Нұржан Тоғжан
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігі
Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір білім-ғылым-инновация» атты
үштік құратын әлемге қарай бағыт алып барамыз» деген болатын. Ендеше,
еліміздің әлемнің үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге
өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті. Қазақстан Республикасында орта
білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім бері үдерісінің құрылымы мен
мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты оқу орнында, яғни М.О.
Әуезов атындағы педагогикалық колледжі әкімшілігінің ұйымдастыруымен,
«Бастауыш білім беру» бөлімінің 4-курс білім алушыларына арнайы курс өтті.
Курстың негізігі мақсаты – жаңартылған бағдарлама бойынша ақпарат беру.
Сәуір айының 24-нен бастап курсты оқыту басталды. Біз 4 сағаттың қалай
тез өтіп кетекенін байқамай қалатынбыз. Курсқа алғаш келген күннен бастап,
көкейімізде жүрген көп сауалдардың жауаптарын алдық, жалпы білім беру
мазмұнының өзгешілігімен, ерекшелігімен таныстық. Біз осы оқу барысында
мектеп пәндерін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс тыңдап, жаңартылған
білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсініп, осыған
сәйкес педагогикалық тәсілдемелерді, білім беру бағдарламасындағы оқу
мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік. Тек
танысып қоймай, тәжірибе барысында іске асырдық, түрлі тапсырмалар мен
жаттығулар әзірлеп, дайындадық. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге
алатын 3 құжатпен – оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қысқа мерзімді
жоспармен таныстық. Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның
ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни ақпаратты іздеу,
талдау және білім-білік дағдыларын дамыту.
Мұғалімнің оқушыға сабақ үстінде ауызша және жазбаша түрде кері
байланыс жүргізу тәсілдерімен таныстық. Соның ішінде «Екі жұлдыз, бір тілек»,
«Армандайық», «Бас бармақ», «Кері байланыс» және сабақ үстінде оқушыларды
әртүрлі тәсілмен топқа бөлу түрлерін білдік. Бұл курсты оқудың нәтижесінде
бізге көп пайдасын тигізді. Сабақ кестесін бұрынғы әдіспен емес, қазіргі
жаңартылған бағдарламаның мазмұны бойынша жаңа үлгіде жазуды біршама
үйрене алдық. Бұл жаңартылған оқу бағдарламасы оқушылардан бұрын
мұғалімдерге өте тиімді. Себебі бұрын сабақтар бір сарынды өткізілген сияқты
көрінеді. Ал қазіргі кезде сабақ жүргізсек, сабақ үстінде бірнеше әдіс-тәсілдерді,
стратегияларды пайдаланып өткізу мұғалім мен оқушы үшін де тиімді.
Оқушылар бір жағынан ізденеді, оқуға талпынады, өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік
алады, шығармашылық қабілетін танытады.
Қорыта келе, мен ақын Міржақып Дулатовтың «Жалғыз сүйеніш, жалғыз
үміт - оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі
сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа
бастайтын жарқын жұлдыз - оқу. Надан жұрттың күні - қараң, келешегі - тұман»
деген сөздерімен аяқтағым келеді.
Нұриман Линзат
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Жаңартылған оқу бағдарламасы – бүгінгі білімнің жаршысы
Жаңартылған оқу бағдарламасы туралы түсінгенім мен ұғынғаным мол.
Курс барысында жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының
үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау,
зерттеу
жұмыстарын
жүргізу,
тәжірибе
жасау,
АКТ–ны
қолдану,
коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу,
функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны
тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу,
модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) ұғындық.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі - спиральді қағидатпен
берілуі. Яғни, спиральді қағидат жеңілден күрделіге бірізділікпен оқыту. Оған
оқу мақсаттары зерделей отыра тапсырмаларды ықшамсабақтарды құрастыру
барысында көз жеткіздік. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты - білім
мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және
оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін
арттыруды талап етеді.
Бағалау критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау
кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты
жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен
бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Қалыптастырушы
бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері
байланысты қамтамасыз етеді оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді.
Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және
белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған
оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы
өткізіледі. Кері байланыстың көптеген тәсілдерін мысалы, “Екі жұлдыз, бір
тілек”, «Табыс ағашы», «Табыс сатысы», «Кемені бояу», «Журналист»,
«Алақан» әдісін үйрендім.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілу жайы
да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым,
оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында
«Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір–бірімен тығыз байланысты.
Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын
тілдік мақсат та күрделене түседі. Курста әр пәннің жаңартылған оқу
бағдарламасы, оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер
және белсенді оқыту технологиялары да қарастырылды. Сабақ беруді түрлі
әдістермен қызықты етіп өткізу, берілген төрт дағдыны үнемі назарда ұстап
отыру, білім саласындағы тың өзгерістерді танып-білу, өз біліміңді көтеру үнемі
жаңалыққа ұмтылу қазіргі таңда аса маңызды. Курстан алған білімімді
келешекте ұстаздық жолымда толық қолданамын. Ұрпақ келешегі үшін жасалып
жатырған игі бағдарламаға сәттілік тілеймін.
Рамазанова Нұргүл
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Білім беру жүйесіндегі өзгерістер
Менің жаңартылған білім бағдарламалары туралы біраз хабарым
болды. Себебі дипломалды іс–тәжірибені 1-сыныпта өткен болатынмын.
Осы курста бағдарламыны тереңірек меңгере алдым деп айта аламын.
Алғашқы күні бұл курсты оқудың маңыздылығын түсіндіріп, мақсаты
айқындалды. Жаңартылған оқу бағдарламасы туралы «Білімді ел» газетіне
шолу жасадық. Оқушылардың мектепте білім алуы олардың сабақ оқуына,
жан-жақты дамуына бағытталған. Білім жүйесіндегі өзгерістер туралы
ақпарат алу өте маңызды болды. Дәл осындай ақпаратты мектеп
тарапынан жүргізілетін бағалау қамтамасыз етуі қажет. Оқушының
дамуына, оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын арттыруға
бағытталған критериалды бағалау жүйесінің ерекшелігін ұғындық.
Критериалды бағалау қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан тұрады.
Ал қалыптастырушы бағалау өзін-өзі бағалау, өзара бағалау, мұғалімнің
бағалауы, кері байланыстан құралады. Жиынтық бағалау бөлім бойынша
және тоқсан бойынша жиынтық бағалау балдары есептелініп, тоқсандық
баға қойылатындығын; дүниетану, математика, сауат ашу пәндері
бойынша тәжірибелік түрде топта жұмыс жасап, салыстырып, саралап
отырдық. Бұл үшін әрбір оқушы мен оның ата-анасына түсінікті
болатын айқын және нақты өлшенетін бағалау критерийлері бекітілген.
Осы курста ең бастысы оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды
бағалаулаудың ата-анаға арналған нұсқаулығымен және оқушыларға
арналған нұсқаулығымен таныстым. Орта мерзімді жоспар, ұзақ мерзімді
жоспар, қысқа мерзімді жоспарлардың бір-бірінен айырмашылығын,
қалай қолдану үйрендім. Сабақ үстінде қысқа мерзімді жоспар жазудың
үлгісімен таныстық. Курстан біз теориялық және тәжірибелік жағынан
нақты түсінік алдық.
Смаилова Нейля
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Менің курстан үйренгенім...
1-сыныптың жаңартылған бағдарламасы бойынша колледжде өткен курста
бірінші күні бағалау критерийлерін құрастырып алдық: «келісемін, дебат және
сұрақ бар» деген. Бұл критерийді бағалау сабақ үстінде топтардың жұмыстарын
бағалағанда өте тиімді болды. Біз пән мазмұнының спиральді қағидаттарының
берілуімен, блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясымен,
оқу үдерісі орта мерзімді, ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді жоспар арқылы
ұйымдастырылатынын білдік. Бірінші сыныпта критериалды бағалау қалай
жүргізілетінін талданды. Қалыптастырушы бағалауда өзара бағалау, өзін-өзі
бағалау, мұғалімнің бағалауы, яғни мұғалім мен оқушының арасында кері
байланыс жүреді. Жиынтық бағалау бөлім бойынша жиынтық бағалау және
тоқсандық бағаны есептеп шығару туралы біз мәлімет алдық. Оқушының жеке
жұмыстарын жинақтау қалай ұйымдастырылады, оқушының портфолиосының
мазмұны туралы оқып таныстық. Сынып журналы, электронды журнал және
оқушының табелі, оның ішіндегі тоқсандық және жылдық бағалардың
қойылуымен таныстық. Жылдық және тоқсандық бағаны қалай есептеу
керектігін үйрендік. Сабақта қанша тапсырма берілсе, сонша рет бағалау
жүргізілу керек және әр жұмыс түрінен кейін қалыптастырушы бағалау
жүргізіледі. Оқушының жұмысын тексергеннен кейін алдымен жетістігі, одан
кейін ұсыныстар айтылады. Оқушыларды бір жағынан қызықтыру үшін және өз
жетістіктерін білу үшін сабақтан кейін рефлексия жасату керек. Олар: табыс
ағашы, табыс сатысы, смайликтер және тағы басқа түрлері арқылы жасауымызға
болады. Дескриптор құрып үйрендік.
1-сыныпқа келген оқушылармен қыркүйекте қандай жеке жұмыстар
ұйымдастырылатыны талданды. Сыныптың жас ерекшелігіне байланысты
кыркүйек жұптық, топтық жұмыстар міндетті емес екен. Қазанда 5-10 минут
жұптық жұмыс жүргізуге болады. Осы жұмыстармен танысқан соң оқу
бағдарламалармен жұмыс істеуді бастадық. Бірінші дүниетану оқу
бағдарламасымен жұмыс жасадық, себебі балаларға осы пән ең қызықсыз сабақ
екен. Сол себепті біз осы пәнге көп назар аудардық. Және дүниетану пәні
сабағын қалай қызықты өткізуге болатынын үйрендік. Осыдан кейін математика
сабағының бағдарламасымен жұмыс жасадық. Және байқағаным математика
сабағы арқылы да балаларда айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым дағдылары
дамиды екен. Қызықты шығармашылық тапсырмалармен таныстық. Айналадағы
заттармен де әртүрлі ресурстар жасауға болатынына көзіміз жетті.
Пиктограммамен бірінші сыныпта суреттер арқылы таныстыруға болады, яғни
олардың қандай жемісті ұнататыны арқылы құрастыруға болатынын білдік.
Бөлімнің жиынтық бағалау нәтижелерін есептеп үйрендім. Болашақта білікті де
білімді маман болып шығатыныма сенімдімін!
Хамитова Райхан
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Ұстаздық еткен жалықпас...
Біз білім-ғылым саласында бәсекеге
қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз.
Барлығы мектептен басталады.
Н.Ә. Назарбаев
Жаңартылған білім мазмұны бағдарламалары туралы колледжде
арнайы курс өтті. Курстың негізгі мақсаты - жаңартылған білім беру
бағдарламасымен танысып, жаңа оқыту әдіс-тәсілдерінің қажеттілігін
түсіндіру болып табылады. Әр мұғалім тиімді оқу мен оқыту тәсілдерімен
таныса отырып, өзінің педагогикалық қызметіне белсенді оқу
қағидаттарын енгізеді. Үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді дәстүрлі
сабақпен салыстыруға болмайды. Біз жаңаша сабақ құрылымын
жоспарлауды үйрендік. Орта мерзімді жоспар, ұзақ мерзімді жоспар
негізінде қысқа мерзімді жоспар құру үлгілерімен танысып, ерекшелігін
түсіндім. Үйренген белсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігіне көзім жетті.
Курстан үйренген әдістер оқушылардың ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс
жасауына, ойын еркін жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін
дамытуына септігін тигізеді. Әр мұғалімнің шеберлігін шыңдайтын, жас
ұрпақтың білімі нәтижелі болуға жұмыс атқаруға көмектесетін курстың
берері көп болды.
Курстан спиральді қағидат туралы және XXI ғасыр дағдыларымен
таныстым. Біз модерация, кері байланыс, рубрикалар, жиынтық және
қалыптастырушы бағалау жөнінде көптеген мәліметті алдық. Жаңа
тақырыпты түсіндірмес бұрын сабақ барысында ширату өткізіп, сабаққа
деген қызығушылықты арттыруға болады. "Екі жұлдыз, бір тілек", "Қол
техникасы", "Күннің көзі" т.б кері байланыс түрлерін іс жүзінде
қолдандық.
Курста
критериалды
бағалау
және
әр
сабақтың
бағдарламасымен, оның негізгі мазмұнымен, бөлімдерімен танысып,
талқылап, постерге түсірдік. Сабақ барысында бөлімнің жиынтық
бағалауы бойынша нәтижесін шығару формуласымен танысып, қалай
есептейтінін шығарып үйрендік. Жиынтық бағалау баллдарының құрамын,
бағалау көрсеткіштерін және баллға байланысты қалай бағалайтынын
білдім. Егер сабақта 4 тапсырма берілсе, онда сабақта 4 түрлі бағалау
болатынын және қалыптастырушы бағалаудың 4 түрі бар екенін білдім.
Жеке жұмыс, топтық жұмыс, жұптық жұмыстардың жүргізілу мерзімімен,
әр түрлі ойындармен танысып, оны ықшам сабақ барысында көрсеттік.
Пиктограмма, гистограмма, Кэролл диаграммасымен жұмыс істеуді
үйрендім.
Хасенова Айдана
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің
41 «Ә» топ студенті
Менің курстан алған әсерім
Менің бұл курстан жаңартылған білім беру мазмұны туралы терең
білім жинақтадым. Қазіргі білім беру саласында оқытудың жаңа
технологияларын игермейінше сауатты маман ұстаз болу мүмкін емес.
Оқытудың сапасы мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Дана
халқымыз "Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы " деп текке айтпаған. Бұл
курстан бірінші сынып оқушыларының оқыту үрдісін ұйымдастырудың
түрлі дағдыларын меңгердім. Бастапқы оқу-тәрбие үрдісінде оқушылар тек
мұғалімнің көмегінің нәтижесінде ғана білім алады. Өз пікірін, ойын
жеткізуде қиыншылықтар туады. Бұлай деп санайтыным курс барысында
өзімді бірінші сынып оқушысы ретінде сезіндім. Оқушылардың сабаққа
деген қызығушылығын арттыру мақсатында, нәтижелі білім алуына
қажетті ресурстарды тиімді пайдаланудың ерекшеліктерін түйдім. Курс
барысында модерацияны, яғни оқушылардың жұмысын талдауды, бағалау
критерийлерін, пән мазмұнының спиральды қағидатпен берілуін,
критериалды бағалау түрлерерін, дескрипторды, сондай-ақ егер сабақта 4
тапсырма берілсе, 4 түрлі бағалау жүргізілетінін, алдымен жетістігі одан
кейін ұсыныс жазылатынын, кері байланыстың түрлі әдіс-тәсілдерін
меңгердім.
Бірінші сыныптың оқу бағдарламасы мен оқу жоспарын салыстыра
отырып
талдау
жасадық.
Ішіндегі
тапсырмаларды
орындап,
тапсырмалардың жеңілден күрделіге қарай бағытталғанын байқадық.
Топқа бөлудің түрлерін курс барысында қолдану оқушылардың
белсенділігіне әсер ететініне көзім жетті. Мәселен маған «Зерттеуші,
бақылаушы, қадағалаушы» болып орындалатын тапсырма түрі өте ұнады.
Бұл топтастыруда оқушылардың барлығы дерлік жұмыс жасайды, ал
мұғалім тек бағыт бағдар береді. Осы үйренгенімді іс жүзінде тиімді
пайдалануды мақсат етемін.
Достарыңызбен бөлісу: |