Қола - мыстың мырыштан басқа элементтермен қорытпасы. Қоланы химиялық құрамына байланысты - қалайылы және қалайысыз (алюминийлі, кремнийлі, бериллилі, ж.б) қола болып ажыратылады. Құрамының және құрылымының өзгеру жолы жезбен ұқсас құрамына байланысты өзгереді. Жез сияқты бірфазалы (α) және екіфазалы құрылымдар құрайды, технологиялық қасиеттеріне байланысты қысыммен өңделетін және құймалы кластарға бөлінеді. Мысалға қалайылы қоланы қарастыралық.
Қалайылы қола - құрамында 12%-ға дейін қалайы, қалғаны мыс немесе үстеме мөлшерде мырыш, қорғасын, фосфор және басқа элементтер кіретін көп компонентті қорытпа (10.4-сурет).
10.4-сурет. Мыс-қалайы диаграммасы (а); қалайының мөлшеріне байланысты қалайылы қоланың механикалық қасиетінің өзгеруі (б).
Диаграммада (10.4-сурет) үзікті сызықпен қоршалған аудандар құйылған қоланың күйін сипаттайды. Тұтас сызықпен қоршалған аудандар қоланы өте жай суытқандағы күйін сипаттайды. Мыс пен қалайы әрекеттесіп қалайының мыстағы α-қатты ерітіндісі мен электронды қосылыстар β-Cu5Sn, δ-Cu31Sn8 түзеді. Құрамындағы қалайы 6-7%-ға дейінгі қоланың микроқұрылымы біртекті емес α-қатты ерітіндіден тұрады. α-қатты ерітіндіні біртектілеу үшін жасыту жүргізіледі.
Құрамындағы қалайының мөлшері 6-7%-дан астам, бірақ 14%-дан кем қоланың микроқұрылымы α-қатты ерітінді мен эвтектоидтан (α + β) тұрады. Мұндай қоланың механикалық қасиеті жоғары, серпімді және үйкеліске төзімді.
Қалайылы қоланың бір кемшілігі- қымбаттылығы. Сондықтан оның орнына көбінесе қалайылы емес қолалар тобына жататын алюминийлі қола жұмсалады.
Алюминийлі қоланың құрамына марганец, темір, никель, қорғасын енгізіледі. Марганец коррозияға төзімділігін, никель мен темір беріктігін көтереді, қорғасын антифрикциялық қасиетін және кесіп өңдеуге бейімділігін арттырады. Құрамындағы алюминийдің мөлшері 11%-ға дейін жетеді. Құрамына 10%-ға дейін алюминий енгізілген қорытпаның микроқұрылымы α-қатты ерітінді мен β-фазаның ыдырауынан өнген эвтектоидтан (α + γ/) тұрады.
γ/ - Cu32Al19 электронды қосылыстан туындаған қатты ерітінді.
10.5- сурет. Мыс- алюминий диаграммасы
Машина жасау саласынла қалайылы немесе алюминийлі қоладан басқа кремнийлі және берилийлі қолалар пайдаланылуы мүмкін. Аталған қолалардың механикалық қасиеттері алюминийлі қолаға жақындау.
Қоланы таңбалау реті келесідей:
Қалайылы қола, БрО3Ц12С5- Бр-бронза (қола), О-олово (қалайы)-3%, Ц-цинк (мырыш) -12%, С- свинец (қорғасын)- 5%, қалғаны мыс.
Алюминийлі қола, БрА9Мц2Л - Бр –қола, А- алюминий-9%, Мц- марганец- 2%, Л- литейная (құймалы);
Берилийлі қола, БрБ2 – Бр- қола, Б- бериллий-2%.
Жез және қоланың кейбір таңбалары мен механикалық қасиеттері көрсетілген кесте Б Қосымшада берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |