зиянды өтеу
936-бап. Азаматтың шарттық және өзге де мiндеттемелердi орындау кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу
Азаматтың шарттық мiндеттемелердi, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян, егер заң актiлерiнде немесе шартта көтерiңкi жауаптылық көзделмесе, осы тараудың ережелерi бойынша өтеледi.
937-бап. Денсаулықты зақымдау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң көлемi мен сипаты
1. Азаматқа жарақат немесе денсаулығына өзге де зақым келтірілген кезде жәбірленуші жоғалтқан, онда болған не анық иелене алатын табыс (кіріс), сондай-ақ денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығыстар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрілер сатып алуға, протез салғызуға, басқа адамның күтім жасауына, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа кәсіпке даярлауға және басқалар), егер жәбірленуші көмек пен күтімнің осындай түрлеріне мұқтаж және оларды тегін алмайды деп танылса, өтелуге жатады.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрілер сатып алуға, протез салғызуға, басқа адамның күтім жасауына, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа кәсіпке даярлауға және басқалар), қызметкердің денсаулығына зиян келтірген жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген шектерде өтейді.
2. Жоғалтқан табысты (кiрiстi) анықтау кезiнде жарақаттануына немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлуiне байланысты жәбiрленушiге тағайындалған мүгедектiк бойынша жәрдемақы, денсаулығына зиян келтiргенге дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне қосылмайды. Зиянды өтеу есебiне жәбiрленушiнiң денсаулығы зақымданғаннан кейiн алатын табыс та есептелмейдi.
3. Осы бапқа сәйкес жәбiрленушiге тиесiлi өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiлерiмен немесе шартпен көбейтiлуi мүмкiн.
Ескерту. 937-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
938-бап. Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кiрiстi) анықтау
1. Өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.
2. Жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негiзгi жұмыс орны бойынша да, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша еңбекке ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрлерi кiргізіледi. Бiржолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегi жұмыстан шығу жәрдемақысы және басқалары) есептелмейдi. Уақытша еңбекке жарамсыздық және жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезеңi үшiн төленген жәрдемақы есепке алынады. Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер, сондай-ақ авторлық қаламақы жоғалтылған табыстың құрамына кiргізіледi, бұл ретте кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер мемлекеттік кіріс органы деректерiнiң негiзiнде кіргiзiледi.
Табыстың (кiрiстiң) барлық түрлерi салықтар ұсталғанға дейiн есептелген сомаларда ескерiледi.
3. Орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң не еңбек қабiлетiн жоғалту басталардың алдындағы жұмыстың он екi айындағы табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын он екiге бөлу жолымен есептеледi. Зиян келтiрiлген кезде жәбiрленушi он екi айдан аз уақыт жұмыс iстеген жағдайда орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң алдындағы нақты жұмыс iстелген айларда тапқан табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу жолымен есептеледi.
Жәбiрленушi толық жұмыс iстемеген айлар оның қалауы бойынша толық жұмыс iстеген айлардың алдындағы айлармен ауыстырылады не оларды ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда есептен шығарып тасталады. P071394
4. Жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның бiлiктiлiгiндегi қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актiлерiмен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
5. Егер жәбiрленушiнiң табысында (кiрiсiнде) оған жарақат келтiрiлгенге немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiн оның мүлiктiк жағдайын жақсартатын тұрақты өзгерiстер болса (атқаратын қызметi бойынша жалақысы арттырылса, бiршама жоғары ақы төленетiн жұмысқа ауыстырылса, оқу орнын бiтiргеннен кейiн жұмысқа тұрса және жәбiрленушiнiң еңбегiне ақы төлеудiң өзгертiлуiнiң тұрақтылығы немесе өзгеру мүмкiндiгi дәлелденген басқа жағдайларда), оның орташа айлық табысын (кiрiсiн) белгiлеу кезiнде ол алған немесе тиiстi өзгертуден кейiн алуы тиiс болған табыс (кiрiс) қана ескерiледi.
6. Алып тасталды - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 938-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.12.24 N 276, 2011.03.30 N 424-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
939-бап. Кәмелетке толмаған адамның денсаулығы зақымданған кезде зиянды өтеу
1. Жасы он төртке жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмаған адам (жас бала) жарақат алған немесе денсаулығы өзгедей зақымданған жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулықтың зақымдануына байланысты шығындарды өтеуге мiндеттi.
2. Жәбiрленушiнiң он төрт жасқа толғаннан кейiн, сондай-ақ табысы (кiрiсi) жоқ он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағанға зиян келтiрiлген жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындардан басқа, еңбекке ақы төлеудiң заң актiлерiмен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштi негiзге ала отырып, оның еңбек қабiлетiн жоғалтуына және еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне байланысты зиянды да жәбiрленушiге өтеуге мiндеттi.
Егер денсаулығы зақымданған кезде кәмелетке толмаған адамның табысы болса, зиян осы табыстың мөлшерi негiзiнде, бiрақ еңбекке ақы төлеудiң заң актiлерiмен белгiленген кемiнде он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде өтеледi.
Еңбек қызметi басталғаннан кейiн жәбiрленушi өзi алатын табысты негiзге ала отырып, бiрақ кемiнде өзi атқаратын қызмет бойынша белгiленген сыйақының немесе өзiнiң жұмыс орны бойынша сол бiлiктiлiктегi қызметкер табысының мөлшерiнде зиян өтемiнiң көбейтiлуiн талап етуге құқылы.
Ескерту. 939-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
940-бап. Азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу
1. Азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
2. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жылдың iшiнде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдардың да зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Ата-аналарының бiреуi, зайыбы не жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын және күтудi жүзеге асыру кезеңiнде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесi осы адамдарды күту аяқталғаннан кейiн зиянды өтетiп алу құқығын сақтап қалады.
3. Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан ер адамдарға - өмiр бойы; мүгедектерге - мүгедектiк мерзiмiне; ата-аналарының бiреуiне, жұбайына не қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiн, қарындастарын күтумен айналысатын отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
Ескерту. 940-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
941-бап. Азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi
1. Азаматтың қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдарға зиян оның көзi тiрi кезiнде өзiнiң асырауына алған немесе алуға құқылы қайтыс болған адамның табысының (кiрiсiнiң) осы Кодекстiң 938-бабының ережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Осы адамдарға зиянды өтеудi белгiлеген кезде қайтыс болған адамның кiрiстерiнiң құрамына оның табысымен қатар көзi тiрi кезiнде алып жүрген зейнетақысы, ғұмырлық жәрдем ақшасы мен осы сияқты басқа да төлемдер қосылады.
2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды.
Өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiсiмен немесе шартпен көбейiтiлуi мүмкiн.
942-бап. Зиянды өтеу мөлшерiн өзгерту
1. Еңбек қабiлетiн iшiнара жоғалтқан жәбiрленушi, егер оның еңбек қабiлетi оған өтем тағайындалған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда денсаулығына зақым келтiрiлуiне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамнан өтем мөлшерiн тиiсiнше көбейтудi кез келген уақытта талап етуге құқылы.
2. Жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамдар, егер жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетi зиян үшiн өтем тағайындаған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерiн тиiсiнше төмендетудi талап етуге құқылы.
3. Егер зиянды өтеу мiндетi жүктелген азаматтың мүлiктiк жағдайы жақсарса, ал өтемнiң мөлшерi осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағына сәйкес төмендесе, жәбiрленуші зиянды өтеу мөлшерiн көбейтудi талап етуге құқылы.
4. Зиян келтiрiлген азаматтың талабы бойынша, егер зиянды өтеушiнiң мүлiктiк жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегiмен салыстырғанда мүгедектiгіне не зейнет жасына толуына байланысты нашарласа, сот зиянды өтеу мөлшерiн төмендетуi мүмкiн (осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағы).
943-бап. Күнкөрiс құнының артуына байланысты зиянды өтеуді ұлғайту
Азаматтарға денсаулығының зақымдануына немесе жәбiрленушiнің қайтыс болуына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
Ескерту. 943-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
944-бап. Зиянды өтеу жөнiндегi төлемдер
1. Жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақты үшінші бөлікпен толықтыру көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Дәлелдi себептер болған кезде сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтеттіруге құқығы бар азаматтың талап етуі бойынша оған тиесiлi төлемдердi бiржолғы, бiрақ үш жылдан аспайтындай етіп тағайындауы мүмкiн.
2. Қосымша шығындарды өндiрiп алу медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде белгiленген мерзiмдердiң шегiнде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүлiктiң құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлiк құралдарына ақы төлеу және т.б.) жүргiзiлуi мүмкін.
3. Жәбiрленушi заң актiлерiне сәйкес мiндеттеменi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқығы болған жағдайларда, мұндай талап тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру жолымен қанағаттандырылады.
Ескерту. 944-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
945-бап. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеу
1. Өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу жөнiндегi мiндетiн оның құқықтық мирасқоры алады. Оған зиянды өтеу жөнiнде талаптар қойылады.
2. Өмір мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгіленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдер заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген ережелер бойынша оларды жәбiрленушiге төлеу үшiн капиталдандырылуы тиіс.
3. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткiлiксiз болуы себептi төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайларда тағайындалған сомаларды жәбiрленушiге заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi.
4. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өтеуі жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек жүзеге асырылады, олардың мөлшерлері инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
Ескерту. 945-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.30 N 424-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
946-бап. Жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу
Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты адамдар жерлеуге қажеттi шығындарды осы шығындарды көтерген адамға өтеуге мiндеттi.
Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.
Параграф 3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
947-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу негiздерi
Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) конструкциялық, рецептуралық немесе өзгедей жеткiлiксiздiгi салдарынан, сондай-ақ тауар (жұмыс, қызмет көрсету) туралы анық емес немесе жеткiлiксiз ақпараттың салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян, олардың кiнәсiне және жәбiрленушiнiң олармен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) өтеуiне жатады. Осы ереже тек тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) тұтынушылық мақсаттарда сатып алған жағдайларда ғана қолданылады.
948-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғалар
1. Тауардың кемшiлiгi салдарынан келтірілген зиянды жәбiрленушiнiң таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиiс.
2. Жұмыстың немесе қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды орындаушы өтеуге тиiс.
3. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) қасиеттерi мен оларды пайдалану ережелерi туралы толық немесе анық ақпарат бермеудiң салдарынан келтiрiлген зиян осы баптың 1, 2-тармақтарының ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
949-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу мерзiмдерi
1. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) кемшiлiгiнен туындаған зиян, егер ол тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) жарамдылығының (қызметтiң) белгiленген мерзiмдерi iшiнде келтiрiлсе өтелуге, ал жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе - тауарды (жұмыс, қызмет көрсету) өндiрiлген күннен бастап он жыл iшiнде өтелуге тиiс.
2. Зиян:
1) егер заң актiлерiнiң талаптары бұзыла отырып жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе;
2) егер сатып алушы (тұтынушы) жарамдылық (қызмет) мерзiмi өткеннен кейiн қажеттi iс-әрекеттер туралы және аталған iс-әрекеттердi орындамаған жағдайда мүмкiн болатын зардаптар туралы ескертiлмесе, осы баптың 1-тармағында аталған мерзiмдер шегiнен тыс өтелуге тиiс.
950-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босату негiздерi
Тауар сатушы немесе дайындаушы, жұмысты немесе қызмет көрсетудi орындаушы, егер зиян дүлей күштiң немесе тұтынушының тауарды (жұмыстың, қызмет көрсетудiң нәтижелерiн) пайдалану немесе оларды сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан пайда болғанын дәлелдеген жағдайларда ғана жауапкершiлiктен босатылады.
Параграф 4. Моральдық зиянды өтеу
951-бап. Моральдық зиянды өтеу
1. Моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жәбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
2. Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.
3. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе; P01003S
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
4. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
Ескерту. 951-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
952-бап. Моральдық зиянды өтеу мөлшерi
1. Моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.
2. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбiрленушiнiң iзгiлiк қасиетiне келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективтi түрде бағалау да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тимеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке әкеп соққан дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызмет, отбасы, тұрмыс, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.
3. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi.
48-тарау. Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер
953-бап. Негiзсiз байлықты қайтару мiндетi
1. Заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.
2. Егер мүлiк иеленiп алынған немесе жинақталған негiз кейіннен жоққа шыққанда да, осы баптың 1-тармағында белгiленген мiндет туындайды.
3. Осы тараудың ережелерi негiзсiз баю мүлiктi иеленушiнiң, жәбiрленушiнiң өзiнiң немесе үшiншi тұлғалардың пиғылының нәтижесi не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады.
954-бап. Негiзсiз байлықты қайтару туралы талаптардың азаматтық құқықтарды қорғау туралы басқа талаптармен арақатынасы
Осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi қарым-қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi:
1) жарамсыз мәмiле бойынша орындалғандарды қайтару туралы;
2) меншiк иесiнiң мүлiктi бөгде бiреудiң заңсыз иеленуiнен сұратып алуы туралы;
3) мiндеттемедегi бiр тараптың екiншiсiне осы мiндеттемеге байланысты орындалғандарды қайтару туралы;
4) зиянды, оның iшінде байыған тұлғаның терiс пиғылынан келтiрiлген өтем туралы талаптарға да қолданылуға тиiс.
955-бап. Негiзсiз байлықты заттай қайтару
1. Мүлiктi иеленушiнiң негiзсiз байлығын құрайтын мүлiк жәбiрленушiге заттай қайтарылуға тиiс.
2. Мүлiктi иеленушi баюының негiзсiздiгi туралы ол бiлгеннен немесе бiлуге тиiстi болғаннан кейiн болған, оның iшiнде негiзсiз иеленiлген немесе жинақталған қандай болса да мүлiктiң кездейсоқ кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жәбiрленушiнiң алдында жауап бередi. Бұған дейiн ол тек жасырын ниетi мен өрескел абайсыздығы үшiн ғана жауап бередi.
956-бап. Негізсіз байлықтың құнын өтеу
1. Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда мүлікті иеленуші жәбiрленушiге осы мүлiктiң оны алған кездегi нақты құнын өтеуi, сондай-ақ егер мүлiктi иеленушi оның құнын баюдың негiзсiздiгi туралы бiлгеннен кейiн дереу өтемесе, мүлiк құнының кейiнгi өзгеруi арқылы келтiрiлген шығындарды өтеуге тиiс.
2. Басқаның мүлкiн не басқаның қызмет көрсетулерiн негiзсiз уақытша пайдаланған (оны иелену ниетiнсiз) адам жәбiрленушiге пайдалану тоқтатылған кездегi және оның болған жерiндегi бағамен осындай пайдалану салдарынан жинақтағанын өтеуге тиiс.
957-бап. Құқықты басқа тұлғаға негiзсiз берудiң зардабы
Талаптарын беру арқылы немесе өзiне өзге де түрде тиесiлi құқығын жоқ немесе жарамсыз мiндеттеме негiзiнде басқа тұлғаға берген тұлға өзiнiң бұрынғы жағдайын қалпына келтiрудi, оның iшiнде берiлген құқықты куәландыратын құжаттардың өзiне қайтарылуын талап етуге құқылы.
958-бап. Жәбiрленушiге алынбаған табыстарды өтеу
1. Мүлiктi негiзсiз алған немесе жинақтаған тұлға мұндай баюдың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап осы мүлiктен өзi алған немесе алуға тиiстi болған барлық кiрiстердi жәбiрленушiге қайтаруға немесе өтеуге мiндеттi.
2. Негiзсiз ақшалай баюдың сомасына ақшаны иемденушiге ақша алудың немесе жинақтаудың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап бөгде ақшаны пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбы есептелуге тиіс.
959-бап. Қайтарылуға жататын мүлікке шыққан шығындарды өтеу
Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi қайтарған (осы Кодекстiң 955-бабы) немесе оның құнын өтеген кезде (осы Кодекстiң 956-бабы) мүлiктi иемденушi өзi алған пайданы есептей отырып, кiрiстi қайтаруға өзi мiндеттi болған (осы Кодекстiң 958-бабы) уақыттан бастап мүлiктi ұстауға және сақтауға қажеттi шығындарды өтеудi жәбiрленушiден талап етуге құқылы. Шығындарды өтеу құқығы мүлiктi иемденушi қайтарылуға жататын мүлікті қасақана ұстаған жағдайларда жойылады.
960-бап. Қайтарылуға жатпайтын негiзсiз байлық
Негiзсiз байлық ретiнде:
1) егер мiндеттемеде өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындау үшiн оны орындау мерзiмi басталғанға дейiн берiлген мүлiк;
2) талап ету мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi орындау үшiн берiлген мүлiк;
3) азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы, авторлық сыйақы, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу, зейнетақы, алименттер және т.б.) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк;
4) егер иемденушi мүлiктiң қайтарылуын талап еткен тұлғаның мiндеттеменiң жоқтығы туралы бiлгендiгiн не мүлiктi қайырымдылық мақсатында бергенiн дәлелдесе, болмаған мiндеттеменi атқару үшiн берiлген ақша сомасы мен өзге мүлiк қайтарылуға жатпайды.
5 бөлiм
Достарыңызбен бөлісу: |