206-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту
1. Қылмыс жасады деп айыптау үшiн негiз беретiн жеткiлiктi дәлелдемелер болған кезде тергеушi адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы дәлелдi қаулы шығарады.
2. Тергеушi айыпталушыға айып тағылған күн туралы хабарлайды және сонымен бiр мезгiлде оған қорғаушыны шақыру не тергеушiден қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтiну құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы мiндеттi болып табылатын iстер бойынша тергеушi, егер қорғаушыны айыпталушының өзi, оның заңды өкiлi не оның тапсырмасы немесе келiсiмi бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының келуiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады.
207-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы
1. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кiм жасаған; айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның тегi, аты мен әкесiнiң аты, оның туған күнi, айы, жылы және жерi;
2) айыпталушы айыпталып отырған қылмыстың оның жасалған уақыты, орны көрсетiлген сипаттамасы, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабына сәйкес дәлелденуге тиiстi өзге де жағдайлардың сипаттамасы; 3) аталған қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ).
2. Бiрнеше қылмыс бойынша айыпталған кездегi айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қылмыстық заңның әрбiр бабы (бөлiктер, тармақтар) бойынша айыпталушыға қандай нақты iс-әрекеттер танылатыны көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулыда адамды тергелiп отырған iс бойынша айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы шешiм болуға тиiс.
4. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi ол шығарылғаннан кейiн жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 208-бап өзгертілді
208-бап. Айыпталушының келу мiндеттiлiгi
1. Бостандықта жүрген айыпталушы жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында айыпталушы ретiнде кiм, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күн мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс.
3. Шақыру қағазы айыпталушыдан қолхат алып тапсырылады, ал ол уақытша болмаған жағдайда айыпталушыға беруi үшiн шақыру қағазы кәмелетке толған отбасы мүшесiне тапсырылады немесе тұрғылықты жерiндегi тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орнындағы әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған айыпталушыға шақыру қағазын беруге мiндеттi. Айыпталушы басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған және ол тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайда, алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететін телекоммуникация желілерінде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда айыпталушының тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялауға құқылы.
4. Бостандықта жүрген айыпталушы тергеушiнiң шақыртуы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндеттi.
5. Тергеушiнiң шақыртуы бойынша айыпталушының келмей қалуына мыналар дәлелдi себеп деп танылады:
1) айыпталушының келуiне мүмкiндiк бермейтiн ауру;
2) жақын туыстарының қайтыс болуы;
3) дүлей апаттар;
4) шақыру қағазының /хабарламаның/ қолына тимеуi;
5) айыпталушының белгiленген мерзiмде келуiне мүмкiндiк бермейтiн өзге жағдайлар.
6. Айыпталушы белгiленген мерзiмде келмей қалу себептерi туралы тергеушiге хабарлауға мiндеттi.
7. Дәлелсiз себептермен келмей қалған жағдайда айыпталушы айдап әкелiнуi мүмкiн.
8. Күзетпен ұстауда жүрген айыпталушы қамау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 209-бап өзгертілді
209-бап. Айып тағу
1. Айып, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болса немесе бұл туралы айыпталушы өтiнiм бiлдiрген болса, қорғаушының көзiнше және адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей тағылады. Айыпталушы немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда айып үш тәулiк өткеннен кейiн де тағылады.
2. Айдап әкелiнген айыпталушыға айып айдап әкелiнген күнi тағылады. Бұл ретте тергеушi айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Тергеушi айыпталушының жеке басын анықтағаннан және қорғаушының қорғауды жүргiзу тапсырмасын тексергеннен кейiн айыпталушыға және оның қорғаушысына айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыны хабарлайды.
4. Тергеушi айыпталушыға тағылып отырған айыптың мәнiсiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындау айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыға айып тағудың күнi мен сағатын көрсете отырып айыпталушының, қорғаушының және тергеушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
6. Айыпталушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда, егер ол айып тағылған кезде қатысқан болса, тергеушi және қорғаушы айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қаулының мәтiнi айыпталушыға жарияланғанын куәландырады.
7. Айыпталушыға оны айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi тапсырылады.
8. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған және ол алдын ала тергеу органына келуден жалтарған жағдайда - тергеуші, ал қорғаушы келген жағдайда қорғаушы да, айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болуына және алдын ала тергеу органына келуден жалтаруына байланысты айыпталушыға айыпты жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер айыпталушының тұрып жатқан жері алдын ала тергеу органына белгілі болса, айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулының көшірмесі оған байланыс құралдары пайдаланыла отырып, соның ішінде почта арқылы жіберіледі. Қажет болған жағдайда алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, айыпталушының тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететін телекоммуникация желілерінде айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы хабарлама жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
210-бап. Айып тағуды өзгерту мен толықтыру. Қылмыстық
iзге түсудi айып тағу бөлiгiнде қысқарту
1. Егер алдын-ала тергеу кезiнде тағылған айыпты өзгертуге немесе оны толықтыруға негiздер пайда болса, тергеушi осы Кодекстiң 207-бабының талаптарын сақтай отырып, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы жаңа қаулы шығаруға және оны айыпталушыға осы Кодекстiң 208-209-баптарында белгiленген тәртiп бойынша ұсынуға мiндеттi.
2. Егер алдын ала тергеу барысында тағылған айыптың әлде бiр бөлiгi расталмаса, тергеушi өзiнiң қаулысы арқылы осы бөлiк бойынша қылмыстық iзге түсудi қысқартады, қабылданған шешiмнiң көшiрмелерiн тапсыра отырып, бұл туралы айыпталушыға және процестiң басқа да қатысушыларына хабарлайды.
26-тарау. Жауап алу және беттестіру
211-бап. Жауап алуға шақыру тәртiбi
1. Куә, жәбiрленушi, сондай-ақ бостандықта жүрген сезiктi, айыпталушы жауап алуға олардан қолхат ала отырып тапсырылатын хабарлау қағазы арқылы шақыртылады, ал олар болмаған жағдайда кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң, көршiлерiнiң, жергiлiктi атқарушы орган өкiлдерiнiң бiрi арқылы немесе олардың жұмыс немесе оқу орындарының әкiмшiлiгi арқылы тапсырылады. Жауап алынатын адам өзге да байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн.
2. Хабарлау қағазында кiмнiң және кiм ретiнде, кiмге және қандай мекен жай бойынша шақыртылатыны, жауап алуға келетiн уақыт (күнi, сағаты), сондай-ақ дәлелсiз себептермен келмеудiң салдары көрсетiледi.
3. Кәмелетке толмаған адам оның ата-анасы немесе өзге заңды өкiлдерi арқылы шақыртылады.
4. Күзетпен ұстаудағы сезiктi және айыпталушы жауап алуға ол күзетте ұсталып отырған орынның әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
212-бап. Жауап алудың орны мен уақыты
1. Жауап алу алдын ала тергеу өтетiн жерде жүргiзiледi. Тергеушi қажет деп тапқан жағдайда жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайлардан басқасында күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол берiледi, мұның өзiнде жауап алудың бiр күн iшiндегi жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық дәлелдер болған жағдайда жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
213-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Жауап алудың алдында тергеушi жауап алынатын адамның жеке басын анықтауға тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлетiндiгiне күмән туса, оның қай тiлде жауап бергiсi келетiнi анықталады.
2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамаға белгi қойылады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iс бойынша өзiне белгiлi мән-жайларды айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылау мен толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетектеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтау қиын өзге мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе оның келiсiмiмен хаттамаға қоса тiркелуi мүмкiн құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы.
6. Жауап алу барысында тергеушi жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсете алады, ал еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн қылмыстық iс материалдарындағы айғақтарды жария ете алады, дыбыс және бейнежазбаларды немесе кино түсiру материалдарын тыңдатып, көрсете алады.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу оның белгiлерiн түсiнетiн және онымен белгiлер арқылы сөйлесе алатын адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болғанда одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Тергелетiн iстiң мән-жайлары бойынша бұрын берiлген айғақтарды нақтылау немесе толықтыру қажеттiлiгi пайда болған жағдайда қайтадан (қосымша) жауап алу жүргiзiлуi мүмкiн.
214-бап. Куә мен жәбiрленушiден жауап алу
1. Бiр iс бойынша шақырылған куәлардан, жәбiрленушiлерден басқа куәлардан және жәбiрленушiлерден бөлек жауап алынады. Тергеушi бiр iс бойынша шақырылған куәлар, жәбiрленушілер жауап алу басталғанға дейiн өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
2. Жауап алу алдында тергеушi куәнiң, жәбiрленушiнiң айыпталушыға немесе сезiктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақ беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiгi туралы ескертедi. Бұл ретте тергеушi куәгерге, жәбiрленушiге өзiнiң, ерiнiң (зайыбының), жақын туыстарының, қылмыс жасағанын ашатын, сондай-ақ дiни қызметшiге тәубе үстiнде оған iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқығы бар екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куә, жәбiрленушi көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi.
3. Басқа жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден
жауап алудың ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн, ал тергеушiнiң қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн педагог шақыртылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алу кезiнде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейiнгi куәлар мен жәбiрленушiлерге айғақ беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауапкершiлiк туралы ескертiлмейдi. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiлген кезде оларға тек шындықты ғана айтудың қажет екенi атап көрсетiледi. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге өздерiнiң немесе жақын туыстарының қылмыс жасағанын ашатын айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жауап алуға қатысушы адамдарға хаттамаға енгiзiлуге тиiстi жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы ескертпелер беру, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Тергеушi сұрақ қоюды қабылдамауға құқылы, бiрақ оны хаттамаға енгiзуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиiс.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 216-бап өзгертілді; 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 216-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
216-бап. Сезiктiден жауап алу
1. Сезiктiден жауап алу ол ұсталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде осы Кодекстiң 134-бабында көзделген тәртiппен немесе оған бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулы жарияланған кезден бастап жүргiзiледi.
2. Егер сезiктi ұсталған немесе күзетпен қамауға алынған болса, ол өз айғақтарын қорғаушының қатысуымен баяндауға құқылы. Қорғаушының қатысуын тез арада қамтамасыз ету мүмкiн болмаған жағдайда тергеушi оның қатысуын сезiктi ұсталғаннан немесе ол күзетпен қамауға алынғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жауап алу басталар алдында тергеушi сезiктiге сезiк келтiрудiң мәнiсiн хабарлайды, сондай-ақ оған айғақ беруден бас тарту құқығын қоса, құқықтарын түсiндiредi.
4. Жауап алу сезiктiге күмән туралы және өзiнiң пiкiрiнше iс үшiн маңызы бар басқа барлық мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
4-1. Осы Кодекстің 73-бабының екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 71-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.
5. Қалған жағдайларда сезiктiден жауап алу осы Кодексте айыпталушыдан жауап алу үшiн көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 217-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
217-бап. Айыпталушыдан жауап алу
1. Айыпталушыдан жауап алуды тергеушi айып тағылғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, ал айыпталушы келуден жалтарған жағдайда немесе оған iздеу салынған жағдайда ол айдап әкелiнгеннен немесе ұсталғаннан кейiн дереу жүргiзедi.
2. Жауап алу басталар алдында тергеушi айыпталушыға оның айғақ беруден бас тарту құқығын түсiндiредi және айыпталушының айтқандары оның өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн хабарлайды. Айыпталушы айғақ беруден бас тартқан жағдайда одан жауап алу хаттамасында бұл туралы белгi қойылады.
3. Бiр iс бойынша шақырылған айыпталушылардан жеке-жеке жауап алынады, бұл орайда тергеушi олар өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
4. Осы Кодекстің 73-бабының екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, осы Кодекстiң 71-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi болады.
5. Жауап алудың басында тергеушi оған тағылған айыптың мәнiсiн түсiндiре отырып, ол тағылған айып бойынша өзiнiң толық немесе iшiнара кiнәлi екенiн мойындайтынын не өз кiнәсiн терiске шығаратынын анықтайды. Егер айыпталушы жауап бермесе, онда ол өзiнiң кiнәлi екенiн мойындамады деп есептеледi.
6. Айыпталушының тағылған айыпқа көзқарасын анықтағаннан кейiн оған тергеушi тағылған айып пен iс үшiн маңызы болуы мүмкiн басқа жағдайлар бойынша айғақтар берудi ұсынады.
7. Қалған жағдайда айыпталушыдан жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
218-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып жасалған хаттамада көрсетiледi. Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Ондағы сұрақтар мен жауаптар жауап алу кезiндегi ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың тергеушi қабылдамаған сұрақтары да немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтар да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, көрiнiс табуға тиiс.
2. Бiрiншi жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, соның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты, туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, бiлiмi, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, жұмысының түрi немесе лауазымы, тұратын жерi, сондай-ақ iстiң мән-жайы бойынша қажет болатын басқа мәлiметтер көрсетiледi. Сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу хаттамасында бұрын сотталғаны немесе сотталмағаны туралы көрсетiледi. Бұдан кейiнгi жауап алуларда жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның аты-жөнiн көрсетумен шектеуге болады.
3. Заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсету, хаттамаларды жариялау және тергеу iс-әрекеттерiнiң дыбыс және бейнежазбаларын, киноға түсiрiлуiн, сондай-ақ осыған байланысты жауап алынушы берген айғақтарды көрсету мiндеттi түрде хаттамада жазылуға тиiс.
4. Жауап алынып отырған адам тергеу iс-әрекетi барысында схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiгiлiп, хаттамада ол туралы белгi қойылады.
5. Еркiн баяндаудан кейiн жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынатын адам өз қолымен жазып, оған қол қойғаннан кейiн тергеушi толықтыратын және нақтылайтын сұрақтар қоя алады.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнiшi бойынша дауыстап оқылады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгiзу туралы талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.
7. Айғақтармен таныстыру фактiсi және олардың дұрыс жазылғанын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда тергеушi бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзi қол қойып куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам тән кемiстiгiне немесе өзге себептерге байланысты хаттамаға өзi қол қоя алмайтын болса, оның өтiнiшi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Егер жауап алуға аудармашы қатысса, онда ол да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Ол жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
10. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адам көрсетiледi. Олардың әрқайсысы хаттамаға қол қоюға тиiс.
219-бап. Жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазбаны қолдану
1. Тергеушiнiң шешiмi бойынша, сондай-ақ айыпталушының, сезiктiнiң, куәнiң немесе жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазба қолданылуы мүмкiн.
2. Тергеушi дыбыс және бейне жазба туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы жауап алынатын адамға жауап алу басталғанға дейiн хабарлайды.
3. Дыбыс және бейне жазба жауап алудың барысын толығымен бейнелеуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн дыбыс және бейне жазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.
4. Жауап алу аяқталғаннан кейiн дыбыс және бейне жазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып, көрсетiледi. Жауап алынып отырған адамның дыбыс және бейне жазбаға толықтыру ретiндегi айғақтары да дыбыс- және бейне жазбаға толықтыру ретіндегі айғақтары да дыбыс жазу мен бейне жазуға енгiзiледi. Дыбыс және бейнежазба жауап алынатын адамның бұл жазбалардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.
5. Дыбыс және бейне жазба қолданылған жауап алу барысында алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы сондай-ақ дыбыс және бейне жазба қолданылғаны және ол туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; техникалық құралдар, дыбыс және бейне жазба шарттары мен оны тоқтата тұру фактiлерi, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның дыбыс және бейне жазбаны қолдану жөнiндегi мәлiмдемесiн; дыбыс жазбасының жауап алынып отырған адамға тыңдатылғаны туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және тергеушiнiң хаттама мен дыбыс және бейне жазбаның қолданылуы жөнiндегi мәлiмдемесiн қамтуға тиiс. Дыбыс жазба мен бейне жазба iспен бiрге сақталады және алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн олар мөрмен бекiтiледi.
6. Айғақтардың дыбыс және бейне жазбасы басқа тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде тыңдатылып, көрсетiлген жағдайда тергеушi бұл туралы тиiстi тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасында көрсетуге мiндеттi.
220-бап. Беттестiру
1. Егер бұрын жауап алынған екi адамның көрсетпелерiнде елеулi қайшылықтар болса, тергеушi осы қайшылықтардың себебiн анықтау үшiн оларды беттестiредi.
2. Беттестiруге осы Кодексте көзделген жағдайларда қорғаушы, педагог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.
3. Беттестiрудiң басында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге айғақ беруден бас тартқаны, айғақ беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ оларға өзiне, ерiне (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiлерге, - тәубе үстiнде өздерiне iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
4. Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң жайы туралы айғақ беру кезек бойынша ұсынылады. Мұнан соң тергеушi сұрақ қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар тергеушiнiң рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақ қоя алады.
5. Беттестiру кезiнде тергеушi iске қоса тiгiлген заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
6. Беттестiруге қатысқандардың алдыңғы жауап алулардағы айғақтарын жария етуге олар беттестiруде айғақ бергеннен кейiн және ол айғақтар хаттамаға енгiзiлгеннен кейiн рұқсат берiледi.
7. Беттестiрудiң барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 203-бабында көзделген ережелер бойынша жасалатын хаттамада көрсетiледi.
8. Тергеушi беттестiруге қатысушы адамдарды хаттаманың мазмұнымен таныстырады. Жауап алынған адамдар хаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгiзудi талап етуге құқылы. Беттестiру хаттамасына тергеушi және жауап алынған адамдар қол қояды. Әрбiр жауап алынған адам өз айғақтарына және хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды.
27-тарау. Тексеру, эксгумация және куәландыру
221-бап. Тексеру
1. Қылмыс iзiн, өзге материалдық объектiлердi анықтау, сондай-ақ iс үшiн маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеушi, ал ол жоқ болған жағдайда анықтаушы немесе қылмыс туралы арыз немесе хабар түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жердi, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзi тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды тексередi. Тексерудi жүзеге асыратын адамның нұсқаулары сол тергеу iс-әрекетiне қатысушылардың барлығы үшiн мiндеттi.
2. Қылмыстық iстi қозғау туралы шешiм шығару тексерудi жүргiзбейiнше мүмкiн болмайтын жағдайларда ол қылмыстық iс қозғалғанға дейiн жүргiзiлуi мүмкiн.
222-бап. Тексеру жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Тексеру бұған қажеттiлiк пайда болған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi.
2. Қылмысты ашу үшiн тергеу талап етiлетiн қылмыс туралы арыз немесе хабар алғаннан кейiн тергеушi оқиға болған жерге дереу келiп, тексеру жүргiзуге тиiс.
3. Тергеушi уақытында келе алмайтын жағдайда тексерудi анықтаушы немесе арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жүргiзедi.
4. Анықтау органының қызметкерлерi тексеру жүргiзген кезде жәрдемдесуге және тергеушiнiң тапсырмасы бойынша оқиға болған жердi күзету, көрген адамдарды анықтау, қылмыс жасаған адамдарды анықтау және ұстау, зардап шеккендердi көшiру, қаза болғандарды тасымалдау, жалғасып жатқан қылмыстардың жолын кесу және олардың қайталануының алдын алу, оқиғаның өзге зардаптарын жою жөнiндегi қажеттi шараларды жүргiзуге мiндеттi.
5. Тексеру куәларды қатыстыра отырып жүргiзiледi. Айрықша жағдайларда (баруы қиын жерлерде, тиiстi қатынас құралдары болмағанда немесе басқа объективтi себептерге байланысты азаматтарды куә ретiнде тарту мүмкiн болмаған кезде, сондай-ақ тексеру жүргiзу адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрумен байланысты болса) тексеру куәлердi қатыстырмай, бiрақ бұл ретте, әдетте, оның барысы мен нәтижелерiн бекiтудiң техникалық құралдарын қолдану арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
6. Қажет болған жағдайда тексеру сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
7. Байқалған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi тексеру тергеу iс-әрекетi жүргiзiлетiн жерде өтедi. Егер тексеруге ұзақ уақыт қажет болса немесе қылмыс анықталған жерде тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, буып-түйiлiп, мөрмен бекiтiлiп және бүлiнбеген күйде тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс.
8. Тексеру кезiнде анықталғанның және алынғанның бәрi куәгерлерге басқа да тексеруге қатысушыларға көрсетiлуi тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Iске қатысы бар объектiлер ғана алынуға жатады. Алынған объектiлер буып-түйiледi, мөрмен бекiтiледi және тергеушi мен куәгерлердiң қол қоюы арқылы расталады.
10. Тексеруге қатысушы адамдар тергеушiнiң назарын өз пiкiрлерiнше iстiң мән-жайын анықтауға ықпал ететiн жәйттiң бәрiне аударуға құқылы.
11. Қажет болған жағдайларда тексерiлетiн объектiлерге өлшеу жүргiзiлiп, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiру және өзге құралдармен бейнелеу жүргiзiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, оған аталған материалдар қоса тiгiледi.
12. Тұрғын үйдi тексеру тек онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсiмiмен немесе прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса немесе психикалық немесе өзге ауыр науқастан зардап шегетiнi белгiлi болса немесе тексеруге қарсы болса, тергеушi прокурордың санкциясы алынуға тиiс мәжбүрлеп тексеру туралы қаулы шығарады. Прокурор санкция беруден бас тартқан жағдайда тексеру жүргiзiлмейдi.
13. Егер оқиға тұрғын үйде болса және оны тексерудi кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үйдi тексеру тергеушiнiң қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiн оның заңды екенiн тексеру үшiн жүргiзiлген тексеру туралы бiр тәулiк мерзiмде прокурорға хабарланады. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор тексерудiң заңды екенiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Тексерудiң заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда бұл iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
14. Тұрғын үйдi тексеру кезiнде онда тұратын кәмелетке толған адамның болуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның өкiлдерi шақырылады.
15. Ұйымның үй-жайлары мен аумағындағы тексеру олардың әкiмшiлiк өкiлдерiнiң көзiнше жүргiзiледi.
16. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оның орнындағы адамның өтiнiшi бойынша немесе олардың келiсiмiмен және олардың көзiнше жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келiсiмiне Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұрау салынады. Тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
17. Егер әлде бiр себептер бойынша бiрiншi тексеруге объектiнiң бөлiктерi зерттелмеген болса, оларды қосымша тексеру жүргiзiлуi мүмкiн.
18. Бiр объектiнi қайталап тексеру:
1) бастапқы тексерудiң жағдайы объектiнi тиiмдi тану үшiн қолайсыз болған жағдайда;
2) бастапқы тексеруден кейiн жаңа мәлiметтер алынуы мүмкiн болған жағдайда;
3) бастапқы тексеру сапасыз жүргiзiлген жағдайда жүргiзiледi.
05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II; 2007.08.01. № 210-III (бұр. ред. қара) ;2008.27.06 № 50-ІV (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 223-бап өзгертілді
Достарыңызбен бөлісу: |