Бақытты тұлғаны тәрбиелеу процесінде мұғалімнің рөлі
Бүгінгі эссемді «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деген Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының қасиетті сөзімен бастағым келіп отыр. Өзі өлсе де, артына өлмейтұғын сөз қалдырған қайран асылдарым десеңші... Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қадір-қасиеті мол, мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, дәл қазіргі қоғамда қолданатындай деңгейде тұр. Бақытты тұлғаны тәрбиелеу үшін де мінезің жақсы болуы керек. Университеттегі ұстаздарыма қарап, көп нәрсені санама түйіп, бой түзеймін. Ұстаз – ана, ұстаз – әке, ұстаз – отбасың, ұстаз – психолог, ұстаз – кемеңгер, ұстаз – дана әрі дара тұлға. Демек, ғылыми-шығармашылық ізденістегі қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде шын мәніндегі хас талантқа өршіл рухты мінез қажет. Бақытты тұлғаны тәрбиелеуде мұғалімнің алатын орны ерекше. Себебі, тұлға тәрбиелеу ата-анадан, отбасыдан бастау алғанымен, мектептік, университеттік кезеңдерде бірден-бір оң бағыт беруші ол – ұстаз. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер деген мақалдың жалғасын мен ұстаз көрген инемен құдық қазар деп жалғастырар едім. Себебі, мықты, білімді, тәжірибелі, жаңашыл, еңбекқор ұстаздан тәлім алған адамның өмірде өз орнын сүрінбей табатынына кәміл сенемін. Неге дейсіз ғой? Өйткені, қазіргі қоғамда өзін-өзі дамытып, білім алу жолында аянбай тер төгіп, еңбек етіп жүрген жастардың қатары мол. Ал, сол жастардың осындай шыңдарға жетуі ұстаздың арқасы деп білемін. Адамзат қоғамының даму сатысының қайсында болмасын мұғалімдік кәсіптің атқаратын рөлі ерекше жоғары бағаланған. Біз жастар осынау білім алу жолында, уақытты барынша тиімді пайдаланып, білімге аш қасқырдай ұмытлып, білім деген биік таудың ең шыңына жетсек арман бар ма?! Болашақ та жастардың қолында екенін ескере отырып, Мағжан атамыз артқан үміт пен сенімді ақтауға сөз береміз. Болашақта педагог маманы болған кезде бақытты тұлғаны тәрбиелеу процесінде ұлттық сананы, дүниетанымды қалыптастырып, олардың өмірден өз орындарын табуларына бағыттаймын. Оқушылардың шығармашылқ қабілеттерін дамытуға жағдай жасайтын, білімді шығармашылықпен қабылдауға деген ұмтылысын дамыта алатын, өз бетінше ойлауға үйрететін, материалды оқу барысында өз бетінше сұрақ құрастыра алатын, өз ойын толыққанды жүзеге асырылатын жұмыстарды жасаймын. Ұстазға тән барлық қасиеттерді өз бойыма жиыстырып, тұлға тәрбиелеудегі жауапкершілікті мүлтіксіз атқарамын деген ойдамын.
Серикова А.А Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 6В01502 «География-Тарих» мамандығының 1 курс студенті.
Достарыңызбен бөлісу: |