5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке, сондай-ақ тізбесі заңнамада айқындалатын өзге де нәрселерге тыйым салуға болмайды.
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Басқа тұлғалар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттерімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болған жағдайларда, олардың да мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясын алғанға дейін прокурорды және сотты жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға құқылы не осы мүлік алып қойылуы мүмкін.
162-бап. Мүлікке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.
3. Прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау туралы мәселені шешкен кезде мүлікке тыйым салу негіздерін қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті. Өтінішхат келіп түскеннен кейін алты сағат ішінде прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау және қаулы мен тиісті материалдарды сотқа жіберу туралы шешім қабылдайды немесе өтінішхатты қолдаудан бас тартады.
4. Мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысымен келіседі, ал бас тартқан жағдайда уәжді қаулы шығарады.
5. Прокурордың мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту туралы қаулысына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жоғары тұрған прокурорға не өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар осы Кодекстің 105-бабының тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
163-бап. Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі
1. Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы – аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы прокурор қолдаған қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жері бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүліктері анықталған жері бойынша прокурордың қатысуымен сот отырысында аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының қорғаушысы және мүлік құнын айқындайтын маман қатысуға құқылы. Сот процеске қатысушыларға сот отырысының орны мен уақыты туралы уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор мүлікке тыйым салуды санкциялау қажеттігін негіздейді, содан кейін сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
4. Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін немесе оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
5. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
6. Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
7. Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
8. Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
9. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
10. Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
12. Банктердегi және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
13. Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
164-бап. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялау не
санкциялаудан бас тарту туралы қаулысына наразылық
білдіру және шағым жасау
1. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау туралы немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ прокурор наразылық білдіруі мүмкін.
2. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
165-бап. Жақындауға тыйым салу
1. Жақындауға тыйым салу жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының оларды іздестіруін, олардың ізіне түсуін, оларға баруын, олармен телефон арқылы сөйлесуін және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауын шектеуден тұрады.
Жақындауға тыйым салуды тергеу судьясы санкциялайды не оны сот қолданады.
2. Күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен байланысты, отбасыға және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты қатері болған не оны күдікті, айыпталушы жасаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның жазбаша арызы бойынша сот алдында жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің жақындауға тыйым салу қажеттігін растайтын материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
3. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Прокурор өтінішхатты қолдаған кезде өтінішхатты және іс материалдарының көшірмесін сотқа жібереді.
4. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының, жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның қатысуымен қарайды.
Сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабардар еткен жағдайда, процеске көрсетілген қатысушылардың келмей қалуы сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
5. Тергеу судьясы өтінішхат пен ұсынылған іс материалдарын қарап, жақындауға тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы не одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
6. Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері және жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс. Жақындауға тыйым салу туралы қаулының көшірмесі прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және бақылауды жүзеге асыратын органға тапсырылады.
7. Жақындауға тыйым салу бұзылған кезде күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
8. Жақындауға тыйым салудың күшін жою бұл шараға қажеттілік болмай қалған кезде прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен жүзеге асырылады не оны қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ МҮЛІКТІК МӘСЕЛЕЛЕР
20-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ АЗАМАТТЫҚ ТАЛАП ҚОЮ
166-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талап қоюлар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың тікелей қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтемі, жәрдемақы немесе зейнетақы ретiнде төленген сомаларды, сондай-ақ өкiлдiк етуге жұмсалған шығыстарға қоса, анықтау, алдын ала тергеу iсiн жүргізуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстарды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары қаралады.
2. Қылмыстық iс бойынша берілген азаматтық талап қоюды дәлелдеу осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Егер азаматтық талап қоюға байланысты туындаған құқықтық қатынастар осы Кодексте реттелмеген болса, онда азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Егер, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қоймаса немесе оны қойғаннан кейін кері қайтарып алса немесе оны сот қараусыз қалдырса, олар оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы. Талапкердің азаматтық талап қоюды кері қайтарып алу туралы немесе оны қараусыз қалдыру туралы арызын сот осы Кодекске және азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес шешеді.
4. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған азаматтық талап қою бойынша шешім қылмыстық сот ісін жүргізу барысында нақ осы талапты нақ осы адамдарға нақ осы негіздер бойынша қою үшін кедергі келтіретін негіз болып табылады.
167-бап. Азаматтық талап қою
1. Азаматтық талапты қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен тікелей мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген тұлға не оның өкiлi сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қоюы мүмкін.
Осы Кодекстің 58-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
Салдарында адам қайтыс болған қылмыстар туралы істер бойынша азаматтық талапты қайтыс болған адамның осы Кодексте көзделген жәбірленуші құқықтарын жүзеге асыратын жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) қоя алады.
2. Азаматтық талап күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе оның әрекеттері немесе есі дұрыс емес адамның әрекеттері үшін материалдық жауаптылықта болатын тұлғаларға қойылады.
Азаматтық талап қойған тұлға – азаматтық талапкер деп, өзіне талап қойылған тұлға азаматтық жауапкер деп аталады. Көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында процестік құқықтарды пайдаланады және осы Кодексте азаматтық талапкер мен тиісінше азаматтық жауапкер үшін белгіленген процестік міндеттерді көтереді.
3. Талапкер қылмыстық істе азаматтық талап қойған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
4. Азаматтық талап қоюдың соттылығы ол берілген қылмыстық істің соттылығымен айқындалады және қылмыстық іспен бірге қаралады.
5. Азаматтық талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда қойылады.
6. Күдікті адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға кедергі болмайды.
7. Азаматтық талап қоюдың негіздерін және талап қою талабының мөлшерін нақтылау қажет болған кезде тұлға талап қоюды толықтыруға құқылы.
8. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтарының немесе иммунитетiнiң болуына байланысты күдікті деп танылуға жатпайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылуы мүмкiн.
168-бап. Залалды өтеудiң негiздерi, шарттары, көлемi және
тәсілі туралы қағидаларды қолдану
1. Қылмыстық iсте қойылған азаматтық талапты қарау кезiнде залалды өтеу негiздерi, шарттары, көлемi мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заңнама нормаларына сәйкес айқындалады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
169-бап. Талап арызды қайтару, талап қоюдан бас тарту
1. Азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген сатысында талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеуге құқылы. Талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеме жазбаша түрде берiледі және қылмыстық iске қоса тiгіледі. Егер талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеме сот отырысында мәлімделсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
Талап арызды қайтарып алу тиісті тұлғалардың азаматтық талапкер және азаматтық жауапкер жағдайында болуын тоқтатуға әкеп соғады, бұл туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулы шығарады.
Жауапкер талап арызды мәні бойынша қарауды талап еткен жағдайда, сот оны қайтарып алуды қабылдамайды.
2. Азаматтық талапкердің қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгі іс жүргiзу сатысында талап қоюдан бас тарту туралы арызы жазбаша түрде берiледі және қылмыстық iс материалдарына қоса тiгіледі. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
3. Сот талап қоюдан бас тартуды сот талқылауының кез келген сәтінде, бiрақ сот үкiмді қаулы ету үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн қабылдайды.
Сот талап қоюдан бас тартуды қабылдағанға дейін азаматтық талапкерге талап қоюдан бас тартуды қабылдау ол бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғатынын және нақ осы тараптар арасындағы нақ осы нысана туралы дау бойынша және нақ осы негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде, сотқа қайталап жүгінуді болғызбайтынын түсіндіруге міндетті.
4. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы заңға қайшы болса немесе кімнің болса да құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот бұл әрекетті қабылдамайды.
170-бап. Азаматтық талап қою бойынша шешiмдер
1. Сот қылмыстық істегі азаматтық талап қоюды қарау қорытындылары бойынша:
1) азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы;
2) азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына беру туралы;
4) азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдау және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
5) азаматтық талап қою бойынша татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
6) азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығарады.
Іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы шығарған кезде сот азаматтық талап қоюды толық қанағаттандырады.
2. Сот айыптау үкiмiн қаулы еткен немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарған кезде азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады.
Азаматтық талап қою толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайларда сот үкімде оны азаматтық талап қою бөлігінде ерікті түрде орындау үшін мерзімді белгілейді және көрсетеді. Соттың үкімі ерікті түрде орындау үшін берілген мерзім ішінде азаматтық талап қою бөлігінде орындалмаған жағдайда, сот үкімді азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындату үшін жібереді. Мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Сот қылмыстық iстi талқылауды кейiнге қалдырмай азаматтық талап қою бойынша егжей-тегжейлі есеп-қисап жүргiзу мүмкiн болмаған кезде азаматтық талапкердің талап қоюды қанағаттандыру құқығын тани алады және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алады.
4. Сот ақтау үкімін қаулы еткен, сол сияқты есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі істі тоқтату туралы қаулы шығарған кезде, егер қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекет анықталмаса не сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе шешiлген адамның қылмыстық құқық бұзушылық немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекетті жасауға қатысқаны дәлелденбесе не кінәсі анықталмаса, азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.
5. Сот татуласу келісімін бекіткен, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізілген не азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайларда, сот азаматтық талап қою бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдайды.
6. Сот талап қоюды:
1) сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталған;
2) жасаған іс-әрекетінiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздер болмауына байланысты iс тоқтатылған;
3) іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7), 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
4) азаматтық талапкердің бұл туралы өтінішхаты болған жағдайларда, қараусыз қалдырады.
Азаматтық талап қоюды заңда көзделмеген өзге негіздер бойынша қараусыз қалдыруға жол берілмейді.
171-бап. Азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету
Азаматтық талапкер азаматтық талап қойған кезде қылмыстық қудалау органы оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға міндетті. Егер мұндай шаралар қолданылмаған болса, сот басты сот талқылауына дайындалу кезінде осы Кодекстің 325-бабына сәйкес қылмыстық қудалау органын оларды қолдануға міндеттейді. Азаматтық талап сот талқылауы сатысында қойылған кезде сот азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету туралы қаулы шығарады.
172-бап. Соттың үкiмiн және қаулысын азаматтық талап қою
бөлiгiнде орындау
Сот азаматтық талап қоюды толық көлемде немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған кезде соттың үкімін, қаулысын азаматтық талап қою бөлігінде ерікті түрде орындау үшін мерзім белгілеуге құқылы, бұл ретте азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген орындауды кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту қағидалары қолданылуы мүмкін. Сот актісін азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
173-бап. Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры
1. Қылмыстық қудалау органының қаулысымен жәбірленушілер болып танылған тұлғалардың жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде көзделген жағдайларда, тәртіппен, мөлшерлерде және мерзімдерде осы қордан мемлекеттік ақшалай өтемақыны кейінге қалдырмай толық не ішінара алуға құқығы бар.
Мемлекеттік өтемақыны кейінге қалдырмай алуға құқығы бар жәбірленушілердің санаты жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде айқындалады.
2. Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде айқындалған төлем мөлшерінде жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры төлеген ақшаның орнын толтыру міндетін сот үкіммен:
1) кінәлі адамға;
2) кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне;
3) жеке тұлғаның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғаға жүктейді.
Егер адам бір мезгілде бірнеше қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасауда кінәлі болып танылса, төлем олардың неғұрлым ауыры негізге алына отырып есептеледі.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардан жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде белгіленген мөлшердегі төлемді осы қорға азаматтық тәртіппен өндіріп алу үшін негіз болып табылады.
21-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
БАРЫСЫНДА ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ ЖӘНЕ
ШЕККЕН ШЫҒЫСТАРДЫ ӨТЕУ
174-бап. Заң көмегіне ақы төлеу
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысатын тұлғалардың қорғаушысы мен өкілінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, адвокат сотқа дейінгі іс жүргізуге не сотқа клиентпен шарт жасаспай, тағайындау бойынша қорғаушы ретінде не жәбірленушінің өкілі, жекеше айыптаушы ретінде қатысқанда адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |