сәйкес төленеді.
4. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің
қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан
еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан
басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені
анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама
жасалған уақыт үшін;
4) жұмыскер алкогольді, есірткіні және уытқұмарлық заттарды пайдалануы салдарынан
туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке
уақытша қабілетсіз болған
кезде;
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша
қабілетсіздік күндері үшін төленбейді.
5. Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін – Қазақстан
Республикасының Үкіметі, оларды тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті
мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген
еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер
белгілеуге құқылы.
12-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
134-бап. Маусымдық жұмыстар
1. Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір, бірақ бір
жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.
2. Еңбек шартында маусымдық жұмыстарды орындауға арналған шарт жасасу туралы
талап және оларды орындаудың белгілі бір кезеңі көрсетілуге тиіс.
3. Маусымдық жұмыстарға арналған еңбек шартын жасасу кезінде жұмыскердің өзіне
тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленбейді.
4. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскерлермен еңбек шарты, осы Кодекстің 52-
бабында көзделген негіздерден басқа:
1) жұмыс берушідегі жұмыстар өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан
артық
мерзімге тоқтатыла тұрған;
2) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан бір ай бойы
жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
5. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскердің бұл туралы жұмыс берушіні күнтізбелік
жеті күн бұрын жазбаша түрде ескерте отырып, еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға
құқығы бар.
6. Жұмыс беруші маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскерді осы Кодекстің 52-бабы 1-
тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартының алдағы
бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
7. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс
беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс істелген уақытқа
пропорционалды түрде төлейді.
8. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскермен еңбек шарты осы Кодекстің 52-бабы 1-
тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған кезде екі
апталық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді.
135-бап. Вахталық жұмыс әдісі
1. Вахталық әдіс жұмыскерлердің тұрақты тұратын жеріне күнделікті қайтып келуі
қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде еңбек
процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.
2. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді жұмыс өндірісі
объектісінде болған кезеңде тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен қамтамасыз
етуге және олардың тамақтануын, жұмыс орнына дейін және одан кері жеткізіп салуды
ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыстарды орындау және ауысымаралық тынығу үшін жағдаймен
қамтамасыз етуге міндетті.
Жұмыс беруші жұмыскердің жұмыс өндірісі объектісінде болу жағдайларын, сондай-ақ
еңбек, ұжымдық шарттарға және (немесе) жұмыс беруші бекітетін Вахталық жұмыс әдісі
туралы ережеге сәйкес вахталық әдісті қолдану тәртібін қамтамасыз етеді.
3. Вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, он
екі және одан көп апта жүктілік мерзіміндегі жүкті әйелдер, бірінші топтағы мүгедектер
медициналық қорытындыны ұсынған күннен бастап жіберілмейді. Өзге жұмыскерлер, егер
медициналық қорытындылар негізінде мұндай жұмыстардың оларға қарсы көрсетілімі болмаса,
вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы мүмкін.
4. Объектіде жұмыстарды орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын
кезең вахта болып есептеледі. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиіс.
Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес
күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Теңіз кемелері экипаждарының мүшелері үшін жұмыскердің келісімімен вахтаның
ұзақтығы күнтiзбелiк бір жүз жиырма күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
5. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде тоқсан ішіндегі немесе өзге де неғұрлым ұзақ,
бірақ күнтізбелік бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс
уақытының жиынтық есебі
белгіленеді.
6. Есептік кезең шегіндегі жұмыс уақыты мен тынығу уақыты вахтадағы жұмыс
кестесімен (вахталар кестесімен) бекітіледі. Есептік кезең жұмыс уақытын, тынығу
уақытын, жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі
және одан кері қайту жолының уақытын, сондай-ақ уақыттың осы күнтізбелік бөлігіне дәл
келетін өзге де кезеңдерді қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы
ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс. Жұмыс беруші вахталық
әдіспен жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін
жүргізуге міндетті.
Жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналу пунктінен жерден жұмыс орнына дейін
және одан кері қайту жолының уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.
Жұмыс ауысымының ұзақтығы сегіз сағаттан асқан кезде тынығуға және тамақтануға
арналған үзіліс кемінде бір сағат болып белгіленеді.
7. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің түнгі уақыттағы, демалыс және
мереке күндеріндегі жұмысына ақы төлеу еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген жұмыс істелген
айға жалақы төлеу күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
136-бап. Үй жұмыскерлері
1. Егер жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) жұмыс берушінің пайда алуы және (немесе)
жұмыс беруші үшін пайда алу мақсатында орындалмаса (көрсетілмесе), жұмыс беруші жеке
тұлғаларда отбасының бір немесе бірнеше мүшесі жүргізетін үй шаруашылығындағы жұмыстарды
орындайтын (қызметтер көрсететін) жұмыскерлер үй жұмыскерлері деп танылады.
2. Жұмыс беруші үй жұмыскерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын
тоқтату туралы акт шығаруды және оның жұмысы туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына
енгізуді жүргізбейді.
3. Үй жұмыскерімен еңбек шартының тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы жазбаша
ескертудің мерзімдері, сондай-ақ жұмысынан айырылуға байланысты өтемақы төлеу жағдайлары
мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.
4. Үй жұмыскері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптардың
келісімі бойынша және (немесе) сотта шешіледі.