ӘДІЛДІК. Қазақтың дәстүрлі әдебіндегі биліктің басты сипаттамасы. Әділ билік ақын–жырауларда әрі мәдени, әрі әдептік, әрі құқықтық феномен ретінде суреттеледі. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдептік және құқықтық бастаулардың синкретизмі тек күнделікті қолданыста емес, сонымен бірге ғылыми әдебиетте оларды ажыратпай пайдалануға әкеледі. Бір мысал келтірейік. Әдеп және құқықтық реттеу тетіктерінің мызғымас бірлігі қазақтар арасында мәдени синкретизмге де негіз болады. Ол тек рулық–тайпалық қатынастармен шектелмей, сонымен бірге қоғамдық тұтастықтың элементтері болып табылатын әртүрлі әлеуметтік топтар мен жіктерді, қауым мен отбасыны, меншіктік, мұрагерлік қатынастарды, әлеуметтік бірлестіктердегі неше түрлі демографиялық топтарды (қариялар, балалар, әйелдер) қамтиды. Бұл жерде әлеуметтік бедел мәселесі, әлеуметтік қатынастардың не сұрықсыздығы, тұрлаусыздығы, не шиеленістілігі, жанжалдылығы, не келісімділігі, ынтымақтастығы жыраулар үшін алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, Бұқар жырау шығармаларындағы өзекті мәселелердің бірі – елдің бірлігі. Ол “бірлік болмай тірлік болмас”– деген қағиданы ұстанады, халықты бірауыздылыққа, ынтымаққа, елді қорғауға насихаттайды. Ру–руға бөлініп өзара қырқысу елді жақсылыққа алып келмейтіндігін, бір–бірімен тату тұруды, ру аралық қақтығыс халықты елдігінен айырып, ел тағдырын мүшкіл қалге алып келуі мүмкін деп елді бірлікке шақырып, елдің қорғанысын күшейту қажет деп, Абылай хандығын нығайту саясатын жүргізді.
Мынадай әлеуметтік ынтымақтастық құндылығы хандық дәуірінде қандай құқық–әдептік тетіктердің қуатымен жүзеге асты Бұл мәселенің өз астары бар. Өйткені қазаққа көршілес мұсылман елдерінде тұлғааралық қарым–қатынас шариғат заңдарымен реттеліп келеді. Қазақ хандығында көшпелі мәдениетке негізделген әдет құқығы өз күшін жоймады. “Қасым ханның қасқа жолының” негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған “яргу” заңынан алынған, қазақша жарғы (хақихат) деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ шешуден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап “қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери–демократия арнасына барып тіреледі.
Ә–тің нысаны – елдегі тыныштық. Бұл жөніде ақын–жыраулар шығармашылығында талай тиянақты ойлар айтылған. Қазақ арасында рулық қақтығыстар, ағайын арасындағы жанжал, екі адамның ұрыс–керісі бола қалған күнде қазақтың ағайындық береке деген ескі жосығы болған. Мұндайда қалыс ағайындар қарап тұрмайды, оларды берекеге шақырып, араға арашашы, дәнекер болады. Бірер шәугім шайын беріп немесе бірер малын сойып, оларды бір дастарханнан дәм татуға шақырады. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп білетін халқымыз мұндайда салт бойынша дәмге үйірілуі, ағайын берекесінен аспауы шарт етіледі.
Қазақта тәртіп адам еркіндігін шектеуге бағытталмаған. Қоғамдық тәртіп жайлы халықтың көзқарасының негізінде бейбіт өмірге деген құлшыныс, тыныш өмірді аңсау жатыр. Бір ғажабы, қоғамдық тәртіп заңмен, құқықтық нормалармен тікелей байланыстырылмайды. Тіптен, қоғамдық тәртіп туралы ойдың өзі әлі жеке–дара боп шықпаған еді. Ол ел ішінің тыныштығы, ағайын татулығы, ел жарастығы тәріздес ой–ағымдардың бір қабаты, ажырамас бөлігі түрінде өмір сүрді. Халықтың бірлігі, ынтымақтастығы, тату–тәттілігі – оның өз азаттығынан, еркіндігінен айырылып қалмауы үшін қойылар ең бірінші талап. Алауыздықтан бойын аулақ сала білген ел ғана еркін өмірге лайық, әйтпесе құлдық пен күңдікке душар болу қауіпі әрқашан дайын.
Сонымен, хандық дәуірінде кісілік ынтымақтастықтың ерекше тәртібі болғандығы күмән келтірмейді. Әрине, оны Ф. Хайек тұжырымдаған батыстық өркениетке тән “адамдық ынтымақтастықтың кеңейтілген тәртібі” деп теңестіру дұрыс болмас. Әр этномәдениетке өзіне тән адам мен әлеумет арасындағы үйлесімділікті нығайту тетіктері болған. Бұл жерде белгілі социолог Э. Дюркгеймнің “органикалық ынтымақтастық” ілімін еске алуға болады. Осындай ынтымақтастыққа әр кісі жеке–дара әрекеттеніп (клетка сияқты) өз мүдделерін көздегенімен, жалпы осы әрекеттердің түпкі бағыты тұтастықты жетілдіруге, икемді етуге және сақтап қалуға арналған. Әрине, көшпелілік органикалық тұтастықта сегментарлық, рулық, кландық мүдделер үстемдік етеді. Хандық дәуіріндегі осындай ынтымақтастық тәртібін зерттеушілер “әскери демократия” деп атайды. Бұл еркіндік рухының қазіргі тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан үшін де ғибараты мол. Еңбекке, жаугершілікке деген ұмтылыс көшпенді қазақтар арасында батырлықтың дүниетанымдық, аксиологиялық, эстетикалық ұғымын сараптап шығарды. Құба далада, шетсіз–шексіз жерінде, табиғат аясында күнелтіп, өзінің батырлығына сүйенген, өзін аман сақтап қалатын әскери әдісіне көшпелінің дүниетанымының тарихи қызметі де осында. Сондай тарихи кезең мен тарихи тұлғалар халқымыздың қазіргідей жері, территориясы, егеменді мемлекетінің негізін салды. Көшпелілер айыптыны тар қапаста ұстамаған, түрме болмаған.
Олар көптеген қылмыс жазасын қатігездік емес, керісінше, ру аясындағы мәмлеге келумен шешілген. Қылмыстар, айыпты мен жәбірленушіні татуластырып табыстыру, достастыру, құдандалар ету,бір–бірінен бала асырап алу секілді ізгі шешім табатын. Кішігірім өкпе–араз, жанжал–ұрыс аяққа жығылу, ат мінгізіп шапан жабу, бас иіп тағзым ету, иіліп ас ұсыну секілді әдетке баулу, бірлікке, достыққа келтіру, кеңдік пен біліктілік таныту арқылу шешімін тауып, қоғамда Ә. орныққан.
Қазақы дүниетанымда әдептік, құқықтық және діни құндылықтардың синкретизмі қырынан қарағанда мынадай тұжырымға келуге болады: дәстүрлі қазақ қоғамында Әділеттілік пен еркіндік имандылық талаптары аясында тоғысқан.
ӘЗІЛ – адамның өзінің айналасындағы адамдары күлкіге шақыру арқылы ұялтуға сөзге тоқтатуға, астарлы, ұрымтал ой айтуға бағытталған әрекеті. Кең мағынада Ә. – екінші адамның күлкілі эмоциясын шақыруға қабілетті кез–келген өмірлік құбылыстар, жағдайлар, сондай–ақ, кез–келген ойлар, фантазиялар, идеялар және т.б. Сонымен бірге, Ә.–ді бір қыры адамның екінші адамды ұялту, сынау, сыр тарту, сөзге тоқтату үшін айтылатын ұрымтал да астарлы көңілді де күлкілі пікірін білдіреді. Яғни болмысқа, құбылысқа, нақты оқиғаға қатысты көзқарасты білдірудің, баға берудің бір түрі. Алайда, Ә.–де адамның кейбір қасиеттерін сынап–мінеу, іліп–шалу, тәлкек ету пиғылы жатса, артында зілі болады. Жүрекке ауыр тимейтін етіліп, қалжыңға сүйеп айтылған шеберлікпен қажет етеді. Сондықтан мұны “әзіл–оспақ”, “әзіл–қалжың” деп қосарлап айтады. М., Қайқаус: “Әзіл–сықақ айту айып емес, оны аңлап айтқаның абзал. Әзіл айту керек, бірақ әзілің зілді болмасын” (Қабуснама) деп ескертеді. Демек әзіл адамның намысына тимегені дұрыс, олай болмаған жағдайда ол жамандықтың бастамасы болуы мүмкін. Сондықтан Ә. алды – әдепті сөз болуы шарт. Мазақ, бұралқы сөзбен кісіге әзіл айтудан аулақ болу керек. Ащы Ә.–дерде сатираның уыты, ал көңілге қаяу түсірмейтін Ә.–дерде юмордың белгілері болады. Олай болса, Ә. – тапқырлықтың, юморлық сезімнің жемісі бола алады. Алайда әзіл–оспақ, әзіл–қалжыңды сатира, юморға жатқызуға болмайды, себебі, біріншіден, сатира, юмор өмірлік болмыс құбылыстарын ұзақ уақыт байқап–көрудің, зерттеп–білудің, ақыл–ой, дүниетаным елегінен өткізудің нәтижесінде туады. Екіншіден, сатира, юмор белгілі бір дүниетанымның, саяси–әлеуметтік көзқарастың көрінісі ретінде ресми шығарма түрінде жалпы жұртқа жария етілу үшін жазылады. Ал әзіл–қалжың түріндегі шымшыма сөз кез келген жерде – отбасы, ошақ қасында, той–томалақ, әртүрлі отырыстарда айтылады. Онда ресми сипат, кең танымалдық болмайды. Қазақ даласында осындай әзіл–қалжың көп айтылған. Мыс., Абай Қоңыркөкше болысы болып тұрған кезде, оның үйіне Байкөкше ақын келеді. Ол есіктен ене бергенде Абай оны: “Тақыр жерге қауылдап шөп бітеді, Қай адамға мал мен бақ көп бітеді” деп іледі. Сонда Байкөкше: “Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң, Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді” деп әзілге әзілмен жауап қайтарады. Ә.–қалжың сатира, юмор сияқты ескінің әлеуметтік қалдықтарына, қоғамның ілгері дамуына кедергі болатын зиянды пиғылдырға қарсы бағытталмайды, айтысып, қағысып отырған жеке адамдарға ғана тиістіріліп, тек соны сөзден тосу ниетімен айтылады. Сатира, юмор қоғам мүшесінің барлығына бірдей бағыттала береді, ал әзіл–оспақ дәстүрлі сөз қағыстыру реті бар адамдар арасында ғана, яғни құрбы мен құрдас, жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, құда мен құдаша арасында айтылады. Халқымыз “Әзілің жарасса атаңмен ойна” деп Ә.–ді кек тұтпай, қолдап отырған. Бірақ Ә. сөздің басты шарты – құрмет, кішіпейілділік, кіршіксіз ақкөңілділік болып есептелген. Әдептен атталып айтылған Ә. сөз қадірсіз болады да ол өзіңе қайтып оралады, зор ұятқа қалдырады деген ұстанымға сүйенген.
ӘЛЕУМЕТТЕНУ – адамның әлеуметтік ортаға енуін, орнығып дағдылануын, қоғамдық өмірге, ұжым, мекеме өміріне араласуын, ондағы мінез нормалары мен ұстанымдарды қабылдап, дағдылану, өзін сол ортада орнықтыру және белгілі бір әлеуметтік рөлді атқару үдерісін белгілейтің жалпығылыми, әлеуметтік философиялық, социологиялық термин. “Әлеуметтену” ұғымы мағынасы жағынан “тәрбие” ұғымына жақын келеді, бірақ тәрбие, ең алдымен, мақсатты бағытталған іс–әрекетті білдіреді, ол арқылы адамға белгілі бір қалаулы түрде ұсынылатын ерекшеліктер мен қасиеттер орнықтырылады, ал Ә. үдерісінде тәрбиемен, оқытумен қатар күтпеген, аяқасты болатын жағдайлар да оның сол ортаға дағдылануына ықпал жасап отырады әрі сол арқылы ұжымның, мекеменің, қоғамның мәдениетіне араласады және тең құқылы, толық мүшесі бола алады. Ә. ұғымының мәні мен мазмұны тарихи тұрғыда өзгеріп отырды. ХІХ ғ. әлеуметтік философия адамзаты табиғатына агрессиялық және өзімшіл сипат беріп, Ә. құбылысы жоғарғыларды қайта түрлендіру, олардан арылту процесі ретінде және әлеуметтік бағдар беру әрекеттері ретінде түсіндірілді. Кейінірек, әсіресе, К.Маркстен кейін, адам әуел бастан қоғамдық–әлеуметтік жаратылыс болатыны мойындалған кезде Ә. біршама нақтылы сипат ала бастады. ХХ ғ. социолог–функционолистері (Т.Парсонс, Р.Мертон) бұл ұғым табиғатынан индивид пен қоғам арасындағы қандайда бір күрестен көрі индивидтің әлеуметтік жүйе талаптарын ондағы қабылданған ережелерді, құндылықтарды және рөлдерді игеру арқылы өз бойына біртіндеп сіңіру, қабылдау процесін көреді. Алайда, индивид бұл ретте әлеуметтік үдеріс субъектісінен көрі оның объекті сияқты көрінеді. Символикалық интеракционизм (Д.Г.Мид, И.Гофман) тұлғааралық өзара ықпалды орталық мәселе ретінде қояды, себебі мұнда индивид басқаның қалауын немесе ол үшін басқа болып есептелетін нақты әлеуметтік ортаның, қоғамның қалауын тек қабылдап қана қоймайды, сонымен бірге, соған қарай өзінің ішкі субъективтік интенциясын жинақтайды, әрі бағыттайды. Бүгінгі Ә. үдерісі үшін қауіпті нәрсе интернет болуы мүмкін, бірақ Ә. мазмұнының күрделенуі табиғи процесс.
ӘН–БИ АНСАМБЛІ музыкалык және хореографиялық өнердің бірнеше түрінен құралған ұжым. Ол, негізінен, вокалдық–орындаушылық (хор, ансамбль, соло), аспаптык музыка (оркестр немесе халық аспап–тар ансамблі, фортепьяно, т.б.), жеке және көпшілік билері, көркем сөз оқу (тақпақ пен диалогтар) сияқты орындаушылар тобын қамтиды. Ансамбль бағдарламасы ән–би, муз.сурет аспаптық шығармасы мен әдеби жанрдан құралады. Ә.–б. а–нің өз алдына жеке көркем ұжым түрінде туып қалыптасуы мен өсіп дамуына 1928 ж. ұйымдастырылған Қызыл Тулы Кеңес Армиясы Ә.–б. а. тікелей әсер етті. Осы ұжымның ізімен соғыс–теңіз флоты, әскери округтер, т.б. және су көлігі, кәсіподақ, мектеп, сондай–ақ, одақтас, автоном. республикаларда КСРО халықтарының ән–би шығарм–ғын насихаттайтын көптеген ансамбльдер (мыс, КСРО халықтарының Ә.– б. а., Грузия халықтарының Ә.–б. а., "Гүлдер" ан–самблі, Қазақ Ә. 6. а., Өзбекстанның "Бахор", Ә.– б. а., Татарстанның Ә,–б. а. және т.б.) құрылды. Көпшілік әні, осы заман композиторларының хор композициялары, халықтың ән–билері мен өлең–тақпақтары Ә.– б. а–нің негізгі қоры болды. Осындай түрлі жанрлық туындыларының өзара тоғысуы арқылы Ә.–б. а–нің жүйелі композициясы құралады. Кезінде Қазақстанда жоғары пед. оқу орындары жанынан (Алматы, Атырау, Семей, т.б.) және көркем–өнерпаздар үйірмелері негізінде қүрылған "Сыр сұлуы" (Қызылор–да), "Айгөлек" (Шығ. Қазакстан обл.), т.б. ансамбльдер жұмыс іс–теді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
Әнұран, Гимн — еліміздегі азаматтарды этномәдени біртұтастыққа үндейтін және әлеуметтік–саяси бірігуге жетелейтін, өз ұлтыңа деген тиесіліктен туындайтын туған еліңе деген отаншылдық сезімді оятатын сазды дыбыстық рәміз. «Гимн» терминінің өзі гректің «gimneo» сөзінен алғанда «салтанатты ән» дегенді білдіреді.
Кез–келген халықтың өзіне тән этномузыкалық шығармалары бар, ал тарихтың белгілі бір уақытында әр халықтың гимні болған. Осындай ән қазақ халқында да бар. Ол Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының тартқан ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім–ай» әні, халық әніне айналып кеткен оны ХVІІІ ғасырдың атақты батыры, ақын–сазгер Қожаберген жырау Толыбайұлы жазған. Қазақстан Ресей империясының құрамында болған кезде қазақтардың бірыңғай Ә. болмады. Қазақтарды отаршылдарға қарсы ұлт–азаттық күресе рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жекелеген әндері ғана болды. Ал Кеңестер Одағының құрамында болған кезде, оны құраған он бес республиканың ішінде Қазақстанның да өз Ә. болды. Оның алғашқы ноталары КСРО Ә–ның бастапқы ноталарымен бірдей болып келетін.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көпғасырлық арманы — азаттық пен егеменділікті бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады. Соған байланысты 1992 жылы Республика Ә.–ның мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт атақты ақын: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаевалар жеңіске жетті. Қазақстан әнұранының әнін алғаш жазған авторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.
2006 жылы жаңа Мемлекеттік Ә. қабылданды. Жаңа Ә–ның негізін өткен ғасырдың екінші жартысының елуінші жылдарындағы бақытты өмірді жырлаған, халыққа танымал патриоттық ән — «Менің Қазақстаным» құрады. Бұл ән — жалынды жастықтың әнұраны, халық жанының нағыз поэмасы болып танылған. 2006 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік нышандар туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілді. Еліміздің жаңа Ә. болып атақты ән — «Менің Қазақстаным» («Мой Казахстан») бекітілді. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған ондаған жылдар халық арасында кеңінен таралған бұл әннің – ендігі Қазақстан әнұранының сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор — еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Парламент палаталарының депутаттары бірауыздан осы идеяны қолдады. Бұдан кейін жаңа Ә. 2006 жылғы 7 қаңтардағы "Конституциялық заң күшіне ие «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Елбасы қол қойған № 112–ІІІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының конституциялық заңмен бекітілді. 2006 жылдың 10 қаңтары — ресми жариялау күні — тарихқа еліміздің жаңа Ә. туған күні ретінде жазылып отыр. Бұл музыкалық–поэзиялық шығарманың алғашқы ресми орындалуы Астанада «Ақ Орда» Президент сарайында еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ресми инаугурациясы кезінде болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ә. авторлары туралы мәлімет. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті. Көптеген ғылыми және әдеби еңбектердің авторы: «Қазақстан экономикасы ақиқат және қалыптастыру мүмкіндіктері», «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Еуразия жүрегінде» және тағы басқа кітаптар. Халық арасында танымал «Менің елім», «Үш қоңыр», «Жерім менің» патриоттық әндердің сөзінің авторы. Еңбектері мен шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов — сазгер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Жастар одағы сыйлығының лауреаты. 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қапланбек зооветеринарлық техникумында, Ташкенттегі Хамза Ниязы атындағы музыкалық училищеде, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған. Оның шығармашылық қызметі 1950–жылдардан басталады. Халық арасында «Қазақ вальсінің королі» ретінде танымал композитор 300–ге жуық ән жазған. Солардың ішінде халық арасында танымал «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Ақ ерке — ақ Жайық», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қайдасың», «Цыған серенадасы» сияқты белгілі музыкалық шығармалар бар. Композитордың шығармалары «Әндер», «Бақыт құшағында», «Шәмшінің әндері», «Шәмші» атты жәке әндер жинақтарында шығарылған.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов — белгілі ақын, Жастар сыйлығының лауреаты. 1935 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияны халық аспаптары класы бойынша, Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын бітірген. «Жазушы» баспасында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылары одағында, Баспа қызметі жөніндегі мемлекеттік комитетте және «Мектеп» баспасында жұмыс істеген. Ж.Нәжімеденовтің «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Жарық пен жылу» барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды.
Әдебиет: Орысша–қазакша заңдык түсіндірме сөздік–анықтамалық. – Алматы: Жеті жарғы, 2008.
ӘНШІ – өз жанынан ән шығармайтын, бірақ халық композиторларының ән шығарм–ғын жұртшылық арасында кеңінен насихаттайтын кәсіби орындаушы. Мыс, Әміре Қашаубаев, Ғ.Айтбаев, Ж.Елебеков, т.б. Ә. деп композиторлардың вокалдық шығармаларын (ән–романстарын, балладаларын), опералық партияларды орындайтын кәсіби әнші–артистерді де (К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, Р.Абдуллин, Б.Досымжанов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Ә.Дінішев, Ғ.Құрманғалиев, т.б.) айтады. қ. Әншілік.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ӘНШІ АҚЫНДАР – ақындықпен қатар композиторлықты да, әншілікті де машықтаған өнерпаздар. Ә. а–дың шығарм. ерекшелігі: әннің мәтінін де, әуендерін де өздері шығарады және ол әндерді өздері айтып береді, муз. аспапты өздері тартып, өздері сүйемелдейді. Бірак бұл ерекшеліктердін бәрі бір дәрежеде бола бермейді, кейбір Ә. а–дың ақындығы басым болса, екінші біреулерінің композиторлығы немесе орындаушылық қабілеті асып жатады. Ә. а. тек ән шығарумен ғана тынбаған, кейбіреулері айтысқа да түскен, енді біреулері ойын–тойларда өлең–жыр айтқан. Ә. а. жанына бір топ өнерпаздарды ертіп, топтанып жүретін болған. Тұрақты театры жоқ кезде, көшпелі халык театрының рөлін атқарған. Ә. а–ға халық "сал", "сері" деген атақ беріп, құрмет көрсеткен. Қазір Ә. а–дың шығарм–ғы тұрақтанып, дәстүрге айналды, идея–мазмұн жағынан қалың бұқара мүддесін көксеп, халықтық сипат алады, ал көркем түр, стильдік жағынан дамып, толысып жетіле береді. Кейбір Ә. а. (Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал) жазба әдебиет саласында белгілі орын алады. Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Құлтума, Әсет, Сәтмағамбет, Иманжүсіп, Естай, Шашубай, т.б. бірнеше Ә. а–дың аты халыққа әйгілі.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ӘНШІЛІК, вокалдық өнер – музыканы әншінің дауыспен орындауы, музыкалық шығарманың образды идеялық мазмұнын әнші дауысының мәнер–күшімен жеткізу, ашу өнері. Ә. өнерінің жеке ансамбльдік және хор түрлері бар. Ә. өнерінің ансамбльдік түріне екі дауысты – дуэт, үш дауысты – трио, төрт дауысты – квартет, т.б. жатады. Ал көп дауысты хор – аспаптык сүйемелмен немесе сүйемелсіз – а' капелламен орындалады. Ә. өнері жанр, стиль жөнінен де дараланады. Ә. негізінен – опералық және камералық жанрларға бөлінеді. Опералык Ә. – вокалдық өнердің барлық түрін қамти отырып, театр ойын–сауық өнерімен, драм. әрекетпен тығыз астасып жатса, камералық әншілік – лирик. әндер мен романстарды орындайтын жеке әншілерді, шағын вокалдык ансамбльдерді қамтиды. Ә. өнері орындаушылық тәсілі (вокалдық стиль) тұрғысынан – әуенділік, декламациялық, колоратуралық стильдерге бөлінеді. Әуенділік стилінде кең тыныстылық, созымдылық, сазды, әуезді кантилена басым болса, декламациялық стиль муз. тақпақ, речитатив іспеттес сөйлеу тілімізге жақын келеді. Ал Ә. стилінің колоратуралық түрінде ән мелодиясы мәтінмен тікелей байланысын жоғалтып, өзінің сипаты жағынан муз. аспапта ойнау техникасына жақындайды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ӘСЕМДІК — материалдық және рухани дүниенің адамды ләззатқа бөлейтін сипаты, эстетикалық ұғым Ә. әдемілікпен тектес. Бірақ әдемілік объектілердің сыртқы және ішкі қырларын бірдей қамтыса, Ә. құбылыстардың сыртқы көзге түсетін және пішіндік ерекшеліктерін эстетикалық тұрғыдан қабылдауға жатады. Ә. ең алдымен, тепе–теңдік, тұтастық, үйлесімділік, ырғақтылық, мақсатқа сәйкестілік, түс пен жарықтың белгілі бір мөлшері т.б. табиғи өлшемдермен айқындалады. Ә–тің осындай табиғи өлшемдерін эстетикалық түйсінуде адамның сезім мүшелерімен қатар, оның ішкі түйсігі мен ақыл парасаты ерекше рөл атқарады. “Пішіннің сыртқы әсемдігі” (Гегель) оның ішкі мазмұнымен сәйкес келмеуі мүмкін. Жылтырағанның бәрі әдемі емес. Керісінше, сыртқы сұрықсыздық пен сиықсыздық тасасында жоғары жан сұлулығын кездестіру әдбен мүмкін. Ізгілік пен жылылықтан алыс Ә. кейпіне ежелгі қазақ аңыздарындағы Пері қызы, грек мифологиясындағы Нарцисс бейнелері жатады. Ә–ті рухани сұлулықтан алшақтатып жіберген дұрыс емес. Өмір мен өнерді Ә. рухани қуаныш пен ләззатқа бөлей отырып, қоғамда зор танымдық және тәрбиелік рөл атқарады. Адам дүниені Ә. үлгісінде қайта құруға ұмтылады. Адамның түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек. Шынайы Ә. адамның шығарм. дарыны мен қабілетін дамыта отырып нағыз әдемі және сұлу тұлға мұратына ұмтылуына жігерлендіреді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында Ә. өмір мұратына айналып, оған үлкен көңіл бөлінген. Мыс., қазақтар киелі әйел ананы өте әсем, сұлу және қайырымды, жарқын жүзді, күміс шашы аспанды жарқыратқан, күн сәулесі мен кемпірқосақ нұрына шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек немесе қыз ретінде таныған (Орынбеков М.).
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы: Раритет, 2007.
ӘУЛЕТ – (парс. ұрпақ) бір атадан тараған ұрпақтар. Дәстүрлі қазақ қоғамында қандас–туыстық байланысты айқындауда жеті ата ұстанымы негізге алынған. Туыстық байланыс жеті атаға дейін созылып, одан әрі будандалық байланысқа созылады. Әулеттер рулардың қалыптасуының қайнар көзі болды. Жеті атаға толған әрбір әулет руға айналып отырды. Ғылыми әдебиеттерде «әулет» ұғымы елдегі ең жоғарғы билік лауазымы мұрагерлік жолмен берілген замандардағы билеушілер шежіресін тарату үшін де болды. ХVІІІ–ХІХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азияның қоғамдық саяси өмірінде Әбілқайыр әулеті, Абылай әулеті ерекше рөл атқарды. Ресейде Романовтар әулеті, Францияда Бурбос әулеті, Қытайда Цинь әулеті т.б. жекелеген мемлекеттерде әулеттің билік жүргізуі жалғасуда.
ӘУЕСҚОЙ МУЗЫКА ӨНЕРІ – халықтың музыка саласындағы әуесқойлар шығармашылығы. Ол муз. шығармалар тудыру, жеке не бірлесіп өнер көрсететін әуесқойлардың вокалдык–хор, аспаптық муз. шығармалар орындауын қамтиды. XX ғ–дың бас кезіне дейінгі Қазақстанда Ә. м. ө., негізінен, бір дауысты ән айту, халық орындаушыларының аспаптық музыкасы түрінде болды. Әншілер мен күйшілер муз. сауаттары болмаса да халык шығарм–ғының алтын қорына енген бай муз. мәдени мұра қалдырды. Қазақстанда ХХ ғ–дың 20–жылдарының басында алғашқы көркемөнерпаздардың үйірмелері пайда болды. Солардың бірі Торғай обл–ның комиссары Ә. Жангелдиннің "Қызыл керуені" құрамында кұрылды. Оның көптеген мүшелері кейіннен қазақ өнерінің белгілі артистеріне айналды. Республиканың барлық жерінде клубтар, мәдениет үйлері ашылып, оларда ішекті аспаптар оркестрлері, әр түрлі ансамбльдер, хор ұжымдары ұйымдастырылды. 1924 ж. Петропавл қ–ндағы пед. техникумда хормейстер И.В. Коцык төрт дауысты қазақ хорын ұйымдастырып, оның репертуарына қазақтың халық әндерін өңдеп лайықтады. 30–жылдардың ортасында Қазақстанның Ә. м. ө. жоғары идеялық–көркемдік деңгейге жетті. 1934 ж. халық өнері қайраткерлерінің Бүкілқазақстандық 1–слеті болды. Оған 88 халық ақыны, домбырашылар, қобызшылар, әншілер, А.Жұбанов жетекшілік еткен әуесқой домбыра ансамблі (қазіргі Қазақ халық аспаптар оркестрі) қатысты. 30–жылдардың аяғында әуесқой өнерге жалпы және бір орталықтан басшылық ету үшін Респ. халық шығарм–ғы үйі құрылды. 40–жылдары Халық шығарм–ғы үйлері республиканың барлық облыстарында ұйымдастырыла бастады. 1980 ж. Респ. халық шығарм–ғы мен мәдени–ағарту жұмысының респ. ғыл.–әдістемелік орталығы болып қайта құрылды. Республика көлемінде көптеген әуесқой хор, ән–би ансамбльдері бар. Мыс, Мақат ауд–ның (Атырау обл.), Арал ауд–ның (Қызылорда обл.), Орда ауд–ның (Бат. Қазақстан обл.), Байғанин ауд–ның (Ақтөбе обл.) халық аспаптар оркестрлері; Ақжар, Таврия, Шемонаиха (Шығ. Қазақстан обл.) аудандарының хор ұжымдары; Теректі хоры (Бат. Қазақстан обл.) және Талдықорғандағы соғыс және еңбек ардагерлерінің хоры; "Ұлытау", "Салтанат" (Қарағанды обл.), "Сыр сұлуы" (Қызылорда обл.), "Мерке әуендері" (Жамбыл обл.), "Қаламқас" (Семей обл.), "Ғасырлар пернесі" (Қостанай обл.), "Ақжайық" (Бат. Қазақстан обл.), "Достық" (Оңт. Қазақстан обл.), т.б. ән–би ансамбльдері республикада лайықты орынға ие болып, шет елдерде де таныла бастады. Республикада өзге ұлттардың да Ә. м. ө. ойдағыдай дамып келеді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ӘУЕСҚОЙ ТЕАТР ӨНЕРІ – театр өнері саласындағы көркемөнерпаздық шығармашылығының бір түрі. Қазақ топырағындағы театр өнерінің алғашқы нышандары күнделікті шаруашылық қамымен, көшпенді тірліктің дәстүрлі ойын–сауық түрлерімен біте қайнасып, белгілі дәрежеде солардың рухани және көркем жинағы, көрінісі ретінде дүниеге келді. Үйлену тойында айтылатын "Жар–жар", "Сың–су", "Беташар", "Қоштасу", т.б. әндер, өлеңдер және күйеудің қыз ауылына келгендегі әр түрлі салт–жоралары бірігіп, өмірдің біртұтас драм., кейде комед. спектакліне айналатын. Ертеден халық арасында кең тараған, оның эстетик. көңіл күйінен хабар беретін айтыс өнері де, жыршы, жыраулар өнері де қазақ халқының лиро–эпостық дүниета–нымының бір бөлшегін құрады. ХХ ғ–дың басында Орал, Семей, Ақмола, Ақмешіт (Қызылорда), Қостанай қалаларында құрылған әуесқой ойын–сауық үйірмелері де республикадағы Ә. т. ө–нің қалыптасуына жағдай жасады. 1915 ж. Атбасар қ–нда өткен сауық кешінің бірінде "Халық тойы" деген атпен шағын ойын қойылды. Оның көркемдік бітіміне қарағанда этногр. мәні басым болды. Сондай–ақ, 1915 ж. Семейде өткен ойын–сауық кешінде "Біржан – Сара" айтысының сахнаға арналған түрі қойылды. "Қызыл отау", "Қызыл бұрыштардың" да Ә. т. ө–нің қалыптасуына ықпалы мол болды. Алғашында қулардың, бақсының, ақын, сал–серілердің машықтарын оңтайлы пайдаланған Е. Өмірзаков, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, т.б. халық арасынан шығып, актерлік өнердің қыр–сырын танып, кәсіби театр дәрежесіне жетті. Қазақ саяси–ағарту бас к–тінің көркемдік бөлімі ұйымдастырған "Қызыл керуен" (1918, Ақмола мен Қостанай), "Орталық қазақ комсомолдары һәм оқушы жастар клубы" (1923, Орынбор) және Семей қ–ның (1920) драма труппалары – М. Әуезовтің "Еңлік – Кебегі", "Бәйбіше – тоқалын", Ж. Шаниннің "Арқалық батырын", Қ. Кемеңгеровтің "Бостандық жемісін", И. Меңдіхановтың "Малдыбай", " Үйшік–үйшігін", Е. Ерданаевтың " Малқамбайын", т.б. пьесаларды сахнаға шығарды. Ә. т. ө. саласы кейінгі жылдары қайта өркендеп келеді. Республикадағы драма ұжымдары көбінесе алыс аудан, облыс еңбекшілерінің алдында ойын көрсетеді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ӘУЛИЕ (араб. жекеше түрі уәли – дос, желеп жебеуші) – Аллаға жан–тәнімен беріле табынған сәуегейлік, жаратушы иеге тәуекелмен өмір сүретін, халық сеніміне ие болған қасиетті абыз. Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр Атаны, ата–баба аруағын желеп жебеуші санап, оларға үнемі сиынып отырған, олардың көріпкелді сәуегейлігін қастерлеп бас иген. Күнге, Айға, Отқа табыну, ел иесі көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт түлік малдың иелері – Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсыл қарадан, Шекшек атадан жәрдем күткен. Қазақтың көне дүниетанымында Әулие рухани әлем орнықтыруға талпынған. Мұнда, біржағы, тәңірлік түсініктердің ежелгі наным–сенім элементтері сақталған, біржағы, ислам діні мен мұсылмандық дәстүрде жаңарған жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, әулие бейнесі мен рухының мағынасы толыға түседі. Ислам дінінде әулие құдай жолын қуып, дін уағыздаушы адам, айтқаны келетін сәуегей адам. Мұхаммед пайғамбардың серіктерін, туыстарын, үрім–бұтақтарын, кейінгі діни рухани қайраткерлерді әулие пір тұту, оларға құрмет дәстүрі барлық мұсылман елдерінде бар. Қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі Ә–ні қасиетті деп тануға үлкен әсер етті. Сопылар ұстанымындағы дәруіштік, пәктікке ұмтылу, зікір салу, т.б. қазақтардың ежелгі нанымдарына ұқсас еді. Баба түкті Шашты әзиз, Арыстан баб, Баб ата, Қожа Ахмет Иассауи, Бекет ата, Сопы Әзиз, Оқыш ата, т.б. әулиелер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық жадында мәңгілік сақталған. Ә. наным–сенімнің, үміт–арманның, мінез тұтастығының бірлігін оятты. Қазақ халқы ел қорғаған батырларды, ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл–парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған аналарды әулиелер қатарына қосып, олардың аруақтарын құрметтеді. Ә–лер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі.Христиан дінінде де “ұлы қасірет шегуші”, “апостол”, “монах”, “блаженный” (дәруші) т.б. бар. Шіркеу күн түзбесінде оларды құрметтеу күндері көрсетілген. Шіркеу қасиетті Ә–лерге арнап ғибадатхана салады, діни мейрам тағайындайды, соған шоқынуды, сый тартуды уағыздайды. Христиан дінінде 3–4 ғ–ларда патшалардың, князьдердің, епископтардың, патриархтардың, Рим папаларының есебінен Ә–лердің саны көбейді. Рим папасы Пий жылма–жыл орта есеппен 5 адамды “қасиетті”, 4 адамды “блаженный” деп жариялап отырды.
Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, әулие ұғымының мағынасы толыға түсті.
Әдебиет: Әлемдік философиялық мұра. Т. 6. Мұсылман философиясы. Алматы: Жазушы, 2006.
БАЙЫРҒЫ САҚ–ҮЙСІН ӨНЕРІ – көшпелі тайпалардың (сақ, үйсін) қола дәуірінен кейінгі мәдени өркендеу кезеңінде , олардын әлеум. құрылысы мен шаруашылығынын ілгері дамуына байланысты (б.э.б. VII ғ.) өркендеді. Оған себеп түсті металл қорытумен бірге, жаңадан темір балқыту әдісі пайда болды. Көшпелілер өнерінің бұл алғашқы даму кезеңі б.з.б. IV ғ–да биік сатыға көтерілді. Бұл тайпалар жасаған өнер қалдыгы орасан бай әрі ісмерлік әдістері бір–біріне ұқсас. Осындай бай өнерді олардан қалған қорымдар мен обалардан көреміз. Мұндай қорымдар Моңғолиядан Венгрияға дейінгі байтақ далада үздіксіз кездесіп отырады. Қазақстан мен Орта Азиядағы қорымдардың және қала орындарының үйіліп жатқан жерлерін халык "жер үйін" деп атаған. Ондай қорымдарды қазғанда, сол кездегі өнер түрлерін сипаттайтын белгілер ауық–ауық кездесіп отырады. Сол сияқты сақ, ғұн заманынан калған қорымдар Қазақстан, Алтай, Қырым, Кубань өзендерінің бойы, Ертіс өз–нің бойы, Қызылқұм, Әмударияның жағасы, Алтай, Памир тауларының қойнауларында жолығады. Бұл өлкелер ежелгі заманда мал өсірудің, байлықтың ну ортасы болған. Сақ, ғұн өнерін жарқын суреттейтін дәйектер – Эрмитаждағы "Сібір алтыны", Күл оба, Алтын оба (Қырым), Солоха (Днепр), Келермес, Жеті оба (Кубань өз. бойында) корымдарынан табылған алтын бұйымдар. Эрмитажда сақтаулы тұрған "Сібір алтынының" дені Қазақстан өлкесінен барған. Ол қазына Павлодар обл. Ертіс бойынан, Ертіске таяу Қалмаққырған, Баянауыл тауларынан, Шідерті, Өлеңті, Сілеті өзендерінің төм. жағынан, Қызылқак, Теке көлдері–нің маңынан табылған. Байырғы сақ, ғұн өнерін сипаттайтын алтын қазыналардың Қазақстан өлкесінде кездесетін жерлері – "Есік", "Қарғалы" қазыналары, "Есік қазынасы", "Шілікті қорымы", Қарқаралы, Баянауыл төңірегіндегі Мырзашоқы, Нұртай, Тасмола, Орманбет обаларынан шықты. Мырзашокыдан табылған таутеке, киік, қабанның қоладан құйылған мүсіндері, Жетісу өлкесінен табылған мыс казан, ошақтар бұл аймақтағы өркендеген мәдениеттің айғағы іспетті. Сондай–ак, Ноин–Ула (Моңғолия), Пазырық қорымдары (Алтай), Таштық обалары, Орт. Қазақстандағы Беғазы, Бесоба, Шолаққайың (Қаракеңгір) обалары, ғұн өнерінің екінші өркендеу сатысын суреттейтін Қараағаш, Нұртай обалары (Орт.Қазақстан), Бурабай қазынасы (Көкшетау), Кеген обасы (Алматы обл.), Кетпентөбе, Жалпақтөбет (Қырғызстан), Екінші Есік қазынасы, Сыр бойынан табылған белгілер – сан ғасыр бойы халық мәдениетін сақтап келген құпия қоймалар. Б.з.б. III – I ғ., б.з. I–V ғ–нда ғұн өнерінің екінші өркендеу сатысы күшейеді. Бұл кезде ғүндармен аталас үйсін–қаңлы өнері де қалыптаса бастады. Үйсіндердің тайпалық ерекшелігін сипаттайтын өнер белгілері Алматы тауларының іргесінде, Есік, Түрген, Іле өзендерінің бойында, Кеген, Қарқара, Асы, Ыстықкөл төңірегінде жиі кездесіп отырады. Есік маңынан, Қарғалыдан, Тасмоладан табылған өнер түрлері – бір ғана алтыннан, кейде қоладан құйылған бейнелер. Бұл бақташы тайпалардың тамаша өнер үлгісін жасай білгендігін және ол өнер өз ортасында туып қалыптасқанын сипаттайтын аса бағалы белгілер. Б. с. ғ. ү. ө–нде көптеген сюжеттер үй жануарлары, соның ішінде жылқыға байланысты туған. Сондай–ақ, аң өмірін бейнелеу,. әсіресе шебер жасалған арқардың не қошқардың басы, мүйізі ұшырасады. Арқар көшпелі тайпалардың ұраны да болғандықтан оның бейнесін көбірек жасаған. Ежелгі тайпалар өнерінің сюжеті әдетте, арыстан, қабылан, барыс, көкжал, бөрі, т.б. жыртқыш аңдарды бейнелеуден құралды. Олардың алтыннан, қоладан құйылған мүсіндері көптеп табылған. Б. с. ғ. ү. ө–нде ежелгі замандағы наным, ертегі–мифтерге байланысты туған сан алуан өрнек үлгілері кездеседі. Олар әр түрлі қиял–ғажайып бейнелер: теке сақал, бұғы мүйізді арыстандар, құмай басты, ат денелі хайуандар, т.б.
Бұл – ежелгі бейнелер мен кейінгі халық мифінің тығыз байланысын көрсетеді. Б. с. ғ. ү. ө. бұйымдарындағы бейнелердің барлығы құю, қырнау, безеу, қақтау әдістерімен, жұмыр мүсін не рельеф түрінде жасалған. Өнер белгілерінің сипаттауынша, сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі шеберлер зергерлік ісін өте биік сатыға жеткізген. Металл қақтау, оны құю, жұмырлау өнерін толық менгеріп, неше алуан ғажайып мүсіндер жасай білген. Алтыннан, күмістен, қоладан пішін жасаумен бірге, оның бетіне асыл тас орна–ту әдісін де меңгерген. Осы күнге дейін маңызын жоймаған өнердің тамаша түрлерін өркендету кешпелі тайпалардың мәдени үлгісі. Олардың негізгі түрлері кейінірек казак халқына мирас болып қалды.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БАЙЫРҒЫ ТҮРКІ ӨНЕРІ – VI–VIII ғ–дағы көшпелі түркі тайпалары жасаған мәдениет қазыналары. Бұл мәдениеттің, ой–сананың есейіп, Орхон жазулары шыққан кез. Осы тұста өркендеген өнер жәдігерлерінің көп кездесетін жері – Орта Азия, Қазақстан, Алтай, Оңт. Сібір, Моңғолия, Қашқария. Бұл өнердің үлгілері ескі қалалардың орнында (Қарақорым, Дунхуан, Бесбалық, Сайрам, Бөріжар, Пәнжікент, т.б.), сол кездері тұрғызылған мазарлар мен ескерткіштерде сақталған. Оның көрнекті түрлері – Орхон өзенінің бойы, Алтай тауының қойнауында тұрған Қотанды, Қурай, Тұяқты, Күдергі, Ертіс обалары, Іле өзендері бойындағы қорымдар. Оларды қазғанда Б. т. ө. сипаттайтын әр алуан өрнектер кездескен. VI – VIII ғ. шеберлері байырғы сақ, ғұн, үйсін дәстүрін жалғастыра отырып, өнерді едәуір жоғары сатыға көтерген. Байырғы шеберлердің ісмерлігін көрсететін өнер түрі – сәулет өнері. Білге–қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің ескерткіштері, жұмырлап жасаған тас мүсіндер осының айғағы. Тарихи деректерге карағанда, ең қымбат бұйым жасағандар Қаған ордасының шеберлері болған. Олар алтын, күмістен неше алуан көркем бұйымдар шығара білген. Табиғат сырын түсінбеген тайпалар жер мен суды, күн мен айды құдірет тұтып, табынатын болған. Сол құдірет күштерін шама–шарықтары жеткенше өнер туындыларымен бейнелеген. Аспанды – кұсқа, суды –балыққа, жерді – терекке меңзеген. Құс пен балықтың бейнелері жұмыр мүсін түрінде тастан, металдан, саздан, ағаштан жасалған. Кейде барельеф түрінде де кездеседі. Түркі қағанаты кезінде жоғары сатыға көтерілген өнердің бір түрі – ою–қырнау, безеу істері. Оның ішінде тас безеу, ағаш, сүйек ою, асыл тас жұмырлау өріс алған. Сүйек өрнегі көп бұйымды (ерді, қамшыны, т.б.) әсемдеуде кездесті. Ондағы өрнектер сюжеті көбінесе аң мен құстарға (барыс, бұғы, арыстан.т. б.) арналған. Сүйек өрнегінің ең ғажайып түрі – Күдергі обасынан табылған ердің қасындағы сүйектен оюлап шығарған сурет–өрнек. Мұнда бұғы, құлан, бөкенді атпен қуып келе жатып садақ тартқан екі мерген бейнеленген. Ердің қасында бір–біріне қарсы қаратып салған екі жолбарыстың бейнесі бар. Б. т. ө–нде тас оюларын да жиі ұшырастыруға болады. Олар – жануарлар, өсімдік, адамдар бейнелері, геом. пішіндер, т.б. өрнектер. Бұлар көбінесе тас, көзе қабірлерде, сағана тамдарда кездеседі. Мұндай жәдігерлердің ең бағалысы – Күдергі обасындағы тас оймыш. Оның сюжетінде – өлген әкесінің (күйеуінің) басына барған ана мен бала, олардың туғандары бейнеленген. Безеу өнерінің күрделі түрі – тас мүсін жасау. Олар тарихта болған адамдарды еске түсіру үшін ұрпақтары түрғызған жеке адамның бейнесі (балбал) түрінде дамыған. Мұндай мүсіндер Қазакстан жерінен өте көп табылған.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
БАҚСЫ (ежелгі түрік тілінде – бақ, яғни көру, қарау) — емші, сәуегей, дәнекер, тылсым дүниемен сұхбатта болатын — медиум, жыршылық, музыкалық т.б. ерекше қасиеттері бар шамандық наным өкілі. Бақ — ежелгі түркі сөзі, қазақ тілінде, “бақ”, “бақылау”, “кесел бағу”сөздерімен төркіндес. Б. типтес адамдар жер бетіндегі көптеген халықтарда бар, олардың әсіресе түрік–моңғол халықтарының өмірінде алар орны ерекше. Б. “шаман” дінінде пайда болды. Көне сенім бойынша, адам қайтыс болған соң, жан денені тастап, ерекше бір тылсымдық дүниеге рух түрінде енеді. Қазақы түсінікте ол аруаққа айналады. Аруақтар адамдарды не қолдап отырады, немесе кесірін тигізетін де аруақтар бар. Б. осы “жын–рухтармен” тылсымдық байланысқа түсіп, оларды өз мақсаттарына пайдалана алады. Шамандық демонологиядағы кесірлі рухтарға албасты, жезтырнақ, сөрел, марту, обыр т.б. жатады. Кейін ислам діні орныққан соң олардың қатары жын–пері, шайтан, диюлармен толықтырылған. Ал, періште, перизаттар да қорғаушылардың санын толықтырған. Исламға дейінгі Б. “қам” жасаумен /“камлание”/ әрекеттенсе, кейін зікір салу да Б–ның “жын шақыру” құралына айналған. Бұл дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі діни синкретизмнің бір көрінісіне жатады. “Шақырылған” жындарының көмегімен Б. гипноздық өнер көрсете алған. Әсіресе, Б–ның емшілік әрекеттері халық арасында кең тараған. Адамның тылсым дүниесіне тікелей әсер ету қабілеті арқылы Б. әртүрлі жүйкелік аурулар мен ісіктерді, функционалдық ауытқуларды емдей алған. Тарихи куәліктер Б–ның бедеулік пен қатерлі ісіктерді, сынықтарды жаза алатындығын көрсетеді. Б. емшілікпен қатар балгерлік, құмалақ ашу, сәуегейлікпен де шұғылданған. Мыс., ғұн патшасы Еділдің айналасындағы Б–лар 451 жылғы Каталун шайқасының тағдырын алдын ала болжай білген. Б–ның негізгі музыкалық аспабы қобыз болды. Қобыз сарындарында Б–лар зарлы не қаһарлы үн шығарып, жындарымен тікелей байланысқа түсе алған. Түркі мәдениетіндегі ең атақты Б. дана — Қорқыт Ата. Қазақ халқының жадында сақталған атақты Б–лар Қойлыбай, Балақай, Жанақ Шөмен т.б. Б. өнері туралы дәлелді мәліметтер бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823–55), қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835–65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795–1881) еңбектерінде кездеседі.
Бақсылық ертедегі шаман дінінен сақталған ұғым. Ол кездегі сенім–нанымда: жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп–біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем – фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерін басқаратынын аруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратынын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша бақсылық – әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Бақсылықтың «жын–рухтарының» аты болады. Жекелеген индивидиум ретінде қажетті кезде олар өз бақсысының алдында әйел, шал, қыз, т.б. бейнелерде тізіліп тұрады–мыс. Бақсы шақырған жындарының «көмегімен» гипноздық өнерде көрсете алады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5 – 10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай кесіліп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп, кірпіш үйдің қабырғасы қақ айрылады. Көрермен жұрт мұның бәрі бақсы шақырған «жарғыш жындардың» әрекеті деп біледі. Қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды, өткір пышақпен өз мұрнын «кесіп» тастайды. Ақыр аяғында денесінде бірде бір жара немесе сызат, белгі қалмайды. Әйел бақсыны халық «елті» деп атаған. Бақсыларға тән қасиеттердің бірі – емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психологиялық тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, «жынын шақырып» зікір салу немесе гипноздық, т.б. «керемет» көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырып, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Бақсылар емшілікпен қатар балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адам тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенеді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр.
Әдебиет: Уәлиханов Ш., Таңдамалы шығармалары, А., 1985; Қазақ бақсы–балгерлері, А., 1993. А. Алдашев, Д. Омаров (ҚҰЭ – 2 том, 90 бет).
БАҚЫТ — адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын этикалық ұғым. Б–тың негізінде адамның өмірі мағыналы және нәтижелі болған кездегі өз болмысына деген ризашылық сезімінің қалыптасуы жатыр. Арман сияқты Б. та мұраттың тылсымдық–эмоциялдық көрінісі болып табылады. Мұрат тұлғаның болашаққа деген сенімін білдірсе, Б. оның іске асу деңгейін көрсетеді. әдептану саласында Б. мәселесімен шұғылданатын ілімді фелицитология деп атайды. Б – көп мағыналы ұғым. Оның басты түсініктері: 1) бақ–дәулет, “қолға қонған құс”, ырыздық; 2) қуаныш, ләззат, рахат; 3) жақсылыққа, ізгілікке жету, даналық; 4) өмірден өз орнын табу, толыққанды тұлғаға айналу. “Құс ұшуға жаралған, адам бақытты болуға жаралған” дейді халық мақалы. Б.–ты өмір сүру – қуанышты болу, дәулетке кенелу, рахатқа бөлену. Адамға қуаныш әкелетін оқиғалар – табысқа қол жеткізу, іс–әрекеттің марапатталуы, алға қойған мақсаттың орындалуы, бала–шағаның қызығы. Қуаныш сезімі адамға күш беріп, кісінің жігеріне жігер қосады. Алайда қуаныш пен Б–тың арасында айырмашылық та бар. Қуаныш өткінші, жеке бір сәтке байланысты болса, Б — адамның бүкіл өмірінің арқауы. Өмірде адамгершілікке жат, әдептілікке симайтын жалған қуаныштардың да кездесуі мүмкін. Қазіргі жағдайда Б–ты өмір сүру мәселесі өркениеттілік құндылықтарымен (нарық, демократия, адам құқыларын қастерлеу т.б.) тікелей байланысты. Т. Джефферсон “Тәуелсіздік декларациясында” мемлекет өз табиғаты бойынша Б–қа ұмтылуды қорғап, тұлғалардың іскерлігі мен дербестілігін ынталандыруы қажет екенін, бұл Б. үшін мәнді болып табылатынын атап көрсетеді.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.
Достарыңызбен бөлісу: |