ХХ ғасырдан бастау алған қазақ драматургиясындағы туындылар классикалық әдебиет үлгілері болып саналатын құнды шығармалар. Атап айтсақ, «қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесала ры ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және т.б. кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты» [2].Ал тәуелсіздік жылдарынан басталатын қазіргі қазақ әдебиетіндегі драмалық шығармалар дәстүр мен жаңашылдықты қатар алып, өзіндік поэтикасымен, терең мазмұнымен ерекшеленіп отыр.
Белгілі ғалым Р. Нұрғалиевтің: «қазақ драматургиясының бүгінгі жаңалықтарын, даму тенденциясын бағдарлағанда мазмұн мен форма арасындағы диалектикалық байланыс күрделілігін ерекше еске тұта отырып, бірнеше салаға жеке-жеке назар аударып, түйінді мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Көркемдік құралдар, әдеби дәстүрлер оп-оңай, тез өзгере салуға ырық бермейді, алайда, суреткердің дүние танымы, тақырыпқа келуі, бейне жасауы бұл орайдағы құбылыстар, түптеп келгенде, болмыстың, өмірдің ағымынан жырылып, томаға тұйық қала алмайды» [3,272] деген көзқарасын назарға алсақ, дәстүр мен жаңашылдық қатар көрініс тапқан қазіргі қазақ драматургиясының даму қарқынындағы көркемдік әлем өзіндік сипатқа ие.
Қазіргі заманда драматургия мен театр күрделі уақытта өмір сүрген қазақ елінің өмірінен ерекше орын алатын көркемдік игілік, эстетикалық байлықтардың бірі Бұл күнде драматургия саласында Д. Исабе ков, Қ. Ысқақов, Ә. Тарази, Т. Нұрмағанбетов, С. Балғабаев, И. Оразбаев, И. Сапарбаев өнімді еңбек етуде. Ал аға буынның ізін жағастырып жүрген қазіргі қазақ драматургиясының өкілдері С. Асылбеков, Е. Аманшаев, Р. Мұқанова, Р. Отарбаев, Е. Жуасбек, Т. Жандәулет және т.б. Дәуірдің көркемдік санасы оның өзіндік поэтикасынан көрініс табатыны белгілі. Қазіргі әлемдік әдебиеттану ғылымында поэтика мәселесі айтарлықтай қарқынды зерттелгенімен, әлі күнге дейін бұл ұғымның нақты анықтамасы жоқ. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде поэтикаға «поэтикалық қызметті, оның көрінісін, формасы мен түрлерін зерттейтін ғылым» ретінде анықтама береді. Ал «Қысқаша әдебиеттану энциклопедиясында» поэтика – «әдебиеттің құрылымын, жанрлар мен түрлерді, ағымдар мен бағыттарды, стиль мен әдістерді, көркемдік тұтастықтың түрлі дәрежедегі қатынастары мен ішкі байланысының заңдарын зерттейді» делінген . Орыс әдебиеттанушысы М. Поляков «шығарманың көркемдік мәнін құрайтын заңдылықтар, ережелер мен нормалар поэтиканың негізі» десе, Я. Мукаржовский поэтика «тек шығарманың поэтикалық техникасы туралы нормативтік ғылым ғана емес, сондайақ поэтика – поэтикалық өнердің эстетикасы мен теориясы» деген пікір айтады. Сонымен қатар әдебиеттанушы ғалымдар поэтика деген мәселені қозғағанда жекелеген шығармалардың, автордың, көркемдік жүйенің, жанрдың, сюжеттің, стильдің және т.б. поэтикасы туралы айтады. Бұған дәлел ретінде О. Фрейденбергтің «Поэтика сюжета и жанра», Я. Пропптың «Морфология сказки», М. Бахтиннің «Проблемы поэтики Достоевского», Н. Рымарьдің «Поэтика романа» сияқты еңбектерін атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |