41-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттамасы
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттама:
1) шаруашылық және өзге де қызметке тапсырыс берушінің деректемелерін;
2) жоспарланып отырған қызметті іске асыру қажеттігі негізделген өтінішті (арызды, ниеті туралы декларацияны), инвестициялар негіздемесін, техникалық-экономикалық негіздемені (жобаны), жұмыс жобасының бекітілген бөлігін, түсіндірме жазбаны;
3) қоршаған орта компоненттерінің қызметті іске асырғанға дейінгі не қазіргі кездегі жай-күйінің сипаттамасын;
4) жобаның жазбасын, оған қоса:
бүкіл жобаның мақсаты мен сандық сипаттамаларының және орналастыру ауданына құрылыс және пайдалану сатысы кезеңінде қойылатын талаптардың сипаттамасын;
жоспарланып отырған қызметтің қоршаған орта элементтеріне ықтимал әсерлерінің түрлері қоршаған ортаға эмиссиялардың, тұтынылатын шикізаттың және алынатын ресурстардың көлемі мен оның қосындыларының құрамымен бірге көрсетіле отырып, пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың типтері мен санын қоса алғанда, өндірістік процестердің негізгі сипаттамаларын;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қолданылатын технологияның ең озық қолжетімді технологиялармен және техникалық үлестік нормативтермен сәйкестігі, сондай-ақ техникалық регламенттермен және технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптармен сәйкестігі тұрғысынан талдауды;
6) баламалы нұсқалар туралы ақпаратты және жобалық нұсқаны таңдаудың негізгі себептеріне нұсқауды;
7) қызметтің қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға ықтимал әсерлерінің сипаттамасын;
8) жобаланатын шаруашылық немесе өзге де қызметтің қоршаған ортаға беймәлім әсерлерін;
9) экологиялық тәуекелді және халықтың денсаулығына төнетін тәуекелді бағалауды;
10) экологиялық мониторинг жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға әсерді болдырмау, азайту үшін көзделетін шаралардың сипаттамасын;
11) қоршаған ортаға эмиссиялардың жобалық нормативтерін және табиғи ресурстарды алып қою нормативтерін;
12) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының негіздемесін;
13) ықтимал тәуекелдерді және келтірілген залалдарды өтеуді ескере отырып, жобаны экологиялық-экономикалық бағалауды;
14) хаттамалармен ресімделген және жоспарланып отырған қызметтің экологиялық аспектілерін қоғамдық талқылау нәтижелері жөніндегі қорытындыларды қамтитын қоғамдық пікірді есепке алу жөніндегі материалдарды;
15) қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу кезіндегі кез келген қиыншылықтарды және ақпараттың жетіспеушілігін көрсетуді;
16) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері жөніндегі негізгі қорытындыларды қамтиды.
2. Жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтің экологиялық зардаптары туралы мәлімдеме әзірлеп, табыс етеді, ол осы қызметті іске асыруға болатыны туралы шешім әзірлеуге негіз болады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың әрбір кезеңіндегі құжаттама мазмұнының толымдылығы қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулықпен айқындалады.
42-бап. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудi әдістемелік қамтамасыз ету
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тиісті жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға әсерді бағалауды әзірлеу процесінде қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
43-бап. Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктерi
Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
44-бап. Қолданыстағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау ерекшеліктерi
1. Егер объектіні жобалау процесінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілмеген не табиғат пайдалану жағдайлары жобада көзделген жағдайлардан айтарлықтай өзгеше болған жағдайда, қолданыстағы объектілер үшін мұндай бағалау жүргізілуге тиіс.
2. Қолданыстағы объектіге бастапқы жобада көзделмеген реконструкция жүргізілген кезде оның қоршаған ортаға әсерін бағалау жекелеген материалдар түрінде немесе объект бойынша тұтас алғанда қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарына өзгерістер енгізу түрінде жүзеге асырады.
3. Қолданыстағы объектінің қоршаған ортаға әсерін осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес бағалау қажет болғанда, мұндай бағалау экологиялық рұқсат алуға өтінім берілгенге дейін орындалуға тиіс.
7-тарау. Экологиялық сараптама
45-бап. Экологиялық сараптама түрлерi
Қазақстан Республикасында мемлекеттік экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
46-бап. Экологиялық сараптаманың мақсаттары
Экологиялық сараптама:
1) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық, норма шығару және өзге де қызметті іске асырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына ықтимал теріс зардаптарын айқындау және шектеу;
2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерінің балансын сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану процесінде үшінші тараптарға залал келтіруді болдырмау мақсатында жүргізіледі.
47-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама oбъектілерi
1. Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мыналар жатады:
1) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет жобалары және оларға ілеспе, осы Кодекстің 37-бабында айқындалған кезеңдерге сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары;
2) табиғат пайдалану мәселелеріне қатысты жоспарлау алдындағы және жобалау алдындағы құжаттаманың барлық түрлері, болжамдардың, экологиялық және өзге де бағдарламалардың жобалары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметі негізгі бағыттарының тұжырымдамалары, мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар, шарттар, келісімшарттар, оның ішінде меншік және жекешелендіру нысандарын өзгертуге қатыстылары;
3) қолданыстағы oбъектілер үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарымен қоса реконструкциялау жобалары;
4) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобалары;
5) іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерлерге әкеп соғуы мүмкін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары;
6) кәсіпорындарды, объектілер мен кешендерді, ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға, салуға, реконструкциялауға, дамытуға, техникалық қайта жарақтауға, қайта бейімдеуге, жоюға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер (есептер) және жобалар, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі ресурстарын өндіру мен пайдалануға арналған биологиялық негіздемелер;
7) аумақтарды ұйымдастыру схемаларының жобалары;
8) қалалар мен аумақтарды, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және шаруашылық қызметті жүргізудің айрықша режиміндегі аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
9) осы аумақтарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық зілзала аймағы немесе төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық мәртебесін беруді негіздейтін, аумақтар учаскелерін кешенді экологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ осы аумақтарды оңалту бағдарламалары;
10) көршілес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін көршілес мемлекеттермен ортақ табиғи ресурстарды пайдалану қажет болатын немесе көршілес мемлекеттердің халықаралық шарттарда белгіленген мүдделерін қозғайтын шаруашылық және өзге де қызмет жобалары;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) технологияларды, техника мен жабдықты, оның ішінде Қазақстан Республикасына өткізілетіндерін (әкелінетіндерін) қолдану жөніндегі құжаттама;
12) табиғи ресурстарды пайдалануға және (немесе) алуға рұқсаттар (лицензиялар) беруді негіздейтін құжаттама.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері мынадай жағдайларда:
1) экологиялық сараптама объектісі бұрын жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптама ескертпелері бойынша жетілдірілген;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда;
3) сот шешімінің негізінде, қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері осы Кодекстің 40-бабында келтірілген объектілердің сыныпталуына сәйкес І, ІІ, III, IV санаттарға бөлінеді.
І санатқа орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары да, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 6-9) және 11) тармақшаларында аталған объектілер жатқызылады.
II санатқа жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, өңірлік жоспарлар мен бағдарламалардың жобалары, облыстық және аудандық маңызы бар аумақтарда құрылыс салудың бас жоспарларының жобалары да жатады.
48-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы І санат объектілеріне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, ІІ, ІІІ және ІV санат объектілеріне - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен критерийлерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
49-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу тәртібi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттаманы:
1) белгіленіп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің тапсырыс берушісі (инвестор);
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын нормативтік құқықтық актілердің, жоспарлар мен бағдарламалардың жобаларын әзірлеуді жүргізетін мемлекеттік органның басшысы табыс етеді.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
50-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімдерi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімі мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдарға алдын ала сараптамадан өткен қажетті барлық құжаттама берілген кезден бастап үш айдан аспауға тиіс.
2. Алдын ала сараптамадан өткізу мерзімі құжаттаманың мемлекеттік экологиялық сараптамаға келіп түскен күнінен бастап екі аптадан аспауға тиіс. Табыс етілген құжаттама толық болмаған жағдайда ол табыс еткен тұлғаға қайтарылуға жатады.
51-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оны жүргізу нәтижелері бойынша беріледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы экологиялық сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға болатындығы мен мүмкіндігі туралы тұжырымдарды қамтиды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы болған кезде тапсырысшы сараптамаға ұсынылған материалдарды сараптамалық қорытындының ұсыныстары мен ескертпелеріне сәйкес пысықтауды қамтамасыз етуге және ол белгілеген мерзімде барлық материалдарды қайтадан экологиялық сараптамаға табыс етуге не белгіленіп отырған қызметінен бас тартуға міндетті.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық және өзге де қызмет жобаларын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қаржыландыруына және іске асыруына тыйым салынады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама бөлімшелерінің, тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары не облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сараптама бөлімшесінің басшысы өз құзыреті шегінде қол қояды.
6. Жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген күнінен бастап бес жыл ішінде қолданыста болады.
52-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен экологиялық сарапшылық комиссияларын, топтарын құруға, жұмысқа қатысуға отандық және шетелдік мамандарды, сондай-ақ заңды тұлғаларды тартуға;
2) сарапшылық бөлімшелерінің, құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін басқаруға, олардың қызметін ұйымдастыруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
5) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сай келмейтін, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдарды қабылдамай тастауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жіберілген, оны түзету қосымша зерттеулерді, іздестіру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлуді қажет ететін құжаттар мен материалдарды пысықтау үшін қайтаруға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) сараптама объектісін іске асырудың қоршаған ортаға жағымсыз зардаптарын куәландыратын мән-жайлар анықталған не тапсырыс беруші жоғарыда аталған қорытынды талаптарын орындамаған кезден бастап бір ай ішінде бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын кері қайтарып алуға;
9) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге қажетті қосымша материалдарды сұратуға;
10) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектілер туралы мәліметтерді банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына табыс етуге;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде сараптама бөлімшелерінің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес іс-әрекет жасайды.
Сараптама бөлімшелері басшыларының тәуелсіздігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар бекітетін, оларды тағайындау және қызметтен босату тәртібі мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттарды қамтитын олар туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.
53-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы
1. Арнаулы білімі бар және экологиялық сараптама жүргізуге қажетті жеткілікті тәжірибесі бар және мемлекеттік экологиялық сараптама органы белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге тартылған адам мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы болып табылады.
2. Экологиялық сараптама жасалуға тиісті құжаттама тапсырыс берушінің өкілі немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектісін әзірлеуші, сондай-ақ тапсырыс берушімен немесе әзірлеушімен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы бола алмайды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы өзі жасаған сараптама үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Сарапшының мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге байланысты қызметіне мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың араласуына тыйым салынады.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы құқықтарының бұзылуы сот және әкімшілік тәртіппен қорғалуға тиіс, ал мұндай жолсыздықтарға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
6. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жасалатын объектіге жан-жақты және объективті баға беру үшін мәні бар қосымша материалдар табыс етілуін талап етуге;
2) экологиялық сараптама жүргізуге мамандарды қосымша тартуға;
3) сараптама жұмысын, әдіснамасын ұйымдастыруды жетілдіру, оны жүзеге асыру тәртібі мен принциптері жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама объектісі жөнінде, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысына қоса тіркелетін ерекше пікір қалыптастыруға құқығы бар.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманың кешенді, объективті және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауға;
3) қолданылып жүрген нормалар мен ережелер негізінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асырудың белгіленген мерзімі мен тәртібін сақтауға;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманың дәлелді қорытындыларын дайындап, оларды сараптама объектісін іске асыру туралы шешім қабылдайтын органдарға және тапсырысшыларға уақтылы беруге;
6) сараптама жасалатын объектілерді одан әрі қарауға қабылдамаған не оларды негіздейтін материалдар пысықтауға қайтарылған кезде мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын объективті бағалап, дәлелді түрде негіздеуге;
7) материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге және өзінің құпия құжаттарға қатысты әрекеттерін олардың иесімен келісуге, өзіне сеніп тапсырылған мәліметтердің жария етілуіне жол бермеуге міндетті.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 54-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
54-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесіне сырттан сарапшылар тарту
Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу сырттан сарапшылар тартуды талап еткен жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптама органдарының сараптамалық қорытындылар алу үшін басқа мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдарға, сондай-ақ жекелеген мамандарға өтініш жасауға құқығы бар. Сырттан сарапшылар тартуды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
55-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен нормативтік құқықтық актілер жобаларының тізілімi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен нормативтік құқықтық актілердің тізілімін жүргізуді жүзеге асырады және оларға тіркеу нөмірлерін береді.
Достарыңызбен бөлісу: |