514-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
1. Алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн тергеушi:
1) iс жүргiзу iсiн - 37-бапта және 269-баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, сондай-ақ сырқатты психикасының бұзылуы өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп-қатермен не өзге елеулi зиян келтiрiлуi мүмкiн жағдайларда қысқарту туралы;
2) iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулы шығарады.
2. Iстi қысқарту туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы тергеушi өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адамға, егер өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша бұл адам тергеу қимылдарына қатысуға қабiлеттi болса, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Тергеушi процестiң аталған қатысушыларына олардың iстiң материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатындығын хабарлайды. Iспен танысудың тәртiбi тексерудi толықтыру туралы өтiнiштер мен рұқсаттардың тәртiбi осы Кодекстiң 275, 276-баптарымен белгiленедi.
3. Iстi қысқарту туралы қаулы осы Кодекстiң 269-бабының ережелерi бойынша шығарылады. Iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулыда осы Кодекстiң 506-бабында көрсетiлген және iс бойынша анықталған мән-жайлар; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiздер, егер олар айтылған болса, қорғаушы мен басқа да адамдардың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының негiздерiне дау айтатын уәждерi жазылуы тиiс.
4. Iстi сотқа жiберу туралы қаулыға қосымша осы Кодекстiң 279-бабының ережелерi бойынша жасалады.
5. Iстi сотқа жiберу туралы қаулымен тергеушi оны прокурорға бередi, ол iстi зерделеп, мына шешiмдердiң бiреуiн қабылдайды:
1) iстi сотқа жiбередi;
2) iстi қосымша тексеру жүргiзу үшiн тергеушiге қайтарады;
3) iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-шi тармағында көрсетiлген негiздер бойынша қысқартады.
6. Iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесi заңды өкiлге табыс етiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 515-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 515-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
515-бап. Сотта іс жүргізу
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді бірінші сатыдағы соттар қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне, қаулысына берілген апелляциялық шағымдар немесе наразылық бойынша қылмыстық істі қараған кезде қарауы мүмкін.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы іс сотқа келіп түскеннен кейін судья оны осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша сот отырысында қарауға тағайындайды.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде соттың құрамы осы Кодекстің 58-бабына сәйкес айқындалады.
516-бап. Iс бойынша шешiм қабылдау кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Iстi сотта талқылау процесiнде мынадай мәселелер зерттелуi және шешiлуi тиiс:
1) қылмыстық заңмен көзделген әрекет орын алды ма;
2) iсi қаралып отырған адам әрекет жасады ма;
3) iсi қаралып отырған адам әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасады ма;
4) осы адам қылмысты жасағаннан кейiн жаза тағайындау және оны орындау мүмкiн болмайтын психикасы бұзылумен ауырды ма;
5) адамның дерттi психикасы бұзылуы оның өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiптi ме не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiн тудыра ма;
6) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылуға тиiс пе және нақ қандайы.
2. Сот, сондай-ақ осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 10, 11, 12-тармақтарында көрсетiлген мәселелердi шешедi.
517-бап. Сот қаулысы
1. Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi осы адамның есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе осы адамның қылмысты жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасы бұзылумен ауырғаны дәлелдендi деп танып, сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң 16, 73-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы және нақ қандай мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп-қатер тудырмайтын болса не ол аса ауыр емес әрекет жасаған болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады.
3. Сот осы адамның әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сондай-ақ осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiндегi 1-12-тармақтарында, 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар анықталған кезде сот өзi анықтаған негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi қысқарту туралы қаулы шығарады.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iс қысқартылған кезде сот қаулысының көшiрмесi бес күн мерзiмде психиатриялық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу немесе психоневрологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн денсаулық сақтау органына жiбередi.
5. Iсi қаралып отырған адамның психикасының бұзылуы анықталмады немесе қылмыс жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп танып, сот өзiнiң қаулысымен iстi қосымша тексеру жүргiзу және iстi бұдан әрi жалпы тәртiппен жолдау үшiн қайтарады.
6. Соттың қаулысында осы Кодекстiң 383-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 518-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 518-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
518-бап. Соттың қаулысына шағымдану және наразылық беру
1. Аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына – осы Кодекстің 47-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал апелляциялық сатыдағы соттың осы Кодекстің 418-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда шығарған қаулысына кассациялық сатыға қорғаушы, жәбірленуші мен оның өкілі, ісі қаралған тұлғаның заңды өкілі немесе жақын туысы шағымдануы, сондай-ақ прокурор наразылық беруі мүмкін. Осы Кодекстің 511-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда ол, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауыртпалығы бұған кедергі жасамаса, сот қаулысына шағымдануға құқылы.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 49-тарауында көзделген тәртіппен орындауға беріледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 519-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
519-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тоқтату, өзгерту және мерзiмiн ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселелердi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көзделген тәртiппен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот қарайды, ал егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану осы соттың қызмет ету аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса – осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтiрмейдi.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң ұсынысы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысушы адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән тудыратын болса, сот отырысқа қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот психиатриялық сараптамасын тағайындай алады, қосымша құжаттарды талап етедi, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселесi шешiлiп отырған адамнан, егер бұл оның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, жауап алады.
4. Сот бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын адамның осындай психикалық жай-күйi жағдайында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған ретте мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
5. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы, сондай-ақ тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығарады және оны сот отырысында жариялайды.
520-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамға қатысты қылмыстық iстi қайта жалғастыру
1. Егер қылмыс жасағаннан кейiн оның психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы медициналық ұйым қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағына және 454-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және iстi анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзу, осы адамды айыпталушы ретiнде тарту және iстi жалпы тәртiппен сотқа беру туралы мәселенi шешедi.
2. Медициналық ұйымда өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
55-тарау. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың шет мемлекеттердің қылмыстық істер
бойынша құзыретті мекемелерімен және лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылының
тәртібі туралы негізгі ережелер
521-бап. Құқықтық көмек көрсету тәртiбiмен жүргiзiлетiн iс жүргiзушiлiк және өзге де iс-әрекеттер
1. Құқықтық көмек көрсету ретiмен Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы халықаралық шарт жасасқан шетел мемлекеттерiнiң тергеу органдарына және соттарына не өзара негiзде осы Кодексте көзделген iс жүргiзушiлiк iс-әрекеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де iс әрекеттер жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекске қайшы келетiн жағдайда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығындарды, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, оны сұраған мекеме өз мемлекетiнiң аумағында өтейдi.
522-бап. Iс жүргiзу құжаттарының күшi
Осы Кодекстiң 521-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген аумақтағы мемлекетте оның аумағында қолданылатын заңдарға сәйкес жасалған және елтаңбалы мөрмен бекiтiлген iс жүргiзушiлiк құжаттар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ешқандай шектеусiз iс жүргiзу құжаттары ретiнде қолданылады.
523-бап. Құқықтық көмек көрсету мәселелерi бойынша қарым-қатынас жасау тәртiбi
1. Тергеу қимылдарын жүргiзу туралы тапсырма Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, ал сот iс-әрекетi - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi не тиiсiнше олардың орынбасарлары, не уәкiлеттi лауазымды адамдар арқылы жiберiледi, олар қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнiң делдал болуын сұрайды.
2. Тапсырманы ресiмдеу кезiнде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ол жiберiлетiн шет мемлекеттiң тiлi пайдаланылады.
3. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы басқа мемлекеттiң аумағында iс жүргiзу және өзге де iс-әрекеттердi орындау жөнiнде құқықтық көмек көрсету туралы тиiстi бланкiде тапсырма жасайды, қол қойып, қылмыстық iс жүргiзушi органның елтаңбалы мөрiмен куәландырады.
4. Тиiстi прокурордың, соттың дәлелдi өтiнiшi бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма тиiсiнше Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Әдiлет министрiне немесе уәкiлеттi прокурорға жiберiледi.
5. Басқа мемлекеттiң құзыреттi мекемесiне құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма жiберу жөнiндегi мәселенi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Әдiлет министрi шешедi.
6. Ұстап беру және қылмыстық қудалау мәселелерi жөнiнде құқықтық көмек көрсету тәртiбi осы Кодекстiң 527, 529-баптарымен белгiленедi.
524-бап. Iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырманың мазмұны
1. Тергеу және сот iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырма жазбаша нысанда жасалуы, тапсырманы жiберушi лауазымды адам қол қоюы, мекеменiң елтаңбалы мөрiмен куәландыруы және:
1) тапсырманы берiп отырған органның атауын;
2) тапсырма жiберiлiп отырған органның атауы мен мекен-жайын;
3) iстiң атауын және тапсырманың сипатын;
4) өздерiне қатысты тапсырма жасалып отырған адамдар, олардың азаматтығы, кәсiбiнiң түрi, тұратын жерi немесе жүрген жерi, заңды тұлғалар үшiн олардың орналасқан жерi туралы деректердi;
5) анықталуға жататын мән-жайларды баяндауды, сондай-ақ сұралынатын құжаттардың, заттық және басқа да айғақтардың тiзбесiн;
6) жасалған қылмыстың iс жүзiндегi мән-жайларын және оның саралануы туралы мәлiметтердi, қажет болғанда - iс-әрекетпен келтiрiлген залалдың мөлшерi туралы деректердi;
7) тапсырманы атқару үшiн қажет басқа да мәлiметтердi қамтуға тиiс.
2. Ұстап беру және қылмыстық қудалауды қозғау туралы талаптардың мазмұны осы Кодекстiң 529, 530-баптарымен белгiленедi.
525-бап. Iс жүргiзушiлiк iс-әрекеттер жүргiзу туралы тапсырманы атқарудың тәртiбi
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтау органы тергеу немесе сот iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы шетел мемлекеттерiнiң тиiстi мекемелерi мен лауазымды адамдарының белгiленген тәртiппен өздерiне берген тапсырмаларын осы Кодекстiң жалпы ережелерi бойынша атқарады.
2. Тапсырманы атқару кезiнде, егер бұл Қазақстан Республикасының осы мемлекетпен халықаралық шартында көзделген болса, шетел мемлекетiнiң iс жүргiзу нормалары қолданылуы мүмкiн.
3. Тапсырманы орындау кезiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi не орыс тiлi қолданылады.
4. Тапсырманы атқару кезiнде халықаралық шартта көзделген жағдайларда осы Кодекстiң 523-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған лауазымды адамдардың рұқсатымен басқа мемлекеттiң құзыреттi мекемесiнiң өкiлi қатыса алады.
5. Егер тапсырманы атқару мүмкiн болмаса, алынған құжаттар тиiсiнше Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы немесе Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi арқылы тапсырма берiлген шетел мекемесiне оны атқаруға кедергi келтiрген себептер көрсетiле отырып қайтарылады. Тапсырма, егер оны атқару Қазақстан Республикасының егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне залал келтiретiн не оның заңдарына қайшы келетiн болса, барлық жағдайда да қайтарылады.
526-бап. Куәнi, жәбiрленушiнi, азаматтық талапкердi, азаматтық жауапкердi, олардың өкiлдерiн, сарапшыны шақыру және олардан жауап алу
1. Куә, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкiлдерi, сарапшы, егер олар шетел мемлекетiнiң азаматтары болса, қылмыстық iс жүргiзушi тиiстi лауазымды адам олардың келiсiмiмен Қазақстан Республикасының аумағында тергеу немесе сот iс-әрекеттерiн жүргiзу үшiн шақыруы мүмкiн.
2. Шақырылатын адамның келуi туралы өтiнiш осы Кодекстiң 523-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен жiберiледi.
3. Тергеу және сот iс-әрекеттерiн куәнiң, жәбiрленушiнiң, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген iс жүргiзуге басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзу осы Кодекстiң ережелерi бойынша мыналардан басқа реттерде жүзеге асырылады: мәжбүрлеп келтiруге, ақшалай өндiрiп алуға, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi немесе көрiнеу жалған қорытынды жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берiлмейдi. Оларды мемлекеттiк шекарадан өткенге дейiн жасаған әрекетi үшiн Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тартуға, қамауға алуға және жазаға ұшыратуға болмайды.Мұндай адамдарды қаралып жатқан қылмыстық iске байланысты олардың куәлiк айғақтар немесе сарапшылар ретiндегi қорытындыларына орай жауапқа тартуға, қамауға алуға немесе жазаға ұшыратуға болмайды.
4. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген шақырылатын адам қылмыстық жауапқа тартылса немесе сұратушы мемлекеттiң аумағында басқа қылмысы үшiн сотталса ол өзiнiң азаматтығына қарамастан, белгiлi бiр уақытқа берiлуi мүмкiн.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар, егер олардың мүмкiндiгi бола тұрып, Қазақстан Республикасының аумағынан өздерiне қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың бұдан әрi болуы қажет еместiгiн хабарлаған күннен бастап он бес тәулiк өткенге дейiн кетпесе, осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген кепiлдiктерден айырылады. Бұл мерзiмге сол адамдардың Қазақстан Республикасының аумағынан кете алмауына өздерi кiнәлi болмаған уақыт есептелмейдi.
527-бап. Iстiң материалдарын қылмыстық қудалауды жалғастыру үшiн жiберу
Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетiп қалған шетелдiк Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған жағдайда қылмыстық iс жүргiзушi орган осы Кодекстiң 50, 265 және 304-баптарында көзделген тәртiппен iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы дәлелдi қаулы, сондай-ақ осы Кодекстiң 192, 306-баптарында көзделген тәртiппен қылмыстық iстердiң тергелуi немесе сотта қаралуы бойынша берiлуi туралы қаулы шығарады. Iстi басқа мемлекетке халықаралық шартқа сәйкес жiберу туралы мәселенi шешу үшiн iстiң материалдары қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыру жөнiнде өтiнiшпен бiрге Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға жiберiледi.
528-бап. Қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау
1. Шетел мемлекетi тиiстi мекемесiнiң шетел мемлекетiнiң аумағында қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасына қайтып оралған Қазақстан Республикасының азаматына қатысты қылмыстық iстi әрi қарай тексеру үшiн беру туралы өтiнiшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор қарайды. Алдын ала тергеу мен сот талқылауы мұндай жағдайларда осы Кодексте көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Шетел мемлекетiнiң аумағында iстi тексеру кезiнде осыған уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның өз құзыретi шегiнде және белгiленген нысан бойынша алған дәлелдерi тергеудi Қазақстан Республикасында жалғастыру кезiнде iс бойынша жиналған басқа дәлелдермен тең заң күшiне ие болады.
3. Қазақстан Республикасының азаматы шетел мемлекетiнiң аумағында қылмыс жасаған, содан соң Қазақстан Республикасына қайтып оралған жағдайда оған қатысты қылмыстық iзге түсу қозғалғанға дейiн қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының алдын ала тергеу органдары шетел мемлекет мекемесiнiң Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына табыс етiлген осы қылмыс туралы материалдары бойынша қылмыстық iс қозғауы және тексеруi мүмкiн.
4. Қылмыстық iс жүргiзушi орган iс бойынша қабылданған түпкiлiктi шешiм туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға және бұл шешiмнiң көшiрмесiн жiберуге мiндеттi.
529-бап. Адамды қылмыстық жауапқа тарту немесе үкiмдi орындау үшiн ұстап беру туралы талапты жiберу
1. Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және тәртiпте Қазақстан Республикасының Бас прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор шетел мемлекетінiң құзыреттi мекемесiне Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын қылмыс жасаған адамды, егер осы адамға қатысты айыптау үкiмi немесе оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарылса, оны ұстап беру туралы талаппен шетел мемлекетiнiң тиiстi мекемесiне өтiнiш жасайды.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңдарында көзделген жағдайда және тәртiпте қылмыстық iс жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасап, оның аумағынан кетiп қалған адамды ұстап беру туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға өтiнiш жасап, оған қажеттi құжаттарды қоса тiркейдi.
3. Беру туралы талапта:
1) қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органның атауы;
2) сотталушының (айыпталушының) тегi, аты, туған жылы, азаматтығы туралы деректер, сыртқы бет-пiшiн сипаттамасы, фотосуретi;
3) осы қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн заңның мәтiнiн келтiрiп, жазаны мiндеттi түрде көрсете отырып, жасалған қылмыстың iс жүзiндегi мән-жайларының баяндалуы;
4) заңды күшiне енген үкiмнiң, не тиiстi құжаттардың куәландырылған көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының шығарылған жерi мен уақыты туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
4. Ұстап беру туралы өтiнiшке: айып тағу туралы қаулының көшiрмесi, қамауға алу туралы қаулының көшiрмесi, ұстап берiлуге тиiстi адамның азаматтығын растайтын құжаттар, тиiстi прокурордың ұстап беру туралы өтiнiшiнiң заңдылығы мен негiздiлiгi туралы қорытындысы қоса тiркелуге тиiс.
530-бап. Берiлген адамның қылмыстық жауаптылық шектерi
1. Шетел мемлекетi ұстап берген адам беруге қатысы жоқ өзге қылмысы үшiн қылмыстық жауапқа тартылмайды, жазаланбайды, сондай-ақ оны ұстап берген мемлекеттiң келiсiмiнсiз үшiншi бiр мемлекетке берiлмейдi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi адамның ол ұстап берiлген соң қылмыс жасаған жағдайларға қолданылмайды.
531-бап. Шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы талапты атқару
1. Қылмыс жасады деп айыпталушы немесе шетел мемлекетiнiң аумағында сотталған шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы талапты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор қарайды, оның нұсқаулары ұстап берудi орындау үшiн негiз болып табылады. Адамды ұстап беру туралы бiрнеше мемлекеттiң талаптары болған ретте адамның қандай мемлекетке ұстап берiлуге жататындығы туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қабылдайды.
2. Ұстап берудiң шарты мен тәртiбi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының шетел мемлекетiмен жасасқан халықаралық шартымен айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында басқа қылмысы үшiн жазасын өтеп жүрген мемлекетiнiң азаматына қатысты ұстап беру туралы өтiнiш келiп түскен жағдайда ұстап беру мерзiм жазасын өтегенге дейiн немесе кез келген заңды негiз бойынша жазасынан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Шетел мемлекетiнiң азаматы қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда, оны ұстап беру мерзiмi үкiм шығарылғанға дейiн, жазасын өткерген немесе кез келген негiз бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғанға немесе жазадан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Егер ұстап берудiң мерзiмiн ұзарту қылмыстық iзге түсу мерзiмi өтуiне алып баратын немесе қылмысты тексеруге залал келтiруi мүмкiн болса, ұстап беру өтiнiшi бойынша талап етiлетiн адам тараптардың келiсiмiмен айқындалатын белгiлi бiр уақытқа берiлуi мүмкiн.
4. Белгiлi бiр уақытқа берiлген адам өзi берiлген қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу әрекеттерi жүргiзiлген соң, бiрақ адамды берген уақытынан бастап үш айдан кешiктiрiлмей қайтарылуы тиiс. Өзара уағдаластық бойынша бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ сот кескен жазасының мерзiмiнен немесе Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшiн заңға сәйкес кесiлуi мүмкiн мерзiмнен аспайды.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкiлеттi прокурордың ұстап беру туралы нұсқауын алғаннан кейiн қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi ұстап берiлетiн адамның ол ұстап берiлген мемлекеттiң органына айдап жөнелтiлуi мен берiлуiн отыз тәулiк iшiнде ұйымдастыруға және орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға мiндеттi.
532-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасы осы адамға саяси баспана берсе;
2) Ұстап беру туралы талапқа негiз болған әрекет Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмайтын болса;
3) ол адамға қатысты дәл сол қылмысы үшiн заңды күшiне енген үкiм шығарылып үлгерсе немесе iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылса;
4) Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық iс қозғалмайтын болса немесе ескiру мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде немесе өзге заңды негiз бойынша үкiмнiң орындалуы мүмкiн болмаса, ұстап беруге жол берiлмейдi.
2. Егер ұстап беру туралы талап мәлiмденген қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегiнен тыс жерде жасалған болса, бiрақ Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған болса ұстап беруден бас тартылуы мүмкiн.
533-бап. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсудi жалғастыру және оларды ұстап беру
1. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсу материалдарын жiберудiң және қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау тәртiбi осы Кодекстiң 527, 528-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2. Азаматтығы жоқ адамдарды, үшiншi бiр елдiң азаматтарын ұстап беру тәртiбi осы Кодекстiң 529, 530, 531, 532-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 534-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |