ОБЛЫСТА ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ МАМАНДАРҒА ДІЛГІРЛІК БАР...
Бүгінде аңдап қараған кісіге қоғамдық өміріміздің, тұрмыс-тіршілігіміздің, ең әрісі киім киіс, жүріс-тұрысымызға дейін өзгеріп отырғаны тайға таңба басқандай байқалады емес пе? Бағзы кездегі мінез-құлық психологиямыз, пендеауи табиғатымыз да соған сай қалыптаса бастады. Қазіргі құбылмалы-өзгермелі қоғамды көне заманғы, тіпті берідегі кеңестік өмір сүру салты да «жерсіне» қоймайды. Заманына сай - адамы. «Алма да бұтағынан алысқа түспейді» емес пе?! Ащы да болса шындық осы...
Біз бұған қоғамның бір ғана саласын – білім беру ісін мысал ету арқылы да айқын көз жеткізе аламыз. Дәп қазір білім саласы, әсіресе, жоғары мектептер ғарыштық жылдамдықпен өзгерудің (жаһанданудың) әлемет тасқыны астында қалып қойып, «суға кетіп тал қармағанның» кебін киіп отыр. Мемлекеттікі, жекеменшіктегісі бар жоғары оқу орындары жылма-жыл «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» принципімен даярлап шығарып жатқан мамандардың барлығының бірдей біліктіліктері бүгінгі сұранысқа, өркениеттік талапқа сай шығып жатса бір сәрі. Ал енді сол жоғары мектептердің дені бүгінгі күннің сұранысына сай емес баяғы кеңестік кезеңде іргенегізі қалыптастырылған мамандықтар бойынша мамандар даярлап жүр. Мысалы, бір кездері ауыл шаруашылығы үшін қаны жерге тамбайтын инженер, зоотехник, агроном дегеніңнің қазір құны көк тиын. Содан да мұндай оқуға баруға жастар құлықсыздық танытуда. Мәселе, ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары (жұмыспен қамтамасыз ететін де солар ғой) бұл мамандықтар әлі де аса қажет екенін білсе де білмегендей рай танытады. Техниканың, малдың, егіннің де мұндай мамандарсыз жайы келіспейтінін көрінеу мойындағылары да келмейді. Кейбір шаруашылық басшылары осы үш қызметтің үшеуінің де тертесін өзі жалғыз сүйретіп жүр. Қаржы үнемдегісі келеді да баяғы. Бірақ осылай етуді тиімді санағандар шаруаларын құрдымға жіберіп те жатыр.
Баяғыдай жас мамандардың оқуын бітірер-бітірместе қолдарына жолдама ұстатып, қиыр шеттен болсын іздеп келіп, қидай сыпырып алып кетіп жататын кеңестік кезеңдегі тиімді жүйе келмеске кеткен. Бүгінде жұмыс берушілердің өзі «тауық қорадағы университеттерден» топырлап шыққан мамандарды қалтасындағы «көк қатырма қағазына» емес, қабілетіне қарап жұмысқа алатыны екінің біріне аян. Қалтаңда осындай «көк қағаздың» (диплом) бір емес, бірнешеуі болсын – бәрібір.
Осындайда ойыма бразилия жазушысы П. Коэльоның (ол біздің замандасымыз да ғой!) «болжамы» еріксіз түсе кетері бар. «... Енді елу жылдан соң диплом өзінің мәнін жояды. Дәрігерлік, заңгерлік, инженерлік факультеттер ғана қалады. Қалғаны жойылып кетеді. Өйткені, болашақ ұрпақтар университеттен білім алудың ешқандай мәнісі жоқ екенін түсінетін болады. Себебі – одан кейін жұмыс істейтін салаларға олардың алған білімінің еш қатынасы жоқ болып шығады...» дейді ол.
Бір жағынан бұл сөз ойыңды да оятады, ойландырады. Мұны қазіргі заманауи өзгерістердің беталысынан да аңғарып жүрміз ғой. Заманға лайық мамандар даярлау дегенің оңай іс емес. Бұл үшін бұрынғы оқу материалдарынан, методологиядан бүтіндей бас тарту, бұрынғының бәрін тәрк ету, бау-шуына дейін түгелдеп, ине-жіптен жаңа шыққандай мүлде жаңа дүние жасап шығу қажет болады. Бұл, мысалы, бір ауылды түгел қиратып тастап, орнына жаңасын тұрғызумен бара-бар іс қой!
Ал біздегі жоғары мектептер технологиялық жабдықтармен әлі толық жарақтандырылып та біткен жоқ. Оның бер жағында студенттердің «алайын анасын ба, мынасын ба» деп саны бар, сапасы жоқ (кейбірінің тіпті басы артық) сандаған мамандықтардың ішінде милықтап, басы қатумен жүр...
Әңгіменің ашығына келсек, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігі жоғары ұлттық жүйесін қалыптастыру ел экономикасының қарқынды дамуының негізгі факторы да болып табылады. Әрі әрбір азаматқа мамандық беру оларды әлеуметтік қорғаудың да басты құралы. Дегенмен, жастарымыздың қалайда жоғары білім алуға деген «ынтызарлығы» кемір емес. Бүгінде, өкінішке орай еліміздегі кәсіптік-техникалық білім алып жатқан әр студентке жоғары оқу орындарында оқитын жеті студенттен келеді екен. Осы ретте ҚР Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаевтың «Көпшіліктің жоғары білім мен жоғары біліктілік ұғымдарын ажырата бермейтіні өкінішті. Жоғары білім алып шыққан азаматтардың барлығы жоғары білікті дей алмаймыз. Ал шын мәнінде, жоғары білікті маманның жоғары оқу орнын бітіргендігі жөнінде дипломы болуы шарт емес. Қалай болғанда да, біз жұмысқа жарамды әрбір қазақстандық азаматтың жоғары білікті маман иесі болуын қамтамасыз етуіміз қажет» («Айқын», 1 тамыз 2008 жыл) деген сөзінің әбден жаны бар. Қазіргі күні кәсіптік мектептер мен колледждердің әрбір төртінші шәкірті техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Яғни дәнекерлеуші, қырнаушы (токарь), краншы, ауыл шаруашылық техникаларының дәнекерші ұстасы, жарық жөндеуші мамандары жетіспейді. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2010 жылға қарай техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандықтарына кадр жетіспеушілігі 560 мың адам деңгейінде сақталады екен!
Бұл – жалпы еліміз бойынша алғандағы жағдай. Ал облыста ше?
Рас, кезінде бұл салада түбегейлі өзгерістер болды. Тоқсаныншы жылдардың басында сала жергілікті атқарушы биліктің құзырына өтіп, техникалық және кәсіптік оқу орындарының саны жаппай қысқартылды. Оларда оқитындар күрт азайды. Мысалы, 2000-ыншы жылдары кәсіптік мектептерде оқитындар саны екі жарым есеге, ал колледждерде екі есеге дейін кеміді.Ауылдық жерлердегілерінің жағдайы сын көтерместей халге жетті. Жатақханаларымен қоса жекеменшікке өтіп кетті немесе мүлде жабылып қалды. Сол кезде облыста бұрынғы 23 кәсіптік-техникалық мектептің тек біреуі ғана қалғаны естен шыға қойған жоқ.
Бүгінде бұл олқылықтардың орны біршама толықтырылды. Облыс әкімі Б. Жексембиннің қолдау көрсетуінің нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі ұлғайтылуда. Тек соңғы үш жылдың өзінде ғана жаңадан 3 кәсіптік лицей, 2 мемлекеттік колледж ашылды. Өткен оқу жылында 10 мемлекеттік, 25 мемлекеттік емес колледжде 83 орта кәсіптік білім мамандықтары бойынша 32994, 17 мемлекеттік, 1 мемлекеттік емес кәсіптік лицейде 29 мамандық бойынша 4974 білімгер оқыпты. Олардың қатары биыл да едәуір толыға түсті. Осы тұрғыда кәсіби білікті мамандарға сұраныс өсіп отырғанын да айта кеткен жөн. Орта кәсіби білікті мамандар даярлауға мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 2006-2007 оқу жылында 1411 орынды құраса, биылғы оқу жылында 1561-ге (кәсіптік мектептер бойынша тиісінше 1398 және 2246) жетті. Қазіргі таңда кәсіптік мектептердегі оқытылып жатқан 29 мамандықтың 18-і (62 пайызы), колледждердегі 83 мамандықтың 26-cы (31 пайызы) техникалық мамандық болып отыр. Соңғы үш жыл ауқымында таулы жердегі электромеханикалық жабдықтарды жөндеуге, қара металл өндірісін өндіруге, нысандарды электрмен жабдықтауға, қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты жаңа мамандықтарды оқыту да енгізіліпті. Оқу орны-кәсіпорын-жұмыс беруші моделін жүзеге асырумен байланысты жұмыстар да қауырт өрістеуде. Бұл бағытта № 1, 6, 13, 7 колледждерде, тағы басқаларында жүйелі жұмыс бар. Жамбыл политехникалық колледжі «ЖГРЭС» ААҚ-ы мен «Казфосфат» ЖШС-інің тапсырыстары бойынша келісім –шарт негізінде болашақ инженерлер даярлап жатса, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі Ұлттық «Казатомпром» компаниясына қарасты он кәсіпорынның тапсырысына сай жылма-жыл 6 мамандық бойынша жұмысшы мамандар әзірлеуді жүзеге асыруда. Осындай жұмыстар «Казтрансгаз» мекемесімен, «Қарағанды-Ертіс» каналы дирекциясымен, Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі басқа да компанияларымен арада да тұрақты жүргізіліп келеді.
Міне, осындай жұмыс берушілермен әріптестік қатынастарды білгірлікпен құра да білген № 6 кәсіптік лицейінің жұмысы атап өтуге тұрарлық. Соңғы жылдары лицей үшжақты келісім негізінде кәсіпорындар қаражаттары есебінен «Казфосфат» ЖШС үшін – 110, «Оқушылар тағамы» ЖШС-не – 27, «Жылуқұрылыссервис» ЖШС-іне – 8 жұмысшы әзірлеу мүмкіндігіне қол жеткізген. Сондай-ақ, мемлекеттік білім гранты негізінде «Таразхиммонтаж», «Казфосфат» ЖШС-тері, «Тараз металлургия зауыты» АҚ-ы, «Тараз-су» мекемесі үшін 306 жұмысшы даярлап, барлығын бірдей жұмысқа да орналастыра алған.
Соңғы үш жылдағы түлектерді еңбекке орналастыру мониторингінің нәтижелері бүгінге дейін кәсіптік лицейлерді бітірушілердің 60 пайызы жұмысқа орналастырылғанын, 23 пайызы колледждер мен жоғары оқу орындарында білімдерін одан әрі жетілдіріп жатқандығын,17 пайызының жұмысқа орналастырылмағанын көрсетіп отыр. Ең өкініштісі де сол, мамандықтарына лайық жұмыс таба алмаған түлектер саны жылдан-жылға өсу үстінде. Олардың саны 2005 жылы 126 ғана (791-ге шаққанда) болса, 2006 жылы – 146 (933-ке шаққанда), ал 2007 жылы – 158-ге (990-ға шаққанда) жеткен. Қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда 1877 бітірушінің 375-і еңбек нарығынан өздерінің лайықты орындарын таба алмай отыр. Мұндай нәтижелер жекелеген колледждерге де тән. Бүгінгі күні 1250 колледж түлектері жұмыссыз қалып қойып отыр.
Бұл мамандар даярлау сапасына, әлде сұранысы төмен кадрлар әзірленуіне байланысты ма? Міне, бүгінгі күні әрбір білім мекемесі басшысының «түлектеріміз неге еңбек нарығының сұранысына сай болмай шықты?» деп ойланатын кезі келген сияқты.
Бұл ретте ең әуелі кейбір кәсіптік оқу орындарының жұмыс берушілермен берік байланысы жоқтығының кері әсері жоқ емес. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің барлығы бірдей жұмыстарын өздерінің әлеуеттік базасына, жұмыс берушілер мен еңбек нарығының сұраныстарына сай үйлестіре алып отырған жоқ. Әлбетте, бұл мәселені аймақта саны бар, сапасы жоқ колледждерді (бағзы кездері мұндай оқу орындары саусақпен санарлықтай төртеу-бесеу ғана болатын, алайда олардың әлеуметтік базасы, оқытушыларының білімділігі, біліктілігі бірінші кезекке қойылып отырды) саңырауқұлақтай қаптатумен шеше алмасымыз анық. Және қазір жұмыс істеп тұрған кәсіптік лицейлерде бары-жоғы 3 разрядты ғана мамандар даярланады. Ал еліміздегі, қала берді аймақтағы ірі өндіріс орындарына, үлкен химия зауыттарына 4, 5, 6 разрядты кәсіптік мамандық иелері қажет. Бұл аз десеңіз, жыл сайын өзіміздегі жоғары, арнайы орта және бастапқы кәсіптік білім беру мекемелерінен мамандардың оқытылып шығарылып жатқанына қарамастан, еңбек нарығында кәсіби деңгейі бойынша жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың сәйкес еместігі де байқалуда. Мысалы, биыл жоғары оқу орындарын 3146, арнайы орта оқу орындарын 6324, ал бастапқы кәсіптік лицейлерді 1840 түлек бітіріп шықса, олардың 1353-і қаржы, 1064-і құқықтану мамандығын таңдағаны белгілі болып отыр. Ал мұнай және газ кен орындарын пайдалану саласы бойынша маманданғандар саны 241 ғана. Осы жүргізілген еңбек нарығының мониторингісі бүгінгі күнде мұндай мамандарға сұраныстың жоқтығын, керісінше жұмыс берушілердің сапа инженері, техникалық бақылау инженері, механик, асфальт төсеушілер, тағы басқалары секілді жоғары дәрежелі техникалық мамандарға аса зәру екендігін көрсетіп отыр. Міне, бұл білім беру орындарының материалдық-техникалық және оқу -әдістемелік базаларының бәсекелестікке сай келмеуімен де байланысты. Нәтижесінде жылма-жыл бітірушілердің едәуір бөлігі жұмыссыз қалып қоюда. Бұл орайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары Тараз қаласындағы бір кәсіптік лицейдің базасын нығайтып, жатын орын мен тамақтандыру мәселесін шешу арқылы ауылды жерлер тұрғындары үшін кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру орталығын ашуды да ұсынып отыр.
Рас, аймақта кәсіптік лицей мен техникалық колледждер қанша жерден көп бола тұрса да, жоғары білікті мамандар даярлау ісі ақсап-ақ тұр. Бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Облысымыздың бес бірдей ауданының аумағынан өтетін «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырының құрылысын жүргізуге атсалысу ниетімен өздері жөнінде мәлімет ұсынған жергілікті кадрлардың – аймақтағы түрлі оқу орындарын бітірушілердің (барлығы 250-300 аралығында) 98 пайызының мамандықтары аталған іске мүлде сай болмай шығуы да көп нәрсені аңғартса керек-ті. Қытай жағы осынау күрделі құрылысты жүргізуде айрықша біліктілікті бірінші кезекке қойып отыр. Олар тиісті жеңілдіктер шеңберінде өздерімен бірге әкелгелі отырған 362 жұмысшы маманның мейлінше білікті болуына баса назар аударуда. Олардың қарапайым дәнекерлеушісінің өзінің жоғары білікті маман екені жөніндегі дипломы бар. Содан да болар, алдын-ала іріктеу барысында газ-құбыр жүргізу ісіне біздегі техникалық және кәсіптік оқу орындарында оқыған дәнекерлеушілердің бірде-біреуі жарамайтын болып шыққан. Өйткені, магистралды жүйені жүргізетіндер қытайлық маман-жұмысшылар, техникаларының да технологиясы бізге таңсық - Қытайда жасалған әрі кадрларымыздың құбырларды құрастыру ісінде қолданылатын дәнекерлеудің аргондық әдісіне маманданғаны да ілуде біреу болар, сірә. Оның үстіне Қытай жағы мұнай-газ саласы мамандарының кемі 3 жыл еңбек өтілі болуы тиістігі жөнінде де талап қоюда. Шынында да біліморда қабырғасында теориялық білім алумен ғана шектеліп, өндіріс саласында тәжірибе-машықтан өтпеген жас мамандардың алдынан қолында дипломы болғаны үшін ғана «жасыл жол» ашыла қоймасы анық. Олардың техникалық базасы жұтаңдау кәсіптік лицейлерде оқығаны аздай, оқуды нақты тәжірибемен ұштастыра да алмайды. Ал аймақтағы үлкен кәсіпорындар басшылары өздерінде техникалық оқу орындары білімгерлерінің тиісті деңгейде тәжірибеден өтуіне мұрсат бере қойса, қанеки. Қысқасы, газ-құбыр ісін жүргізудің өзіне жергілікті мамандарымыздың сайма-сай болып шықпауы бізді осы төңіректе мықтап ойлануға да мәжбүрлеп отыр емес пе?!
Бұдан біраз уақыт бұрын еліміздегі газ кенішінің бірін игерумен байланысты да осындай жай алдымыздан шыққан еді. Мұны маған бір танысым айтты. «Аталмыш газ кенішінің бір ғана зертханасында 30 лаборант, ал осымен жағдайы да жұмыс ауқымы да бірдей екінші зертханасында бір мезгілде 12 монитормен бір ғана қытай маманы жұмыс істеп отырды. Әлгі 30 лаборанттың айлығы 20-25 мың теңгедей ғана, ал қытай маманыныкі – 4-5 мың доллардай екен. Біліктіліктің, компьютерлендірілген, автоматтандырылған басқару жүйесін жан-жақты меңгерудің тиімділігі дегеніміз, міне, осы!» деді ол заманауи біліктілікке таңданысын жасыра алмай. Бұдан кейін біздегі оқу орындарын бітірушілердің біліктілігі жөнінде бірдеңе айтудың өзі ұят іс.
Демек, қазіргі заманғы өндіріспен, нарықтық экономика мәселелерімен жақсы таныс, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда оқу орындарының оқу-материалдық базасын нығайту, жоғары білікті оқытушылардың контингентін қалыптастыру өте-мөте қажет. Облыста осымен байланысты бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Қазірдің өзінде 6 лицей үшін республикалық трансферттен бөлінген қаржы есебінен заманауи ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Былтыр кәсіптік лицейлерді ұстап тұруға 552 миллион 252 мың теңге бөлінсе, биыл бұл сома 24,7 пайызға ұлғайтылып беріліп, 688 миллион 434 мың теңгеге жетті. Колледждерге де осындай көлемде көмектер көрсетілді.Алдағы уақытта Таразда , Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында кәсіптік лицейлер ғимараттары, облыс орталығындағы № 4, 6, 13 кәсіптік оқу орындары үшін 3 бірдей жатақхана салынғалы отырғаны бұл істің ұдайы назарда ұсталынып та отырғанын көрсетсе керек-ті.
Қалай болғанда да бұл істе саннан гөрі сапаға баса назар аударуға тиіспіз. Бұл ретте, Қазақстан республикасындағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытудың 2008-1012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жоғары білікті кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау жүйесіне үлкен серпіліс әкеліп, еліміздегі адам ресурстарын дамытуға үлес қосатынына бек сенімдіміз.
АЙМАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?
Бір кездері облысымыз исі еліміздегі химия өндірісі дамыған бірегей өңір болғаны белгілі. Жамбыл- Қаратау аумақтық өндірістік кешеніне қарасты химия зауыттарының алып мұржаларынан күндіз-түні түтін будақтап, табиғи экологиямызға елеулі түрде зардап келтіріп жатса да, бір өзінде ондаған мың адам жұмыс істеп, аймақтың күре тамыры бүлкілі айқын аңғарылар сол бір өндіріс орындары құж-құж қайнап жататын. Бұл зауыттар кезінде он бес одақтас республианың ғана емес, бірқатар шетел мемлекеттерінің де сұраныстарын артығымен орындап, «күреп» табыс та тапты. Аймақтың экологиясы елеулі түрде ластанып, мұның жергілікті тұрғындардың денсаулығына кері әсері болып жатқанына әрісі одақтық, берісі республикалық деңгейдегі ғылыми орталықтар тарапынан зерттеулер жүргізілгенмен, ешқандай да пәрменді шаралар қабылданбады. Орталық Комитеттің «көл-көсір пайда көзінен» көпе-көрнеу айырылғысы да келмеді. Химия өндірісі аймағы осылай... өз-өзінен тәжірибелік жұмыстар жүргізетін сынақ алаңына да айналып шыға келді.
Дгенмен уақыт өзінің әміріне мойынсұндырмай қоймайды. Ақыры, алып империяның ыдырауымен байланысты өндіріс орындарының жергілікті тұрғындарды тұншықтырған түтіні бірден-бірге сұйыла берді. Бірнеше жүздеген кәсіби аурулар «химия алыптарының» дәуірлеген кезеңінен естелік қана болып қалды...
Химия өндірісін дамыту, қазір де шаш етектен пайдаға кенелтері анық. Тек бұл жағдайда зауыттар экологияға, адам денсаулығына зардабы тимейтіндей деңгейде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерінің іркіліссіз өткерілуі кепілдендірілуі тиіс. «Химия алыптарының» өнімдеріне бүгінде басқаны былай қойғанда, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өзі қаншалықты ділгір десеңізші!
Ал, біздің аймақта әзірге ет, көкөніс және жеміс-жидек кластерін дамыту арқылы өндірісте «секіріс» жасаудың ықтимал мүмкіндігі бар. Энергетикалық саланы дамыту да басым бағыттардың біріне айналып отыр. Қазірдің өзінде Таразда - жылу электр станциясы, ал Шу ауданында – кіші суэлектр станциясы салыну үстінде. Таяу уақыттарда жаңа тасымал желісі іске қосылуымен байланысты солтүстіктен қосымша 100 мегаватт электр қуаты жнеткізілмек. Демек, аймақта электр қуатының тапшылығы жөнінде әңгіме болуы да мүмкін емес. Бұдан басқа, 500 киловатт электр қуаты Тараздың өзінде өндіріліп облыстан тыс өңірлерге жөнелтілетін борлады. Облыс басшыларының болжамдауы бойынша, таяу уақыттарда тараздықтар көпқабатты үйлерге жазы-қысы бірдей ыстық су берілуі секілді өркениеттік жетістікке қол жеткізбек.
Облыстың осы және басқа да инвестициялық жобалары жуырдағы оңтүстік облыстарына сапары кезінде Елбасының назарына да ұсынылды. Алдын-ала болжамдар облысымыз таяу жылдарда республикалық бюджеттен дотация алатын санаулы ғана өңірлер қатарынан берік орын алуы тиістігін де жоққа шығармайды. Аймақтың 2008 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық дамуы бағдарламасы аясында бүгінгі күні 1, 9 миллиард АҚШ долларын құрайтын 25 жоба мәлім болып отыр. Оның ішінде 10-ы мейлінше ауқымды. Тоғызы табысты түрде жүзеге асырылып та жатыр. Жыл аяғына дейін қалғандары да мәреден шығады деп күтілуде. Бұл жобалар толықтай жүзеге асса, аймақта тағы да 8543 жаңа жұмыс орны ашылуына қол жеткізілмек.
Биылғы жылғы шілде айында даму жоспарына сәйкес Таразда ферроқорытпа мен болат шығаратын метталургия зауыты іске қосылғаны белгілі. Осымен бір мезгілде 1200 адамның жұмыспен қамтылуына қол жетькізілді. Бұл «Қазақстанның 30 корпоротивті жетекшісі» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген «Химпром-2030» ЖШС-і зауытын ферроқорытпа өнімдерін, электрокальцилендірілген антрацит, катодты блоктар мен анодты массалар өндіруге, болат ерітуге қайта бейімдеу» жобасы жүеге асырылуның жемісі. Ал әзірге шірінді суды тазалау кешені мен қоқысты өңдеу зауыты жобасын жүзеге асыру мерзімі аздап белгісіздеу болып тұр. Бұл іске 4, 5 миллиард теңге қажет.
Әлбетте, ауылдық жерлерді газдандыру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінуде. Аймақтың Бұқар газын жеткізу аймағы – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбыры бойынан 10 километрдей қашықтықта орналасқан бірқатар елді мекендер де газ желісіне әлі қосылмаған. Бұл тұрғыда «Амангелді газ кеніші – Тараздағы № 5 компрессорлы станция» газ құбры трассасының іске қосылуымен байланысты Талас, Байзақ аудандарының бірқатар елді мекендерін газдандыру түмкіндігі пайда болды. Жалпы аймақта барлығы 40-тан астам елді мекен «көгілдір отынға» ділгір. Бұл іске 2, 8 миииллиард теңгедей қаражат қажет. Ең болмаса газ магистраліне жақын орналасқан елді мекедрдің өін газандыруға облыс өздігінен қары бөле алмайды. Ал республиканың бұған араласуына ешбір негіз ждоқ. Дегенмен ауылды көріктендіру деңгейін жоғарылату керек пе? Керек. Бұ мәселе үкіметтік деңгейде шешілетініне де ешбір күмәніміз жоқ.
Үкімет басшысы К. Мәсімов облысымызға жуырдағы арнайы жұмыс сапары барысында : «Мен мұнда ең соңғы рет 1997 жылы болдым. Ал менің бұл жолғы көргендерім – басқа дуір, басқа қала, басқа адамдар. Ол кездерде жұмысшылар айлық жалақыларын беруді талап етіп ббас көтерулер ұйымдастыратын. Қазір мұнда мүлде басқа проблемалар... Бұдан он жыл бұрынғы көрініспен салыстырар болсақ көп жетістіктерге қоло жеткізілген. Уақыфт бір орнында тұрмайды ғой, жамбылдықтар да өздерінің алдарына жаңа міндеттердің бірінен соң бірін қойып отыр» деп облыстағы іс-қимылға жоғары баға беріп кеткені белгілі.
Облыста бүгінгі таңда 40 мыңнан астам кәсіпкерлік құрылым жұмыс істейді. Былтыр аймақта 78 миллиард 299, 5 миллион теңгенің өнімдері өндірілген болса, оның 65, 1 пайызы кіші және орта кәсәпкерліктің үлесіне тиеді екен. Мемлекет басшысының тиісті қолдау, көмегінің нәтижесінде отандық бизнеске билік орындарымен үйлесімді іс-қимыл жүргізуі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Қазақстан жұмыс берушілері мен кәсіпкерлерінің «Атамекен» жалпыұлттық одағы облыстық филиалының облыс әкімиятымен бірлесе құрған кәсіпкерлік құрылымдарының жұмысын үйлестіру жөніндегі жедел кеңесі саладағы7 күрделі мәселелердің тиімді шешілуіне ықпалын тигізіп те отыр. Былтыр облыстағы кәіпкерлік құрылымдарына әлеуметтік қолдау көрсетуге 1 миллиард 217 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Аймақта осы қаражаттың қаншалықты игілігі болғанын шынайы сезіну үшін «Атамекеннің» басткамасымен арнайы қайырымдылық қоры құрылған-ды. Оның көмегімен әлеуметтік маңызы елеулі жобалар өмірге келеді деп те күтілуде. Осы мақсатта филиал қазірдің өзінде инновациялық қор құрып, онда 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жинақтап
отыр.
Осымен байланысты атап өтерлік тағы бір жай, еліміздің түрлі аймақтарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құру ісі өзінің қорытынды кезеңіне де келді. Қарағанды облысында қазірдің өзінде «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының пилоттық жобасы мәреден шыққандығы жария етілді. Үкімет жанынан мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер бірлестіктерінің өкілдерінен тұратын арнайы кеңес құрылды. Оның жұмысшы тобының қатысуымен республикамыздың мемлекеттік активтеріне, жер қорларына түгендеу жүргізілді, сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік колрпорациялары ұсынған пайдалы кен қазбаларының ауқымы мен түрлерінің тізімі анықталды. Мұндағы мақсат – экономиканы үйлестіру жолымен аймақтардың серпінді дамуын қамтамасыз ету, корпоративті басқарудың тиімді жүйесін құру, алда тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін мемлекеттік активтер мен кәсіпкерлік бастамаларды біріктіру.
Міне, осы корпорациялар арқылы кәсіпкернлік құрылымдары белгілі бір аймақта нақты инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыру мүмкіндігіәне ие борлуы тиіс. Биылғы жылғы сәуір айында Елбасы Жарлығымен оңтүстік аймақ бойынша «Оңтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік Ұлттық компаниясы» АҚ-ы құрылғаны белгілі. Бұл құрылым Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлерін біріктірмек.
Дейтұрғанмен, бұл корпорация бағдарларын кәсіпкерлердің барлығы бірдей оптимистік тұрғыда бағалап отыр ма? Әлеуметтік корпорациялар өздерін, әлбетте, нақты істе көрсетуі де тиіс қой!
«Атамекен» бүгінде еліміздің «ұлттық экономикалық палатасына» да айналып отыр. Ол дүниежүзілік с ауда ұйымына кіруге әзірлік ретінде елімізде «30 корпоративтік жетекші» бағдарламасын жасап ұсынып отыр. Міне, осы бағдарланған ауқымды істерпді жүзеге асыру кәсіпкерлік ортаның өзара күш біріктіруін де талап етеді. Жамбылдық кәсіпкерлердің осындай әріптестіккеке ұмтылысы табысты ілгерілеудің де кепілі болмақ.
МӘДЕНИЕТ МЕРИДИАНДАРЫ
Біздің мәдениетімізде «төңкеріс», жаңғыру, түлеу әлі де жүріп жатыр... Оның тегеуріні, «тепкісі» тым қатты. Руханият феникс құстай күл-қоқыр арасынан шығып, қайта түлеп, түрленіп, бірден-бірге бау-шуы да түгелденіп, әлеуеті артып, өркениеттік кеңістікке өрлеп жаһанданудың жалына қол артқалы келеді...
Бүгінде саланың серпінді даму үстінде екендігін мына бір цифрлардан-ақ аңғаруға болады. Осыдан бары-жоғы 7-8 жыл ғана бұрын оңтайландыру саясатының кері әсерінен
аймақта мәдениет ошақтарының есігі бірінен кейін бірі жабылып жатты. Онысыз да нарыққа бейімделе алмай тәлтіректеумен тұрған жаңа жүйенің оларды ұстап тұруға қаржысы тақұл-тұқыл еді. Ауыл сайын клуб болуына қол жеткізіп, жетпіс жыл дәуіірлеген кеңестік дәуірдің күні біткен-ді. Ал, өз апдына шаңырақ көтеріп шыққан жас та тәуелсіз елдің еңсесін тіктеуіне әлі де біраз уақыт бар еді. Барлығын да басынан бастауға тура келді. Ал ол кезде тақыр жерден таңғажайып қала тұрғызылатынына, тәуелсіз елдің тегіне тартып, «Азиялық барыстың» секірісімен қарыштап алға басатыны ешкімнің ойы түгілі, түсіне кіріп-шықпаған-ды.
Бір ғана руханият саласын алайықшы... сонау 1999 жылы облыста бары-жоғы 21 кітапхана, 16 мәдениет үйі, екі теар, бір филармония, бір облыстық халық шығармашылығы орталығы ғана қалт-құлт жұмыс істеп тұрды. Аймақтағы ахуал дәл осы күйінше өзгеріссіз тұра беретұғын болса, мәдениет саласының осы «жетістігінің» өзінен көп өтпей-ақ айырылып қалуы әбден мүмкін еді. Алайда... елде, оның ішінде біздің облысымызда да мәдени-әлеуметік реформалар бірдекн-бірге күш ала да бастады...
Бұл тұрғыда 2000 – Мәдениетті қолдау жылы руханиятың қайта түлеп, жаңғыруының ілкі басы, тұмарлы тұғыры болды. Соңғы жылдары саланы дамытуға қолдау көрсету мақсатында «Мәдени мұра», «Ауылдық аймақтарды дамыту» секілді мемлекетік, аймақық бағдарламалар, басқа да көптеген маңызды құқықық актілер қабылданды. Бұл саланың екінші тынысын ашты, мәдение мернидиандары да мейлінше ұлғая түсті...
Бүгінгі қол жекізілген жетістікерді саралап, салмақтап қарар болсақ, өңірде мәдениет ошақтарының жылың не, тіпті ай сайын кемінде біреуі қалпына келтіріліп, жаңадан пайдалануға беріліп ждатқанына көз жеткізу аса қиынға да соқпайды.
Жылға жетер-жетпес уақыт ішінде мәдениет ошақтары 12, кітапханалар 24 бірлікке арқанының куәсі болып та отырмыз. Дәп қазіргі таңда аймақта екі-екіден кәсіби театр, концерттік ұжым, 5 мұражай және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аудандарда 3 бөлімшесі, 257 кітапхана, 164 клуб мекемесі, 2 кинотеар, 21 киноқондырғы, 11 бейнемобиль, сондай-ақ, облычық халық шығармашылығы орталығы жанында киновидеотехника бөлімі жұмыс істейді. Мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру жөніндегі дирекция ашылған. Сонымен мәдениет және өнер мекемелерінің мемлекеттік желісі 466 бірлікті құрап отыр. Ал оларда мәдени-көпшілік іс-шаралар екі күннің бірінде өтіп, жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Барлығы 649 өнер ұжымының күшімен! Олардың 41-і «халық театры» атағына ие. Мұндай құрметті атақты биылдың өзінде тағы бір таланттар шоғыры – 15 өнер ұжымы жеңіп алды.
Оңтайландыру кезінде өңірдегі клуб мекемелерінің 98 пайызы қысқартуға ілігіп мүлде жабылып қалғанын, мамандары да сол бойда «жұмысыздар армиясы» қатарын толықтырғанын еске алсақ, жеті жыл ол бір олқылықтың орнын толтыруға ғана кеткен секілді. Ал бүгінде облыс мәдениетінің өрлеу кезеңі басталғандай!
Аз-ақ уақыт ішінде жергілікті бюджет пен демеушілік көмектер есебінен жекеменшік иелігіндегі барлығы 30 мәдени нысан, 20 мәдениет ошағы мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ, Талас ауданындағы «Авангард», Т. Рысқұлов ауданындағы «Сұлутөр» кинотеатрлары тұрғындар игілігіне ұсынылып, есіктерін қайта айқара ашты. Жалпы алғанда, кинофильмдерді ұжымдық көріп-тыңдау ісін қалыптастыруда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып так жатыр. Өмір мұның айрықша елеулі тиімділігі барын да көрсетуде.
Әңгімеміздің ілкі басында жас ұрпақтың мәдени-тарихи құндылықтарымызды танып білуі ісіне Елбасы батамасымен мәреден шыққан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаксы жаңа тыныс бергені айдан анық. Жаһанданудың ұлыжіңгір додасынан, ақпарат тасқынынан қақтықпай-соқтықпай аман-сау шығып, өз биігінен, түркілік өркениеті түпқазығынан айнымай қазақтың қазақ болып қалуы мәелесінің де ту-у басында тұр ол!
Міне, осымен байланысты, ғалымдарымыз айтып жүргендей, аталмыш бағдарлама аясында қазақ жерінде қалыптасқан өркениеттің куәсі болған тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеуге мемлекет тарапынан жүздеген миллион теңге қаражат бөлініп, атамұраларымызды ізерлей түптеп зерттеудің жаңа тарихи кезеңі басталды!
Осынау жобаны іске асырудың алғашқы кезеңінде (2004-2006 жылдар аралығы) 35 тарих және мәдениет ескерткіштері қайтьа жаңғыртылып, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қамтывлған. Сондай-ақ, еліміз аумағындағы әртүрлі кензеңдерден сақталған Шілікті, Берел обалар қорымы, Арал өңірі сақтарының астанасы болған Шірікрабат қаласынан, басқа да ежелгі, ортағасыфрлық қалалар орындарынан ашылып жатқан мәдени қабаттар секілді 30 археологиялық ескерткішке қазба жұмыстары жүргізіліп, олардан тарихымыздың ақтаңдақтарын толықтыратын тың деректер табылып отыр. Бұл үрдіс орта жолда үзіліп қалған жоқ. Одан әрі де жалғасуда. Елбасымыздың тапсырмасымен 2007 жылы Мәдениет және ақпарат министрліәгі 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасын жасап, ол нақты іске де асырыла бастады. Салалық бағдарлама бойынша тек археологиялық зерттеулердің өзіне үш жылға 600 миллионнан астам теңге бөлініп, 50-ге жуық археологиялық ескерткіштерде қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанынан хабардармыз. Тек аталмыш бағдарламаға кірмей, археология мен тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты атқарылар жұмыстарының ішіндегі ең маңыздысы – ел аумағындағы тарихи ескерткішрдің нақты санын анықтау, тізімін жасау, олардың облыстар бойынша жинағын шығару ісінің жолортада үзіліп қалғаны ғана болмаса. Осы тұрғыда атап өтерлік бір жай, ол – осы күнге дейін Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының бастамасымен еліміз бойынша тек Оңтүстік ҚӨазақстан мен Жамбыл облысының ғана тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізімі жасалып, жинақтары шығарылғандығы. Жасыратыны жоқ, еліміз аумағында алуан түрлі себептерге (тұрғын үй, құрылыс нысандарын, жол салу, канал қазу, газ-мұнай құбырларын тарту, тағысын тағылар), табиғи апаттарға байланысты бұзылып кетіп жатқан ткарих және археолдогия ескуерткіштері жетерлік-ақ. Олардың ішінде әлі анықталмаған, бұрын-соңды есепке, мемлекеттің қарауына да алынбаған ескерткіштер қаншама десеңізші! Мұны басқа жақты былай қойып, осы өзіміздің облысымыздың мысалынан-ақ анық байқауға болады. Әлгі аталған «Қазақстан республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жиынтығы» атты жинаққа облыстың бір өзінен 849 археологиялық ескерткішкірген, оның 52-і – Жуалы, 63-і – Жамбыл, 66-ы – Талас, 35-і – Сарысу аудандарында орналасқандығы нақтыланған-ды. Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-і археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы мамандарының күшімен 2002-2007 жылдар аралығында жүргізген анықтау жұмыстарының нәтижесінде еліміздің оңтүстік аймағы (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысчтары) бойынша бұрын-смоңды есепке алынбаған, күні бүгінге дейін ғылымға белгісіз болып келген тағы да 1215 археологиялық ескерткіш ашылып, ғылыми айналымға енгізілген. Олардың қатароында ежелгі және ортағасыфрлық қалалар, елді мекендер, обалар тобы, обалар қорымдары, тасқа салынаған сурет орындапры, қарауыл мұнаралары, әртүрлі тас құрылыстар, ортағксырлық кәріздер, көпірлер бар...
Міне, осы жаңадан ашылған археологиялық ескерткіштердің біразы біздің облысымызда, Жуалы ауданында – 101-і, Жамбыл ауданында – 19-ы, Талас ауданында – 57-і, Сарысу ауданында – 63-і тіркеліп, тізімге алынып отыр. Тиісті қаржы бөлінер болса, осы аудандардың археологиялық картасын да шығаруға болады деседі мамандар.Дегенмен, осы күндерде ауыл, қала ішінде қалып қойып бұзылып жатқан Тараз қаласы, ортағасырлық Қордай төрткүлі, Меркі, газ құбырларын тарту кезінде бұзылған Жетітөбе сақ обалары, өзен шайып бұзып жатқан Түймекент, Тамды ескерткіштерінің жайы алаңдатарлықтай күйде.
Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-і археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы М. Елеуовтың (оның облыстық мәдениет басқармасымен жасасқан келісім-шарт негізінде өлкеміздегіә ғылымға бұрын белгісіз болып келген обалар тобын, оба қорымдарын анықтап, жинақ шығару ісіндегі еңбегі ерекше- Б. А.) республикалық «Айқын» газеті тілшісіне берген сұқбатында «мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттелген және оның салалық бағдарламасы бойынша зерттеліп жатқан археологиялық ескерткіштердің қатарыфнда Қазақ хандықтаоры кезеңінен сақталған ескерткіш жоқ» деп айтқанындай, дәп осы кезең отандық археологиямыздан өзінің лайықты орнын ойып ала алмай жүр. Соңғы он жыл ішінде тікелей осы кезеңнен сақталған бірде-бір археологиялық ескерткіште қазба жұмыстары да жүргізілмепті. Тарихывмыздағы көптегшен «ақтаңдақтарды» шешудің бір кілді , міне, осы істі ұқсатуда жатқандығын әсте ұмытпауымыз керек. Киелі Әулиеата өңіріндегі, мына қарт Қаратаудың іргесіндегі ежелгі адамдар мекен еткен ескі қоныстар орындары, Мойынқұм ауданындағы Шәрі, Қойшыман қалашықтары, Хан қорасы ескерткіштері «кілтін» тапса, тарих шежіресін ағыл-тегіл ақтарары анық. Көне тарихи орындардан Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлаған Тұлпарсаз, Керейхан мен Жәнібек сұлтанның жайлауы болған Қозыбасы және тарихи Аңырақай да Әулиеата өңірінде жатыр...
– Жалпы, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы дер кезінде қолға алынған аса ауқымды маңызды іс-шараның бірі болды. Елдікке, ұлт болып ұйысуға бет бұруымыздың ең басты алғы шарты да осы. Сайып келгенде, тәуелсіздігіміздің арқасы ғой бәрі де. Күні бүгінге дейін жүз томдық болып басылып жатқан «Бабалар сөзінің» қырқыншы томы қолымызға тиді. Бұл көп томдық аймақтық кітапханаларға түгелге жуық таратылып берілді. Бұл ертеңгі жас ұрпаққа түбіміз-тегіміз кім болғанын, ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі немен байланысты болғанын ежіктеп түсіндіріп беретін, ата салт – қазақтық қалпымыз сол күйі сақталып қалуына қызмет ететін аса ауқымды жәдігер. Басқасын былай қойғанда, мемлекеттік бағдарлама аясында көне ескерткіш орындарын қалпына келтіру, қорғап сақтауға байланысты ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Аталмыш бағдарламаның алғашқы кезеңінде орта ғасырлық мұсылмандық сәулет өнерінің інжу-маржандары – Айша бибі, Бабажі хатун, Қарахан кесенелері, бертіндегі Қали Жүніс моншасы, жеке кәсіпкер қаражаты есебінен Тектұрмас әулие кешені іске қосылып, ел игілігіне ұсынылды. Қали Жүніс моншасында, Тараз қаласының қорғаны орнынан табылған мешітте музейлер ашылды. Талас ауданының Үшарал ауылындағы Абдулла мешіті, Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенесі де күрделі жөндеуден, әрлеуден өткен ескерткіш нысандары. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың екінші кезеңінде Талас өңіріндегі Қарақожа мешіті мен Ақ кесене қарауыл мұнарасын күрделі жөндеуден өткізу, қалпына келтіру, сондай-ақ Тараз қаласындағы ортағасырлық Төрткүл қалашығы орнына қазба жұмыстарын жүгізу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, Ақыртас кешені, Меркі, Құлан, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарының орнында археологиялық қазба жұмыстары одан әрі жалғаспақ. Осымен байланысты Меркі-Жайсан табиғи этномұражайын ашу ісі де ойластырылуда.
Облыстық мәслихатта облыста 2008 -2010 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру бағдарламасы бекітіліп, алдағы үш жылда бұл мақсатқа кезең-кезеңімен 400 миллион теңге бөлу қарастырылып отыр. Мұндай қаржы бұл салаға бұрын-соңды бөлінген емес. Бұл тұрғыда аудандарда, елді мекендерде атқарылар іс-шаралар да қоса қамтылып отыр, - дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлы.
Бүгінгі таңда облыс бойынша тіркелген барлығы 1080-нен астам мәдени-тарихи ескерткіштер қатары археолгиялық ғылыми-зерттеу орталықтары анықтап, ғылыми айналысқа енгізген жаңа ашылғандарымен толыға түсті. Өлкеміздің бай мәдени жәдігерліктерімен танымалдығы мәдени-ағарту мекемелерінің, әсіресе, кітапханалардың көпшілікпен алуан түрлі жұмыс формаларын жүргізуіне де мүмкіндік береді. Кітапханалар жаңа ақпараттық технологияларды өз жұмыс тәжірибелеріне белсенді түрде енгізуде. Компьютерлендіру ісі оқырмандардың ғылым-білім жаңалықтарынан мол хабардар болуына, олардың әлемдік және ұлттық мәдени құүндылықтарымызға еркін қол жеткізуін қамтамаыз етпек. Бұл бағытта облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебаб ғылыми кітапханасы, Тараз кітапхана жүйесі, Талас ауданындағы орталық және Ақкөл, Есейхан ауылдық кітапханалары ауқымды табыстарға қол жеткізді. Облыста «Кітапханалардың электронды каталогы жүйесін ұйымдастыру» жобасы аясында оқырмандарға санаулы уақыттар ішінде қажетті ақпараттарын тауып бере қоятын қызмет көрсету желісі іске қосылды. Қазір кітапханалар қорында 3078, 5 мың дана кітап бар. Шын мәніндегі қазына, міне, осы! Жас жеткіншектеріміздің, жатарымыздың ауыл кітапханаларында отырып-ақ төрткүл дүниеге хабар алуына мүмкіндіктері бар.
Аймақта осымен байланысты ауқымды жұмыстар биыл да қызу өрістеді. Ашық аспан атындағы алып мұражай – көне Тараз қаласының орны аршылуда... Дәуітбек, Қарахан кесенелері маңынан тағы бір киелі орын – мешіт ғибадатханасының орны табылуы да ғыфлыми әлеуетті таңғажайыптарға кенелтуде. Бұл жәдігерліктің өлкемізде ислам дінінің қалыптасып, дамуы тарихын ХҮІІІ ғасырдан да әріге ұзартатын түрі бар. Меркі қалашығының оңтүстік-шығыс бөлігіне жүргізілген археологиялық жұмыстар өзінің мәресіне де жетті. Ал бұдан 2000 жыл бұрын өлкеміз ежелгі өркениеттің түпқазығы болғандығы жөнінде құнды атарихи айғақтар табылған Ақыртас кешенін ғылыми зерттеу одан әрі жемісті жалғатырылуда. Облытық тарихи-өлкетану мұражайының Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институты ғалымдарымен бірлесе Байзақ ауданы аумағындағы Қостөбе, Құлан өңіріндегі Өрнек, сондай-ақ, Төменгі Барысхан, Ақтөбе ортағасырлық көне кенттері мен Қожабала, Ботамойнақ тағы да басқа оба-қорғандары орындарына жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған аса құнды тарихи материалдар біздің жергілікті өңірлерімізде ықылым замандардың өзінде мәдениет пен сәулет өнерінің айрықша дамығандығын тағы да бір дәлелдеп берді. Міне, осындай туған өлке құндылықтарына оы жуырда ғана пайдалануға берілген және бір жәдігерлік орны – Тараз мұражайының да тақиясына тар соғып тұр! Облысымыздың мәдени-тарихи, археологиялық, сәулеттік ескерткіштері туралы толыққанды деректер жинақталған Интернет-беттер ұйымдастыру да ойластырылуда. Бұл – көп өтпей-ақ, біздің бірегей мәдени нысандарымыз жөнінде Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі де жас қала – аразға меймандыққа келген алыс және жақын шетелдер азаматтарының қай-қайсысы да жан-жақты құлағдар болады деген сөз.
Бүгінгі күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алтын қорында сақтаулы тұрған көне түркі дәуірінің баға жетпес асыл жәдігерлері – тас мүсіндердің (балбал тас) аса көптігі де көп жайды аңғартса керек-ті. Міне, осы жауһар мұраларымыз аймақааралық көрме жобасы аясында Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы мұражайға да қойылып көрсетіліп, Астана жұртшылығының көзайымына да айналып отыр. Осы тасмүсіндер мұражайы еліміздегі бірегей сақтау орны екені де көпшілікке аян. Ықылым заманғы көрнектердің (экспонат) Шу, Талас бойынан, Меркіден, Құланнан әкелініп қойылғанын біреу білер, біреу білмес. Бұл бержағы ғана. Қасиетті де киелі Әулиеата өңірінің аумағында, кең-байтақ даласы мен тау-шатқалдарының қойнауында - жеті қат жер астында әлі қаншама құнды мұраларымыз жарқ етіп көрінер мезетін күтіп, көмулі күйінде жатыр десеңізші!
Ал күмбездер, оба-қорғандар, қорымдар шертетін сыр-шежірелер ше... Алып Ер Тоңа (Афрасиаб), Еділ (Аттила) батырлар рухы, Андронов, сақ-скиф, көне түркі мәдениеттерінің үзігі, заманалар демі, сахара сарыны өзтаным лұғаты болып тарихтың терең қойнауларынан жеткен күмбір-күмбір үн, қас-сақ аңқымасы... бебеу қаға cарнап, тегіне тартып туған, төл тарихына бүйрегі бұратын жас ұрпақтың жадында жаңғырғалы жақындап келеді. Көкжиек жақын, әлеумет!
Достарыңызбен бөлісу: |