7. Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап, ұсынылған материалдарды қарап:
1) аудандық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы;
2) тергеу судьясының қаулысын өзгерту туралы;
3) тергеу судьясы қаулысының күшін жою және жаңа қаулы шығару туралы уәжді қаулылардың бірін шығарады.
8. Сот қаулысының көшірмесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, сондай-ақ прокурорға, күдіктіге, қорғаушыға және адамды күзетпен ұстау орыны әкімшілігінің өкіліне жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
9. Шет мемлекеттің аумағында қылмыс жасады деп айыпталған немесе сотталған адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешімге шағым жасау және оның заңдылығы мен негізділігін соттың тексеруі осы Кодекстің 592-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
108-бап. Соттың үкіміне, қаулыларына шағымдар, наразылықтар
Бірінші сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағымдар, наразылықтар осы Кодекстің 48-тарауының қағидаларына сәйкес беріледі. Заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау туралы шағымдар, наразылықтар, өтінішхаттар осы Кодекстің 50 және 52-тарауларында белгіленген қағидаларға сәйкес беріледі.
14-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН АДАМДАР ТУРАЛЫ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
109-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы
1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдардың осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, өздерін күдіктілер, жәбiрленушiлер, жекеше айыптаушылар, азаматтық талапкерлер, азаматтық жауапкерлер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Көрсетілген адамдардың арыздарын (өтiнiшхаттарын) қылмыстық процестi жүргізетін орган оларды алған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қарауға тиiс. Қабылданған шешiм туралы арыз иесі дереу хабардар етіледі, оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледі.
2. Арыз иесі өз өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартылуына немесе оны шешудiң кейiнге қалдырылуына тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiн бес тәулiктiң iшiнде прокурорға, сотқа шағым жасауға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, арыз иесі осы әрекетсіздікке сотқа шағым жасауға немесе өзін процеске қатысушы деп тану туралы арызбен прокурорға өтініш жасауға құқылы.
Егер қайтыс болған немесе қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан өз еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның жақын туысы, жұбайы (зайыбы) оның құқықтық мирасқоры болғысы келсе, өзiн жәбiрленушi деп тануды талап ете алады. Көрсетілген өтінішхатты қылмыстық процестi жүргізетін орган осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қарайды.
110-бап. Қылмыстық процеске қатысатын адамдарға құқықтары мен
мiндеттерiн түсiндiру және оларды жүзеге асыру
мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi
1. Қылмыстық процеске қатысатын әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, өзі таңдаған ұстанымның құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ өзінің қатысуымен өтiп жатқан процестік әрекеттердiң мәні және өзіне танысу үшiн ұсынылған қылмыстық iс материалдарының мазмұны бойынша түсіндірме алуға құқығы бар.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысатын әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi, оның ішінде кәмелетке толмағандар қатысқан істер бойынша – олардың өкілдеріне істі кәмелетке толмағанның істері жөніндегі мамандандырылған сотта не кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жері бойынша сотта қарату құқығын түсiндiруге, оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн осы Кодексте көзделген тәртiппен қамтамасыз етуге тиiс. Қылмыстық процестi жүргізетін орган адамның өтiнуi бойынша оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган процеске қатысушыларға қарсылық білдіру мәлiмделуi мүмкiн адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.
4. Қылмыстық процеске қатысушы жағдайына ие болған адамға ол қатысатын процестік әрекеттi жүргізу басталғанға дейiн және ол процеске қатысушы ретiнде қандай да бір ұстанымын бiлдiргенге дейiн оның құқықтары мен мiндеттерi мiндеттi түрде түсiндiрiледi. Сот отырысына келген процеске қатысушыға сот оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттерді, олар сотқа дейiнгi тергеп-тексеру барысында түсiндiрiлмегенiне қарамастан, түсiндiруге мiндеттi.
5. Қылмыстық процестi жүргізетін орган куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының қатысуымен өтетін әрбір процестік әрекет басталар алдында олардың мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiруге мiндеттi. Куәнiң құқықтары мен мiндеттерiн оған қылмыстық тергеу органы одан бiрiншi рет жауап алар алдында түсіндіруге және сот отырысында қайталап түсiндiруге тиіс.
3-БӨЛІМ. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
15-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР
111-бап. Дәлелдемелер ұғымы
1. Заңды түрде алынған, олардың негізінде анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот осы Кодексте айқындалған тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген іс-әрекеттiң бар екенін немесе жоқ екенін, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын нақты деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар нақты деректер: күдіктінің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнің, қорғалуға құқығы бар куәнің, сарапшының, маманның айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындысымен; заттай дәлелдемелермен; процестік әрекеттердiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен белгіленеді.
112-бап. Дәлелдемелер ретiнде жол берілмейтін нақты деректер
1. Нақты деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердiң анықтығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезiнде процеске қатысушыларды заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкiн болса, оның iшiнде:
1) азаптауды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынасты қолдану арқылы;
2) қылмыстық процеске қатысатын адамға өз құқықтары мен міндеттері жөнінде түсiндiрмеу, толық немесе дұрыс түсiндiрмеу салдарынан туындаған оның жаңылысуын пайдалану арқылы;
3) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекетті жүргiзуiне байланысты;
4) қарсылық білдірілуге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
5) процестік әрекетті жүргiзу тәртiбiн елеулі түрде бұзу арқылы;
6) белгiсiз көзден не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынса, дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуға тиiс.
2. Қылмыстық процесте нақты деректердiң дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуына жол бермеуді, сондай-ақ оларды шектеп пайдалану мүмкiндiгiн анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот өз бастамасы бойынша немесе тараптың өтiнiшхаты бойынша белгiлейдi. Анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе судья дәлелдемелерге жол бермеу туралы мәселені шеше отырып, әрбір жағдайда жол берілген бұзушылықтың нақты қалай көрініс тапқанын анықтауға және уәжді шешім қабылдауға міндетті.
3. Егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары, сарапшының, маманның қорытындысы, заттай дәлелдемелер, тергеу және сот әрекеттерiнiң хаттамалары және өзге де құжаттар қылмыстық iс материалдарының тізімдемесіне енгізілмесе, оларды айыптау негiзiне жатқызуға болмайды. Күдіктінің одан куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында берген айғақтары дәлелдемелер ретiнде таныла алмайды және оларды оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы қолдануға, сондай-ақ күдіктіні айыптау негiзiне жатқызуға болмайды.
4. Қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 113-бабында көрсетілген кез келген мән-жайларды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген бұзушылықтар арқылы алынған нақты деректер тиiстi бұзушылықтар және қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында оларға жол берген тұлғалардың кінәлілігі фактісінің дәлелдемелері ретінде пайдаланылуы мүмкiн.
113-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс бойынша:
1) оқиға және қылмыстық заңда көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгiлерi (оның жасалған уақыты, орны, тәсілі және басқа да мән-жайлары);
2) қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттi кiмнiң жасағаны;
3) адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттi жасаудағы кiнәлiлiгi, оның кiнәсiнiң нысаны, жасалған іс-әрекеттiң себептері, заңдық және iс жүзiндегi қателiктері;
4) күдіктінің, айыпталушының жауаптылық дәрежесi мен сипатына әсер ететiн мән-жайлар;
5) күдіктінің, айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;
6) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарлары;
7) қылмыстық құқық бұзушылықтан келтiрілген зиянның сипаты мен мөлшерi;
8) әрекеттiң қылмыстық құқыққа қайшылығын жоққа шығаратын мән-жайлар;
9) қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соғатын мән-жайлар дәлелденуге жатады.
2. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша дәлелденуге жататын қосымша мән-жайлар – осы Кодекстiң 531-бабында, ал есі дұрыс емес адамдардың қоғамға қауіпті іс-әрекеттері туралы істер бойынша осы Кодекстің 510-бабында көрсетілген.
3. Қылмыстық іс бойынша басқа да мән-жайлармен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабына сәйкес тәркіленуге жататын мүліктің заңсыз, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын немесе осы мүліктен түскен табыс болып табылатынын не құқық бұзушылық қаруы ретінде не экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру немесе өзгедей қамтамасыз ету үшін пайдаланылғанын немесе пайдалануға арналғанын растайтын мән-жайлар дәлелденуге жатады.
4. Қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайлар да анықталуға жатады.
114-бап. Дәлелдемелерсiз анықталатын мән-жайлар
Мына мән-жайлар, егер тиiстi құқықтық рәсiмдер шеңберiнде:
1) жалпыға белгiлi фактiлер;
2) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсiпте жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
3) заңды күшiне енген сот актісімен белгiленген мән-жайлар;
4) адамның заңды бiлуi;
5) адамның өз қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
6) арнаулы даярлығы немесе бiлiмі бар екендiгiн растайтын құжатты ұсынбаған және арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекеменi көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе бiлiмнiң болмауы керiсiнше дәлелденбесе, дәлелдемелерсiз анықталған мән-жайлар болып саналады.
115-бап. Күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнің айғақтары
1. Күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары – олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы Кодекстiң 26-тарауында белгiленген тәртiппен жауап алуда жазбаша немесе ауызша нысанда хабарлаған мәлiметтері.
2. Күдіктi өзiне қарсы күдік жөнiнде, сол сияқты өзiне белгiлi, iс бойынша маңызы бар өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер туралы айғақтар беруге құқылы.
3. Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсін мойындауы оның кінәлі екендігі іс бойынша қолда бар дәлелдемелер жиынтығымен расталған кезде ғана айыптау негізіне жатқызылуы мүмкін.
4. Жәбiрленушiден iс бойынша дәлелденуге жататын кез келген мән-жайлар туралы, сондай-ақ оның күдіктімен, басқа жәбiрленушiлермен, куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi өзiнің хабардар болған көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды.
5. Куәдан iске қатысты кез келген мән-жайлар туралы, оның iшiнде күдіктінің, жәбiрленушiнiң жеке басы мен өзiнiң олармен және басқа да куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер куә өзiнің хабардар болу көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды. Куә ретiнде жауап алынуға жатпайтын адамдардың хабарлары дәлелдеме болып табылмайды.
6. Күдіктінің жеке басын сипаттайтын деректер туралы айғақтар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды және олар жаза тағайындауға немесе жазадан босатуға байланысты мәселелердi шешу үшiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылады.
7. Жауап алу кезiнде осы Кодексте белгiленген тәртiппен қылмыстық iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе қайталап айтуға қабiлетсiз деп танылған адамның айғақтары дәлелдеме болып табылмайды.
8. Құқық қорғау органдарына немесе арнаулы мемлекеттік органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адам тікелей қабылдаған нақты деректер көрсетілген адамның келісімімен одан куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Қылмыстық топқа енгізілген адамдар тікелей қабылдаған нақты деректер осы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жедел-іздестіру қызметін не жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның лауазымды адамынан куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
116-бап. Сарапшының қорытындысы және айғақтары
1. Сарапшының қорытындысы – осы Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелері көрсетілетін құжат.
2. Сарапшының ауызша түсiндірмелерi ол бұрын берген қорытындыны түсiндiру бөлiгiнде ғана дәлелдемелер болып табылады.
3. Сарапшының қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
4. Сарапшының айғақтары – қорытындыны алғаннан кейін оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.
117-бап. Маманның қорытындысы және айғақтары
1. Маманның қорытындысы – осы баптың үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес ресімделген және маманның алдына қылмыстық процесті жүргізетін адам немесе тараптар қойған мәселелер бойынша зерттеулердің мазмұны мен түйіндерін көрсететін, жазбаша түрде ұсынылған ресми құжат.
Зерттеуді тағайындау, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабар дайындау тәртібі, зерттеуді тағайындау және жүргізу кезіндегі күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің және оның өкілінің, куәның, қорғаушының құқықтары мен міндеттері, өздеріне қатысты зерттеу жүргізілетін тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктері, процеске қатысушылардың зерттеу жүргізу кезінде қатысу құқығы, зерттеу объектілеріне қойылатын құқықтық талаптар, күдіктіге, жәбірленушіге маманның қорытындысын ұсынудың тәртібі мен құқықтық салдарлары, зерттеу үшін үлгілер алудың негіздері мен тәртібі маманның зерттеу жүргізу ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің 34 және 35-тарауларында белгіленеді.
2. Қажетті зерттеулерді жүргізгеннен кейін маман өз атынан жазбаша қорытынды жасайды және оны өзінің қойған қолымен куәландырады.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесінің қызметкері жасаған, маманның жазбаша қорытындысы көрсетілген бөлімшенің мөрімен расталады.
3. Маманның қорытындысында: оның ресімделген күні, зерттеу жүргізілген мерзімдер мен орын; тергеу әрекеті хаттамасының деректемелері, оған маманның қорытындысы, зерттеуді жүргізген маман туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы) қоса беріледі; маманның өзіне көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілгені туралы оның қойған қолымен куәландырылған белгі; маманның алдына қойылған мәселелер; зерттеу объектілері, олардың жай-күйі, қапталуы, мөрмен бекемделуі; қолданылған әдістер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, маманның алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.
4. Маманның қорытындысын көрнекілейтін, осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс.
5. Маманның ауызша түсіндірмелері оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
6. Маманның айғақтары – қорытындыны алғаннан кейін, оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.
7. Маманның қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
118-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық құралы болды деп пайымдауға негiз болса немесе оларда қылмыстық құқық бұзушылықтың iздері сақталып қалса немесе олар қоғамға қауіпті қолсұғушылық объектiлерi болса – нәрселер, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықты табу, iстiң нақты мән-жайларын анықтап алу, кiнәлi адамды анықтау не оның кінәлі екенін теріске шығару немесе жауаптылықты жеңiлдету құралы болуы мүмкiн ақша мен өзге де құндылықтар, нәрселер мен құжаттар заттай дәлелдемелер болып танылады.
2. Осы Кодекстiң 221-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, заттай дәлелдемелер қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен iске қоса тiгiледi және үкiм немесе iстi тоқтату туралы қаулы заңды күшiне енгенге дейiн сонда болады. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру және сақтау тәртiбi осы Кодекстiң 221-бабында айқындалады.
3. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығару немесе үкiм шығару кезінде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiлуге тиiс. Бұл ретте:
1) қылмыстық құқық бұзушылық құралы сот тәртібімен тәркiленуге жатады немесе тиiстi мекемелерге белгiлi бiр тұлғаларға беріледi немесе жойылады;
2) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;
3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;
4) қылмыстық жолмен жиналған ақша және өзге де құндылықтар, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiктің және контрабанданың нәрселері соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда, дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады;
5) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар дәлелдемелерді сақтаудың бүкіл мерзiмi iшiнде іспен бiрге қалады не осы Кодекстiң 120-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртiппен мүдделi жеке немесе заңды тұлғаларға берiледi.
4. Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, құжаттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
119-бап. Процестік әрекеттердiң хаттамалары
1. Қылмыстық процестi жүргізетін адам тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында қамтылған, сондай-ақ тергеу әрекеті барысында маман жүргізген қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, ұстап алу, мүлiкке тыйым салу, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйiттi эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу экспериментi, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттері мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау кезінде жасалған хаттамаларда, ұсынылған нәрселер мен құжаттарда, айыбын мойындап келуiнде, тұлғаларға тиесілі олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiруде қамтылған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
120-бап. Құжаттар
1. Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады.
2. «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және олар қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, осы Кодекстiң 122-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады.
4. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер iс үшiн залалсыз болатын болса, уақытша пайдалануға берілуі не олардың көшiрмелерi берiп жіберілуi мүмкiн.
5. Құжаттардың осы Кодекстiң 118-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
16-тарау. ДӘЛЕЛДЕУ
121-бап. Дәлелдеу
1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзді және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелерді жинаудан, зерттеуден, бағалаудан және пайдаланудан тұрады.
2. Күдіктінің, айыпталушының қылмыстық жауаптылық негiздерiнің және кiнәсiнiң бар екенін дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.
122-бап. Дәлелдемелерді жинау
1. Дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесінде осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізу арқылы жүргізіледі. Дәлелдемелерді жинау оларды табуды, бекітуді және алып қоюды қамтиды.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушылардың өтінішхаттары немесе өз бастамасы бойынша өзінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе сарапшы немесе маман ретінде қорытынды беру үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізуге; коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді берудің және жария етудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртібін сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардан іс үшін маңызы бар құжаттар мен нәрселерді беруді талап етуге; уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизия және тексеру жүргізуді талап етуге құқылы. Қылмыстық қудалау органы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ревизиялар мен тексерулер жүргізудің талап етілетіні туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. Сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
3. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы тәртіпті сақтай отырып, жәбірленушіні қорғауды, оның мүдделерін білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді:
1) заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап ету арқылы алуға құқылы.
Мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ өзге де заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді және өзге де құжаттарды қорғаушы, жәбірленушінің өкілі талап етіп алдыруы мүмкін. Көрсетілген заңды тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олардың сұратқан құжаттарын немесе олардың расталған көшірмелерін он тәулік ішінде беруге міндетті;
Достарыңызбен бөлісу: |