғасырда Шығыс елдерінде (Египет, Түркия, Жапония т.б.) Б. пайда болып, дами бастады. Орыстың Б. өнері XVIII ғасырдың екінші жартысынан қалыптасты. Халықтың би қазынасы бірте–бірте игеріліп, өнегелі Б. мектептерінің ыңғайымен жүйеге түсті. XIX ғасырдың бас кезінде, әсіресе, балетмейстер Ш. Дидлоның қызметі тұсында орыстың Б. өнері едәуір табысқа жетті. Е.И. Колосова, М.И. Данилова, А.И. Истомина, А.П. Глушковский сынды бишілер тобы өз өнерлерімен бой көрсетті. Б. өнері мен музыкасының ілгері дамуына кезінде зор үлес қосқан орыстың ұлы композиторы П.И. Чайковский болды. Балетмейстерлер М. Петипа мен Л.И. Иванов орыстың халық билерін классикалық би үлгілерімен ұштастыра отырып, оның «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі» және «Щелкунчик» (1890 — 1895) Б. қойды. П.И. Чайковскийдің Б. музыкасындағы игі дәстүрін жалғастырып, одан әрі дамытуда көптеген композиторлар (А. Глазунов, И. Стравинский, С. Прокофьев, т.б.) елеулі еңбек етті. ХХ ғасырдағы орыстың Б. өнері Англияда, Францияда Б.–тің қайта өркендеуіне, ал, АҚШ–та Б.–тің тууына игі әсер етті. Қазан төңкерісінен кейінгі Б.В. Астафьевтің («Париж жалыны», «Бақшасарай фонтаны»), Р.М. Глиэрдің («Қызыл гүл»), А.И. Хачатурянның («Гаянэ», «Спартак»), С.С. Прокофьевтің («Ромео мен Джульетта»), А.А. Крейннің («Лауренсия»), Қ.А. Қараевтың («Жеті ару») Б.–тері кеңес өнерін дүние жүзіне танытып, даңққа бөледі. Г.С. Уланова, М.Т. Семенова, Н.М. Дудинская, О.П. Лепешинская, М.М. Плисецкая, В.М. Чабукиани, Г. Алмасзаде, Б. Бейшеналиева, З.Насретдинова, М. Тұрғынбаева, Л. Сахьянова, Ш. Жиенқұлова секілді бишілер есімі өнер әлеміне мәшһүр болды. Кеңес одағында 40 опера және балет театры, 16 мемлекеттік балет училищесі жұмыс істеді. Б. өнерінің мамандарын Мәскеудегі Театр өнері институты мен Мәдениет институты, Санкт–Петербург консерваториясы, Қазақстанда Алматы жоғары би өнер мектебі даярлады.

Қазақ Б. әуелде драмалық, опералық спектакльдер ішіндегі би көріністері ретінде қалыптаса бастады. Діни сенімнің салдарынан үзіліп қалған халықтың көне билері қайта түледі. Тұңғыш қазақ режиссері Жұмат Шанин ұлттық Б. халық топырағында бар элементтер негізінде, туыстас елдер пластикасына негіздеп жасау керек деген ойын «Қоян–бүркіт», «Киіз басу», «Өрмек би», «Шашу» секілді билерді сахнаға шығару арқылы жүзеге асырған. Алғашқы опералық қойылымдардың өзінде «Қара жорға», «Қоян би», «Келіншек», «Ақ сүйек», «Тәттімбет», «Айжан қыз» т.б. би нөмірлері сыналап кіргізіліп, спектакльдің толық қанды құрамдас бөлігіне айналды. Қобыз, домбыра ырғақтары, күй әуезі Б. музыкасына арқау болып, оның ұлттық, даралық ерекшелігін айқындады. 1938 жылы қазақ музыка театрында қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман — Мамыр» қойылды. В.Великановтың «Қамбар—Назым», Н. Тілендиев, Л. Степанов пен Е. Манаевтың «Достық жолымен» және Ғ. Жұбанованың «Аққұс туралы аңызы» — қазақ Б. өнерінің өсу кезеңін көрсететін шығармалар. Т. Мыңбаевтың «Фрескалар», А. Серкебаевтың «Ақсақ құлан» Б. әр түрлі музыка жанры мен стильдердің басын құрайтын ұлттық композиторлық мектептің өсіп, өркендеуінің айқын айғағы болды. Жер–жерде Б. спектакльдерін қоятын халық театрлары («Алматының жас балеті», «Қарағандының мәдениет сарайы» т.б.) құрылды. 1986 жылы құрылған «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі қазақ би өнерінің жаңа белесі болды. Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жаңа өнерді дамытудың тамаша ордасына айналды. Шара Жиенқұловадан өзге Сара Көшербаева, Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Лейла Альпиева тәрізді балет жұлдыздары шығармашылықтарын паш етті.
Әдебиет: Қазақ энциклопедиясы, 2 том; Балалар Энциклопедиясы, II– том; Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005.
БАТА, бата беру — қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдеп талаптарына сай адамға ізгі тілек білдіру. Қазақы тіршілікте адамның көңіл–күйі, кісілік қасиеттері, құт–берекелі өмірі жоғары бағаланған. “Жақсы ниет – жарым ырыс” деген халық. Ниеттің ақтығы, тұлғалық қасиеттерді сыйлау, оның болашағына үлкен үміт арту күнделікті өмірдің күйкілігінен туындайтын қиындықтар мен сұрықсыздықтан арылуға көмегін берген. Әдетте, адамның қауымның фәниден бақиға дейінгі өмірінің түйінді сәттерінің бәрінде (дастархан басында, той–думандарда, қиын сапар, алыс жолға аттанғанда, тұсау кескенде, құрбандық шалғанда т.б.) қадірлі адам қол жайып, Б. береді. Оны беретіндерге, әдетте, жасы үлкендер, сыйлы қонақтар, ел ақсақалдары, елеулі тұлғалар т.б. жатады. Б – дуалы тілек, сондықтан қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, дұрыс жол ашады және бәле–жаладан қорғайды деп есептелген. Б. аруақтарға да бағыштап айтылады. Оның өзіндік қисыны, орны бар. Кез келген тілек Б–ға жатпайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деген халық.

Екі мың жылдық тарихы мен дәстүрі бар батаның мақсаты – адам мен ғалам жаратылысының тылсымы мен тазалығын іздеу, Жаратқан Ие ниетін түземек адам дұғасын оқыды, пайғамбарға салауат айтып, тілегін тіледі. Батада күнделікті өмірдің пайдалы жағын салыстыру сипатымен қатар анимистік — магиялық наным–сенімдердің элементі кездеседі. Белгілі бір істі бастарда, жауға, жолға, аңға шығарда ақ тілеу әзіз ақсақалдан бата алу салтында осы екеуінің де ізі бар. Ислам дініне енген кезден бергі қазақ дәстүрінде бата салты өлгенге Құран оқу, аят оқу сияқты діни наным–сенімдермен ұштастырылған, оны өлген адам мен «Құдай алдындағы парыз» деп есептеген. Ағайын–туғандар әдетте өлген адамның жылына дейін, кейде одан кейін марқұмның үйіне дүние, мал, ақша апарып, оның жақындарына көңіл айтады, өлікке бағыштап дұға оқытады. Бата беру – түркі тілдес халықтардың киелі қасиеті. Батадан халықтың адал жаны, биік рухы, ашық тілегі, киелі сөзі көрініс табады. Осы қасиеттер рәсім–салт арқылы адамның жан–тәніне, мінез–құлқына сіңеді, күш–қуатқа демеулік етеді, жақсы іс–әрекеттің нышанын құрайды. Халық ұғымында Б.

адам мен қауымның қуанышына орай адал ниет, жақсы тілек білдіру;

тіл, көз сұғынан сақта деген тілеу,бастамақ істің тұсаукесері және қасиетті тұмары,

Құдай алдында берілген серт, айтылған уағда, сұрап алған үкім. Бата құндылығы – танымдық тұнықтық, түсінік тереңдігін, сана–сезім серпілісінде, сол нысаналы уәждің нәтижесі мен өлшемінде. Қазақ батаны көкіректе тазалықты сақтаудың түрі деп ұққан.Сондықтан одан асқан тілекті ниет болмаған. Бата адамның ісіне, іскерлігіне, ізетіне, ілігіне берген түйінді тілек. Ол адамның қылығына, қызметіне және кісілігіне орай батаның түрлері толықтырылған.

Бата дәстүрін сақтаған халықтың діттегені: ел–жұртының бір–біріне деген мейірімін жеткізу, сүйіспеншілігін айту; ұзақ сапар алдында ақ жол тілейтін жақындықтың рәсім салтын ілтипатпен сақтау; ақсақалдар мен кемеңгерлердің дуалы аузынан шыққан өсиет арқылы береке–бірлікке шақыру; ағайын–туғандықтың айғағы ретінде жақсы іске бас болу, үлкен–кішінің жолын ашу; мұсылмандықтың дәстүрін сақтай отырып бірлесе топтасып, аруақтарға ниетін арнау және бағыштау.



Батаны кез–келген адам бермеген. Бұл құрметті рәсім топ ішінде көңіл тоқтатқан, көпті көрген, адамның үлесіне тиген, яғни жұрттың ойынан шығатын таңдаулы тұлғаларға, көреген кісілерге, қалаулы рухани ұстаздарға сенім білдіріп, олардың аузынан есітуге ықылас танытқан. Оқығаны да, тоқығаны да мол зиялы жандардың ойы көсем, сөзі шешен болған. Олар а) халықтың бітімгер дәстүрін өздерінше жалғастырды, ә) адам болу, ұлтжанды болу, ел–жұртты ұлағаттау, отанын сүю мәселелерін әрдайым тілге тиек етіп, жарастыққа жаңа тыныс ендірді. Елде Төле бидің, Қыбырай бидің, Абыздың, Абайдың, Сүйінбайдың, Жамбылдың, Әсеттің, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлағаттылардың батасы деп, жатқа және жиі айтылатын тың тілектер молшылық.

Бата беру кейде өлеңмен, кейде тақпақ, көркем қара сөзбен айтылып, ауыз әдебиетінің бір жанры боп қалыптасқан. Осы күнгі бата от басына амандық, молшылық, жастрға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді. Елін ертеңіне еліктіретін, ерін естілікке жеріктіретін халқымыздың осы даналығының тәлім–тәрбиелік маңызы қашанда бәсеңсімейтіні хақ.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия/ Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.
БАТЫРЛЫҚ – қоғамның тарихи дамуына, халық мүддесіне жауап беретін және адамнан өзін–өзі құрбан етуге дайын болуын талап ететін, қоғамдық мәнге ие ерекше іс–әрекеттер көрініс табатын этикалық категория. Б. әрекет адамнан жоғары моральдық қасиетті және оның жеке басындағы ерекше ерлік қуатты, табандылықты, қайсарлық пен қажырлықты талап етеді. Мыс., Ж.П.Сартрдің түсінігінде батыр – өзін батыр еткен адам. Б. мәселесінің көптеген қырлары – этикалық, психологиялық, эстетикалық, әлеуметтік және т.б. бар. Алайда, философия үшін бұл категорияны әлеуметтік тарихи үдерістердің мәнін зерттеуге негізделетін әлеуметтік–этикалық феномен тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Осыған байланысты Б. мәселесін қарастыруда Б.–тың өлшемі, оның тарихи формалары, жеке тұлғаның тарихтағы рөлі туралы мәселелер туындайды.

Б. мәселесіне әлеуметтік философиялық тұрғыдан талдау жасауға қадам жасағандардың бірі итальяндық философ Вико болды, ол “Б.” ұғымын адамзат дамуы тарихының белгілі бір кезеңін атау үшін қолданды, мысалы, “құдайлар дәуірінен” кейінгі болған және “адамдар дәуірінің” жалғасы болатын “батырлар дәуірін” немесе батырлық дәуірді атап көрсетеді. Вико Б.–ты антикалық қоғамдағы азаматтық өмір сүру жағдайымен байланыстырды да бұдан былайғы “парасатты” адамзат тарихында Б. қажет болмайды дейтін тұжырымға келеді. Бұл концепция әрі қарай Гегельдің ілімінде өз жалғасын табады, оның түсінігіндегі Б. адамның жеке мүддесінің немесе жеке іс–әрекеттің жалпы халықтық мүддемен сәйкес келуімен, жалпыға бірдей сипатқа ие болуымен ерекшеленді. Гегельдің пікірінше, антикалық батыр әрекет пен моральды, сезім мен борышты бір–біріне қарама–қарсы қоймаған. Гегель “батырлық дәуірді” мемлекеттердің және жалпы мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңіне жатқызды. “Мемлекетте батырларға енді орын жоқ: соңғысы тек өркениетке дейінгі кезеңде ғана кездеседі. Олардың мақсаты – құқықтық, қажеттік және мемлекеттік әрі олар оны өзінің жеке ісі ретінде жүзеге асырады” (Шығ., 7 том, М.–Л., –1934, –112 б.) –деп жазады Гегель.

Ағартушылық дәуірінде, әсіресе, XVIII ғасырдың соңы, француздардың буржуазиялық революциясы кезінде мемлекет қызметкерлері, әсіресе, республикалық Рим және сонан соң Рим империясы қызметкерлері батырлар болып саналды. Республиканы қорғаушылар, ішкі тәртіпті сақтаушылар аса құрметке ие болып мадақталды, кейде олар абсолюттендірілді.



ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Еуропалық романтизм өкілдері ағартушылардың Б. туралы іліміндегі патриоттық идеяны әрі қарай дамыта отырып, батырдың – орда бұзар – типін (Байрон, Мицкевич, Мадзини және т.б.) жасауға тырысты. Ағартушыларға қарсы сыншыл романтизм ағымы діни философияға негізделе отырып, Б.–тың индивидуалистік концепциясын ұсынды. Ағылшын философы Карлейль өзінің “Батырлар және тарихтағы батырлық” (1841, 1891 жылы орыс тіліне аударылған) деген еңбегінде Б.–ты құдайдан болатын ерік–бостандықтың көрінісі болып табылатын жеке тұлғаның ұлы іс–әрекеті ретінде қарастырады. Тарихтың діни тұрғыдағы белсенді бастамасы туралы қағиданы ескере отырып, Карлейль “батырлар культі” концепциясын жасады. Ол жоғарыдан төмен қарайғы тарихта бірінің орнын екінші басқан батырлар иерархиясын жасады: ежелгі дүние құдайлары, пайғамбарлар, ақындар және буржуазиялық дәуір батырлары – “жаңа ғасыр ақылмандары” ретінде жасалынды. Бұл идея әрі қарай Ницше философиясында өз жалғасын тапты, ол үшін батыр идеалы – ол “асқақ адам”, “ізгілік пен зұлымдықтан жоғары тұратын” және қоғамдық нормалар мен ұстанымдарға бағынатын адам.

Қазақ қоғамында Б. белгілі бір топтың өкілі ретінде адамға тән қаһармандық қасиеттердің жиынтығы ретінде қарастырылады. Б. – адамның әлеуметтік мұратына, қызметіне сай болатын өзіне ғана тән ұстанымымен, өмір салтымен, психологиялық жүйесімен, наным–сенімімен, дәстүрімен ерекшеленетін феномен. Қазақ даласындағы Б. түсінік жеке тұлға мүддесінің халық, туған ел, туған жер, отан, әлеумет мүддесімен байланысты көрініс табатын кешенді құбылыс болған. Б. сана, ең алдымен, ар–намыс, борыш, азаматтық, аманат, парыз және т.б. ұстанымдарға құрылатын, іске асырылатын әлеуметтік қызмет формасы. Б. мінез қазақ санасында әр кезде әлеумет мүддесіне негізделетін, қоғамдық сипат алатын мінез түрі. Көшпелілер дүниетанымында батыр адамның өмір салты, тіршілік дәстүрі халықтың өмір жағдайымен, дәуірлік уақыт пен кеңістікке тікелей байланысты қарастырылады. Б.–тың тағы бір ерекше белгісі өлімге деген көзқарасының басқалардан өзгеше болуы. Сондықтан қазақта “ер өзі үшін туады, елі үшін өледі” ерекше түсінік болған.
БӘДІЗ – тастан шауып, қашап жасалған тас мүсін, өрнек, жазу. Орхон жазбаларында тас мүсіндерді Б. деп атаған. Тілшілер, әдетте, бұл сөзді "әшекей", "өрнек", "мүсін әшекейі", "безендірілген ғимарат" деп түсіндіреді. Көне түркі тіліндегі Б. етістігі "көркемдеу", "әшекейлеу" ғана емес, сонымен қатар, "әшекейлі (яғни сәнді) ғимарат (құрылыс) орнату" деген мағына берген. Ал "бәдізші" тек "суретші (оюшы)" ғана емес, сондай–ақ, "ұста", "құрылысшы" дегенге де келеді. Көне жазбаларда "бәдізін бәдізетті" ("мүсінін мүсіндетті"), "бәдізім үшін балбал алдым" деген тіркестер кездеседі. Негізінде түркі жазбаларының ауқымындағы Б. сөзі өлген ерлерді бейнелейтін тас мүсіндер және олардың жанына тізбектеле қойылатын кішірек тас бағаналарға (бал–балдарға) қатысты айтылған.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БӘДІЗШІ – тастан қашап, қырнап, оймыштап түрлі бұйымдарды безендіруші, өрнектеуші шебер. Ертеден тас қалаушы, мүсін жасаушы арнайы шеберлер үй құрылысын әшекейлеуге де қатысқан. Құрылыс жұмыстары, тастан қашалатын ескерткіш мүсіндер, күмбезді мазарлар мен сағана тамдар, балбалтас, (құлпытас, бесіктас, қойтас, мама–тас, т.б. Б.–лер қолымен жасалған. Диқандар ежелден қолданған шаңтас, тұлықтас, малатас, түйгіштас, диірмен–тас, салдауыр, т.б. көптеген бұйымдар, өндіріс құралдарын да Б.–лер жасаған. Б.–нің құрал–саймандары: шойбалға, шапқы, шапқыбалға, қадаубас, безеуіш, шекуіш, тісеуші, тескіш, бұрғы, егеу, түрпі, қайрақ, т.б.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БЕДЕЛ – адамның жалпы жұрт мойындаған қадір–қасиеті, ықпалы, көзқарастар жүйесі немесе белгілі бір қасиеттеріне, сіңірген еңбегіне көрсетілген лайықты құрметті білдіретін ұғым. Б. – белгілі бір адамның, топтың, қоғамдық ұйымның, әлеуметтік институттың жалпы әлеумет қабылдаған, мойындаған қабілеті мен еңбегі. Б.–дің ресми және бейресми түрлері болады. Б. алдын ала белгіленіп қойған, маңдайға жазылған нәрсе емес, ол әлеуметтік қызмет барысында қалыптасады. Б. қоғамдық қатынас ретінде адамдардың қоғамдық нормаларға, әлеуметтік тәртіпті ұстап тұру құралдарына бағынудың тарихи өзгеріп отыратын формасын білдіреді. Ықпал ету аясы мен тәсіліне қарай Б. саяси, моральдық, ғылыми, тәрбиелік және т.б. түрлерге жіктеледі, яғни билік, ғылым, өндіріс, тәрбие салаларында кеңінен іске асырылып отырады. Б. билікті жүзеге асыру тәсілдерінің бірі де болып табылады. Экономикалық және саяси қатынастарға байланысты Б.–дің қолданылу аясы, оның негіздері және Б. иегерінің өзі өзгеріп отырады.

Қоғамдық реттілік мемлекеттік механизмдерсіз сақталып отырған алғашқы қауымдық құрылыста тәртіп “дәстүр, дағды күшімен, беделге немесе құрметке ие болған адамдар арқылы” (В.И.Ленин, ТШЖ, 29 т., –438 б.) сақталып отырды. Құл иеленуші қоғамда моральдық Б. құлдық езгімен ауыстырылды. Орта ғасырда Құдай және Пайғамбарлар, “қасиетті” адамдар Б–і жоғары маңыздылыққа ие болды. Олардың Б.–і Құран Кәрімде, Хадистерде, Інжілде бекітіліп отырды. Қайта өрлеу дәуірі мен жаңа заманда діни Б. теріске шығарылып, моральдық Б.–дің (Т.Гоббс) маңыздылығына назар аударылды. Гоббстың түсінігінде Б. білімге немесе қандайда бір адамның даналығына негізделуі тиіс болды. Т.Гоббс: “Мен кімнің өкімі, кімнің үлгісі қандайда бір басшылыққа алынатын болса, соны бедел деп атаймын…” (Т.Гоббс, Таңд. ШЖ., М., 1926, –197 б.) –деп жазады. ХVІІІ ғ. француз материалистерінің (Гольбах, Гельвеций, Дидро) еңбектерінде құдай Б.–і саналы құқық Б.–мен ауыстырылады. Гольбахтың айтуынша, “елес болып көрінетін құдай беделіне қарағанда, ізгі адамдарды ұлықтайтын және қылмысты жазалайтын” саясат “біршама құрметтеу сенімін орнықтырады…” (“Системы природы…”, М., 1940, –345 б.). Батыстық индивидуализмнің дамуы адам еркінің автономиялылығын бекіту үшін моральдық Б.–ді теріске шығаруға әкелді. Фихте этикасында “таза Мен” ұяты әдептіліктің жалғыз өлшемі болып табылды, ал Б.–ге бағыну ұятсыздық болып табылды. Ницше этикасында Б. “құлдар” моралінің ұстанымы ретінде жарияланды.



Қазіргі философияда Б.–ді түсіндіруде бір–біріне қарама–қарсы екі үрдіс орын алады, олар: фашизм идеологиясы (фюрерге табыну) шеңберінде өзінің ұшқары формалары арқылы көрініс тапқан авторитаризм (Б. иесінің шексіз күнәсіздігін мойындау), яғни кез–келген Б.–ді нигилистікпен теріске шығару және “жеке тұлғаның абсолютті еркіндігін” анархиялық жолмен уағыздау. Мыс., К.Ясперс адам қандайда бір жағдайды таңдауда ерікті дей отырып, адам бостандығы “беделдің шүбәсыздығына” және тіпті “билік беделіне” негізделетіндігін көрсетеді (К.Ясперс, Свабода и авторитет, 1951.). Тәртіп сақтау құралы ретінде Б. өндірісте, билікте, басқару ісінде және қоғамдық өмірдің басқа да салаларында адамдардың кез–келген қызмет түрінде кездеседі. Б.–дің жеке басқа табынушылыққа айналуына жол бермейтін қажетті шарт болып табылады. Халық бұқарасы мен жеке адамның тарихтағы рөлі Б. туралы түсініктердің негізі болады.
БЕҒАЗЫ – ДӘНДІБАЙ МӘДЕНИЕТІ – қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. IX–VIII ғ–лар) Орт. Қазақстанды қоныстанған тайпалардың мәдениеті. Беғазы және Дәндібай ескерткіш кешендерін алғаш зерттеп, Б.–Д. м. атауын ғыл. айналымға енгізген акад. Ә. Марғұлан. Б.–Д. м–н өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңт–нде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендерінің бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен. Бұл кезде одан бұрынғы Андронов мәдениетіне тән үлгілер сақталумен қатар, жаңа жерлеу ғимараттары, тұрғын үйлер пайда болып, жерлеу салты, өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасады. Жаңа мәдениет қауымының жоғарғы лауазымды билеушілеріне арналып салынған қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелермен, мәйітті бір қырынан, аяқ–қолын бауырына жинап, сонымен қатар шалқалатып жерлеу, олардың жандарына қару–жарақ, әшекей бұйымдар қою ғұрыптарымен ерекшеленеді. Қыш көзелердің пішіні, жасалу, өрнектелу өзгешелігімен де айрықшаланады. Б.–Д. м–нің кесенелері күрделі сәулет өнері ескерткіштеріне жатады (Ақсу–Аюлы, Бұғылы, Беғазы Дәндібай, Ортау, т.б.). Олар көбіне дөңгелек, төртбұрышты болып келеді. Ғимараттардың үсті қакпақ тастармен немесе жуан бөренелермен сатылы (пирамидалы) әдіспен жабылып, мәйіт ортадағы тас жәшіктерге жерленген. Қоныстар мен тұрақтардан табылған көзе ыдыстардың таяқшамен батыңқы сызып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш, көлбей салынған шырша, тырнақ шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуіне белдемшелер жапсырылған. Ал қабірлердің ішіне қойылған ыдыстардың пішіндері мен өрнектері мүлдем өзгеше. Олар қыл мойын құмыра пішінді, шығыңкы бүйірлі кесе, тостаған тәрізді, сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Осы кезеңде бұл өңірде ірі елді мекендер (Кент, Бұғылы, Шортанды–бұлак, Қарқаралы, Аккезең, Ұлытау, т.б.) пайда болған. Тұрғын үй құрылыстары әр түрлі. Қабырғасы, іргесі таспен өрілген 4–6 бөлмелі жер кепе және киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де көп болған. Олардың орта тұсында немесе шетінде биіктеу етіп тастан салынған төртбұрышты ғибадат ету орындары бар. Әрбір үлкен қоныстардың айналасында 3–5 шағын мекендер болған. Бұл жерлерді қоныстанған тайпалардың басым көпшілігі мыс балқыту, көзе жасау, егін егумен, мал ш–мен айналысқан. Б.–Д. м–ін жасаушы тайпалар да андрондықтар секілді, негізінен, табиғат күштеріне (күн, от, су, т.б.) табынған. Сонымен қатар басты күнкөріс көзі есептелген жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю, т.б. жыртқыш аңдарды құрметтеп, оларға табыну ғұрыптары пайда болған. Олардың тастан қашалған бейнесін зират, қоныс маңына (Қойшоқы, Ақсу–Аюлы, Қызыларай, т.б.) тұрғызып қойған. Б.–Д. м. тұрғындары – өздерінің әлеум. дамуында беделді рубасылары басқарған, қалыптасқан діни наным–сенімі, саяси әкімш. орталығы бар, өзіндік өндірісі мен өндіргіш күштерді дамыған, алғаш мемл. бірлестік құру дәрежесіне жеткен тайпалар. Олар Оңт. Оралдағы (Замарев мәдениеті), Алтай мен Енисейдегі (Қарасуық мәдениеті) өздеріне туыс тайпалармен саяси–экон. тығыз байланыста дамыды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БЕЛСЕНДІЛІК –мақсаттылығы, мотивтері, саналығы, әрекет әдіс–тәсілдеріне ие болуы, эмоционалдығы, сонымен бірге, бастамашылдығы ерекшеленетін, адам әрекетінің сипаты. Б. адамның тіршілік қозғалысының қарқынын білдіретін ұғым. Б. салыстырмалы түрде анықталады. Б.–тің қозғаушы күші – қажеттілік пен құштарлық. Тіршіліктің негізі – қозғалыс пен әрекет болса, оның қарқынды немесе баяу жүруі қажеттілік пен құштарлық ауқымына байланысты. Б. қарапайым, биологиялық, әлеуметтік, психикалық болып жіктеледі. Б. ұғымы әртүрлі ғылым саласында дербес ұғым, сондай–ақ, әртүрлі тіркестерде қосалқы ұғым ретінде кеңінен қолданылады. Тіпті белсенділікпен кейбір қосарлана айтылатын сөз тіркестері өз алдына ұғым ретінде қалыптасуда. Мыс.: белсенді адам, белсенді өмірлік позиция, белсенді оқыту, жүйенің белсенді элементі сияқты сөз тіркестері. Б. ұғымының кең мағынаға ие болғандығы соншалық, көп жағдайда оны қолдану белгілі бір анықтылықты, нақтылауды талап етеді. Жалпы қолданымдылық тұрғыда Б.–ке әрекеттілік, жігерлілік, қайраттылық, ұмтылушылық ретінде анықтама беріледі. Әдебиетте және тұрмыстық ауызекі тілде Б.– “әрекеттілік” ұғымының синонимі ретінде қолданылады. Физиологиялық мағынада Б. ұғымы дәстүрлі түрде жанды жаратылыстың жалпыға бірдей сипаттамасы, олардың өзіндік динамикасы ретінде қарастырылады. Олардың сыртқы қоршаған әлеммен өмірмәнді байланысын ұстап тұру немесе оны түрлендіру көзі ретінде анықталады. Тірі организмдердің сыртқы тітіркендіргіштерге көңіл аударуы хақында қолданғанда Б. іс–әрекеттің динамикалық шартты жағдайы, оның өзіндік қозғалысының қасиеті ретінде мойындала отырып, әрекеттілікпен сәйкестендіріледі. Жанды жаратылыс Б.–гі даму үдерісінің эволюциясына сәйкес өзгеріп отырады. Адам Б.–гі жеке тұлғаның маңызды сапасы ретінде, қоршаған шындықты өз қажеттілігіне, көзқарасына, мақсатына сәйкес өзгерту мүмкіндігі ретінде ерекше маңыздылыққа ие болады (А.В.Петровский, М.Г.Ярошевский, 1990). Н.А.Берштейн (1966) психологияға “белсенділік ұстанымын” енгізе отырып, оған үлкен маңыздылық береді, оның мәнін организмнің өмірлік актісіндегі ішкі бағдарламаның айқындаушы рөлінің негізі болуынан көреді. Адам әрекетінде шартсыз рефлекстер болады, ол адам қозғалысы тікелей сыртқы стимулдармен шақырылған кезде пайда болады, бірақ бұл адамның туабіткен белсенділігі. Барлық басқа жағдайда сыртқы стимул тек шешім қабылдау бағдарламасын ғана іске қосады, жеке өзіндік қозғалыс белгілі бір дәрежеде адамның ішкі бағдарламасымен байланысты болады. Оған толық тәуелді болған жағдайда, инициатива бастау алғанда және қозғалыс мазмұны организмнің ішкі жағынан құрылған жағдайда адамда “ерікті” актілер орын алады.

Психологиялық тұрғыдан алғанда белсенділіктің жай–күй ретіндегі сипаттамасы маңызды болып көрінеді, өйткені бұл жағдайда ол адам қажеттілігіне және мүддесіне негізделетін сапа ретінде мойындалады әрі адамның қандайда бір әрекетке іштей дайындығы ретінде өмір сүреді. Ал қатынас ретінде ол адамның әрекетінің әртүрлі салаларын және субъектінің өзін түрлендіруге бағытталған белгілі бір жігерлі өзіндік әрекеті ретінде түсіндіріледі (В.Ф.Бехтерев 1996). Б.–ке әрекеттік көзқарас шеңберінде психологияда, сонымен бірге, Б. ұғымын тәпсірлеудегі кейбір айырмашылықтарды да байқауға болады. Әрекеттің психологиялық теориясы әрекеттің макроқұрылымын күрделі иерархиялық құрылым түрінде қарастырады. Оның құрамына бірнеше деңгейлерді енгізеді және олардың қатарына: әрекеттің, қимылдың, операцияның, психофизиологиялық қызметтердің ерекше түрлерін жатқызады. Әрекеттің айрықша түрі бұл жағдайда бір мотив негізінде пайда болған әрекеттер жиынтығы ретінде көрініс табады. Оларға әдетте ойын әрекеттері, оқу және еңбек әрекеттері жатқызылады. Оларды адам белсенділігінің формалары деп атайды (Ю.Б.Гиппенрейтер 1997). Б.Г.Ананьев “адамның әлемге белсенді–әрекеттік қатынас формалары” қатарына, сонымен бірге, әскери және спорттық әрекетті, танымды, пікір алмасуды, адамдарды басқаруды, шығармашылық әрекеттерді жатқызады (Л.И.Анциферова, 1998). Бұл жағдайда Б. әрекеттің айрықша формасына немесе айрықша әрекетке сәйкес келеді. К.А.Абульханова–Славскийдің (1991) пікірінше, адам Б. арқылы әрекеттің объективті және субъективті факторларының келістірілуі, өзара үйлесімділігі туралы мәселені шешеді. Мыс., белсенділікті кез–келген формада емес, қажетті формада, кез–келген уақытта емес, ыңғайлы кезде, ішкі мотив арқылы, өз қабілеттерін қолдану арқылы, өз мақсатын жұмсау сияқты мәселелерді шешуде қолданады. Сонымен бірге, адам бұл жағдайда белсенділікті әрекеттің бөлігі, қажет уақытта іске асырылатын оның динамикалық құраушысы ретінде бағалайды.


БЕЙСАНАЛЫҚ — адам санасында анықталмайтын психикалық, тылсым процестердің жиынтығы, сана құбылыстарынан сапалы өзгешеліктері бар қоғамдық сананың санаға дейінгі және төменгі саналық құрылымдары. Б. мәселесін мәдениетте қарастыру шығарм. табиғатын зерттеуден басталады. Платон шығарм. процесті эростың көрінісі ретіндегі санаға дейінгі құбылыстармен байланыстырылды. Орта ғасырларда Б. адам мен құдайдың тылсымдық бірлігі арқылы түсіндіріледі. Ары қарай Б. шығарм. қиял және интуицияға қатысты зерттелді. Кант қиялдаудың жасампаз қабілетін саналық пен Б–тың бірлігі деп түсіндірді. Генийлер, дейді Кант, Б–лық қалыпта ерекше бір шабытпен жасампаздыққа барады. Олардың әрекеті табиғатпен ұқсас, айырмашылығы тек табиғаттың объективтілігінен гөрі адамдық Б–тың субъективті түрде және еркін болуында. Шеллинг шығарм. процесін толық иррационалды тұрғыдан түсіндіріп, Б–ты логика мен өмір практикасынан тыс интуициялық акт ретінде қарастырды. Иен романтиктері Б–ты табынатын культке дейін көтерді. Шопенгауер оны барлық әлемдік процестердің негізіндегі әлемдік ырық ретінде қарастырды. Б–ты жаңа зерттеу деңгейі З. Фрейд және оның шәкірттерінен басталды. Фрейд Б–ты санадан тәуелсіз адам жанының құрамдас бөлігі, тұлға құрылымының маңызды элементі – “Ол” ретінде қарастырады. “Олдың” негізін сексуалды–биологиялық энергия құрастырады. Б. ұстаным түрінде әрекет ететін және тұлғаның ішкі дүниесінің бөлігіне айналдырылған мәдениетті Фрейд “әсіре–мен” деп атады. Интериоризацияланған мәдениет және сексуалды Б. инстинктердің арасында, Фрейд бойынша, қақтығыстар туып отырады. Егер мәдениет адамға шамасынан тыс талап қойса, онда адамда невроздар пайда болады. Мәдениет тек бір тұлғаның ғана жетістігі болмағандықтан, үлкен тобырлық немесе ұжымдық невроздар тууы мүмкін. Осы сипатта Фрейд көптеген мәдениеттер, тіпті, мәдени дәуірлер невротикалық болмады ма деген сұрақ қойды. ХІХ ғ. аяғымен ХХ ғ. басында мәдениеттегі Б–тың табиғатын әлеум. факторлармен түсіндіретін ілімдер қалыптасты. Леви–Брюль ежелгі халықтардың логикалық ойлауға дейінгі формалары туралы баяндады. К.Г. Юнг Б–ты мәдениет бастаулары – архетиптер арқылы түсіндірді. Ұжымдық, Б.Юнг бойынша, адамзат тарихының терең қойнауларынан бастау алады; миф, эпос, діни нанымдарда сақталып, түс көруде жаңғыртылады. К. Хорни Б–ты адамның болмыстық негізіндегі өз тұрақтылығын сақтауға бағытталған ұмтылыстарға әкеп тірейді. Леви–Строс Б–ты адам әлеміне тән рәміздер және таңбалар арқылы түсіндіреді. Б., әсіресе, тілдік құрылымдарда терең қалыптасқан.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени–философиялық энциклопедия/ Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
БЕЙІМДЕЛУ, адаптация (лат. Adaptatio – бейімделу) – 1) биологияда тірі организмнің сыртқы орта жағдайында тіршілік етуге икемделуі, олардың эволюциялық даму барысында қалыптасқан биологиялық қасиеті. Эволюциялық даму ілімі бойынша тарихи даму барысында тіршілік ортасының қолайсыз жағдайларының ықпалынан организмнің әлсіз клеткалары жойылып, белсенділері өніп–өсіп, табиғи сұрыпталу нәтижесінде оларда төзімділік қасиеттері пайда болады. Б. – белгілі бір биологиялық түрдің сыртқы ортаның нақтылы жағдайында тіршілік ету тәсілін қамтамассыз ететін морфофизиологиялық, популяциялық және басқа ерекшеліктер жиынтығы. Мысалы, жазық далада тіршілік етеін сүтқоректілер жүгіруге, ормандағылар өрмелеуге, су жануарлары жүзуге бейімделеді. Жан–жануарлардың қоректену тәсілінің, реңі мен пішінінің әр түрлі болуы, кейбір мүшелерінің атқаратын қызметінінң өзгеруі, т.б. олардың орта жағдайында Б–дің натижесі. Б.– жалпы және дара болып бөлінеді. Жалпы Б.– қоршаған ортада тіршілік етуге икемделу, мысалы, құрлықта тіршілік ететін жануарларда аяқтың, ұшатын құстарда қанаттың пайда болуы; Дара Б. белгілі бір тіршілік жағдайына икемделу, мыс., тұяқты сүтқоректілердің тұяғының әр түрлі пішіндері. Биологияның басты мәселесінің бірі – Б.–дің тарихи дамуының механизмі. XVIII ғ–да Б. организмге болмысынан тән құбылыс деп танылған. Б. Тірліктің тарихи дамуының негізгі 3 факторының – өзгергіштік тұқым қуалаушылық және табиғи сұрыптау нәтижесінде қалыптасып дамиды. Бірақ қазіргі кезде табиғи сұрыптау теориясы күрделі Б–дің көптеген құпияларын түсіндіруде қиындықтарға кездесуде, мыс., құстар мен жәндіктердің қанатының пайда болуы. Адам организмі мен жануарлар үшін Б–дің маңызы зор. Қоршаған ортада ауа райының, температураның өзгеруі, оттегінің жетіспеуі, әр түрлі жұқпалы вирустардың әсеріне қарамай, Б–дің нәтижесінде организмнің ішкі ортасы тұрақты деңгейде болады, яғни организмнің дене қысымы, қанның морфолог. құрамы мен физ–хим. қасиеттері, қышқылдық–сілтілік үйлесімі, т.б. көрсеткіштері қалыпты мөлшерден ауытқымайды; 2) социологияда–жеке адамның не әлеуметтік жіктің қоғамдағы жаңа рухани, экон. және мәдени құндылықтар мен нормаларға икемделуі. Ол қоғамда пайда болған жаңа принциптерге сай материалдық және рухани игіліктерді игеруге деген ынтаға тікелей байланысты. Б. Адамның не қоғам мүшелері көпшіліктің мақсат–мүддесі қоғамдағы қарым–қатынастың жаңа принциптері мен толық үйлесімділік тапқанда жүзеге асады. Әлеуметтік өзгеріс көпшілік әлеумет тарапынан қолдануды қажет етеді. Оныз әлеу. икемделу баяу жүреді. Мұндай баяу икемделу аккомодаттану деп аталады. Аккомодаттану Б. процесіне ұласпаса, ондай жағдай қоғамдағы бейберекеттікке, бүлікке алып келуі мүмкін.
Әдебиет: Философский энциклопедический словарь. М., 1983; Философиялық сөздік. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996.
БЕСШАТЫР – ежелгі қорымдар тобы, сақ дәуірінің аса ірі ескерткіші. Алматы обл. Кербұлақ ауд–нда. Қапшағай бөгенінің солт. жағалауынан 3 км жерде, Желшағыр тауының бөктеріндегі Шылбыр қойнауында. Алтынемел ұлттық паркінің құрамына енеді. 1957, 1959 – 61 жж. Жетісу археол. экспед. (жетек. К. Ақышев) зерттеді. Қорым құрамында үлкенді–кішілі 31 оба бар. Олар батыстан шығысқа қарай 1 км, солт–тен оңт–ке қарай 2 км болатын алқапты алып жатыр. 21–і таспен, ал 10–ы қиыршық тас араласкан топырақ үйінділермен жабылған. Қорым шартты түрде екі бөлікке (солт. және оңт.) бөлінеді. Солт. топка Б. зиратының ең үлкен 2– және 3–обалары кіреді. Үлкендерінің диам. 45 м–ден 105 м–ге дейін, биікт. 6–17 м–ге дейін, тиісінше орташаларынікі 25 – 38 м, 5 – 6 м, кішісінікі 6 – 18 м, 0,8 – 2 м. Ескерткіштердін көлеміне қарай жіктелуі ежелгі Б. тұрғындарының әлеум. даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында 18 оба қазылды. Олардың үшеуі үлкен, калғандары орташа жөне кіші обалар. Алынған ғыл. деректер ежелгі сақтардың әлеум. топтарға жіктелуі, шаруашылығы, тұрмыстық салт–дәстүрлері, діни наным–сенімі, архит. жетістіктері, тұтынған қару–жарағы мен құрал–жабдықтары жайлы құнды мәліметтер береді. Таспен жабылған 21 обаның алтауында шағын тастармен қоршалған ұзын тізбектер бар. Оларды жалпы саны 5–тен 94–ке дейін жететін тастардан тұрғызылған қоршаулар құрайды. Тізбектер кейбір обаны түгел орап жатса, қайсыбірінің тек шығыс жағын ғана қоршап тұр. Осындай үзын тізбекті тас қоршаулар Б–дан басқа бірнеше зираттың маңайында да бар. Оның біреуі Б–дан батысқа қарай 10 км жерде. Құрамында 45 жеке қоршау бар бұл тізбек 450 м–ге созылып жатыр. Тізбектердегі көптеген тас тақташалардың беттеріне таутеке, қабан, қасқыр сияқты аңдардың суреттері салынған. Үлкен Б. обасының маңындағы кейбір қоршаудың тақташаларына түрлі таңба іспеттес суреттер де түсірілген. Олардың арасында күн рәмізіне жақын тұрған немесе қазақтың "көз" таңбасына ұқсас дөңгелек бейнелер кездеседі. Мұндай тізбектер қорымның тек жерлеу орны ғана емес, сондай–ақ, діни салт–жоралғылар шерулерін өткізетін ерекше салтанат орны болғанын көрсетеді. Ерекше құбылыстардың бірі – үлкен обалардың астынан арнайы қазылған катакомба түріндегі күрделі жер асты жолдары. 6–үлкен оба катакомбасының жалпы ұз. 55 м. Жолдардың биікт. 1,68 м, ені 0,8 м. Олар жерлеу, ас беру ғұрпына байланысты діни жоралғылар өткізу мақсатында жасалатын болған. Обалардың сыртқы көлеміне қарай үшке бөлінуі олардың астындағы қабірлердің түрлерімен де сәйкеседі. Кіші обалардың қабірлері қарапайым шұңқыр түрінде, кейде лақатталған немесе тас жәшікпен толықтырылған. Орташа обалардың қабірлері киіз үй тәрізді. Үлкен обаларға аса ірі ағаш қабірлер тән. Б. зираттарының үлкен обалары көне дәуір архитектурасының сирек кездесетін айрықша ескерткіштер қатарына жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, бір ғана Үлкен Бесшатыр обасының үйіндісінде 50 000 м3 тас пен топырақ кеткен. Оның маңындағы тас тізбектерге 3 км жерден дайындалып әкелінген мыңға тарта тақташа жұмсалған. Осындай ірі обалардың қабірін қалауға жұмсалған Тянь–Шань шыршасының бөренелері Іле Алатауының бөктерінде дайындалып, өзен арқылы салмен жеткізілген. Үлкен оба қабірінің ұз. 10 м–ден астам, биікт. 4 – 5 м. Ол – асқан тех. шеберлікпен салынған құрылыс. Қабірлер үш бөліктен тұрады. 1– Б. обасы қабірінің адам жерлеген бөлігінің ауд. 3х3,3 м, бұған кіре берісте кішігірім (1,75x1,25 м) қосалқы бөлме бар. Одан шығысқа қарай созылған ұзын дәліздің ауд. 5,75x1,50 м. Дәліз арқылы өтіп, кіре беріс бөлмеден жерлеу бөлмесіне биікт. 1,50 м, ені 0,75 м есік арқылы кіретін болған. Б. зиратының мұндай үлкен обалары сол кездегі сақ ру басылары мен әскери көсемдерінің жерлеу орны болған деп есептеледі. Орташа обаларда бұлардан кейінгі әскербасылар мен атақты жауынгерлер жерленсе, кіші обалар қатардағы жауынгерлер мен қарапайым адамдардікі. Қорымнан көбелек тәрізді бәйнегі бар қысқа семсер – ақинақ, жебе ұштары, ағаш калқан қалдығы, темір тоға, төрт ақық моншақ және іші қуыс алтын түйіршіктерден бір–біріне дәнекерленіп жасалған екі моншақ табылды. Заттай деректер Б. қорымының б.з.б. VI–V ғ–ларда салынғанын көрсетеді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БИ – музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көркем бейне жасайтын өнер. Адамдардың күнделікті енбек барысындағы іс–әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім–әсерлері Б. қимыл–қозғалыстары мен ишараларына негіз болған. Б. өнері көне дәуірлерде пайда болып, табиғат құбылыстарын, соғыс көріністерін белгілі жүйеге түскен ырғақты қимылмен бейнелеп, ұрмалы муз. аспаптардың әуенімен орындалды. Кейін Б. қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке Б. өнері қалыптасты. Көне мәдениеттер ордасы болған Шығыс елдерінде (Грекия, Рим, Мысыр, Қытай, Үндістан) билеу мәдениеті шеберліктің биігіне жетті. Б. музыкамен тығыз байланысты. Б. хореогр. жинақы бейнелер арқылы болмысты суреттеп, адамның ішкі жан–дүниесін көрсетті. Экон., әлеум., тарихи геогр., т.б. факторлардың әсерімен де әр халықтың өзіне тән Б. дәстүрлері, өзіндік хореогр. тілі, пластик. бейнелілігі, қимыл–әрекетті музыкамен байланыстыру тәсілдері пайда болды. Солардың негізінде бал Б–лері мен кәсіби сахна Б–і қалыптаса бастады. Кәсіби өнерде Б. жоғары деңгейге көтеріліп, ғыл. жүйеленді. Мыс, Еуропа классик. Б–і, Азия мен Африка халықтарының Б–лері секілді түрлері калыптасты. Б. – қазақ халқының фольклорының көне түрлерінің бірі. Ол туралы Қазақстан жерінде сақталған тастағы суреттер, тарихи деректер, орыс саяхатшылары, тарихшылары, ғалымдарының этногр. жазбалары сыр шертеді. 1934 ж. Қазак муз. театры (қазіргі Қазақ опера және балет театры) құрылғаннан кейін сахналық Б–лерді шығару қызу қолға алынды. Бұл орайда Қазақстанға келген орыс хореогр. шеберлері көп көмек көрсетті. Муз., опералық спектакльдердегі алғашқы сахналык Б–лерде ұлттық ойындар, салт–дәстүр элементтері Орта Азия және Қазақстан халықтары Б–лері мен классик. Б–дің стильдік қимыл–әдістері қолданылды. Бүл Б–лер 1936 ж. Мәскеуде өткен казақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қойылған спектакльдерде, 1930 –40 ж. Алматыда болған халық шығарм–ғының Бүкілқазақстандық слеттерінде (жиындарында) көрсетіліп, үлкен табысқа ие болды. 20 ғ–дың 50–жылдарынан бастап, ұлттық балетмейстерлер қазақтың фолькл. Б–лері, оның нағыз ұлттық қимыл–ерекшеліктерін зерттей бастады. Өңделген фолькл. Б–лер алғашқы сахналық Б–лермен бірігіп, қазіргі заманғы қазақ Б–лерінің негізін кұрды. Оларды классик. би ан–самблі, Ән–би ансамблі, "Гүлдер" эстрад. жастар ансамблі, "Сазген" фолькл.–этногр. ансамблі, "Алтынай" мемл. халық би ансамблі, т.б. орындады. Сондай–ақ, Б. өнері көркемөнерпаздар ұжымдарының репертуарында да көп кездеседі. 20 ғ–дың 60–жылдарында жазылып алына бастаған халықтық–фолькл. Б–лер мен оның шығу тегі ғыл. тұрғыдан зерттелді. Солардың негізінде ұлттық хореографтар жаңа шығармалар тудырып, Б. өнерінін жан–жақты дамуына үлес қосты.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БИЛІКдәстүрлі қазақ қоғамының ел басқару, өкім ету үрдісі Қазіргі құқықтану, саясаттану ілімдерінде де ол «өкімет» атауының синонимі ретінде қолданылып жүр. Мәселен, саясаттану ілімінде Б. экон., идеол., ұйымдастырушылық–құқықтық тетіктер арқылы, сондай–ақ, беделдің, дәстүрдің, зорлықтың жәрдемімен адамдардың, әлеум. топтар мен жіктердің мінез–құлқына, іс–әрекетіне ықпал етуге қабілетті әлеум. қарым–қатынастардың пішімі. Ол қоғам мүшелерінің арасындағы әлеум.–табиғи айырмашылықтарға, субъективті–объективті қарым–қатынастарға байланысты қалыптасады. Оның мақсаты – қоғамда тұрақтылықты қамтамассыз ету, ал ішкі мән–мазмұны – үстемдік пен бағыныштылықты орнықтыру. Экономикалық, саяси, құқықтық, әскери, рухани және отбасылық Б. түрлерінің арасында қоғамдық дамудың ұйытқысы әрі саяси күрестің негізгі нысаны болып саналтын мемлекеттік биліктің маңызы ерекше (қ. Билікті тармақтарға бөлу). Өкіметтің ерік–қалауын топтастыру, айрықша басқару аппаратын иелену, арнаулы органдар дербестігін қамтамассыз етіп, қоғамдық тұрмысты тәртіпке келтіру ісіне дара иелік ету, қоғам мен жеке тұлға қарым–қатынасында мәжбүрлеу мүмкіндігіне жету Б–ке тән белгілер болып табылады. Субъектінің мақсатына орай Б–тің нысанына ықпал ету үшін пайдаланылатын құралдардың барлығы «билік ресурстарын» құрайды. Мыс., қоғамдық өндіріс пен тұтынымға қажетті материалдық игіліктер, ақша, құнарлы жерлер, пайдалы қазбалар, т.б. – Б–тің экон. ресурсы, ал әлеум., әскери, т.с.с. ресурстарды туындатушы әмбебап қор саналатын адамзат баласы демогр. ресурс ретінде бағаланады. Б–тің негізгі міндеті– қоғамды басқарудың стратегиясын айқындап, дамудың негізгі бағыттары бойынша нақты шаралар қолдану, әлеум. процесстерді шұғыл басқарып, дамудың орнықтылығы мен сындарлылығының маңызды өлшемдеріне бақылау орнату, ал ең басты принципі – оның заңдылығы (легитимділігі). Б. әлеум. құрылымның ең күрделі әлеум. және саяси қарым–қатынастарын қамтитын қоғамдық, ұжымдар мен олардың арасындағы қарым–қатынастарды қамтитын көпшілік немесе қауымдық және жеке адамдық, шағын топтық деңгейлерінде салтанат құрып, қызмет атқарады. Саясаттану ілімінде Б–тің пайда болып, жүзеге асуының әр қилы пішімі зерделенеді. Ол басқару пішіміне орай – монархиялық (абсолюттік және конституциялық), республикалық (президенттік және парламенттік); мемлекет құрылысының пішіміне орай – унитарлық, федеративтік, конфедеративтік; саяси режиміне орай – тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық; саяси ағымына орай – консервативтік, неоконсервативтік, либералдық, неолибералдық, социал–демократиялық болуы мүмкін. Б–тің заң шығарушы, атқарушы және сот қызметі тармақтарына бөлу жаңа дәуірдің үлкен теориялық жаңалығы болды. Олардың арасында тежеу мен тепе–теңдік жүйесінің болуы, яғни дербес билік тармақтарының өзара үйлесімділігін сақтау, олардың заңға бағынуын қамтамассыз ету принципі демокр., азаматтық қоғам орнатып, құқықтық мемлекет құруға берік негіз қалайды.
Әдебиет: Философский энциклопедический словарь. М., 1983; Философиялық сөздік. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996.
БОЛМЫС — бүкіл әлемнің тұтастығын, дүние мен адамның бірлігін, тіршіліктің мәнісін білдіретін философиялық категория. Б. ұғымында философияның өзіндік мағынасы, бастауы мен әдістемесі айқындалады. Қарапайым санада Б–тың баламалары ретінде әлем, ғарыш, дүние, табиғат, өмір тәрізді жалпы ұғымдар қолданылады. Адамзат өзінің және қоршаған дүниенің бар екендігіне сенеді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында дүние қаншама аумалы–төкпелі, өткінші болғанымен, оның негізінде тұрақтылық бар екендігі баяндалады. Индивид үшін жәй ғана бар болу жеткіліксіз, ол “адам болу” шарт. Тек бұл дүниеде өмір сүру шынайы Б–қа жеткізбейді. Адам бұл дүниеде бар болуы арқылы мәңгілік Б. мүмкіндігіне ие болады. Оны жүзеге асыру әркімнің өзіне байланысты. Тіршіліктегі болымсыздық тұлғалық мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмаудан туындайды. Шекспирдің “Гамлетінде” Б. мәселесі адамдық, моральдық таңдаумен үйлесімді қарастырылады: “Болу ма, әлде болмау ма, міне – мәселе осында. Тағдыр тәлкегіне үндемей шыдау керек пе, әлде мойынсұнбай қарсылық көрсету керек пе? Қорлыққа көну – өз адамдығын өзі таптау. Болу дегеніміз – “адамдық абырой үшін күресу” дейді.

Б. туралы филос. ілімнің ұзақ тарихы бар. Ежелгі мәдениетте Б. көбінесе нақтылы зат немесе оны құрайтын түпкі бөлшектермен (субстрат) теңестірілген. Кейін Б. жалпы табиғаттың синониміне айналды. Жаңа заман философиясында. Б. өзінен–өзі туындайтын субстанция кейіпіне ауысты. Бұл онтология деп аталады. Б. мәселесін жан–жақты қарастырған философ — Гегельдің пікірі бойынша, ешқандай айқындылығы жоқ бастама, таза Б. абстракцияға жатады. Ол мазмұны жоқ бос пішін ретінде ештеңемен, жоқтықпен барабар. Егер ештеңені бар деп қабылдасақ, онда ол басқа ештеңелерден бөлінеді. Яғни, бірдеңе болып табылады. Ештеңе мен бірдеңе Б. категориясын философияның бастауы ретінде ұғады. Мыс., сапа дегеніміз әр заттың өзіндік Б–ымен барабар айқындық. Сапалық айқындықтың жоғалуы осы заттың Б–ының жоғалуымен бірдей. Қасиет өзіндік Б–тың басқа нәрселермен қатынасын білдіретін айқындық. Бірдей сапалар мен қасиеттерді салыстыру нәтижесінде сан анықталады. Маркстік философияда Б. ұғымын материя категориясы ығыстырды және оның басты белгісі ретінде санадан адамнан тәуелсіз өмір сүру ұсынылады. Бұл адамсыздандырылған Б.–қа әкелді. Қазіргі философия ғылымында Б. мәселесінің әр түрлі қырлары жан–жақты талқыланып келеді. М. Хайдеггер ой Б–ы жөнінде терең пайымдаулар келтіреді. Жалпы экзистенциализм ілімінде тіршілік адамның Б–пен етене байланысы ретінде қарастырылады. Филос. антропологияда адам Б–ының әлеуметтік және биологиялық негіздері, оның кеңістік пен уақыт жүйесіндегі бітімдері зерттеледі. 20 ғ–дың соңында философтар Б–ты көпжүйелі процесс ретінде қарастырады. Филос. әдебиеттерде Б–тың мынадай негізгі түрлері аталады: 1) табиғи және адам жасаған заттар мен процестер Б–ы; 2) адам Б–ы; 3) рухани Б. Оларды бір–бірімен салыстыра қарастыруға болады. Мыс., адам және табиғат, адам және қоғам, руханилық және материалдық. Б–ты ой елегінен өткізу – адам мен дүние туралы пайымдаудың басты алғы шарттарының бірі.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 13. Диалектикалық логика. Астана: Аударма, 2006; Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы, 2007.
БОРЫШ – қоғамдық пікір және ішкі қозғаушы күштердің ықпалы негізінде қоғам, ұлт, әлеуметтік топ, ұжым алдындағы адамның азаматтық міндеттерін, жауапкершілігін білдіретін этикалық категория. Б. адамға міндеттер ретінде танылатын және оларды мүлтіксіз орындау оның ішкі моральдық қажеттігі болып табылатын қоғам, ұжым тарапынан қойылатын талаптардың жиынтығы. Б. талаптарында қандайда бір әлеуметтік топтың мүдделері көрініс табады. Сол жалпы мүдделерді қабылдап мойындауы және оны индивидтің ішкі қажеттігіне айналуы, оны өз жауапкершілігіне алып, жанашырлық танытуы және олардың жеке мүддеге кіріктірілуі адамда борыштық сана мен сезімнің пайда болуына әкеледі; әлеуметтік талап адамның ішкі моральдық сапасына айналады, жеке адам үшін шартты әлеуметтік мінез нормасына ауысады және сол әлеуметтік топтың немесе бүтіндей халықтың қоғамдық санасында бекіп орнығады. Б.–тық сана мен сезім – адамның өз ұжымына, әлеуметтік топқа, ұлтына, қоғамына көпжақтылы тәуелділігінің субъективтік идеологиялық көрінісі. Бұл анықтаманың объективтік және субъективтік жақтары бар. Б.–тың объективтік жағы оның талаптарының нағыз мазмұны болып табылады, ал соңғысының мазмұны адамның қоғамдағы атқаратын рөлінің ерекшеліктерінен келіп шығады және рөл адамның әлеуметтік ортада алатын орнына байланысты болады. Б. ұғымының субъективтік сипаты қоғамның, мемлекеттің, елдің, ұлттың, ұжымның, мекеменің талаптарын белгілі бір әлеуметтік рөлді атқарушы мәртебесіне ие болған жеке адамның оны өзіне қойылған талап ретінде жете түсінуі, мойындауы, өз жауапкершілігіне алуы, сонымен бірге, оны атқаруға деген адамның іштей дайындығы, міндетіне алуы немесе сыртқы талаптың субъектінің ішкі қажеттілігіне айналуымен байланысты болады. Б. ұғымы басқа моральдық категориялармен қатар рухани–адамгершіліктік баға формасы болып табылады, ұлттық, ұжымдық, қоғамдық мүдде оның мазмұнын құрайды. Қоғамдық мүддені қамтамасыз ету Б.–тың әлеуметтік қызметі болып табылады.

Б. ұғымының ұзақ даму тарихы бар. Көне этикалық теорияларда Б. құдай еркін немесе адам табиғатының мәңгі және өзгермейтін қасиеттерінің көрініс табуы ретінде қарастырылады. Мыс., стоиктер этикасында Б. құдай еркінен туындатылып, тағдырға сенім, құдай еркіне бағыну және оны құрметтеу міндеті ретінде дәріптелген. Ежелгі Қытай философиясында Б. “и” категориясы арқылы анықталып, сол кездегі қауым орнықтырған ережелер мен қағидаларды орындау мінезін (“ли”) білдірді. Ежелгі Үнді этикасы бойынша, Б. ұғымы дхарма термині арқылы анықталды, ол буддизмнің, жайнизмнің, индуизмнің діни идеялар жүйесімен байланысты болды. Ортағасырдағы діни мораль адамды толығымен құдай еркіне бағындырды, оның талаптары Б. өлшемі болып табылды. Ж. Баласағұн билеушінің борышын былайша көрсетеді: “Және біл: адамның алдында сенің үш борышың бар. Оларды орында, күшпен ұзақ тұра алмайсың. Біріншіден – күмістің тазалығын сақта. Екіншісі – адамдарға әділ заң бер. Үшіншісі – жолды күзетіп отыр”. Сонымен бірге, Ж. Баласағұн халықтың билеуші алдындағы борышын: “Олардың бірінші борышы – сенің барлық бұйрығыңды құрметтеу. …Екінші борышы – қазына алдында борышты болуы керек. Және үшіншісі – сенің жауларыңмен жауласып, сенің достарыңмен достасулары керек. Егер сен өз борышыңды әділ орындасаң, бағыныштыларыңның да қайтарымы жақсы болады” –дегендер арқылы анықтайды.



Қайта өрлеу және жаңа дәуір материалистері Б. ұғымының мазмұны мен өлшемдерін экзистенциялық негіздерге тіреді. Олардың басым көпшілігі адамның рухани–адамгершіліктік міндеттерін оның жеке мүдделері және қажеттіктерімен байланыстырды. Гольбахтың пікірі бойынша, “…моральдық борыштың шынайы негізі” әр адамның “…жеке мүддесі, жеке бақыты мен қауіпсіздігі” саласында жатады, ал Б.–тық сана тәжірибе мен ақыл арқылы анықталады. Кант моральдық заңдардың танымға берілмейтіндігіне сүйене отырып, Б. ұғымының қоғамдық табиғатын теріске шығарады, яғни Б. адамдардың мүддесіне және қалауына байланысты емес деп есептейді. Гегельдің этикасында Б. адамның өзі үшін жасалған жақсылық, өз игілігі үшін істелетін әрекет ретінде қарастырылады, Б.–ты адамның жеке басының бейімділігімен, сезімдерімен байланыстыруға тырысты. Мемлекет заңы Б. негізіне алынды. Бірақ Б. талабы тек сыртқы объективті құбылыс қана болмады, ол жүректің қалауымен, ойлаумен, ұятпен байланыстырылды. Батыс философиясында Б. утилитаристік тұрғыда қарастырылып, оны жеке адамның жеке басының мүддесімен байланыстырады және адамдардың бір–біріне пайдалы қатынасы шеңберінде (И.Бентам, Дж.С.Милль) қарастырса, ал кебіреулері вульгарлық–эволюционистік (Г.Спенсер) тұрғыдан қарастырады. Сонымен бірге, Б. ұғымының қажеттігін жоққа шығаратын да теория (Гюйо: “міндеттіліксіз және санкциясыз мораль”, Ницше) қалыптасады. Х ғасыр батыс философиясы шеңберіндегі прагматизм, экзистенциализм, гедонизмге тән релятивистік сипаттағы теория да орын алады. Мыс., В.Смит: “Борыштық сезімді қаншалықты тез ұмытатын болсақ, соншалықты бізге пайда” – деп жазады. Әртүрлі позитивистік мектептер Б. мәселесін құрғақ логикалық талдау объектісіне айналдырып, жалпы адамның мінез–құлқының мазмұнына немқұрайдылық қарау деңгейіне түсіруге дейін барады. Мыс., этикалық интуитивизм мектебінің өкілдері Б.–ты әлеуметтік қажеттіліктермен негіздеуге болмайды және ол тарихтан тыс құбылыс дегенді дәлелдемекші болады. Эмотивизм мектебі өкілдері Б. сезімін адамның таза психологиялық күйзелісінің көрінісі дей отырып, оның объективтік мазмұнын жоққа шығарады. Марксистік этика Б.–тық сезімді таптық қоғам тұрғысынан қарастырып, оған таптық сипат берді, яғни әр таптың өз Б.–тық міндеттері болады.

Қазақ даласы өркениетінде Б. елдің, жұрттың, бүкіл әлеуметтің алдындағы азаматтық парызбен, жауапкершілікпен, адамгершілік мінезбен байланыстырылды. Мыс., оны “Е,е, қарағым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі – ел нәсібі, ел нәсібі – ер нәсібі… жер менікі емес, құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді. Еркін жайлап, қыстап шығыңдар” (Арыстан би), “Бәрінен жолдас–жорамен, ағайын–туысыңмен, ел–жұртыңмен сіз–біз десіп, сүрген өмірге не жетсін” (Бөлтірік шешен), “Ай мұсылман, жарандар, малыңнан зекет беріңіз, аз өмірдің ішінде, тату бол да тәтті бол” (Қабан би), “Жалғанды ойлап тұрсаң бірлік керек” (Төле би), “Елдің тұтастық бірлігі – жаныңнан, сағыныш қызуы – қаныңнан” (Шоған би) деген шешендік нақылдар әлеуметтік бірлік пен тұтастықты сақтау борышын атқару болып тұрған “елдің бірлігі, бидің білігі емес пе” (Бөлтірік) дейтін ішкі биік мәдениет соның дәлелі. Жеке адамның ішкі мәдениеті мен ішкі рухани болмыстық моральдық сапасына байланысты. Бұдан қандайда бір адамның азаматтық, кісілік, адамгершілік тұрғыдағы жетілу дәрежесі, оның өз парызы мен қарызы, міндетін терең түсіну деңгейі көрініс табады. Азаматтық Борышын өтеу ердің Отан, халық алдындағы парызын адалдықпен орындау азаматтың толысып, рухани жетілгендігінің, ерлік кемеліне келгендігінің белгісі. Оны “Ер жігіт өзі үшін туады, елі үшін өледі”, “Ел ауырын ер көтереді”, “Ер – елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы” (қазақ мақалы) дегендер мақұлдайды.



Азаматтық болмысын, кісілік қасиетін, пенделік міндетін, тұлғалық борышын мойындаған адам қоғамдағы әлеуметтік–азаматтық құқын пайдалана отырып, халық қойған талаптарды қадір тұтады, оны өз мүддесінен жоғары қояды, халық қажетін өтеуге қамқоршы болады, елдің қол жеткен табыстарын және Ел байлығын қорғайды, адамгершілікке абай болып, озбырлыққа, жәбірлеушілікке, қиянатқа қарсы шығады. Қоғам мүшелерінің өз парыз–міндеттерін орындап, Б–ын өтеп отыруынсыз оның өмір сүруі мүмкін емес. Әр адамның елі мен жұрты алдындағы Б–на адал болу әлеуметтік прогрестің алғы шарты. Халық даналығында бұл ежелден мәлім. Мыс., қазақтың “айтқан сөзі – құрған қақпандай” дейтін даналығынан Б. принципті, ал “Қара жерді жамандама, кіретұғын көріңді” (Майқы би) дегеннен туған табиғатты құрметтеу тұрғысындағы парыздық борыш туралы өсиетті аңғарамыз. Халық даналығы борыштылық деп әркімнің өзіне жүктелген тапсырманы абыроймен орындап шығуын айтады. Халық даналығында Б – азаматтың өзін белгілі бір елдің өкілімін деп түсінуі. Мұндай азаматта жауапкершілік жоғары әрі мықты болуы тиіс. Сырттай мойынсұнудан көрі, іштей түсіну, ішкі интенцияға айналдыру жоғары моральдық сапаның мәні зор. Б–сезінуші парыз, елжандылық, ұлтжандылық, ұяттылық, жігерлілік, ізгілік, қоғамдық пікір, ұжымдық пікір берік орын алады. Адамның азаматтық болмысы – Б–қа адал берілгендік – үлкен әлеуметтік күш, ар–ұждан жемісі, моральдық феномен. Мыс., атақты “Шаңды жорықта” жауға қарсы шыққан Үйсінбай мен Жанатай батырлар ел алдындағы өз Б–тарын найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен орындаса, ал қалмақ ханы Қоңтажыдан халық кегін қаз дауысты Қазыбек би өзінің өткір шешендік сөзімен қайтарады.
«Бөбек» қоры — қайырымдылық шараларын өткізумен және қоғамда балалардың құқығы мен заңды талаптарын қамтамасыз етумен айналысатын мемлекеттік емес ұйым. 1992 жылы Қор президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның ұйымдастыруымен «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры болып құрылды. Қызметінің басты бағыттары: ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу. Қор 1992 жылы Қазақстанда «Қуаныш пен Үміт үйі» аталатын тұңғыш халықаралық телемарафон өткізді, одан түскен қаржы «Б.» балаларды емдеу–сауықтыру орталығының (Алматы) құрылысына жұмсалды. 1993 жылы Қарағанды, Өскемен, Көкшетау қалаларында «Мейір күндерін» өткізді, 1994 жылы балалар мен олардың аналарын, отбасын сақтауға, әлеуметтік қорғансыздыққа қарсы күресуге жәрдемдесетін алғашқы мекеме — «Үміт үйін» ашты. 1994 жылы «Б.» қоры БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің мүшелігіне қабылданды. 1995 жылы Республикалық туберкулез институтының, Республикалық онкология институтының балаларға арналған бөлімдерін және «Б.» балаларды емдеу–сауықтыру орталығын жөндеуден өткізуге, оларды жарақтандыруға қажетті қаржы жинау мақсатында «Қазақстан бизнесі — ауру балаларға!» деген девизбен ірі қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Оған 100–ден астам ұйымдар мен фирмалар қатысып, нәтижесінде 2 млн. доллардан астам қаржы жиналды. Қор халықараралық қарым–қатынас шеңберін ұлғайтып, Арал экология апат аймағындағы аналар мен балаларға көмек көрсететін «Аспера» ауқымды бағдарламасының қабылданып, іске асуына ықпал етті. 1995 жылы «Б.» қоры президенті Пекинде өткен халықаралық әйелдер конференциясына, Париж қаласында ұйымдастырылған халықаралық балалар құқын қорғау форумына т.б. дүниежүзілік ірі кеңестерге қатысты. 1996 жылы қор — «Б.» балалар қоғамдық қоры болып қайта құрылды. Қордың ұйымдастыруымен Қазақстан тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай дарынды жеткіншектердің «Айналайын» бірінші халықаралық фестивалі өткізілді. ЮНИСЕФ–пен бірлесіп, «Алмағайып әлемдегі балалар жағдайы» деген тақырыпта бірінші рет халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Орталық Азия мемлекеттерінің парламент, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері қатысты. 1997 жылы Балаларды емдеу–сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. 1999 жылы ақпан айында «Б.» қоры — «Бөбек — Сара Алпысқызы қоғамдық қоры» болып қайта құрылды.

Қор Президенті Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы Қызылжар селосында дүниеге келді. 1962 жылы Н.Ә. Назарбаевқа тұрмысқа шықты, үш қызы, немерелері, шөберелері бар. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы ЖТОО аяқтады, экономист, ҚазМУ–дың құрметті профессоры (2000 ж.).



1992 жылғы ақпан айынан бастап — «Б.» республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті. Қор өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді шешу, балаларға адамгершілік–рухани білім мен тәрбие беруде қоғамға нақты көмек көрсетеді. «Б.» қоры республиканың барлық аймақтарында жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардың балаларына қолдау және көмек береді. Сара Алпысқызы 1994 жылғы шілде айынан бастап — «SOS — детские деревни Казахстана» қорының президенті («Киндердорф Интернациональ» Австрия қорының филиалы). 1999 жылғы наурыздан бастап — «Демография» қайырымдылық қоры қорғаншылық кеңесінің төрайымы.

Сара Алпысқызы Назарбаеваның жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау саласында талмай еңбек еткені үшін марапаттары: I дәрежедегі Достық Ордені (желтоқсан 2001 жыл); «Алтын жүрек» халықаралық сыйақысының лауреаты (мамыр 2006 жыл); Өзін–өзі тану философиясына және оқу мәдениетіне зор үлес қосқаны үшін — Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медаль (қараша 2003 жыл); БҰҰ–ЮНИСЕФ балалар қорының естелік медалі (желтоқсан 2007 жыл); Ихсан Дограмачи атындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысы; Жетім балалардың мәселелерін шешуде ерекше еңбегі үшін — «СОС–Киндердорф» халықаралық қорының Алтын медалі (1999 жыл); «Unity» халықаралық сыйақысы; дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысының, өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани қалыптасуы, қайырымдылық және денсаулықты сақтау саласында жемісті еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйақысының лауреаты; Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері; «Звезды содружества» мемлекетаралық сыйақының лауреаты (2010 жыл).
Әдебиет: “Қазақ Энциклопедиясы”, II–том.
БҰҚАРАЛЫҚ мәдениет (ағыл. mass culture – бұқаралық мәдениет) — ХХ ғасырда Батыс елдеріне тән мәдени тип. Б.м. ұғымында қазіргі өркениетті елдерді қамтыған төмендегідей құбылыстар көрініс тапты: ақсүйектік (элитарлық) мәдениеттен оның бұқаралық бітіміне ауысу, бұқаралық ақпарат бұлақтарының жан–жақты дамуы, мәдени өнімдерді тұтынудың индустриал.–нарықтық түрлерінің үстемдік етуі, адамның рухани өмірін стандарттау және оны жарнама арқылы реттеу, адамдардың көңіл–күйі мен бос уақытын нарықтық мақсаттарда қолдану т.б. Б.м. адам тіршілігіндегі жалғыздық пен көпшілдік, руханилық пен пендешілік, сезім мен парасат сияқты түбегейлі парадигмаларды шешуге бағытталған. Ондағы қойылып отырған тағы бір мәселе – ұйқы мен жұмыс арасындағы бос уақытты қалай өткізу туралы. Егер постиндустриалдыққа дейінгі қоғамда тек азын–аулақ ақсүйектердің қолы бос болса, қазіргі Б.м. бұл деңгейге халықтың көпшілігі жете алды және оны қызықты өткізуге мүмкіндіктер туды. Б.м. тағы бір ерекшелігі оның жазу мәдениетінен экрандық өркениетке өту заңдылықтарымен байланыстылығында. Интернет жүйесімен тұтастырылған Б.м. ұлттық мемлекеттік шектен шығып әмбебапты жалпыадамзаттық сипатқа ие бола бастады, мәдени сұхбатты бір стильге келтіру оның қарым–қатынастық мүмкіндіктерін арттырды. Алайда Б.м. ішкі қайшылықтарға толы және оны барлық ұлттық мәдениеттерге үлгі ретінде ұсыну дұрыс емес. Мәдени құндылықтарды конвейерлік тәсілмен өндіру олардың тұлғалық шығармашылық мазмұнын кемітіп, адамдық жатсынудың жаңа формаларын қалыптастырады. Тек пайданы көздеу, ұлттық дәстүрлі мәдениетке жат әсіре сексуалдылықты, зорлық–зомбылықты, нәсіпқұмарлықты, арсыздықты, руханисыздықты дәріптеуге әкеп соғады. Б.м. үлгілері қазақ халқының ұлттық құндылықтар сүзгісінен өтуі қажет.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
БІРЛІК –әлеуметтік бүтіннің құраушы элементтері арасындағы өзара қарым–қатынасты, өзара ықпалды байланысты талдауға негізделе отырып, қоғамдық өмірдің дамуының бүгіні мен ертеңін анықтауды көздейтін әлеуметтік философиялық категория. Б – қоғамның ішкі тұтастығы мен тұрақтылығын, оны құраушылардың өзара үйлесімділігі мен жарасымдылығын, қауымдық ынтымақтастық пен татулықты, әлеуметтік бүтіннің мықтылығы мен қуаттылығын анықтайтын және оларға негіз болатын тұғырнамалық мазмұн. Б. әлеуметтік мәселе ретінде ежелгі дәуірлерден бергі Шығыс пен Батыс философиясында әлеуметтік философия шеңберінде қарастырылып отырды. Ежелгі Үндідегі буддизм әлеуметтік Б. мәселесін “Нирвана” концепциясы шеңберінде қарастыра отырып, төзімділік, тазалық, тақуалық, адамдар арасындағы сүйіспеншілік, бауырмалдылық сияқты адамгершілік нормаларын Б–ті сақтау қағидалары ретінде қарастырады. Жайнизм философиясы Б. идеясын “арылу” концепциясы аясында қарастырып, тірі жанға қиянат жасамау (ахимса), ұрлық жасамау (астейя), шыншылдық (сатья) дейтін ұстанымдарға негізделе отырып, адамдарға дұрыс мінез бен ұстамды қимыл жасауды уағыздау арқылы көрсетті. Жайнизмнің Б. ілімі бойынша, жива (жан, рухани бастама) – адамдардың бірлесе бірлікте өмір сүруінің басты дәнекері болып табылды. Ньяя әлеуметтік философиясы Б. көзін адамның жеке менін жетілдіруден көрсе, Йога жүйесі сабыр (яма) концепциясына негіздей отырып, адамды психофизиологиялық тәрбиелеу тәсілдері арқылы қарастырады. Ежелгі Қытай философиясы шеңберінде әлеуметтік Б–ке негіз болған Даосизм заңы – халықтың әлеуметтік ынтымағы мен ауыз бірлігінің маңыздылығын адамның дао жолына түсуі арқылы көрсетті. Оның басты ұстанымы: адамның рухани тепе–теңдікке жетуі, өнегелікке бет бұруы, өзімшілдіктен арылуы, осылар арқылы қанағатшылдыққа, шүкіршілікке, кісілік мінезге шақыру, адамның ішкі қуат күшін тәртіпке келтіру. Даосизм әлеуметтік үйлесім мен әділеттілікті Б. тірегі ретінде қарастырды. Конфуций әділетті мемлекеттегі Б. үлгісін адамның адамгершілік образын жасау, яғни “ли” (қоғамдық өмірдің моральдық негіздері) және “жэнь” (мейірімділік, адамдармен қарым–қатынаста қажетті адамгершілік қасиеттердің жиынтығы) ережелерін құрастыру арқылы көрсетті. Легизм ілімі әлеумет Б–гін қатаң заңмен бекітсе, моизм Б. феноменін “Аспан – патшаға үлгі, адамның адамсүйгіштігі аспанға үлгі болуы керек” деген қағидаға негіздеді. Ежелгі Грекиядағы әлеуметтік философия аясында Б. мәселесін “жеті даналар” дүниетанымынан көре аламыз. Олар өздерінің қысқа айтылған нақыл сөздерінде әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік–саяси қарым–қатынаста өзара ымыраға келіп, саяси бірлікті сақтау қажеттілігі сияқты зиялы әрі рационалды саяси–этикалық тұжырымдар қалдырды. М., Хилон мен Солон мықты Заңды – бірлік тірегі ретінде қарастырды. Пифагоршылар заңға бағыну арқылы орнайтын “реттілік пен гармония” Б – кепілі деп таныса, Сократ әділ заңды Б. өлшемі ретінде мойындады. Платонның “ізгілікті мемлекет” концепциясы әлеуметтік Б. идеалы болып табылса, Аристотельдің “политиясының” мәні саяси–әлеуметтік Б. арқылы анықталды. Ежелгі Римдегі Б. туралы ойлар Лукреций Кардың мемлекет – адамдардың өзара келісім–бірлігінің нәтижесі дейтін тұжырымы арқылы, ал Цицеронның Б – адамдардың туа біткен табиғи қасиеті деген ұстанымы арқылы көрініс тапты.

Ортағасырдағы әлеуметтік Б. туралы көзқарастар негізінен діни философиялық ұстанымдарға сүйеніп құрылды. Батыстағы ортағасырлық әлеуметтік философияның өкілінің бірі – Аврелий Августин Шіркеу заңын әлеуметтік Б. кепілі ретінде мойындады, Фома Аквинский әлеуметтік–саяси Б–ті ақылға негізделетін адам еркінің моральдық жауапкершілігінің көрінісі деді. Мұсылмандық шығыстағы ортағасырлық ойшылдар, әсіресе, әл–Фараби әлеуметтік Б.–ке жету жолын “ізгілікті қала тұрғындары” концепциясы арқылы, айқындап яғни адамдар арасындағы Б. адамның әлеуметтік мәнінің қалыптасу мүмкіндігі деп көрсетсе, әл–Маари өз заманындағы тирандық үдерісті сынай отырып, халықты Б.–ке шақырды. Әл–Ғазали имамат теориясын жасай отырып, әлеуметтік Б. символы ретінде халифаттағы сұлтанат пен имаматтың өзара бірлігін көрсетті. Сұлтанатты мемлекеттің қуаттылығын, беріктігі мен бірлігін қамтамасыз етуші күш ретінде таныды. Осыған байланысты әл–Ғазали сұхбаттасу, достық коцептісін әлеуметтік Б–ті іске асыру механизмі, ал әділдікті Б. ұстанымы ретінде ұсынады. Ибн Рушд әлеумет Б–гін қамтамасыз етуде дана адамдардың азаматтарды тәрбиелеудегі рөлін жоғары қояды. Ибн Халдун қоғамның пайда болуын адамдардың бірігу қажеттілігінен туындағанын негіздей отырып, әлеуметтік Б–ті сақтауды – мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі қызметінің бірі ретінде көрсетеді.



Түркілік Б. философиясына зейін аударсақ, Орхон–Енисей жазбаларында Тоныкөктің (646–731 жж.) түркі қағанатының ішкі тұтастығын ел Б–не тиянақтағанын байқауға болады. Оған жазбадағы: “…Менің ақылгөй Тоныкөктің ой–пікірін тыңдады да айтты… Мен оған ақылдылық ағайын және даңқ ағайын ретінде бағындым” –деген жолдар кепіл. Күлтегін (684–731 жж.) де түрік қағанатындағы “інілі–ағалының дауласқанын, бекті халықтың жауласқанын” көріп күйзеліп, өзіне: “Біз не үшін күрестік? Мемлекетіміздің құрып бара жатқанын көру үшін бе?” –деп сұрақ қойып, түркі халқының бірлігін сақтап, тату–тәтті болып Б–те өмір сүруге шақырады. Білге қаған (шамамен 681–734 жж.): “Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым”, –дей келе, халықпен қарым–қатынас жасау әдісін өзгерткендігін айтады: “Сонша құрап, біріккен халықтарды от пен су етпедім, олармен тіл табысуға ұмтылдым. Әлемнің төрт бұрышындағы халықты бейбітшілікке шақырдым, жауластырмадым, олардың бәрі маған бағынды”. Бұл оның бірлік пен ел ынтымағы үшін күрескенінің дәлелі. Білге қағанның ұлы – Йоллығтегін бүкіл түркі халықтарының Б–ін армандап, Күлтегін ескерткіштерінде: “Үстіңнен тәңірі баспаса, астында жер айырылмаса, түркі халқының ел–жұртын кім құртады” –деп сөз қалдырған. Ортағасырдағы түркілік ойшыл Махмуд Қашқари: “Жанжал шықса, ағайын ақылдасар… Әр бір күнің өтер деді хақ Мұстапа, үмбет болсаң қауымдасып бірге жаса” –деп халықты қай кезде де ұйымшыл, бірлікте болуға үндеп: “Жердің бастырығы тау, елдің бастырығы бек” –деп ел татулығындағы бектердің рөлін анықтай түседі. Жүсіп Баласағұн адамдардың Б.–гі мен ынтымағын бақытты, құтты қоғам құрудың басты мақсаты деп танып, өз “Құтты білік” дастанында әлеумет Б–гі негізіне ізгілік, адамгершілік, әдептілік, салауаттылық сияқты моральдық құндылықтарды салды. Елді басқару ілімінің түркілік нұсқасын қалыптастыра отырып, ел басының негізгі қасиеті – әділеттілік деп белгілейді. Ел басқарған әкімдерді жамағат Б–гін бұзатын күншілдік, ашкөздік, қатыгездік, кекшілдік сияқты жағымсыз мінездерден сақтандырды. Ислам дінінде қоршаған ортада бірлік пен ынтымақ басты ұстаным, ал оларды сақтау әр адамның азаматтық парызы, міндеті және борышы деп есептелінеді. Сопылық философияның өкілі Қожа Ахмет Йассауи өзінің “Диуани хикмет” (Ақыл кітабы) атты поэмасында әлеумет Б–гін төрт – шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат – ұстанымдарына негіздеді. Ортағасырлық түркілік философия өкілі Сүлеймен Бақырғани да бұл тұста өзінің әлеумет Б–гі туралы ойларын адамның өзін–өзі тану арқылы болатынын және менмендік, сараңдық, қызғаншақтық, көрсеқызарлықтан арылған, ұрыс–керістен тазарған, рухани азаттыққа қол жеткізген адам ғана Б. тірегі дегенді уағыздайды. Ахмед Йүгінеки “Ақиқат сыйы” атты еңбегінде адамзаттың Б.–гін уағыздап, оған жеткізетіндерді анықтап және нұқсан келтіретіндерден сақтандырған. Рухани жетілу – Б. тамыры, қоғамның рухани мазмұндылығының негізі ретінде мойындалған. Б–ті бұзатындар – нәпсі, жаман мінездер, жақсылық та, жамандық та тілден келеді деп есептеген. А. Йүгінеки: “Тегің асыл – деп біреулер мақтанар, мен айтатын тура жауап сақтанар. Бұл халықтың ата–анасы, тегі бір – арасында айырма жоқ сақтанар” –деп адамзаттың өзінше біртұтас әлем болатындығын жырлаған. Мұсылман үшін қоғамнан бөлініп, ел ішінде бүлік шығару үлкен күнәлардың бірінен саналады. Алла Тағала қоғамда бүлік шығарудың қаншалықты күнә екенін мына аятпен білдіреді: “Бүлік шығару (фитна) адам өлтіргеннен де бетер” (Бақара сүресі, 217–аят). Сондықтан өзі өмір сүріп отырған қоғамды қандайда бір бөлінушілікке, жікшілдікке, бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын істерге жол бермеу әр мұсылманның парызы болып саналады. Ол мына аятта бекітілген: “Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бір–біріңнен бөлінбеңдер” (Али Имран сүресі, 103–аят). Мұсылманның айғағы Құран хадис болғандықтан, Әз Пайғарымыздың хадисінде: “Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан (қауымнан, көпшіліктен) бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады” (Муслим Имара –54) –деп келтіреді. Әлеуметтік бірлікті сақтау арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға бағытталған заңдар мен ережелер, қағидалардың болуын ислам мойындаған және оларға бағыну мұсылманға міндет етілген. Мыс., Құран Кәрімде: “Ей иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарына және сіздерден шыққан әмір иелеріне бой ұсыныңдар” (Ниса сүресі, 59–аят) –көрсетілсе, Пайғамбардың хадистерінде: “Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады, кім әміршіге итағат етсе, маған тиағат еткені, кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені. Мұсылман адамның ұнатпаған нәрсесі болса да араларыңда әміршілеріңді тыңдау және оған итағат ету уәжіп (міндет). Егер күнә …істерді әмір ететін болса, мұндай жағдайда қарсы шығуға болады” (Муслим Имара, 32–33, 38) –деп айтылады.

Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік Б. философиясы аясында Н. Макиавелли мемлекеттегі тұрақтылық пен әлеумет бірлігін сақтауда басшының билікті игере алу қабілетіне үміт артады. Т. Мор өзінің “Утопиясында” әлеумет Б.–гі туралы идеясын ортақ қоғамдық меншік, адамгершілік концепциясына негіздеп жасады. Ж. Боден өзінің Б. туралы көзқарасын монархиялық билікті күшейтумен байланыстырады және әлеуметтік қауымдастық бірлігі негіздерін (заң, жанұя және т.б.) құрастырды. Т. Кампанелла ұжымдық тұтастықты әлеуметтік Б. тұтқасы ретінде қарастырды. Жаңа замандағы әлеуметтік философия бойынша, Т.Гоббс әлеумет тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз етуде монархиялық билікке үміт артса, Джон Локк өзінің “Басқару туралы екі трактат” деген еңбегінде әлеуметтік Б.–ті адамдардың мемлекетке бірігу мәжбүрлігінен болатындығын айта отырып, былай деп жазады: “…адамдардың мемлекетке бірігулері мен өздерін сол үкімет билігінің қол астына берулерінің ұлы да басты мақсаты – өз меншіктерін сақтап қалу болып табылады”. Француз ағартушысы Ш.Л. Монтескье “Заңдар рухы” атты еңбегінде тәрбие заңдары мен билік түрін сәйкестендіру арқылы Б.–ті зайырлы қауым адамдарының бекзаттық, шынайылық, әдепті, абыройлы мінездеріне негіздейді. Ж.–Ж. Руссо қоғамдық келісім теориясын жасай отырып, адамдардың бірігіп өмір сүруге мәжбүр болатындығын мойындайды. Ол әлеуметтік Б.–ті: “Біздің әрқайсысымыз жеке басымызды және барлық күшімізді ортақ игілікке және жалпы ерікті жоғары билеушіге береміз, оның нәтижесінде біздің бәріміз үшін әрбір мүше тұтастықтың бөлінбес бөлігіне айналады” –деген қоғамдық тұтастық идеясы арқылы көрсетеді.

Б. – қазақ халқының өмірлік әлеуметтік философиясындағы маңызды моральдық–аксиологиялық ұғымдардың бірі. Б. адам мен адам, адам мен әлеумет, әлеуметтік қабаттар мен топтар арасындағы өзара үйлесімді байланыстың үлгісі болатын ынтымақтастықтың, бауырмалдықтың, жарасымды татулықтың көрінісі, біртұтас ел болудың белгісі. Ол белгілі бір әлеуметтік топтың, әлеуметтік қабаттың, ұжымның, халықтың, жалпы адамзат баласының мақсат, мұрат, мүдделерінің тоғысынан туындайды. Қазақ даналығы Б.–тің әлеумет тіршілігіндегі орны мен маңызын “жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі алады”, “бірлігі жоқ ел тозады”, “айырылған азады”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлігі күшті ел озады, бірлікті ел бұзылмас”, “қосылған озады”, “ел бірлігі – ел теңдігі”, “бірлік түбі – береке” дейтін ұстанымдармен тұйықтаған. Б.–ті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, ішітарлық, көреалмаушылық, араздық, алауыздық деп тауып, жамағатты мұндай жағымсыз мінездерден бойын алыс ұстауға шақырды. Б. бүтін елдіктің, ұлт болып ұйысудың, жұдырықтай жұмыр жұрт болудың басты кепілі саналған. Сондықтан елдің билік тізгінін ұстаған азаматтары – ақсақалдар, билер, батырлар, хандар мен данагөй–шешендер ел ішіндегі өрбіген дау–дамайларды, ушыққан жанжалды тоқтау айтып басып, шешім қабылдап тиым салған, ел бірлігіне сызат түспеуін жіті қадағалап отырған. Қазақ қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы әлеуметтік Б.–ті би–шешендер, ең алдымен, бір типті көшпелі өмір салтпен, біртекті шаруашылық түрімен, ортақ дала кеңістігімен, сонан соң қазақ дейтін ұлы атаумен, мұсылмандыққа тән ұстанымдармен түсіндірді, осының бәрі қазақ қауымы үшін рухани Б. болмысын қалыптастырды. Б.–ке рухани тірек – “адамның күні адаммен” дейтін ұстаным болды.. Қазақтың дәстүрлі бірлік философиясында әрбір субъект әлеуметті біріктіруші қызметін атқару мәртебесіне ие болып, әлеумет тоғыстырушы тұлғаға айналады. Олардың әрқайсысы өзімен қатынасқа түсуші субъектілерді үнемі өзіне теліп, өзіне қатысты етілген жағдайда топтастырды. Осы орайда “Жақынның бәрін жатсынған, туысқан қайдан табады” (Майқы би), “Іздеп келер інің бар болса, бақытың барын сонда біл. Аңсап келер ағаң бар болса, ардағың барын сонда біл” (Төле би), “…Үлкен сөзін тыңдау ізет, үндемеу парыз, кішінің жолы” (Айтуар би), “Ағасы ұрар болар, інісі көтерер болар… Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі деген…” (Бөлтірік шешен), – деген сөздердің әлеуметтік Б. тұрғысындағы маңызы зор.


ГАРМОНИЯ, үйлесімділік (грек. harmonіa – сәйкестік, келісім, үндестік) — белгілі бір тұтастықтың бөліктері мен элементтерінің бірегейлігі, бірге әрекет етуі, өзара үндестігі. Адамдық сезім және мағыналықпен толықтырылған үйлесімділікті әсемдік деп атайды. Г. хаос, ретсіздік, жүйесіздік ұғымдарына қарсы бағытталған. Жалпы тіршілік пен адамзаттың қалыптасуын хаостан Г–ға өту деп бағалауға болады. Антикалық мәдениетте Г. әлемдік әмбебапты дүние құрастырушы принцип түрінде қабылданады. Натурфилософтар макроғарыш пен микроғарыштың (адамдық әлемнің) үйлесімдігін басты ұстанымға айналдырған. Платон бойынша, үйлесімділік ізгілік пен әсемдіктің негізгі белгісі болып табылады. Гераклит үйлесімділік арқылы қарама–қарсылықтар бірігеді деген. Жалпы антикалық мәдениетте адам мен полис, тән мен жан, адам мен табиғат арасындағы Г–ны жоғары бағалау тән. Қайта өркендеу мәдениетінде Г. гуманизм аясында қарастырылды. Лейбниц бүкіл әлемге тән үйлесімділік туралы жазды. Қазіргі мәдениеттануда Г. принципі жалпы адамдық мәдениетті бейнелеуде кең қолданыс тауып отыр.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
ГЕНЕАЛОГИЯ – туысқандық қатынастарға негізделген, шыққан арғы тектен бастау алатын ұрпақтар сабақтастығын білдіретін ұғым. Г. жай хронология немесе ата–бабалар аттарының жалаң тізімі емес, ол нақтылы адамдардың тек өзінің жақын тегін біліп қана қоймай, сонымен бірге бүкіл этноспен табиғи байланысын және рухани тұтастығын сезінуге бағытталған. Г. тек адамдардың туысқандық–тектік бірлестіктерін ғана сипаттамайды. Мыс., тілдік байланыстарда “Г. ағашы” тәсілі қолданылып, тілдік шоғыр, топ, бөліктер айқындала алады. Айталық, қазақ тілі Алтай тіл шоғырындағы түрік тобы, қыпшақ бірлестігіне жатады. Г. принципі қазақтың дәстүрлі мәдениетінде кең қолданыс тапқан. Жеті аталық үрдіске негізделген туысқандық қатынастар бүкіл этносты біріктірген (“қарға тамырлы қазақ”). Қазақ мәдениетіндегі Г–лық принцип әрбір адамды қауыммен тұтастырып тұрған әлеуметтік тетік қызметін атқарған. Г–ның қазақ өміріндегі нақтылы көрінісіне шежірешілдік жатады. Шежіре, әдетте, “Г. ағашы” принципі бойынша құрылып, онда бүкіл этностың арғы тектері анықталған. Орталық Азия халықтарының ең белгілі шежірелеріне жататындары: “Түрік шежіресі”, “Моңғолдың құпия шежіресі”, “Әбілғазы–Баһадүр–ханның шежіресі”, Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресі”, Ш. Құдайбердіұлыны” “Түрік, қырғыз–қазақ һәм хандар шежіресі” және т.б. Ислам діні қуат алғаннан кейінгі қазақ арасындағы шежірелерде арғы текті Адам атадан бастау да дәстүрге айналды. Сонымен қоса қазақ мәдениетінде субъмәдениеттерге қатысты Г–лық құрылымдар да кездеседі: Үш жүздің шежіресі, қожаның шежіресі, төренің шежіресі, төлеңгіттің шежіресі, сунақтың шежіресі, ноғайдың шежіресі т. б.
ГЕНОЦИД (грек.genos тек, қауым, лат. Caedo өлтіремін) — нәсілдік немесе этностық басымдылық пен жеккөрушілікті желеу етіп, адамдық бірлестіктерді жою әрекеттері. Нәсілдік Г. адамзат тарихында ақ нәсілдің айрықшалығы және үстемдігіне негізделген ұстанымдарды басшылыққа алып, Американың байырғы тұрғындары үндістердің бірталай бөліктерін құртып жіберу әрекеттерінде, негрлерді құлдыққа сатып, оларды туған жерлерінен аластату қимылдарында, Гитлердің “арийлік нәсілдің” үстемдігін орнату мақсатындағы еврейлерді қудалауында т.б. көрініс тапты. Г–тің негізі – этностарды “адамдар” және “адамсымақтардан” құралған деген принцип бойынша алалау. Этникалық Г–тің мысалдарына қазіргі заманда да кездесетін әртүрлі “этникалық тазартулар” мен ұлтаралық соғыстар жатады. Г. этникалық емес негізде де жүзеге асуы мүмкін. Мыс., Камбоджадағы пол–потшылардың халықты өлтіру зұлымдықтары. Қазақ халқы да өз тарихында бірнеше Г–тік зұлымдықтарды басынан өткізді (18 ғ., 20ғ–дың 30 ж–нда). Г. қазіргі әлем мәдениетіндегі басты құндылықтардың бірі болып есептелетін күш көрсетпеу принципі бойынша қатты айыпталады.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ГИПЕРМӘТІН (грек. hyper – жоғары, ар жағында) — мәтіндер иерархиясында, жүйеге айналған, сонымен қоса мәтіндердің көптігін білдіретін арнаулы құрылым. Г–нің қарапайым мысалына сөздіктер мен энциклопедиялар жатады: ондағы әрбір мақала осы сөздіктегі басқа мақалаларға сілтеме береді. Осындай мәтінді әр түрлі оқуға болады: Г–дік сілтемелерді ескермей, қажетіне қарай, бір мақаладан екіншісіне; сілтемелерді ескере отырып, мақалаларды басынан аяғына дейін; немесе, бір сілтемеден келесісіне ауысып, Г–дік саяхат жасау кездеседі. В. Рудневтің “Қазіргі мәдениет сөздігі осы үшінші тәсілмен құрастырылған. Айталық Г. мақаласын оқу үшін гипершындық, виртуалдық шындық, сананың өзгерілген түрлері сияқты мақалаларымен міндетті түрде танысу қажет. Г. әдетте, тізбектік сипатта болады және ол түзу сызықты емес ой лабиринтіне ұқсас. Оған бір енгеннен кейін, қайта шығу қиындық туғызады.

Мыс., “Көк шалғынды кесуші” фильмінде кейіпкер компьютерлік виртуалды шындықтармен танысқан соң, парасаты мен денесі күшейіп, әлемдік билікке ұмтыла бастады, бірақ компьютерлік Г–ге түскеннен кейін одан шыға аламай қалды, өйткені, ол өз паңдығының қақпанына түсті. Мыс., Адам белгілі бір Г–ді қабылдайды: нақтылы бір тілдік ойындарды, қарым–қатынас шеңберін, ойлау тәсілдерін, әдеттегі кітаптарды т.б. Енді ол осы өзін жалықтырған дүниеден кетейін десе, оны қалыптасқан Г. ережелері ұстап тұрады. Олардан шығу үшін үлкен ырық қажет. Бірақ, ол адамды ырықсыз билей алады. Г. адаммен ойын ойнағандай болады.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
ГИПЕРШЫНДЫҚ —гипермәтін және виртуалды шындық ұғымдарына жақын, француз философы Жан Бодрийар ұсынған ұғым. Г–ты түсіну үшін шындықты мәтінмен қоса алу керек те, мәтінді гипермәтін ретінде қабылдау қажет, сонда Г. түсінігі шығады. Бодрийар пайымдауынша біз осы Г–та өмір сүріп тұрмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары, толассыз ақпарат ағын адам санасын мүлдем билеп алған. Адам дауыл кезіндегідей кеменің үстінде бір шетінен екіншісіне домалай береді. Мыс., 1991 ж. Ирак пен АҚШ–тың арасындағы соғыс шындық мағынасында болған жоқ. Бұл компьютерлер дисплейімен видеопроекторлар экранына “отырғызылған” гипермәтіндік соғыс болды. Бұл ешқандай мистика емес, ол Г. метафизикасы, ояу түс. Тіпті, компьютерлік көркем әдебиет және оның, тым болмаса, бір классигі белгілі. Оның фамилиясы да – Джойс, бірақ есімі Джеймс емес – Майкл және ол “Улиссті” емес, компьютерлік роман “Тал түсті” жазды. Бұл романды тек компьютер дисплейінде ғана дәл оқуға болады. Ол Г. түрінде құрастырылған. Клавиштерді басу арқылы оны соңынан басына дейін де, эпизодтарын ауыстырып та оқи беруге болады. Г–та уақыт пен кеңістік жасанды болып шығады: кеңістік – прагматикалық, ал уақыт болса – сериалды. Мыс., Г–та қазіргі оқиғаны суреттей келе, тарихтың терең қойнауларына кетіп қалуға болады, одан болашаққа жету үшін бір кнопка жеткілікті. Г. – адамдық мәдениеттің ерекше бір тілдік бітіміне жатады.
ГОБЕЛЕН – қолмен тоқылатын суретті, түксіз кілем. Тар мағынада Парижде 1662 ж. құрылып, бояушы Гобелендер есімімен аталған мануфактура өнімдерінің жалпылама атауы. Кейін дербес суретшілік өнер түріне айналған Г–нін бөліктері түрлі түске боялған жібек не жүн жіптерден тоқылып, бір–бірімен тігіліп біріктіріледі. Г. дербес суретшілік өнер туындысы ретінде алғаш Франция, Италия, Испания, Германия елдерінде дамып, кейін Ресей, Балтық бойына, Кавказға кең тараған. Қазақстан бейнелеу өнерінде Г. тоқу 20 ғ–дың 70–жылдарынан бастап күрт өркендеді. Оның дамуына үлес қосқан суретшілер: Қ.Тыныбеков, И.Ярема, Б.Зәуірбекова, Ә.Бапанов, С.Бапанова, Л.А. Анисимов, К.Жұбаниязова, Е.П. Николаева, Б.Өтепов, Ш.Қожаханов, т.б. 80–жылдардан бастап Г. қоғамдык орындарды безендіруге кеңінен қолданылды. Алматыдагы "Қазақстан" мейманханасының салтанат залын әсемдеуге арналған "Қазақстан" Г–і үшін (ауд. 100 м2) суретшілер Ярема, Зәуірбекова және Тыныбековке (қайтыс болғаннан соң) 1980 ж. Қазақстан Мемл. сыйл. берілді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ГРАФИКА (грек. gгарһіке, gгарһо – жазамын) – бейнелеу өнерінің бір жанры. Г–да сызықтар, штрихтар, ашық және қара (қоңыр) дақтардың арақатынасы шешуші рөль атқарады. Сондай–ақ, заттардың ең негізгі белгілері таңдап алынады. Г–ға гравюраның барлық түрлері (литография, линогравюра, ксилография), плакаттық, сатиралық сурет түрлері жатады. Бейне қарындашпен, көмірмен, бормен, қаламұшпен тікелей қағазға түсіріледі немесе арнайы өңделген тақталарға (гравюра) немесе таска (литография) бедерленіп, қағазға содан басылады, кейде баспалық–мех. әдіс арқылы көбейтіледі. Бейнелеу кұралдарының карапайымдылығымен әрі көп таралыммен басып шығаруға ыңғайлылығымен Г. бұқаралық байланыс, ақпарат саласында (плакаттар, пошта маркалары, экслибристер, газет–журналдар), кітаптарды, әдеби шығармаларды безендіру үшін, әр түрлі тақырыпқа карикатура, шарж, жалпы нобай, композиц. эскиздер салу үшін, т.б. заттарды көркемдеуде кеңінен қолданылады. Г–да акварель, гуашь, пастель пайдаланылады. Қазақстандык Г–лық суреттердің ежелгі (палеолит дәуірі) үлгілеріне Балқаш, Түркістан, Маңғыстау, т.б. жерлерде жартастарға салынған суреттер жатады. Қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнеріндегі Г. 1930–50 жж. аралығында қалыптасты. Ә.Қастеев ("Қазақстан", пейзаждар сериясы 1930–60), В.И. Антощенко–Оленев (І.Жансүгіровтің пор–треті, 1958), Е.А. Говорова ("Тау тасқыны", 1959); Қ.Қожықов ("Тал түс",1960); Е.М. Сидоркиннің автолитограф. сериялары ("Қазақтын ұлттық ойындары", 1963); М.Қисамединовтың "Махамбет" (1973), "Құрманғазы" сериялары, т.б. суретшілер шығарм. Қазақстан Г–сының дамуына елеулі үлес қосты.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ГУМАНДЫЛЫҚ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) — тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін жүзеге асыру құндылығын мойындау, адам игіліктерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. тармағында — орта ғасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам екендігін мойындаудан бастау алады. Г–тың теориялық тұжырымы ретінде И. Канттың мына ойын келтіруге болады: “Мен мынаны айтамын: адам және кез келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет”. Теориялық ілім ретінде Г–тың негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда, ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл–камили әл–инсаний) Ислам Ренессансының өкілдері (әл–Кинди, әл–Фараби, суфийлер, парсы–тәжік ақындары) жан–жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте Г. идеясы “басқаға деген махаббат” және “жақынға деген махаббат” түсініктері арқылы берілген. Егер біріншісінде адам өзін және жақындарын адамзатқа деген абстракты сүйіспеншілік үшін құрбандыққа шалуға тиіс болса, онда екіншісі нақтылы адамға бағытталған. Г. негізінде алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес, адамды қастерлеу идеясы жатыр.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005.
«ГҮЛДЕР» – республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі. 1969 ж. Қазақстанның халық артисі Гүлжихан Ғалиеваның ұйымдастыруымен құрылған. Қазір ансамбльді белгілі сазгер–әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы басқарады.

Ансамбль құрылған күннен бастап көрермендер жүрегінде ерекше орын алды. Ансамбльдің негізін эстрада–цирк студиясын бітірген жас талантты әншілер мен бишілер құрады. 1973 жылдың өзінен бастап–ақ ансамбльге Оңтүстік–Шығыс Азия елдерінде концерт беру ұсынылды. Бұл сол кездегі жас ансамбльге артылған зор міндет еді, әйтсе де коллектив бұл концерттерді үлкен абыроймен орындап қайтты. Әрі қарай Кубаның астанасы Гаванада өткен XI студент жастар фестивалінің лауреаты атағын алып келгеннен кейін ансамбльге нағыз танымалдық келіп жетті. Ансамбль қазақстандық көрермендер мен жастардың нағыз сүйіктісі мен мақтанышына айналды.

Ансамбль еліміздің эстрада жұлдыздарының барлығына дерлік, үлкен өмірге жолдама беретін өнер алаңы болды. Оның дәлелі — Гүлжан Талпақова, Сара Тыныштығұлова, Рамазан Елебаев, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Құдайберген Сұлтанбаев, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев, Асан Мақашев, Гүлнәр Сиқымбаева, Нағима Есқалиева, Бақтияр Тайлақбаев, Мақпал Жүнісова, Майра Нұркенова, Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова және тағы басқа көптеген өнер майталмандары осы ансамбльдің түлектері.

Бүгінгі күні ансамбльде «Г–дің» ірге тасы қаланғаннан бастап, қазақ әндерінің қаймағын бұзбай халыққа жеткізіп жүрген әнші, домбырашы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, Шәкизада, Жанна Орынбасарова, Жұбаныш Жексенұлы, Бейбіт Қорған, «Азия» тобы, дуэт «KZ» «Алтын–ай» таңғажайып шоу, домбырашы күйші Олжас Сүлейменов, сонымен қатар басқа да Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары атанған жас әншілер мен репертуарында әлем халықтарының 27 түрлі биі бар мың бұралған «Г.» бишілер тобы жұмыс істейді. Жетекші–балетмейстер ҚР мәдениет қайраткері — Раушан Бегжанова. Би труппасы Үндістан, Монғолия, Болгария, Қытай, Куба, Израиль, Германия, Жапония, Оңтүстік–Шығыс Азия, Түркия және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, халықтың зор ықыласына ие болды.

Ансамбль көптеген өкілеттік шараларда, Елбасылары кездесулерінде және үкіметаралық іс–жиындарда жиі өнер көрсетіп тұрады. Еліміздің мәдениетіне, өнеріне «Г.» ансамблі өзінің үлесін барынша қосып келе жатыр. Республикамыздың түкпір–түкпірінде және шет елдерде көрсетіп жатқан концерттерге көрермендер асыға жиналып, ансамбльді үлкен ықыласына бөлеуде.


жүктеу 2,41 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау