IX бөлім
ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
90-бап
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелері ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді, сол мезгілден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні деп жарияланады.
91-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конституцияда белгіленген тәртіппен қабылданады. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.
3. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 1998.12.04 N 13/2 қаулысын қараңыз.
Ескерту. 91-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284; 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
92-бап
1. Конституциялық заңдар Конституция күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде қабылдануға тиіс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күші бар актілер ол күшіне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтіріледі де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледі.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгілейтін тәртіп пен мерзімде, бірақ Конституция күшіне енген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей қабылдануға тиіс.
3. Республика Президентінің өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде "Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күші бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшін жою үшін көзделген тәртіппен ғана өзгертілуі, толықтырылуы немесе күшін жоюы мүмкін. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде шыққан Республика Президентінің Жарлықтары Республика Парламентінің бекітуіне жатпайды.
4. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екі жыл ішінде оған сәйкес келтірілуге тиіс.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.15 N 8/2 қаулысын қараңыз.
93-бап
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.
94-бап
1. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Конституция белгілеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктеріне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдумда қабылданған шешім бойынша белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Республика Президенті өкілеттігінің қазіргі мерзімі Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған Республика Парламентінің қаулысымен қысқартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісі бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және жеті жылдан кейін желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті Президент сайлауында сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады.
2. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өзі сайланған мерзім аяқталғанға дейін өкілеттігін сақтайды.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 2005.08.19 N 5 қаулысын қараңыз.
Ескерту. 94-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |