314
Бұл ескертпеміз тек «Едіге» жырының басылымдарында ғана
емес, өзге де басылымдарда да айтарлықтай орын алып келе жатқанын
көрсетелік.
Кешке қарай Тайбұрыл
Жын қаққанға ұсады.
Құнан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады (Ақсауыт. - I том. - Алматы: Жазушы, 1977.
- 59-бет).
Мұнда көрсетілген сөз – құнан емес, құлан болуы керек. Екінші
мысал: Қосынның қалған елінде Орал дейтін бір батыр (сонда, 120-
бет). Орал емес, Орақ деп оқу керек. Тағы да: Сөйлесін жаршың са-
рындай (Үш ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1957. - 161-бет).
Жаршың емес, жыршың болуы керек. Сәлем сөздің анасы, Әлек
алған данасы (сонда, 87-бет). Әлік алған болса керек. Еркініп садақ
асынған (сонда, 127-бет). Беркініп садақ асынған болуы керек. Бір
атқышшыл сұмға кез (сонда, 251 -бет). Дұрысы – атқышыл – көне
тұлға, «мерген».
Мұндай қателер жеке ақын-жыраулардың шығармалары басылған
кітаптардан да табылады. Мысалы, Дулат ақынның: «Еркін өсіп ер
жеткен Ерекше туған көбекпін» деп жазылған жолдарында (XVIII-
XIX ғасыр ақындары. - Алматы, 1962. - 78-бет) көбекпін емес, көбең-
мен болуы керек, өйткені алдыңғы жолдардың ұйқасы – «тел емдім».
Мұндай емлелік жаңсақтықтарды ондап емес, жүздеп теріп шығуға
болады. Сондықтан басылым беттерінде бейтаныстау немесе сол
жерде түсініксіз сөздер ұшырасып қалса, оларға сын көзімен қарап,
бұл өлең жолдарының өзге басылымдағы түрлерімен салыстырып
(іздестіріп), дұрысын алу керек.
Тілдегі ескіліктерді зерттеудің, талдап-танытудың қажеттігі,
мақсаты, бір қарағанда, түсінікті сияқты болып көрінеді. Ол –
өмірдегі өзге де құбылыстар сияқты, тілдің де қозғалысын бақылау.
Бұл ізденіс екі тұрғыдан, екі түрлі мақсатта жүргізіледі. Бірі – ғылыми
мақсат. Тіл білімі атты ғылым саласына қажет теориялық таным,
талдау мақсаты көзделеді. Екінші – прагматикалық мақсат көздеу,
яғни ескіріп, тіл өмірінен ығысып жатқан бірліктердің бір кездердегі
мағынасын, қызметін білу арқылы халықтың рухани-мәдени тарихы-
на үңілуге мүмкіндік алу. Бұл орайда зерттеулер «Мәдени мұра» атты
кең ауқымды, саяси мәнді бағдарламаға жанасады, бір жағынан, тіл
мәдени мұраны жеткізуші құралдардың бірі болса, екінші жағынан,
сол мұраның көрсеткішінің бірі болып шығады. «Халық белгілі бір
кезеңдерде нелерді қолданды? Не үшін күресті? Кімдермен (қай
жұрттармен) қарым-қатынаста болды? Таным-сенімі, яғни рухани
дүниесі қандай болды?» деген сауалдарға ескілік болып сақталған
315
жеке таңбалар (сөздер) мен тіркестер жауап бере алады. Бұл – бүгінгі
ғылыми-практикалық мақсат-мұраттарымызға сәйкес келетін іс-
қарекеттердің бірі болып шығады.
Мағыналары көмескі тартқан іргеден шығарып жіберу (ренжіген
әкенің баласына енші бермеуі), ту түбінде тұру (ұрысқа қатысатын
сарбаз, жауынгер болып қатарға ену), қосалықтап отау тігу (киіз
үйлерді екі-екіден қатар не бірінің ішіне екіншісін қосарлап, енгізіп
тігуі), қазақ шығу; қазақ шығып кету (қазақ болу, қазақ болып
кету), ұран отын жағу (жау әскерінің келе жатқанын хабарлайтын
белгі беру), қала шығу (сауда-саттық шаруасымен базарға бару) де-
ген тіркестер белгілі бір ұғымдарды ғана емес, сонымен қатар қазақ
халқының эстетикалық, суреттемелік талғамын да көрсетеді. Қазақ
бейнелеп, яғни метафоралап, теңеп, әсірелеп, мадақтап не кемсітіп,
сүйініп не ренжіп білдіретін қимыл-қарекетін атауға өте шебер, бұл
ретте бейнелі фразеологизмдердің ішінен ескіліктерді де молынан
табуға болады.
Тілдегі ескіліктерді теріп алып, жеке-жеке талдап, мағынасын,
түптөркінін, қолданыстағы кезеңін, кейінгі тағдырын сөз ету арқылы
адамзат тіршілігінде оны қызықтыратын, ойландыратын, әр нәрседен
хабардар ететін тіл деген феноменге көңілін аударту сияқты мұрат-
мақсаттардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ал бұл ізденіс
– өте қиын шаруа, көп уақытты, іздемпаздықты, ұқыптылықты, тілге,
санаға, танымға қатысты ғылыми теориялық білімді қажет етеді.
Бұл процестің қиындықтары өз алдына, яғни қазақ тілі сияқты тари-
хы тереңде жатқан, аса бай, мейлінше икемді, біршама таза (өзінің
архетипін сақтаған) тілдегі көне, ескі, ескірген, ескіре бастаған,
ескіру белгілері бар лексика-фразеологиялық бірліктерді жинаймын,
зерттеймін, талдаймын, танытамын деп алдына мақсат қойғандарға
қарата бұл айтқандарымыз лексикологиялық, оның ішінде этимоло-
гиялық-семасиологиялық ізденістердің қиындығын көрсету үшін
ғана емес, тақырыптың қызықтығын, өзектілігін, танымдық құнды-
лығын ескертуді көздейді. Ал бүгінгі таңда ұлттық барша құнды-
лықтарымызды түгендеу, зерттеу методологиясын айқындау, алдағы
жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын біршама белгілеу сияқты
мақсаттар тұр деп білеміз.
Сөйтіп, оқырмандарымыздың көңілін бұл талдауларымыздың
танымдық-теориялық негіздеріне аудара отырып, бұған қосымша
мынадай түйіндерді айтуға болар еді:
Тілді тарихи лексикология саласында зерттеу а) семасиологиялық:
сөз мағынасының эволюциясын (қозғалысын, өзгерісін) тану және ә)
ономосиологиялық: объект атауларының өзгеру амалдарын зерттеу
деп бөліп қарастырылады. Лексикалық қазынаны тарихи тұрғыдан