Биологиялық ғылымдар тірі организмдердің құрылымы мен функцияларын, олардың дамуын және тіршілік ортасымен өзара қарымқатынасын зерттейді. Қазіргі заманғы көзқарастар бойынша өмір – бұл ірі органикалық молекулалардан тұратын және энергиямен, қоршаған ортамен, заттармен алмасу нәтижесінде өз өмірін сақтап қалуға және өзін-өзі қалпына келтіруге қабілетті күрделі биологиялық жүйелердің өмір сүру процесі.
«Биология» оқу пәні жаратылыстану-ғылыми білім берудің құрамдас бөлігі ретінде білім алушыларда қоршаған әлемнің алуан түрлілігі мен эволюциясы, тірі организмдердің даму заңдылықтары туралы білімді қалыптастырады, сондай-ақ табиғат әлемінің таңғажайып құбылыстарын зерттеуге мүмкіндік береді.
2021/2022 оқу жылында «Биология» оқу пәні бойынша оқу процесін ұйымдастыруда келесі оқу бағдарламалары қолданылады:
ҚР БҒМ міндетін атқарушының 2017 жылғы «25 » қазандағы № 545 бұйрығымен бекітілген Негізгі орта білім беру деңгейінің 7-9-сыныптарына арналған «Биология» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (15-қосымша);
ҚР БҒМ 2020 жылғы «27»қарашадағы № 496 бұйрығымен бекілген Негізгі орта білім беру деңгейінің 7-9-сыныптарына арналған «Биология» пәнінен оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу бағдарламасы (23-қосымша).
9-сыныпқа ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы «26» шілдедегі № 334 бұйрығымен енгізілген өзгерістер көрсетілген бұйрыққа 15-қосымшада 14-тармақтың 14) тармақшасы мынадай редакцияда жазылған:
«14) «Көбею». Адамның жыныс жүйесінің құрылымы мен қызметі. Екінші реттік жыныстық белгілер. Ұлдар мен қыздардың жыныстық жетілуі. Биологиялық және әлеуметтік жетілу. Менструалдық цикл. Менструалдық циклдағы эстроген мен прогестерон гормондарының маңызы. Контрацепция түрлері, жыныстық жолмен берілетін аурулар: Жүре пайда болған иммундық дефициттiң синдромы (ЖИТС), сифилис, гонорея, гепатит В, С. Алдын алу шаралары.»;
9-сыныптың «Көбею» бөліміндегі «Аталық және аналық гаметалардың құрылысын зерттеу» зертханалық жұмысы, (оқу мақсаты: 9.2.1.2 аталық және аналық жыныс жасушаларының құрылысын зерттеу) ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы «26» шілдедегі № 334 бұйрығымен алынып тасталды;
«Биология» пәнінің мақсаты – білім алушылардың бойында органикалық дүниенің көптүрлілігі туралы, ондағы болып жатқан процестер мен заңдылықтар туралы білім жүйелерін қалыптастыру, сонымен қатар адам оның ажырамас бөлігі туралы саналы түсінік қалыптастыру. Оқу пәнінің міндеттері:
жер бетіндегі барлық тірі ағзалардың құндылығын түсіну үшін өмірдің құрылымды-функционалды және генетикалық негіздері туралы, тірі табиғаттың негізгі патшалықтары ағзаларының көбеюі мен дамуы, экожүйе, биоалуантүрлілік, эволюция туралы білім жүйесін қалыптастыру;
экологиялық этика нормалары мен ережелерін, табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру;
генетикалық сауаттылықты қалыптастыру – салауатты өмір салты негіздері, психикалық, тән және моральдық денсаулық сақтау;
оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамыту, биологиялық білімдерін практикада қолдануға ұмтылу, медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология, экологиялық менеджмент және қоршаған ортаны қорғау саласындағы практикалық іс-шараларға қатысу.
7-9-сыныптарға арналған «Биология» оқу пәнінің оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу бағдарламасында жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасында қаралатын пән мазмұны, барлық бөлімдер сақталған, тек зертханалық жұмыстар, модельдеу және оқу мақсаттарының санында айырмашылықтар бар.
«Биология» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
7-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты;
8-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты; 9-сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты құрайды. Оқу жүктемесі төмендетілген оқу жоспары бойынша: 7-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты;
8-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты;
9-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты құрайды.
Оқу пәнінің мазмұны 4 бөлімді қамтиды:
тірі ағзалардың көптүрлілігі, құрылымы мен қызметтері;
көбею, тұқым қуалаушылық, өзгергіштік. Эволюциялық даму;
ағза мен қоршаған орта;
қолданбалы кіріктірілген ғылымдар.
«Биология» пәнінде негізінен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған белсенді оқыту әдістерін қолданған дұрыс.
7-сыныпта 14 зертханалық жұмыс, 4 модельдеу қарастырылған (50-кесте).
Достарыңызбен бөлісу: |