«Биология» пәнінен бағалау тапсырмаларын әзірлеу және сараптау»
курсының дәрістері
Кіріспе
Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдан бастап елімізде жаңартылған орта білім беру мазмұнын енгізуге байланысты осы жобаны табысты іске асыру мақсатында мұғалімдерді дайындау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. 2019-2020 оқу жылында 1-10 сыныптар аралағында толықтай жаңартылған оқу бағдарламалары, критериалды бағалау жүйесі енгізілді.
Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау мәселелеріне Білім және ғылым Министрлігі тарапынан үлкен көңіл бөлінуде және сіздердің көпшілігіңіз критериалды бағалау бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өттіңіздер.
Бүгінгі таңда біздің мұғалімдер бұл салада жақсы тәжірибе жинақтады.
Дегенмен мұғалімдерде өз пәнінен бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруда қиындықтардың бар екені белгілі.
Бұл курстың мақсаты - мұғалімдерге осындай қиындықтарды шешуге көмектесу, қолдау көрсету.
Курс бағдарламасы бағалау құралдарын әзірлеудің негізгі тәсілдерін қарастыруға және пән мұғалімдеріне бағалау құралдарын - бағалау критерийлерін, тапсырмалар мен дескрипторларды, балл қою кестелерін әзірлеу және сараптама жасауда әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған.
Курстың мақсаты - орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау құралдарын әзірлеу және сараптама жасауда педагогтердің кәсіби біліктілік деңгейін арттыру болып табылады.
Курста оқу нәтижесінде Сіз:
критериалды бағалау құралдарын әзірлеудің негізгі тәсілдері туралы біліміңізді кеңейтесіз;
критериалды бағалау процесінде қолданылатын тапсырмалардың түрлері мен сипаттамалары туралы біліміңіз мен түсінігіңізді кеңейтесіз;
бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын әзірлеу және оларға дескрипторларды құрастыру бойынша өз тәжірибеңізді дамытасыз;
тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмасын әзірлеу және балл қою кестесін құрастыру дағдыларын жетілдіресіз;
критериалды бағалау құралдарына сараптама жасау және бағалау нәтижесін талдау әдістерін игересіз.
Курстың ұзақтығы – 2 апта, 40 сағат онлайн форматта оқу.
Бірінші апта барысында Сіз аудиодәрістерді тыңдап, теориялық материалдарды бекіту үшін практикалық тапсырмаларды орындайсыз. Бұл кезде Сіздерге тренерлер қолдау көрсетіп, кеңес береді, вебинарлар өткізеді. Вебинарда туындаған проблемаларды талқылап, сұрақтарыңызды қоюға және тренерден кері байланыс алуға мүмкіндігіңіз бар.
Екінші апта практикалық мазмұнды болады. Бұл кезеңде Сіз алдыңғы игерген теориялық біліміңізді бекітіп, тренердің басшылығымен бағалау тапсырмаларын әзірлейсіз, оларға сараптама жасаумен айналысасыз. Курстың оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылған вебинарларға қатысасыз.
Вебинарларда әр түрлі белсенді оқу әдістері қолданылады. Топтық талқылаулар, критериалды бағалау құралдарын құрастыру бойынша әріптестермен бірлескен жұмыс, әзірленген материалдар бойынша өзара кері байланыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеп, курсты қорытындылайтын бағалауға дайындық жасайсыз.
Қорытынды бағалау нәтижесі бойынша Сізге курсты аяқтағаныңыз туралы сертификат беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |