Қостанай облысы
Әулиекөл ауданы
Аманқарағай ауылы
№2Аманқарағай орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі:Рахметова Гульнар Каирканқызы
БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІНІҢ ОҚУШЫЛАРҒА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДЕГІ Факторлері.
Балалардың бойында оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру міндеттерінің терең тарихы бар. Бастауыш білім беру көптеген жылдар бойы білім алудың негізгі және жалғыз сатысы болды. Сондықтан ол оқуға, жазуға үйрету мен қарапайым арифметика элементтерін білу мақсатын көздеді. Міндетті жеті жылдық оқуға, кейінірек толық орта білімге көшуге байланысты психология мен педагогикада кіші мектеп жасындағы балаларды оқытудың дамытушы міндеттеріне мән беріле бастады. Осыған байланысты олардың өз бетімен білім алу білік-дағдыларын қалыптастыру қолға алынды.
Бастауыш білім беру қызметі алдымен орталау, кейін орта білім берудің бір сатысы болып өзгерді. Жаңа жағдайларда 6-11 жастағы балалардың оқу мүмкіндіктерін зерттеу қорытындысына байланысты бастауыш білімнің мақсаттары айқындалды. Осындай мақсаттағы зерттеулер нәтижесінде оқу қызметінің әртүрлі теориясы жасалды. ХХ ғ. соңындағы білім беру жүйесіндегі демократиялық жағдайда мұғалімдердің педагогикалық ғылыми-зерттеулер нәтижесіне деген қызығушылығы артты.
Кіші мектеп жасындағы оқушылардың білік-дағдыларын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық аспектілерін өз еңбектерінде барынша нақты ашып көрсеткен белгілі ғалымдар Л.С. Выготский, П.Я.Гальперин, А.Н.Леонтьев, Л.В.Занков. Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов т.б. Олардың зерттеулері оқу қызметінің әртүрлі теориясын құрудың негізін салды. ХХ ғ. соңындағы қоғамдағы және халыққа білім берудегі демократиялық өзгерістер жағдайына байланысты бұл зерттеулердің нәтижесіне деген сұраныс туындады.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысын біраз жыл бақылау мен талдау барысында жалпы бастауыш білім беру мәселесінің негізгі мақсаттарын шешуге даярлауда олқылықтар бар екені байқалды.
Мұғалімдердің қиындық көретін мәселелерін зерттеу мен талдау барысында оның басты себебі оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, оқу үрдісінің ырғағын айқындау мен есепке алуға байланысты болды. Бұл қиындықтар олардың кәсіби – педагогикалық даярлықтарының жетіспеуінде жатыр. Кіші мектеп оқушыларының оқуға деген қызығушылықтары мен ынтасын қалыптастыру жұмысына бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау деңгейі педагогикалық оқу орындарының оқу құралдарында, оқыту үдерісінде жатыр деп ойлаймыз.
Болашақ мұғалімдерді даярлау мәселесі Н.В.Кузьмина, И.К.Журавлев, М.Н.Скаткин, А.А. Вербицкий, А.С. Границкая т.б. ғалымдардың еңбектерінде талданған. Соған қарамастан көптеген авторлар болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың мазмұны мен әдістері проблемасындағы кіші мектеп оқушыларының өз бетімен оқу әрекеті біліктерін қалыптастыру мәселесіне аз көңіл аударған.
Білім – адам сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, ол педагогикалық мамандықтың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сондықтан «адамды» өмір сүру барысында өзгеруге әлеуеті жететін ашық жүйе деп қарастырғанымыз жөн. Ол белгілі бір саладағы маман болғандықтан, «адамды» — маман тұрғысынан қарау «біліктілік» ұғымына шығарады. Біліктілік – бұл білімді меңгерудегі, тәжірбиедегі білімділікті, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік. Бүгінгі күн мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Бұл мұғалімнің өз қызметінде табысқа жетуін ғана көздемейді, оның аясын одан әлдеқайда кеңірек қарастырған жөн.
Мұғалім – бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы. Мұғалім мамандығының құндылығы да осында деп түсінгеніміз дұрыс.
Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді оқытуда оқытушы жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруы керек. Оқытушының осындай әрекетіне білім алушы мұғалімнің өзі де бойындағы бар білімін көрсете байланыс жасағанда ғана сапалы нәтижеге жетуге болады деп ойлаймыз. Мұғалімдердің өз білімдерін жүйелі көтеріп отырулары – олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі фактор. Еліміздің білім беру саясатындағы көкейтесті мәселелердің бірі де осы мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі арттыру болып табылады.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесін зерттеген ғалымдар бұл саланың даму тенденциясын жан-жақты көрсеткен.
Б.А.Әлмұхамбетов өз зерттеулерінде біліктілікті арттыру жүйесінің тарихы мен даму болашағын еліміздің біліктілікті арттыру мәселесін шетелдік тәжірибелермен салыстыра көрсеткен. Республикада біліктілікті арттырудың сапасын арттыру, деңгейін көтеруге ықпал ететін жолдарды ұсынады.
А.Ә.Жайтапова біліктілікті арттыру жүйесіне ғылыми талдау жасай отырып, жаңа инновациялық бағыттарда ұйымдастырудың теориясы мен әдістемесін зерттеген.
Сондай-ақ қазақстандық ғалым Я.С.Бенцион әдістемелік жұмыстардың тиімді жолдарын ұсынса, Ш.Таубаева мұғалімнің зерттеушілік қызметін, озық тәжірибені жинақтау, инновациялық әрекетті үздіксіз жүргізуді ғылыми тұрғыда негіздеген. М.С.Керімбаеваның зерттеулері жас маманды қалыптастырудағы жоғарғы оқу орындары мен біліктілікті арттыру институттарындағы сабақтастыққа, Б.Қ.Төлбасова мұғалімдердің қазіргі ақпараттық технологияларды қолдануға әзірлігіне арналса, ал К.С.Құдайбергенова мұғалімнің өзін өзі жүзеге асыруына мектептегі инновациялық жұмыстың жүйелі жүргізілуінің ықпалын айқындаған.
В.Н.Белослюдцева өз зерттеуінде біліктілікті арттыру институттары әдіскерлерін даярлау мәселесін көтере отырып, мұғалімдер мен әдіскерлердің өзара ынтымақтаса әрекет етулері жалпы біліктілікті арттыру сапасына әсер ететіндігін талдаған.
Б.А.Тұрғынбаева осы саладағы ғылыми — зерттеулерінде шығармашылық әлеует адамды кәсіби әрекеттің биігіне шығаратын сапа деп тұжырымдайды. Ұстаздың акме жағдайға жетуі оның өз бетінше білім алуына, өзін-өзі тәрбиелеуіне, өзін-өзі жетілдіруіне және осының бәрін шығармашылықпен қолдана алуына байланысты екендігін ғылыми негіздеген.
Іс-тәжірибе барысындағы қиындық мұғалімнің кәсіби-педагогикалық қызметі мен даярлық деңгейіне қойылатын талаптар арасындағы сәйкессіздік салдарынан туындайтыны сөзсіз. Жас мұғалімдер оқушылардың өзбетімен әрекет ете білу дағдыларын қалыптастыру, оның қарқынын зерттеу, оқушылардың өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру мәселелерінде қиындық көреді. Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың пән мазмұны бойынша білімді меңгеруінен емес, сол бойынша жұмыс істету әдістерінен қиындық көреді. Сонымен бірге мұғалімдер оқу мақсаттарын қою, міндеттерін белгілеу және оның нәтижесін жоспарлау, қиындықты жеңу әдістерін іздестіру т.б. бойынша да қиындықтар көретіндігі байқалады. Көпшілік мұғалімдер оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастыруда олардың даму деңгейлеріне жете мән бермейді, мысалы, белгілі бір тапсырманы орындатуда 1-сынып пен 4-сыныпқа бірдей әдіс қолданады. Мұндай жағдайлар болашақ мұғалімді кәсіби даярлаудағы проблемамен байланысты деп ойлаймыз.
Ұлттық білім берудің негізгі бағыты – адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде танып, оның рухани баюына, саяси көзқарасы мен шығармашылық белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына толық мүмкіндік беру, жағдай жасау. Сондықтан жас маманның бойында үш түрлі біліктілік қалыптасуы қажет: а) пәндік біліктілік. Пән бойынша алған теориялық білімі мен іскерлігі жатады. Теориялық білім пән арқылы беріледі. ә) педагогтік біліктілік. Педагогиканың негізін, ұстанымдарын, әдіс –тәсілдерін, сабақты ұйымдастырудың негізгі нысандарын білуі тиіс. б) технологиялық біліктілік. Білім берудің сапасын көтеру, өз бетімен іздену қабілетін қалыптастыру.
Білімді де білікті маман даярлаудың мақсаты – маманның бойында іргелі де жүйелі білім, кәсіби іскерлік пен дағды, шығармашылық белсенділік пен еркіндік, мәдени ойлай білу қабілеттерін қалыптастыру болса, білім ғасырындағы білім берудің жаңа жүйесі нені оқыту (білім мазмұны), қандай жүйеде оқыту (құрылымы), қалай оқыту (педагогикалық технология) мәселелерін шешуге бағытталуда.
Оқытушының қызметін өз дәрежесінде атқара алуы оның біліктілігіне байланысты. Атап айтқанда: гностикалық, педагогтік, қоғамдық –экономикалық, коммуникативтік. Білікті маманның тәрбиелеген шәкірті білімді болары сөзсіз. Ал білім – қоғам дамуының шешуші факторы.
Еліміздің бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан–жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары өзбетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыны шығармашылыққа жетелеу. Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді. Себебі шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады. Бүгінгі қазақстандық мектептерге қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз мұғалім қажет. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігінен көрінеді. Басқаша айтқанда, білім беру үдерісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және өздігінен шығармашылық түрде қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мұғалім білім беру жүйесіндегі кез келген қайта құрулардағы педагогикалық үдерістің негізгі субъектісіне айналып отыр. Сондықтан мұғалімдерді жаңа заманға бейім болуға жағдай жасайтындай, мүмкіндік туғызатындай кәсіби білімдерін көтеру және қайта даярлау курстарының мазмұнын өзгертіп, жасақтау қажеттілігі туындауы заңдылық. Яғни, педагог мамандар өзін-өзі дамытуына және өздігінен білім алуына мүмкіндік алады. Мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру курстарында, курсаралық кезеңдерде жоғарыдағы сапаларға жету үшін төмендегідей міндеттерді белгілеуге болады:
Мұғалімнің шығармашылықпен еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызу.
Заман талабы, қоғам сұранысына, қажеттігіне сәйкес әлемдегі және отандық озық іс-тәжірибелер, жаңа технологиялар, инновациялық әдістермен ұдайы қаруландырып отыру.
Шығармашылық ізденісі мен еңбегіне толық еркіндік бере отырып, оқытуды ізгілендіру мақсатындағы талап, тілектерінің орындалуына, өзіндік іс-тәжірибесін таратуға мүмкіндік туғызу.
Мұғалімнің зерттеушілік мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы үшін қажетті бағыт-бағдар беру.
Кәсіптік шеберлігін арттырып отыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіп тұру.
Мұғалімнің қоғамдағы белсенділігінің артуы үшін кәсіптік мәртебесі мен әлеуметтік беделіне үнемі көңіл бөлу.
«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер–білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – деп, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен. Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезінгені абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз.
Әдебиеттер:
1. Б.А.Альмухамбетов. Тенденции развития системы повышения квалификации педагогических кадров в Казахстане. – Алматы: «Ғылым», 2001. – 290с.
2. Выготский Л. С. Педагогическая психология. / Под ред. В. В. Давыдова. – М.: Педагогика, 1991. – 480с.
3. Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту Алматы – 2005, 208б.
Достарыңызбен бөлісу: |