Қазірғі қазақ прозасындағы постмодернизм
«Расында да қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма?» деген сауалға әртүрлі жауаптар беріліп жүр. Ол пікірлерде бірізділік байқалмайды. Жалпы, постмодернизм 1970-80 жылдары негізінен Батыс елдерінің мәдени-рухани өміріне қатысты айтылатын. Постмодернизмнің кешегі кеңестік елдер әдебиетіне байланысты сөз бола бастауы 1990 жылдардың еншісіне тиеді. Бірақ постмодернизмнің тұжырымдамасы толық аяқталып, анықтамасы қалыптасып біткен деуге негіздер әлі жоқ. Профессор Бақытжан Майтанов модернизм мен постмодернизмді бір-бірімен сабақтастыра зерделей отырып, аталған ағымдардың алғашқы белгілерін XX ғасырдың алғашқы ширегінен бастайтыны белгілі. «Саттар Ерубаев пен Сәке Сейфуллин туындыларындағы интертекст, реминисценция, авторлық тұлғаның еркіндігі көзге ұрса, 1960-1970 жылдардағы қазақ прозасында Тәке Әлімқұлов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағанбетов т.б. туындыларында қалыптағы жағымды, жағымсыз тұлғалардың орнына жан дүниесі мен сыртқы ортаның алшақтығына байланысты дәстүрлі этномәдени талаптар үшін оғаш қылықты «өзгеше» кейіпкерлердің пайда болуы, сайқымазақ (пародия) элементтерінің кездесуі, шартты түрдегі түсініксіздік, «қара» юмор нышандары постмодернистік дүниеге келгенін аңғартты» [1], – дейді ол. Ғалым қазақ прозасындағы постмодернизмнің тұрақты орын теуіп, ағымдық мән иелене бастауын XX ғасырдың соңы және XXI ғасыр басында туған шығармалармен тығыз байланыстырады. Атап айтқанда, Роза Мұқанова, Аслан Жақсылықов, Асқар Алтай, Дидар Амантайов сынды жазушылардың шығармаларында жаңа поэтикалық өлшемдер анықталады.
«Қазақ әдебиетінде постмодернизм құбылысына екі түрлі көзқарас бар. Бірі – постмодернистік ұмтылыстарды жақтаса, екінші топ – жаңашыл ізденістер әдебиетте бұрыннан бар, постмодернизм ұлттық құндылықтарға қарсы шығады, жаһандау дәуірінде ұлт әдебиеті жұтылып кетпеуі үшін оны әспеттеудің қажеті жоқ дейді. Постмодернизм әр елдің әдебиетінде қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық факторларға сәйкес өзіндік ерекшеліктерімен дамыды деуге болады. Ол еуропалық елдердегідей қазақ әдебиетінде тұтастай бағыттық сипат алып кете алмады. Дегенмен, қазіргі қазақ прозасында, әсіресе, жастар шығармашылығында постмодернистік таным іздерін жоққа шығара алмаймыз» [2 ] - дейді фиология ғылымдарының докторы, ғалым Құралай Жанұзақова. Сонымен, жоғарыда аты аталған авторлардың бірнешеуіне тоқталып өтсек: М.Мағауиннің кейінгі жылдары жарық көрген әңгімелерінен постмодернизм ағымының элементтерін көптеп ұшыратамыз. Қаламгердің «Екеу», «Қасқыр–Бөрі» әңгімелерінде, «Жармақ» романында жаңаша ізденістер бар екенін байқаймыз. Жазушының «Екеу» әңгімесінде кейіпкерлердің аты (есімі) мүлдем аталмайды. Бірден оқиғаға енесіз. Дәстүрлі шығармалар сияқты басталу орны немесе алдымен кейіпкерлерінің жағдайымен таныстыру деген ниет авторда байқалмайды. Ішкі монологпен басталады. Яғни әйел кейіпкердің анығын білмейтін тұман ойы. «Бір көрген – біліс...» – депті қазақ. «... Екі көрген – таныс». Бір емес, екі емес... осы жеті жыл ішінде жетпіс рет... көріпті. Бәлкім, жүз. Алайда, білемін деп те, танимын деп те айта алмас еді. Аты кім? Жөні қайдан? Кім болған, не істеген? Бүгінгі шаруасының мәнісі неде? Бәрі де күңгірт. Күңгірт емес, мүлде беймәлім. Тек қазіргі кәсібі туралы ғана бұлдыр елесі бар. Әлде бизнес, әлде билік. Әлде қожайын, әлде қызметші. Әйтеуір, тыныштығы кем. Ал уақыты... тапшы. Тапшының өзінің тақыры» [3, 216]. Бұл жерден біз шығармаға енбес бұрын біраз жайға қанық боламыз. Беймәлім, күңгірт әлемде өмір сүріп жатқан кейіпкеріміздің бұлай дүдәмәл ойда жүруі де заңды құбылыс. Постмодернистік шығармалардағы кейіпкердің ішкі қалтарысындағы өзі шешімін таба алмас ситуациялардың көптігін ескерсек, онда бұл құбылыс шығарманың басында-ақ өз көрінісін беріп үлгерді дей аламыз. Енді автор оқиға ізімен жүруге бекінеді. Жоғарыдағы бейтаныс кейіпкерімізбен ойдың иесі екеуінің қалай жолыққандарын немесе кездескендерін сөз етеді. Автордың кейіпкерлерін театрда кездестіруінің өзі, персонаждарының жоғары мәдениетті екендігін аңғартады. Сондай-ақ театрға кіріп келген беттегі әйел кейіпкердің ешкімге білдірмей өзі ғана сырттай топшылаған ойын автор өз атынан шебер баяндайды. Оны шығарманың мына жерінен байқаймыз «... бұлардың жас кезіндегі қаптаған халық көрінбейді. Жартысынан артығы бос. Және келген жұрт түгел егде, егде болмаса да, тоқталған адамдар. Жастар атымен жоқ.» [3, 216]. Жазушының ситуацияны берудегі шеберлігін жоққа шығара алмаймыз. Олардың бір-бірімен кездесуінің өзі белгілі бір жағдайларды баяндап отырады. Жалпы, шығармадағы монологтар негізінен кейіпкерлердің диалогтарынан да көрініс береді. Кейіпкерлердің ойлары полифонияда шешімін тауып жатады. Автор диалогтардың барлығын дәстүрлі өлшеммен емес, авторлық баяндау үлгісінде бағыттайды, тек мәтін ішінде тырнақшалар арқылы ғана ажырататындай етіп береді. Мұның барлығы М.Мағауиннің «Екеу» әңгімесінен постмодернизмнің нышандарын байқатады. Кейіпкерлердің атының аталмай жұмбақ болуы, олардың (еркектің) айналысатын кәсібінің белгісіздігі, дәстүрлі әдебиеттегі көркем шығармалардағыдай тәлім-тәрбие берушілікке емес, сонымен бірге тұтас бір оқиғаның көрінбеуі, диалогтардың мәтін ішінде ажыратылмай келе беруі, аллюзияның, полифонияның, күңгірттіктің басым болулары және ирониямен берілген тұстардың көптігі, шығарманың шешімінің түсініксіздігінен шығарманы постмодернистік тұрғыда жазылған деп айтуымызға болады. Келесі постмодеристік үлгіде жазылған шығармалардың бірі М.Мағауиннің «Қасқыр – Бөрі» әңгімесі дер едік. Бұл әңгіме әдеби-эссе іспетті. Алайда, астарлы ойы тым тереңде жатқанын байқаймыз. Жазушы әңгімені дәстүрлі үлгіде жазғанымен постмодернизмнің элементтерін шебер пайдаланған. Шығарманың атауы айтып тұрғандай қасқыр жайлы әңгіме қозғалады. Бірақ ол жұрт үдере қорқып, жау санайтындай қасқыр емес. Бөрі кейіпке енген рухты бөрі жайлы. Автор постмодернистік шығармалардағыдай түсіксіздікке жол бермеген, дегенмен оқырманның күдікте қалатынын алдын ала біліп, оны да назарынан тыс қалдырмайды. Ең әйгілі постмодернист Аргентиндік Хорхе Луис Борхес «Пьер менар, автор Дон Кихот» атты әңгімесінде Сервантес романының кейбір тарауларын ешбір әрпін өзгертпей, қайта жазған болса, М.Мағауинда осы шағын ғана әңгімесінде тек тақырыбын өзгерту арқылы алдыңғы берілген жолдарды еш өзгертпестен сол қалпында алдыңызға қайта қойып, бағзы заман мен қазіргі жайдың рухани күйін тайға таңба басқандай етіп анықтап суреттеп береді. Яғни паралеллизм арқылы (түсініксіздікті жою үшін) оқырман санасына әсер етуді көздейді. Жоғарыда айтқан әйгілі постмодернисіміз Х.Л.Борхес: «Дон Кихот өзі туралы романның оқушысы, ал Гамлет өзі туралы драманың көрермені болуы әбден мүмкін» деп санайды екен [4, 66]. Олай болатын болса әйгілі жазушы М.Мағауиннің «Қасқыр-Бөрі» әңгімесі қазақтың өзі туралы жазылған шығарма дер едік. Біздің санамызда тотемдік белгіміз арыстан немесе жолбарыс емес ол әрине «Бөрі». Өйткені, «арыстан – сес пен күш, жолбарыс – еп пен қуат, бірақ шене, құрт – жүрек пен рух», – дейді жазушы ағамыз. Ал қасқыр осы шене мен құрттан пайда болды. Кейін осы екеуінің екі түрлі екенін де аша түседі . Осыны шығарманың жалпы мазмұнына арқау еткен жазушы түрлі әдеби ойындарды бірлестіре отырып оқырманның ой адасуынан қашқан. Автор осы ойынның иесі болғанымен, ол қолындағы маскаларды, көріністерді, тарихи жағдайларды бере отырып, олардың орындарын ауыстырушы болып табылады. Диалогтардың дәстүрлі шығармалардағыдай емес, мәтін ішінде тіке бағытта кететін тұстары да баршылық. Жазушының әңгіме бөлімдерінің тақырыптарын ауыстырып отыруын бір жағынан әңгіме ішіндегі әңгіме деп айтуымызға болады. Мәтін ішіндегі мәтін құрылымы интертекстік байланыстардың ерекше типтерінің бірі екенін тілші ғалым А.С.Адилова өз еңбегінде ескерте отырып, роман ішіндегі келтірінді роман жайында мынадай пікір білдіреді: «...роман ішіндегі роман-құрылымы, жанры, көтерген мәселесі тұрғысынан бір-біріне ұқсас, яғни ақпарды беру коды бірдей екі мәтіннің бір шығарма ішінде қатар келуі. Мұнда автор мен кейіпкер романы қатар өріліп, олардағы мазмұнды-астарлы және мазмұнды- концептуалды ақпар параллель беріліп, бірін-бірі толықтырып отырады. Ал романда «дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-қатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарама-қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуға тиіс» екенін ескерсек, роман ішіндегі роман типтес интертекстуалдылық құрылымдық тұрғыдан да, семантикалық жағынан да аса күрделі, түсінілуі қиын болып келеді. Бұл жағдайда келтірінді роман оқырман үшін автордың өз романы семантикасын метасипаттау болып табылады. Бұл келтірінді роман кейіпкердің әдеби шығармасы болғанмен, сөйлеу субъектісінің өзгеруі – шартты, яғни роман ішіндегі роман ішкі интертекстуалдылық деп саналады», – дейді [5.,97]. Романның ауқымы әңгімеге қарағанда кең дәрежеде болғанмен де, роман ішіндегі келтірінді романның сипаттамасы әңгіме ішіндегі әңгіме құрылымына да толықтай жауап бере алады. Әңгімедегі келтірінді мәтіннің (бірінші бөлімнен басқасының) континуумы (уақыт пен кеңістіктің жалпы атауы) шектеулі болғанмен, оның концептуалды-мазмұнды, концептуалды- астарлы ақпарының құндылығы алдыңғы автор баяндаған «Қасқыр» бөліміне қарағанда өзекті әрі бағалы. Біз қарастырып отырған М.Мағауиннің шығармасында да мәтінді жалғастырудың көрінісі бар. Бірақ ең басты ерекшелігі М.Мағауиннің бұрынғы бар мәтінді жалғастыруы емес, қайта осы әңгіменің жалғасын елу жылдан соң немересінің роман-эпопеяға айналдырып жазатындығын ескертуі. «Ал, әңгіменің роман-эпопеяға айналғанын, менің немерем Бату биікке көтерген жаңа нұсқасын елу жылдан кейін оқисыз. Тек... сол ерекше шығарманың аты да «Қасқыр» болып шықпағай... Қауіпсіздік шарасы ретінде «Бөрі» атауын біржола бекітеміз. Әңгімеміздің аты – Бөрі», – дейді жазушы ағамыз. Бұл автордың қазақ рухын болашақта бағзы «Бөрі» кейпінде көрінсе деген ниетінің көрінісі. Әңгіме ішіндегі әңгіме оқиғалары бір-бірін толықтыратын мәтіндер арқылы белгілі бір жүйелілікпен орналасады. Кейінгі «Қасқыр» аталатын бөлімнің орнын «Бөрі» бөлімі басатынын қаламгер шебер айта келіп, оны (кейінгі «қасқыр бөлімін») автор астарлы мағынамен, ирониямен жоққа шығаруды көздейді. Тұжыра айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетінде әлемдік әдеби үдерістегі постмодернизм ағымының теориясымен жазылған туындылардың бар екендігін байқаймыз. Бұған ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі М.Мағауиннің жекелеген шығармаларын талдау барысында көз жеткіздік деп ойлаймыз. Ал, постмодернизм құбылысы әлі күнге әдебиеттанушы ғалымдарымыз тарапынан іргелі зерттеуді қажет етіп отырған өзекті мәселе.
Келесі Дидар Амантай – қазіргі қазақ прозасында постмодернистік шығамаларымен көзге түсіп жүрген жазушы. Сондықтан болар қазіргі таңда Д. Амантайдың туындыларына екі түрлі, бір-біріне қайшы келетін көзқарас қалыптасқан: бір топ – оның тілі қасаң, шығармаларының көркемдігі төмен, мағынасы ауыр, кірме эпизодтар мол, түсіну қиын деп жатса, екінші топ – туындылары астарлы, алыстан орағытады, философиясы терең, көп қабатты, ойы күрделі деп мақтап жатады. Қазақ прозасындағы постмодернизмді зерттеуші Л. Сафронова жазушы болмысының көп қырлы екенін, оның модернистік идеологияны ағартушы, суреткер-реалист, сонымен қатар суреткер-романтик, эстет позицияларын қатар ұстанатынын атап өтеді [6., 90].
Суреткер мен ол қабылдамаған қоғам арасындағы күрделі қарым-қатынас Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романына арқау болған. Шығарма әдеби сында қарама-қайшылықты пікірлер тудырды. Дулат Исабеков бұл шығарманың толыққанды «роман еместігін» тіке айтып, көркемдігі жетімсіз, ойға ғана құрылған, емеуріні тым көп шығарма ретінде бағалайды. Г. Бельгер әдеби сында жалпы Д. Амантай шығармашылығына түрлі көзқарастардың қалыптасқанын, тұтастай алғанда, «Гүлдер мен кітаптар» романының «астар мен толғаныс, үзілген сөз, мозаикалық баяндауға, бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға» құрылғанын айтады. Әрине, бұл бір жағынан шығармаға құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен, ізденістерімен де ұштасып жатыр. «Гүлдер мен кітаптар» романын көлемі шағын, бірақ конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін күрделі шығарма. Жазушы шығармалары оқушысына «осы қалай» дегендей ой салуы мүмкін, алайда қарабайыр тілмен суреттелген репортаждық көріністер, ақыл айтушылық, ежіктеп кету, керекті-керексіз көп ой тықпалау да көрінеді. Роман сюжетіне келер болсақ, бас қаһарман Әлішер есімді жазушы жігіт үлкен кітап жазу мақсатын алға қояды. Шығармада қатар жатқан қос әлем бар – Әлішерге қатысты бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің көне тарихын қозғайтын өткен күн оқиғалары кезектесе дамиды, яғни сақ өркениеттері мен бүгінгі мегаполис болмысы иық түйіскен [7, 3]. Романның алғашқы «Әлішер» тарауы бүгінгі күні, яғни жиырма бірінші ғасырда Әлішердің ойындағы кітабын жазып бітіруге бар жанымен құлшына кіріскен қаракетінен, түсінен басталады. Тәңіріні іздеп жүрген Әлішердің бүкіл ойы – қалайда өз бетінше жол салған, өзгеше өлшемді «Тәңірі кітабын» жазып бітіру. Ол түркілерден өсиет болып қалған тәңірінің шежіресінде Дала мен Қыпшақ мәдениетіне әсер еткен философиялық жүйелер, діни ілімдер мен көне аңыздар, қаһармандық жырлар көрініс табуы қажет деп ойлайды. Бірінші әлем қаһарманның кітабында көрініс табатын, оның санасында бейнеленіп жатқан көне түркілердің тарихын, аңызды қозғайды. Сол кітапты жазу барысында қаһарманның күдік пен күмәнға толы сергелдең күй кешуі, өмірде жолы болмай, жалғызсырауы, өзі көңілі толмайтын, тіпті түңілетін күнделікті өмірі, таныс және бейтаныс сан алуан адамдармен кездесуі, әңгімелесуі екінші әлеммен, яғни бүгінгі күн бейнесімен байланысты.
Жазушы жігіттің рухани ізденістері, өмірлік мұраты – өзінің түп негізін табуға бағытталған. Қазіргі қоғамдағы қатыгез тіршілік тауқыметінің азабын тартып жүрген жазушы Әлішер өз кітабында көне түркілердің сонау ерте замандардан бастап осы кезеңге дейінгі жалғастығын, үзіліссіз тарихын сомдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Романның екінші желісі де жазушының осы ұмтылысы жүзеге асқан тарихи аңыз сілемдерімен байланысты дамиды. «Мұса», «Ғайса», «Мұхаммед», «Заратуштра», т.б. тарауларында қазақ даласына келіп орныққан діндердің тарихына шолу жасайды, түркілер арасындағы алғаш пайда болған күнә, өлім, т.б. рухани категорияларға негізделген аңыздарға иек артады.
Дидар Амантай романын зерттеушілер модернистік және постмодернистік эстетикамен ұштастырады. Ғалым Бақытжан Майтанов: «Автор баяндау барысын күлт үзіп, кенет күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеуге көшеді... Д. Амантай шығармаларында аллюзия, интертекст, реминисценция және «сана ағымының» автор еркіндігімен сабақтас түрі елеулі философиялық, тұрмыстық, эзотериялық мәселелерді постмодернистік поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль атқарады» – дейді [8, 65]. Жазушы шығармалары түрлі туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Дәстүрлі мағынадағы сюжет үлгісі кездеспейді. Қаһарман бүкіл әлемде өзін жалғыз сезінгенде, өмірден баз кешкенде, оның басты серігі, көңіліне медет тұтары – кітаптары мен гүлдері.
Жалпы «Гүлдер» тарауы көлемі жағынан шағын болғанымен, мұнда эссеистикалық, публицистикалық толғамдар, гүлді күтуге байланысты натуралистік ақыл-кеңестер де араласып кеткен. Сонымен қатар «Кітаптар» тарауында автор әлем әдебиетінде танымал жүз шақты кітаптардың тізімін санамалайды. «Қаламгер» тарауында да жазушыларды атап шығады. Шығарманың екінші бөлімінде түркілердің ежелгі тарихы, олардың пайда болуы туралы жиырма бес жыр кірістірілген. Бір жыр – ойлары үтірлермен бөлінген бір сөйлемнен тұрады» дейді автор. Әрине, бұны постмодернистік танымнан тамыр тартқан автордың рухани тәжірибесі деп бағалауға болады. Жалпы жазушы дәстүрлі стильден кейде саналы түрде бас тартып, әдеби эксперименттерге барады. Романның қаһарманы Әлішердің бойынан жазушының жеке тұлғасы бой көрсетеді. Автордың демі, тынысы, көзқарасы айқын сезіледі. Дидар Амантай шығармада мәні мәңгілік мәселелерді сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Әлішер өмірдің мәні, тұлғаның кемелденуі, жетілуі, моральдық принциптер мен болмыстың мәңгілік заңдылықтары турасында сергелдең ойға беріледі. Әлішер бір жағынан әлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан ол «постмодернистік» дәуірдегі адамның рухани құлдырауына, азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның жалғызсырауы туады. Қорыта айтқанда, Д.Амантай өзіне дейінгі әдеби дәстүрдің көркемдік жетістіктерін игере отырып, жаңашыл ізденістерге, экспериментке ұмтылады. Қаламгер «Гүлдер мен кітаптар», «Мен Сізді сағыным жүрмін», «Тоты құс түсті көбелек» т.б. прозалық туындыларымен әдебиетке жаңа тақырыптар мен идеяларды, жазудың тың тәсілдерін алып келді. Қаламгер шығармаларында психологиялық тереңдікпен қатар сергелдең сезімдер мен күдік-күмәні көп трагедиялық сарындардың, мазасыз ойлардың жарыса жүргенін байқаймыз. Әдебиетіміздегі адам болмысы мен жаратылыс жұмбақтары сынды бұрыннан келе жатқан мәңгілік мәселелерге жазушы енді жаңа қырынан келіп, ең алдымен, адам мен әлемнің қарым-қатынасына постмодернистік таным тұрғысынан философиялық терең мән жүктейді.
«Постмодернизм бұрынғы қағидаларды жоққа шығаруға тырысады», - дейді дейді қазақ зерттеушісі Әуесхан Қодар [10. 6]. Дидар Амантай романдары осы мақсатты ұстанады. «Құдайлар қайтыс болмайды» романы – Ф.Ницщенің «Все боги умерли» деген сөзіне дау болса, «Шайыр мен шайтан» романы – Ф.М.Достоевскийдің «Крамота спасет мир» деген қағидасына қарсы шығу, Осы айтылғанның бәрі Дидар Амантайды «постмодернист», яғни ол құбылыстың қазақ әдебиетіндегі көрінісі деп қарастыруға болады.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзіндік ізденісімен көрініп жүрген жазушылардың бірі – Асқар Алтай. Оның да кейбір туындыларының постмодернизмге жақын екенін байқаймыз. Әдебиеттанушы ғалым Бақытжан Майтановтың пікірінше «Кентавр» әңгімесіндегі мифопоэтикалық ойлау жүйесі қазіргі экосоциологиялық проблемаларды бейнелі, астарлы түрде ұштастырған идеологеманы құрайды. Сондықтан бұл әңгімені постмодернистік шығармалардың қатарына қосқан. Одан бөлек қаламгердің «Казино» жинағына енген «Түсік» әңгімесі да постмодернисттік ерекшелікке ие. Жазушының біраз шығармалары дәстүрлі әдебиеттегі реализм түрінде жазылған болатын болса, «Түсік» әңгімесінде «фантастикалық реалды» әлеміне өтеміз. Мұнда шығарманың негізгі оқиғасын автор мәтін ішінде түсті беру арқылы іске асырады.
«Мәтін ішіндегі мәтіндердің бір типін көркем шығарма құрылымындағы күнделіктер, суреттеліп отырған жағдайдың таңбасы ретінде танылатын түс, кейіпкердің айна арқылы көрінетін егізі (двойник) құрайды.
Бұлардың бәрі де көркем шығармада баяндалып отырған жағдайдың таңбасы, белгісі немесе коллажы деп есептеліп, автордың өзі емес, басқа субъект арқылы суреттеледі. ...Кейіпкердің түс көруі семиотикалық тұрғыдан интертекст деп есептеледі». Сондықтан да шығармадағы кейіпкердің түс көруін мағыналық жағынан интертекст деп атағанды жөн көрдік.
Ескерте кететін жайт постмодернизмде мәтін рөлі өте жоғары. Қазақ әдебиетіндегі постмодернистік мәтін жайлы Әуезхан Қодар: «Постмодернизмдегі интертекст, гипертекст туралы мәтін автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз» – десе, профессор Бақытжан Майтанов та мәтін жайында сөз қозғап, «интертекст, гипертекст, мәтіннің астарлы ойы (подтекст)» деген ұғымдарды атайды [8].
Көркем шығармадағы берілетін түс жайлы тілші ғалым А.С.Адилова былайшы пікір білдіреді: «...автор және оқырман үшін түс – өзі енгізіліп отырған мәтіннің оқиғаларын жанама түрде түсіндіретін яки сипаттайтын, интерпретация жасауға көмектесетін метатекст.
Қаламгер өзі айтпақ, жеткізбек болған ақпарды түспен вербалдайды, ал оқырман негізгі мәтіндегі және түстегі оқиғаларды қатар қойып, салыстырып, ассоциация нәтижесінде тұтас мәтіннің астарлы, концептуалды мазмұнына жетеді. Түс арқылы жазушы өз кейіпкеріне де, оқырманға да суреттеп отырған жағдайын түсінуге көмек жасайды» [6], – дейді.
Асқар Алтайдың «Түсік» әңгімесі шағын-шағын үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі авторлық баяндаудан, яғни әңгімеге пролог іспетті. Пенде түсінде түсік (ұрық) көреді. Жатырдың ішінде түсікке айналған тамшы емес адамның хал-жайы, кейіпкердің өзі суреттеледі. Шығармадағы түстің символдық мәні де үлкен. Себебі, символды жан-жақты қазбалап көрсетудің қажеті шамалы. Ал, суреткердің әңгімесіндегі жатыр ішіндегі ұрық адамдарға белгілі жайт. Мәтіндік астармен негізгі ойға, көркем шығарманың тұтастығына септігін тигізіп тұрған да осы – түс.
«Түлен түртті пендені...
Түсінде түсік көрді. Түсік – түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.
Жүзіп жүрген мекені – жатыр (кәдімгі әйел затының жатыры). Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда, көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербеледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды» [9., 125]. Ары қарай түсікке айналған адамның сана-сезіміндегі алғаш ойлаған ойлары рет-ретімен беріледі.
Оқырманға тым түсініксіздеу болмау үшін бұл жағдайға персонаждың қалай тап болғандығын әңгіменің екінші бөлігінен көреміз. «Пендеге тән түлкі бұлаң тірлік кешкені рас. Түсікке айналмай тұрып жалғанды жалпағынан басты ғой, шіркін! Шіркіннің шылауына кім ілінбеді, шаңына кім ілесе алды?..
...Жігітшілік жолында жұмақ кешті. Қыз-қырқын ырғын еді. Ырғында ырып жүрді. ...Жұрт жел жағынан жүрмейтін, оң жағынан күңкілдейтін күйге жетті. Оның соңы – Биболдың Балкенжедей жас қызға «бүлдіргі» салғаны.
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей, Балкенжеден бойына бітіп қалған шарана туралы естігенде Бибол «бүлдіргі» деп бұрқанған. Бір «бүлдіргі» аз саған дегендей, Санабике (әйелі) құрсағы да құр қалмапты. Үш бала аздай тағы бір «топалаң» түсіпті. Енді бұл екі оттың ортасында қалды», – деген автор баяндауының өзін түспен астасып жатқанын келесі сөйлемдерде білдіртеді. «Өң мен түс астасып кетті. Ақыры бірін болмаса бірін түсіртіп тастауға бел байлайды. Түсікті көзі көрмесе де, керең болғыр құлағы естіп, көңілі нілдей бұзылған».
Автор осы тұста кейіпкерінің әйелі Санабикемен және ашынасы Балкенжемен болған диалогында олардың Биболға (әңгіменің қаһарманы) деген ойларын эксплицитті, ал өзінің кейіпкеріне деген ащы мысқылын (ирония) имплицитті түрде береді.
«– Сен баяғы сары қарын, салпы етек ауылдың қатыны деп тұрсың ғой... Оқымаған надан деп тұрсың ғой... Оқымасам – оқымадым. Ал қайтейін деп едің? Сен асырап отырмысың? Сен емес, мына мен асырап, мына мен адам қылып отыр емеспін бе?! О-о-о, сорлы, сорлы!.. Табамын!.. «Ұл-ұл» деген тіліңді тыямын! Ха-ха-ха! ...Білем сені, білем!
Тағы салдақыларыңа кеттің ғой... Байлықтың буына, жезөкшелердің суғарғанына семіріп жүрсің. Келерсің... көзіңе көк шыбынды үймелетермін. Ағаларым аман болсын!». Жылбысқаны алдыртып тастасаң деген емеурініне әйелінің берген жауабынан Биболға деген көзқарасын байқаймыз.
Қаламгер кейіпкердің түсікке айналмай тұрғанындағы тіршілікте істеген істерімен оқырманды таныстырған соң, түлен түрткен пенденің түсікке айналғанына қайта оралады.
«Түсік түнемеге ес жиды...»
Әңгімедегі бұл жағдай фантастика болғанымен, біз автордың қиялына сүйсінбеске шарамыз жоқ. Одан әрі, ес кірген түсік пенде Тәңіріге жалбарынады.
«– О, құдіреті күшті Тәңірім! Мендей түсік пендеңе қуат бере гөр!? Тозақтай жанып, мұздай суынған құрсақ анама сабыр бере гөр!? Мен бір талайсыз бейбақпын... Екі бірдей сүйгенім бар еді. Сол екеуі құрсағының біріне өзім түсіппін. Мұндай да сұмдық болар ма, жаратқан ием?! Әлде өзіңнің құдіретіңмен, әлде сайтанның сұм ісімен осы күйге душар болыппын...
О, құтқарушы, Тәңірім! Қайсысының ғана құрсағына тап болдым? Қайсысы мені сылып тастағалы тұр? Жаппар ием, жар бола гөр! Жар бола гөр, жазықсыз жан иесіне!». Екі түсіктің бірін түсіртуге бел байлаған кейіпкеріміз өзі түсінде «түсікке» айналып, жатырдан «арам без» деп сылып тастамауын Тәңіріге жалбарынып сұрауда. Бірақ қайсысының жатырына түскені, қайсысының алдыртуға бел байлағаны белгісіз.
Ол шығарманың соңында да беймәлім күйде қалады. Мүмкін түстегі көрген қиыншылығынан соң кейіпкеріміз алдыртпаңдар деп те айтуы мүмкін шығар, бұл әңгімені оқып біткеннен кейінгі оқырманның еншісіндегі шешімдері. Ал, біз мұны постмодернистік әдебиеттің элементтері демекпіз. Белгісіздік ең басты ситуация екені және бәріне күдікпен қарау постмодернизмнің ерекшеліктерінің бірі.
Өткен мен бүгінгінің немесе ескі мен жаңаның ортасындағы, ұрпақтар арасындағы, әке мен баланың тартысы ХІХ ғасырдың әдебиетінен бастап қазіргі кезеңде де көрініс беруде.
Мысалыға орыс әдебиетінің классигі И.В.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романындағы, қазақтың көрнекті қаламгері М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әке мен баланың тартыстарын алуымызға болады. Қаламгер Асқар Алтайдың осы аталмыш шығармасында ұрпақтар арасындағы тартыс жаңа қырынан көрінеді.
Суреткердің шеберлігі сол, ол кеңістікті «жұмақ дүниені жұмбақ әлемге» (жатырға) әкеліп сығымдауы. Автордың ұрықты (түсікті) жатыр ішінде беруі авторлық ой кеңістігі, яғни виртуальный кеңістік. Кеңістік пен қатар айтылатын категория ол – уақыт. Көркем әдебиетке кеңістік пен уақыт категориялары философия арқылы енген.
Бұлар (кеңістік пен уақыт) бір-бірімен тығыз байланысты, олардың бірлігі кез келген жүйенің қозғалысы мен дамуынан көрініс табады. Қозғалыстағы заттар мен түрлі үрдістер кеңістік пен уақыттың шеңберінде өтіп жатады. Жалпы алғанда, кеңістік деп заттар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, ал уақытқа келер болсақ, ол – дүниедегі болып жатқан уақиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі.
Автор осы әңгімесінде дүниедегі болып жатқан оқиғалардың (әке мен бала арасындағы тартыстың) көрінісін түсік пенде жатыр ішіндегі өзі секілді екінші бір түсікті көргенінде өте сәтті береді: «Егізім», «Сыңарым» деп ұққан бұл әлгі түсікті түрткенде, ол тажал түсікке айналып, мұны алқымынан ала түседі. Жатырдағы тар дүние тыстағы дүниемен қоштасардай болып жатқанда автор түсікке айналған пендеге тағы бір ой салады.
«Екі түсік те екі жатырда жатуы керек еді... Бір құрсақта қалай қатар пайда болды? Қос түсік қос жатырда жаратылмағаны несі екен? Бәрінен бұрын екеуі де қай құрсақта жүр екен: Санабике... Балкенже... құрсағы. ...тажал түсік қылдырық кеңірдегінен тағы қысып қалды. Бар әлем келіп бір уыс бидайдай болып мұның бауырына тығылды. Шыбын жаны мұрнының ұшына келді».
Осы тұста екі ұрықтың (түсіктің) арасында тартыс басталады. Соңында ұрыққа (түсікке) айналған пенденің сірі жаны сірне әлемге сылынып шығады. Автор уакыт пен кеңістікті көркем шығармада түрлі құбылтып, ерекше әдеби техникамен ойнатқанын анық көреміз.
Сондай-ақ, қоғамдағы тастанды бала мәселесінің өршіп тұрғанында тілге тиек етеді. Автор ұрыққа (түсікке) айналған пенде арқылы көкейкесті проблемаларды да қозғайды.
«Тәңірім бірақ түсік емес, тастандыдан сақтасын! Әйтеуір, тастанды емес – түсік... Оған да тәуба! Айы-күні жетіп туған тастанды болса қайтер еді?! Таба емес – тоба! Ай астында айдай болып туар ма еді?! Күн астында күндей болып туар ма еді? Әлде, өліарада өлімші болып кетер ме еді?! Тірі-жетім тастанды болудан тәңірім қақсын! Тастанды – қанадан асқанды...
Таба емес – тоба. Тастанды емес – түсік». Автор әлі адамға (сәбиге) айналмаған ұрықтың өмірде тастанды болғысы келмейтінін ашық береді. Әке тәрбиесін көрмей өскен ұрпақ «қауіпті» болса, ал тастанды ұрпақ одан өткен қауіпті болмақ. Бұл тек ұлт үшін ғана емес жалпы адамзат үшін қатерлі.
Әңгіме кейіпкердің өз дауысынан өзі шошып түлен түртіп оянғанын түсінуімен аяқталады. Шығарма соңында автор нақты шешім де шығармайды. Шешімді оқырманның еншісіне қалдырады. Ал, постмодернистер үшін жұмбақты шешу мүмкін емес. Бұл туралы постмодернизм ағымын зерттеуші әдебиетші ғалымдарымыз өз еңбектерінде атап көрсетуде.
Жалпы жазушы әңгімесінен шығарма шешімінің жұмбақ күйде қалуы, қара юмор, аллюзиялардың кездесуі, шығармадағы кейіпкердің түсі бүкіл мәтіннің мағыналық құрылымын ұстап тұруы, белгілі бір реттілікпен емес коллажбен берілуі сынды постмодернизмнің элементтерін молынан кездестіреміз. Сөз соңында Асқар Алтайдың осы «Түсік» әңгімесі арқылы қазіргі қазақ әдебиетінде де әлемдік әдеби үдерістегі постмодернизм ағымы элементтерінің кездесетінін байқағанымызды айта кеткіміз келеді.
Белгілі қазақ әдебиет зерттеушісі, доктор, профессор Айгүл Ісмақова: «Постмодернизм көпмағыналықты ішіне қамтыған және әрқашанда өзгеріске бейім тұратын, құбылмалы тіршілікті бейнелеу түрінің жаңаша тәсілі. Бұл ағымның тарихи контекстік және жалпыхалықтық, ұлттық түрлері де болу мүмкін. Посмодернизмді белгілі бір шартқа жүйелендіру қиын, бұл әлемдік мәдениеттегі тарихи, көркемдік бейнелеу жүйесінің осы заманға сай бейнелеу формасы. Әр түрлі ұлттар әдебиеті мен мәдениетінде өзінің көрінісін тапқанымен, ғаламдық деңгейдегі өзіне ғана тән қағидалары мен көркемдік шарттары бар. Постмодернисттер әлемді адам санасына бағынбайтын «хаос», маңайымыздағы әлем тек мәтіндерден ғана тұрады деп есептейді. Бұны – «дискустық мәтіндер» деп атайды. Постмодернизм белгілі бір тарихи кезеңді немесе шектеулі нәрселерді ғана сипаттайды. Мәтіндерді жазып отырған адамдар мен деп жазбайды, жазушы «маска» киіп жазуы мүмкін. Өзінің кейіпкерлерін мазаққа, күлкіге ұшыратып, өзі сырттан аңдушы ретінде қадағалайды және өздерінің кейіпкерлеріне әсте жаны ашымайды. Автор кейіпкерін шығарманың жеке меншігі деп емес, кейіпкердің санасы тек көркем мәтінде ғана деп ойлайды. Мәтін таусылған тұста, кейіпкердің санасы біттідеп қарау басым. Ал ары қарай не болатынына автор жауап бермейді.
Постмодернизмдердің келесі бір түсінігі – интертекстуалдылық. Олардың негізгі қағидасы – өзіне дейінгі әдебиетті сынға алу, өазіргі әдеби процессті жаңа өмірге бейімдеу.
Постмодернизмнің келесі бәр шарты – дискреттілік және фрагменталдық. Мысалы, кейіпкер бір нәрсені ойлап отырып, көңілі басқа бір дүниеге ауып кетеді. Дәлізге шығып келеді де, үйіне кірген соң қайтадан әуелгі ой ағымына беріледі.
Постмодернизм – қазіргі зымырап бара жатқан заманның көркем жүйесі. Мәтіндегі фрагменттік дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда бір талды төртке бөліп бейнелеу. Талдың өзін, тамырын, топырағы, жапырағына бөліп қарастыру. Бұл ағымның бізге дейінгі классикалық әдебиеттен негізгі айырмашылықтары осындай. Қазіргі постмодернистердің кейіпкерлері дискустық, санасы шектеулі шеңберден шыға алмайтын адам ретінде сипатталуда. Ағым өкілдерінің шығармаларын оқып отырсаң кейіпкерлерді қырықаяқ, космостан келген гумонойд ретінде өмір сүреді. Дегенмен, қазіргі қазақ әдебиетінде ондай кейіпкерлер жоқ. Мысалы, Асылан Жақсылықовтың «Қарғыс атқан ұл» деген төрт томдық шығармалары бар. Кеіпкері жас адам ба, кәрі адам ба түсініксіз. Ол кейіпкер өзімен-өзі тіршілік етіп жатады. Өз ойларымен өзі алысып, сандырақтар жүреді. Бір жерге кіреді, бір жерден шығады. Арман-аңсары, сезімі жоқ. Әйтеуір, тіршіліктің адамы, пенде. Біздің қазақи ортаның ондай романдарды қабылдай қоймасы анық. Оның себебі, біріншіден қазақ бос сөз ешқашан айтпаған. Дегенмен, өазір оқырманның құлаш-құлаш томдарды оқып отыруға уақыты жоқ. Жас жазушылар қысқа жазуға машықтануда, біраө мағынасыз әдебиеттен қашып, өзінің түпкі идеясын көрсете білуі керек. Постмодернистік үлгіні алғанмен де бос сөзге ұрынып қалмағаны дұрыс. Жас жазушылар шетелден үйренейік деп мақсатты түрде жазыр отырған жоқ, заман талабы сондай. Бүгінгі жастар шығармаларындағы стилистиканы осыдан он жыл бұрын жарыққа шыққан әдеби зерттеулермен өлшей алмайсыз. «Дидар Амантайдың кейіпкерлері дұрыс сөлемейді» деп жатады. Неге ол кейіпкер дұрыс сөйлеуі керек. Егер сол кейіпкер әдеби тілмен сөйлесе, бұл нанымсыз болады ғой. Қазіргі қазақ қоғамындағы кейіпкер бүгінгі тілмен сөйлейді. Қалай болғанда да постмодернизм әдебиетімізге жаңа құбылыстар алып келді. Дегенмен, Тұрсынбай Шапайдың он жыл бұрын жазған «Қазақтың жаны» атты кітабы постмодернистік ағымның талаптарына сай келеді. Бұл кіәтапта тек қана автордың емес, өзінің замандастарының да мысқылы бар. Қазақ әдебиетіндегі постмодернизм ағымының бастауы – Тұрсынжан Шапай деп білемін. Оның әңгімелерін уақыты тапшы оқырмандарға оқып беруге ыңғайлы. Тұрсынбай Шапай алдына постмодернизм ағымымен жазамын деген мақсат қоймаған. Ол заман сұранысына сай көркем бейнелеу тәсілі мен түрін тапқан [11. 10]. Қазіргі қазақ әдебиетінде, яғни ХХІ ғасырда постмодернистік ағым өкілдері деп – жоғарыда аттары аталған Мұхтар Мағауин, Дидар Амантай, Асқар Алтай, Асылан Жақсылықов, Тұрсынбай Шапайлардан бөлек, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Мадина Омарова, Мақсат мәлік, Мәди Алжанбай, Гүлзат Шойбек сынды жазушыларды атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |