Заңымен кодекс 23-1-тараумен толықтырылды
23-1-тарау. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін реттеудің ерекшеліктері
221-1-бап. Қашықтықтан жұмыс істеу
Қашықтықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық және комммуникациялық технологияларды пайдаланып, еңбек процесін жұмыс беруші орналасқан жерден тысқары жерде жүзеге асырудың айрықша нысаны болып табылады.
221-2-бап. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек жағдайлары
1. Жұмыс беруші қызметкерге коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын) береді және оларды орнату және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды көтереді. Қызметкер меншікті коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері мен төлеу тәртібі қызметкермен келісім бойынша белгіленеді.
Тараптардың келісімі бойынша қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының, судың құны және т.б.) өтелуі мүмкін.
2. Қызметкердің жұмыс берушімен жұмыс істеу байланыстарының тәсілдері мен кезеңділігі еңбек шартында айқындалады.
221-3-бап. Жұмыс уақытын және демалыс уақытын есептеу, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жағдайлары
Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге осы Кодексте белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс уақыты ұзақтығының нормалары қолданылады.
Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылаудың ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады.
Жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылаудың ерекшеліктері, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және қызметкер үшін осы жағдайларды сақтау жөніндегі шарттар еңбек шартында айқындалады.
24-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
222-бап. Мүгедектердің еңбек ету құқығын іске асыруы
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүгедектер әдеттегідей еңбек жағдайлары бар не мүгедектер еңбегін пайдаланатын мамандандырылған ұйымдарда жұмыс берушілермен еңбек шарттарын жасасуға құқылы.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Медициналық қорытынды бойынша денсаулық жағдайы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтіретін не оның денсаулығына және (немесе) басқа адамдар еңбегінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, мүгедектік себептері бойынша еңбек шартын жасасудан бас тартуға, мүгедекті басқа жұмысқа ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады.
223-бап. Мүгедек қызметкерлердің еңбек жағдайлары
1. Еңбекті нормалау, еңбекке ақы төлеу және еңбекті қорғау жағдайлары, жұмыс режимі, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару тәртібі, техникалық, санитарлық, гигиеналық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптар келісімі бойынша еңбек шартының, ұжымдық шарттың өзге де жағдайлары басқа қызметкерлермен салыстырғанда мүгедек қызметкерлердің жағдайларын нашарлата немесе құқықтарын шектей алмайды.
2. Мүгедектер еңбегін ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады.
3. Жұмыс істеп жүрген мүгедектерге осы Кодексте, келісімдерде, жұмыс берушінің актілерінде, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленген қосымша кепілдіктер берілуі мүмкін.
4. Жұмыс беруші жұмыс істеп жүрген мүгедектердің толық емес жұмыс уақыты режимі, жүктемені азайту және басқа еңбек жағдайлары туралы медициналық қорытындыларды орындауға міндетті.
224-бап. Мүгедек қызметкерлердің жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын ұзақтығы қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.
2. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлердің күнделікті жұмысының (жұмыс ауысымының) ұзақтығы жеті сағаттан аспауға тиіс.
225-бап. Мүгедек қызметкерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануды шектеу
1. Бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
2. Егер үшінші топтағы мүгедек қызметкерлерге медициналық көрсетулер бойынша жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін режимге тыйым салынған болса, оларға мұндай есеп белгіленбейді.
226-бап. Мүгедек қызметкерлердің түнгі уақыттағы жұмысын, үстеме жұмысын, демалыс және мереке күндердегі жұмысын, оларды іссапарға жіберуді шектеу
Мүгедек қызметкерлерді үстеме жұмысқа, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тартуға, іссапарға жіберуге, егер олар үшін мұндай жұмыстарға медициналық көрсетулер бойынша тыйым салынбаған болса, олардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
227-бап. Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру
Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы олармен келісе отырып, жұмыс беруші бекітетін демалыс кестесіне сәйкес беріледі.
228-бап. Мүгедек қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы қосымша демалыс беру
Жыл сайынғы ақылы қосымша демалыс - жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен бір мезгілде не мүгедек қызметкердің қалауы бойынша жұмыс жылының басқа уақытында беріледі.
25-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
229-бап. Азаматтық қызметке кіру
1. Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жүзеге асырылады.
2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырып, өткізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
4. Азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады.
230-бапқа өзгерістерді қараңыз - 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңы (2015 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)
230-бап. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі
Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен 230-1-баппен толықтырылады (2015 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)
2009.07.12. № 222-ІV ҚР Заңымен 231-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
231-бап. Азаматтық қызметте болумен байланысты шектеулер
1. Азаматтық қызметші:
1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға;
2) азаматтық қызметтің қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық
міндеттерді атқаруға кедергі келтіретін іс-әрекеттерге қатысуға;
3) қызмет жағдайын азаматтық қызметпен байланысты емес мақсатта пайдалануға;
4) азаматтық қызметті өткеру кезеңінде белгілі болған мемлекеттік құпияны, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
2. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымға азаматтық қызметке қабылдана алмайды.
232-бап. Азаматтық қызметшіні басқа мемлекеттік мекемеге (қазыналық кәсіпорынға) жұмысқа ауыстыру
Азаматтық қызметші өзінің жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасындағы келісім бойынша басқа мемлекеттік мекемеге (қазыналық кәсіпорынға) жұмысқа ауыстырылуы мүмкін.
233-бап. Азаматтық қызметшілерді аттестаттау
Азаматтық қызметшілер кәсіптік және біліктілік даярлығы деңгейін, іскерлік қасиеттерін айқындау мақсатында аттестаттаудан өтеді.
Азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізудің тәртібі мен шарттарын тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
234-бап. Азаматтық қызметтегі жоғарылату
1. Азаматтық қызметшілердің қызметтегі жоғарылауы оларды жоғары лауазымға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.
2. Біліктілік деңгейі жоғары және жұмыс тәжірибесі бар, өзінің кәсіптік, біліктілік деңгейін үнемі арттырып отыратын азаматтық қызметшілер азаматтық қызмет бойынша жоғарылатуда басым құқықты пайдаланады.
235-бап. Азаматтық қызметшілердің біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау
1. Азаматтық қызметшілер кәсіптік білімі мен дағдыларын тереңдету, кәсіптер мен мамандықтар алу мақсатында тиісті білім беру ұйымдарына жіберілуі мүмкін.
2. Азаматтық қызметшінің оқуы, қайта оқуы, тағылымдамадан өтуі, өндірістен (жұмыстан) қол үзбей оқу жағдайындағы ғылыми тағылымдамасын қоса алғанда, жіберуші ұйымның қаражаты есебінен төленеді.
Азаматтық қызметшінің оқуы кезінде оның атқаратын лауазымы, кепілдіктері мен өтемақы төлемдері сақталады.
3. Біліктілігін арттырудан немесе азаматтық қызмет бейініне сәйкес келетін мамандық бойынша қайта даярлаудан өтіп жатқан азаматтық қызметшілерге ақылы оқу демалысы беріледі.
236-бап. Азаматтық қызметшілерді көтермелеу
Лауазымдық міндеттерін адал атқарғаны, жұмысты, оның ішінде айрықша күрделі және шұғыл жұмыстарды өте сапалы орындағаны үшін, бастамашылдығы, шығармашылық белсенділігі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін азаматтық қызметшілер:
1) азаматтық қызметтегі жоғарылатумен;
2) ақшалай сыйақымен;
3) алғыс жариялаумен көтермеленуі мүмкін.
Ұжымдық шартта көтермелеудің басқа да шаралары көзделуі мүмкін.
237-бап. Азаматтық қызметшілерге басқа жерге жұмысқа ауысуы кезінде берілетін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік мекемемен (қазыналық кәсіпорынмен) бірге қолданыстағы әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша басқа жерге (басқа елді мекенге) жұмысқа ауысу кезінде:
азаматтық қызметшінің өзінің және оның отбасы мүшелерінің жұмыс орнына дейінгі жолақысының құны (мемлекеттік мекеме (қазыналық кәсіпорын) тиісті қозғалыс құралын беретін жағдайлардан басқа);
мүлікті тасымалдау шығыстары;
жолда болған әр күн үшін тәуліктік шығыстар;
атқаратын лауазымы бойынша алты лауазымдық жалақысы мөлшеріндегі біржолғы жәрдемақы;
жолға жиналу және жаңа орынға орналасу күндері үшін, бірақ алты күннен аспайтын, сондай-ақ жолда болған уақыты үшін жалақысы төленеді.
238-бап. Азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу
1. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және ставкаларымен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк ставкалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен белгiленедi.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)ж 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
239-бап. Азаматтық қызметшілерге берілетін демалыс
1-тармақ 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы беріледі. Азаматтық қызметшілерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.
Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарымен неғұрлым ұзақ мерзімді жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы белгіленуі мүмкін.
2. Жоғары оқу орындарында оқитын азаматтық қызметшілерге жұмыс берушімен келісім бойынша емтихандар тапсыру, диплом жобасын (жұмысын) дайындау мен қорғау, оқу бітіру емтихандарын тапсыру кезеңіне ақылы оқу демалыстары беріледі.
240-бап. Азаматтық қызметшілермен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі
1. Қызметкерлермен еңбек шартын тоқтату үшін осы Кодексте белгіленген негіздермен қатар азаматтық қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі олармен еңбек шартын тоқтатудың қосымша негізі болып табылады.
2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік мекеменің (қазыналық кәсіпорынның) басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адам зейнеткерлік жасқа жеткен, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары қызметкермен оның еңбекке қабілеттілігін ескере отырып, еңбек шартын жыл сайын ұзартуы мүмкін.
2009.07.12. № 222-ІV ҚР Заңымен 25-1-тараумен толықтырылды
25-1-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер және ұлттық компаниялар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары қызметкерлерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері
240-1-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда, ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық даму институттарында, ұлттық холдингтерде және ұлттық компанияларда, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарында жұмыста болумен байланысты шектеу
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарына басқару функцияларын атқарумен байланысты лауазымға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдауға болмайды.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 25-2-тараумен толықтырылды
25-2-тарау. Азаматтық авиацияның авиация персоналына жататын қызметкерлердің еңбегін реттеудің ерекшеліктері
240-2-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналына жататын қызметкерлердің жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі
Ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналына жататын қызметкерлердің еңбегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен және азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар мен нормативтер ескеріле отырып, жұмыс уақыты мен еңбек уақыты режимі ұзақтығының ерекше нормаларын белгілейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
26-тарау. ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ
ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
241-бап. Өздеріне қатысты еңбек қатынастарын реттеу ерекшеліктері белгіленетін шағын кәсіпкерлік субъектілері
Осы тарауда белгіленген еңбекті реттеу ерекшеліктері қызметкерлерінің орташа жылдық саны 25 адамнан аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.
242-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін еңбек шарттарының мерзімдері
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлермен еңбек шарттарын осы Кодекстің 29-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасаса алады.
243-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек тәртіптемесінің ережелері
Шағын кәсіпкерлік субъектілері еңбек тәртіптемесінің ережелерін дербес бекітеді.
244-бап. Жұмыс режимі
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс беруші бекітетін кестеге сәйкес демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуды көздейтін жұмыс режимін белгілеуге, сондай-ақ жұмыс уақытының ұзақтығы жөніндегі жалпы талаптарды сақтай отырып, жұмыс уақытының жиынтық есебін немесе жұмыс күнін бөліктерге бөлуді пайдалануға құқығы бар.
245-бап. Еңбекке ақы төлеу шарттары
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу шарттарын жұмыс беруші белгілейді немесе өзгертеді және еңбек шартын жасасу кезінде немесе оларды бекітуге кемінде бір ай қалғанда қызметкерлер назарына жеткізеді. Жұмысқа ақы төлеу шарттарын бекіту кезінде жұмыс берушінің еңбек шартының талаптарын біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
246-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік әріптестікке қатысуы
Шағын кәсіпкерлік субъектілері қатысатын еңбек қатынастарына, егер жұмыс берушілер мен қызметкерлер келіссөздер жүргізу және осындай келісімдерге қол қою үшін тиісті ұйымдарға біріккен болса, келісімдердің күші қолданылады.
247-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру ерекшеліктері
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыруды жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде жүзеге асыруы мүмкін.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР
Достарыңызбен бөлісу: |